Өлең, жыр, ақындар

Ана жайлы елес шумақтар

  • 23.10.2019
  • 0
  • 0
  • 26544
Томпайып бейіт қалды белең қырда,
Мұра қып қолау құба көбеңді ұлға.
Білген жоқ бірақ ана сол ұлының,
Боларын құмар өрен өлең-жырға.

Өлең-жыр құмар етті, ынтық етті,
Ізгілік ұрықтарын күн-түні екті.
Жанымның қоңыр күнгей шатырында,
Мейірім көгершінін уілдетті.

**

Жан тыныш, бейнеті аз күй көрмеді,
Бала үшін ешкім оған сый бермеді.
Азабы, тозағы да көп қоғамда
Жемісімді жеп менің үлгермеді.

***

Ақтармын ана сүтін қайткенде мен?!
Күйдірер тал бойымды өрттей дәмем.
Жүрсем де арман қуып, өнер сайлап,
Әлі де бола алмадым атақты адам.

****

Жан сарқып жазсам да өлең жатпай-тұрмай,
Қайсысы бар ана сүтін ақтайтындай?!
Қайсысы туған ұлдан ескерткіш боп,
Қайсысы ана атағын сақтайтындай?

*****

Ақтау ол ана сүтін қандай болмақ?
Қоямын ол жайлы да ойлар толғап:
— Күмбез бе күмбір қағып көк тірейтін?
— Мүсін бе тастан, жезден құйған арнап?

— Тарихқа ұрпақ жазар атыма әлде,
Жан тербеп жаңғыртқандай ән, күй толғап?
— Бастайтын балаларын нұрлы ақыл ма,
Жол нұсқап болашаққа тұрар жайнап?

Бірі жоқ менде мұның мақтанғандай,
Пәленді тындырдым деп мақтанғандай.
Тұрамын төмен қарап ана алдында,
Ар, ұят іштей күйреп сақтанғандай.

******

Қарызым мойныма артқан қабат-қабат,
Күтеді ар өтеуін етпей тағат.
Ұятым түгендейді күніне екі,
Өргізген, қорлаған қойдай санап.

Анамның алдына жүз әкеледі,
Ақтарып дәптерімнен қоймай парақ.
Ақтыққа, адалдыққа жетелейді
Сүйекке сүтпен біткен қайран сант.

*******

Көнбіс анам, момыным, ұяңым-ау,
Секілдісің оқусыз зиялылау.
Жеңге деуші ем өзіңнен туа тұра,
Болғанымба, япырау, қиялилау?!

Ата-енеңді сыйладың, қас-қабығын.
Таза ұстадың шынысын, ас табағын.
Бәрін-бәрін ойласам бұл шағымда,
Сенің ұяң бейнеңнен жасқанамын.

Ұяламын, ізеттім, әруағыңнан,
Қаумалайтын тек үнсіз жан-жағымнан
Сен ұстаған кесте біз, тұс киіздер,
Айналтады бал тамған бармағыңнан.

Қой тұратын ақ түбіт қалпақтарың,
Оны киіп мен талай шалқақтадым.
Әттең, бірі болса елге көрсетер ем.
Завод қалпақ соңында қап салпақтарын.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Аналарға арнау

  • 0
  • 4

Анасыздар, әр үйге панасыздар,
Бала десе от болып жанасыздар.
Сәтті басса ұрпағың,- мерей тасып,
Қыз күлкісін сусын қып қанасыздар.

Толық

Мектепті алтын белгімен бітірушілер

  • 1
  • 0

Болашақ сендердікі, өрендерім,
Білімнің өтедіңдер төлемдерін.
Тердіңдер әр пәннің де жақұттарын,
Тұңғиық сүңгіп жүзіп тереңдерін.

Толық

Ода (Мұқағали және оның ақындығы)

  • 1
  • 0

Өлкесіне өлеңнің
Ақын келіп ақ маңдай,
Жаулайтұғын жүректі
Сиқыр жырлар тапқандай.

Толық

Қарап көріңіз