Өлең, жыр, ақындар

Талдардың таласы

  • 28.08.2019
  • 0
  • 0
  • 1303
Орман тұрды жайқалып,
Самал желмен шайқалып.
Ағаштардың ағайын
Бірліктері байқалып.
Жайма-шуақ жарасты
Тоқсан түрлі ағашты
Көрген адам орманды
Тамашалай қарасты.
Ағаштардың бірлігі,
Тату-тәтті тірлігі
Созылмады ұзаққа,
Быт-шыт болды бір күні.
Терек айтты: – Терекпін,
Мен сендерден ерекпін.
Жеке тұрып жапанда,
Жайқалуым керек тым.
Көк тіреген бойым бар,
Күнге жетпек ойым бар.
Кең далаға кетемін,
Артық сөзді қойыңдар.
Терегіңнен қала ма-ай,
Былай деді Қарағай:
– Ешбір адам, ешбір аң,
Өтпес маған қарамай.
Мәңгі көктеп тұрамын,
Асқарлы тау – тұрағым.
Бөлек кетіп сендерден,
Шың басына шығамын.
Қызып кетті Қайың да:
– Орман менің жайым ба?
Мен де кетем далаға,
Тұра алмаймын сайыңда.
Қыр басында керіліп,
Қолаң шашым төгіліп,
Көз тартайын қияннан,
Ақ балтырым көрініп.
Жөке айтты: – Жөкемін,
Мен де жеке кетемін.
Сұлулыққа келгенде,
Бәріңнен де өтемін.
Жиегіндей қалпақтың
Жапырағым жалпақ тым.
Тұрмаймын ба толықсып,
Көркі болып алқаптың.
Емен айтты: – Еменмін,
Мықты, сірә, менен кім?
Беріктігім болаттай,
Шегелесең, шеменмін.
Мен еменмін,
Еменмін,
Келер жеке еленгім.
Ну орманның ішінде
Мені анық көрер кім?
Бұл секілді бүлікке
Қосылды кеп Шілік те:
– Менің мықтылығымды
Ағайындар біліп пе?
Дауылыңнан қыңбаймын
Иілсем де сынбаймын.
Орман қысты өкпемді,
Жеке кетпей тынбаймын.
Жап-жасыл боп тұрса да
Шыдамады Шырша да:
- Болып кетті қапырық
Орман іші мұншама.
Мен де жеке кетейін,
Жалпақ жонға жетейін.
Көзі түскен баланы
Қуанышты етейін.
Айтты сонда Тобылғы:
– Қаламаймын тобырды.
Орманда кім біледі
Менің бары-жоғымды?
Жеке тұрсам, озамын,
Көкке мойын созамын.
Қандай жақсы болғаны
Өз отауың, өз әнің...
Кең даладан боранды
Келіп жетті Тораңғы.
Ағаштардың айтысын
Жаратпапты ол әлгі:
– Ағайындар – ағаштар,
Татулық бар, жарас бар.
Берекені кетірген
Неге керек таластар?
Әрбіріңнің шынында,
Артық баға, құның да.
Жеке-жеке бірақ та,
Ғұмырларың ғұмыр ма?
Жалғыз ағаш толған ба?
Жалғыз ағаш орман ба?
Дауыл тұрса, жел тұрса,
Жалпақ дала қорған ба?
Қоныс тіккен бөктерден,
Тораңғымын көп көрген.
Жалғыздықпен жабығып,
Көп күнімді өткергем.
Мен сендерді аңсағам,
Аңсай-аңсай шаршағам.
Айналсам деп орманға,
Әлі күнге ән салам.
Мен сендерге қызығам,
Қызығам да бұзылам.
Жалғыздықтан
Өлген жөн
Құлап таудың құзынан.
Мен сендерді сүйемін,
Сүйіп, басты иемін.
Ынтымақты бұзсаңдар,
Сонда шындап күйемін.
Тоқсан түрің бірігіп,
Бір ұяға кірігіп,
Орман болып тұрсыңдар,
Танытып шын ірілік.
Шілігің бар,
Талың бар,
Айтқан тілді алыңдар.
Мәңгілікке мызғымас
Орман болып қалыңдар.
Сонда жықпас жауын да,
Сонда жұлмас дауыл да.
Біріксеңдер қауымға,
Жолай алмас жауың да...
Ағаштар тік тұрыпты,
Тораңғыны ұғыпты.
Содан бастап қайтадан
Тату өмір сүріпті.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Екі иттің ермегі

  • 0
  • 0

Оңаша үйде ерігіп отырып,
Орындықта керіліп отырып,
Кәнден ит пен Қасқыр ит
(Еркетай мен «тақсыр» ит)

Толық

Қиялдағы ару

  • 0
  • 0

Көзім түсіп көктемнің киігіне,
Оранамын махаббат күйігіне.
Аңсауменен келемін сол аруды,
Жеткен кім бар арманның биігіне?

Толық

Дауыл

  • 0
  • 0

Далада дауыл ысқырып,
Қақты кеп зәулім қақпаны.
Шірене тартып, тықсырып,
Әкетті жұлып тақтаны.

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар