Өлең, жыр, ақындар

Тілін ұмытқан тауық

  • 28.08.2019
  • 0
  • 0
  • 3717
Заманда бір ертелеу
Тауық бопты еркелеу.
Өзгелерден шамалы
Ақыл-ойы келтелеу.
Көкке ұшырып көңілін,
Менсінбепті тобырын.
Ұмытыпты өзінің
Шыққан ата-тегі кім?
«Тауық та құс болып па?
Еркін ұшып-қонып па?
Қырандарша қиядан
Кең әлемді шолып па?
Қанатымды қағам да,
Қыран болам барам да» –
Деп сол Тауық тобырдан
Кетіп қапты табанда.
Тыйып ойын-сауықты,
Сапар шегіп қауіпті,
Ақырында сол Тауық
Қырандарды тауыпты.
Айтып арман-тілегін,
Ұсыныпты жүрегін:
Бұдан былай мен-дағы
Қыранша өмір сүремін.
Былай депті Қырандар:
Бізде жалғыз ұран бар.
Тілімізді үйренсең,
Жол табасың бұған дәл.
Бірнеше жыл тырбанып,
Бар қызықтан құр қалып,
Қырандарша «саңқ» етер
Түсініпті тілді анық.
Қуыс кеуде қасқа бұл,
Сөз білмепті басқа бір
Елден кеткен көп жылдың
Кеткені ме босқа құр?
Тыңдап құстар сол кепті:
– Тіл ұққаның жөн депті.
Болғың елсе шын Қыран,
Кәне, ұшып көр депті.
Желік қуған елірме
Есер аз ба өмірде?
Жаралмаса ұшуға,
Ұша алар ма тегінде?
Ұшпақ болып шарқ ұрып,
Ұмтылғанда талпынып,
Қайта құлап түсіпті,
Есер Тауық алқынып.
Қырандар кеп қамалап,
Депті әр жақтан табалап:
Тіл ұққаның түк емес,
Ұшпағаның жаман-ақ!
Ұша алмасын түсініп,
Қылығына қысылып,
Оралыпты еліне,
Тауық мойын ұсынып.
Бар Тауық «қыт-қыттапты»,
Оралғанын құптапты.
Бірақ, оның «саңқылын»
Ешбірі де ұқпапты.
Қыран құс та болмады,
Тауық та боп оңбады.
Не онда жоқ, мұнда жоқ,
Тауық солай сорлады.
Жүре алмаған жол тауып,
Кімге қажет қор Тауық?
Өз тілін кім ұмытса,
Бәрінен де сол қауіп...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Арина

  • 0
  • 0

Аңсаған арманым, Арина,
Ырзамын өмірде барыңа.
Кездестім өзіңмен мен алғаш
Көрікті көктемнің таңында.

Толық

Дарақылық

  • 0
  • 0

«Бір тәттінің бір ащысы бар,
Бір тоқтықтың бір аштығы бар» –
Деген екен бабаларымыз,
Ақылы кен даналарымыз.

Толық

Жеңіс жалауы

  • 0
  • 1

Жеңіс тіпті оңайлықпен жеткен жоқ,
Дұшпан бізге аяушылық еткен жоқ.
Соғыс бітіп, талай жылдар өтсе де,
Қияметі бастан әлі кеткен жоқ.

Толық

Қарап көріңіз