Өлең, жыр, ақындар

Жарыма

  • Bain
  • 26.04.2015
  • 2
  • 1
  • 19475
От жұтқан туысқанның халін көріп,
Күнәсіз судай аққан қанын көріп,
Айрылған ар-намыстан қарындастың
Көз жасы, қалың қайғы, зарын көріп.
Елжіреп жүрек-бауырым, ішім еріп,
Бейнетке белді буып, қолды беріп,
Ант етіп айнымасқа ес білгеннен,
Байлаулы бауырыма тілеп ерік,-
Жан жарым, ұзақ, қиын түстім жолға,
Алдымда түпсіз дария, cop да, ор да.
Батпақ шөл: сусыз, отсыз, қайнаған құм,
Ысқырған жылан, шаян оң мен солда.
Өткелсіз, қарлы, отты таулар асқар,
Мейірімсіз табан тілер қия тастар...
Кім білед, қуат құрып, арып-талып,
Төгетін күндер болар ыстық жастар.
Сол күнде, алтын сәулем, қолыңды бер,
Жасытпа, жолым бастап, алдымда жүр.
Қара түн қорқынышты қаптағанда,
Жарқырап жұлдызым боп төккейсің, нұр.
Айрылса иманынан көңіл құбыл,
Кейін қайт, жапа шекпей, жазым деп жол.
Жан салып, тура қайтпас жүрек беріп,
Жаңадан жаратып сен Аллам да бол!
Жол алыс, жақын үшін жаннан кештім,
Бауырдың халін көріп бейнет құштым.
Құшақта, сүй, күл, жыла, қайраттандыр,
Жан жарым, ұзақ, ауыр жолға түстім.



Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз

Сылдырмақ

  • 1
  • 4

Бүлдірген беті бөбектің
Қолында отыр сылдырмақ.
Өзі сақ-сақ күледі
Сылдырмақтай сылдырлап.

Толық

Өмір

  • 1
  • 2

Мана көкті қаптап еді қара бұлт,
Күн күркіреп қорқытып, ұшырып құт:
Көк тұнжырап мұңайып, қабақ жауып,
Көз ашқанда аспанда жарқылдап от.

Толық

Жас Мағжанға

  • 1
  • 3

Мағжан депті біздің Бәкең баласын,
Қарашығым, бүлдірген бөбек, адасым!
Сұрайсың ғой: «Қайдан келдің, аға?- деп,
Енді қайда жол тартып сен барасың?»

Толық

Қарап көріңіз

Басқа да жазбалар