Өлең, жыр, ақындар

Кенесары ханның жүрегі

  • 07.06.2019
  • 0
  • 0
  • 4227
Ақ сүтін еміп арлы елдің,
Дүниенің ашқан есігін.
Мен қазақтың ханы едім,
Кенесары есімім!
Тербеткен сексен көлімен,
Көкшетау еді бесігім.
Ұшарда бағым көгімнен,
Соңғы сөз айтсам несі мін.
Шыдамай құлдық кеселге,
Азаттық үшін күрестім.
Қаралы тағдыр келсе де,
Ұрпақтан күдер үзбеспін.
Бостандық елге тілеген,
Арманымды жалғайтын.
Солар ғой менің тірегім,
Қырандай биік самғайтын.
Атаның кегін жібермей,
Тұлпарлар мініп ту алып,
Атылар жайға жебедей,
Мұз кешіп талмай толғанып.
Қатерлі жылдар боранын
Түнек боп ауық бораған.
Серпумен бір өжет ұлдарым
Алар-ау алғыс бабамнан.
Елімнің езген еңсесін,
Құтқарып азап құлдықтан.
Жанақтар сәнді ел көшін,
Маңдайларға күліп таң.
Бабалар Рухын қастерлеп,
Үңіліп ата- салтына.
Кеудесін өлең от кернеп,
Жырлар- ау мені халқыма.
Сенемін саған ұрпағым,
Жалғайсың ұлы ісімді.
Бостандық сенің ұраның,
Сілкін де көрсет күшіңді.
Алаула ! Долы дүлеймен,
Алысқан жетер арманға.
Аулақ бол жалтақ үрейден,
Қанатың кейде талғанда.
Қаныңмен жаз да ерліктің
Маздатшы отты жырларын.
Бойдағы өшпес өрліктің
Гүлдетер дәнін жырларың.
Еліңді сүй де еңкейіп,
Әр тасын қорға қызғыштай.
Жапырағын жайсын көркейтіп,
Бодан боп,жүдеп мұз құшпай.
Айқас!Айқас!Ең соңғы
Кеудеңнен демің біткенше.
Азаттық атты ақ жолды,
Көзіңмен көріп жеткенше.
Ауырлау болып тағдырым,
Қапаста торға түстім мен.
Жазмышы болар Тәңірдің
Ойнатқан бақа үстімнен.
Айнымас менің көңілім,
Өлсем де саған мәңгілік.
Үзілуге жақын өмірім,
Аманатымды айттым ән қылып.
Үзбеңдер,оны жалғаңдар,
Жеткізіп байтақ далама.
Тыңдасын таулар,ормандар,
Бесікте жатқан балам да!
Ән бітті,Қырғыз тауында,
Қанатын жайып ерлікке.
Таңданып тұрды жауы да,
Қайыспас қайсар өрлікке.
Кездікпен тіліп кеудесін,
Қанішер тұрды қалшылдап.
Жиекте күннің сәулесін,
Күрең қан басты шашырап.
О,неткен ғажап Ұлы еді,
Тұрса да жауы қолға ұстап.
Түк басқан ханның жүрегі,
Елім деп тұрды дауыстап!



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Алаштың жарық жұлдызы

  • 0
  • 0

Жырыңда мұң, егіз біткен еліммен,
Бірге өксіп, бірге жылап егілген.
Ғасырларда бір туатын ұлы ақын,
Омырауынан отты жырлар төгілген.

Толық

Бұғыбай ата үні

  • 0
  • 0

Биік ұстап имандықтың ар әнін,
Жолдар кезіп Меккеге сан барғанмын.
Сансыз кітап арқаладым сен үшін,
Келер ұрпақ үміт артар арманым.

Толық

Желтоқсан

  • 0
  • 1

Желтоқсан қуат барма сенен асқан,
Сілкінтіп бодандықты түнек басқан.
Тарихтың кең төрінен сөйледің сөз,
Қазақ боп, намысы үшін арпалысқан.

Толық

Қарап көріңіз