Өлең, жыр, ақындар

Өткеріп сезімді күн, төзімді айды...

  • 02.06.2019
  • 0
  • 0
  • 2043
Өткеріп сезімді күн, төзімді айды,
Іздесем табар едім сөз ыңғайлы;
Сөзді емес, отырып-ақ өз төсіңде,
Туған жер, ойланамын өзің жәйлі.

Баяғы жұбатам деп бір үмітті
Жүректің жиып-терген жыры бітті.
Біткен жоқ ойлар бірақ, Сірі-дала
Көтеріп жатқаннан соң тірі жүкті:

Ол жүгің... күліңіз Жер, жылаңыз, Жер,
Ол жүгің – мына біздер, мына біздер;
Үнімді, үкімімді тыңдатам деп,
Басынан Алатаудың құлақ іздер.

Бірақ та тыңда демен саған мені,
Тек қана мені ұлым деп санар ма еді;
Сонау бір Қошалақтың құм шағылы –
Уа, менің көз жасымның тамар жері.

Бұлтты жәй айдағанда самал легі,
Күн күлсе – ол мейрімің маған ба еді?
Төбеңде тудым сонда нүктедей боп,
Уа, менің бақытымның жанар жері!

Бұл жерге көп қарайлап көз ұлғайды,
Көңілге тездік қуат, төзім – қайғы.
Албыртам, асығамын аз өмірде
Туған жер, ойлайын деп өзің жәйлі.

Кетсе де қайғы жығып, қырсық ұрып,
Жырлаймын – жараттың ғой жыршы қылып.
Жырларым сен туралы, о туған жер,
Далаңның қыртысына жүр сүрініп...



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Шабдар айғыр

  • 0
  • 0

Апыл-ғұпыл аттандық.
Кешегі ізде шәуіш жапқан қақ қалды.
Түн пұшпағы ұйып қалған сай, жыра
шомып жатты әлденедей қайғыға.

Толық

Өтініш

  • 0
  • 0

Көп кеңеске қатыстырма мені осы —
кітабымды бітірейін келесі.
Бір "қалқамен" үлгергем жоқ қыдырып,
бір есерге қарыз ем бір жұдырық.

Толық

Композитор

  • 0
  • 0

Әр бұтаның тасасында жүр ықтап,
Асау дыбыс ілінбеген құрыққа;
Әлдекімнің делебесін қоздырып,
Не бояу боп бір жалт етпей көзге ұрып,

Толық

Қарап көріңіз