Өлең, жыр, ақындар

Механик Мақмет

  • 17.05.2019
  • 0
  • 0
  • 1211
(Павлодар облысы Цюрупа ауданындағы «30 жылдық Қазақстан» колхозының механигі Мақмет Бековке арналды.)

Түгінен дән төгілген Маралдыға,
Дүбірлеп мотор күйі таралды да,
Оятты қозғап күллі машинаны,
Оятты күллімізді таң алдында.
Дабылдың тұтқасын бұл кім бұраған?
Мотордай лыпылдаған бұл бір адам.
Көресің елден ерте Мақметті,
Үш аяқ машинамен зымыраған.
Жүйткісе көрсетпейді қарасын да,
Ол таныс әр белеске, әр асуға.
Жүруге асығады күйін тыңдап,
Трактор, комбайнның арасында.
Ауруды таныр доктор тынысынан,
Бар болса тетіктері тілі сынған.
Алыстан Мақмет те айырады,
Ентіккен моторлардың дыбысынан.
Дәті жоқ жүрдектерін шегеруге,
Заводтың ұқсар өзі шеберіне.
Қуырып электрмен бөлшектерді,
Бүлінсе, қиыстырып береді де.
Жанар май бетін басып айғыздалған,
Көресің оны көлге жалғыз барған.
Сүңгіп кеп тереңіне керіледі,
Жағада жұпар жұтып жалбыздардан.
Дән атса машиналар қырындағы,
Көңілі келсе қайта бұрылады.
Суынан өзі сүзген балықтарын,
Кеш болса достарына қуырады.
Масайрап кіріседі әңгімеге,
Айтпасын мақтанышын әркім неге?
Айтады атой беріп темір атпен,
Соғыста барғандығын Берлинге де.
«Бір кезде мынау жатқан құндыз белге,
Моторын дүрілдеткен жалғыз мен бе.
Қалтырап қолым талай қорқып едім,
Алғашқы тракторды жүргізгенде.
Бүлінсе болдым әуре түзеймін деп,
Несіне өткенді сол тізейін кеп.
Сондағы сынықтарды қойдым сақтап,
Мамандық тарихымның музейі деп.
Өттім ғой өрт ішінде қайта сыннан,
Шыққандай жарық алып жай тасынан.
Үйрендім тетіктердің сиқырларын,
От шашқан шойындардың шайқасынан.
Соны айтып айыршамен шортанды іліп,
— Аса! —деп, күлімдейді арқамды ұрып.
Қарайды машиналар жортқан қырға,
Өзі де даласындай дарқан жігіт.



Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Есілге

  • 0
  • 0

Көкше мұзды суық сұр
Құрсап қатқан Есілге,
Мұңмен қарап сұлу тұр,
Кім түсті екен есіне?

Толық

Мейлің, бөрі, ұли бер...

  • 0
  • 0

Айнала үнсіз мүлгиді
Желсіз түнде орманда,
Ай да баяу жылжиды,
Сәулесін төгіп сол маңға.

Толық

Бұл тауда...

  • 0
  • 0

Бұл тауда тұлпар-ата жылқы баққан,
Жылқысын Ерейменнің жұрт ұнатқан.
Тұқыртып ақ борандай асауларын,
Жапанға жел жүйрігін зымыратқан.

Толық

Қарап көріңіз