Эссе және өлең-жыр байқауы

Үш ұры

Бip сарт қалаға бір есек, бір ешкі сатуға алып келеді. Ешкінің мойнында қоңырауы бар екен. Мұны үш ұры көріп, біреуі айтты:

— Мен осы сарттың өзіне білдірмей ешкісін ұрлап аламын.

Екіншісі айтты:

— Мен қолындағы есегін ұрлап аламын.

Үшіншісі айтты:

— Оның бәрі де қиын емес, мына мен сарттың өзінің үстіндегі киімін де ұрлап аламын.

Сол сөзбен бастапқы ұры сарттың артқы жағынан келіп, ешкінің мойнындағы қоңырауды алып, есектің құйрығына тақты да, ешкіні жетектеп далаға алып кетті. Біраздан соң сарт артына қараса ешкі жоқ. Сөйтіп аң-таң болып тұрғанда, екінші ұры келіп: Неғылып тұрсың? — деп сұрады. Сарт:

— Ешкімді алдырдым, — деді. Ұры айтты:

— Мен көрдім, ешкі жетектеген біреу жаңа ғана осы орманға кіріп кетті, қусаң жетесің. Сарт:

— Ендеше, құдай үшін есегімді ұстай тұр, — деп, есегін ұрыға ұстатып, өзі ағашқа жүгіріп кіргенде, бұл ұры есекті алып жөнелді.

Біраздан соң қайтып келсе, есегі тағы жоқ. Мұнан соң сарт байғұс жылап, жолға түсіп жүре берді. Сарт сөйтіп келе жатса, жол үстінде, судың жағасында жылап отырған бір адамға ұшырап, «неге жылап отырсың?» деп сұрады.

Ол кісі айтты:

— Бір байдың қызметкері едім, бай бір қапшық алтын беріп «қалаға алып бар» деп жіберіп еді. Осы судың жағасына жеткен соң дем алайыншы деп сүйеніп жатып ұйықтап кетіп, ұйқысырап абайсыз қапшықты суға итеріп жіберіппін. Енді неғыларымды білмей отырмын.

Сарт:

— Ендеше суға неге түсіп, алтыныңды алмайсың? — деді.

Кісі айтты:

— Жүзе білмегеннен судан қорқушы едім, қапшықты алып берген кісіге 20 алтын берер едім.

Сарт ойлады:

— Есегім мен ешкімді алдырған үшін маған бұл Құдайдың жіберген олжасы шығар, қапшығын әперіп, 20 алтын алайын, — деп, жалмажан шешініп, киімінің бәрін тастап суға түсті. Су ішінде олай-бұлай жүзіп, тайыз жерінде жүріп іздесе де қапшық табылмады.

Біраздан соң, шаршап қайтып келсе, киімін манағы үшінші ұры алып жөнелген екен.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Серіктестер

Жүктелуде...