Қожа ахмет ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті талапкерлерді оқуға шақырады!

Қазақ ішінде оқу, оқыту жолы қалай?

Қазақтың қай жерінде болса да молда таралмаған, аз-аздап болса да төте оқу жайылмаған жер жоқ есебінде. Сол молда атанған адамдарымыз мейлі ескі жолдың қу мүйізді, құлқын өңештілері болсын, мейлі жаңа жолдың жарып салма, жарық ойлы, ғылым, педагогиканы судай ағызатын азуы алты қарыс атақтылары болсын қазіргі қалпында қазақ ұлтына пайда тигізіп ғылым, өнер шашудың қиындығы іштен тума соқырдың көзін ашу секілді орайы жоқ өткелсіздеу көрінеді. Міне, бұған қазіргі молда ұстау формын көрсетемін. Міне, сен оқыту жөнінен жақсы ғана хабарың бар, жақсы жерлерден тәртіп, тәрбие алған молдасың. Ал сені келді де қазақ мырзалары: «Мектеп басын мынадай... бір жерде екі-үш ауылмыз, оқитын бала маңайымызда адам айтар емес, көп, кемпір-семпір жығылып қалса тағы өз бақытың» деп апарып алдыңа 15-20 бала жиып беріп те қойды.

Ал енді, қалай оқытуға керек? Бұлардың саны қанша болса, сабақтары да сонша басқа-басқа, әрқайсынікі әртүрлі. Бірінің баласы жүйрік, бірінікі жорта, бірінікі шабан. Бәрінің бастарын қосып ұстайын десең, істің түбі жаманға айналатын болған соң амалың бар ма? Онда да жігерлі болсаң, балалардың әке - шешелерімен талай қызыл кеңірдекке келісіп, ең азы алты-жеті бөлімге бөліп оқытуға көндіре алсаң сол. Осы күні қазақ ішіндегі молдалардың қолына жеті бөлімнен кейін шәкірт жоқ. Себебі: бір тәртіпке бірінші бөлімнің балаларын ата-анасының разы болмағандығынан, я бір уақытта жиналмағандығынан екі-үш бөлім қылып оқытуға тура келеді. Олай болғанда әрбір бөлім басына күніне екі мезгіл оқытқанда ең азы үш түрлі сабақ үйретуге керек. Бөлім басы үш сабақтан күніне жеті бөлімге 21 сабақ болады. 21 сабақты жақсылап үйретуге 21 сағат уақыт керек. Міне, сонда мейлің бұлбұл бол, мейлің дүлдүл бол, 21 сағаттың жартысы 10 сағат оқытатын шамаң бар ма? Жоқ. Отан сен де, балалар да, мырзаң да шыдамайды. Алдыңа келген баланы қуып жеңілейтуге шамаң тағы жоқ, онда мүлдем қара жүз атанып елден қуыласың, әрі жөндеп оқытуға шамаң келмесе, әрі шамаңның жоқтығын айтсаң, бұ күнің өзіне көп болатын болса, «күл болмасаң, бүл бол» деп тез-тез суылдатып бірін-біріне тіркеп, ескі қу мүйіздердің ар жағында су мүйіз болмағанда қайтесің? Және сенде ұят деген нәрсе тағы бар, ол сенің бұл ісіңе разы болып тыныштық бере қоя ма?! Өз ісіңнен өзің жиіркеніп балалардың алдында кісі өлтіріп қылмысты болған кісі секілді амалсыз байлауда тұрғандай болып отырмайсың ба? Әрине, солай. Менің түсінуімше қазақ ішіне оқудың таралмауы, таралса да ілгері баспауының бірінші себебі: молдалардың үйрете білмегендігінен емес, үйрету тізгінінің қолдарына берілмей, осындай бәлелерге ұшырауларынан деп білемін.

Биыл газеттерде әлденеше рет жазылды: «Қазақ оқығандары өз жұртының баласын оқытуға арланады. Бойына теңгермей ақымақтық қылады» деп. Олар неге ақымақтық қылсын, олардың көбі ел-жұртымның табанына қадалғанын маңдайыма қадаймын деп жүрген талапкерлер. Бірақ қызмет қыла бастаса, әлгідей бәлелерге жолығып, зәрезеп болғандықтан қашады. Онан қашқанда басқа орынға кіріп төре боламын демейді, жалшылықпен күнелтсе де жұрт баласын өз қолынан бүлдіруге беті шыдамайды да, көзіне күйік қылғанша, бой таса қылып өлгісі келеді.

Қысқасы, біздің қазақ халқына тұрған молданың мисалы мынау секілді. Бір кедей адам базарға жалғыз атын сатады. Аттың бағасындай екі есе борышы болады. Оның үстіне бала - шағаларына киім, тамақ керек, анаған айна, мынаған тарақ керек, біріне болса, біріне жоқ, қайтерін білмей бишараның басы дал болмай ма? Біздің мұғалімдеріміздің басына түскен жүк тап осыдан кейін емес. Осы жүкті жеңілейту жағын қарастыру керек.

1913


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Серіктестер

Загрузка...