Өлең, жыр, ақындар

Жігіт таңдаудың шебері

— О-О-О!.. — деп шу ете қалысты бәрі. Сөйтетіндерін өзім де біліп келе жатқанмын.

— Өзі саған қалампырдан басқа ештеңе сыйламайды екен. Талғамыңды білмейді-ау шамасы, — деді Лаура көздерін қолымдағы гүл шоғынан айыра алмай. — Бірақ бұл жолы қызылын таңдаған екен.

Сөйтіп айтатынын білгенмін. Өзімнің өңім де сол сәтте осы қызыл қалампырға жедеғабыл болып тұтанып кетсе керек. Айнаға қарамай-ақ біліп тұрмын.

— Қыздар, қараңдаршы енді! Біздің Бақыткүл бүгін қандай әдемі болып кеткен. Бақытты болғаны сондай, екі беті тіпті алаулап жанып тұр ғой...

Ауызы жеңілдеу Гүлмираның да осылай деп бір лепіртіп тастайтынын білгенмін. Жаңа кеңсеге келе жатқанымда, «Менің осы қалпыма кім қалай қарар екен? Біреулерден ұят болып жүрмей ме?» деген ой еріксіз кес-кестеп тұрып алды емес пе? Сонда әрқайсысының айтар сөзін, көрсетер қылығын өзімше нобайлап қойғанмын. Менің сол долбарым бойынша, қызметтес қыздардың арасынан ләм-мим деп тіс жармай қалатыны біреу-ақ болуға тиісті. Сол ойым келді де қойды, төр жақты толтырып отыратын түксигендеу қара торы, етжеңді қыз Нұргүл мен жаққа қарай мойнын еріне бұрды да, тырс етіп, үн шығаруға жарамады. Жобам дәл келді, осы байғұс менің бақытыма аздап іштарлық жасайтын сияқты.

— Сен енді осылай бәріміздің ішегімізді созып, шаршата берме. Жетеді енді, онымен бізді таныстыруың керек, — деді Әсел нықтай сөйлеп. — Солай емес пе, қыздар? Мысалы, мен өзімнің жақын подружкамның қандай жігітпен жүріп жүргенін білгім келеді.

Бұл мен үшін тосын әңгіме еді. Бәрін күткен кезде осындай әңгіме шығады деп ойлай алмай қалғаным қалай? Онсыз да алаулап тұрған бетім тағы да шым ете түскендей болды. Мені селт еткізгені — екі мәселе. Біріншіден, жігітті таныстыру керек екендігі. Бұрын да шет жағалап ойымда жүрген нәрсе еді. Екінші мені таң қалдырғаны — Әселдің мені «ең жақын подружкам» дегені. Кез-келгенді бойына жуытып, шеніне ала бермейді, әйтпесе осы отырған қыздардың қай-қайсысы да оның достық көңіліне кет әрі бола қоймайтыны анық. Ол сияқты Өзі көрікті, өзі ақылды, өзі сартылдатып бәрін біліп тұрған мұндай бойжеткенмен кімнің дос болғысы келмейді дейсің. Қай мәселені сұрасаң да, тақылдап тұрған жауабы қашанда қалтасында, ойыңды мазалаған кез-келген сұраққа жауабы даяр. Сондықтан болар, әркімнің қолы жете бермейтін бедел деген жарықтық басқамыздан бұрын ең алдымен осы Әселді адаспай-ақ тез тауып ала қояды. Әсіресе осы ұжымның ішінде.

Өйткені Әсел кез келген тығырықтан шапшаң жол тауып ала қоятын ерекше жаратылған жан. Құлақ түріп отырсаң, айтқан сөздері көңіліңнің түпкіріндегі ойларды тап басып жатады. Менің өз басымның «Рас-ау онысы» деп үнсіз мойындайтын кездерім аз емес. Осы отырған қыздардың қай-қайсысы да, тіпті ана менің жігітім жайлы әңгіме бола қалса, қарадай түксиіп, айдынын сыртқа сала қоятын етжеңді Нұргүл де онымен санаспай тұра алмайды. Осы бесеуіміздің заңды бастығымыз Нұргүл емес, кейде осы Әсел сияқты көрініп кететінін қайтерсің.

Менің бағамдауымша, Әсел — бұл өмірден нені қажет ететінін жаңылмай, тап баса қоятын адам. Өз басым осы бірге істейтін бір жарым жыл ішінде бір жаңсақ басқанын, жағының жаңылғанын көрмеппін. Мен оның қасында отырып, тіпті жіп есе аламын ба десеңші. Шынын айту керек, жігітім бар деп іштей марқайғаныммен, көркім де онша емес қой.

— Шынында да, — деп қалды жеңіл ауыз Гүлмира да қарап тұрмай, — алдағы сенбіде вечер жасаймыз ғой. Давай, сен жігітіңді соған алып кел. Бәріміз көрейік, танысайық.

— Білмеймін, — дедім міңгірлей сөйлеп. — Қалай болар екен?..

— Дәл ойымнан шықтың, Гуля, — деді Әсел ай-шайға қаратпастан, бастырмалатып сөйлей жөнелді: — Қалай болар екен дегенді қой. Бітті, алып келесің. Все..

Шегінерге жол қалмағаны анық.. Қыздардың ұсынысына бөркін аспанға атып, аттандамағанымен, Омарбай қуана-қуана келісті. Жолай қалай таныстырсам екен деп қипақтаумен болдым. Біз келгенде, кеш енді басталайын деп жатыр екен. Біздің келгеніміз құлақтарына тиісімен, қыздардың бәрі есікке қарай шуылдасып лап қойды. Мен таныстырайын деп аузымды аша бергенім сол еді:

— Омарбай, — деді жігітім салтанатты түрде.

— Білеміз. Бәсе, осал жігітпен жүрмесе керек-ті біздің Бақыткүл, — деген лебізді айтып үлгірген, әрине, аузы шапшаң Гүлмира.

— Тәп-тәуір жігіт екен, — деді бір қағаберісте Лаура.

— Иә, жаман бала емес... Өзі тіпті сүйкімді де сияқты. Кештің аяғына дейін жақын таныса түсерміз әлі.

Қонақтардың қатары жаңа жігіттермен толығатүсті. Олардың кейбіреуі маған бұрыннан таныс та. Жастар бас қосқан кеш қашан көңілсіз болушы еді, Абай атамыз айтқандай, «асау той, тентек жиын опыр-топыр» барған сайын күшейіп, қарқын алып бара жатты.

Ас үйде қыздармен әңгімелесіп тұр едім, табақ көтеріп Лаура кірді:

— Омарбайыңды тезірек құтқармасаң, болатын емес. Ана Әсел миын жеп қоятын түрі бар.

Залдың бір жақ бұрышында тұрғандарын байқадым. Кештің көңілді ырду-дырдуы оларға әсер етпеген сыңайлы. Езулерінен күлкі, қабақтарынан жарқыл байқалмайды. Екеуара әңгімелері әлдеқандай солғындау болып көрінді.

— Жағдайларың қалай? — дедім қастарына сәл-пәл жасқана басып келіп.

— Тамаша, — деді Әсел сол байсалды өңін онша жібіте қоймай. — Сен қызғанып қалып жүрме. Жай сөйлесіп отырмыз. Бір сәт саған да кезек берейін енді...

Сөйтті де, созалаңдай көтеріліп, гүжілдесіп тұрған қалың топқа қарай қадам басты.

— Иә, қалай екен менің подругам? — дедім екеуіміз оңаша қаласымен, басқа сөз аузыма түспей.

— Соңғы рет мектепте оқып жүргенімде тергеді-ау деймін мені. Сенің бұл подружкаң өзі қауіпсіздік комитетінде істемей ме?

Жастардың сауық кеші қашан ерте тараушы еді. Омарбай екеуіміз сонда да шаршағанымыз жоқ, сергек қайттық.

Дүйсенбі күні кеңсеге кіргенім сол еді, Әсел компьютерден басын көтеріп алды да, маған иек қақты. «Айтатын әңгіме бар» деді сосын. Екеуіміз екінші қабаттағы шағын кафеге түстік.

— Иә, менің не айтқалы отырғанымды өзің де түсініп тұрған шығарсың, — деді айбынды құрбым шырын таяқшасына енді ерін тигізе берген кезде. Мен құр көзімді жыпылықтаттым. — Ендеше былай. Сенің ана әлдеқандай қылып жүрген Омарбайың...

— Иә, — деген кезде жүрегім сусылдап төмен түсіп бара жатқандай болды.

— Омарбайың саған лайық емес.

Бұл мен мүлде күтпеген әңгіме еді. Өкшеме қарай құлдилап кеп берген жүрегім орта жолда бір жерде солқ етіп, тоқтай қалғандай болды. Ептеп есімді жиып алғаннан кейін қайта-қайта үстемелей бергенім:

— Неге? — деген жалғыз сұрақ. — Ол өзі мен туралы саған бірдеме айтты ма? Әлде...

— Жоқ, ол сен жайлы бір жаман нәрсе айтып көрсін. Танауын бет қылайын. Әңгіме онда емес.

— Енді неде?

— Менің көңіліме қонбай тұрғаны — сол Омарбайдың айналысатын тіршілігі, істейтін ісі.

— Ол канализацияларды жөндейді.

— Міне, мәселе осында ғой. Өзің де айтып тұрсың.

— Онда тұрған не бар? Жаман жұмыс емес. Айлығын да уақытында алып тұратын көрінеді.

— Бері қарашы, Бақыткүл. Ол ғой, канализацияларды жөндейді екен. Былайша айтқанда кәдімгі сантехник. Ал сен жә деген экономиссің. Маркетингті біліміңді тағы жетілдіріп жүрсің. Сонда ғой екеуіңнің араларың жер мен көктей. Солай емес пе? Соны байқауыңа болады ғой басқасын былай қойғанда.

— Е, онда тұрған не бар? Ең бастысы қатар жүргенде екеуімізге де жақсы болса болды емес пе?

— Бақыткүл, жарайды сенің ауылдың қызы екеніңді түсінем. Қаланың жағдайына әлі үйрен бей келе жатқан шығарсың. Бірақ енді соншалықты аңқау болу керек пе? Сен ұдайы өсіп келе жатқан бүгінгі заманның адамы емессің бе? Жоғары білімді мамансың. Онымен шектеліп қалмай, тағы біліміңді жетілдіргің келіп жүр. Көзің ашық. Интернет арқылы жер дүниені шарлайсың. Ал ол...

— Немене ол? — деген кезде дауысым да қаттырақ шығып кетті-ау деймін. Бірақ жөпшөңкіге сасып, жүйкесіне ие бола алмай қалатын Әсел ме, өзіне сенімді нық үнмен сөзін әрі қарай сабақтай т үсті:

— Ол сол бүгінгі деңгейінен шыға алмай, қалып қоятын адам. Уақыт өткен сайын екеуіңнің араларың алшақтай береді. Қашан айттың деме. Сонан ақыр соңында осындай жігітпен жүргеніңе өзің ұялатын боласың. Тіпті өкінуің де мүмкін.

Бұл мен мүлде күтпеген әңгіме еді. Басым салбырап, жанарым жасқа толып кетті ғой деймін. Өйткені көз алдым жауынды күнгі терезедей болып бұлдырап бара жатты. Тығылып жылап жібермесем неғылсын. Мен осы күйзелісімді Әсел, әрине, байқады. Оның мені дереу сабырға шақыруы бекер деймісің:

— Бері қара, Бақыткүл. Дос жылатып айтады, дұшпан күлдіріп айтады деген. Байқаймын, сен оған әлі басыңды беретіндей болып ғашық бола қоймаған сияқтысың. Әшейін дежурный жігіт ретінде ғана жүріп жүрген сияқтысың. Саған оңай болмайтынын да сеземін. Бірақ бұдан әрі тереңдемей тұрғанда, басыңды ажыратып ал. Өйткені екеуің бүйтіп жүре берсеңдер... мұндай жүрістің болашағы бар деп айта алмаймын-ау.

Осыдан кейін Әселге қарсы ләм-мим деп жақ аша алмай қалдым. Күні бойы ойлағаным тек осы әңгіме. Іштей Әселмен таласып қаламын да, оның сол бір айтқан сөздерін қайтадан сарапқа саламын. Айтып отырғаны шындық сияқты былай қарап тұрсаң. Шын-ау... Мен үшін өте ауыр нәрсе, бірақ шындық. Қалай ақтасам да, Омарбай екеуіміздің арамызда өздеріміз ашып айтпаған, талқыға салмаған, тіпті солай болады-ау деп те ойламаған бір бөгесін жатқандай көрінуші еді. Сөйтсем, ол осы екен-ау.

Күні бойы ойладым деймін-ау, ол ойлағаным жай ғана екен, еңсемді басқан ауыр сезімнің бас көтертпестен, тыныс алдырмастан, иектеп алғаны түнге қарай. Рас айтып отырғаны. Басқа біреу болса, бәлкім, пысқырмас та едім. Ал Әсел... Әселдің қателесуі мүмкін емес.. Бәріміз оның пікірімен санасуға, айтқанын орындауға дағдыланып кеткенбіз. Бөлімнің бастығы Нұргүл болғанымен, Әсел бәріміздің бейресми жетекшіміз тәрізді емес пе. Оның кейбір сөздерін өзінше сынап-мінеп жүргенімен, ұжымдағы негізгі бақталасы Нұргүлдің өзі де іштей мойындайды. Ал өткен жолы ол мені өзінің ең жақын досым деп айтты ғой. Ол бұлайша ашып тастамас да, осынау ақылды да әсем қызды ырқымнан тыс мойындап келгенім қайда. Ендеше оның қателесуі... мүмкін емес.

Мен осылай деп ұйғардым. Омарбаймен қарым-қатынасымды күрт тыйғаным сол әңгімеден былай қарай. Оның мен үшін таңдап сатып алған гүлдері тиісті жеріне жетпей, көктей солып жатты. Телефонмен дұрыс сөйлеспеймін, СМС-пен ұзақ жазған нетүрлі хаттарына жауап бермеймін. Кеңсенің есік алдында сарылып, ұзақ тосып тұрғанын көрсем де, ғимараттың артындағы қосалы есіктен шығып кетуге бой үйрете бастадым.

— Не болды саған? — деді бір күні Лаура маған үкі көздерін жыпылықтата, таңдана қарап. Сезікті секірер деген ғой:

— Не болғаны қалай? — деппін жұлып алғандай.

— Гүлің қайда? Омарбай енді сараңдана бастаған ба, немене? Міне, неше күн болды жұмысқа құрқол келе бастағаныңа. Не болды?...

— Омарбай... — дей бердім де, тілімді жұтып қойғандай мүдіріп қалдым.

— Сен не, Омарбаймен жолығуды қойғансың ба? — деді мұндайда көлденең сөзді қалт жібере қоймайтын Әсел компьютерден басын жұлып алып.

— Иә... не жоқ.... қазір кездеспейтін болдым.

— Ой, жарайсың! — Осылай деді де, Әсел ұшып тұрып, менің қасыма келді. — Менің ақылымды тыңдағаның жөн болған. Әрине, бастапқыда саған әжептәуір қиын болады. Бір түрлі қимайтындай көрінесің. Бірақ уақыт емші дейді ғой, келе-келе, оны ұмытасың. Тек енді өзіңе лайықты жігітті қарастыра жүру керек.

«Ұмытасың» деу айтқанға оңай-ақ, ал менің осы күндердің ішінде қандай халде жүргенімді бұл Әсел білсе ғой. Ұйқының былай қойғанда, тамаққа деген тәбетімнің ұшты-күйлі қайда кете қалғанын да білмеймін. Өткенде мамам беріп жіберген қазыны бір кертіп кессем де, аузыма сала алмадым десем, бұл ақылды қыз сенер ме екен? Рас, мен Омарбайға өле ғашық емеспін, күйіп-жанып әкетіп бара жатқан ештеңем де жоқ. Сонда одан саналы түрде бас тартқаннан кейін менің аяқ астынан мынандай кепке ұшырағанымдыі қай қисынға жоруға болады? Түсіне алмаймын. Оны іштей іздейтінімді айтсам ғой, қыздардың әңгімесіне таптырмайтын азық тауып берер едім.

Ал Әселге оп-оңай-ау.

— Сен мұдайыңды қой, — деді Лаура келесі күні. — Не мынауың — ел аман, жұрт тынышта күн жаумай су болып жүргенің. Әбден жүнжіп кетіпсің. Қой мұндайды...

Өзімді өзім қайрап, менің де ширағым келеді, бірақ ырқыма бағына алар емеспін. Мен енді Бақыткүлдің өзі емес, басқа бір түрі болып бара жатқан сияқтымын. Жұмыстан елдің ең соңын ала бір-ақ қайтуға тырысамын.

Бір күні компьютерлерді тексеріп, жарықтарды сөндіріп, жаңа дағдым бойынша офистен жұрттың ең соңын ала шыққанмын. Арт жақтағы қосалқы есік түбінде әлдекімдермен соқтығысып қала жаздағаным. Тас қылып құшақтасып алып, аймаласып тұрған қыз бен жігіт екен. Қараңғылыққа әлі үйрене қоймаған көздерім жыпылықтап кетті. Білегіммен сүртіп жіберіп, қайта қарадым. Сол... Соның өзі. Сәл өтіңкіреп барып, орағыта бұрылып, жаңағы екеуден көз ала алсамшы. Абырой болғанда, шабыттана шөпілдесіп тұрып, әбден исініп тұрған олардың мені байқайтын жағдайлары жоқ сияқты. Жаңылысып қалмайын деп, тым тақап келіп, қайтадан қадала қарағаным да содан.

Жоқ, қателеспеппін, анық өзі. Ал оның тас кенедей жабысып тұрғаны... тағы да өз көзіме өзім сенбей, үңіле түстім. Қоймада автокар жүргізетін ана бір жүндестеу келген ала көз жігіт. Көрші республикалардың бірінен келіп, уақытша жұмысқа әрең ілігіп жүрген гастрабайтер. Жоғары білімді былай қойғанда, осының бұл қалада тіркеуі де, аяғын көсіліп жататын баспанасы да жоқ. Жайшылықта қыз бен жігіттің үйлесімділігі жөнінде тақылдап теория соғатын білімпаз құрбымның бұл қылығын түсініп көр енді осыдан кейін.

Шынын айтқанда, мен оны түсінгім де келмеді. Бірақ арқамнан әлдеқандай ауыр жүк сыпырылып түскендей болып, жүрегім атқалақтай соғып кетті.

Жарты сағат өтер-өтпесте Омарбайға телефон соқтым. Асып-сасып сәл-пәл быдықтана сөйлеген жігітімнің қарлығыңқы үні. Неше күннен бері ести алмай, зар болып жүргенім осы емес пе еді. Енді сәл болғанда, мына қалпымен жылап жіберуден тайынатын түрі жоқ...

Енді біздің арамызға Әселдің араласа алмайтынына анық көзім жеткен еді.


Пікірлер (1)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз