Эссе және өлең-жыр байқауы

Ата

Станциялар мен разъездер сайын поездің тоқтай беруі Бекеңді әбден зеріктіріп жіберді. Сондықтан да ол ұзақ жолдың бүгінгі соңғы күнін терезе алдында отырумен өткізіп келеді. Ертеден бері сыртқа да шыққан жоқ. Күн қаққан көк барқыт тысты бөркін баса киіп, насыбай салған астыңғы ернін бұлтита жымқырып, үнсіз отырды да қойды. Терезе алдынан экрандағыдай сырғып аққан жол бойының алуан қызық көріністері де қарт көңілін алғашқы күнгідей аулай алмады. Бекең ештеңеге де қызықпады. Өз ойымен өзі болды. Егер поезд тоқтаған станциясында ұзағырақ кідірсе, қарт тынышсыздана бастайды.

— Бұл біздің жүруімізден тұруымыз көбейіп бара жатыр-ау, — дейді жанындағы жолаушы әйелге. Әйел езу тартады.

— Асықпаңыз, ата, балаларыңызды әлі-ақ көресіз, — деп бір ауық қарт көңілін ауламақ болады. — Баламды төрт жылдан бері көрмеп едім дейсіз, ә? Әрине, сағынатындай уақыт.

— Үшке толған немерем бар көрінеді, — деді Бекең, бөгде әйелді одан да ары таңырқатқысы келгендей.

— Солай деңіз! — Таңданған әйел таңдайын қағып, басын шайқай берді. Қартқа тесіле қарады да әлден соң: — Түу, атай ренжісеңіз де айтайын, өзіңіз тас жүрек екенсіз ғой,— деп Бекеңді сөге бастады. — Төрт жыл бойы жалғыз балаңызды көрмей, сағынбай жүру деген, оның үстіне ол үйленген, балалы болған. Үш жасқа толған немереңіз бар.

Бекең бөгде әйелдің кінәлауына қарсы ештеңе деген жоқ, үнсіз мойындады! Өзін ақтап, әлдеқайдағы танымайтын жолаушы әйелге сыр ашуды мақұл көрмеді. Оның үстіне баласын пәлендей деп дәл қазір айыптауы да орынсыз сияқты еді. Жоғары оқу орнын бітіргеннен кейінгі жерде баласының қарт үшін түсініксіз бір сыр болғанын бөгде әйел сірә да түсінер ме.

Осыдан төрт жыл бұрын оқуды бітірісімен баласы аз күнге демалысқа келіп қайтқан. Сол кезде ол өзінің институттан кейін тағы екі-үш жылға оқуға қалғанын, оны бітіргеннен кейін ғылыми атақ алатынын айтқан еді. Бекең үнсіз тыңдаған. Қартқа жалғыздық өмір қызық па?.. Жоқ, Бекең тіптен басқаша арман етіп ойлайтын. Оқуды бітірісімен баласын үйлендіріп, немере сүйіп, соның қызығын көру еді. Амал қанша, тағдыр ол тілекті бермеді. Ойлана кеп, ақыры Бекең баласының одан ары қарай оқуына да ризалығын берген. «Ақыры оқыған соң оқудың бәрін түгессін, әйтпесе жыл сайын тағы шақыртып әлектендірер» деп жұбатқан қарт өзін-өзі. Сонан бері баласынан амандығын білдірген хаттар ғана келіп тұрды. Не істеп, не қойып жүр, қайда тұрып, қайда жатады, ол жағынан ештеңе жазған емес. Ал Бекең: «Ақылсыз емес қой, әйтеуір бір игі мақсаты бар шығар» деп өз өмірінің соңында болар үлкен қуанышты сабырлықпен күтті. Тек жақын арада қалаға барған әлдекімдерден баласының үйлі-күйлі болғанын естіген соң, Бекең бәрін анықтап сұрап хат жазған. Жауап кешігіп барып келді... Баласы қонаққа шақырыпты.

Үлкен станцияға жақындаған сайын поезд жүрісін бір қалыпты баяулатып, жиі-жиі айқайлай бастады. Вагонда сапырылыс көбейді. Жолаушылардың ішіндегі жетер сәтті асыға күткендердің бірі өзі екенін Бекең анық білсе де көп қозғала қойған жоқ, сабыр сақтады. Кешкі суықта қырау қата бастаған вагон терезесін жылы демімен үрлеп, кішкене ғана көз ашты. Бірақ қанша шұқшия қарағанмен ол жарқыраған көп оттардың өзге ештеңеге де көзі жетпеді. Әр жерден қылаң еткен көп терезелі биік үйлерді бірінен-бірін ажырата алмай, көзі жасаурай берді.

Поезд үлкен станцияның алдына кеп тоқтады. Бағаналар басында көз қаратпайтын шамдары көп екен. Перрон күндізгідей. Поезд тоқтар-тоқтамастан есікке кептелген жолаушылардың Бекең ең соңын ала шыққан. Қалың шудан басы айналып, қайда барарын білмей аңырып біраз тұрды.

— Ал, ата, қалай жүресіз? — деді жүгін көтеріп, кетуге ыңғайланған бөгде әйел.

— Қайдам, мені өздері күтіп алса керек еді, — деп күмілжіді Бекең. Көзі жеткен жерден баласын іздестірді. Баласының студент кезінде киген қыстық киімін ол әлі ұмытқан жоқ. Сондықтан басында сұр кепкасы бар, шолақ пальтолы көзіне түссе, үміттеніп, бет-жүзін көруге тырысады. Әркімге соқтығысып, халық арасынан жүру де қиын. Жоқ, баласы кездесер емес. Сәлден кейін:

— Ата, әй, ата,— деген таныс боп қалған дауыс тағы естілді. Бөгде әйел іздеп жүр екен. — Балаңыз жоқ па? Ойбай-ау, адасып кетесіз ғой. Жүріңіз...

Бөгде әйелдің бастауымен Бекең темір решеткалы қақпадан өтіп, вокзалдың алдына шықты. Бұл жерде де сеңдей соғылысқан адам. Тек құлақты тұндырған поездің айқайынан алыс. Анадай жерде әр түрлі жеңіл машиналар қатарласқан. Бекеңдердің машиналар тобына жақындағаны сол еді, дәл бүйірден бұрылып кеп саңқ ете қалған сұр машинаның ащы үні құлақты жарып жіберді. Бұрын мұндайдың арасында болып көрмеген қарт қалай жүрерін білмей, аңқалақтап қатты састы. Аяқтары шалынысып, жығыла жаздап барып, бөгде әйелге сүйеніп қана қалды.

— Атаңның көрі... бастыра ма, — деді ашуланып. Машина қатарласа келіп тоқтады. Ішінен әдемі киінген сымбатты жігіт шықты. Шляпасын көтере киген, кең иықты пальтосының астына салған ақ жібек мойын орағышы бар екен. Бекеңдер жаққа бұрылғанда қиырдан түскен өткір жарық, жігіттің ақ құба жүзін анық көрсетті. Бет-әлпеті етшеңдеп толыса бастаған орақ мұрынды, айналасына қалың қабағы сәл түйіле қарайтын жігіт екен.

— Баған, Баған, — деді Бекең дегбірсізденіп. Шытынған жігіт қарлыға шыққан дауыс жаққа бұрылды.

— Баған! — деді тағы да бөгде әйелден қолын босатқан Бекең. Қалтырай басып жігітке таяды.

— Ә, әке, келіп қалдыңыз ба?

Жігіт алдымен төңірегіне қаранып алды да, Бекеңе екі қолын бірдей ұсынды. Бірақ қол алысқанға ғана көңілі көншімеген қарт жігітті күштеп иілтіп, маңдайынан сүйді. Онан соң әлдекімнен көрген зәбірін шағым еткендей, шалдарға тән жыласпен орамалын көзіне апарып, кеңкілдеп алды. Бар айтқаны:

— Мен жалғыз қалдым ғой, — деді сыбырлап. Сырт қарап тұрғандардан қысылған Баған бар білгені Бекеңді жұбатқандай арқасынан қаға берді.

— Кейін айтасыз, әке, қазір үйге баралық, — деп, машинаға отыруға асықтырды. Айналасын тегіс ұмытқан Бекең бөгде әйелге бұрылмастан машинаға отырып жүріп кетті.

Айнадай жалтыраған көшеден қатты жүрсе де машина бүлк еткізер емес. Жұмсақ қана тербейді.

Алғашқы амандықтан кейін Бекең де, Баған да үнсіз болатын. Ауыл-аймақтың, ағайын-туғанның амандығын сұрар деп Бекең жауап беруге оңтайланғанымен баласының әлпеті олай болмады. Баған тас боп қатқандай алға қарап, мелшиген қалпынан қозғалар емес.

«Мүмкін оқыған адамдар амандықты кездескен жерде сұрастырмас» деп ойлады Бекең. Өзінің де баласынан не сұрарын білмеді. Өйткені әдемі киінген салдарлы жігіт Бекеңнің сұрағына құштар да емес сияқты.

Машина үш қабатты үйдің алдына әкеп түсірген. Үйге Бағанның өзі бастап ертіп кірді. Алғашқы есіктің қоңырауын басып еді, іштен әйелдің «сабыр ет, сабыр ет» деген ерке үні естілді де, есік жайлап ашылды. Есік ашқан сүйкімді жас әйел Бағанның алдынан кірген бейтаныс қартты көріп, дағдарып қалған еді. Қадала қарайтын үлкен қара көзі Бекеңді бастан-аяқ бір шолып өткен.

— Сәния, бұл кісі менің әкем, — деді Баған асығыс таныстырып.

— Сенің әкең бар ма еді? — деп жас әйел енді Бағанға қарап зорлана езу тартты. Ыңғайсызданған Баған жалтақтап жауап қатқан жоқ. «Әй, жарайсың» деді Бекең келінінің баласын сөзбен тықсырғанына іштей риза болып. Баласына деген бар өкпесі бір сәтке болса да босағада қалған еді.

— Ал кіріңіз, үйге кіріңіз, — деп келіні үлкен бөлменің есігін ашып, Бекеңе жол берді. Көк абажурлы шамның жарығына бөленген кең бөлме! Табалдырықтан аттаған Бекең дәл бір жұмақ үйіне тап болғандай есік алдында тұрып қалды. Бөлме ішіне қымбатты жиһаздар жиналған екен. Тіпті бұрын Бекең естіп, көрмеген заттар бар. Өз баласының өте дәрежелі қызметте екеніне оның көзі енді толық жетті. Ақырындап барып сол жақ бұрыштағы диванға отырды. Насыбайын атты. Үй ішін тағы бір қарап шықты. Қатарда тағы бір есік бар екен. Жататын бөлмелері болу керек деп шамалады. «Мен оны оқуда деп жүрсем, қарай көр әбден байыған».

Әлден соң, бағанадан ауыз бөлмеде күңкілдескен баласы мен келіні кірді. Екеуінің келіспей қалғандары томсырайған қабақтарынан белгілі еді. Баласы диванға Бекеңмен қатарласа кеп отырды да, келіні бұрыштағы биік айна алдынан қырындай өтіп барып, пианиноға шынтақтай тұрды. Келінінің қысқа, бұйралатқан қара шашы қобырап, дөңгелек кішкентай, ойнақы бет-әлпетіне әп-әдемі көрік беріп тұр. Мүсініне өте қонымды тігілген көйлегі шамның жарығына қарай құбыла бөртеді. «Жаман жерден шықпаған, — деп түйді келініне сынай қараған Бекең.— Тек ерке өскен болу керек. Менің алдымда басына орамал салғаны жөн болар еді». Бірақ келінінің бұл кемшілігін кейін айтармын деп, баласына бұрылды. Баған қатарынан екі шылымды тартып бітірді. Аузынан шыққан көк бұйра түтін көз алдын тұмандатып барып, үй ауасына жайыла араласады.

— Ауыл-аймақ тегіс аман, — деді үнсіз отыра беруге шыдамы таусылған Бекең.

— Солай ма... — деді Баған ойлы қалыпта. Баласының немқұрайды сөзіне Бекең күйініп кетті. Көктен ап, жерге сап ұрысқысы келді де, дәл осы сәтте келінінің өзіне қадала қарағанын сезіп, тыйылып қалды.

— Ұмыттың ғой, — деді, бар ызасын бір ауыз сөзге тіреп. Баласы үнсіз мойындады.

— Сәния, әкем шаршап келген шығар шәйді...— деді әлден кейін Баған сөзінің соңын күбірлеп жұтып.

Келіні сылбыр басып шығып кетті. Бекең осы оңашалықты пайдаланып баласына көптеген кінәсін батыра-батыра айтқысы келді. Көз тастап еді, баласы екінші шылымды түбіртегіне дейін құныға сорып, қалың ойда отыр екен. Бекең енді анық байқады. Баласының бет-әлпеті кәдімгідей қатпарлана бастапты. Маңдайының қыртыстары молайып, тереңдей түскен. Неге екені белгісіз, Бекең осы тұста оны іштей аяп кетті. «Мүмкін, күні бойы мимен жұмыс істегендіктен қатты шаршайтын болар» деп ойлады.

— Мұнда, қалада жүре бергенше анда-санда ауылға барып, қырдың таза ауасын жұтып қайтсаң етті, — деді. Баласы езу тартты. Үшінші шылымды тұтатты.

— Әй, әке, мен қырды сағынбай жүр дейсіз бе? — деді жабырқап, — уақыт жоқ...

Осылайша үшеуі де үнсіз отырып шай ішті. Шай үстінде Бекең немересінің қайда екенін сұрады. Баған кішкенелерінің балалар бақшасында екенін, үйге тек жексенбі қарсаңында ғана келетінін айтты. Шайдан соң келіні сылбыр қозғала жүріп, диван үстіне Бекеңе төсек салып берді де, өздері түпкі бөлмеге кіріп, есікті жауып алды. Шаршағандікі болу керек, Бекең тез ұйықтап кетті. Өзінің сүйекке сіңген әдеті бойынша түн жарымында оянды.

Бекең көзін ашқанда үлкен терезенің жоғары жағына күн сәулесі түсе бастаған екен. Төсектен тұрған беті болу керек, шашы дудыраған келіні мұрнын тыжырына түшкіріп, әлдеқандай нәрсені сүйретіп сыртқа шығарды. Еденмен сүйретілген газет шуы. Бекеңнің есіне түндегі тастаған насыбайы қалт түсе қалды. «Қап, әттегене-ай, келіннен ұят болды-ау» деді өкініп.

Ауыздағы насыбай жүрегін қаба бастаған екен. Басын көтеріп, үстелде жатқан газетті алып, ерініндегі насыбайын тастады, онан соң аузына толған уытты газет үстіне екі дүркін түкірінді...

Баласы мен келіні ертеңгі астарын асығыс ішіп кеткен соң Бекең үйде жалғыз қалды. Ac бөлмені ақтарыстырып жүріп тауып алған ескі қалбырдан түкіргіш жасады. Ішіне салуға күл табылмаған соң, ерінбестен қағаз қиқымымен толтырады.

Бекең ертеден кешке дейін үйден шыққан жоқ. Төл пердені қайырды да, орындық қойып, үлкен терезенің алдына отырды. Күн бұлыңғыр еді. Ары өткен, бері өткендердің киімдеріне қарап, даланың салқын екенін білді. Енді бірде іші пысқан Бекең көшеде сапырылысқан машиналардың түрлерін санай бастады. Бірақ бұл ермекті қайта-қайта мазалаған телефонның шылдыры бұза берді. Бірінші ретте әйел даусы, екінші ретте ыңырана сөйлейтін еркек, екеуі де келінін сұрады. Бекең екеуіне де, үйде өзінің ғана қалғанын айтқан.

— Немене-е? Үйде сіз ғанамын дейсіз бе? Сіз кімсіз? — деп тәптіштей сұрады, таңданған әйел даусы.

— Meн Бекеңмін, Бағанның әкесімін.

Бұл жауапқа кекете күлген әйел телефонды жапқан, ал еркек болса трубкаға түтін толғандай үрлей түсті де, тұтығып біраз тұрды.

— Б-Б-Бағанның қайдағы әкесісің? Баған ж-жетім емес пе... ал б-бізде қ-құда атымен болған емес.

Шамданған Бекең бұл жолы трубканы алдымен өзі тастады. Жүздерін көрмеген әйелге де, еркекке де ыза болды. «Баған менің-ақ балам, атаңның көрі» деді күңкілдеп. Онан соң ойланып қалды. «Бұл қалай, құдам болған емес дей ме», деп тұтықпа адамның сөзін қайталады. Кешегі, айтылған кезінде басқаша түсінген келінінің сөз төркіні қайда жатыр еді? Баған шынымен әкем жоқ дегені ме? Не күн туды екен басына? Бекең бұдан ары жаман ойды ұлғайтуға дәті шыдамай, терезе алдына барып, тағы машина санауға кірісті.

Екінші күнді де Бекең дәл осылайша үйде отырып жалғыз өткізді. Тек бұл күні Баған мен келіні ертерек қайтып, бөлмеге кішкене сәби баланы ерте кірген.

— Оһо! Ата, — деп дауыстап жіберді сәби есік ашқан Бекеңді көргенде. Екі беті торсиған шолақ мұрынды сүйкімді сәби Бағанның кішкене күніндегі аумаған суреті еді. Тек шарасы кең мөлдір көздері ғана шешесіне тартыпты, қадала қарайды. Бөлмеге кіріп шешінер-шешінбестен сәби бала Бекеңе үйіріле бастады. Бекеңнің тақиясын киіп, жұмсақ диван үстіне секіріп, біраз ойнады. Енді бірде нәзік саусақтарымен ілгіштеп Бекеңнің сақалына жармасты.

— Атың кім? — деп сұрады Бекең.

— Қанат, — сәби ерке қалпында Бекеңе бетін таяды. — Сен кімнің атасысың?

— Сенің...

Бекең сәбиді өзіне тартып құшырлана сүйген, осы кезде ішкі бөлмеден халатын киіп шыққан келіні ұмтылып келіп, Қанатты көтеріп алды. Үлкен көздері тікенекше қадалып Бекеңнің өңменінен өтті. Олай сүюге болмайды, ата,— деді қатал ескертіп,— Сіз насыбай атасыз, баланың бетіне жара түсіресіз ғой...

Бекең сөз айта алмады. Баған бірдеңе деп міңгірлей бастап еді.

— Сен қыстырылма, — деп Сәния оны да басып тастады.

Тағы үш күн өтті. Бекең:

— Қайын жұртың бар ма? — деп сыр тартып көрген баласынан.

— Бap, — деді Баған. — Осында жоғары қызметте...

Онан ары баласы тым самарқау жауап беріп, бұл туралы сөз қозғауды мақұл көрмеген соң, Бекең де қазбалай беруді жөн көрмеді. Төртінші күні ертеңгісін Баған қызметіне кетті де келіні үйде қалды.

— Ата, —  деді әлден соң келіні ақырын ғана, — сіз анық Бағанның әкесісіз бе? — деп сұрады. Қатты ашуланған Бекең ақырып жібергісі келді, бірақ не дегенмен келінінің алдында сабыр сақтады. Аузына сөз түспей, төмен қарап тұнжырап отырды да қойды. Ал келіні даусын бұрынғыдан да жұмсартып, өте сақтықпен тағы былай деді:

— Баған сізді біраз күн қонақ боп қайтуға келген дейді ғой, pас па, ата?

— Иә-ә, — деді ауыр күрсінген Бекең. Келіні өзінің төркінінің жай-жапсарын айтып біраз әңгімелескен болды. Бекеңнің іштей түйгені, келінінің әкесі үлкен ғалым адам екен, Бағанды институттан кейін оқуға қалдыртып, ғылыми атақ алуына көмектескен сол адам көрінеді.

Сөзінің енді бір жерінде келіні:

— Ата-ау, біз сіздің тұрғаныңызды ауырсынбаймыз, бірақ өзіңізге қиын ғой... — дегенді айтты. — Қарт адамды бағып-қағу...

«Е, міне, гәп қайда» деп ойлады Бекең.

Бұдан ары екеуінің арасында ешқандай да сөз болған жоқ. Бекең ауылға қайтуға біржола бекінді де, түскі тамаққа қайтқан Бағанға билет алуға ақша берді.

— Неге қайтасыз? — деді Баған үрейленіп. Бекең мен әйеліне кезек жалтақтап қарай берді. Сәния бұрыштағы айна алдында шашының бұйраларын әдемілеп тұрған.

— Жоқ, қарағым, қайтайын. Көп жатып қалсам председателіміз ренжіп жүрер, өйткені менің орныма күзетке адам табылмап еді, — деді Бекең мүйіз шақшасын қаққыштап отырып. Насыбай да түгесіліпті.

Поезд анау күнгі Бекең келген елең-алаң уақытта жүреді екен. Бекеңді шығарып салуға баласы да, келіні де шықты. Келіні қуанышты еді.

— Ата, енді екі-үш күнде мен де Баған сияқты кандидат деген ғылыми атақ аламын, — деді өз қуанышының мәнін түсіндіріп.

Бекеңнің өтініші бойынша жолдан балалар бақшасына кіріп Қанатты ала шықты.

Вокзал басы сол бұрынғысындай сапырылысқан адам еді.

Бұлар Бекең отыратын вагонның алдына кеп, поездің жүруін күтті. Қанат әкесінің қолында тұрған қалпында, еңкейіп кеп Бекеңнің бетіне бетін тигізіп мәз болады. Поезд соңғы ескерту гудогын берді. Вагонға мінген Бекең өз орнының терезе алдынан болғанына қуанды. Шапанының етегі астына кептелместей етіп орныға отырды. Жайлап қана жылжи бастаған поездің соңында көптеген жолаушы шығарып салушылардың арасында қолдарын бұлғап, қоштасып Бекеңнің балалары да қала берді.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз

Серіктестер

Загрузка...