Тізе буынының артроскопиясы

Тізе буынының артроскопиясы — тізе буынына жасалатын аз жарақаттайтын ота. Соңғы 15 жыл ішінде тізе буынының артроскопиясы тізе буыны зақымдарын емдейтін ең қолайлы әдіске айналды.

Аталған ота кезінде зақымданған буынды емдеу үшін артроскопиялық араласу жүргізіледі. Бұл әдіс буын ішіне оптикалық бейнежүйені енгізуге және оны толығымен қарап шығуға мүмкіндік береді. Бұл кезде дәл нақтама қоюға, менискінің (тізе буынындағы шеміршек сынаның) зақымын көруге, ауырсынудың себебін анықтауға мүмкіндік туады.

Әдістің артықшылықтары:

Тізе буыны артроскопиясы буынның барлық бөліктерін дерлік қарап шығуға, сондай-ақ буынның анатомиялық біртұтастығын бұзбай оның функционалдық жағдайын бағалауға мүмкіндік береді.

Оңалту кезеңі ұзақ емес, аз уақыт ішінде аяққа салмақ түсіруге болады (1-3 күн ішінде қосымша тірексіз жүру). Еңбекке қабілетсіздік 4-6 аптадан 2-3 аптаға қысқарады, 6 аптадан кейін спортпен шұғылдануға болады.

Отадан 1-3 тәулік өткен соң науқас ауруханадан (ашық әдіс жасалса, 14-25 күнде) шығарылады.

Тізе буыны артроскопиясы бойынша жалпы көрсетімдер:

- Менискілердің зақымдануы;

- Тізе буынының крест тәрізді байламдарының зақымдануы;

- Синовиальды қабықтың қабынуы;

- Тізе қабының үйреншікті шығып кетуі;

- Ревматоидты артрит;

- Буын шеміршегінің зақымдануы және ауыруы;

- Майлы дененің зақымдануы және ауыруы (Гофф сырқаты);

- Тізе буынының деформациялаушы артрозы;

- Буын ауруының зақымдануы немесе ауыруы кезіндегі түсініксіз клиника;

- Отадан кейінгі түсініксіз шағымдар;

- Тізе буынына жасалған ота;

- Тізе буыны шеміршегін қалпына келтіру.

Тізе буыны артроскопиясынан кейін науқасты қалпына келтіру:

Бұл отадан кейін оңалту кезеңі тез және жеңіл өтеді. Дәстүрлі ашық әдіспен салыстырғанда бұл әдістен кейінгі жарақат айтарлықтай аз. Отадан кейін кесілген жерге асептикалық таңғыш таңылады да науқас отадан кейін жатқызылатын палатаға орналастырылады. Отадан кейінгі ауырсыну, әдетте, онша қатты болмайды және тез жойылады. Артроскоптан түскен жарақат екі-үш күнде жазылып, таңғыш алынып тасталады. Буынның қалыпқа келуі орта есеппен бір аптадан бастап бір айға дейін созылады. Ауруханадан шығар алдында науқасқа одан әрі қалпына келу кезеңіндегі іс-әрекеті жөнінде ұсыныстар беріледі. Ең алдымен, ота жасалған аяққа салмақ түсірмеу керек. Тізе буынын қозғалтпай ұстап тұратын ортезді қолдану мерзімі, балдақпен жүру туралы ұсыныстар науқастың жағдайына қарай беріледі. Сонымен қатар емдік жаттығулар тағайындалуы мүмкін.

Тізе буыны артроскопиясы жасалған науқас үшін қалпына келу мерзімін дұрыс ұйымдастыру маңызды. Өйткені, егер артық қозғалыс жасалса, буын сұйықтығы ағуы секілді бірқатар қиындықтар туындауы мүмкін. Сондықтан дәрігердің ұсыныстарын бұлжытпай орындаған ләзім.

М. М. Нұртазин, травматолог-ортопед дәрігер


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:


Сайтта мәтіннен қате таптыңыз ба? Мәтінді белгілеп, Ctrl+Enter пернелерін басыңыз!

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


nationalgeographic.kz
ҰБТ(онлайн тест)