Өлең, жыр, ақындар

Жастардың арманы - ҚазҰУ

Еліміздің оңтүстіктегі астанасында, Алатаудың төрінде орналасқан - Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ білім нәрімен сусындағысы келген талай жанның арманы. Олай деуімізге әрине де бірнеше себептер бар.

Ең алдымен университеттің педагогикалық құрамына тоқтала кетсек. Еліміздегі ең беделді жоғарғы оқу орнында 2000-нан астам профессор, доктор, ғылым кандидаты мен философия докторлары, 100-ден астам академиялардың академиктері, 40-тан аса Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген қайраткері, 40-қа жуық Қазақстан Республикасының мемлекеттік және атаулы сыйлығының лауреаттары, сондай-ақ 40 жас ғалымдар сыйлығының лауреаттары мен 47 мемлекеттік ғылыми стипендиялардың стипендианттары еңбек етеді. Қазіргі таңда сапалы білім мен кадрлардың жетіспеушілігі тұсында, бұндай кадрларды бір ортаға жинақтау - үлкен еңбек және дәреже. 

Университетте біліктілікті арттыру, тәжірибе алмасу, студенттің өзін-өзі шыңдауы мәселесі де жоғары деңгейде қарастырылған. Ол үшін арнайы халықаралық ынтымақтастық бөлімі құрылып, әлемдегі 400-ден аса ірі халықаралық ЖОО-мен әріптестік байланыс орнатқан. Жыл сайын шет елден келетін студенттер мен елімізден шет елге  кетіп жатқан студенттер саны қаншама, оның үстіне шығындарыңыз университет қаражатынан қарастырылады. Сіздің тапсырма - тағылымдамаңызды абыроймен өту ғана.

Еліміздің ең атақты, үздік университетінің инфрақұрылымы да затына сай. “ҚазҰУ қалашығы” атанып кеткен аумақта: бас әкімшілік ғимарат, Ө.А. Жолдасбеков атындағы Студенттер сарайы, 14 оқу ғимараты, 4 мұражай, Әл-Фараби кітапханасы, Жастар Интернет орталығы, «Ай-тұмар» қоғамдық тамақтандыру орталығы, «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы, спорт-сауықтыру кешені, 14 студенттер үйі, Жас ғалымдар үйі, Д. Баландин атындағы жүзу бассейні, технопарк, Smart Health UniverSity диагностикалық орталығы орналасқан. Барлығы да бір мақсатта - еліміздің жарқын болашағын құрушы студенттер қамсыз білім алып, өз-өздерін дамытумен айналысса екен деген ниетте жұмыс жасауда.

Нағимқызы Тоғжан, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Тарих факультеті, 2-курс магистранты

Жетекшісі: PhD доктор, аға оқытушы Кошымова А. О.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Жазбаға пікір жазуға рұқсат жоқ.


Қарап көріңіз