Өлең, жыр, ақындар

Наурызбайдың Ағыбайға риза болуы

Николай патшаның байтақ далада жай жатқан, мал баққан момын елге істеген зорлық қысымы күн сайын күшейе берді. Ел ішіндегі бектер, аға сұлтандар Николайдың айтқанын екі қылмай орындады. Дуанбасы қыпшақ Ыбырай, советник Тұрлыбек, Шорманның Мұсасы, Ертістен бәсентин Мөшке, Қарқаралыда Бөкей, Шалғынбай, Қоңырқұлжа, найман Ерден — Түзен, тобықтыда Құнанбай, қырғыз Жантай, Жанғанаш  сияқты жуан бектерге сыйлық, наград беріп: «Еліңді тез маған қаратып бер!» — деді. Николай мен аға сұлтандар елге күн шығармады, таң атырмады. Малы талауда, ер-азаматы қырғынға ұшыраған қалың ел Кенесарыға келіп мұңын шақты, соңына ерді.

Ел қамын жеген Кене хан патшаға қарсы тұрып, қалың қазақ халқын соңынан ертті. Сол замандағы қазақтың ардагер батырлары Кенекеңнің қолына келіп қосылды.

Ағыбай, Шәкір, Жәуке, Төлебай, Бұғыбай, Көбек, Бөрші, Базар батыр, тама Танаш батыр, Сармантай, Нұрабай, Қарабай батыр және Қарабас сияқты қамалды бұзған кілең батырлар Кененің қол астына жиналды. Кене ханның қоластына қазақтың атақты батырлары бастаған он төрт мың қол жиналды, ат жақсысын мінді, сауыт жақсысын киді. Бұлар өздерінің ордасын Алтай-Қарпықтың ортасы Құланөтпеске тікті. Кененің соңынан ерген нөкерлердің бәрі де қуандық, алтай-қарпық, бөрші, темештіктер болды. Кіші жүз, Ұлы жүзден де қайраты бойына сыймай келген атақты батырлар да Кененің қолына қосылып жатты.

Кенесары Ырғыз бойындағы назар-сүрен руынан Әліге елші жіберіп, кісі салды: «Қазаққа Николай патша қорлық көрсетті. Оған қарсы шығу үшін біз елдің басын қосып, батырларын жинап соғысқа даярланып жатырмыз, сен де бізге қосыл, қаруланып, жарақтанып кел! Қазақ ұранды елдің намысын жақтаған ұраннан сырт қалма!» — деді Кене. Әлі Кененің бұл тілегіне көнбеді, көмек бермеді. Қайта барған ел жігіттерінің бірнешеуін ұстап алды. Бұған ашуланған Кене он төрт мың қол, он төрт тумен Әліге барып, оның еліндегі патшаның сойылын соққандарды жапырып, жаншып, шауып алды. Кене хан: «Әлінің елінен алған барша мал-мүлікті нөкерлерінің өздері алсын, хан қазынасына салынбасын», — деді.

Әлінің елінің қуғыншылары елін шауып қайтып бара жатқан Кененің қалың нөкерін қуды. Кене барша мал мен дүние мүкәммалды қалың әскермен ілгері жіберіп, өзі бір топ әскермен артта Әлінің әскерін тосқауылдап қалады. Аттарын қоя беріп, ас пісіріп жайбарақат жатқан Кененің үстінен Әлінің әскері сау етіп түсе қалады. Қалың әскер аз ғана кісімен жатқан Кенені қамап алады. Бірақ Әлінің әскері Кенені қамап тұрса да, бетпе-бет ұрысуға бата алмады.

Қостан бөлек жатқан Ағыбай мен Жанайдар келеді, екеуі қалың әскерді айдап шығады. Сонда Ағыбай батыр:

— Тақсыр, сыпайыгершілік қылыш үстінде жүрмейді, жүріңіз! — деп атының шылбырын тақымына салып, жетектеп топтан алып шығады. Түн екен, ай қараңғы, астында қара аты бар, еңгезердей қара артынан жетіп келіп, Жанайдарға найза салады. Оның найзасы жанайдардың кеңірдегінен сұғылады. Жанайдар кеңірдекке салған найзаны иығымен қағып қалып омырып жібереді. Найзаның ұңғысы кеңірдекте қалады.

Бір жігіт:

— Тақсыр, дұшпанның найзасы Жанайдардың кеңірдегінде қалды, батыр қырылдап келеді? — деді.

— Сүйемелдеп былай шығыңдар! — деді хан.

Ағыбай батыр Жанайдар батырға найза салған қара қасқа аттыны найзаның ұшына шанышты. Найзагер батыр Ағыбай батырдан қаза тапты. Кененің қолы жаудың бетін қайырып оңаша шықты. Сонда Кене: «Тұра тұрыңдар!» — деді. Бұлар тұра қалды. «Шақпақ шағып, киіз күйдіріп білте қылыңдар, аттың терлігін білте қып күйдіріңдер», — деді. Шақпақ шақты, терлікті отқа салып күйдіріп білте қылды.

— Барыңдар, Жанайдарды қолтықтап бір-екеуің барып алып келіңдер, — деді. Жіберген кісілері Жанайдарды ханның алдына алып келді.
— ұзыннан салыңдар! — деді хан. Сөйтсе, найзаның ұшы кеңірдегінде көлденең тұр екен. Хан көрді, оған жаны ашыды. «Әй, ерім-ай!» — деді. Кеңірдектегі найзаның ұшына шылбырдың ұшын байлап, бір жігітке хан айтты: «Жағыңа табаныңды тіреп тұрып, кеңірдектегі найзаның ұңғысын тартып ал!» — деді. Бір мықты жігіт келді дағы табанын қойып тартып алды. Кеңірдек пен өңештің арасынан кірген екен. Найзаны сурып алғанда, қан сауылдап, орны қорық ете түсті. Сол найзаның ұңғысы қалған тесігіне күйдірілген құрым білтені тықты. «Қолдың бәрі тоқтасын!» деп алдына шапқыншы жіберді.

Кешке таман хан батырларының бәрі келіп қосылды. Келген соң бәріне жар салды: «Ертең көшпеңдер, он төрт мың қолдан он төрт ту бие сойылсын, Жанайдар мен Ағыбайдың Құдайға айтқан боз қасқасы бар, екеуіне де бата беремін», — деді. Халық: «Құп!» — деді. Таң атты, күн шықты, халық он төрт қолдан «құдайы» деп он төрт ту бие сойды. Күллі халық ет жеп болған соң: «Батырлар келіңдер, бір мың шақты», — деді. Хан қол көтерді, халықта тегіс қол көтерді: «Ағыбай батыр қамал бұзған ер едің, екеуіңе екі дүниенің байлығын берсін!» — деді. Бұлар өзінің мекені Құланөтпеске келіп, тағы да қол жинады. Кененің қолына Тілеген батыр қолында туы бар мың қаралы жолдаспен келіп қосылды.

Ағыбай мен Наурызбай екеуі ер іздеп ел қыдырады. Бұлар жүріп келе жатса, айдалада тау аясында бір төрт аяғы төрт діңгектей, мойны сала құлаш, жаурыны кез, төрт тұяғы құйған болаттай, танауы шелектей, екі көзі шырақтай, жалы жібектей, құйрығы қынаптан шыққан қылыштай бір жылқы тұр екен. «Ойпырым-ай! Мынау бір тамаша жылқы екен!» — деп Ағыбай мен Наурызбай таң қалды. «Аты мынадай, иесі кім екен?» — деді. «Кім екен білейік?» — деп үйге кіріп келді. үйге кірсе, бір адам дөңбектей болып шалқасынан түсіп жатыр. Басы бақыр қазандай. Есік алдында бір қатын тайдүзгенге ет асып жатыр екен. Бұлар үйге кірісімен, ол әйел де үйге келді. үйге кіріп:

— Сіздер кімсіз? — деді.

— Біз жөнімізді айтамыз ғой, мына жатқан кім? — деді батырлар.

— Бұл Жолдыаяқ деген батыр — деді әйел.

— Сөйлесейік, оятыңызшы? — деді.

— Оянбайды, жаңа ғана жатты, — деді әйел.

— Несі бар оянбайтын, — деп Ағыбай барып ырғап-ырғап қозғап еді, тырп етпеді. Ағыбай батыр қатты айғайлап еді, тағы тырп етпеді. Ашуланып Наурызбай батыр шоқпармен маңдайының арасынан салып кеп қалды. Бит шаққан құрлы көрмей, екінші жағынан төңкеріліп жатты. Ол жаңғырды, тасқа тигендей болды, сосын екеуі де шошынды. Кетейін десе, қорыққан кісі құсап кім екенін білмей кетуді де намыс көрді. Бір уақытта қатын келді.

— Бұл сіздің жолдасыңыз ба? — деп сұрады қатыннан.

— Жоқ бұл менің жолдасым емес, бұл бөтен батыр, менің жолдасым басқа жаққа кетіп еді, мұнда бұл кісі кеп анда-санда түстеніп кетуші еді, маған бір құланды әкеп асқызып еді, соны пісіріп отырмын, — деді.

— Тамағыңыз пісті ме?

— Пісті, — деді әйел.

— Мұны қалай оятасыз? — деді Ағыбай. Қатын айтты:

— Оятуы оңай, дәрі беріп еді мұрнына иіскет? — деп. — Қазір сол дәріні иіскетемін, сонсоң оянады. Қатын бір нәрсені алып кірді. Үйдің ішін иіс мүңкітіп жіберді, оны ұйқтап жатқан батырдың мұрнына иіскетіп қалып еді, батыр ұшып түрегелді. Мына отырғандарды кісі құрлы көрген жоқ, амандаспады да, далаға шығып кетті. Тыстан жуынып үйге келді.

— Келін, ас пісті ме? — деді.

— Пісті, — деді әйел.

— Ендеше, етіңді әкел! — деді. Үлкен бір астауға салып, екі басынан екі кісі көтеріп, құланның етін қайқалатып алып келді. Кесек-кесек жұтады, жеп болды. Бір шетінде аз ғана қалды. Бір тегене қылып суытып сорпа әкелді, оны басына бірақ көтерді. Тұрды, киінді, ілулі тұрған бес қаруды алды (Сары қанжар, қылыш, мылтық, найза). Еттің қалғанын аналарға бер дегендей қатынға мегзеді де, өзі үйден шығып, атына мініп жүріп кетті.

Батыр кетісімен Ағыбай мен Наурызбай ашуланып, қайраттанды. Ағыбай айтты:

— Ақауыз атты мінейін де, сол батырдың артынан жүрейін, — деді. Наурызбай оған Ақауыз атты беріп тұрып, былай деді:

— Аға, қайлаң көп еді ғой, сенің күшіңе болмас, қайлаңа сүйен, атамыздың айтқаны бар еді ғой, «айласыздың батыры шошқаға шабады» деп еді ғой, жазым болып қалма, — деді. Ақауызды мініп алып артынан ұшты. Ол салып кетіп барады. Ағыбай артынан келіп жетті. Анау қарамайды, Ағыбай оған бата алмайды. Екеуі сөйлеспейді, жүре берді. Енді бір кезеңге келген кезде, Ағыбай әлгі батырға найзаны салып қап еді, найзасы мойнына опырылып ұшып кетті. Омырылған найзаның мойнын кеңірдегінен жұлып алып лақтырып жіберді. Ағыбайды атынан жұлып алып, тақымына қысып алып жүре берді. Тақымына қысылған Ағыбай сасып, жансауға сұрады.

— Ә, батыр, солай ма! — деп басты жіберіп, мін атыңа, кімсің? — деді.

— Ағыбай батыр деген мен едім.

— Ә, сені естуші едім, ер емес ершіге екенсің, — деді. Өзіңді жолды деуші еді, енді маған ер, өзімде сені іздеп таба алмай жүр едім, былай қатар жүр, — деді. Ағыбай ол батырдың қатарымен жүрді. Сонда бесіннен төменірек уақыт бірталай жерге келіп қалды.

— Алдыңнан не көрінді, қарашы? Күнбатыс жағынан Ағыбай қарап:

— Бір тау көрінеді, — деді.

— Ол таудың алдында не көрінеді?

— Таудың алдында екі үлкен ақ үй көрінеді, — деді.

— Екі ақ үйдің алдында не көрінеді?

— Бір бұлт сықылды қылаң жылқы көрінеді.

— Батыр, енді саған сыр айтайын, анау бұлт сықылды көрінген қылаң жылқы менің «Бұлткөк» деген атым еді. Анау екі үй, біреуі менің қатынымның үйі де, біреуі менің шешемнің үйі. Менің қыздан туған бір жиенім бар, ол жиенімнің күші менен он есе артық. Ол жиенім қатынымды тартып алып, қатын қылды, атымды тартып алып, астына мінді, шешемді тартып алып, күң қылды. Енді сен сонда бар, шешем тыста болса, сөйлес. Шешем: «балам, кімсің?» деп сұраса, «мен бір хабаршымын» дерсің. Қашып жүрген, сасып жүрген балаң бар ма? — деп айт. «Е, шырағым бар дер», «Ә, жиенің қайда?» — дегейсің, сонда үйде ұйықтап жатыр десе, маған қолыңды бұлғап белгі бер, — деді.
Ағыбай шу деп жүріп келді. Ағыбай келіп батырдың шешесіне жолығып, әлгі батырдың айтқанын істеді.

— Жиен қайда?

— Үйде ұйықтап жатыр, — деді.

— Ендеше ана балаң келіп тұр, мен шақырамын, — деді.

— Ей, қарағым-ай, шақыр, — деді. Қол бұлғап шақырды. Жолдыаяқ батыр жетіп келді, атын байлай салып, шешесіне амандасты.

— Ағыбай батыр, кел жүр, менің соңымнан ер! — деді. Үйге кіріп барып ұйықтап жатқан батырдың қарынан қылышпен салып жіберді. Қары сойылып түсті. Шолақ  жалғыз қол жиені Жолдыаяқты көтеріп алып, шыр көбелек айналдырды. Жолдыаяқ: «Жолдым!» — деп шақырды Ағыбайды. Ағыбай жетіп келіп, жиен батырдың кеудесінен найза салып, құлатып тастады. Жиен батыр өлді.

— Жолдым, жарайды екенсің, жолды екенсің! — деді. Сонда бір күн жатты. Ертеңінде:

— Әнеугі қасыңдағы кім? — деді.

— Ол Наурызбай батыр, — деді.

— Ә, Кенесары, Наурызбай ма? — деді. — Солай ма иә, сендермен күндердің күнінде жолдас болармын, — деді. Таң атты. Ел тұрып ас ішіп болған соң:

— Жарайсың Ағыбайым, «жолды» деп естуші едім жолды екенсің, мынау тұрған Бұлткөк, мынау тұрған Керат, мынау қарындасым, осы жылқыдан таңдағаныңды және қарындасымды ал, екеуміз дос болайық, күндердің күнінде сендерге барамын, екіталай қысылшаң заман болса, бізге ат саурысын берсеңіз болады, — деді. Ағыбай:

— Біздің дұшпанымыз қауіпті, ел шетіне қорған болар шағымыз жетіп тұр, — деді. Екі батыр дос болып шаттанды.

— Кенекеңе сәлем айт, кешікпей барармын, — деді. Ағыбай сыйлығын алып жүріп кетті. Ағыбай Наурызбайға келді.

— Қалай кешіктің? — деді. ол:

— Ой, не қыласыз? Ердің ерін таптым, ер керек болған заманда бізге үлкен Алатаудай бел болатын ер екен, сонымен дос болып қайттым, — деді. Наурызбай Ағыбайдың ісіне риза болып шаттанды.

Оқуға кеңес береміз:

Жалбыр батыр (І нұсқа)

Сырымның Нұралы ханды шабуы (ІІ нұсқа)

Баймағамбет сұлтан мен Сырым батыр


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз