Өлең, жыр, ақындар

Кенесарының қырғыздармен соғысуы

Ел ішіндегі байлардан, зұлымдардан патшаның адамдарынан қорлық көрген адамдар жан-жақтан тағы да ағылып Кене ханның қолына келіп жатты. Олар Кенеден рұқсат алды. Кене қорлық, зомбылық көрген ержүрек ерлерді есепсіз әскер тобына ала берді. Ақмола, Қарқаралы да, Ақтауда, Баянауыл, Қызылжар, Көкшетауда Кененің сөзін сөйлеп, сойылын соққан айтулы батырлар тобы құрылды. Кененің Ақмолаға келу қарсаңында ел ішіндегі батырлар Кенемен хабарласып, Кененің келетін күнін тосты. Бір жерден ұшырасты.

Кененің әскерінің қаптап келе жатқанын естіген Ақмоладағы Қоңыр төре, қыпшақ дуанбасы Ыбырай, Шорманның Мұсасы, Жамантай төре т.б. қазақ орыс бастаған Николайдың адамдары Кенеге қарсы Ақмоланың күнбатыс жақ (Жөкей қаласы дейді) шенінен қорған соғып, өздері қорғанның ішінде паналамақшы болды. Қорған соғылды. Кененің әскерлері күнге шағылысқан ақбоз, қылаң аттарымен тамаша жарасымды сәулетпен шеру тартып, жыр жырлап, жер қайыстырып, аспандағы аққуға ән қосқан неше алуан әншілермен келе жатты. Кененің әскері жүріп келе жатқан жол үстіндегі елдер қарсы алады, көп кісімен салтанатпен алдын тосады. Жаужүрек батырлары Кенеден рұқсат алып, әскерге қосыла берді.

Осы салтанатты алапатпен жүріп отырып Кененің әскері Ақмоланың күнбатыс жағынан келіп тиді. Кененің келуін тосып жатқан таяу елдегі Тілен батырдың бес жүз әскері Кенеге қосылды. Сансыз қалың әскер Ақмоладағы жауыз патша Николайдың оң көздері мен қазақ орыс ішіндегі сұмырайларға садақ тартты. Қамал соғып берік бекінген жау мызғымады.

Кененің ақылгөй қолбасшыларының бірі тапқыр, білгіш, айлакер, жолшыл ері шұбыртпалы Ағыбай батыр еді. Ағыбай:

— Осы қаланы мына сарттар мен қазақ орыстың шапандарын киіп алып, май жағып, от тұтатып үйлердің үстіне тастайық, содан қала өртенеді, қаладағы қамалдағылар еріксіз шығады, оларды сонда жосытармыз, — деді. Ағыбайдың сөзін Наурызбай да мақұлдай қалды. Басқа батырлар да мақұл көрді. Сонда Кене хан:

— Бәрлерің де найзаның ұшына сарттың ала шапанын майлап отқа тұтатып, үй үстіне таста! — деді. Кененің аузынан шығуы-ақ мұң екен қалың әскер қалаға лап қойды. Әрқайсысы үйге кіріп, қолына түскен шүберек заттарды отқа тұтатты.

Қала алай-дүлей өрт, айқай-ұйқай, у-шуға толды. Соғыс тынбастан бір жетідей болды. Соғыста Кененің әскері де қойдай жусады, Кененің ең басшы бір батыры — Жармантай, Тоғалақ батыр, қыпшақ Басықара, бөрші Базар батыр азаппен өлді. Николайдың, Қоңыр төренің, қазақ, орыстың итаршы төбеттері де сағат сайын дембе-дем өліп жатты.

Кененің әскерлері ақыры Ақмоланы жеңіп алды. Содан кейін өңшең ат құлағында ойнаған берендер Күйгенжарда тұратын қыпшақ дуанбасы Ыбырайдың тұқымдарымен де шайқасып, Күйгенжардың шетінен өрт салып, дуанбасы Ыбырайдың сөзін мадақтаған, сойылын соққан қандыбалақ қулар Кене ханның әскерлерінің тұзағына түсті. Кененің қалың әскері Күйгенжардың басында шатыр тікті. Бойына күш-қуатын жинап алғаннан кейін Ақмола байлары мен оларға болысқан қазақ, орыстар қару алып, атқа мініп, шошаңдап қайта шықты.

Бір жеті жатып тыныққан Кененің әскерлері сайдақтанып қайтадан сілімтіктерге қарсы жасаққа шықты. Ақмола, Семей, Кереку, Қарқаралы, Ақтау дуандары мен ел ішіндегі қазақ байлары Кененің әскерлерін мүлдем құртпақшы болып тоқтам алды. Дуанбасы Ыбырай, керей Тұрлыбек тағы-тағылар бұған қол қойды. Үдеген соғыс ешкімнің өлген-тірілгеніне қарамайды. Ержүрек Ағыбай батыр бастаған қырық әскер жаудың қаптап жатқан қалың тобырларын топырлата бастады. Батырлар темір құрсау киініп, сауыт-сайман, қару-жарағымен жаудың тобына садақтың оғын бұршақша жаудырды. Садақтың оқтары жаудың шиті мылтықтары мен саты қанжарларынан басым болмаса, кем тиетін емес. Екі жақтан көп адам шығын болды. Наурызбай мен Ағыбай тағы басқалары: «Енді соғысты тоқтатайық», — деді. Кене бұлардың бұл кеңесіне көне қойды. Бірақ әбден көзі қызарып иттей болған Ыбырай мен Тұрлыбектің адамдары соғысты үдете бергісі келді. Кененің қарулы қайратты көп берен сұңқарлары қазақ, орыстар мен қазақ байларының салдаттарының аттарын алып, жаяу айдады. Осы соғыс Ақмола үстінде ұзаққа созылып, Кене ханның нелер маңғаз, жортуыл ержүрек батырлары қаза тапты. Нелер сайгүлік аттары шөлдеумен зорығып, оқ тиіп аяқ астында қалды. Жанашыр Қарабас, Тәйке, Көбек тағы басқа толып жатқан батырлардың өлімінен кейін Кене соғысқа көп беттемеді. Қазақ орыстармен ауызба-ауыз сөзге келмекші болды.

Бұлар Құланөтпеске келіп, аттарының ерлерін алып, киімдерін бір-ақ шешінді. Жеті дуанбасылары ондағы болыс-билер орыстың жандарал ұлықтары келді. Екі жақ ары сөйлесті, бері сөйлесті, сөйтсе де ешбір бітімге келісе алмады. Үш айдан кейін сөзбен емес, батырдың қайратымен, қазақ халқының көмегмен Николайдың күлін көкке ұшырып, мылтықтың оғы мен зұлбұһардың дүзімен қаратып аламын деді. Кене тоқтамаған соң, Николай салдаттары үш айдан соң «сені таза тақыр етеміз» деп, сілдесі құрып Ақмолаға қайтты.

Кене әскері бұл жерде біраз тынығып алып, Ақтауға барады. Ақтаудағы бекініп алған, қамал салған, қала салған орыстармен ұрыс салып, оны да жеңді. Ақтау қаласының тастан соққан үйлерін құлатты, өртеп жіберді.

Бірақ Сарыарқаға күн сайын қаптап келген салдаттар Кенеге тыныштық бермеді. Кене ешбір жерге түпкілікті қоныс теуіп тұрақтай алмады. Кене Алатауға бет түзеп қоныс аударды. «Қырғыз бен қазақ қаны бір туыс еді. Қазақтың басына туған қаралы күн соған да келеді. Қазақ халқын Николайдың талау қысымынан босатуға жәрдем бер», — деді. Бұған патшамен ауызжаласып қойған қырғыздың орман, Жантай деген манап, бектері көне қоймады.

«Бізге орыс келіп тиген жоқ, қазақтың жер ауып қаңғырып келген төресінің сөзі керегі жоқ», — деп барған елшіні ұстап алып, қинап өлтіреді. Кенесары бұл қорлыққа шыдамай қырғызбен соғыс салды.

Оқуға кеңес береміз:

Жалбыр батыр (І нұсқа)

Сырымның Нұралы ханды шабуы (ІІ нұсқа)

Баймағамбет сұлтан мен Сырым батыр


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз