Өлең, жыр, ақындар

Кенесарының қырғызға ақырғы аттанғаны

Маған айтушылар Шыңбай Мыңбайұлы әм Бектемір молла анық білмейді, иә Атбасар, иә Ақмола, Адыр қаласы салып жатқанда, — салғызбаймыз! — деп Кенесары үш рет шауып, үйлерін бұзып, ақырғы ретінде зеңбірегін, басқа мылтық қару-жарақтарын алды. Бір үйдің ішінен бір үлкен темір сандық шықты. Соны сындырып бұзғанда, ішінен алтын-күміс теңгелерін алып, басқа толып жатқан көк ала, сары ала, сұр ала алақанның үлкендігіндей онан кіші қағаздар шықты. Сол қағаздарды Шыңбай алып желге ұшырып жатқанда, қуандықтан келген бір адам: «Мұны маған бер? — деп жиып алды, — үйге барғанда балдар ойнасын», — деп.

Кенесары қолдарымен қайтқанда әлгі адам қағаздарды жиып алған көрінбей кетті. Кенесары зеңбіректі, мылтықты болған соң үйде жата алмай, қолға хабар салды: «Бір ай бұрын қолдар қамдансын, қырғызға аттанамыз!» — деп. Айтқан күні болған соң әскер шеру тартып жүрді.
Шудан өтіп, Алатаудың баурына келгенде, Есқожа әм Қанай дегендерге салғызған сүбі қорған бейіттерін бұзып, бұза бастады. Мұны Ағыбай көріп, «бұзбаңдар?» деген сөзіне қарамай, тыңдамай тағы бұза бастағанда, Ағыбай ашуланып: «Қырғыздан бұрын мен сендермен соғысамын!», — деген соң, Кенесары естіп, тоқтатты. Ағыбай Кенесарыға айтты:

— Біздің жолымыз болмайды, қайтайық, Есқожа, Қанай зайырлы кісілер деуші еді, бұлардың бейітін бұзғаны дұрыс емес, — деп.

Бұл бейіттің құйған кірпіштерін ешкінің майына қайнатқан деседі айтушылар. Ағыбайдың бұл сөзіне Кенесары бала биі Досболға қарады. Досбол — үйсіннен қолға түскен жас адам, өзі тілді, сөзшең, Кенесарының ақылдасар адамы. Досбол не айтса, сонысын орындайды. Сондықтан жас болған соң «бала би», шын аты — Досбол. Досбол:

— Ей, Ағыке, жоқ сөзді айтасың, баланың ойынындай бейітте не тұр дейсің? — деп жақтырмады. Ағыбай:

— Иә, Кене! Бұл Досбол түбінде сенің қан жыныңды төгеді, осы сапар-ақ төгер, Досболдың ішінен кегі кетпейді, елін шауып жесір-жетім қылғаның, — деп өз бетімен жүре берді.

Наурызбай, Ағыбай екеуі Досболдың ақылына көнбей, бөлек өз беттерімен жүруші еді. Қол Алатаудың Кекілік кезеңінің қасына келіп, үш күн жатып, соғысқа дайындалып, жиналып дайын тұрды.

Кенесары Кекілік кезеңінің үстіне зеңбіректі құрып, күрсілдетіп ата бастады. Қатын-балалардың, малдардың қаны судай ақты. Бірнеше күннен соң күндіз-түні бірдей атқаннан зеңбірек орта белінен үзіліп, сынып қалды. Қолдардың күші азая бастады. Кекілік кезеңінен қайтып құлады.
Бұл соғыс уағында өзіне қараған адамдарын жібермей әм өзі кірмей кейін қалып, бала би — Досболдың не қылып жүргенін байқады. Досболдың қырғызға жіберген кісісін ұстап алып, қатты қысып, «өлтіремін», — деп қанжарын сурып алып алқымына таяп қойып сұрады: «Неге жіберді?» — деп, сонда айтты:

— Үйсінге қараған адамдар Кекілік кезеңінің күн батыс жағында болады, өзгелер Шуға қараған жақта, бүгін бе, ертең бе қол қашады, қашатын күні осы кісіні жіберем, үйсін қырғыздың баласымыз, жиналып Кекілік кезеңінен құлап дайын тұрсын, суды жібермей бүріп алсын, — деп.

Ағыбай таңертең Кенесарыға айтты:

— Иә, Кенеке! Қырғыз Кекіліктен асып құлады, қаның төгілді, Досбол кегін алды, Наурызбай мен мен бес жүз иәки елу кісімен Кекілік кезеңінің екі жағында тұрып, қырғызға бөгеуіл салып, қолды Шуға қарай жөнелтейік, біздің орнымызға қатындар буаз шығар, — деп. Мұны Досбол естіп:

— Ей, Ағыбай! Жеті қабат Алатауды айналған қырғызға мың кісі не қылады? Қол ертең кешке қашсын, Кене ағаң екеуміз ұйғардық, — деді. Ағыбай:

— Иә, Кенесары хан! Дәміңнің таусылған жері, осы жерде өлдің, қош, қош-қош! — деп атына мініп, өз қосынындағы Наурызбайға келіп айтты:

— Ей, Науанжан! Әлі де болса Кене ағаң менің тілімді алсын, тілімді алса, өлімнен аман қалады, қазірден бастап Кене ағаңды көп қолмен Шуға қарай жөнелтемін. Науан Кенесарыға айтқан. Кене ағаң: «Бала би — Досболдың айтқаны болады» — деген соң, Науан қайтып келіп Ағыбайға айтты. Кенесары қырық төрт жасында, Наурызбай жиырма үш жасында қырғызда қалды.

Ағыбай үндемей атқа мініп, өзіне қараған кісілерін өз қосынын жиып: «Бүгін кешке қол қашады, біз Алатаудың бауырымен күншығысқа қарай қашамыз, көйлектеріңді сырттарыңнан киіп, аттарыңды ерттеп, қостарыңды артып, дайындалып отырыңдар?». Өзі Наурызбайға келіп:

— Иә, Науан! Бізбен бірге қашсаң, өлімнен амансың, қаның төгілмейді, не айтасың? Бұрынғыдай Кене ағаңның атын жетектеп, біреулер айдап, жан-жағынан нөкерлеп қоршап алып қашпайды, әркім бет-бетімен қашады, «тұрымтай тұсына, балапан басына» деген. Науан:

— Ей, Ағыке! — деп жылап тұрып айтты: бұрынғының сөзі бар ғой «екі қатынның баласы — екі рулы ел» деген, мен Кене ағаммен бірге өлейін, елдің өсегінен қашып, — деп Ағыбайға рұқсат қылды. Кеш болған соң Досбол Кенесарының қосынынан шығып, өзі «қол қаштылап» айғай салды. Қолдар бет-бетімен қашты.

Ағыбай өзіне қараған алпыс екі кісісімен Алатаудың етегімен күншығысқа қарай кетті. Шыңбай екеуі қылыш-қанжарларын асынып, ақжелек найзаларын қолына алып, алпыс кісіні алдынан жүргізіп, екеуі артынан шабуылдап қашты. Бір түн, бір күнде Шудың ну қамысының ішіне кіріп, екі күн жатып, Шудан өтіп, өз елінің шетіне келіп, түнде Шыңбайды аулына жіберіп, Талшыбық бәйбішеге: «Шұбыртпалыға қараған елдің сынық аяғына шейін қалмасын, жұрт жаңалаймын, — деп, — біздің жонымызға қарай қонсын, — деп, — ертең кешке біздер барып Арқаға көшеміз, — деп. Талшыбық бәйбіше дайындалып отырғанның үстіне, Ағыбай келіп, Сарыарқаға қарай бет алып, келе жатса, Кенесарының Шұбарының үйірі кез болған соң айдап кетті.

Кенесары қандай шабыншылықта жүріп қысылса да, өз бетімен қашпайды. Біреу атын жетектеп, жан-жағынан батырлар қоршап, біреулер атын айдап қашады екен. Сасқанда: «Көсе қайда?» — деп жан-жағына алақтап, Ағыбай келгенше шыдамайды. Ағыбай найза жететін жерден найза жұмсайды, жетпесе, садақ оғындай найзаны атып жіберіп, тағып қойған шыжым қайысынан тартып алып, екінші найзасын жөндеп алғанша, иә қылыш, иә қанжар жұмсайды екен. Сонша жылдам. Бейсауат кісі өлтірмеген, өзіне келер зақым болмаса. Қарт Бөгембай, басшы Бұғыбай, Кенесары да жоқ, Абылайдың заманында болған. Кенесарыдан Ағыбай айырылғанда қырық төрт жасында, сексен үш жасында өлді.

Оқуға кеңес береміз:

Жалбыр батыр (І нұсқа)

Сырымның Нұралы ханды шабуы (ІІ нұсқа)

Баймағамбет сұлтан мен Сырым батыр


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз