Өлең, жыр, ақындар

Хан Кене дулат елінде

Ермекбайдың төртінші атасы Тұрғынбай ат баптайтын саяткер болған кісі екен. Бүкіл дулат елінде белгілі, қандай бәйге болмасын, бәйгенің алдын бермейтін Үлкенторы, Кішіторы дейтін екі жүйрік аты болады. Сол жолғы бәйгеге Тұрғынбай Кішіторыны қосады. Оған өзінің он екі жасар кенжесі Атымтайды мінгізіпті. Кенесары бәйгеге екі ат қосады. Біреуі — Қаракөк, біреуі — Қарақасқа. Тұрғынбай бабамыздың атқа шабатын атшы балаға жасайтын бір ерекшелігі оны қалай болса, солай жібермей, бала ат үстінде жинақы болып, болбыр ұстамауы үшін кеудесінен ең төменгі жамбасына дейін қол шылбырмен көйлегінің сыртына дейін саусақтың саласындай етіп орап тастайды екен. Бұл жолы да Атымтайға осы әдетін істеп, шылбыр сауытпен бәйге атына мінгізіпті дейді Ермекбай.

Бәйге Хан тауының солтүстік сыртында, Балқаштың көлі жағында Жабайы кезең деген жерде болады. Хан тауының бұл жағында Кенесарыға байланысты ма, жоқ болмаса Керей мен Жәнібекке байланысты ма, әйтеуір «Хан» атты жерлер көп. Бірі «Хан қорасы» деп аталса, бірі «Хан жайлауы» аталады. Енді бірі «Хан сауыты» деп аталады. Хан қорасының тастан қалаған орны әлі күнге дейін сақталған. Бұл далада Атымтай үлкенторымен де, Кішіторымен де талай-талай бәйгеге шапқан. Қай жолында қандай сай бар бәрін бес саусағындай біледі. Әсіресе, Жошы хан қаздырыпты-мыс деген ор ерекше. Ұзын, терең. Ені есік пен төрдей. Қолда өскен қарабайыр жылқы тұрмақ, иен далада еркін өскен құланның өзі қарғып өте алуы екіталай. Бірақ үлкенторы мен Кішіторы оны бұйым құрлы көрмейді. Қоянша қарғып өте береді.

Дулат елінің ол кездегі болысы әділдігімен, мейірбандылығымен аты шыққан Дәуітәлі деген кісі еді. Ханның ордасына келіп-кетіп жүріп, бірде Кенесары ханның жылқышыларының жылқысын ұрламақ болған Арқа жақтан келген екі ұрыны ұстап алғанын көреді. Артынша бұл екеуінің дулат ішінде тамыр-таныс, жамағайындары бар болып шығады. Дәуітәліге сөзі өтетін екі-үш кісі салып:

«Болыс ханға айтсын, ана екі сорлыны босатсын, оларды біз ақтамаймыз. Ұрлықтың аты — ұрлық. Бірақ олар бұл ұрлықтарына еріккенінен барып жүрген жоқ. Күндері үшін, шиттей бала-шағаны асыраудың басқа амалы қалмаған соң барып жүр. Дәукең жарлы-жақпайға жаны ашитын әділ адам еді ғой, тағы да мейірімін төгіп, мына екі бейбаққа тағы да шарапатын тигізсін», — деп өтінеді.

«Жарайды, айтып көрейін», — деп уәдесін береді. Бірақ Кенесары Дәуітәлінің айтқанына көнбейді. Осы екі арада жаңағы бәйге болады. Бәйгеге шапқан қырық-елу аттың бесеуіне бәйге берілетін болады. Бас бәйге кілем жабылған түйе бастатқан тоғыз. Барлық бәйгені Кенесарының өзі беретін болады.

Жол ортасына дейін Кішіторы үшінші болып келеді. Алда Кенесарының екі аты — Қаракөк бірінші, Қарақасқа екінші. Жол ортасынан асқанда, Кішіторы екінші болады. Қаракөктің шабысы ерен. Бұрын-соңды бәйгеге шауып жүрген Атымтай мұндай ерен жүйрікті көрген емес. Атымтайдың ендігі бар үміті алдағы Жошы ханның орнында. Егер Қаракөк, Кішіторы сияқты ордан қоянша қарғып өтсе, онда амал жоқ, басқа аттар сияқты жалт беріп, орды айланып өтсе, онда Құдайдың жарылқағаны. Әне-міні дегенше көз ұшынан ордың жиегі көрінді. Атымтайдың ойын тақым қысқанынан-ақ білетін Кішіторы барын салып келеді. Бірақ маңайлататын Қаракөк жоқ. Кенет Атымтайдың аузынан «иә, аруақ!» деген сөз шығып кетеді. оған себеп болған Қаракөктің жалт бергені. орға жақындай бергенде, ол үстіндегі баланың қанша басқанына қарамай солға қарай жалт бұрылады. Көзді ашып-жұмғанша болмады. Кішіторы ордан қоянша қарғып өтті. Сөйтіп, сөреге бірінші боп жетті. Қаракөк екінші боп келді.

Кене хан аттың бәйгелерін бермекші болып, Кішіторының иесін шығартады. Дәуітәлі нөкерлерімен сонда екен. Хан:

— Әй, дулат ауылының болысы Дәуітәлі, аттарың озып мерейің үстем боп отыр. Кішіторының шабысына мен де риза болып отырмын. Түйе бастаған тоғызға тағы не қалайсың? Қалағаныңды беремін, — дейді. Оған Дәуітәлі:

— Қалағанымды берсеңіз, қалағаным қолымдағы ана екі тұтқынның бас бостандығы, — депті. Кенесары қасындағыларға: «босатыңдар!» деп әмір беріпті. Сол кезде Тұрғынбай бабамыз:

«Алмақтың да салмағы бар» деген. Хан ием мейірімділік жасап, сұрағанымызды берді. Бәйге сыйлығын алдық. Хан ауылымызға күнде келе бермейді, құтты қонағым болды. «Сыйға — сый, сыраға — бал», — деп Кішіторыны хан алдына көлденең тартыпты.

Ермекбайдың айтуына қарағанда, ол екеуінің бірінің аты — Қапар, екіншісінің аты Әден екен. Екеуі Дәуітәліге жүрек жарды ризалығын айтып, бастарын иіп: «Бұдан былай ұрлыққа бармаймыз», — деп уәдесін береді. Тұрғынбай бабамызға:

«Бұл жақсылықтарыңды өле-өлгенше ұмытпаспыз. Бұл жақсылықтарыңды баламыздың баласына өсиет етіп қалдыратын боламыз», — дейді екеуі. Сөйтіп, екеуі еркіндік алып, еліне аттанып кетіпті.

Оқуға кеңес береміз:

Жалбыр батыр (І нұсқа)

Сырымның Нұралы ханды шабуы (ІІ нұсқа)

Баймағамбет сұлтан мен Сырым батыр


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз