Өлең, жыр, ақындар

Кенесары — Наурызбай (І нұсқа)

Әбілпейіз деген Бұхарада хандық құрып тұрған. Оның Мәрәйім деген бас уәзірі болады. Әбілпейіз ханға білдірмей, Мәрәйім соңына ханға қарсы адамдарды ертіп, ханды өлтіру жолын қарастырады. Күндердің бір күнінде Мәрәйім Әбілпейізді мейманға шақырып, шарап ішіп мас болған ханды өлтіріп, ертеңіне өзін хан деп жариялайды. Әбілпейіздің үй-мүлкін «хан таланды» деп талатып, үйін құртып жібереді. Әбілпейіздің әйелі бес жасар Абылай деген баласымен қашып, өзі қолға түсерден бұрын «ханның баласы деп тірі жанға айтпай асыра» деп, Ораз деген мүсәпір шалға береді. Бес жасар баланы Мәрәйім іздеткеннен кейін-ақ Ораз қария баланы алып қашып, Түркістан шаһарына келеді. Түркістанда біраз жыл тұрып, ең ауыр қалде өмір сүреді. Жалданып күндерін көреді. Ақыры күн көре алмай «Сарыарқа, Көкшетау деген жақ жақсы, барған адам өмірі көрмеген тойыншылыққа кездеседі» деген хабар есітіп, Ораз қария Арқадан келген көп түйе керуенге ілесіп Сарыарқа деген жерге келеді. Арып-ашып келе жатқан Ораз жас баласын ертіп сусын ішуге Арқалық деген бір бай аулына келеді. Бай шалды баласымен жалшы етіп алады. Жас Абылай көп ұзамай жылқышы болады. Не жақсы аттарды мініп, ат құлағында ойнайтын шабандоз, қатарының арасында беделі асып, абыройлы бола бастайды. Оны сезген Аталық және өзінің баласының жоқтығынан Абылайды өкіл бала етеді. Оған баланың келбеті де себеп болады. Өйткені Абылайға біткен сүйек сұлулығы мен іреңділік ешкімге бітпеген. Ораз шалға бір жесір кемпірді қосып, өз алдына үй етіп қояды.

Күндердің бір күнінде хан Жәнібек жар салып ел жинап, екі рет қазақ аулын шауып алған қалмақтың Қалдан ханына барып кегін алу үшін көп сарбаз жинайды. Ол көп қолға қосылмақ болып, Абылай өкіл әкесінен рұқсат сұрайды. Аталық рұқсат етпейді. Талапты Абылай түн ішінде қашып келіп, хан Жәнібектің қосынына қосылады.

Қалдан ханның еліне жеткенде, дайындалып тұрған көп ләшкер қолымен хан Жәнібектің алдынан қарсы шығады. Екі жақтың сарбазы бетпе-бет келіп, Қалдан ханның атақты батыры Шырыш жеке соғысқа шығады. Шырыш батырдың түрін көрген қазақтарға қорқыныш кіріп, ешбір жан мен барам деп тілемейді. Қатты қысылған хан Жәнібек «Кім талапкер?» — деп айқай салады. Шарт түйінген науша жігіт келіп ханнан рұқсат сұрайды. Қысылып тұрған хан кім екенін сұрамай-ақ рұқсат етеді.

Үлкен майдан алабында Абылай мен Шырыш батыр ұрыс жасап, Абылай Шырышты өлтіреді. Өлген батырмен қалған батырға қарай екі жақтың көп қолы айқайлап ат қойып, ұрыс басталады. Батырынан айырылған қалмақ ханы жеңіліп қашады. Екі хан бітісіп, Абылайға Қалдан хан қызын береді. Қайтып келген соң хан Жәнібек орнына Абылайды хан сайлап, Абылайдың хандық дәуірі сол заманнан басталған.

Абылайдың қалмақтан алған әйелінен Қасым хан туған, бір әйелінен Уәли хан туған.

Абылай Бөген бойының Боралдаймен ұштасқан жерінде ауырып жатып, Көкшетаудағы баласы Уәли ханды шақырады. Уәли хан Көкшетаудан ауырып жатқан әкесіне он алты күн салт атпен жүріп жетеді. Абылай ауырып жатып елдің билерін жиып алып, баласы Уәли ханды орнына хан сайлағанын айтады.

Абылай өлісімен оның балаларының арасынан араздық туып күшейе бастайды. Қасым ханды «қалмақсың, хан емессің» деп шеттете бастайды. Оған шыдамаған Қасым хан бөліне көшеді. Екі арасынан жанжал шығып, ол бала-шағаға шейін араздасуға алып келеді. Бұл араздық Кенесары мен Шыңғыс арасында шығады. Қасым ханның бір әйелінен: Есенкелді, Сарыжан, Ағадай, Кенесары, Бопы, Көшек. Бір әйелінен — Наурызбай. Бір әйелінен үсен туған.

Уәли ханның баласы Шыңғыс және басқалары Петерградқа оқып, «ұлы» шенге ие болып, қазақ даласын патша әскерінің басып алуына жәрдемдескен.

Уәли хан ауылына патша салдаты келеді-міс, Қызылжар, Ақмешітке патша салдат тұратын кірепіс салады деген хабарды естісімен Кенесары ауылы Көкшетауды тастап, Түркістанға қарай қаша көшеді. Кенесары қашып көшіп келе жатып, Түркістан барып «Қазақ дуанын» шақыратынын  хабарлайды. Кенесары Наурызбайдың бірнеше ауылмен қашып бара жатқанын және «Қазақ дуанын» шақыратынын Уәли хан ауылы есітіп, қасына салдат алып, көп адаммен артынан қуады. Қуғыншыдан хабар алған Кенесары ауыл еркегімен бірге жасырынып кетеді.

Ауыл шабуылға дайындалып еру болып отырып қалады. Көкшетаудан келген көп қуғыншы Кенесары ауылын шауып, оның бар жарар мүлкін, малын алып, қатын-балаға шейін таяққа жығып, Кенесары, Наурызбайды қолға түсіре алмай, Кенесарының Күнімжан деген әйелін біраз адаммен ұстап алып кетеді. Кенесары Күнімжанын жанынан жақсы көреді. Сондықтан іздеп келмей тұрмайды, сонда өзін ұстаймыз деп план жасайды. Бұл оқиғадан соң Кенесары көп қол жинап, қолға түсіп Ақмешітке кеткен Күнімжанға барады. Кенесары астыртын жаушы жіберіп, Ақмешіт қаласында бекініп жатқан үш жүз салдаттың барын біледі. Ескі шапанға май құйып, патша әскері жатқан ағаш дуалға от қоймақ болады. Қалмақ Қараберкін деген майлаған шөп арқылы дуал түбіне от қойысымен дайындалып тұрған Кенесарының атшы жігіттері, найзаның басына түйреп тұрған бір-бір бума қу ақ шөпті шауып барып жанған отқа тастайды.

Өрт күшейіп, салдаттар сөндіре алмай, ағаш қорғаннан қашып шығысымен аңдып тұрған Кенесары үш жүз салдатты түн ішінде жеңіп, ондағы қару-жарағын қолға түсіріп, тұңғыш рет Кенесары қаруланады.

Тұтқыннан Күнімжанды таба алмай, Ақмешіт қаласындағы барлық ұлықтардың қатын-қызын айдап, қайтып ауылына келеді.

Ақмешітті патша салдатынан тазартумен қатар, өзіне көп сарбаз жиып алады. Қатын-баласынан айырылғандардың ізденуімен Күнімжан барлық ауыл дүниесімен қайтарылып, қолға түскен әйелдерін қайтып алады. Ағыбай, Бұғыбай, Беркін, Жұман т.б. өзіне серік көп батырлар жиналады. Міне, Кенесары, Наурызбайдың патшаға қарсылығы осылай басталады.

«Қазақ дуанын» шақырып, оған көп ел қатысады. Қатар жатқан қырғыз, өзбек халқына дуан атынан сарбаз көмек сұрап он екі адам жібереді.

Патшаның сыбайласы Уәли хан ауылына қарсы күресуге шақырады. Станбулға әскер оқуына бала жібермек болып, халықты патшаға қарсы күреске шақырады. Бастығы Нысанбай етіп, Піспек, Тоқбаққа кісі жібереді.

Ташкенге адам жібереді. Өзбек халқы оны мақұлдап, патшаға қарсы күреске күш жинап, Ақмешітпен Түркістан арасындағы әскерімен қазақтардың ұрысына қосылады.

Ол сарбаздарды Кенесарының Сыздық деген баласы басқарып жүреді. Ол кезде Кенесары ауылы Әулиеатаға қарай көшіп келе жатады. Қырғыздардан көп жігіт алып, патша салдатына қарсы бармақ болады. Алдынан Піспек барған адамдары шығып, қырғыздардың «игі жақсылары» сарбаз бермей, қайта өзімізді мазақтап, көп әуреледі дейді.

Сол қарсаңда Кенесарының өзі мініп жүретін Тортөбел аты ұрланады. Оны қырғыздың ұры жұмсайтын «игі жақсысы» ұрлатып алып барады.
Екі жақты бірдей қорлық көрген Кене хан өжеттікке салып, ауылын шауып, қорқытып, сарбаз алмақ болады.

Кенесары, Наурызбай  қырғыздармен сол ұрыста 1849-50 жылдары өлген. Сонда Кенесары қырық алты жасында, Наурызбай жиырма төрт-жиырма бес жасында екен.

Наурызбай өлген соң оның әйелін Кенесарының Тайшық деген баласына қосқан. Онан бір жылға жетпей Жүніс деген бала туған. Ол бала Наурызбайдан қалды деп белгіленген. Жүніс сексен екі-сексен үш жасында өлген. Кенесары, Наурызбай өлген соң ауылы кейін үрке көшіп, Түркістан үстіне келген. Кенесарыұлы Сыздық бастаған қазақ, қалмақ, өзбектер Түркістанда жеңіліп, Ташкен барған. Ташкенде қырық екі күн ұрысып, ашыққан халық қақпаның бір жағын ашып қашқан. Бұхар мен Хиуа хандықтары Сыздыққа бағынбай, патша әскерінің алдынан сырнайлатып шыққан. Оған патша «жеңілдік» беріп, Хиуа, Бұхар хандығы көп жылдар өмір сүрген. Одан күдер үзген Сыздық үргеніш, Қашқар барады. Ол кезде Кенесарының бір баласы Жаппар жүрген бір топ Ерназар, Бекет батырлар қолға түсіп кеткен. Жаппар сол салдат ұстағаннан кейін он төрт жылдан соң босап келіп, ауылында өлген.

Сыздық Үргеніш, Қашқарда ақырғы рет жеңіліп, қолына оқ тиіп Индияға жүріп, Қытай қызын алып, Сәвей содан туылған. Қытай әйел Сыздық өлгеннен кейін ашуланса, басқа бір тілмен (шүлдірлеп дейді) сөйлеп жан адам түсінбейді екен. Оны қариялардың көбі көрген. Патша үкіметі қазақ елін қырғыз, өзбектерді тегіс жаулап, отарлап алып болған соң, Сыздық өз еліне келіп өлген. Патша Сыздыққа: «тұқымыңнан салық, салдат алмаймыз» деп жарлықта жазған деседі. Оған Сыздық көнбеген.

Сыздық батыр жеті жерде жол тосып, патша әскерімен ұрысқан. Ең алғаш Қазалыда, Ақмешітте (Ақмешітте жеңілген соң, Кенехан сарбаз жинауға кеткен). Бірақ көп адам қарумен қаша ұрыс қылып, Сыздық қалған.

Оқуға кеңес береміз:

Жалбыр батыр (І нұсқа)

Сырымның Нұралы ханды шабуы (ІІ нұсқа)

Баймағамбет сұлтан мен Сырым батыр


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз