Өлең, жыр, ақындар

Бір шайқас жайлы

Тауасар мен Амандық батырлардың оқиғасы қалмақтардың орта жүз жерін шапқыншылыққа ұрындырып, көп жерді басып алған шағы екен. Нұраның шығыс жағында Қыземшек деген қос өркешті шоқы бар. Қалмақтар соның етегінен қорған салып, бекініс жасаған екен. Екі шоқының үстіне екі қарауыл қояды. Қазақтар жасағы болса, Нұраның басты жағына келіп орнығыпты.

Арғынның бас батыры Жәнібек Тауасар батырға жүз жігіт қосып беріп, барлауға аттандырады. Олар өзеннен өтіп, жаудың орналасқан жерін түгел біліп алады. Қайтар жолында қалмақтардың қоршауында қалып, еріксіз соғысуға тура келген. Қазақ жігіттері қарсыласып, өлгені өліп, жараланғаны жараланып, аттарынан құлайды. Байқаусызда күрзінің ауыр соққысы тиген Тауасар батырдың өзі де есі ауып, атынан құлап түседі. Бір кезде есін жиып, жан-жағынан қараса, қалмақ жендеттері аттан құлаған қазақ сарбаздарын аралап, денесіне найза сұғып көріп, қозғалмаса жайына қалдырып, қозғалғанын, ыңысығандарын басын шауып өлтіріп жүргенін көреді. Тауасар батыр болса өлген адамға ұқсап тып-тыныш жата қалыпты. Бір кезде қалмақтар келіп денесіне  найза қадаса да шыдап, тыпыр етпестен тіршілік нышанын білдірмей жатып қалады. Өз істерін тындырған қалмақтар жайына кеткен соң, қараңғы түсіп, түн болысымен батыр жылжып өзенге жетіп, одан өтіп өздері орналасқан жерге келеді. Жәнібекке жаудың орналасуын, өзінің бастан кешкен оқиғасын баяндап береді. Сонда Жәнібек батыр бес мың сарбазды Тауасар мен Амандық батырларға қосып беріп, қамалды шабуға қайтадан жұмсаған екен. Жәнібектің өзі болса қалған әскерімен жаудың шегініп, қашар жолын, жабуға шығады. Тауасар батыр жанына батқан жарасына қарамастан таңға жақын бес мың әскермен келіп, жау бекінісін талқан етеді. Қалмақтар қашқан кезде олардың соңына түседі. Қашқан жау болса Жәнібек батырдың тосқауылына келіп килігеді. одан қалмақтар құтыла алмапты. Сөйтіп, қазақ елінің ырысты өлкелерінің бірі Нұра бойы жаудан азат етіліпті.

Оқуға кеңес береміз:

Жалаңтөс батыр

Елшібек батыр туралы

Бердіқожа (І нұсқа)


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз