Өлең, жыр, ақындар

Ораз туралы

Қарашық шаһарында Жүсіпәлі, Зорасыбан деген ағайынды екі адам Түркістан маңайында болды дейді. Зорасыбаннан Абылайдың шешесі туады. Жүсіпәліден Ораз туады.

Абылай еліне «хан сайламадың» деп өкпелеп астына көк тұлпар ат мініп, елінен қашып шығып кетеді. Артынан баратын адам болмай жалғыз кеткен соң, Абылайдың шешесі төркіні Оразға барып: «Қыздан туғаныңа қиығы жоқ, Абылай қыздан туса, сен ұлдан тудың. Қасына ешкім ермеді, артынан да ешкім бармады. Сен барып алып кел!» — деп Оразды жібереді.

Ораз Абылай мінген көк тұлпар аттың қарындасы көк тұлпар биемен қуып, елдің шетіне шыққан соң қуып жетіп Абылайды «елге қайт» дейді. Абылай:

— Мен елден шықпауым керек еді, елге барудың лайығы жоқ, бармаймын! — деп бетінен қайтпайды.

Ораз:

— Мен сені алып қайтуым керек еді, сен қайтпасаң, мен де қайтпаймын», — деп бірге еріп кетеді.

Содан Бұқар, Тәшкенді аралап бір-екі жыл өткен соң, ұлы жүзге келіп жеткен уақыттарында бір үлкен асқа кез келіп, «әрбір ру бөлек отырыңдар» деп даяғашы айғай салған уақытта болар, қазақ жөнін білмей бір адамнан сұрайды. Ол адам бұларға түсіндіріп, «әрбір руға жол-жол береді» дегенді айтқан соң, бұл екеуі бөлек отырады. Сол уақытта қазақтың бір ақыны жағалап өлең айтып, отырған екі адамға келіп аты-жөнін сұрап, мақтап өлең айтқан. Берейін десе, пұлы жоқ, үстерінде беретін бүтін киімі де жоқ. Басқадан ат алғаннан ат, пұл алғаннан пұл, киім алғаннан киім алып келгенін Абылай көріп отыр. Енді Абылайға жұрт қатарынан қалу үлкен ар болды да, астындағы атын бермек болды. Ораз тұрып:

— Ат берген дұрыс болмас, екеуара қалса да, белді ат қалсын, менің мына биемді бер» — дейді.

Абылай:

— Жоқ, нағашы, бие болса да сіздің астыңыздағы атты беру лайық емес, — деп болмады. Өзінің астындағы атын ақынға беріп, екеуара бір биемен Ұлы жүзге келген. Ел аузында: «Абылай Ораз ауылынан көк байталға мінгесіп келген» деген сөздің себебі осыдан қалған.

Төре тұқымдары Ораз ауылын «Бабам ауылы» деп, Оразға Көкшетаудың ық жағынан Бурабайға он екі шақырым жерден қоныс берген. Сұлтанғазы төре келгенде, «бабамның зираты» деп, Ораздың тамына келгенде, қоңырауының тілін байлап, жаяу өткенін сол күнгі ақсақалдар тегіс айтады. Басқа төре тұқымдары да «бабамның зираты» деп жаяу барады екен.

Оқуға кеңес береміз:

Жидебай батыр (І нұсқа)

Жидебай батыр (ІІ нұсқа)

Тарақты Байғозы батыр туралы


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз