Өлең, жыр, ақындар

Олжабай батыр

(ІІ нұсқа)

Он сан Орта жүзге ұран болған Олжабай[дың] әкесі Толыбайдың жалғыз құла шолақ биесі бар екен. Құла шолақ бие құлындап, арбаға байлап сауып отырғанда, ұры алып кетіпті. Он жеті жасар күнінде Олжабай сол іздеуге (ізлеуге) азық-түлік пісіртіп алып:

— Құла биені алған кісі іннің түбіне кіріп кетсе де, қоймаймын! — деп аттаныпты.

Айдалада бір жалғыз қара лашық үйге кез болып, сусын ішіпті. Сонда бір қатын айтыпты:

— Мына белдің астында бір көл бар, сол көлдің басында бір ел бар. Сол елде бір батыр сенің биеңді байлап, сауып ішіп отыр. Бір биеңнің сүтімен бір тайпа елді асырап отырар, биеңді бере қояр ма екен? Өзіңді жазым қылар, уыз жас бала екенсің. Шырағым, жаным ашып айтамын, осы жерден қайтып кетсең де жарар еді. Мал үшін талайдың желкесін қиып жүрген қу жалмауыз еді өзі, — депті.

— Уай, шеше-ай, бұтынан ет кеткен соң, ат желмейді, мал үшін жігіт адам қайда өлмейді? Мен де қатынмын деп атқа мінгенім жоқ, батырмын ғой деп міндім, — деп атына мініп, тұпа-тура көлдің басында отырған ауылға қасқиып барып, құла бие байлаулы тұрған үйге түсе қалып, кіріп барыпты. Биені алып келген батыр үйде отыр екен. олжабайдың түрін көрген жерден танып:

— Алдыңа шығып, қолыңды қағар кісі жоқ. Бие сенікі болса, ал да жүре бер, балам, — деп жақсы сөзін айтып қала беріпті.

Олжабай биесін ноқталап алып, жетектеп жүре беріпті. Елсізде келе жатып, бір жерге түсіп, астындағы атын, жетектеген биесін оттатып, шалдырып алу үшін олардың аузын шөпке тигізіп, өзі шалқасынан түсіп қаннен-қаперсіз, дәнемеден уайымсыз жатып, ұйықтап қалыпты. Шырт ұйқыда жатқанында жүрегі суылдап, құлағы шуылдап, өне бойы дулап, тамыр-тамыры қыбырлап, ет пен терісінің арасы жыбырлап, тұла бойы шымырлап бара жатқан соң, шошып басын көтермепті. Көзін ашып қараса, білектей сары шұбар жылан кеудесінің үстінде біресе, қойнына кіріп, біресе, мойнына оралып, біресе, екі бұтының арасына барып, қойны-қонышын тегіс аралап жүргенін көріп, аузын аңқитып ашып, қозғалмастан жата беріпті. «Кіруге ін таба алмай жүрсің ғой, егер ін екен деп, аузыма кіргендей болса, бәлемнің басын бір-ақ қыршып тастайын» деп.

Жылан аузына кірмепті, онан басқа денесінің бәрін түгел аралап болып, тамағының астынан жерге сырғып түсіп кетіпті. «Әлгі ит менен не іздеді? Ашып жатқан аузыма кірмей, енесінің а...на кіремін деп кетті ме?, — деп, — бәлемді көрінсе, ұмар-жұмар қылайын», — деп басын көтеріп алса, басында ақ шалмалы бір қожа отыр дейді.

— Үстімде тіккен үйім жоқ, алдымда айдаған қойым жоқ. Айдалада шалқасынан түсіп ұйықтап жатқан кісінің басында қа...мша қақиып қатқаныңның басын аламын деп отырмысың, қожа? Қожаның арсызы екенсің, — депті.

— Жоқ, шырағым, мен қожа емеспін, өзіңнің бақталайыңмын. Сені дию «алып кетеміз» деп он бес жыл аңдып еді, мен күзетші болып, алдырмап едім. Бір бүгін емес, қашан да болсаң, жүргенде қасыңда, жатсаң, басыңда болатұғын қайып-піріңмін. Сені сынамақ үшін сары шұбар жылан болып, тұла бойыңды кездім. Кеудең дәнемеден шімірікпейтін, деген байдың өзі, көк шолақтың көзі екенсің. Борбай жағың кішкене тітіркенейін деді, артыңнан сен ұстаған туды ұстап бала туа қоймас. Ешкімнің әруағын керек қылма, өз атыңды айтып «Олжабайлап» жауға шаба бер! өзің түгіл «Олжабай» деп атыңды айтқанның алдынан пәле-жала, жын-шайтан серпілер! — деп батасын беріп, ғайып болды дейді.

* * *
Олжабайдың немересі Арыстанбай жігіт күнінде қасында екі жолдасы бар, жоғарғы қаракесек: қарсұн, керней- қояншы, тағай тарапына бір барымтаға бара жатып, елсізде бір бес кісі жау жолығыпты. Сонда бұлар да «Олжабайлап» шауыпты, ол бесеу де «Олжабайлап» шауыпты. Ертеңнен кешке шейін соғысып, бірін-бірі ала алмай, аттары болдырған соң аттарынан түсіп, «бір-бірімізге қастық ойламасқа» деп малта жесіп отырып, жөн сұрасыпты. Сөйтсе, ол бес кісі Қа...шор деген елдің жолаушысы екен. Сонда бұл Арыстанбай айтыпты:

— Біз «Олжабайладық», мен сол ер Олжабайдың немересімін. Ал сендер неге «Олжабайладыңдар»? — депті. Сонда олар айтыпты:

— Батыр Олжабай бір жаққа жорыққа бара жатып, біздің елге кез болып, бір үйге қонып жатса, бір бала көтермей жүрген әйел түнде қойнына кіріпті:

— Мен борбайымнан суым сорғалап жүрген жалаңбұт қу емеспін. Бала көтермей зарыққандықтан, аузына әлі жетпеген жамандардың «қубас» деп, байымды мұңайта бергендігінен, тарыққаннан, «мергеннен — сыралғы, батырдан — сауға» деп еді. Бір атым оғын аямас, — деп, — атың шыққан ер едің, әруағыңнан дәме қылып келдім, — депті.

Сонда Олжабай батыр айтыпты:

— Атым Олжабай болып, ат арқасына мінгелі арам етекке етегімді ашып көргенім жоқ еді. «Болатымды боққа суармаспын» деген антым бар еді. Менде бар болса, сен бір ұл табасың, атын «Олжабай» қой, — деп кіндігінен жүндігіне шейін қолымен бір сипапты да, жүре беріпті. Сонан кідірмей буаз болып, бір ұл тауып, атын «Олжабай» қойыпты. Мен де сол Олжабайдың немересімін. Сонан бері елімізге бәйгеге ат қосса да, жауға шапса да, «Олжабай» деген ат ұран болып қалған. Біздің «Олжабайлап» шапқан мәніміз — сол, — депті.

Бұрынғылардың өзі деген кісісінің қылып жүрген әулиешілігі қалай? Тұрсынбай батыр айтқан екен: «арам нәрсеге асылымды суарғаным жоқ» деп.

Тәти ұлы Байкісі жиырма сегізінде өлген екен. Ол кісі һәм айтқан екен: «арам нәрсеге асылымды суарғаным жоқ» деп. өз атамыз жетпіс үшінде өтті. Бұл кісі һәм айтқан еді: «некесіз (некахсыз) әйелдің маңайынан өтіп көргенім жоқ» деп. Ташкенбай молда һәм айтқан еді: «алпыстан асқанша ұрғашыға жақындасудың не жұмыс екенін білмеуші едім» деп.

Оқуға кеңес береміз:

Сүйіндік Олжабай батыр ертегісі

Өтегеннің қыз беруі

Өтегеннің қарызын қайтаруы


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз