Өлең, жыр, ақындар

Абылай ханның сыны

Жоңғарлардан туған жерін азат еті үшін үш жүздің басын біріктіріп, бәріне басшылық жасаған Абылай хан қолбасшыларды өзі таңдайтын көрінеді.

Бірде қолбасы боламын деген ондаған батырды Абылай алдына шақырыпты. Бұлардың ішінде райымбек те бар көрінеді.

Қатар-қатар сапқа түзілген өңшең алпауыт ерлердің өзін, көлігін, қару-жарағын, көбе-сауытын сын көзден өткі зіп келе жатқан Абылай Райымбектің қасына келгенде ерекше тоқтаса керек. Астындағы құнанның ер-тұрманы өте әшекейлі екен. Алдынан қараса, жылқының арқасы, ар тынан қараса, шоқтығы, жалы көрінетін Құранды ердің үстіндегі жігіт өте жас көрінеді. Абылай сынай қарап тұрып:

— Мына баланың астындағы ер-тұрман менікі, — дейді. Сол сәт Райымбек:

— Ханның екі айтқаны — өлгені! — деп шаңқ ете қалады. Хан әрі қарай басқа батырларды аралап кете барады. Райымбек тапжылмай тұра береді. Бір сиыр сауым уақыттан кейін Абылай қайта оралады. Оралады да манағы сөзін тағы айтады. Сонда Райымбек тізгінін тартып, тақымын қысып қалғанда астындағы құнаны көкке қарғып, кісінеп жібереді. Абылайдың алдына құнанын ойнақтатып берген Райымбек:

— Уа, ханым, төресің,
Ер-тоқымға төнесің,
Дүние көріп тұрмысың,
Алтындаған шегесін!
Жала жауып тұрсың-ау,
Жаладан түбі өлесің.
Айтқаныма сенесің,
Айтқаныма сенбесең,
Абыройыңды төгесің!
«Балаң» деп мені басынба,
Батырлығымды көресің.
Арғы атамды сұрасаң:
Өтірік айтпас өр Албан,
Өр Албаннан — ер Алжан,
Алжанның аты — дүр Мәмбет.
Мәмбеттен туған Сырымбет,
Сырымбеттен — Хангелді.
Хангелді бабам туғанда
Уысында қан келді.
Айналайын қазағым,
Қалмақ шауып, бақ ауып,
Судан аққан қан көрді.
Аққан қанды тыймаққа,
Алаштың басын жимаққа
Абылайдай хан берді.
Атам менің Хангелді
Қазақ үшін қан берді,
Жаратқаным жар берді.
Жеті бірдей ұл берді,
Үлкені — батыр Тілеуке,
Екіншісі — ер Түке,
Үшіншісі — Мөңке екен,
Төртіншісі — Дөңке екен,
Бесіншісі — Тұрсын ер,
Тұрсындай болып тұрсын ер.
Тұрсыннан кейін Айбас-ты,
Айбастан кейін Қойбас-ты.
Жеті ұлы біріксе,
Жер қуырмай қоймас-ты.
Ер Түкеден мен тудым
Ер болуға бел будым.
Уа, алдияр, төресің,
Ер-тоқымға төнесің.
Дүние көріп тұрмысың
Алтындаған шегесін!
Жалған айтты демесін,
Өңшең жасық бұл тобыр
Хан айтқан соң не десін.
Айналайын Хан бабам
Немересіне арнаған
Астымдағы құнан кер.
Құнан керде Құранды ер
Әубәкір ұста жасаған.
Менің ғана бәсірем,
Шыныменен хан болсаң,
Бәсіремді сұрап көр, —

деп тоқтайды. Абылай хан жас жігітке сүйсіне қарап тұрып:

— Қарағым, алтынмен аптаған, күміспен күптеген ертоқымға, ойнақшыған кер құнанға мастанып келген қуыс кеуде, даңғой мақтаншақ біреу ме деп сынай айтып едім. Сөзімді қайтып алдым. Қолбасы сен боласың, — деген екен.

Оқуға кеңес береміз:

Абылай ханмен соңғы кездесу

Абылайдың «Қанды қарағай қан болды, жол болды» деп ат беруі

Абылайдың қырғыз, өзбекке жорығы (ІІ нұсқа)


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз