Өлең, жыр, ақындар

Абылайдың Әтеке жырықпен соғысуы

Абылай орыс патшасына бағынбай онымен соғысып, жеңілетін болған соң, осы Алатауға қарай ауып келеді. Абылай ұлы жүз бен қырғыздың шекарасын мекен қалған. Қырғыздар жақын тұрған қазақтарды жерінен айдап қуған екен.

Содан Абылай қырғызға кісі салып: «Қазақ пен қырғыздың жерін ашып белгілейік», — деп кісі жіберіпті. Абылайдың жіберген кісісін қабылдамай, қырғыздың Әтеке деген батыры қабылдамапты. Сонан кейін Абылай қазақтарды жиып, қырғызбен соғыс ашты. Абылай қырғызбен неше күн соғысып, қырғыздың Жайын деген батыры Абылайдың оғына ұшқан. Бұл соғыста Жайын батырдың бес ұлы Абылайдың қолына түскен. Қырғыздың басшысы шал, өзі батыр — Әтеке батыр екен. Өзі салақтау жатады екен. Бұрынғы бір соғыста орта жүздің бір жас бала жігіті Әтекенің қолына түскен екен. Оның аты — Алтыбай еді. Әтеке мұны жақсы болатын бала деп, өз тәрбиесіне алып, шайын қайнаттырып, атын ерттетіп жүреді екен. Қырғыздың батыры Жайын оққа ұшқаннан кейін, Абылай қырғыздарды қуып, Әтекенің жатқан жеріне шейін қуып келген.

Әтеке Алтыбайға айтыпты:

— Балам, қарашы, шаң қалай шығады? Әрине, ары ма, бері ма?

— Ойбай, ата, шаң бізге таман қаптап келе жатыр! — дейді.

Сонда Әтеке айтыпты:

— Құдай төбеден ұрды десеңші, балам, атты жылдам ерттей гөр! — депті. Алтыбай жүгіріп, Әтекенің Ноқталыкер деген бәйге атын ерттеп жіберіпті. Соның арасынша Абылайдың батырлары қашқан қырғызды қуып, Әтекенің үстіне келіп қапты. Сонда Ноқаталы кер аспанға ырғып Әтекені мінгізбепті. Алтыбай Әтекені «қап» деп көтеріп аттың үстіне салып жіберіпті.

Әтеке Ноқталыкерге мініп алғаннан кейін:

— Балам, Құдай бақытыңды көтеріп, жолың болсын! — деп, өзі «шу» деп жеткізбей кетіпті. Әтекені мінгізіп жіберген баланы Абылайдың батырлары көріп қалыпты. Абылайдың өзі келгеннен кейін:

— Әтекені кім мінгізіп құтқарып жіберді? — деп батырлардын сұрады. Сонда біреу айтыпты:

— Осында бір қазақ бала мінгізіп жіберіпті.

— Сол баланы маған тауып әкел, қанын ұрттайын, — деп Абылай бір тамақ ішпей, қанжарына таянып отырып алыпты.

Абылайдың жолдасы Малайсары батыр, онан кейін көкжал Барақ батыр Алтыбайды қолтықтап Абылайдың алдына алып келіпті. Сонда Абылай қанжармен тап беріпті.

Екі жолдасы айтыпты:

— Алдияр тақсыр, мұның басын алғаннан біздің басымызды ал! — деп екеуі басын изепті.

Сонда Абылай хан:

— Жауқырай қайдан кез келіп едіңдер? — дейді де, қанжарын лақтырып тастапты. Абылай қанжарын тастаған соң:

— Мына баланы қазірден бастап көзін жоғалтыңдар! — депті.

Екі батыр баланы бір мықты атқа мінгізіп, екеуі босатып жіберіпті. Алтыбай еліне аман-есен барыпты. Абылай қырғызбен соғысып, оларды ықтатып Алатауды күнгей жағына асырып жіберіпті. Абылай өзі ұлы жүзді мекен қылып, сонда тұрып қалған. Бұл кезде Абылай ханның жасы 73-те, сонан ауырып қайтыс болыпты.

Ауырып жатқанда Абылайға Бұқар жырау деген Абылайдың жыршысы екен. Абылай ауырып нашарлап жатқанда Бұқар жырау қоштасқан екен. Сонда Бұқар жырау айтыпты:

Қалыңсыз қатын құштырған ханым-ай,
Қайырсыз мал бақтырған ханым-ай,
Үш жүздің баласынан үш кісі айтсам,
Қалар ма екен жаның-ай! —

деп, Абылайдың бетінен сүйген екен. Сонда Абылай:

— Сен Бұқар жырауымсың, — деп көзін ашты. Жылы сөзбен қол беріп амандасты депті.

Оқуға кеңес береміз:

Абылай ханмен соңғы кездесу

Абылайдың «Қанды қарағай қан болды, жол болды» деп ат беруі

Абылайдың қырғыз, өзбекке жорығы (ІІ нұсқа)


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз