Өлең, жыр, ақындар

Әйтекенің жекпе-жектегі жеңісі

Жоңғар әскерлері үнемі күтпеген жерден қазақ даласына жойқын шабуыл жасайтын. Сондықтан да әр шабуылы бейғам жатқан қазақ ауылдары үшін шексіз ауыр соғатын. Әр ауылдың азаматтары хабарланып, тізе қосып үлгерместен қалың жауға дара-дара соғысатын. Көптің аты-көп: көзсіз ерлер нөпір жауға төтеп бере алмай, майдан даласында қапыда шейіт кетіп жататын. Ат жалын тартып мінер еркек кіндік қалмаған ауылдар аяусыз тоналып, өртелетін.

Мал-мүлік жау қанжығасына ілініп, қыз-келіншектер әйелдікке, күңдікке әкетілетін. ойламаған жерден өрт боп тиген жау қашан қазақ ауылдарына жаппай хабар барып, батырлары қол жинап, қарулы қарсылық көрсеткенше, даламызға тым бойлап еніп үлгеретін. Жау ізінде аңыраған ана, шырқыраған сәби, шашын жұлып, бетінен қанды сорасын ағызған жесір, шұбалған шаң, жалындаған өрт, шудаланған түтін қалып жататын.

Бейғам жатқан ауылдарға аш бөрідей тиіскен жау өздеріне қарсы асығыс аттанған үркердей-үркердей шағын қазақ жасақтарын таудан құлаған топан судай жұтып, ілгерілей берді. Сол екпіндері Нұрата тауына жеткенше толастамады. Бұрын қайраты кесек бітімінен ғана байқалатын, бірақ бұрын-соңды беліне қару тағынып, жауға қайрат көрсетпеген Әйтекені ол кезде сол аймақ айыр тілді шешен, кемел ақыл иесі, қара қылды қақ жарған әділ би деп қана танитын. Бұл жолы Самарқан төңірегіндегі Алшындардан асығыс жиналған бес мыңдық қолды Әйтекенің өзінің басқаруына тура келді. Әйтеке бес мыңдық қолмен қалың жауға Нұрата мен Қыз-Бибі төңірегінде бетпе-бет келеді. Жоңғарларды бастап келе жатқан бұл жолы Қалдан-Бошақтының өзі екен. Екі жақ бір-біріне жақындай бере, жоңғар ханы суырылып алға шығады. Әйтеке де кідірмей өзгелерден ат басын оздырып, алға ұмтылады. Бұрын Тәуке ханның сарайында бір қайыра ұшырасқан екеуі бір-бірін жазбай таниды. Қалдан-Бошақты бірден өктем, өпірем тиісіп, кекете-мұқата айбар шегеді.

— Әй, Әйтеке, сені қазақтар бұрын «Айыртау» ұранды, айыр тілді би демеуші ме еді. Қатындарың қылыш ұстайтын бір ұл тумағаны ма?

— Қазақтың қай-қай ұлының да қамшысын жеген қалмақсың ғой, — дейді Әйтеке.-Бұл жолы биінің қамшысын татып көр! Мүмкін, ақылың осыдан кейін кірер!

— Сенің басың менің қанжығамда бүгін. Ханыңнан бастап талайыңның басың мына менің қанжығамда екенін ұмытайын деген екенсің, қу жақ би!

— Салқам Жәңгірдің қапыда қалғаныңа масайрап, бұтыңды көп көтере берме! Күлін шашқан көк долы қатын құсап салғыласа бермей, соғысатын қаруыңды таңда! Сосын менің сенен жасым үлкен, кезегімді бер!

— Сен менен үш-ақ жас үлкенмін деп бұлыңды өткізе алмайсың. Менің жолым үлкен. Мен — ханмын, сен — қарасың. Кезек — менікі!

— Оныңа да көндім. Қырып кететін болсаң, ал баста!

— Ажалыңа асықпа! Біз екеуміз әуелі сөзбен сынасып көрелік. Әйтпесе, қазір қаның суша шашылған кезде сенің шешендік, сыншылық өнеріңді көре алмай қалармын.

Әйтеке:

— Біз қай-қайсысына да әзірміз.

Қалдан-Бошақты:

— Онда сен мына менің қай атамнан хан екенімді айтшы!

— Сенің қара басың ғана хан. Арғы аталарың тексіз құл.

— Оны немен дәлелдейсің?

— Жаңа жекпе-жекке шығып келе жатып, арт жағыңа үш қайыра жалтақтадың. Текті хан сен секілді жан-жағына жалтақтамас болар!

— Бұл сөзің дәлел емес. Қазымырдың қызыл сөзі.

— Онда сені шешеңнің қазіргі әкем деп жүрген кісіңнен емес, есігіндегі құл қытайдан тапқанын қалмақтар ғана емес, бүкіл қазақтар біледі.

Осындай сыбысты бұрын да өз жұртының арасынан құлағы шалатын Қалдан-Бошақты түнере түсіп барып, мүлдем мұндай әңгімені құлағына ілмеген сыңайда, тез бойын жинайды.

— Сен секілді айдаладағы тілін сауып, күн көріп жүрген тексіздің сөзі маған сын емес! Енді сен мына менің астымдағы атыма сын айт!

— Атың — жүйрік, ойға-қырға бірдей. Күні-түні жортсаң, бүйір қақпайтын мықты. Бірақ бәрібір таза қанды арғымақ емес. Есекке шатысы бар.

— Дәлелде!

— Таза қанды арғымақ қоңыраудай күңгірлеп кісінер болар. Ал сенің атың жаңа ішін тартып, үсті-үстіне азынады. Бүйтіп есек қана қышқырады.

Қалдан-Бошақтының астындағы аты әу баста шынында арғымақ тұқымы екені рас-ты. Бірақ, мықты болады деп, құлын күнінде есекке телігені де рас-ты. Қалдан-Бошақты қан жұтқандай боп, тас мүсінге айналғандай сілейген күйі қолынан найзасы төмен түсе беріпті. Ханның қаралай масқара болғанын көрген мыңбасының бірі «Қаула! Қаула!» деп әмір береді де, қалмақтар лап қойып, жан алып, жан беріскен қан майдан басталып кетеді.

Бірінші күні күші басым жауға Әйтеке қолы төтеп беріп бағады.

Екінші күннің өздеріне ауыр соғарын білген бір қазақ сарбазы кешке таман өтірік аттан ауып қалғансып, жау қолына түседі. Қалдан-Бошақтының алдына барғанда ол: «Әйтекеге Самарқаннан, Бұқара, Керминеден қарулы көмек келе жатыр, алды таң алдында жетеді» деген өтірік мәлімет береді. Бұған иланған және Самарқан мен Бұқарадан ылғи мылтықты жасақ келетінін білетін Қалдан-Бошақты:

«Жаман хабар жеткізгені үшін» әлгі сарбазды қазыққа отырғызып өлтіреді де, таң алдында әскерінің басын негізгі күші жатқан Сайрам жаққа бұрады. Оларға қуа жүріп соққы беруге күші аз қазақ жасағының қауқары жетпейді.

Кейін бел шешіп, тыныс алған сәтте бір сардар Әйтекеге реніш білдіреді.

— Найзасын төмен түсірген сәтте қалмақ ханын неге шауып тастамадыңыз! Ханы өлген қалмақ одан әрі бізбен соғысып жарытпас еді.

— Ол — хан. Мен — қарамын. Сөйте тұра, сөзім сүйегінен өткен кезде хан екенмін демеді, жау екенмін демеді. Уәжге бөгеліп, қаруын төмен түсірді. Қару кезенбегенді өлтіре салу - қарақшы мен тексіздің ісі. Иілген басты қылыш кеспейді. Менің сол жерде қалмақ ханына қару көтергенім - қазақ деген халқымның беделіне қарсы қару көтергенім емес пе?! Одан кейінгі менің билік сөзіме жат түгіл, жақыным да көнбес еді, — дейді Әйтеке.

Сонда да әлгі сардар қарсы дау айтып бағады. Оған ренжіген Әйтеке:

— Ақылды жау сені көкке көтерер, ақымақ дос сені көрге итерер. Ақылды қасыңнан қорықпа, ақымақ досыңнан қорық деген осындайдан шыққан екен-ау! — деп бұрылып жүре беріпті.

Сөйтіп, тапқырлығымен, батылдығымен, көрегендігімен исі қазақты ғана емес, ата жауды да мойынұсындырған Әйтеке жекпе-жекте ешбір қантөгізсіз жеңіске жеткен екен деген аңызға бергісіз ақиқат ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, бізге де жетіпті.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз