Өлең, жыр, ақындар

Ескі шұлық

Ақтық сағаты жақындап, ахиретке көшкелі жатқан бір діндар адам зекеті мен садақасы берілген адал дүние-мүлкін баласына мирас етіп қалдырмақ ниетпен оған: «Балам! Өмір бақи адал жолмен тауып, жоқ-жітікке ақысын берген мына дүние-мүлкімді саған тастап барамын. Бірақ соңғы өсиетім бар. Мен қайтыс болғаннан кейін сүйегімді жуған молдаға айт, менің денемді табытқа қоярда аяғымның біріне жыртық, ескі шұлық кигізсін», — дейді. Әкесінің сөздерін зер салып тыңдаған баласы оның осы өсиетін орындауға уәде береді.

Көп өтпей әлгі адам науқастанып, артынан көз жұмады. Барлық алыс-жақындары жиылып «жақсы адам еді» деп көңіл айтысады. Молда да шақырылып, сүйегі жуылады. Осы кезде баласы молданың құлағына әкесінің өсиетін айтып сыбырлайды. Молда дүниеден өткен адамға мұндай жоралғылар жасау шариғатқа қайшы екенін айтып рұқсат етпейді.

Бірақ баласы әкесінің басында тұрып: «Онда тұрған не бар? Әкемнен мынау жыртық шұлықты да аяп тұрсыңдар ма?», — деп шұлықты оған кигізбек болады. Сонда бір қария келіп: «Балам, әкең маған өлер алдында саған арнайы жазылған бір хат қалдырды. «Балама мына хатты менің сүйегімді табытқа қойып жатқанда бер» деген еді. Ал, қане аш, оқы, не жазғанын көрелік», — дейді. Сол жерге жиналған халық тыңдауға асығып құлақ қойғанда, баласы хатты дауыстап оқи жөнеледі: «Балам! Мұншама байлыққа иелік еткен менің халімді міне көріп тұрсың. Мен артыма осыншама дәулет қалдырғанмен олар маған ескі шұлық та кигізуге рұқсат етпей жатыр. Бір күні мен секілді саған да екі метр бөзден басқа еш нәрсе бұйырмайды. Маған қарап ғибрат ал. Саған қалдырған байлығыма мастанып, тәкаппарланып, дініңді ұмытып кетуші болма. Жоқ-жітіктің жай-күйін біліп, олардың жанына терең үңіл. Міне, өзің көргеніңдейқанша бай болсаң да, бәрібір өлген соң дүниең қол бұлғап артыңда қалмақ. Қабірге кірерде үстіңе жібек шапан тұрмақ, аяғыңа жыртық шұлық та бұйырмайды!».


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз