Өлең, жыр, ақындар

Англия мен Россия арасы

Англия үкіметі бізге түрлі іліктерді тізіп, қорқытып сөз салғаннан кейін біздің Кеңес үкіметі Англияның сыртын қампайтқан ызғарлы сөзіне тиісті жауап қайырды.

Жауап қайырмай тұрып, аэропланмен кеңестік Россияның белгілі шешені жолдас Красин Еуропаның үкімет бастықтарымен ауызша сөйлесуге ұшып кетті. Красиннің асығуы — Англияның бізге жіберіп отырған «ызғарлы» сөзі емес. Біздің Италиядағы елшіміз жолдас Воровскийдің Швейцарияда өлтірілуі еді.

Қазір Расин Англияға аэропланмен ұшып барып, Англияның сыртқы істерін басқаратын министрі Кронмен сөйлескен, сөздерінің қорытындысы әзір жарияланған жоқ. Кеңестік Россияға қанша ызғарлы қылып сөз салғанмен, одан зәредей қорқуға болмайды, ол бізді үрейлендіре алмайды.

Өйткені Англия үкіметі Кеңес үкіметінің өзіне жау екенін әлдеқашаннан біледі, ол бұл күнге шейін ешбір жаулығын аяп қалған жоқ.

Кеңестік Россияға барлық дүниедегі байлар үкіметі ешнәрсе қыла алмағандығы, сол әрбір байлар билеп отырған үкіметтің аңдысып отырған күшті жауы — сол халықтың өздерінің еңбекші жұмыскерлер табы. Жер-дүние еңбекшіл табы кеңес үкіметінің өздерінікі екенін жақсы біледі. Әм Россиядағы Кеңес үкіметіне жәрдемдерін мұршасы келгенше аямайды. Расин Англияға барғаннан кейін Англияның бас мекемесі, парламентінде жұмыскерлер партиясының бастығы Макдональд деген кісі Россиядан айтылған сөзі жайында Англия үкіметінен жауап сұрап, Кеңестік Россияға болысып жатыр.

Бұған қарағанда, Англия үкіметі қанша көбігін шашып шабынғанмен ешнәрсе қыла алмайтындығы көрінеді.

Еңбекшіл табы әм кеңес үкіметі соғысқа қарсы; бірақ жауынан қорқуды білмейді.

Істі келешек көрсетер.

1923 жыл


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз