Өлең, жыр, ақындар

Қазақ қаласы

Ақмоланың губерниялық кеңестер комитетінің төрағасы (председателі) жолдас Сабыр Шәріпұлы губерниясының төрт жерінен төрт қала салуға жоба кіргізген. Жолдас Шәріпұлының бұл ұсынған жобасын губерниялық советтер комитеті кеңеске салып, биыл 1923 жылы Ақмола губерниясының бір-ақ жерінен қазақ қаласын салуға қаулы қылған.

Бұл қазақ қаласы Қызылжар уезіндегі бұрынғы «Важен» участогіндегі № 3 кеңес шаруа жайынын (совхоз) орнында болмақ. Сол № 3 кеңес шаруа жайының барлық мүлкі, саймандары қазақ қаласынікі болмақ. Жетпеген сайман, мүліктерді үкімет тарапынан бермек.

Жолдас Шәріпұлының жобасы бойынша қалаға ылғи жарлы, ешнәрсесі жоқ қазақтарды жимақ. Қала жүз үйден кем болмайды. Төрт қала салынса төрт уезде салынбақ: Қызылжарда, Көкшетауда, Атбасарда, Ақмолада.

Бұл қалалар ылғи қолайлы, жақсы жерлерге салынбақ. Оған мал һәм керекті сайман құралдар үкімет тарапынан берілмек. Қалаға кіретін қазақтың бәрі жұмысқа жарайтын, еңбектен қашпайтын адамдар болмақ. Қаланың шаруасын біраз уақытқа шейін басқарып отыратын кісіні губерниялық кеңестер комитеті тағайындап отырмақ. Жарияланып ашылғанда қалада: аурухана, дәріхана, білік үйі, ұсталық дүкені, мектеп болмақ. Бұл Қазақстанның ең бірінші қазаққа арналып салынбақ болып отырған тұңғыш қаласы. Қазақ халқы орын теуіп отырмай өнер-білім, мәдениеті алдағы халықтардың қатарына кіре алмайды.

Қазақ өнерлі халықтардың қатарына шын кірсін деген адамдар құр көкиюді тастап, қазақты тез ірге бекітіп отырту ісіне кірісулері керек. Бұл қазақ тұрмысындағы зор тарихи іске жолдас Сабыр Шәріпұлы мұрындық болды. Қазақстанның басқа аймақтары да Ақмоладан қалмай қала салып, қазақ жарлыларын оқыту ісіне кірісер.

Қазақстан үкіметі бұл іске шамасы келген жәрдемін аямас. «Жер-су комиссариатының Ақмоладағы қырық шақты жылқысын сол қазақ қаласына бер», — деп Қазақстанның Халық комиссарлар кеңесінің төрағасы (председателі) Ақмолаға бұйрық қылды. Істің тез жемісті болуына шын көңілмен тілектеспіз.

1923 жыл


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз