Өлең, жыр, ақындар

Тағы да Ахмет туралы

(Әйтиевке жауап)

Орынборда орыс тілінде шығатын «Степная правда» деген газеттің 33-нөмірінде Әйтиев жолдас менің «Еңбекші қазақ» газетінің 64-нөмірінде Ахмет Байтұрсынұлының 50 жасқа толғаны тақырыпта жазған мақаламды мінеп, менің «қателерімді» түзеп сөз жазды. («Фактические правки»)

Біреудің сөзінің біреу қатесін түзеп жазғанда, сол қате мақала басылған газеттің өзіне жазушы еді. Егерде ол газет баспаса, сонда барып басқа газеттерге жазушы еді. Бұл — бір.

Және де менің мақалам қазақ тілінде қазақ газетіне жазылған еді. Ал Әйтиев жолдас менің мақаламмен таныс емес орыс оқушыларының алдына өзінің қате түзеткен мақаласын былш еткізіп ұрып қалды. Бұл — екі.

Бұдан не мақсат шығармақ болғанын білмеймін, әйтеуір сыншымның мұнысын мен баяғы Боранбек батырдың мінезіндей ғой деп аңғарып қалдым. «Бізді ұлы жүз алса, біз кіші жүзді аламыз...» — деп баяғыда Боранбек батыр айтады екен. Сондай-ақ «ол қазақ газетіне жазса, мен орыс газетіне жазамын» деген Әйтиевтің құлқы болғаны-ау деймін.

Әйтиев менің дұрыс деп жазғанымды түзетемін деп қисайтып жіберген соң, мен бұл туралы сол «Степная правда» менің сөздерімді адыр-бұдыр, үшкірлі, қырлы көріп, басуға лайық көрмеген соң, ылажсыз «сыпайыға сыпайы» қылып, мақта білтелеп қазақ газетіне жазып отырмын.

Қысқасы, менің Ахмет туралы жазғаныма Әйтиевтің көңілі толмайды. Себебі мен Ахметтің әлеумет-саясат жолындағы істеріне жеңіл қараң, қате баға беріп, құр үстіртін әшейін сипап отыр дейді.

«Байлар, жарлылар табына бөлмей, жалпы қазаққа қызмет қылмақ ниеті жолында Ахмет жалған ұлтшыл, шенқұмар адамдармен бірге «Алаш» партиясында болды» деген сөздерім Әйтиевке қате көрініпті.

«Мұнысы несі? Алаш партиясында қазақ үшін жаман ойлы адамдармен бірге болды дегені несі? «Алашты» жасағанның бірі Ахметтің өзі емес пе еді?» — дейді. Рас, Әйтиев жолдас, «Алашты» жасасқанның бірі Ахмет екені рас. Олардың ішінде шенқұмар, жалған ұлтшылдар болды. Ахмет әйтеуір қазаққа қызмет қыламын деп солармен бірге болды. Мен бүйтіп тәптіштемесем де қысқаша солай деп айтқанмын.

«Қазаққа қызмет қыламын деп Ахмет коммунист партиясына да кірді» деген сөздерім де Әйтиевке қате көрініпті. Әйтиев айтады: «Ахметтің партияға кіруі олай емес еді. Коммунистердің жолына, екпініне шыдай алмай партиядан өзі шыққан жоқ, оны шығарып тастаған», — дейді.

Коммунист партиясының жолымен жүре алмай, екпініне ере алмай қалған кісі мен сол жолмен жүре алмай, екпініне ере алмағанды қалдырып кеткеннің қанша айырмасы бар екен?.. Бірақ әйтеуір айтуға сөз керек қой.

Дау құмарға ел керек,
Тау құмарға бел керек.

Және Әйтиев жазады: «Ахметтің ұлтқа қызмет қылмақ болып коммунист партиясына кіргенін Манап Шамиль жолдас дұрыс деп біледі әм басқаларға солай қылуды мәслихат қылады», — дейді.

Бұл енді Әйтиевтің биікке, тұранға шығу үшін мені басқыш қылмақ болғаны. Шың-құздың басына шық, Әйтиев жолдас, бірақ мені басқыш қылмай шық.

Ахметтің онысын дұрыстаған біз жоқ, жалғыз-ақ Ахметтің дұрыс жері — адалдығы, шенқұмар еместігі деп білеміз. Және шын ұлтшылдық, шын коммунистік көрінген адамның қолынан келмейді. Біз осылай деп жазғанбыз. Оны сіз орыс жолдастарға теріс аңғартпақ болғанмен, қазақ жарлысының газетін оқитындар теріске бұрмайды.

Ұлтшылдыққа қарсы кім қаттырақ күрескен екен, оны жұрт айтар. Және Әйтиев жазды: «партияға Ахмет ұлтшылдығымен кіріп, ұлтшылдығынан шығып қалған жоқ, әркімнің саяси ұжданын ыждиһаты, тұрмысының негізі туғызады...» — дейді. Яғни, мәселен, «коммунист» болу үшін дүние көру керек дейді». Бұл хақ сөз. Талас жоқ. Коммунист болуға осындай шарт керек екені рас. Ахмет бұл шарттарға қарамай өзін-өзі күштеп компартияға кіріп еді, коммунистерге ере алмай шығып қалды. Мұнысы жоғарғы қағиданың дұрыс екенін көрсетті.

Бірақ бұрынғы патшалардың атарман-шабармандарының, бақташыларының арам табандарына түсіп езілген ұлттардан коммунист болғандардың көбіне қазір жоғарғы қағида дәл келмейтін болып көрініп отыр. Мәселен, қазіргі коммунист болып жүрген қазақтардың көбі учитель, мұғалім, хатшы, біразы фельдшер, доктор, агроном, техник, хатта адвокат, болосной, старшын болғандары да бар. Міне, бұған қарағанда Ахметтің коммунист партиясына ере алмай шығып қалуына үлкен себеп — өзінің шын нәзік жанды ұлтшылдығы. Міне, Әйтиевтің түзетемін деген жерлері осы сөздер ғана, өзге сөздері әшейін домбыраның құлақ күйі.

Әйтиев жолдас қазақша хатқа шорқақтау болушы еді. Тегінде, қате түзетпек болып қисайтыңқырап жүргені сол хатқа шорқақтығынан болар. Немесе, басқа бір мүдделі мақсатпен қисайтқан болар. Қайтесің мүдделі мақсатпен сынайтын сыншыларым мені ағаш атқа қамшы қылса сорым дағы! Және хат білмейтін кісілер менің сөздерімді сынамақ болса тілмаштардан өтінемін: «Сөздерімнің мәнісін бұза көрмеңіздер».

Әйтиев сөзінің ақырында маған: «коммунист партиясының ұлт мәселесі туралы нұсқауды жеңіл бағалайсың, бұдан былай мұндайдан тиылуыңды лайық көреміз», — дейді. Сонымен, ұлтшылдыққа жалғыз өзі ғана қарсы болғысы келеді. Көрерміз.

Қайдам, бұл уақытқа шейін Әйтиевтің ақылынсыз-ақ ұлтшылдыққа қарсы күрескен болып келіп едік. Бірақ әрине, Әйтиевтің ізімен, Әйтиевтің жолымен емес. Қайткен күнде де, кез келген уақыттарда Әйтиевтің осындай ыңғайлы сөздерді жазып тұруы ақыл-ақ.

Не қылсаң да ел тап
Биікке шық, бел тап.

1923 жыл


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз