Өлең, жыр, ақындар

Қазақстанның орталық кеңес комитетінің 3-жалпы жиылысының қорытындысы

Үстіміздегі 1923 жылғы тамыздың басында болып өткен Қазақстанның Орталық Кеңес Комитетінің 3-жалпы жиылысының істеген істерінің, қараған мәселелерінің түрі һәм тәртібі мына төмендегідей:

1) Қазақстанның Орталық Кеңес Комитеті басқармасының істеген істері туралы баяндамасы.

2) 1923-24 жылғы ауыл шаруасына түскен бірыңғай салықты қалай жинау туралы баяндама.

3) Ақша-қазына комиссариатының баяндамасы.

4) Ақмола губерниясының кеңес комитетінің істеген істері туралы баяндамасы.

5) Қазақстан республикасын жаңадан аудандау туралы баяндама.

6) Биылғы егіннің жиылуына қарсы сауда-саттық туралы баяндама.

7) Қазақстанда әуе кемесін жүргізу туралы баяндама.

8) Қазақстан мекемелерінде кеңсе істерін қазақ тілінде жүргізу туралы баяндама.

9) Кеңес республикаларының жаңада құрылған құрама одағы туралы баяндама.

Міне, осы қатар тізіп өткен тоғыз мәселенің бәрінің баяндамаларын тыңдап, мәселені ортаға салып, әр жағынан қарастырып, тексеріп, жиылыс бұл мәселелер тақырыпты әркімнің ойын, мәселеге көзқарастарын тыңдап, әр баяндалған мәселе туралы қарарлар, қаулылар шығарды.

Жоғарғы айтып өткен 9 мәселенің бәрі қазіргі уақытта тұрмысымызда алдымызға келіп тіреліп тұрған мәселелер болған соң қаралып, тексеріліп, ортаға, талқыға түскен мәселелер.

Қазақстанның Орталық Комитет басқармасының баяндамасы мен Ақмоланың губерниялық кеңес комитетінің баяндамасы Кеңес үкіметінің тұрмыстың әрбір тарауын басқартуға жасаған мекемелерінің белгілі кезек уақыттарда мекеменің барлық мүшелерінің алдында, жалпы жиылыстарында істейтін баяндамаларында кезекті баяндамалары еді.

Ал одан басқа қаралған мәселелердің бәрі, яғни жетеуі ылғи қазіргі тұрмыс жүзінде алдымызға келіп қаралуды, шешілуді керек қылып тұрған істер еді.

Мәселен, ауыл шаруасына түсетін бірыңғай жалғыз салықты алайық. Бұл ауыл шаруасына түсетін бірыңғай жалғыз салық Кеңес үкіметі орнағалы ауыл шаруасына түскен салықтардан басқа, жаңа түрлі, жаңа тәртіпті, ауыл шаруасына тұтас бір-ақ түсетін жалпы, жалғыз салық.

Бұрын еш уақытта мұндай салық салынбаған. Енді биыл 1923 жыл мен 1924 жылға қарсы Кеңес үкіметі ауыл шаруасына бұрынғы түскен салықтардың тәртіптерін, заңдарын қалдырып, бірыңғай тұтас жалғыз салық салып отыр.

Отырықшы, жер кәсібімен күн көретін елдің салық егініне түседі. Салық бидайдың сабымен жиналады. Ал көшпелі мал өсіру кәсібімен күн көретін елдің салық малына түседі. Ет есебімен жиналады.

Бұрынғы ауыл шаруасына түскен салықтар (мәселен: разверстка, ақшамен алмай затпен алынған налог (салық), ылау, кіре, еңбек салықтары) жаңа орнаған үкіметтің халқына салған жаңа салықтары болғандықтан һәм бұл туралы жаңа үкіметтің мекемелерінің тәжірибелері аз болғандықтан, ол елге, ауыл шаруасына түсіп жиналған бұрынғы салықтар көңілдегідей жақсы болып жиналмай, бұл ретте түрлі жолсыздық, түрлі жетпегендік, түрлі кемшілік болды. Оны үкімет те, халықта айқын көрді. Оның үстіне ол салықтардың дұрыс жиналмауы былай тұрсын, ол салықтар халықтың ауыл шаруасына жайсыз болған соң, үкімет жоғарғы айтылған ауыл шаруасына бірыңғай тұтас түсетін жалғыз салыққа көшіп отыр. Мұның мақсатын айтып өттім: ауыл шаруасына түсетін салықтың ауырлығын азайту.

Ал үстіне түскен салық жеңілдеу болса, ауыл шаруасы күшейіп оңалмақ. Ауыл шаруасы күшейіп оңалса, мемлекет шаруасы оңалып түзелмек. Мемлекет һәм оның үкіметі нығайып, күшейіп, байып ішкі һәм сыртқы саясаттары күшейіп салмақты бола бермек.

Міне, сол себепті бұл мәселе һәм осы жиылыста қаралған мәселелер біздің қазіргі тұрмысымызда ең бір зор мәселелер һәм сол үшін бұл мәселелер үкіметтің жоғарғы мекемелерінде ортаға тексерілуге көбірек түсіп, көбірек қаралмақ.

Бұл ауыл шаруасына түсетін салық жайында Қазақстанның орталық кеңес комитетінің 3-жалпы жиылысы мына төмендегідей қарар қылды: 1923-24 жылда ел шаруасына бірыңғай түсетін салықты іске асыру тақырыпты Қазақстанның азық-түлік ісін билейтін комиссариаттың жасаған баяндамасын һәм оған қосымшалап жасаған ақша-қазына комиссариатының жасаған баяндамасын тыңдағаннан кейін Қазақстан Орталық комитетінің (КирЦИК) 3-сессиясы, ел халқына осы уақытқа дейін түсіп келген салықтарды біріктіріп салыстырғанда 1923-24 жылда ел шаруасына бірыңғай түсетін салық халыққа анағұрлым қолайлы түсетіндігі көрінеді; сондықтан халыққа биылғы түсетін салық мемлекет бюджетінің (кіріс-шығыс) теңгенің бағасы қойылмай бір қалыпта бекінуіне һәм өнеркәсіптерінің ілгерілеуіне бөгет болатын алым-салмағын жеңілдетеді һәм ауыл шаруаларының өте жақсы жайда бекініп жоспарланатындығын болжап 3-сессия ұйғарады:

1) Салық туралы шығарылған жаңа заң негіздерін дәлме-дәл орындауды һәм оларды барлық ынтамен жүзеге шығаруды барлық кеңес мекемелеріне ұсынуға.

2) Қазақстан халық комиссарлар кеңесінің темір жол һәм сумен қатынасатын жолдардан аулақ отырған губернияларда һәм онымен бірдей жеке аудандарда ақшадай һәм заттай салықтардың мөлшерін лайықтау һәм кейбір аудандарда салықты ақшалай алу туралы мәселе бойынша осы жылдың 16-шілдесінде шығарған қаулысын бекітуге.

3) Салықты ақшадай алатын аудандарда сауда жүргізетін мемлекеттің һәм кооператив ұйымдары істерін шамасынша ілгерілетуге міндеткер қылу туралы мәселені жөндеп шығаруды Қазақстан халық комиссарлары кеңесіне тапсыруға.

4) Ел шаруасына бірыңғай түсетін салықты орындау жұмысы губерниялық атқару комитеттеріне, селолық һәм ауылдық кеңестеріне жүктелген себепті төменгі дәрежедегі кеңес аппараттарының мезгілді уақытында күшейту шарасына кірісуге һәм оларға жүктелген істердің орындалып отыруын зерттеп отыруды губерниялық атқару комитеттеріне ұсынуға.

5) Аралас түсте салық салынатын губернияларда алым науқанын өткізу жұмысына барлық жауапкерлікті Қазақстанның азық-түлік комиссариатына жүктеуге, оны жіберілген салық алыну жұмыстарының жоспарымен таныс деп санауға һәм салық түсетін заттардың тізбектерін жинап, негізге алып һәм Қазақстан халық комиссарлары кеңесі бекіткен өсімдік дәрежесіне сәйкестендіріп, 1-қыркүйекке операционный жоспарды жөндеп шығаруды Қазақстанның азық-түлік комиссариатына ұсынуға.

6) Қазақстанның азық-түлік комиссариатының ұсынған сметасының шарасында тез һәм жеткілікті қып ақшаландырудың аса қажеттігi туралы орталықтан өтініш етуді Қазақстанның орталық атқару комитетінің президиумына тапсыруға.

7) Бірыңғай шаруа салығы туралы декрет бойынша салықтан босануға яки жеңілдік алуға хұқығы барлардың барлық егін дақылдарын мезгілінде әбден дұрыстап тәптіштеп есебін алып, азық-түлік орындарына һәм жер басқармаларына ұсынуға.

8) Күзгі егін науқанын көңілдегідей қып өткізу мақсатымен салық жию жұмысын бірінші қазаннан ерте бастамауды аса қажет деп тануға.

9) Келешекте салық жинау жұмысы жергілікті тәжірибеде көңілдегідей өту үшін Қазақстан атқару комитеті президиумының қолдандыруы бойынша салық жию тәжірибесін үйренуге кірісуге губерниялық атқару комитеттеріне тапсыруға ұйғарды.

Miнe, ауыл шаруасына бірыңғай тұтас түсетін жалғыз салық туралы жиылыстың шығарған қарары осы.

Онан соңғы қазіргі бір зор мәселе — ақша-қазына мәселесі. Мемлекеттің кіріс-шығыс (бюджетін) тәртібін жөнге қою, кіріс- шығысты теңдестіріп, шығыстан кірісті кем қылмай бірдейлестіруге лаждар жасау — мемлекеттің ең бірінші ісі. Үкіметтің қазына жинау һәм ол жинаған қазынаны халықтың түрлі керекті істеріне жұмсау ісін, қысқартып айтқанда, кіріс- шығыс ісін бюджет дейді. Бюджет екі түрлі болады. Ол мынау:

1) Мемлекет бюджеті.

2) Жергілікті бюджет.

Ал біздің Қазақстанда жоғарғы айтқаннан басқа тағы да аймақтық бюджет бар.

Міне, осы мемлекет бюджеті туралы, жергілікті бюджет туралы, бұл бюджеттердің ретімен бөлінген ақшалардың Қазақстанның аймақтық мекемелеріне қаншасын һәм жергілікті губерния-губерниялардағы мекемелерге қанша жіберіп тұрудың керек екенін анықтап, толық қылып жиылыс түрлі нұсқа көрсетіп, қарарлар шығарды.

Һәм бұл ретте мемлекет қарыздары туралы да оның үкіметке яғни мемлекетке бір жағынан пайда екенін айтып, екінші жағынан жалпы бұқара халыққа пайда екенін айтып, 6 процентті ұтыс қарызын һәм 2-ші астық қарызын жөндеп көңілдегідей таратуға керек екендігін айтып қарар шығарды.

Және Қазақстандағы қазіргі қазынаға түсіп жатқан салық туралы һәм мемлекет тарапынан әлеуметті қатерсіздендіру туралы қарарлар шығарды.

Тағы да ақша ісінің Қазақстанда көңілдегідей жүріп тұру ниетімен банк туралы қарар қылды. Тұтасымен алғанда бұл мемлекеттің ақша-қазына істері туралы яғни мемлекеттің кіріс-шығысы туралы Қазақстанның орталық кеңес комитетінің 3-ші жалпы жиналысының шығарған қарары толық, ұзын болғандықтан бұл жерде айта алмадым. Ол қаулы қазақша һәм орысша бөлек кітапша болып басылып шықты һәм ол губерния-губернияларға жіберілді. Әркім алып оқуға болады.

Бірақ тағы да айтып өтейін: бұл мәселе қазіргі жалғыз біздің мемлекетте емес, жалпы жер жүзіндегі мемлекеттерде ең бірінші негізгі мәселе болады. Сол себепті бұл жиылыста қаралып, баяндама тыңдалып, мәселе көп тексерілді.

Бұл ақша істеріне, мемлекеттің қазына жинау ісіне, ол жинаған қазына-ақшалары мемлекеттердің әртүрлі керекті істеріне, істің ретіне қарай, жобамен дұрыс жүргізілуге жиылыс Қазақстанның аймақтық мекемелеріне де һәм жергілікті губерния-губерниялардағы мекемелерге де анықтап өте қатты тапсырды. Бұған Қазақстандағы аймақтық мекемелерде һәм губерния-губерниялардағы мекемелерде отырған азаматтар да шындап көңілдерін салып бақылап отырулары керек.

Бұдан кейін қаралған екі мәселенің бірі Қазақстанды жаңадан аудандау, бірі биылғы егін алу қарсаңында Қазақстанда сауда-саттық істерін қалай жүргізу тақырыпты нұсқалар.

Бұл екеуі де қазір қай жерде болса да Кеңес үкіметінің алдына келіп тіреліп тұрған мәселе.

Бұрынғы ел билеу ретіндегі һәм шаруашылықты, тәртіпті құрылыс ретіндегі Қазақстанның губерниялары, уездері, болыстары өздерінің көлемдеріне қарағанда тек қолайсыз болғандықтан қазір кеңес құрамаларын жаңадан қайта аудандауға кірісіп жатыр. Сол себепті бұл мәселе бұл жиналыста ортаға түсіп, жиылыс бұл мәселені тексеріп, қағып-қарастырып қаулы шығарды.

Бұл шығарған қаулы бойынша Қазақстанның елдерін билеу ретінде һәм шаруасын құрылыстыру ретінде жиылыс мынадай нұсқаны лайық тапты:

1) Қазақстанның тұтас бір зор аймақ болуын лайық тапты. Оны басқаратын аймақтық мекемелер болмақ: КирЦИК һәм Совнарком.

2) Екінші санында губерниялар қалып, алаптар болмақ (орысша округ), оларды басқаратын алаптық мекемелер болмақ.

3) Одан төменгі сатыда уез қалып, аудан болмақ (орысша район) оны басқаратын аудандық мекемелер болмақ.

4) Ақырғы саты — болыс. Оны басқаратын болыс мекемесі Полмак.

Енді қысқаша бұлардың бұрынғыдан айырмасы мынау:

Губерния қалып, енді алап болмақ. Алап губерниядан көлемі аз болмақ. Бір губерниядан 2—3 алап шықпақ. Бұл неге керек десеңіз, бұл бір жерде отырып билеуге, басқаруға алапты елдің ықшамды, қолайлы болуына жасалып отыр. Екінші, уез қалып, оның орнына аудан болмақ. Аудан (орысша район) бұрынғы уезден көлемі кем. Бұ да бір жерде отырып ауданды елді билеуге, атқаруға ықшамды, қолайлы болу үшін жасалып отырған нұсқа. Үшінші, болыс бұрынғы болыстардан көлемі зор болмақ, бұрынғы 2—3 болыстарды қосып бір болыс қылмақ. Бұл расходты азайтып, билеуге, басқаруға болыс мекемесін бұрынғыдай дәйексіз, маңызсыз қылмай, байсалды, күшті қылу үшін жасалып отырған іс. Міне, аудандау туралы осындай қаулылар шығарылды. Және биылғы егін алу қарсаңында, сауда-саттық істері туралы нұсқалар көрсетіліп қарар қылынды. Одан кейін қаралған екі мәселенің бірі Қазақстанда әуе кемесін жүргізу баяндамасы болды һәм ол үшін қандай ылаждар керек екендігін белгілеу болды, ал екіншісі Қазақстан мекемелерінде кеңсе істерін қазақ тілінде жүргізу мәселесі болды.

Бұл екі мәселенің екеуі де толғағы жеткен, біздің Қазақстанға ең зор керекті бір тығыз мәселелер екенін жұрт білсе керек.

Бір шеті мен бір шеті атан түйемен алты айлық жол, отарба, темір жолы жоқ, пароход-кеме жүретін өзен-су дариялары жоқ Қазақстанға қатынасу, хабарласу үшін аэроплан әуе кемесінің керек екендігінде шек жоқ.

Бұған қаражат, ақша керек. Жалпы жұмылу, жалпы ынта керек. Бұл туралы жиылыс қарар шығарып, күллі Қазақстанның еліне, барлық азаматына жәрдем-көмек сұрап қағаз үндеу қылып жар салды. Ол «Еңбекші қазақ» газетіне басылған.

Онан соң Қазақстандағы қазіргі піскен бір зор тарихи мәселе мекемелерде кеңсе істерін қазақ тілінде жүргізу ісі.

Бұл туралы да жиылыс бір ауыздан барлық Қазақстанда қазағы көп жерлерде мекемелерде кеңсе істері қазақ тілінде жүрсін, бұған әрбір аудандық исполкомдардың, болыстық исполкомдардың істерін қазақша жүргізуге кісі даярлау үшін курстар ашылсын деген қарар шығарды.

Әр мекемелермен өзінің білетін тілінде сөйлесіп, ол мекемелердің шығарған бұйрық-жарлықтарды білетін тілінде оқып, тыңдап, жазатын арыздарын сол өзінің білетін тілінде жазбаған соң, жергілікті еңбекшіл халық көңілдегідей бұрынғы тілі һәм өзі үстем болып қалған халықпен қатар отырып істей алмайды.

Сол себепті бұл ең бірінші тарихи, іргелі мәселе еді. Мұны жиылыс тура шешіп, қарар шығарды. Мұны жергілікті мекемелерде отырған іс басындағы жігіттер өте қатты қолданулары керек. Онан соң бұл жиылыстың басында тыңдалған бір мәселе жаңадан құрылған кеңес құрамаларының, ұйымның, одағының, бас мекемелері туралы һәм ол кеңес құрамаларының одақтық бас үкіметінің не себепті құрылғаны туралы баяндама.

Міне, қысқасы, осы жоғарыдағы айтып өткен мәселелердің бұл болып өткен Қазақстанның Орталық Кеңес Комитетінің 3-жалпы жиылысының ортасына баяндамалары тыңдалып тексерілу үшін салынғанда әшейін, құр кез келген мәселелер болып ортаға салынған жоқ, Кеңес үкіметіне қазіргі уақытта ең бірінші керек мәселелер болған соң ортаға тыңдау, тексеруге, сарапқа түскен мәселелер.

Бұл мәселелер туралы жиылыстың жасаған қаулыларын, шығарған қарарларын Қазақстанның аймақтық мекемелері де һәм жергілікті мекемелері де мықты қолданып іске асырулары керек.

11.09.1923 жыл


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз