Өлең, жыр, ақындар

Мен қалай жаздым

Орысша Успенский рудник зауытын жергілікті қазақтар «Нілді зауыты» дейді.

Алғаш өлең жазуды мен бала күнімде осы Нілді зауытында бастадым.

Нілді зауыты біздің ауылдан 50-60 шақырымдай жерде. Мен, жас бала күнімде, от басында отырғанымда, әкей «орысша үйреніп, хат біліп, мал табуды» арман қылып сөйлеп жүрді.

Бір күні, қыстың бас кезінде, көршілес ауылдан біздің ауылға Төлепберген ұстаның баласы Әкілдік деген жігіт келді. Әкілдік жалшылықта жүретін еді. Әкілдіктің мінгені түйе. Нілді зауытына барады екен.

Әкей маған: «Әкілдікпен бірге Нілдіге бар. Орысша тіл үйрен, орысша оқу үйрен!» деді.

Мен: «Жарайды!» дедім.

Әкілдікпен сөйлесіп, мені Әкілдіктің түйесінің артына мінгестіріп жіберді. Араға бір қонып, Нілді зауытына келдік. Әкілдік Лаврентий деген орыстікімен сөйлесіп, мені сонда орналастырды. Лаврентийдің кемпірі бар, асырап алған бір кішкентай ерке қызы бар. Сауатын сиыры бар.

Маған орысша жазуды, тілді сол Лаврентийдің кемпірі оқытатын болды. Мені сиырын күтуге, пешке жағатын тас көмірді үйге кіргізуге, су қотарып алуға, андай-мұндайға жұмсайтын болды. Жататын орным Тұңғышбай деген почта таситын бір қазақтікі болды.

Бір қыс солай жүріп кемпірден «оқыдым». Қыстың аяқ кезінде жұмыскерлердің забастовкасын көрдім.

Орысша жазу сабағын кемпірден оқысам да, менің екінші түрлі оқуым Нілді зауытының машина жанындағы ұсталар дүкенінде болды. Машина жанындағы ұсталар дүкенінің бір қатарында ұшпур таптайтын ұсталар дүкені бар. Ол дүкендерде: Ыбырай, Асан, Үсен, Арын деген төрт қазақ ұстасы ұзақты күнге гүрсілдетіп жарқыратып, ұшпур таптайды.

Сол төрт ұстаның төртеуінің де қасыңда бір-бір бада көрік басады, бір-бір бала жігіт балға соғады.

Ыбырай ұста — ақын, өлеңші және хат та біледі. Ыбырайдың Нұрғали деген баласы бар. (Қазір Нұрғали Нілді зауытында мастер). Әуелі Нұрталимен бірге ұсталардың дүкеніне келіп жүрдік. Көрік басып шаршаған балалардың көріктерін басып жүрдік. Ыбырай ұста қара мұртты, ашаң, қара сүр кісі. Гуілдеген көріктің демімен өрт болып қайнаған тас көмір қорытында қып-қызыл шоқпен бірге шыжыған көк найза темірді құрыш балға гүрсілдетіп соғып, Ыбырай өлең айтады.

Өлеңі көріктің өлшеуі мен гуілдеген үніне, құрыш балтаның өлшеуімен соғылған күрсіліне, құрыш темірдің шыңылдаған дауысына қосылып, ұсталардың дүкен күйін жандандыратын еді.

Гуілдеген керікті дүкенде ұсталардың сыпылдаған күшті, сіңірлі қолдарының көк темірді жаныштап илеген істеріне көз суарылып, дүкеннің күйі, Ыбырайдың үні құлаққа сіңіп жүрді. Ыбырай ұстаның бір өлеңінде:

«...Сыртың сұлу, мылтықтың сымындайсың,
Ал қара көк құрыштың шыңындайсың.
Түсіне алмас аңқау жан, сөзің кесте,
Шапқы соққан күмістің жымындайсың... —
деген сөздері құлаққа сіңген еді. Және:
...Дүние — бір қисық жол бұраңдаған,
Тіршілік — қашқан түлкі бұлаңдаған,
Кедейлік — зіл қара тас иықты басқан,
Жігіт не оны көгеріп тура алмаған!..» —

деген өлеңі менің миыма орнаған еді...

Бұл төрт ұстаның төртеуі де, (Ыбырай, Асан, Үсен, Арын) кісімен үйірсек, ақ жарқын адамдар еді. Барғанда жарқылдап жақсы көріп, бауырларына тартатын еді. Үсен мен Асан бозбала еді. Бұлар қазір сол Нілді зауытында мастер, ұста, төртеуінің де үйлері де, ауылдары да зауыттың басында. Мен келесі жылы зауыттың школына кірдім. Лаврентийдікінен шығып, Зікірбек деген жұмыскердің үйінде жататын болдым. Зікірбек зауыт байының (ағылшынның) ат қорасында істейтін жұмысшы еді. (Зікірбек те қазір сол зауытта дейді).

Зікірбектікінде екі қыс жатып, зауыт школында екі қыс оқыдым. Сонымен Нілді зауытында үш қыс оқыдым. Сол үш қыста, бір сабақ — орысша әліп-би кітапшасынан алған оқуым болса, екінші сабақ — ұсталардың дүкен күйінен, аласұрып жұлқынған машина әрекетінен, машина түрінен, жер астында жұмыс істеп шығатын шахты, кен жұмыскерлерінің жатақ, тұрмыс күйінен, зауыт үстінде тас көмір, көк тас — кен үйген жұмыскерлердің тіршілік күйлерінен алған сабақ көңілге нық орнаған тоқу болды...

Біздің өзіміздің ауылда да, от басында да әңгіме, ертек, өлең сабақтары үзілмей айтылатын еді. Әсіресе, күздің, қыстың ұзақ кештерінде, тау араларынан ұйтқи соққан ызындаған желді түнді жамылған ауылдың от басы әңгімесіз, ертексіз, домбырасыз болмайды, өлең де айтылады. Біздің әкей аңшы еді. Ал аңшы адам, кешке от басында отырғанда әңгімеші, ертекші болады... Кейде елде ойындар жасалып, өлең, айтыстар болады...

Бала күннен, ес кіргеннен бері қарай-ақ сол ойын үстінде айтылатын айтыс өлеңдер және әлгі от басынан алынған «сабақтар» құлаққа сіңген, көңілге тоқылған әңгіме, ертек өлең суреттері менің қиялымда тізбектеле беретін еді.

Мынадай өлеңдер әлі ұмытылған жоқ:

Жайбасар деген жалшы жігіт бір ел қызымен айтысып қалыпты (Жайбасар саудагерде жалшылықта жүретін еді).

Саудагердің арбата жеккен аты шығып кетіп, Жайбасар соны іздеп жүріп, бір ауылда тары ақтап жатқан қыз-келіншектерге жолығады. Қыз-келіншектер тәлкек қылып, Жайбасарға өлең айтады. Жайбасар да өлеңмен қалжың-тәлкек айтады. Сонда қыздардың айтқаны:

«...Қаңқайғаннан — қаңқайған қалай неме?
Қанқайғаннан табарсың талай неме!
Аузынан келген сөзді қайтармайды,
Ноғайдың отын жаққан малай неме!..

Сонда Жайбасар айтқан:

...Мен өзім малай емес, май табамын,
Ноғайдан жүрген сайын тай табамын,
Алған тайды қыздарға бере салып,
Ақ тамақ пен ақ төстен жай табамын...»

Қыз:

«...Дегенге епсең-тепсең, епсең-тепсең,
Жарасар тепсең жерге мейіз сепсең.
Жеңгемнен ана тұрған ұяламын, —
Аузыңа жаялықтай мықтап тепсем!..»

Жайбасар:

«...Қуанып келіп едім ауыл көріп,
Бір өлеңді айта сап ем тәуір көріп,
«Тебем!» деп артқы аяғын көтереді,
Түңілдім салақтаған ауын көріп!..»

Және біздің ауылдың бір-екі әйелі бар. Шекілдік деген жігітпен қалжың-өлең айтқанда, айтқандары мынадай еді:

«...Түйе болсаң, болар ең опақ қана!
Бір бұтада қалар ең оттап қана.
Күзге салым қотыр боп үйге түсіп,
Қатын-қалаш қуар ед тоқпақты ала...
Болар едің қой болсаң шартық қана
Құрым қүйек қояр ед тартып қана.
Жазғытұрым жауында ұшып қалып,
Әкелер ед түйемен артып қана.
Жылқы болсаң, болар ең шертек қана,
Айғыр емес, ат емес — еркек қана.
Жазғытұрым ертеңге тойынғанда
Еркексіреп мардамсып селтек қана!..»

Және қыз бен жігіт өлеңдерінен

«...Ұшады көк ала үйрек көлге қарсы,
Ұясы жануардың желге қарсы.
Ынтық боп сәулем саған қол созамын,
Ұмтылған балапандай желге қарсы...
Шытыр-шытыр тобылғы сайға бітер,
Kөп жылқы көк аласы байға бітер.
Сұлулық сенен артық кімге бітер?
Жалғыз-ақ аспандағы айға бітер!..»

Міне осы тәрізді ауылда естіген өлеңдер жас бала күнімнен қиялыма тізбектелген еді. Оның үстіне Нілді зауытына келіп, орысша жазу үйреніп, зауыт жұмыскерлерінің тұрмыс түріне, тұрмыс күйіне, машина түріне, машина күйіне, ұсталардың дүкен күйіне көз бен құлақ суарылып, Ыбырай ұстадан өлең үйрендім.

Зауыт жастары анда-санда ойын ұйымдастырады. Ойындарына қыз-келіншектерді жинап ойнайды. Арын мен Үсен ұста екеуі ойындарына мені де ертіп алып барады. Олар ән салысып, ойнап жатады. Біз — балалар, ойындарын көріп, өлеңдерін тыңдап қарап отырамыз...

Үсен ұстамен және Күбіден деген байдың, (сол Нілді зауытындағы) сауда дүкенінде қызмет қылатын бір ноғай жігіт, зауыт байының алдында «тілмаш жігіт» болып тұрған бір Әмір деген жігітпен бақас болды. Үсен ұста туралы бір қызға, «тілмаш жігіт»: «Күйелі қол құрлы болармыз!» депті.

Әмірді келемеж қылып өлең жазбақ болды. Үсен айтып отырып, ноғай жігіт жазып отырып, екеуі олай жазып, бұлай жазып, өлеңді шығара алмады.

— «Мен жазайын!» — дедім.

— «Жаза аласың ба? Жазшы, жаза алсаң! Мынасын айт, былай де, былай де!..» деп маған тілмаш жігіттің келемеж болатын жақтарын айтты.

Кешке мен байдың тілмаш жігітін келемеждеп өлең жазып шығардым.

Ішінде мынадай сөздер бар еді:

«...Мақтанасың қолынның олағына,
Амал бар ма ақылдың шолағына,
Күйелі қол айырбас болмас мырза,
Байдың қолын жалаған шолағыңа.»

Менің ең алғашқы жазған өлеңім осы шығар.

1931 жыл, 10-мамыр.

Алматы


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз