Өлең, жыр, ақындар

Ертедегі жырлы әңгімелер, яки ноғайлы дәуірінен қалған әдебиет нұсқалары

Билер дәуіріне кіргізілген әдебиеттің 2-ші бөліміне ертедегі батырлар жырлары мен елдің ішкі тұрмысын суреттейтін әңгіме-жырлар кіреді. Қазақ атанған елдің ауыз әдебиетінде батырлар туралы әңгіме-жырлар кеп болған. Бірақ, көп болғанмен талайлары ұмытылып қалған. Тек: «Едіге батыр», «Қобыланды батыр», «Нәрік ұлы Шора батыр», «Алпамыс батыр», «Қамбар батыр», «Ер Тарғын», «Ер Сайын» сияқты әңгіме-жырлар ғана баспаға басылып, кітап болып біздің заманымызға жетіп отыр. Онан соң кей батырлар әңгіме-жырларының тек үзінділері ғана бізге жетіп отыр. Мысалы, «Ер Көкше», «Ер Қосай», «Ер Төстік», «Жабай батыр» және осылардай әңгіме-жырлар. Және біздің дәуірге дейін ұмытылмай келген, кейбір батырлар туралы қысқа толғау-жырлар бар. Мысалы: Орақ, Қарасай, Мамай және басқалар туралы жырлар...

Сол замандағы үстем таптың ішкі тұрмысын суреттейтін, ертедегі әңгіме-жырлардан біздің заманға жетіп отырған: «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» мен «Қыз Жібек»...

Іштерінде алғашында сөздері көп болса да ертедегі заманнан біздің заманымызға жеткен осы айтылған әңгіме-жырлардың дені қазіргі атанып отырған рулар «Ноғай», «Ноғайлы» атанып жүрген замандағы — Ноғай, Ноғайлы батырларын әңгімелеген жырлар. Сондықтан бұл бөлімді бөлек дәуір қылсақ, «Ноғайлы дәуірі» деп атар едік.

Біздің бұл «Ноғайлы» деген сөзімізге кейбіреулер ұйымауға мүмкін. Кейбіреулер білмегендіктен, кейбіреулер «ноғай болғысы келмегендіктен» ұйымауға мүмкін. Бірақ қазақ болған рулардың бұрын ноғай болғандығына тарихи дәлелдер ұйытпай қоймайды.

Орыстың кейбір тарихшылары: «Қазақтың ертеден қалған өзінің әңгіме-жырлары жоқ. Ертедегі батырлар жыры деп өзінікі қылып жүргендері ноғайдыкі»... дейді. Бұл не түрік-монғол руларының тарихын зерттей білмегендік, не, жеңіл, саяз мінезділік.

Осы кітаптың басында айтып өттік: Қазақ атанған рулардың дені — алтын ордалы Жошы ұлысында болған. Онан соң Шағатай ұлысында болғандары да біраздан соң Жошы ұлысына кірген. Және Жошы ұлысында дені Ноғай ханның қол астында болған. Ноғай 1306 жылы өлген. Сол Ноғай ханның қол астындағы Түрік-Монғол руларының бәрі — «ноғай елі», «ноғайлық», «ноғайлы» болып аталып кеткен. Ноғай ханнан кейін Өзбек ханның тұсында біраз ру — «Өзбек елі» болып та, «өзбек» болып та аталған.

Қазақ атанған рулардың дені — Қырымда да, Кавказда да, Қазанда да, Еділ-Жайық бойларында да болған. Сол болған жерлерінің бәрінде де қазіргі қазақ атанып отырған рулардың бөлшектері бөлініп қала берген. Және осы күнгі қазақ атанып отырған рулар Орта Азияға келіп, қазақ болып, бөлек хандық құрған сонда Қырымға көшіп кеткендері болған. Мұның бәріне тарихи мағлұматтар, дәлелдер бар.

Қырымда, Кавказда, Қазанда, Еділ бойында, Оралда, тағы басқа жерлерде, қазіргі қазақ атанып отырған рулардан бөлініп қалған бөлшектер сол отырған жерлеріндегі елдің аттарымен аталып отырса да соңғы уақытқа шейін қазақ атаулы елдің рулары мен рулас болғандары руларының аттарын ұмытпай келеді. Оны жоғарыда келтірдік.

Міне сол жоғарыдағы айтылғандай қазіргі қазақ аталып жүрген түрік-монғол рулары — Ноғай ханның елі, Ноғай елі — «ноғайлы» болып жүрген замандарда жыр қылған ертедегі батырлар әңгімелерін — «бұлар қазақтікі емес, ноғайдыкі, қазақтар тек ноғайдан алып жүр...» деген сөз тарихты жете білмегендіктен шыққан сөз. Қазіргі қазақ атанып отырған ел, ол кезде ноғайлы атанып жүргендігін білмегендіктен айтылған сөз. Қазіргі Қырым, Астрахань, Қазан, Еділ бойлары, Башқұртстан, Өзбекстан, қара-қалпақ және басқа жерлердегі түрік-монғол руларының ол заманда ноғай елі атанғандары ертедегі ноғайлы батырлары туралы айтылған жырларды-әңгімелерді — «біздікі еді» десе, айтуларына болады. Олай айтуға ақылары бар. Ноғайлы заманындағы ноғайлының батырлар әңгімесіне бәрі де ортақ деуге болады. Олармен ол заманда ноғайлы болған қазіргі қазақ та ортақ.

Ел аузында жыр болған ертедегі батырлардың рулары айтылғандарының көбі қазіргі қазақ атанып отырған елдің белгілі негізгі руларынан шыққан. Мысалы: Белгілі Қобыланды батыр — қазіргі қазақ атанып отырған елдің ірі руларының бірі — Қырсақ руынан шыққан. Атақты Шора батыр Нәрік ұлы — қазақтың белгілі Тама руынан шыққан. Ер Көкше, Ер Қосай — қазақ болған елдің белгілі — Уақ деген руынан шыққан, атақты «Едіге батыр» мен «Алпамыс батыр — қазақ атанған елдің белгілі — Қоңырат руынан шыққан.

Міне, өзі ноғайлы болып жүргендегі ноғайлының батырлар жырына қазақ та ортақ. Оның үстіне сол ертедегі жыр болған батырлардың бірсыпырасы қазіргі қазақ болған рулардан шыққандықтан да, оларды қазақ «біздікі» дей алады.

Қалың ноғайлы бірте-бірте бытырап, бөлек-бөлек болып жан-жаққа «ұлы ұрымға, қызы қырымға» тарасып кеткенде, қазақ атанып кеткен ноғайлылар өзінің ноғайлы заманындағы, ноғайлының бытырай бастаған заманындағы батырлар әңгімелерін өздері қазақ болып кеткен соң да ұмытпаған. Кей жырларды ұмытса да, бірсыпыра батырлардың әнгіме-жырларының ұзын-ырғаларын ұмытпаған. Қазақ болған елден өзге жерлердегі ноғайлылардың көбі ол батырлар жырларының ұзын-ырғаларын да ұмытып қалып, тек қысқа ғана әңгімелерін сақтап қалған. Тіпті кейбір ел қысқа әңгімелерінің өзін де ұмытып қалған.

Мысалы, «Едіге батырдың» әңгімесі түрік-монғол руларының көбінде бар, бірақ қазақ болған рулардың жыр қылып келген «Едіге батырдың» жырынан бәрінікі де қысқа, шолақ, тіпті кейбірінде жөнді жырлар да жоқ.

Ноғайлы заманынан қалған әңгіме жырлардың бәрі де қазақтан өзге ноғайлылардың бәрінде де сондай. Мысалы, қазақ, болған ноғайлылардың тама руынан шыққан Нәрікұлы Шора батыр тарихта белгілі адам. Алтын Орда, Ноғайлы азып-тоза бастаған кезде, Қазан даласында болған таластарға қатысқан адам. Өзі сол Қазанда өлген. Шораның Ислам, Әлкей деген екі інісі 1552 жылы, Қазанды Мәскеу патшасы алғанда, Қазанды қорғап соғысқандардың ішінде өлген. Шора батырдың әңгімесі де Қазан татарларының және басқа татар елдерінің ел әдебиетінде бар. Бірақ бұл Шора туралы да қазақ болған елдің айтып жүрген әңгіме-жыры өзге елдердікінен көлемді, көп.

Ертедегі ноғайлы заманындағы батырларды әңгіме қылған жырлардың қайсысын алсаң да қазақ болған елдің ауыз әдебиетіндегісі өзге түрік-монғол руларының бәрінікінен де екі есе немесе талай есе көлемді, талай есе толық болып сақталып келген.

Қазақ болған елдің ауыз әдебиетінің молырақ болып сақталып келуінің себебі, әрине шаруашылық тұрмысынан, болмысынан болып келген.

Ертедегі батырлар әңгіме-жырларын, қазақ атанған елдің ноғайлы болған дәуірінен немесе «ноғайлы» атын әлі тастамай жүрген дәуірінен қалған әдебиет нұсқалары дегенде, тарихи дәлелдерді былай қоя тұрғанның өзінде, сол ертеден қалған жырлы-әңгімелердің өздерінен дәлелдер келтіруге болады. Бірнеше жырлы-әңгімелерден оған мысал келтірейік.

Шора батырды алып қарайық:

Шора батырдың әңгіме-жырын алып қарасаңыз да Шораның «ноғайлы» батыры екенін көресіз. Шора батырдың әңгіме-жырын былай қойып, тарихтан қарасаңыз да Шораның ноғайлы батыры екенін көресіз. Ол туралы жоғарыңа айтқанбыз.

Шора батыр туралы қазақ арасынан жазылып, баспада басылып шыққан екі түрлі әңгіме-жыр бар. Соның екеуінде де Шораны «Нәрік деген адамның баласы еді, Қазан қаласынан шыққан тама деген рудан еді» дейді.

Ал «тама» қазіргі қазақ атанып отырған елдің белгілі бір руы. Онан соң бұл тама деген ру қазақ атанған рулардың бірсыпырасы қалың ноғайлыдан бөлініп Қазақ болғаннан кейін көптен соң келіп қазақ болған.

Қазақ арасынан жазылып, баспада басылып тараған Шора батырдың екі түрлі әңгімесінің бірінде Шораның әкесі — Нәрік, Қазаннан тама руынан бөлініп Ақдала деген қаланың қырық мың үйлі «Айрақтыны», он мың үйлі «ноғайлыны» билеген. Қараханның қол астында көшіп келеді. Қарахан ноғайлыдан еді дейді, бірақ Айрақты елі көп болған соң Айрақтың Әліби деген биі ноғайлыға зорлық қылып, ноғайлы қараханы — Қараханға дегенін істетуші еді дейді. Хан Айрақты елін, оның биі Әлібиді шамасы келсе билегендей еді дейді. Айрақтының биі Әліби Қазаннан көшіп келген Шораның әкесі Нәрікке де зорлықты қылып баққан еді дейді.

Шора ержетіп, ноғайлының балаларына зорлық қылатын айрақтың балаларын қырады. Сонан соң айрақтының үлкендерімен соғысып, беттерін қайтарып жеңеді.

Айрақтылардың кегінен қорқып, Шораны әке-шешесі Қазандағы туған-туысқандарына жібереді. Қазанға батыр қайтып келіп, әкесіне зорлық қылған және ноғайлының еліне, ханына зорлық қылған айрақты елімен соғысып, қырғанын қырып, қалғанын жер аударып жіберіп ноғайлының ханы қараханды ақ киізге орап хан көтереді.

Екінші жырлы әнгімесінде Шора батыр Қазанды кәпір алды деген соң Үргеніш төңірегіндегі Ақша ханның елінен Қазанға жалғыз аттанды. Жолындағы қалың ноғайлы деген елден Шора батырға жолдас болып Құлыншақ деген батыр ереді. Тағы да жолай, Ормамбет бидің он сегіз мың ноғайлы елінен бір аруы Мақтым деген сұлу батыр Шора батыр келеді дегенді естіп, жолын тосып, көрісіп тілдесіп қалды. Бұл арасын әңтімемен сөйлеп, жырын былай жырлаған:

...Шора аттанып келеді,
Бүкең қағып желеді,
Ақтан керат астында,
Құлыншақ батыр қасында.
Шора батыр сол күнде,
Тап он екі жасында.
Оқа бөркі басында
Ақ сұңқары қолында.
Ормамбет бидің айласы
Он сегіз мың ноғайлы
Арыстан Шора батырдың
Жүретұғын жолында...

Ормамбет бидің ноғайлысынан шыққан — «Шора батыр келеді» деген хабарды естіп, Шораның жолын тосып жолыққан ару Мақтым деген сұлу батырдың сөзінің бір жерінде былай жырлайды:

...Көкестің ұлы атанған
Шора батыр сенбісің?
Қазанды жаудан айырар,
Ел құтқарар ермісің?
Ноғайлының елінде
Ару Мақтым мен болам
Сен артық па, мен артық?
Жә болмаса теңбісің?
Қазыналы Қазанды
«Көпір алды» деген соң,
Қаһарланып, қатайып,
Шамырқанып, шаттанып,
Мұздай темір құрсанып,
Ыза қысып бусанып,
Кек алмақ болған серімісің?..

Шора батыр мен Құлыншақ батыр екеуі Қазан қаласына келіп, пішен базарындағы Қабыл мырза дегеннің үйіне түседі. Сонан соң Қазан елінен алым жинай келген орыс патшасының төрелерін өлтіріп, ұрыс қылып, патшаның әскерін жеңіп Қазанды құтқарады.

Ол арасын жырда былай деген:
...Кәпірдің үлкен патшасы
Құшақтап бұтын зытады
Ер Шораның аруағы
Айдаһар боп жұтады.
Шора батыр келген соң
Патша тақтан құлады.
Қазандағы ноғайдың.
Мұрады сонда болады...

Мұрат ақынның Шалгез деген жырында да Шора батыр ноғайлының батыры болады. Мұрат жырының мынандай әнгімесі бар: Ноғайлының он шалы — біреуі Шалгез жырау, қалмақтың көп жылқысын қуып қашады. Артынан көп қалмақ қуып жеткенде, Шалгез жырау тоғыз шалға жылқыны айдатып жіберіп, өзі қалмақты сөзбен тоқтатады. Сөзінде шалдардың әрқайсысын сол замандағы атағы шыққан ноғайлы батыры деп, қалмақты алдайды. Атақты батырлардың атын естіген соң қалмақтар қорқып, жылқыға таласпай қайтады... Шалгез жырау сол ноғайлының тоғыз батырының бірін — Нәрікұлы Шора деп білдіреді:

Жырында былай дейді:
...Еңді бірін кім десең,
Тумай аты жазылған,
Шаппай ізі қазылған,
Асылы нұрдан жараған,
Жауды көрсе жайнаған,
Жайтасындай қайнаған,
Мың қызылбас кез келсе
Айдарынан ұстан байлаған, —
Оның бір несін сұрайсың?
Ол кісінің ішінде
Керкерден жалғыз атанған
Нәрік ұлы Шора батыр...

Сөйтіп, Шора батыр да ноғайлының жауын жаулаған ноғайлының батыры болады. Шораның әңгіме-жырын Шораның атын Қазан хандығына таласқан тартыстарға байланыстыру тарихтағы болған іске айқын меңзейтін жайт.

Және Сайын батырдың әңгіме-жырын алып қарайық...

Бұл батырды да ноғайлының батыры екенін айқын айтады. Тура Сайын батырдың жырынан сөз келтірейік:

...Бұрынғы елдің барында,
Өткен елдің шаңында,
Сол елдердің тұсында,
Ноғайлы деген Халық өтті.
Ноғайлының үш кенті
Заманында жарлы өтті...
Ноғайлының халқында
Сондай бір момын бай болған,
Төрт түлігі сай болған,
Өз алдына паң болған,
Қара басы хан болған.
Байлығы жұртқа заң болған.
Байлығының белгісі —
Малы алашқа таң болған...
Дүниеқор сол байдың
Дүниеден жалғыз мұңы бар, ...
Бір перзентке зар болған...
...Бозмұнай бай жылайды.
Жат айтады құдайды:
«Ашамайға мінгізіп»,
Көш алдына жүргізіп,
Әжептәуір құбының
Алдына алып сүйгізігі,
Алашқа атын білгізіп
Ұл қызығын көрмедім...»

Сөйтіп — Бозмұнай балаға зар болып жылап жүргенде қатыны буаз болып, бір ұл табады. Жиналған жұрт — хан мен би жаңа туған жас баланың (болашақ Сайын батырдың) атын табалмай дағдарып отырғанда, жүз отызға келген бір кедей қарт атын табады. Жырында былай дейді:

...Сол уақытта бір адам
Жүз отызға келіпті,
Талай мақұл көріпті.
Ноғайлының жұртында
Онан үлкен кісі жоқ.
Өзі жарлы болған соң
Онымен жұрттың ісі жоқ.
Хан мен билер қасына
Шал байғұс келді таянып:
«Баланың атын сұрасаң, —
Беліндегі бес қару
Тал бойына жарасқан,
Ерлігі өткен алаштан,
Батыр Сайын болмас па?
Үстіне аруақ қонбас па?
Хан мен билер қамалып,
Соны тауып қоймас па...

Мінекей, жырдың басынан аяғына дейін Сайын батырды — ноғайлының батыры еді деп, «алаш» деген сөзді ноғайлының сөзі еді деп баяндайды.

«Ер Көкше ұлы Ер Қосай»

Ер Көкше ұлы Ер Қосайдың жырын алып қарасақ, ол да ноғайлы болады. Ер Қосайдың әкесі Ер Көкшенің руы уақ еді дейді. Ал уақ қазіргі қазақ атанып отырған елдің орта жүзіндегі белгілі ру. Әлгі Мұрат ақынның жыр қылған, қалмақтан жылқы алған ноғайлының он шалының ішіндегі — Шалгез жырау қалмақты алдап қорқытып, қасындағы тоғыз шалды ноғайлының сол заманындағы атақты тоғыз батыры қылып сипаттап, аттарын атаған тоғыз батырының бірі — Ер Көкшенің ұлы Ер Қосай. Мұраттың жырында былай деген:

...Енді бірін кім десең,
Жеті аршын жарым бойы бар,
Адамнан артық біткен сойы бар,
Артынан келген дұшпанға
Көрсететін тойы бар,
Жауырыны жазық, мойны ұзын,
Оқ тартқанда қолы ұзын,
Мандайының арасы, —
Екі қарыс, екі елі,
Дулығаға сыймас шекелі
Оның бір несін сұрайсың?
Ол кісінің ішінде
Тек бер деп жалғыз атанған
Көкшенің ұлы Қосай бар...

Ер Көкшенің өз жырында да Көкшені, Қосайды ноғайлы еді дейді. Жыры былай басталады:

...Уақ улы Қамбар екен.
Қамбар ұлы — Ер Көкше...
Ер Көкше тіпті жас екен, —
Жас та болса бас екен.
Он сан ноғай бүлгенде,
Ормамбет хан өлгенде
Көкше батыр жатыпты
Манан деген суына,
Балқан деген тауына.
Үлесуге мал таппай,
Атысарға жау таппай,
Со кісінің ішінен
Бөлініп шықты қырық кісі
Қарауыл кеткен төрт кісі
Шынды ауып кеткен бес кісі...

«Жабай батырдың» жырын алып қарасақ, олар да ноғайлы болады. Оның жыры да былай басталады:

...Он сан ноғай бүлгенде,
Ормамбет хан өлгенде,
Қырық жылдай атысқан,
Қызыл қанға батысқан...
...Ат мойнында жал қалмай
Қызыл бетте қан қалмай,
Бәденінде әл қалмай,
Қанды соғыс көп болған,
Талай қиын кеп болған...
Ноғайлыдан шыққан
Жабайлы Бес мың кісі қамайды...
Жабай алды найзаны,
Істеді талай айланы.
Суырды алмас қылышты.
Бес мың топты жауменен
Жабай жалғыз ұрысты
Астына мінген тай құлын
Түзеді сонда жүрісті....

Мінекей, кәзіргі қазақ атаулы елдің ескіден келген ауыз әдебиетіндегі ертедегі батырлар туралы айтылатын әңгіме-жырларының бәрі-ақ — қазақ атаулы ел бөлініп қазақ хандығын құрмай, ноғайлы атанып жүргендегі, ноғайлы болып жүргендегі заманның батырлары әңгімеленген жырлар.

Міне, сондықтан бұл реттегі ел әдебиетің ноғайлы дәуірінен қалған жырлы-әңгімелер деуге тиіспіз.

Міне, сөйтіп, ертедегі батырлар туралы айтылған әңгіме-жырларды жақсылап оқып тексерсеңіз, онан соң қазақ атанған елдің тарихын тексерсеңіз және қазақтың өзге ескі ауыз әдебиетін тексерсеңіз — әлгі кейбір тарихшылардың, кейбір әдебиетшілердің: қазақтың өздерінің батырлар туралы әңгіме-жырлары жоқ, өзіміздікі деп жүргендері ноғай халқыныкі дегені тек былшыл екенін көресіз...

Қазақ атанған ел өзге ноғайдан тұтасымен бір-ақ күнде бөлініп, үзілді-кесілді болып, бөтен ел болып кеткен жоқ дедік. Осы күнгі қазақ атанып отырған елдің кейбір рулары ноғайлыдан бөлініп шөлде, ен далада, иесіз тауларда көшіп шығып бөлек хандық құрып жүргенде — талай рулар ноғайлы атымен, кейбір рулар өзбек атымен де талай жыл дәуір сүрген дедік. Ең әуелі өзге ноғайлы елінен бөлініп шығып, қазақ атанып бөлек хандық құрған осы күнгі қазақ атаулы елдің 4 — 5-ақ руы дегенбіз. Сол бөлек қазақ хандығын құрған, ен далаға көшіп шығып жөңкілген елге әркезде ноғайлыдан бөлініп қазіргі қазақ атанған рулардың әрқайсысы келіп қосыла берген дегенбіз. Өзге ноғайлылардан ең кейінірек бөлініп қазақ болғандардың көбі кіші жүз руларынан болған.

Ұлы ноғайлының ұзақ заман дәуір сүрген жері Еділ-Жайық өлкелері. Кіші жүз руларының бірсыпырасы бірте-бірте ығысып ірге аударғанмен, сол ескі мекен — Еділ-Жайық бойларынан көп аулақ кетпеген. Ақтабан шұбырындының алдында ауа көшіп, одан кейін қайтып барған. Ноғайлы атымен отырып қалған елдің ең ақырғылары азып-тозып, бөлініп-бөлініп кеткенше, қазақ болған кіші жүз рулары сол қалған ноғайлылармен көршілес отырған. Тіпті ең ақырғы қалған азғана ноғайлылардан шығып келіп қазаққа қосылып, осы күнге шейін «ноғайлы» атын ұмытпаған елдер көбінесе сол кіші жүз руларының ішінде.

Міне, сондықтан біздің қазақ болған елдің бұрынғы «ноғайлы» болған дәуірінен қалған ауыз тарих сарқыншағы ауыз тарих деректері алғашынан күңгірттенген болса да, көбінесе кіші жүзден көбірек табылыңқырайды. Ұлы жүздің, орта жүздің қариялары елдерінің бұрынғы басынан кешірілген дәуірлерін ұмытып, өткен дәуірлерінің оқиғаларын тек сағым тәрізді ертегі қылып, ұмытылған, баршаланған түс тәрізді әңгімелеп жүргенде кіші жүздің шежірешілері, ескі сөз жинаған қариялары елдерінің ноғайлы болған дәуіріндегі сарынын біразын күңгірттеу, алғашынан дау болса да ұмытпай келген.

Ескі ақыңдардың сөзінде ноғай, қазақтың айырымы бар ма?

1906 жылы 63 жасында өлген кіші жүз Мұрат ақынның толғау жырларында «ноғайлы» мен «қазақ» деген елдің бір ел екенін көресің. «Қазтуған» деген жырында Асан Қайғы тәрізді бұрынғы заманда бір Қазтуған деген кісі — «Еділ-Жайықтың бойын жау алады» деп, жау алмайтын қоныс іздеп ауарында жырлаған толғауында «ноғайлы-Қазақ елімді тастап кетіп бара жатырмын» деп жырлады. Міне жыры:

...Бұл қоныстан кетпесек,
Мұны талақ етпесек,
Қалмағай ед «кәпірге» —
Ноғайлы қазақ жұртымның
Кейінгі туған балалар-ау!..
...Қашағанның ұзын құрығы
Ақ орданың тіреу сырығы.
Айдаса қойдың көсемі
Сөйлесе тілдің шешені.
Арғымағын жаз жіберіп, күз мінген,
Жазаласа екі жылда бір мінген,
Жолдасын жолай іздеген
Өзіне тиген дұшпанын
Қарт бурадай тіздеген, —
Мен қарға бойлы Қазтуған
Қайғыланып асып барамын
Ноғайлы қазақ елімнен...

Асан Қайғының да ноғайлы екенін Мұрат ақын айтады. Ноғайлының Орақ-Мамай, Телағыс, Нәрік, Тарғын, Жаңбыршы, Мұса, Көкше атты тарихта, әдебиетте белгілі батырларын «ноғайлы-қазақ» атты өз елінің бұрынғы өткен батырлары қылып жырлайды. Мұраттың мынандай жырлары көп:

Мұса бидің баласы —
Орақ Мамай бар екен,
майтын ер екен.
Ел шетіне жау келсе, —
«Біз барарлы!» дер екен.
Боқсақтың бойы боз қамыс
Еділ-Жайық арасы
Екі судың, саласы, —
Қарасай сай, Қазы тең өсті —
Ер Орақтың баласы.
Атысуға жақсы екен
Сол сулардың даласы.
Бұрынғы өткен заманда
Белгілі екен ерлер де
Жаудың да келер шамасы,
Қоныстың бәрін жоғалтқан
Ноғайлы қазақ надан жұрт
Бірлігінің кемісі!..

Міне, сөйтіп, Мұрат ақынның жырларында — «ноғайлы», «қазақ» деген сөз бір-ақ елдің аты. Және ноғайлы батырлары мен билері қазіргі қазақ елінің бұрынғы өз адамдары. Бұл тарихи дұрыс сөз.

Және кіші жүз Бөкейлік Қайырлы деген ақынның патша заманында жазған ««Хикаят» деген кітапшасында да ноғайлының Орақ Мамай атты батырларын қазақтың бұрынғы батырлары дейді.

...Әй ізгілер, жақсылар!
Естіген бар, көрген бар,
Ең болмаса өзі сұрап білген бар.
Естігенің болса айтыңыз:
Бұрынғының сөзінде
Ойлап тұрсам жалған бар.
Жалған демей не дейін, —
Өздері кетті кең жерге
Кейінгі қалған ұрпағын
Сыпталағып қалдырып,
Ісімізді жандырып...
Айналайын, халқым жұрт,
Бұрынғыдан қалған жұрт,
Қалғандығын айтайын,
Орақ-Мамай кеткен соң
Балығы бар суды алған.
Борасын тоқтар нуды алған,
Ел паналар жерді алған,
Еділді алған, елді алған
Теңізді алған — теңді алған.
Төбесіне тұз біткен
Шұқырлы биік кенді алған.
Теңізден шыққан сала су
Жайық деген — мұны алған.
Енді аржаққа қарасам,
Ата-ананың өскен жер,
Күндікті бір кескен жер,
Алыс сала кенді алған...

Қазақ атаулы елдің бақсылары да өздерінің аруақ елестетпек болған сарындарына Орақ батырдың суретін жыр қылады. Бақсылардың мынандай жырлары бар:

...Қаптаған қара бұлттай,
Қайнап біткен бұлақтай,
Сайдан шыққан құрақтай,
Жеңсіз берен киінген,
Лашын құстай түйілген,
Қас-қабағы бүрілген,
Жараған бүкір мықынды,
Қара бұлттай кекілді,
Айдаһардай айды Орақ,
Айбалтасы қанды Орақ,
Қайдан келдің жауды орап?
Жайланбай-ақ келіңіз
Мына ауруды көріңіз...» —

дейді.

Қазақтың ескі әдебиетінде Орақ-Мамай батырларды ноғайыныкі (өзінікі) қылып жырлайды.

Қазіргі қазақ елі бұрын ноғайлы болып жүрген замандардағы немесе бірсыпыра рулары өзге ноғайлыдан бөлініп «қазақ» болса да бұрынғы ноғайлы болғанын ұмытпаған кездегі осы айтылған батырлардың, билердің аттары және басқа да ноғайлының белгілі адамдарының аттары Мұраттың «толғау-жырларының» бәрінде аталып отырады. Жоғарыда айтылған Мұраттың «Шалгез» деген жырында ноғайлының он шалының қалмақтан жылқы алып қашқанын жыр қылады. Он шалдың бірі — Шалгез жырау деген екен дейді. Бұлардың соңынан қалмақтар қуып жеткенде Шалгез жырау жылқыны тоғыз шалға қуғызып жіберіп, өзі қалмақты тосып тұрып, қалмақты сөзбен алдап тоқтатады, тоқтатқанда жылқы алып бара жатқан тоғыз шалды қалың ноғайлының атақты тоғыз батыры дейді. Тоғыз атақты батырдың атын атайды. Сөйтіп, ноғайлының он шалының бірі Шалгез жырау өздерін тағы да «қазақ» деп те қалмаққа дүрдиеді:

...Атаңа нәлет жуан хан!
Сен бізді алғанша талай бар!
Жылқыңа тиген он қазақ
Әр кісі деп мақтанба!.. —

дейді.

Міне, сөйтіп, Мұрат ақынның жырында және басқа да ақындардың жырларында «ноғайлы» мен «қазақ» деген сөз бір ғана елдің аты.

Бүкіл қазақтың «өзінікі» қылып әңгімелейтін Асан Қайғыны Мұрат ақын ноғайлының биі екенін айтады да, тағы да қазақ елін сол Асан бидің елі қылады. Асан Қайғыны ылғи — «Асан би» деп айтады.

«Сарыарқа» деген жырында Сарыарқада жөңкіліп әр кезде келіп кеткен елдерді айтып, Сарыарқадан ноғайлының батырлары жөңкілген ауа көшкен замандарын былай деп жырлайды:

..Бұрында адыра қалғыр құтсыз еді,
Ерегескен елдің бәрі жер тіреген.
Қонысқа таласасыз бұл заманда —
Біз түгіл Асан Қайғы тентіреген.
Әуелі осы жерден ноғай кетті
Баласы дін мұсылман нобай кетті.
Қазтуған — Асан Қайғы, Орақ — Мамай
Әрі өтіп тесік таудан солай кетті.
Артынан Телағыс пен Нәрік кетті,
Өзіне ерген жұртың алып кетті.
Жер қарап он екі жыл желмаямен
Асан би жердің үстін танып кетті.
Артынан қазақ жұрты кетем деген,
Соңынан Асан бидің жетем деген,
Айтса да кетемін деп, кете алмаған,
Соңынан Асан бидің жете алмаған...
Айыр өркеш сары інген,
Кілем жауып үстіне
Қыл Арқанмен тартқан жер.
Атамыз өткен Асан би,
Мұны да құтсыз деп айтқан жер...
Ақ төбемен қорғанса,
Асан Қайғы бабаның,
Қызыл тастан үй салдырып,
Он жыл тұтас отырып
Әңгіме құрып кеткен жер...

Мұраттың «Қарасай Қазы» деген жырында өлейін деп жатып Орақтың досына қайырған жауабында мынандай жыр бар:

...Қойдай шулап қоныстан
Көтерілер менен соң.
Еділдің бойы ен ноғай,
Ендей кешкен көп ноғай,
Қарасынан жүргізбей
Қалмақ алар менен соң...

Орақтың Қараша деген баласы жылаған шешесіне айтқан жырында мынандай жері бар:

...Мен қабан құлақ қара атты
Қатырып тұрып мінермін.
Мен көрмеген алаш жоқ
Бәріне де тиермін...

Онан соң, қазақ арасында елдің ауыз әдебиетін көп жинаған белгілі мұғалім — Сабыржан Шәкіржан (Құрымса ұлы) жолдастың Алматы төңірегінен ұлы жүз бен орта жүз руларынан ертерек кезде бір Құдабай деген соқыр ақынның аузынан жазып алған өлеңінде — Асан Қайғыны ноғай еді дейді. Өлеңі міне:

...Асанның асыл түбі ноғай деймін,
Үлкендердің айтуы солай деймін.
Бұл сөзге анық танық емес едім,
Естігенім, тақсыр-ау, былай деймін:
Тегінде ноғай-Қазақ түбіміз бір,
Алтай, Ертіс, Оралды қылған дүбір.
Ормамбет хан ордадан шыққан күнде
Асан ата қайғырып айтыпты жыр:
Мұнан соң қилы-қилы заман болар,
Заман азып, заң тозып жаман болар.
Қарағайдың басына шортан шығып,
Балалардың дәурені тәмәм болар.
Ол күнде қарындастан қайыр кетер,
Қанынан құс, қарағайдан шайыр кетер.
Ұлың-қызың кәпірге «бодан болып...»
Қайран ел, есіл жұртым сонда нетер...»

Және, сол Сабыржан жинаған ел әдебиетінде Мынаш Қарпықұлы деген қазақ ақыннан жазып алған бір өлеңінде мынадай сөздер бар:

...Алаштан қазақ тараған,
Ноғайлыға қараған.
Жауда алдырмай ноғайлар,
Бір ісіне жараған.
Ноғайдан қазақ бөлініп,
Үш жүз болып тараған...

Исатай — Махамбет

«Исатай—Махамбет» кітабының бас жағында Халел Досмұхамбетұлының Шайырдан көшіріліп жазылған Жанұзақ жыраудың Жәңгір ханға айтқан жырында, Жанұзақ елін «біздің ноғай» деп атайды. Жыры мынадай:

...Құла бие, торғай — екі көл,
Ежелгі әкең Бөкей барында,
Толықсып жайлар еді біздің ел...
Еділ-Жайық екі су,
Еңсесіне ел қонып,
Ендеп жылқы жайылды.
Ақтөбе деген суына,
Кешегі әкең Бөкей барында,
Бұрыннан біздің ноғай
Өтіп еді көшімен
Осылайғы қара өзеннің аузынан
Төрт көл, төрт шетінен...

Міне, тарих дәлелдерін былай қоя тұрғанда, қазақ атанған елдің ескіліктен келе жатқан ауыз әдебиетінен келтірген осы жоғарғы сөздердің өзі де қазақ болған елдің бұрынғы заманда «ноғайлы», ноғай болғанын дәлелдесе керек.

«Ноғай» атымен қалған азғана көтентүп елдің тілі мен қазақ аталған елдің тілі және ескі ел әдебиеті

Қалың ноғайлы бытырап бөлініп-бөлініп кетіп, біраз заманнан соң «ноғайлы» атын да ұмытып, екінші ел болып кеткенде, «ноғайлы» атын қалдырмай келген бір азғана ел бар.

Олар Каспий теңізі мен Қырым далаларында.

Қазіргі қазақ, қырғыз, татар, башқұрт, өзбек, түрікмен және солар тәрізді басқа түрік руларының бәрінің тілдері қазақ тіліне жақын. Бірақ солай болғанмен олардың ішінде осы күнгі қазақ атанған елдің көп руларымен ұзақ уақыт бірге «ноғайлы» атанып дәуір сүрген елдердің тілдері қазақ атанған елдің тіліне өте-мөте жақын.

Қазандағы, Еділ, Самар өлкелеріндегі қазіргі татар, башқұрт елдерінің тілдері, ескі ел әдебиеттері қазіргі қазақ атаулы елдің тіліне, ескі ел әдебиетіне жақын екені белгілі.

Еділ, Самар өлкелерінің бойында қалың ноғайлы көп уақыт дәуір сүрген.

Башқұрт, татар елдері ноғайлымен араласқан елдер. Өздері де бір кезде ноғайлы атанған. Татар-башқұрт елдерінің ескі әдебиетінде де, онсоң қазіргі қазақ атаулы елдің ескі әдебиетінде де бірдей кездесетін сөздер бар. Мысалы, батырлар жырларын былай қойғанда, мынадай ескі сөздер бар: «Ат аунаған жерде түк қалады», «Айғыр қойсаң — үндіден қой, Қошқар қойсан — жүндіден қой», «Ат айналып қазығын табар», «Атың барда бір шап, отың барда бір жақ», «Бір жылға қоян терісі де шыдайды», «Қарға қарғаның көзін шұқымайды», «Соқырдың бар тілегі екі көзі», «Ат жақсысы — бозы, ит жақсысы — тазы», «Көз қорқақ, көңіл батыр».

Міне, осындай ескі сөздер толып жатыр. Бұл сөздердің бәрі де қазақ атаулы елдің ауыз әдебиетінде аумай айтылады.

Ал әсіресе осы күнгеше «ноғай» «ноғайлы» атымен өмір сүріп келген елдің тілі қазіргі қазақ тіліне өзге түрік елдерінің тілдерінен өте-мөте жақын. Көп заман ноғайлы болған немесе осы күнге шейін «ноғайлы» атымен келген елдің ескіліктен қалған ауыз әдебиетінің нұсқаларын оқып қарасаңыз, қазіргі қазақ атаулы елдің ескіліктен қалған ауыз әдебиет сөздеріне өте жақын үйлеседі. Және бергі замандағы ноғайлы-қазақтың батырлары, билері, хандары туралы әңгіме-жырлар қазіргі ноғай мен Қазақтың ел әдебиетінде бірдей кез келеді. Тіпті кейбір жырлары екі елде бірдей айырмасыз айнымай айтылады. Оның мысалын төменде келтіреміз.

Қазіргі заманғыша ноғай атымен келген елдің тіл ретінің қазіргі қазақ атаулы елге қандай жақын екеніне мысал үшін Қырымдағы ноғай елінен Радлов жинаған ескі ауыз әдебиетінен Радловтағы сөзден бұзбай мына төмендегі сөзді келтірейік.

Сарын

...Терезеден ай көрдім,
Теңбіл шұбар тай көрдім.
Түнеукүнгі үлкен тойдың ішінде,
Тендерінен айрылып
Жылап жүрген жар көрдім...
Есерғана жаным жел ессе,
Қиылар қамыстың бастары.
Басқа қиын іс түссе, —
Төгілер көздің жастары...
...Бәйтеректің жайқалмасы желден дір,
Жапырағы ол береннің белден дір.
Ақ киіктің жүгірмесі майдан дір,
Ойнайық, достар, күлейік,
Ажалымыз Aллa білер қайдан дір!..

Міне, туғалы өз ауылынан басқа ешқайда шықпаған қазаққа оқытсаң да осы жырлардың ішінде түсінбеген бір сөзі болмас еді. Ноғай сөзінің қазіргі қазаққа түсініктілігі былай тұрсын, қазақ атанған елдің ауыз әдебиетіндегі белгілі жырлар, белгілі тақпақтар ноғайдың ескі ауыз әдебиетінде Қазақтікінен айырғысыз айнымай айтылған түрінде кез келеді. Мысалы, Радлов жинаған Қырым ноғайларының мына бір жырларын келтірейік:

...Жаман атқа жал бітсе, —
Жанына торсық арттырмас.
Жаман кісіге мал бітсе, —
Жанына қоңсы қондырмас...
...Қарттар айтар екен:
Тұмаңды күні түлкі озар,
Боранды күні бөрі озар,
Жайда шапса ат озар,
Бес бөзенген тойда озар,
Белгілі ару күнде озар,
Жаман бике той бұзар,
Жаман арба жол бұзар...

Сарын (ана)

Тартпалы бесік таянған,
Таң маңында оянған,
Түн ұйқысын төрт бөлген,
Түнде тұрып ас берген,
Айыр емшектен сүт берген,
Құштай алып аялап,
Аялы қолда талпынтқан...

Әділ сұлтан өлгенде анасының жылауында мынадай жыр бар:

...Етке біткен жез тырнақ,
Айдай бетке салайын.
Болат қайшы колға алып,
Қара шашым шорт кесіп,
Қанымды судай ішейін...

Міне, бұл жырлар Қазақ атаулы елдің ауыз әдебиетінде белгілі жырлар. Бұл жырлардың қазіргі қазақтың да және қазіргі ноғайлылардың да ескі ел әдебиеттерінде бірдей барлығы қазіргі қазақ елінің ноғайлы болып дәуір сүргеи замандарында шыққан жырлар екендігін көрсетеді. Қырым ноғайларының ел әдебиетіндегі осы Әділ сұлтан туралы жырлы әңгіменің қазақтың ел әдебиетінен жиналып баспаға басылып шыққанының екі түрлісін көрдім. Бірі кіші жүз Бөкейлік ақын Шәңгерей Бөкейұлы төренің «Шайыр» деген кітабында басылған. Екіншісі Әбдіқадырұлы дегеннің жинап 1909 жылы бастырған «Шопан ата» деген кітапшасында. Екеуінің жырларының біраз жері бірдей шықпапты.

Радлов жинап бастырған ноғай елінің ескі ел әдебиетіндегі әңгімелердің, жырлардың бәрі де қазіргі қазақ атаулы елдің ескі ауыз әдебиетінде бар деуге болады. Радлов жинап бастырған ноғай елінің ескі ел әдебиетіндегі әңгіме жырлардың, «қазақшалары» ноғай еліндегілерден толығырақ айтылады. Онан соң қазіргі екі елдікінде де «пәленнің айтқан жыры» деген жырлардың кім айтқан екендігінде жаңылыс алынғандықтар көп.

Мысалы, қазіргі ноғай атымен отырған елдің ескі әдебиетінде Тарғын батыр жаудан жаралы болып өлерінде айтты деген мына бір жырды қазақ әдебиетінде Аймәдет ер айтқан екен деп баяндайды. Тарғын айтты деген ноғайдыкі міне:

...Қонған жерім масаты,
Масатың оты тәтті су, асты.
Жарадар неше екенін санашы.
Жара қатты, жан тәтті,
Жара аузына қан қатты.
Жарақшылар мұнда жоқ
Жарлап сүйек алмаға
Жарып мілте салмаға...»
Аймәдет ер айтты деген қазақшада:
...Жара қатты, жан тәтті,
Жара аузына қан қатты.
Жарақшылар жоқ па екен
Жармай білте саларға...

деп жырлап кетеді.

Онан соң Радлов жинаған қырым ноғайлы ларының ескі ауыз әдебиетінің ішінде қазіргі қазақ елінен басқа түрік елдерінің ауыз әдебиетінде көп кез келмейтін сөздер бар. Мысалы:

«Жас «соқта», «Сарын», «Адыра қалғыр», «Кіреуке» деген сөздер қазіргі ноғайлар мен қазіргі қазақ елдерінен басқа түрік елдерінің әдебиетінде кездесетін сөздер. Осы сөздер келетін қырымдағы ноғай елінің жырларын келтірейін:

«Әділ сұлтан» жырынан:
...Жаздың ұзақ күні еді...
Әбілқасым жас соқта,
Ақ қағатыны алғанда,
Қолына алып бақты енді,
Баяу оқып шығарды,
Шығарды да не дейді...
Әділдің анасының жылауынан:
Жаратқан қадыр бір тәңірім,
Менің көзім Әділді
Әзіздер жатқан Қырымға
Бір көтеріп салғай ма?
Адыра қалғыр сарайдың
Салтанатын халықтан артық салдырдым
Шықпасын таудан бұрып алдырдым...
Орақ-Мамай жырынан:
...Аттан, Аттан! дегенсіз, —
Аттанып жолға шықтық біз.
Аттанып жолға шыққан соң,
Ауыр әскерге жолықтық.
Жолықтық ice толықтық,
Етегі алтын, өңі алтын
Ақ кіреуке тоңдарға,
Нәлет болсын дегейсіз
Бүйтіп тапқан малдарға!..

Онан соң Қазақ болған елдің де, ноғайдың да ел әдебиетінде күй-жырды сарын дейді. Міне, осы «Жас соқта», «Адыра қалғыр», «Кіреуке», «Сарын» деген сөздер қазіргі қазақ пен ноғай елдерінің ауыз әдебиетінде көп айтылатын сөздер екені айқын болып отыр. Ал бізде түрік елдерінің әдебиетінде бұл сөздердің айтылғанын мен көре алмадым. Жаңағы келтірген ноғай елінің жыр қылған «Әділ сұлтан» жырындағы хат оқыған «Жас соқтаны» қазақтың ел әдебиетінен жинап баспаға басып шығарған әлгі түрлі жырда Әбілқасым демейді, Әбілқайыр деп атайды. Сол жас соқтаның хат оқыған жерін «Шопан ата» кітахппасында былай жырлайды:

...Осылайғы Хиуа-Бұқар елінен,
Алыстан нендей жан келген.
Бөрте атты бүкпесі,
Алма талап құшақты,
Алтын сапты пышақты,
Әбілқайыр жас соқта, —
Бері әперші, әпендім,
Біз оқиық, дей тұрды, —
Ежіктеді, қоймады,
Оқыған жерін шығарды...

Ал «Қайыр» кітапшасында, сол арасын былай жырлайды:

...Осылайғы Хиуа-Бұқар елінен,
Бүкжек келген бөрте атты,
Бүкпесі алтын ерлі,
Алма талды құшақты,
Шынында алтын сапты пышақты,
Ыстамбұлда оқыған,
Оқығаны бітпегір,
Әбілқайыр деген жас соқта,
Алып берші, әпендім,
Біз оқиық дей тұрды,
Оқыды да шығарды...

«Едіге батыр» (яки Едіге би»), «Қозы Көрпеш — Баян», «Жиренше шешен», «Қобыланды» тәрізді жырлар түрік елдерінің бірсыпырасының ескі ауыз әдебиетінде бар әңгімелер. Ал ноғайлының өзге көп батырлары, билері, әсіресе бертінгі билері мен батырлары, мысалы, Орақ, Мамай, Қарасай, Қазы тәрізділерді, Әділ сұлтанды жыр қылған тәрізді әңгімелерден жырлар тек бүгінде ноғай атымен қалған ноғайлылар мен қазірде қазақ аталған елдің ескі ауыз әдебиетінде ғана бар. Қазақтың белгілі ақыны — Мұрат ақынның жырларында және басқа ақындардың да жырларына ноғайлы батырлары, билері — Орақ, Мамай, Қарасай, Қазы, тағы басқаларының аттары — «бұрынғы өткен батырларымыз еді» делініп өлеңде қосылып отырады. Сол батырлар, билердің мекен қылған жерлерін көрсетіп жырлайды. Мұрат ақынның «Әттең бір қапы дүние-ай» деген жырында:

...Жан арыстан үш қимыс,
Алшағыр ханның қонысы еді.
Боқшақтың бойы боз қамыс,
Жаңбыршының ұлы — Телағыс,
Телағыс байдың қонысы еді.
Арғы Еділден оқ атқан,
Бергі Еділге жоғалтқан,
Мынау Еділ деген суықыз, —
Еділ байдың қонысы еді.
Қабыршақты қара су,
Ол Қазтуғанның қонысы еді.
Алты атаның ар жағы,
Тал өркеннің бер жағы,
Мынау Самар суыңыз, —
Ол Едіге бидің қонысы еді.
Бес ескі Еділ бетінде,
Болгар таудың шетіңде,
Бадашы деген кең тоғай, —
Ер Сидақтың қонысы еді.
Адырмақты ала тay,
Ер Орақтың қонысы еді.
Мұса бидің баласы,
Орақта Мамай бар екен.
Айнымайтын ер екен,
Ел шетіне жау келсе, —
«Біз баралық» дер екен.
Боқсақтың бойы боз қамыс,
Еділ-Жайық арасы,
Екі судың саласы, —
Қарасай, Қазы тең өскен,
Ер Орақтың баласы...

деген сөздері бар. Радлов жинаған Қырым ноғайларының ескі ел әдебиетінде Орақ—Мамайды көп жыр қылған көрінеді. Орақ— Мамай туралы «Үлгір сөз» деген бір жырында мынадай бір сөздер бар:

Үлгір сөз:

...Ay, жігіттер! Мен өсиет айтамын,
Ұл-ұлыңа, қыз-қызына қала жақ,
Орақ—Мамай өлген деп,
Ағылған қойдай ағылып,
Аққан судай шуылдап жүрмеңіз.
Бір анадан бесеу-алтау бармыз деп
Жалғыздың жағасынан алмаңыз!..

Тағы Радлов жинаған Қырым ноғайларының ескі ел әдебиетінде «Әмет» деген әңгімелі-жырда Алшын руынан шыққан Алу батыр деген мен Жәнібек ханды және Жәнібек ханның Айсұл деген биінің баласы Әмет дегенді әңгімелеген жыр бар. Сол жырда Жәнібек хан Мұталы деген байдың Темір деген баласына қызын бермек болғанда, қызды бұрынғы уәде бойынша «Әметке бермедің» деп, ханды, кекетіп Алшын Алау батыр айтты деген жыры мынау:

...Ұсарма, достар, ұсарма!
Егер дәулет бар болса,
Екі дәулет бір келсе,
Арғымақты күміспен матылап,
Шиейібәктен тұсарма!
Айсұл ұлы Әмет сауында,
Хан Жәнібек падишам,
Мұқалы ұлы Темірге,
Бұқасын баққан құлына
Қызын бермек ұсарма!..

Бұл «Әмет» деген әңгіме-жыр да қазақ атаулы елдің ескіден қалған ел әдебиетінде бар. Мұны жинап Шәңгерей ақын белгілі «Шайыр» деген кітабына бастырған. Бірақ қазақтың ескі ел әдебиетіндегі «Әмет» жырында жаңағы «ұсарма, достар, ұсарма», — деп басталған жырды айтқан Асан Қайғы еді дейді. Ал қазіргі ноғай енінің ел әдебиетіндегі «Әмет» жырында Асан Қайғының аты жоқ. Онан соң қазақтікінде «Алшын» Алау батырдың аты жоқ. Қазақтың ел әдебиетіндегі «Әмет» жырында «Асан Қайғы» айтты деген жаңағы жыр былай айтылады:

...Ұсарма, билер, ұсарма!
Арғымақтың аяғын,
Алтынменен тағалап,
Күміспенен шегелеп,
Шие жібек тұрғанда
Арқанменен тұсарма!
Хан өтірік айтар ма?
Хан жарлығы қайтар ма?
Әз Жәнібек дейін хан ием,
Әуелгі сөзін ұмытып,
Айсылдың ару Әметі тұрғаңда,
Мұқалы байдың ұлына,
Бұқасын баққан құлына,
Тас Темірдей жаманға
Қарындасын берерге ұсарма?..

Онан соң, Радлов жинаған Қырым ноғайларының ескі ауыз әдебиетінде қазіргі Қазақ атанып отырған елдің қара өлеңінің ырғақ мөлшерімен айтылған өлең де кез келген. Мысалы, мынадай өлең бар:

...Сен бір жарық жұлдызсың баққа туған
Көзін жұмған таш бұтар белін буған...

Міне, бұл қазақ болған елдің қара өлеңінің ырғақ-мөлшерімен айтылған өлең. Түрік елдерінің өзгелерінде қазақтың қара өлеңінің буын мөлшеріне үйлесетін мөлшермен айтылған өлеңдер бар болса да, қара өлеңнің ырғағымен, әнімен айтылған өлең жоқ.

Ондай өлең тек қазіргі ноғай елінің ескі ел әдебиетінде ғана кез болып отыр. Енді бір айта кететін сөз: қазіргі қазақ атаулы ел мен ноғай атындағы елдің өлең-жырды бастағанда «арайна» деп, «арияй» деп бастаулары. «Көксілдер» кітабында өлең-жырдың басында келетін «арайна» деген сөз туралы мынадай әңгіме бар:

Мұса ұлы Мамайдың Арайна атты жолдасы жауда жараланып, өлерінде: «Кейінгі жырлардың бәрі «арайна» деп басталса екен» деп өсиет қылған екен дейді.

Сонан бері жырды «Арайна» деп бастау мирас болған екен дейді. Мұса би атақты Едіге батырдың шөбересі — ноғайлының биі.

Қазақ атаулы елдің кіші жүз руларының ел ақындарында жырды «арайна» деп бастайтын әдет бар екені рас. Мұрат ақынның Қазтуғанды әңгімелеген жырында жұртқа Қазтуған айтты деген жырды былай бастайды.

...Арайна, билер, арайна
Арайна десем болмай ма?
Арайнасыз әрқайда
Ердің ісі оңқайма?
Арайна болған Қазтуған
Қайғыланып сонда толмай ма?

Онан соң Исатай—Махамбеттің әңгімесінде Махамбет жолдастарына айтты деген жыры былай басталады:

...Арайна, билер, арайна!
Арғымағым жарай ма?
Астыма мінген арғымақ,
Күшіген жүнді шал жебе,
Кәпірге қарай борай ма?
Ел шегіне жау келсе,
Азамат елдің баласы,
Намысына шыдамай,
Жаттан көмек сұрай ма?
Арғымақ әлсіз, ер малсыз
Алланың не берері болжаусыз,
Жолдастарым, мұңайма...

Онан соң қазақтың орта жүз рулары мен ұлы жүз руларында өлең-жыр айтқанда өлеңді «Аридай» деп бастайтын әдет бар:

Мысалы:

...Айт дегенде айтайын ариай-дай
Ақ серкенің мүйізі қарағайдай.
Бір Аллаға шет болсаң, — бол өзің шет
Әлі де болса көңілім баяғыдай...
...Айт дегенде айтамын, аридайым,
Ауылың сенің белде еді, бойдай талым... —

деп өлең бастауды білмейтін бала болмайды. Бұлай елең бастау — өлең айтатын адамда домбыраның «құлақ күйі» тәрізді.

Бұрыннан әдебиет ісіне қатысып келген Омар Жәнібекұлы деген мұғалім қазақ арасынан жинап, белгілі кітабы Ниязмұхамбет Сүлейменұлы арқылы 1908 жылы Қазанда бастырып шығарған — «Қазақ тілінде жұмбақтар, мақалалар» деген кітапшаның — «Бұрынғының сөздері» деген бөлімінде мынадай бір сөз бар:

...Ел шетіне жау келсе,
Ариайдай айбынды,
Арыстанның бары жақсы...

Мұндағы ескі емлемен жазылған — «ариайдай» деген сөзі «ари-айдай» деген сөз болуы керек. Бұл айқын айтылған сөздің мәнісіне Қарағанда — ел шетіне жау келсе, Ариай дай (Ариай тәрізді) айбынды батырдың «болғаны жақсы» дейді. Бұл сөз бұрынғы заманда Ариай атты бір батырдың болғанын көрсетеді. Ал орта жүз бен ұлы жүз Қазақтарының өлең айтқанда, жыр айтқанда:

«Айт дегенде айтайын ариай-дай—..» деп бастап айтатын «Ариайдайы» осы Омардың ел аузынан жазып алған, «ел шетіне жау келсе — даяр тұратын» «арыстандай айбынды Ариай» батыр-ау деймін. Олай болғанда, «Көксілдер» кітабындағы айтқан Мұса бидің ұлы Мамай батырдың жолдасы — Арайна батыр мен Омардың ел аузынан жазып алған «Ариай» батыры бір-ақ адам ғой деп ойламаймын. Орта жүз бен ұлы жүз қазақтары сөзді тек бұзып алып, «Ариай» деп кеткен ғой деймін. Ал ұлы ноғайлыдан орта жүз бен ұлы жүз руларынан гөрі бірсыпыра уақыт кейін бөлініп қазақ болған және қазақ болып кеткен соң да ұлы ноғайлының көтентүп елімен бірсыпыра уақыт көршілес болып отырған кіші жүз рулары «Арайна» деген қалпында ұмытпай келген ғой деймін.

Осы күнге дейін «ноғай», «ноғайлы» атымен келген Қырымдағы ноғай елінің ескіліктен қалған ауыз әдебиетінде де жырды бастағанда — «Арайна» деп бастайтын «мұрасы» бар екен. Радлов жинап бастырған Қырым ноғайлы елінің ескі ел әдебиетінде Орақ-Мамай жырында туысынан жаралы болып өлерінде айтты деген Орақ жыры «Арайна» деген сөзбен басталады. Жырының бір бөлегі мынадай:

...Арайна болған Орақ ер
Мамай мырзаға айтқаны:
Киелі менен екіміз,
Қармаласа кірерде,
Сермелесе шығарда,
Қаңлы өшлі біз түгіл,
Балдағы жуан ай болат
Жаманды басқа саларға,
Басын екі бөлерге,
Қармаласам, — қолда жоқ,
Сермелесем, — қында жоқ,
Аттан, аттан, дегенсіз,
Аттанып жолға шыққанбыз,
Аттанып жолға шыққан соң
Ауыр әскерге жолықтық.
Жолықтық, есе толықтық.
Етегі алтын, жиегі алтын,
Ақ кіреуке тондарға.
Нәлет болсын дегенсіз.
Бүйтіп тапқан маларға.
Айры теңде жата алмай,
Манашыға ете алмай
Қабырға басы, бауыр ет,
Қан толарға ұсайды.
Мойны аласа қарғалар,
Шақылдасып басыма
Ұя теберге ұсайды...

Қырым ноғайлының ескі ел әдебиет нұсқаларын жинап бастырған кітабында Радлов ноғай тілі өзге түрік елдерінің тілдерінен гөрі қазақ тіліне жақын дейді. Әрине, онысы дұрыс. Бірақ ноғай атымен қалған ел мен қазақ атанған елдің тілдері өзге түрік елдерінің тілдерінен гөрі бір-біріне өте-мөте жақын екендігінің себебін Радлов анық біліңкіремейді. Өйткені қазақ атанған елдің бірсыпыра заман ноғайлы атанып дәуір сүріп келіп Қазақ болып кеткенін білмейді. Қазақ атанған ел мен ноғай атымен қалған елдің өзі — бұрын бір-ақ ел болғандығын білмейді. Ноғай атымен қалған ел мен қазақ атанған елдің рулары бір екенін білмейді. Сондықтан Радлов және сол Радловтың сөзіне сүйенген кейбір тарихшы-әдебиетшілер «Қазақ елінің ескіліктен қалған әңгіме-жырлары жоқ, «өзіміздікі» деп айтып жүрген ескі батырлар туралы әңгіме-жырларының бәрі де ноғайдыкі деседі. Енді Радловтың бұл жете тексермей айтқан сөзіне сүйеніп, «қазақтың, ескіліктен қалған әңгімелері жоқ», — деп оттаушылардың сөздерінің білмегендік екенін жоғарғы келтірген дәлелдерді оқыған адам айқын керуге тиіс.

Радлов жинап бастырған (VII кітап) Қырымдағы ноғай елінің ескі ел әдебиет нұсқалықтарының әңгіме-жырларын мына төменде тізіп келтірдік. Ал Қазақ атаулы елдің ескі ел әдебиетінде сол әңгіме-жырлардың бәрі де бар деуге болады. Бар болғанда сол әңгіме-жырлардың қазақтағысы әрі толық әрі әдемілеу айтылады.

Сөз айқынды болуы үшін сол Қырымдағы ноғай елінен Радловтың жинап басқан әңгіме-жырларының бәрін де тізімдеп келтіріп, олардың қазақ елінде бар-жоғын айтайын.

1) Орақ—Мамай — қазақ ел әдебиетінде жырланады.

2) Досмамбет — қазақ ел әдебиетінде көлемді жырмен айтылатын екі түрлісі бар (Шәңгерейдің «Шайырында, Мақас Махметұлының «Жақсы үгітінде» .

3) Едіге — қазақ ел әдебиетінде көлемді бөлек кітапша болып шыққан, жырмен айтылатын екі түрлісі бар.

4) Ер Тарғын — қазақ ел әдебиетінде көлемді жырмен айтылатын бөлек кітапша болып шыққаны бар.

5) Жиренше шешен — қазақ ел әдебиетінде көлемді бөлек кітапша болып шыққаны бар.

6) Қарабас — Абдраман әңгімесі қазақта бар.

7) Әмет — қазақ ел әдебиетінде жырмен айтылатынның бірі — Шәңгерейдің «Шайырында» басылған. Мұның да жыры Қырым ноғайынікінен әдемілеу. Қырым ноғайының әңгімелейтін Алшын Алау батырдың орнында қазақтыкінде Асан Қайғы бар.

8) Әділ сұлтан — қазақ ел әдебиетінде басылып шыққан әдемі жырлы екі түрлісі бар. Бірі — Шәңгерейдін «Шайырында», екіншісі Әбді Қадырұлы бастырған «Шопан ата» деген кітапшада.

9) Шалкиіз — қазақ ел әдебиетінде екі түрлісі бар. Мақас Махметұлының жинап бастырған «Жақсы үгіт» деген кітапшада жырмен айтылғаны бар. Шалгез жыраудың басқа түрлі бір әңгімесі Мұрат ақында да бар.

Міне, Қырымдағы ноғай елінен жинап Радловтың бастырып шығарған кітабындағы көлем ретінде көзге көрінерлігі осы тізілген 9 әңгіме-жыр. Бұлардың бәрі де қазіргі қазақ атаулы елдің ескі ел әдебиетінде бар болып отыр. Бар болғанда қазақтағыларының жырлары жинақтырақ, көлемдірек, көбірек екенін көріп отырмыз...

Міне, ақыры айтып келгенде, ертедегі батырлар жырларының бәрі қазақ атаулы елдің ноғайлы дәуірінің әңгімесінен шыққан жырлар екені айқын дәлелденеді.

1931 жыл


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз