Өлең, жыр, ақындар

Айман-Шолпан

Жинаушыдан

Әр замандағы ел билеген үстем таптың санасы да, құлқы да үстемдік қылатыны белгілі. Ел тұрмысынан туған, ел тұрмысынан шыққан заттардың қай-қайсы болса да, ел билеген үстем таптың үстем санасынын ықпалымен туатыны белгілі. Сана тәрбиесін де, (бұрынғы үстем таптар діңді де), тіл өнерін де, өлең, жыр тәрізді нәрселерді де үстем тап өзінің мықты құралы қылғаны, һәм қылатыны белгілі.

Үстем тапқа қарсы әрекет қылған езілген тап тіл өнерін, өлең, жырлар тәрізді нәрселерді қарсы құрал қылғаны һәм қылатыны белгілі.

1917 жылы, Совет үкіметі орнағанша, қазақ елін билеген, қалың қазақ бұқарасын билеген үстем тап — билер табы, байлар табы еді. Елдің сана тәрбиесі де, тіл өнері де, барлық әдебиеті де осы үстем таптың толық ықпалында еді. Және, осы үстем таптың мықты құралы еді. Езілген кедей табының әлсіз үні, тек мұң тәрізді, жіңішкелеп қана шығатын еді. Үстемдік қылған билер табының (билер табы деп феодал табын айтамын) байлар табының санасының ықпалымен кедейлікті «тәңір ісі» дейтін еді. Жіңішкелеп келе, бертін келе, кедейді жеген байларды, ұлықтарды сілеу, балағаттау, әдебиет жүзінде біртіндеп шығып дами бастаған еді.

Бұл кітапқа кірген «Қазақтың ескі әдебиет нұсқалары», — қазақ елін билер табы, байлар табы билеген заманда шыққан әдебиет нұсқалары. Және, бертінгі заманнан кіргендері — қазақ елін патша үкіметі бағындырып алып билеп тұрған заманда шыққан әдебиет нұсқалары.

Сондықтан, бұл кітапқа кірген ескі әдебиет нұсқаларының бәрі де, бұрынғы замандағы елді билеп үстемдік жүргізген билер, байлар табынын үстем санасымен шыққан және сол таптың құралы болған әдебиет екенін айқын көрсетеді.

Тек кейбір өлеңдерде ғана кедейдің мұңын айтқан, билерді сілеген үн көрінеді. Мысалы кейде Шортанбайдың:

«...Байды құдай атқаны, —
Жабағы жүнін сатқаны.
Кедей қайтып күн көрер, —
Жаз жатақта жатқаны.
Жаздай арық қазғаны,
Күздей пішен шапқаны,
Ішіп-жемдік болмайды
Оны-мұны тапқаны.
Аш-жалаңаш бейнетпен,
Жүдеп-арып талады.
Бір ешкісі бар болса,
«Шығын» деп тілмаш алады.
Ол «шығынын» бермеуге
Төбесін ұлық ояды.
Жалғыз сиыры бар болса,
Соғымына сояды.
Қағаздатып бұзауын,
«Ноғайына» қояды.
Кедейге салып шығынды,
Араны бидің тояды...
Кедей кәйтіп күн көрер.
Борышқа белден батады,
Жалғыз сиырын сатады. —

деген сөздері тәрізді...

Міне Шортанбайдың кейде өстіп айтып кеткен сөздері тәрізді жырлар болмаса, бұл жинақтағы ескі әдебиет нұсқалардың бәрі де, сол бұрынғы замандағы билер, байлар табының үстем санасымен шыққан. Сол замандағы үстем тап құралы болған әдебиет нұсқалары.

Әрине, сондықтан Шортанбайдың кейде бір әлгідей айтқан сөздері тәрізді сөздер болмаса, бұл жинақтағы ескі әдебиет сөздерінің пікірлері еңбекші тап мақсатына теріс келетін пікірлер. Ол жәйтін оқушылар есінен шығармауы керек.

Бұл кітапты баспаға басып шығарғандағы мақсат — бұдан оқушылар тәрбие алсын деген емес, тек әдебиет тарихын тексергенде дерек болсын, материал болсын деген ниет болды. Және бұрынғының әдебиет түрін, тіл кестесін білу ретінде дерек болсын деген ниет болды.

Онан соң айта кететін бір жайт, «Алпамыстың» Диваев бастырғаны әрі толық емес, әрі жаңылыс, алғаш жазылған сөздерінде жік жоқ еді. Мұндағы «Алпамысты» үш түрлі деректен қосып, салыстырып, құрастырып шығардық. Бірақ әлі де толық емес. Шортанбай жырларын 6 — 7 түрлі деректен жинастырып, салыстырып, құрастырып шығардық. Бірақ әлі Шортанбай жырлары да түгелденген жоқ. Мұнда да жаңылыс сөздері бар тәрізді. (Шортанбайдың қай таптың ақыны екенін, қаңдай ақын екенін басқа кітапта талқылаймыз.)

Бұқар жырау сөздерінің бұл жинаққа біразы ғана кірді. Өзге ақындардың сөздерінің тек табылғандары кірді.

Қалай болғанда да әдебиет тарихын зерттегенде дерек бола берсін деп, әзір қолға түскен ескі әдебиет нұсқаларынан осыларды жинастырып шығардық. Кейін тағы да жинастырып шығарыла берер...

Бұл жинақ «Билер дәуірінің әдебиеті» деген кітап пен оған жалғас дәуірдің әдебиеті туралы жазылған кітаптарға қосымша дерек (материал) ретінде шығады.

1931 жыл, 4-мамыр.

Алматы


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз