Өлең, жыр, ақындар

Екі кездесу

(повесть)

Жібек мені таныған жоқ. Тануға мүмкін де емес еді. Жазды күні қызыл күн таудан асып батқан кезде мен "Айдарлы томар" деген томарлы көлдің басында отырған байдың аулына келдім. "Айдарлытомар" бір дөгілдеу, онша биік емес бұйрат таудың күншығыс жағында еді. "Айдарлытомарда" отырған бес-алты ауыл. Бәрі де бай ауылдар. Ауыл басына мың-мыңнан қой бар. Топ-топ жылқылары бар. Әр ауылдың маңайында қыбырлап жатқан мал: қозыларымен бірге ыңырсып, маңырап, қыбырлап жайылып жатқан қалың қой. Бытырап-бытырап кейбіреулері жайылып, кейбіреулері жусап жатқан сиыр. Топтанып шөгіп-шөгіп жатқан көп түйе. Өрісте шұрқырап, қара құрттай қыбырлап қаптап жатқан жылқы.

Уақыт 1919 жылдың жазы. Ақмола, Семей губерниясының шекарасы. Үкімет Колчактікі.

Мен жаяу, қолымда таяғым бар, басымда жамандау қоңыр елтірі тымақ, аяғымда ескілеу солдат етік, бұтымда ескі қой терісі шалбар, үстімде ескі-жыртықтау көк ләңке шапан. Белімде ескі, кірлеу қызыл шүберек белбеу — Жібек қайдан танысын?..

Мен шеткі ауылға келіп, ауыл иесінің үйіне — үлкен ақбоз үйге кіргенде күн батқан еді.

Жазғы жылы кеш. Аспан ашық. Жалғыз-ақ күнбатыс жақтан бытыраған біраз қара бұлт көрінеді. "Айдарлытомардың" төңірегінде мал қыбыр-қыбыр етеді. Ыңырсып, ызыңдаған қалың малдың даусы кешке көш жерден естіледі. Үкімет Колчактікі, бірақ "Айдарлытомардың" басындағы бес-алты ауыл ешкімге қарамаған, өз алдына өзге дүниеден бөлек бір мемлекет тәрізді.

Үйге сәлем бере кіріп, босағадан асыңқырап отырып, ала көлеңкеде үйде жалғыз отырған бәйбішемен амандастым. Жөн сұрады. Жаттап алған жөнімді айттым. "Екібастұз" заводынан келе жатқан жұмыскермін" — деймін. Сөйлесіп отырдық.

Үйге ала көлеңкеде біреу кіріп, біреу шығып жүр. Қазан асты. От жақты. Отты жағып жатқан қызыл желекті жас келіншек, тезек бықсып жанбаған соң, келіншек еңкейіп үргіштеп отты жандырды.

Отқа таянып, отты жағып отырған келіншектің бетіне көзім түсіп кетіп, жүрегім селт ете қалды. Қайда көрдім мұны?.. Көз ашып-жұмғанша ұшқыр ой шырқ айналып, бейшара Жібекті тапты. Мен таныдым.

Жібек бұрын байлау болған, соңынан кедейленген Қарсақбай деген шалдың қызы еді. Қарсақбайдың елінде Жібектен сұлу, Жібектен асқан қыз жоқ еді. Жібек — Қарсақбайдың еркелеткен кенже баласы.

Қарсақбай Жібекті ауқаты өзімен қатар кедейге бермей, Пайлар Жібекті ұнатса да, Қарсақбайды кедейсініп соқтықпай жүруші еді.

Қанша Жібекті жақсы көріп еркелетсе де, әкесінің ойы мал еді. Бірақ Жібектің ойы басқа еді... Жібек, Жібек еді!

Енді Жібек от жағып отыр. Мені танымайды. Жібек тоқал. Байдың тоқалы. Бай семіз борсықтай шіріген ағаштың түбіріндей, қара тарғыл жуан тарлан шал. Тысқа малайларына ақырып, төбет итше гүрілдеп келіп бай жоғары шығып отқа таяу отырды. Тордай, алдында тағы да бір-екі тәуір киінген кісі баймен сөйлесіп отыр. Жібек от жағып отыр.

Бұрынғы жарқылдап, киіктің лағындай ойнап жүретін Жібекте күлкі жоқ... Бейшара Жібек. Қалай түстің бұл халге?.. Сені әкең мына майлы шірікке малға сатып жіберді-ау! Қалайша көндің сен бұған?.. Қандай жыладың екен сорлы?.. Пақырым-ай, қалай көндің?.. Сені мұндайға көнер деп кім ойлаған?! — деп босаға жаққа ұрлана қарап мен отырдым.

Жібекпен сөйлесуге хал жоқ. Ашынған жан құр қайнап отырды. Мен тысқа бір-екі шығып келдім.

Жібек от жағып отырды. Жуандар сөйлесіп отыр... Етпісті. Қазанды түсіріп, табақты жасап, төрдегі кісілердің алдына ет әкелді. Мені табаққа кісілер шақырды. Ет жедік. Ет жеп болған соң кісілерді де, мені де қонақ үйге апарып жатқызды. Жібек отты қағыстырып қалды. Қонақ, үйге келіп жатқан, тәуір киінген кісі маған "таңертең дәрет алу керек болады" деп құманға жұмсады. Мен құман алуға байдың үйіне кірдім. Бай жатардың алдында тағы қымыз ішіп отыр екен. Көйлекшең, қарнын сипап, созып-созып кекіреді. Қымызды сапырып құйып беріп отырған бәйбіше. Жібек әлі от жағып отыр.

Ақырын кіріп келген маған қарап, бай "не керек" дегенде, келгелі менің бетіме анықтап бір қарамаған Жібек жалт қарап, селт ете түсті.

Жібек менің бетіме қадала қалды...

Жібектің көзіне көзім түсіп кетіп, тез байға қарап:

— Әлгі кісі құман керек деп еді, — дедім.

— А-а, ала ғой, — дегенде, тез от басындагы құманды алып шығып кеттім.

Қонақ үй мен байдың өзі жататын үйі қатар. Шешініп жаттым. Ұйқы жоқ. Байдың үйінен шыққан кісілерді тыңдап жатырмын. Біреу шықты, біреу кірді. Бір уақытта Жібектің шыққанын білдім. Жібек түндік жапты. Қонақ үйдің жанына келіп аз ғана тұрып, көкірегі қақ айрылғандай, қатты "у-уһ!" деп барып үйіне кірді.

"У-уһ!" — деді... Көпке шейін ояу жаттым. Қалың, түйдектелген ой... Таң атқанда аз ғана көзімнің шырымын алып ертең ерте, байдың үйі ұйықтап жатқанда, намазға тұрған қонақ үйдегі адамдармен бірге тұрып, жаяу жүріп кеттім.

— Күндер өтті. Колчак кетті. Совет өкіметі қайта орнады. 1921 жыл болды. Бұл бір-екі жылдың ішінде Қазақстанның талай жерлерін араладым. Талай жерлерін көрдім. Әм Қазақстаннан басқа да талай жерлерде, талай қалаларда болдым.

1921 жылы Қазақстанның, бір қаласында кеңес жиылысын басқарып өткіздім.

Мен қалаға келген күні жиылыс ашылды. Жұрт жиылды. Қаланың кең, үлкен, әдемі клубы...

Мен жиналысты құттықтадым. Сөйлеп тұрғанымда маған қадалып тұрған қап-қара, мөлдірей жайнаған екі көзге көзім түсіп кетті. Сөзді тез бітірдім...

Отырдым. Қасымдағы исполкомның төрағасынан:

— Анау отырған әйел кім? — деп сұрадым.

Исполкомның төрағасы қарап:

— Ә, ол қырдағы біздің бір Бұржық деген байымыздың тоқалы еді, осы жолы болыс сайлауында жұрттың көзінше байынан босанып шығып, ел болып, жұрт болып жабыла жалынса да болмай, делегат болып сайланып мұнда келіп отыр. Бүгін маған келіп сөйлесті. Енді мақсұты оқу оқымақ... — деді. Қарасам, отырған Жібек екен. Екі көзі маған қадалған.

Мен де қарап ішімнен:

— Жібек, қапастан босаған, Жібек!

Ойда жоқ жерде екінші рет кездестім-ау сенімен! Жаңа қадамың қайырлы болсын, қарындас! Әзге, сен тәрізді, қара пәлелерге ұшыраған көп сіңлілерің де сенің жолыңмен бостандық алып, адам қатарына тезірек кіргей еді! — дедім.

1923


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз