Өлең, жыр, ақындар

Жасыл киім

Онымен кездескенімізде азан айтылып жатқан еді.

— Кеттік мешітке барайық,- дедім.

— Мешітке бармайтынымды біле тұра мені ашуландыру үшін айтып тұрсың ба?

— Білемін, бірақ бармауыңның себебін білгім келіп тұр.

— Әйтеуір барғым келмейді. Жасыл түске аллергиям бар. Мысалы, мына үстіңдегі киімің жасыл емес, басқа түстегі киім болғанда саған жарасар еді. Өзің де білесің ғой, әдемі киінуге өте құмармын. Егер намаз оқитын болсам шалбарымның қыры бұзылады.

Сөздері бостекі еді. Бір жағынан күліп те жібердім. Шынымен де, үнемі киімдерін үтіктеп, қызыл галстук тағып жүретін.

— Мейлі, өміріңде бір рет болса да мешітке барғансың ба?

— Бала кезімде атам бірнеше рет айт намазына апарған. Енді қайта барамын деп ойламаймын.

Айтқан сөздерін естіп, абдырап сасып қалдым. Бұл тақырыпты қозғағаныма өзім де өкініп қалдым. Дереу онымен қоштасып, мешітке қарай беттедім.

Кейінірек сөйлескенімізден көп ұзамай оның мешітте екенін естідім. Таң қалдым. «Демек айтқан сөздерім оған жақсы әсер еткен екен» — деп ойладым. Кімнен сұрасам да «Мешітте» — деп айтады.

Таң қалып, мешітке қарай асықтым. Барғанымда ең алдыңғы қатарда екен. Үстінде жасыл түс. Ақырын қасына жақындап, төмен дауыспен сұрадым:

— Қане, мешітке келмеймін деген едің?...

Еш дауысын шығармайды. Өйткені жасыл матамен жабылған бір табыттың ішінде еді.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз