Өлең, жыр, ақындар

Ақын тойында айтылған сөз

Әбу Сәрсенбаев бүгінгі қазақтың қалың әдебиет қауымының қақ ортасында жүрген баршамыздың ақ көңіл, елгезек жанды, мейірбан ағамыз. Қуанышыңда ақтарыла қуанатын, қасіретіңді қалтқысыз бөлісетін, жас қауымнан жылт еткен талант көрінсе соған шіркей болып, баспалар мен редакцияларға алдымен жетелейтін әдебиетіміздің жансебілі. Адамгершілік, кісілігімен, ақаусыз ағалығымен әрқайсымызға етене жақын, ет жақын болып кеткен жан.

Сондықтан да Әбекең туралы сөз айту өте қиын. Өзіңнің бірге туған сүйікті ағаң, не інің туралы, немесе әкең туралы топ алдында не айта алар едің! Толқыған сезімің ішіңде ғана тебіренеді, сыртқа шығарсаң сәні кетеді. Әбекеңді де өз бойыңнан бөліп алып, алшақ қойып, ақын тұлғасын, жазушылық сипатын салқын қанды сарапшының сыншыл көзімен саралап шығу оңай емес.

Әйтсе де, бүгінгідей той күні, Әбекеңді даралап алып, аз уақытқа өзімізден алшақ қойып, Әбу Сәрсенбаевтың әдебиет жолына көз салып көрелікші.

Әбу Сәрсенбаев менің құрдастарыма мектеп қабырғасынан таныс. Біз ақынның алғашқы кесек туындысы — «Еділ толқынын» оқып, толқыған жандармыз. Кең құлашты, эпикалық, қауқарлы бұл шығарма — сол кездегі қазақ поэзиясының елеулі бір асуларына жататын. Қазақ поэзиясының жаңа заман, Октябрь тақырыбына еңсеріле бет бұрып, сол тұстағы өз замандастарының бейнесін жасауға, жан сырын ашып, рухани өміріне тереңірек бойлап, күрес жолын бейнелеп, аңсаған арман-тілегін жыр құдіретімен ашуға деген талаптың, келешегі мол игі ниеттің бастамаларының бірі еді бұл поэма.

Әбу Сәрсенбаевтың творчествосының сырын ғана емес, ақындық тағдырын ұғу үшін ол шыңнан бастау-бұлақтарға көз жүгіртіп көрелікші. Он тоғызыншы ғасырда әрқайсысы жеке-дара асу болған Махамбет, Шортанбайлар, ұлы Абай еңсесін көтерген қазақтың өлең-жыр өнері Ұлы Октябрьден кейін қайта түледі. Жаңарып, даусы қайта ашылып, дүр сілкініп, тегеурінді серпінге көшті. Жалынды революционер, асқақ ақын Сәкен Сейфуллин қазақ өлеңіне жаңа ырғақ, ерекше серпін, жаңа идеямен рухтанған пафос әкелсе, ерен жүйрік ақын Ілияс Жансүгіров қазақтың байырғы өлеңінің ескі арнасын аршып, қазақтың жыры мен қара өлеңінің бүгінгі заманғы мәдениетті поэзиядан кем түспейтін суреткерлік, сыршыл лирикалық, нәзік психологиялық мүмкіндігі мол екенін танытып, көне арнамызды жаңартып берді. Майлин Бейімбет болса, асауды ноқталап алғандай қазақтың пафосты, арынды өлеңін жусатып, оған тамаша прозаның риясыз шыншыл ақиқаттығы мен дәлелдігін, мерген көздің байқағыштығын, жан сергітер юморын енгізіп, қазақ поэзиясын тағы бір тамаша қырынан ашқан болатын.

Міне, осы Октябрьден кейінгі алдыңғы толқын, алып толқын үзіліп қалған жоқ. Поэзиямызға Асқар Тоқмағамбетов, Жақан Сыздықов, Иса Байзақов, Тайыр Жароков, Әбділда Тәжібаев, Қасым Аманжолов, Жұмағали Саин, Қалижан Бекхожин сияқты ақындардың жаңа толқыны келіп қосылды. Осы толқынның қан ортасында Әбу Сәрсенбаев болды. Бұлар бір-біріне ұқсамайтын, жеке-дара суреткерлер, әрқайсысы әр дәрежеде жаңа поэзиямызға өздерінің елеулі үлестерін қосты. Түбірлі шұғыл өзгерістер арқылы социалистік жолмен жаңарып келе жатқан қазақ өмірінің жыршылары болды. Осы аталған ақындар қауымы, Әбекеңнің тетелес туыстары, қазақ поэзиясының жаңа бір белесіне көтерілді. Заманымыздың жыршысы, халық ойының ақындық көрінісі болумен қатар, әрі өз дәуірінің жыр-шежіресі болды. Әбу Сәрсенбаевтың отызыншы жылдардағы поэзиясы осының айғағы. Сонау Октябрьден кейінгі түбірлі өзгерістерді нақты көркем образдар арқылы суретке түсірген, эпикалық кең тынысты «Еділ толқыны» поэмасынан «Ақ гүл» атты лирикалық нәзік поэмасына дейін, үлкенді-кішілі өлеңдеріне дейін — ақынның барша шығармасынан сол кезеңнің бейнесін ғана емес, дәуірдің лүпілдеп соққан қан тамырын, тынысын сеземіз.

Әрине, отызыншы жылдардағы қазақ поэзиясы мен жетпісінші жылдардағы қазақ поэзиясының арасында қырық жыл өмір, қырық жыл іздену, өсу жолы жатыр. Бірақ, поэзиямыздың қазіргі шыққан сатысы отызыншы жылдардың шыққан белесін мансұқ етпейді. Қазіргі өсу-іздену жолында соны өзіне тірек етеді. Ал, Әбу Сәрсенбаев болса қазақ совет поэзиясының өткен жолын сонау басынан дерлік өтіп келе жатқан ақын. Сондықтан да ақын жолы — сол қырық-елу жылдық қазақ поэзиямызға хас табыстар, кемшіліктер, іздену сапарындағы сәтті, сәтсіз қадамдар осы ақынның, бойынан түгел табылады.

Отызыншы жылдардың екінші жарымында бір уақыт жалаң пафос сыңайына бой ұрғандай болған поэзиямыз Отан соғысы кезінде, халық басына күн туған ұлы сын сағатта басқа бір қырынан көрініп, жаңа сапасын ашты. Ең алдымен совет поэзиясы сапқа тұрды. Ақындар жауынгерлерді өлең-жырымен ғана демеп қойған жоқ, өздері де қолдарына қару алып майданға аттанды. Аты шығып, елге танылған ақындар Әбу Сәрсенбаев, Қасым Аманжолов, Абдолла Жұмағалиев, Жұмағали Саин, Қалмұқан Әбдіқадыров, Дихан Әбілев, Әли Есмәмбетов, Ықлас Адамбековтер... алғы шепке аттанды. Біз зеңбірек гүрсілінің арасынан соғыстағы ақындардың дауыстарын да естіп жүрдік. Ал, осы соғыс жылдары — біздің поэзиямыз үшін ерекше белес болды. Соғыс алдында әлі де сыры ашылмай, булығып, жаңа тепсініп келе жатқан Қасым жыры қаншама биікке шырқады. Үздік шыққан «Абдолла» поэмасын былай қойғанда, оның майдан жырлары — тұңғиықтан жарып шыққан ой тебіренісімен, тосын, ғажайып сурет, образымен қазақ поэзиясын жаңа белеске көтерді. Жұмағали Саинның партизан жырлары қазақ поэзиясына аңсаған мөлдір бұлағындай құйылды. Сол кездері белді ақындарымыз Әбділда Тәжібаев, Тайыр Жароков, Қалижан Бекхожин, Дихан Әбілев жырлары да қайта түледі. Сонымен бірге Ұлы Отан соғысы біздің поэзиямызға от кешкен ұрпақ арасынан тағы бір күшті толқын әкелді. Ол толқын — алғашқы ірі туындысы «Әке сыры» поэмасымен үлкен поэзияға еңсеріп кірген Хамит Ерғалиев, Сырбай Мәуленов, Жұбан Молдағалиев, Мұзафар Әлімбаев, Есет Әукебаев сияқты дарынды ақындар болатын. Бұларға ілесе қазақ лирикасының сан қилы сырын ашып, алуан бояумен өрлей түскен Қуандық Шаңғытбаев, Ғафу Қайырбеков, Ізтай Мәмбетов, Сағи Жиенбаев, Қабдыкәрім Ыдырысов сияқты алуан түрлі ақындар тобы келіп қосылды.

Осы ұлы майдан Әбу Сәрсенбаев поэзиясын да жаңа сатыға көтерді. Ақынның жыры ойлы, салмақты санаға толысып, лирикалық сыршылдығы тереңдеп, бояуы әдемі нақыштала түсті.

Майданда мақсат — біреу, ажал — біреу, жеңіс — біреу болғанмен, майдан бар ақынды бір қалыпқа салған жоқ. Әр ақын өзін тапты, өз табиғатын ашты. Әбу Сәрсенбаев жаратылысынан гуманист, нәзік жанды сыршыл ақын болатын. Ол соғыста да, майдан поэзиясында да өз табиғатын өзгерткен жоқ. Майдандағы майор Сәрсенбаев: «Апыр-ау, менің айқайға келмейтін биязы дауысым мынау дүние құлағын тұндырған зеңбірек гүрсілін, қанды қырғынның арсы-гүрсі зілзала шуылын басып солдат құлағына жетер ме екен, жүрегімнің дірілдеген лүпілі, аяулы сезімді оятып нәзік сыр шертетін лирикам күнде ажалмен бетпе-бет келіп, қанына қарайып қатып қалған солдат жүрегін қозғай алар ма екен», деп мүмкін талай қиналған да шығар.

Ал, нағыз шындығына келсек, Әбу Сәрсенбаевтың биязы, мейірімді даусы солдат құлағына анық жетті, оның сыршыл лирикасы қанға қарайып, майдан түтініне тотыққан солдат жүрегін шынымен тебірентті.

Шынында да соғыс деген ойын емес. Ол қаталдыққа да, қатыгездікке де үйретеді: күйректік, көңілшектіктен арылтып, ажал дегенді үйреншікті нәрсеге айналдырып, кісі өліміне етіңді өлтіріп, адам қасіретіне көңілді соқыр етіп те жібереді. Біз аянбай да, аямай да соғыстық. Жауды қырдық та, қырылдық та. Бірақ, сонда да қаныпезер, қатыгез, кісі өлтіруші болған жоқпыз. Біз өз елімізді азат ету үшін күрестік, өмір үшін күрестік. Әрине, қатал жағдай көп жақсы сезімдерімізді тұншықтырып, жүрегімізді тосаңсытып та тастады. Міне, осындай кезде Әбу ақынның тамаша жырлары көп нәрсені қайта оятты, майдандағы әкенің баласына деген, ер жігіттің сүйген жарына деген, жас солдаттың ата-анасына арналған сезім-аңсарын қайта оятып, көңіл кірін аршып берді.

Ақша бұлт... Шетсіз-шексіз өрт теңізіне, лапылдаған от мұхитына қауырсын қанатын шарпытпай ұшып жеткен ақ шағала. Долы дүлей кенет бір сәтке сілтідей тынып, қан шарпыған қарақошқыл бұлт қақ жарылғандай болды да, біз мөлдір көк аспаннан аппақ ақша бұлтты көрдік. Қанға малынып, отқа қақталып көн болып кеткен солдат жүрегі дір ете қалды. Тереңімізде тығылып қалған асыл сезіміміз оянды. Жас солдаттар жар аңсадық, махаббат, ізгілік аңсадық. Жылдар бойы топыраққа оранып, түтінге шарпылып күстеніп кеткен солдатқа ақын қылаусыз тазалық, пәктік әкелді.

Майор Сәрсенбаев совет армиясының сапында Сталинградтан бастап Балқан түбегінен түгел өтіп, Европаның орта деңгейіне жетті. Румын, Болгар, Мадияр, Австрия елдерін азат етуге қатысты. Осы кезде біздің құлағымызға Сәрсенбаевтың «Мазасыз Украина түні», Балқан жырлары, Балатон жырлары да жетті. Соғыстың өз заңы — жауға деген өшпенділік заңы бар. Қанды қырғын алас-қапаста қас пен досты ажыратып жатуға мұрша да бола бермейді. Ал, ақын жүрегі осыны ажырата білді. Керек жерінде тебірене білді. Бұл біздің армияның азаттың миссиясынан, социалистік қоғамның гуманистік табиғатынан туған жырлар болатын.

Әбу Сәрсенбаевтың қазақ, поэзиясынан орнықты орын алған майдан жырларының заңды жалғасы есебінде «Офицер күнделігі», «Жауынгер монологы», «Батырлардың ізімен» кітаптары дүниеге келді. Бұлар нақтылы, документті дүние болғанмен, кәдімгі көркемдік дәрежеге көтерілген шығармалар. Жазушының бұл туындылары қазір алыстан, тарихқа айналып кеткен майдан өмірін прозаның байсалды баяндауы, нақтылы суреті мен өмір байқағыштығы арқылы көз алдымызға қайтып әкеледі. Біз бұл кітаптардан көп ұлтты совет жауынгерлерінің жанқияр ерлігін, патриоттық сезімін ғана емес, солардың көбінің жақсы штрих, детальдер арқылы жасалған, есте қаларлық қызғылықты бейнелерін көреміз. Майдандас достарын аңсай, сағынып отырып жазған ақын проза құралымен сол достарын біздің көзімізге көрсетіп, жақсы таныстырып, жүрегімізге жақын етті. Бұл — майдандас достар алдындағы ақын борышының бір өтеуі болса керек.

Әбу Сәрсенбаев жаратылысынан ақын болғанмен, проза саласында да елеулі еңбек еткен, драматургиямызға да қатысқан адам. Бұл кісінің «Толқында туғандар», «Теңіз әуендері» атты оқушы қауымға кең тараған үлкен романдары соның айғағы. Әбекең Каспий теңізінің жағасында, Еділдің құярлығында туған. Көп шығармасының тақырыбын да, нәрін де сол туған топырақтан алып келеді. Ақынның Атырау алқабының жыршысы атануы да содан. Прозаға жыр лебін, поэзия сазын ала келген «Толқында туғандар» романында жазушы революция табалдырығында тұрған Атырау алқабының жұмысшы-балықшылар өңірін суреттейді. Мұнда қазақ, орыс балықшы-жұмысшыларының есте қаларлық образдары жасалған, революция алдындағы шиеленісіп келе жатқан өмір атмосферасы жақсы берілген. Тап тартысының шиеленісуі, балықшылардың таптың санасының оянуы да нанымды. Ақынның бұл туындысында оның көп шығармасына арқау болатын халықтар достығы, интернационалдық рух мол.

Әбу Сәрсенбаевтың балалар әдебиетіне сіңірген еңбегі де үлкен. Ақынның сезімтал сыршылдығы мен адамгершілік үлкен мейірімі балалар үшін жазған жырларына да сәулесін түсіріп, ерекше жылылық құяды. Ақын бұл саладағы жемісті еңбегіне «Капитан ұлы» атты прозалық үлкен шығармасын қосты.

Әбекең жетпіс жасқа толды, осы өмірде ақынның елу жылдық творчестволық еңбегі жатыр. Бұл көлемді еңбек, үлкен еңбек қазақ совет әдебиетіне өзінің елеулі, қомақты орнын алды, бүкіл Одақ көлемінде танылды. Қазақ поэзиясында Әбу салған із бар. Оның тау бұлағындай мөлдір сазы бар. Бұл бір адамға аз еңбек, аз бақыт емес.

Әрине, Сәрсенбаевтың өсу жолы, шеберлік биігіне көтерілу сапары оңай, тақтайдай жазық болған жоқ. Ол әрбір шын таланттың жолы. Бүгінгідей той дақпыртында «Әбекеңнің жазғандарында мін жоқ, бәрі бірдей түгел маржан» десек, алдымен ақынның өзін ренжітер едік. Біздің әдебиетіміз көп ізденді, өсу жолында «балалық ауруға» шалдығып, ілгерілер шиырлап кеткен қонысқа да қонып көрді, бірақ сол кемшілігінен көш-жөнекей арылып, үнемі тазартып өсіп келеді. Әбу Сәрсенбаевтың да жолы осы жол, туған әдебиетінің жолы.

Ес білгелі қоғам қызметін атқарудан Ә. Сәрсенбаевтың мойны босаған күні жоқ. Баспаға директор болсын мейлі, әр түрлі редакторлық қызмет атқарсын мейлі — осының ешқайсысы ол үшін мансап орны, ресми қызмет болып көрген жоқ. Бұл кісінің ақылы не ақысыз қызметтің қайсына көбірек жан салып, уақыт бөлетінін біз әлі күнге дейін айыра алмаймыз.

1957 жылы онкүндік алдында Москвада айлап жатып қазақ әдебиетін орысша шығару үшін Әбекеңнің бәйек болғанын көзіммен көрдім. Қазақтың ақын-жазушыларының жолма-жол аудармасын сары портфельге сықап салып алып, ертеңнен қара кешке дейін баспадан баспа, редакциядан редакция кезетін. Сол баспа, редакция қызметкерлері Әбекеңді жақсы танып, шын ықыласпен іні тартып кетіп еді. Кейбір автордың жарамсыз шығармасын қайтарарда құдды оның өз шығармасын қайтарғандай қатты қиналып, көздерімен жер шұқып қалатын. Буаз биедей бауыры жер сызған сары портфелін салақтатып, қайқаң басып кіріп келгенде отырған редакторлар, әсіресе қыз-келіншектер өңдері жылып «Қазақ әдебиетінің полпреді» келді деп жымиятын.

Қымбатты Әбеке! Ресми қызметте болыңыз мейлі, болмаңыз мейлі, сіз қазақ әдебиетінің өзгермес полпредісіз.

Әбу ақ қой шағала,
желкеннен де,
Сағынғанда сүйеді
желкеңнен де.
Аспандағы қарайды ақша
бұлтқа
Жердегі бір пасықтан
жеркенгенде, —

деп еді Хамит ініңіз. Осы сөзге бүгін барша қауым қол қояды.

1976


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз