Өлең, жыр, ақындар

Отбасы – басты құндылық

Отан — отбасынан басталады. Отбасы — қоғамның ең кіші бөлшегі. Яғни мемлекет немесе ұлт отбасылардан құралады. Егер отбасы деген кіші бөлшектер құнды болса, онда қоғам да мықты болмақ. Ал егер отбасыда шаңырақ шайқала бастаса, қоғам да іріп-шіри бастады дегенге саяды. Сондықтан қоғамды түзету үшін отбасы институтына ерекше көңіл бөлуіміз керек.

Еліміз ажырасу статистикасы бойынша әлемде алғашқы ондыққа кіреді. Жыл сайын жүз мыңнан астам жұп отбасын құрса, оның жартысына жақыны ажырасып кетеді екен. Сонымен қатар, жыл сайын 40 мыңнан астам бала жартылай отбасыда тәрбиеленушілер қатарына қосылады немесе халық арасында қолданылатын атаумен атасақ, «тірі жетім» атанады.Осы көрсеткіштердің өзі-ақ отбасы институтына ерекше көңіл бөлінуі керек екенін байқатады. Әрбір адам бақытты отбасын құруға немесе бақытты отбасы болуға тырысу керек. Өйткені бақытты отбасы шаңырағынан бақытты ұрпақ дүниеге келеді. Бақытты ұрпақтан құралған ұлт та, қоғам да бақытты болмақ.

Бақытты отбасы қалай боламыз? Бақытты отбасы болуға отбасы мүшелері бірдей ұмтылуы керек. Бірге ұмтылып, бақытты отбасы болудың қыры мен сырын бірге зерттеп, үйренгендерін отбасылардың басты қағидасына айналдыра алса, олардан бақытты жандар болмайды. Ең бастысы «менде бәрі жақсы», «мен бәрін білемін» деген секілді алдамшы түсініктерден арылып, өзімізді жан-жақты дамытуға, жарымыздың жандүниесін түсініп әркім өз рөлімізді жетік орындауға тырсайық.

Е.Ертайұлы, «Жұбайыңның жүрегін жаралама, жаула» кітабынан


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз