Өлең, жыр, ақындар

Өзегінде бар қазақтың зары бар

Шүкір, кейінгі кездері “қоғам бір формациядан екінші формацияғы өтер тұста әдебиетіміз не істерін білмей абыржып қалды”, “өтпелі кезең тұсында әдебиет тұйыққа тіреліп, дағдарысқа ұшырады” деген мұңы ауыр, уайымы қалың сөздер сирексіп, дүниеге келіп жатқан жаңа шығармалар туралы әңгімелер, жиі болмаса да, естіле бастады. Әрине, мен өз басым, кешеуілдеп болса да, сол өтпелі кезең тұсында да поэзия жанрының ешқандай да дағдарысқа ұшырамағанын, тұйыққа тіреліп қалмағанын сөзім жеткенше дәлелдеп баққам-ды. Көңіліме бір демеу болатыны, менің ол пікіріме ешкім де, жоқ олай емес деп қарсы дау айта қойған жоқ. Демек ақыл, ақылдан артық емес, көп адамның көкейінде де сол ой жүрсе керек.

Рас, асты-үстіне шығып, үсті астына түсіп жатқан аласапыран дүниемен әп дегеннен қоян-қолтық кеп шаппа-шұп ұстаса кететін поэзия сияқты емес, әдебиеттің қатепті қара нары боп саналатын проза жанры біршама уақыт дағдарып қалған-ды. Әр ай түгілі әр күні бір-бір жылнамаға татитын жылдар өтті. Дүниені дүрліктіріп жіберген құйынды дүбілістің ақ шаңы басылып, көзді де, көңілді де көлегейлеп, алды-артыңды бірдей тұмшалап, ертеңіңді болжатпай қойған қалың ақ тұман да сейіліп, жазушыларымыз сол бір қым-қуыт кезеңнің шым-шытырық оқиғаларын өн бойынан өткізіп, оны көңілінің көрігінде қыздырып, жан-жүрегінде қорытып, ой-санасы мен талғамының таразысына салып, сұрыптап, саралап сол өткен уақыттың кескін келбеті мен ажарын дүниеге алып келе бастағаны шындық.

Ондай кезеңде ақылын ішіне жасырған астарлы пікірдің де, тағаттан жұрдай ұстамсыз ұшқары пікірдің де айтыла беретіні заңды. “Дағдарысқа түсті”, “тоқырауға ұрынды” деген сөздерді сын жанры да аз естіген жоқ. Әлі де естіп жатыр. Тіпті кейде “сын өлді” деген қатал сөз де таңғы ауада мылтық атылғандай гүрс ете қалатыны бар. Бірақ, бағамдап қарасаңыз, “сын өлді” деген сөздің өзі де — сын ғой. Яғни, қанша жаназасын шығардым десең де, бәрі бір сынның өлмегені ғой.

Бұл жерде бір айта кететін мәселе, мен өз басым, өлең жазатын адам болғандықтан, ұзақ жылдардан бері, қазіргі қазақ поэзиясы, оның талантты өкілдері туралы сыни ой-пікірлерімді бірде бір үзген емеспін. Тағы да осылай жұмыс істеп жүрген жалғыз мен емес. Бәрі десем күпіршілік болар, ақын-жазушылардың бірқатары дәл осылай еңбек етіп жүр.

Бізде бір тас қамалдай қатып қалыптасып қалған жаман түсінік бар: әдеби туралы сөзді тек сыншы айту керек. Шынымды айтайын, мен кейбір сыншылардың еңбектерін (әрине, бәрін емес) мүлде бағаламаймын. Неге? Өйткені ол дүниелер, ең алдымен, көркемдіктен жұрдай. Таптауырын. Схема. Сылдыр сөз. Қатып қалған қасаң. Қасаңдығы сондай, оларды оқып отырып ең болмаса түйіні де жоқ кендір жіп жұтып немесе тоң боп қатып қалған кесек кеміріп отырғандай болам. Шабыттана алмайсың. Шарықтай алмайсың. Шалқи алмайсың. Хайуанаттар паркіндегі шарбақта қалғандай пұшайман, мүсәпір күй кешесің. Ал сын деген де әдебиеттің басқа жанрлары сияқты көркем дүние, көркем әлем ғой. Яғни, ең алдымен ол көркемдік талаптарға жауап беруге тиіс. Әрине, көркемдік талаптарға толығымен жауап беретін шығармалар жаза алатын сыншылар бар. Бірақ олар өте аз. Сондықтан мен кей ретте кендір жіп есіп, тоң кесек теріп кеткен қалың сыншылардан гөрі ақын-жазушылардың өздері жазған сыни ой-пікірлеріне көбірек ден қоям. Өйткені олардың ой-пікірлерінің бойында қан бар, жан бар. Тақырыпқа ендеп кіру бар. Қаламдас әріптесінің лабораториясының тыныс-тіршілігін, демі мен лебін көрсету бар. Кейбір “паспортты” сыншысымақтар сияқты шығарманың оқиғасын ғана айтып, тысын ғана шолып шығу емес, автордың айтар ойының астарын ашып тастайтыны бар. Осы барлардың бәрінен де бұрын ол мақалаларда көркемдік бар!

Тағы да бұл жерде айта кетер бір мәселе, әдебиетте шаш ал десе бас алатын әпербақан шолақ белсенділер ойлайтындай, сын деген кілең бір өлімші етіп дүрелеп сойып салу мен қорқыратып бауыздап тастаудан тұрмайды. Шолтаңдаған ол шолақ белсенділердің селебесі арқасы жауыр, кирелеңдеген көтерем хальтуршиктерге емес, ең алдымен, белі берік, сүбесі қалың, сауыры жалпақ жарамдыларымызды жайратып салады. Бейне бір олар сын жанрын қан сасыған қасапхана деп ұғатындай.

Бүгінгі таңда сын жанрында не жетпей жатыр дейтін болсақ, онда оған әлі күнге дейін барымызды базарлай алмай жатқанымыз жетпей жатыр дер ек. Яғни, қарымды, қабырғалы қаламгерлеріміз күні бүгінге дейін өздерінің тиісті бағаларын ала алмай жүр дер ек. Қайта қайдағы-жайдағы көлденең келіп киліккен көк аттылар кимелеп, олардың аяғының астынан ұшқан шаң, көп-көп көркемсөз шеберлерінің кескін-келбетін көлегейлеп көрсетпей барады дер ек.

Мұндай келеңсіз құбылысқа басқа ешкім емес, алдымен өзіміз кінәліміз. Несін жасырамыз, бір-бірімізге деген ниетіміз жұтаң, тілегіміз тапшы. Рас, өтпелі кезең тұсында әдебиетке келген жастар поэзиясы туралы “Алтынкөпірліктер” деп аталатын мақала жаздым. Одан бұрынырақта Тоқаш Бердияров, Өтежан Нұрғалиев, Сабырхан Асанов, Меңдекеш Сатыбалдиев,Сәкен Иманасов, Дүйсенбек Қанатбаев сияқты ағаларым жайында, сонан кейін қатарлас құрбылар мен қанаттас інілерім Жәркен Бөдеш, Несіпбек Айтұлы, Жүрсін Ерман, Ғалым Жайлыбай, Бауыржан Жақып, Қасымхан Бегман, Нұрлан Мәукенұлы, Болат Шарахымбайлардың (Құдай қаласа, бұл тізім жалғасын табады) творчестволарына жеке-жеке тоқталдым.

Әрине, осы уақытқа дейін әлгі аты аталған ақын азаматтардың замандасы, ерен де ерек ақын Есенғали Раушановтың өлең әлемі туралы қалам тартпағаным ұят. Кезінде Есенғали екеуміздің, алауыз болмасақ та, алакөз болып қалғанымыз рас. Қазір де екеуміздің ауыз жаласып, қауышып кеткеніміз шамалы. Сондықтан Есенғалидың өзін былай қойғанда, өзгелер де неге ол туралы жазбайсың деп кінәлап, күстаналай алмайды. Мен жазбағаннан Есенғалидың бәсі тіпті де түсіп қалмайды. Бірақ ол туралы жазбау, ең алдымен, өзімнің азаматтығыма, адамдығыма сын деп білем.

Ал Есенғали Раушанов әдебиеттегі кәмлеттік кезеңнен әлдеқашан өтіп, әбден толысып, кемеліне келген, шығармашылығы қалың-қалың қатпарлардан тұратын, ешқандай асырмай да, жасырмай да айтар болсақ, ұлттық үлкен ақындарымыздың ішіндегі санаулыларымыздың бірі.

Мен үшін, сан тарап, сан тақырып, сан сала, сан өріс-белеңде жұмыс істеп жатқан алуан мінезді, алуан ауа-райлы ақындардың ішінде ұлттық ақын деген өлшем бәрінен де биік ұғымға ие. Өйткені ұлттық ақынды белгілі бір ұлттың рухани мұқтаждығы тудырады. Тағы да ол сол ұлттың қатерлі, қиын кезеңдерінде дүниеге келеді. Ондай ақын ұлтының алдында үлкен жауапкершілік пен міндет арқалайды. Ондай жуапкершілік пен міндет кез келген ақынның пешенесіне жазыла бермейді. Бұл дүниеде ұлттың рухани мұқтаждығын өтеуден үлкен іс бар ма?! Бірақ бұл жерде рухани мұқтаждық деген ұғымның қатып қалған қасаң формуласы жоқтығын, оның аса кең ұғым екендігін, ол ұғым заман желімен, уақыт лебімен өзгеріп тұратын қоғамның әр саты, әр баспалдақтары мен әр иірім, әр иінінде басқаша реңк пен түске, басқаша мазмұн мен мәнге ие боп түрлене құбылып отыратынын ұмытпағанымыз ләзім.

Мәселен, Махамбет ұлты үшін ақырып теңдік сұраса, Абай халқын қараңғылық қамауынан алып шығамын деп қайғы жұтып, у ішті. Пушкин жуылып-шайылмаған Ресейдегі құлдық пен зорлықты көріп зар илесе, Байрон Англиядағы ұлтына жасалынып жатқан әділетсіздікті көріп өз елінен өзі безіп кетті; француз Беранже ұлтын қан қақсатақан діни дүмшелік пен корольдің озбырлығын көздеріне шұқып тұрып көрсеткені үшін қуғын-сүргінге ұшырады... Мұндай мысалдарды көптеп тізе беруге болады.

Қасіретті ұлтының қамын ойлап көкірегі қарс айырылған Мағжанды, өз шығармаларында ұлттық қасиетті бар бояу-нақышымен суреттей білген Ілиясты, сұм заманның сұмпайы сықпытынан шошынған Сұлтанмахмұтты, өлеңдерінен ұлттық өрлік пен адуындылық атойлап тұратын Қасымды айтпағанда, Кеңестік дәуірдің қышқаштай қыспағының азуы сәл босаңсыған тұста “мен қазақпын” деп әлемге жар салған Жұбан Молдағалиевті, туған жерге кіндігінен байланып қалған Ғафу Қайырбековті,ұлы даланың рухани дидарын, яғни ұлттық мінез-құлқын айқара ашып көрсеткен Қадыр Мырзалиевті, өз ұлтының бойындағы күйдей тылсым, күйдей жұмбақ болмыс-бітімінің философиялық мәні мен психологиялық мәйегіне үңілген Жұмекен Нәжімеденовті, ұлтының рухани кескін-келбетін кеңістіктің алып сахнасына шығарып сомдаған Мұқағали Мақатаевты, ғасырлардың құмы мен қыры астында қалып қойған сарын мен әуенді қайта оятып, оларды құлағыңның дәл түбінен естілетін ұлы дүбірге айналдырып жіберген Төлеген Айбергеновты, әрі тартқанды бері тартам деп әуре болмайтын, қайта әрі тартқанды одан да әріге итеріп жіберетін мінезге ие Фариза Оңғарсынованы, ұлтым деп сөйлесе ұрты басқан көріктей ісініп, тілі үшін тап қазір жүрегін суырып, тілін кесіп беруге дайын Мұхтар Шахановты, Лениннің туған күні аталып өтіп жатқан ресми кең залға арбасын шиқылдатып, өгізін аяңдатып кіріп келген Кеңшілік Мырзабековті, “дала сенің ұлыңмын” деген сөзі бірде шексіз мақтаныш, енді бірде жан айқайындай естілетін Әбдірәштің Жарасқанын, қарағайдың қарсы біткен бұтағындай Иранғайыпты, “заманайлап” шерін ақтарған Ұлықбекті, “қасқыр баба” деп қасқайып сөйлейтін Серік Ақсұңқарұлын қайда қоясың?! Осы ақындардың қай-қайсы да ұлт ақыны. Олардың қай-қайсы да ұлттың рухани мұқтаждығы мен қажеттілігіне өз деңгей, өз дәрежесінде жауап берген ақындар.

Әрине, бұл мақалада, өздеріңіз байқап отырғандай, талай-талай тамаша ақындардың аттары аталмай жатыр. Бірақ мен бұл жерде нағыз ұлттың бояу-нақыштары бірден көзге түсетін ақындарды ғана атап отырмын. Сондықтан басқа жұрт мұныма түсіністікпен қарар деген ойдамын.

Есенғали Раушановтың поэзиясындағы орыны, сөз жоқ, жоғарыда аты аталған ақындардың қатарында. Ол ақындар бір біріне қалай ұқсамаса, Есенғали да оларға дәл солай ұқсамайды. Қазақта “илегеніміз бір терінің пұшпағы” деген сөз бар ғой. Ол сөз басқа бір ортақ мәселелерге келсе де, алдына қағаз жайып, қолына қалам ұстаған жандарға келмейді. Әр ақын-жазушы, мейлі ол қотыр лақтың терісі болса да, оны өзі жеке илейді. Олай болмады ма, онда оның бәлду-бәлдуінің бәрі өтірік. Әр ақын жеке индивидум.

Ақын өз мінезімен туады, яғни, жаратылыс табиғаты қалай болса, өлеңі де сондай. Әдетте, ұлттық рухы биік ақындардың мінездері бір-бірінің көшірмелері болмаса да ұқсас болып келеді. Бәрі де бір беткей, бәрі де қайсар. Қалыпқа сыймайды, қамытқа басын кіргізбейді. Есенғали бұл ретте былай дейді:

Тасырқағанда тас жауған
Тау болды ұйықтар айлағым.
Қасқырдан анау
қас жаудан
Тартып ап апан жайладым.
Жетіп бір құлан қайырып,
Желкеден алдым жеміт деп.
Тағыдан олжа айырып
Тарпаңды міндім көлік деп.
Батырша күліп түрегеп,
Отырдым жылап ақынша.
Жонымды тостым “міне” деп
Жолбарыс-тағдыр атылса...

Міне еркектік мінез! Міне, ақындық тарпаң болмыс! Дүниені алағай да бұлағай етіп астаң-кестеңін шығарып жіберуге әзір, сұмдығы мен зымияндығы ібіліс пен шайтанның өзін шатастырып, айласы мен қулығы албасты мен перінің өзін адастыратын, қырсықтығы мен қыңырлығы қырық есекке жүк болатын мына сұмпайы заманға осылай күш пен сес көрсетпесең, онда ол сенің бұтыңды бұт, қолыңды қол етіп, терідей айырып, матадай жыртып тастары сөзсіз. Апан аранын айдаһардай ашып, жұтқан сайын жұлынып, қылғытқан сайын құнығып бара жатқан, обыр өңеш пен озбыр пиғыл әбден иектеп, халықтың қасиетін де, қасіретін де аяғына сап таптап, мүлде басынып, басқа шығып алған мына жыртқыш, кісәпір заманды енді жалынан сипап жуасытам, мойнынан қасып сабасына түсірем деу бос әңгіме. Оны тоқтатса осындай қаһарлы еркектік мінез ғана тоқтата алмақ!

Бұл енді бүгінгі хал. Не болғанда да, қазір ептеп болса да, бойымызға ұлттық қан, ойымызға ұлттық жан кіре бастады.

Ондай тұста осындай еркектік мінез көрсетуіміз заңды.

Әрине, тұтастай алғанда, қазір де оңып тұрғанымыз шамалы. Орнымыздан дүрк көтеріліп кете алмай жатырмыз. Дей тұрғанмен, күні кеше ғана, анда-санда болса да, мұндай мінез көрсету мүмкін емес еді ғой. Өйткені біздің санамыз да, ой өрісіміз де, тіпті ақыл-есімізге дейін алапат күйзеліс пен апатты күйреуге ұшыраған болатын. Ұлттық болмысымыз бен рухымыздың тамыр талшығына дейін оталып қырқылып жатты. Ауызы кере қарыс, азуы алмастай өткір бір-ақ идеология үстемдік етті. Орыстану идеологиясы. Білім де орыста, ілім де орыста, мәдениет те орыста, өнер де орыста, өлең де орыста... Бәрі де орыста. Ер жүрек те сол, кең жүрек те сол. Кемеңгер де сол. Қалған ұлттардың бәрі де болар болмас бірдеме немесе түкке алғысыз. Ол идеология бойынша жалғыз Кеңес одағындағы ұлттар ғана емес, жер жүзін жайлаған басқа елдердің де оңғаны жоққа тән. Батыс Еуропаң да, Америкаң да солай. Өйткені олар дұрыс жол таңдай алмаған. Шетінен тонаушы, шетінен жыртқыш. Бір сөзбен айтқанда орыс бола алмасаң, күнің қараң. Орыс болмасаң мәдениеттен де, әдебиеттен де жұрдай боп жұртта қаласың.

Міне, осындай сұмдық сұмпайы идеология ақырында дегеніне жетті. Ойымызды да, бойымызды да улап алды. Санамызда оған қарсы тұратын иммунитет жойылды.

Әлбетте, орыс халқы — ұлы халық. Оған ешкімнің де дауы жоқ. Үйренгеніміз де аз емес. Бірақ өзгенің еңсесін езіп, тіпті жерге тығып, оны осыншалықты дабырайту, осыншалықты шырқау биікке көтеру, алдына тізе бүгіп табынуға дейін бару не үшін керек еді. (Бұл үрдіс, өкінішке орай, әлі де жүріп жатыр). Әрине, бізді ұлт ретінде мүлде жойып, біржола орыс етіп жіберу үшін керек еді. Содан барып біздің санамыз да, атымыз да, ақыл-есіміз де, орыс рухымен отарланып, бүкіл болмыс-пішінімізді құлдық психология меңдеп алды. Мәңгүрттендік. Сол идеологиядан бәріміздің уланғанымыз сонша, қиыр шет, қиян түкпірде, мәселен Қызылқұмда немесе Қатонқарағайда жүрген қарапайым тракторшы не шопан, ешқандай алты аласы, бес бересісі болмаса да, “атаңа ғана лағнет американдық пен француз, көріңде өкіргір неміс пен испан” деп, жеті атасынан бері түк қалдырмай сыбайтын, оларды иттің етінен бес бетер жек көретін “дәрежеге” жетті. Не үшін? Өйткені олар бізбен, яғни орыспен қас. Кеңес өкіметімен, яғни орыс идеологиясымен жау. Тек орыс қана әдемі әйей, тек орыс қана ғажап, керемет. Қалғандардың бәрі не анайы, не жабайы. Міне, осы бір орыс идеологиясынан туындаған аса қатерлі психологиялық ауытқу процесін Есенғали қандай тапқырлықпен айта білген десеңізші?!

Француздар келіп жатыр полкке,
Еңлік көктем еркелейді шашып нұр.
Жақсы болды біз үшін,
Офицерлер асханасы ашық тұр.
Француздар,
Қызық, тегі, мінезі,
Зеңбіректі айналшақтап көреді:
“Қанша адамды жайпайды екен бұл өзі”.
Білмейді екем мен оны.
Комбат айтқан:
“Шылым берсе алмаңдар!”
Неге алмаймыз?
Түсінбеймін мұны да.
Дала — рахат.
Сай-салада қалған қар
Барады өрлеп қарт Кавказдың шыңына.
Шіңкілдеген жетеді үні құлаққа,
Майор Бурцов қонақтарды тілдейді:
— Мәдениетті-ақ халық сынды,
Бірақ та
Бұлар неге орыс тілін білмейді?

Көрдің бе, сол бір сұмпайы идеология орыс тілін білмеу барып тұрған бейшаралық деген қасқой ұғымды, басқаны былай қойғанда, орыстың өзіне сіңіріп жіберген. Шіңкілдеген майор Бурцовқа дейін империалистік эгоизммен, отаршылдық өркөкректікпен дерттеніп, айықпас рухани кеселге ұшыраған. (Ол кеселдің вирусы бізді әлі де буып тұр). Әлемдегі ең қадірлі мәдени алтын ошақтардың бірінен саналатын француздардың өздерін шіңкілдеген жәутік Бурцовтың өзі зорға көзге іліп тұрғанда, басқаларға не жорық.

Қарапайым ғана, жай ғана айтыла салғандай боп көрінетін бұл өлең жолдарында қаншама ащы мысқыл, қаншама уытты сарказм жатыр десеңізші?! Көлемі шап-шағын, ал көтерер жүгі зіл батпан. Оқисың да, Есенғали шеберлігіне тәнті боласың. Әсілі шеберлік — қарапайымдылықта.

Құдай-ау, түп-тамырларымызды түгел отап жіберуге кіріскен осы бір кесірлі де кесапатты идеология басталмай тұрған, сонау тарихи кезеңдерде не болып еді өзі?! Оған да бір үңіліп көрейікші. Ақын енді бізді тағы бір жыры арқылы алағай да бұлағайлы төңкеріс заманына ап кетіп ақ пен қызылдардың кезек-кезек кеп қазақ ауылына салған әлегі мен лаңын суреттейді.

Жалпы, шын ұлт ақыны — ұлт тағдырымен қандас, тамырлас. Яғни, ұлт тағдырын жан жақты көрсете білген ақын ғана ұлт ақыны бола алмақ. Өлеңге қайта оралайық.

Қысқа күнде қырық құбылып тұратын заман-ай. Ыспа құм ішінде отырған шағын ғана қазақ ауылы. Ол да қатыгез заманның сұрапыл дауылы астында қалған. Кеше ғана моп-момақан, тып-тыныш жатқан дүние асты үстіне түскендей әбігер. Айнала дүбіліс. Айнала алашапқын. Ағы кім, қызылы кім, айтып болар емес. Әйтеуір қызыл танау аптығу, дал болып абдырау... Міне, Кепкен шал “Алла-ай” дегенше болған жоқ “Құйылып келіп қалды кіл аттылар”, Шетінен өпірем, шетінен өктем. Жөн сұрап жауаптасып сөзге келмек түгіл, мынау да адам екен-ау деп көзге ілмейді. Олар үшін мына алдындағы адамдар адам емес, ербиген-сербиген әйтеуір бір сұлбалар секілді. Одан әрі не болды дейсіз ғой.

Ел емес,
Көктен түсіп “Құдай” келді,
Құдекең атаман боп сыбай келді.
— Мұның не, Орысжан-ау, — дегенінше
Кепкен шал — кескен терек құлай берді.
— Уа, батыр,
Жөніңе кет жылқыңды ал да,
Жылқыдан басқа менің мүлкім бар ма?
Бишік бір ыс-с ете қап,
өшірді үнін
Би-аға сауға сұрап ұмтылғанда.

Ыспа құм ішінде моп-момақан боп монтиып қана отырған қазақ ауылы әп-сәтте ойран-ботқасы шығып, қып-қызыл қанға боялып, зорлық пен зомбылықтың тарғыл ізді табанының астында қалды. Шектен әбден шығандап шығып, есіре еліріп кеткен сол зорлық пен зомбылық айналаның бәрін ту-талақай етіп, жүндей түтіп, жұмыртқадай жарып, мал біткенді алдына сап тайып тұрғаннан кейінгі ауыл көрнісіне қараңыз.

Жігіттер үнсіз-түнсіз тұрды ұғысқан,
Не пайда, шаппаған соң, құр қылыштан.
Басына төңкерулі қазан киіп
Бас баққан қорқақ шықты бір бұрыштан.
Бармысың, тірімісің жарығым-ай,
Не жаздық, неден жаздық тағы, Құдай.
— Болғанда ағы мұндай, бұл итіңнің
Қызылы қандай болмақ, Тәңірім-ай?..

Ғұмыр бойы “ақ” деген сөз бен ұғымды қасиет тұтып келген жұрттың сол “ақтан” көрген құқайы мынадай болса, қан түстес “қызыл” деген сөз бен ұғымнан осылай шошымай қайтсін?!

Бұл ауылдың басына тиер таяқ осымен бітпепті. Оның көрер көресісі әлі де алда екен. Көп ұзамай қыр астынан тағы да аттылардың қарасы көрінді. Бірақ бұл қазақ өткеннен дәріс, тарихтан сабақ алып көрген бе? Таспен ұрғанды аспен ұрып үйренген халық қой. Аузы күйген үрлеп ішеді дегенді айта тұрып, оны өзіміз істейміз. Ұмытып кетеміз. Ыссылай қауып аузымызды тағы да күйдіріп аламыз. Ең болмаса, алды-артымызға қарап бір пәске аял етпейміз.

Өткеннен тәлім мен дәріс алмайтынымызды қараңызшы, сәскеде ғана асты үстіне түсіп ойран-ботқасы шыққан ауыл қыр астынан көрінген әлгі аттыларды, қонақ деп қабылдайды. Қазақы аңғалдық! “Сәске”, “Кешке”, “Азанда” деген тақырыптарды мезгілдің көркем шарттылықтары деп қабылдасақ та олардың шындықтан ауылы алыс емес.

Сол-сол-ақ екен, лезде-ақ “Жылмаңдап ұры көсеу отқа кірді, Аққұман томпаң қағып шоққа мінді”. Барын ауыздарына тосып, құрмет көрсеткен мына жұртқа қарап жатқан командир кенет нілдей бұзылады. Оның ішіне “Питерде пролетариат ашығуда, Бұлардың не құқы бар тасынуға? Әдейі құм ішінде бөлек отыр, Астығын мал-дүниесін жасыруға” деген арам пікір кіреді. Содан кейін-ақ алатай бүлік басталады да кетеді. Сақылдап қайнап жатқан қазан төңкеріліп, түңлігі түріліп шалқайып ашық жатқан шаңырақ ортасына түседі. Маңдайының соры бес елі жазықсыз жазған ауылдың тағы да ойран-ботқасы шығып қала береді.

Еркек кіндіктілердің бәрін ыза қысып, кек буып алған. Бірақ қылар айла жоқ, қолдан келер шара жоқ. Сонымен бұл озбыр қиянат қалай аяқталады дейсіз ғой. Оқиық.

Жара ғой ем-дауасы табылмас бұл.
Алғандай төңіректің бәрін қасқыр
Көйлегі алау-далау,
өңірі ашық
Қобырап қара шашы қарындас тұр.
Қарындас жыламайды, қарғанбайды.
Қарындас — тас боп қатып қалған қайғы.
— Жаба гөр абыройыңды, айналайын.
Қасында кәрі анасы қалбаңдайды.

Бұл тікен кіргендей тұла бойыңды ду еткізіп, төбе шашыңды тік тұрғызатын, алпыс екі тамырыңа сумаңдаған қып-қызыл от қуалап, жаныңа ыза мен кектің құтырып тұрған зәрлі уытын құйып жіберетін сөз-сурет. Трагедиялық сөз-сурет!

Бір айналдырғанды шыр айналдыратын бұл қу тағдырдың тәлкегі осымен тәмамдалып қалсын ба, енді бұл трагедия одан әрі таргокомедияға ұласады. Қалай? Енді соған келейік.

Алдымен бір күнде, сәске мен кеште, төбесіне қатарынан екі рет әңгіртаяқ ойнап, жай түскендей опырылып омалып, есеңгіреп қалған ауылдың енді азанғы, яғни таңертеңгі кескін-келбетіне көз салайық.

Кең дала шет-шегі жоқ паң көсіліп,
Сәріден жел бебеуге салды есіріп.
... Көзі ісіп,
Қаны қашып Күн де шықты
Құм жатыр есік алды мәңгі есіліп.

Айнала тып-тыныш. Сүзектен тұрған жандай боп ауылға да созалаңдаған харекет кіре бастады. Кенет...

Тып-тыныш,
Үріккен ауыл жат қонақтан,
Не болды шалды кенет жалт қаратқан.
Белдеуде бөтен ат тұр,
Кімнің аты?
Кепкен шал басты айқайға:
— Аттан! Аттан!

Әп сәтте алақандай ғана ауыл айқай сүреңге, алқын-жұлқын жүгіріске толды да кетті. Әні-міне дегенше біруді тауып алып “Басына қап кигізіп, байлап-матап, әлгіні алып шықты сереңдетіп”. Сонан кейін...

Әй, ұрды-ау,
ұрды,
ұрды,
Тағы да ұрды.
Кемпір-шал,
бала-шаға жабыла ұрды.
Тепкілеп,
Мама ағашқа таңып ұрды,
Бәрінің ұрған сайын жаны кірді.

Сонымен әбден ыза мен кектен, ашу мен өшпенділіктен өртенердей болып отырған ауылдың қолына ғайыптан-тайып, біреу болса да, әйтеуір, жаудың түсе қалғанын қарашы?! Құдай, сұрасаң, бүйтіп қараспас. Әлгіні биттей сығып, иттей тепкілеп, өткендегі өші, берідегі кегі түгел қайтпаса да, айыздары бір қанғандай болды-ау. Бір кезде... Құдай-ау не боп кетті өзі. Кенет (тағы да кенет!). Басты кептеп алған қап сөйлей жөнелсін:

Жау көріп
өзгені де,
өзгені де,
Уа, иттер,
Не көрінді көздеріңе?
Қазақпын,
Қазақпын мен,
Пәленшемін.
Гәп осы, құлақ ассаң сөзге міне.

Сөйтсе ол, кешегі отряд “жол көрсет” деп қосып ап, сонан кейін жол-жөнекей тастап кеткен, өздеріне етене таныс көрші ауылдың адамы екен. Бүкіл ауылдың жабылып сабаған адамы өзінің қазағы болып шықты. Апыр-ай, десейші, бізде кілең осылай ғой! Жауға тапталып иленеміз, сонан кейін бірде біліп, бірде білместен, өзімізді өзіміз өлімше етіп сабаймыз. Бұл өлең тек қана трагокомедия емес.

Бұл өлең — өлең-метафора!

Бес-алты-ақ беттік, үш-ақ тақырыптан (“Сәскеде”, “Кешке”, “Азанда”) тұратын бұл “Қазақ ауылы” өлеңін оқып шыққанда үлкен шабытты талантпен жазылған драмалық һәм трагедиялық үш кітап оқып шыққандай әсер аласың. Осы бір шап-шағын дүниеден-ақ Есенғалидың кең масштабтылығы мен эпикалық тыныстылығын жазбай танисың.

Есенғали Раушановтың эпикалық зор ауқымдылығының түп-тамыры оның туабітті табиғи болмыс-бітімінде жатыр деп ұққан жөн. Яғни, оның әу бастағы талант табиғаты солай жаратылған. Содан да болса керек ол бірқатар тынысы кең, тамыры терең, биік өрелі, айтар ойының аясы ауқымды, көтерер жүгі салмақты, өткеннің өкініш-күйініші бүгіннің өкініш-күйінішімен бірге өрілген “Сары өзен”, “Ғайша бибі” сияқты кесек дастандарды дүниеге әкелді.

Бұл дастандар, әсіресе, “Ғайша бибі” поэмасы өзінің композициялық және архитектоникалық құрылымы жағынан болсын, әрі көне, әрі жаңа сарындардың ұласа үндесулері жағынан болсын, қарама-қайшылыққа толы драмалық, трагедиялық күрделі сценаларды үлкен шеберлікпен көрсете білу жағынан болсын, адам мен адам, идеялар мен идеялар арасындағы бітіспес шарпысуларды терең ұғыну жағынан болсын, күрмеуі қиын психологиялық сәттерді тарқату жағынан болсын, сөз жоқ, шоқтығы биік шығарма. Бұл поэманы тек Есенғалидың ғана емес, жалпы қазақ әдебиетінің зор табысы десек артық айтқандық емес. Мұндай дүниені қарымы кең, интелектуалдық қуаты зор талант иесі ғана дүниеге келтіре алса керек. Әрине, қандай тақырып та қарсылыққа ие. Ал ғасырлар қойнауында жатқан, шырмауы бытысып, шырғалаңы шатысып кеткен тарихи тақырыпты жүйелеп, мейлі, өз пайымымен болса да, тарқатып шығу, оған жан беріп тірілтіп қана қоймай, оның бойына қуатты қарекет кіргізіп, бүгінгі күннің рухани айналысына түсіру аса қиын міндет, аса қиын шаруа. Яғни, тарихи тақырып қарсылығы алапат! Оны жеңу үшін үлкен жан-жақты ілімділік пен үлкен талантты ірілік керек. Бұл талап Есенғали бойынан табыла біліпті.

Дей тұрғанмен, біз бұл мақалада Есенғали поэмаларына тоқтала алмаймыз. Өйткені ол біздің бүгінгі міндетімізге жатпайды. Әлгі жоғарыдағы сөзімізді тек Есенғалидың ұлттық ақындығы мен эпикалық тыныстылығын дәйектей түсу үшін ықшамдап қана шолып айтылған шағын мінездеме деп қараған жөн.

Бүгінгі әңгімеміз Есенғалидың өлеңдері, оның ішінде ұлттық болмыс-бітімі жайлы.

Әрине, халық болып қалыптасып, ұлт болып ұйысу үшін, ол халық пен ұлт адам айтқысыз аласапырандарды, сұмдық сұрапылдарды басынан өткізуі заңды. Бір отқа, бір суға түсіп, төс пен балғаның арасында шыңдалмаған халық ұлт болып тамыр тарта алмайды. Қорлық та көреді, зорлық та көреді. Күйініші де болады, сүйініші де болады. Қай халықтың тарихын ақтарып, тағдырын іздесең де дәл солай.

Біз әлі де сол гәпті, сол процесті басымыздан өткізіп жатқандаймыз. Өйткені дәл қазір, бәріміз біліп, ұғып отырғандай сын сағат, сын кезең үстіндеміз. Бірде отқа сап, бірде суға сап жатқан бұл кезеңнен Алла жазса құрыштай шынығып, шарболаттай шыңдалып шығамыз ба деген үміт те жоқ емес. Ол үшін қайтпас қайсар Күрес керек. Рухани қуатты күрес!

Сондықтан “Қазақ ауылының” (автор меңзеп отырғандай бұл тіркес үлкен мағынаға ие). Көрген құқайын айтып, қақырап сөгіліп, күйзеле сөйлесең де күйрей жығылуға болмайтынын басқа-басқа Есенғали жақсы біледі. Халқыңның зарын айт, көрген қорлығын айт, бірақ ішкі рухыңды өлтірме! Күйзелсең де өзегіңе құрт түсірме. Тіпті тұрмыстық, шаруа харекетімен жүрген қарапайым қатардағы адамның бойы мен ойынан да, оның өзі мен сөзінен де ірілік сезіліп тұратын болсын. Олай болса үлегін іздеп жүрген түйекештің сөзіне құлақ түріп көрейікші.

Тілім-тілім,
Бұжыр-бұжыр денесі,
Сордай боп-боз сойыл жарған төбесі,
Борбас үлек — атасы,
Бопық мама — енесі,
Төс табаны отты басса күймеген,
Тасты басса қамырдайын илеген.
Қатар қойып отыз інген қайытқан,
Қатар қойып отыз шана сүйреген.
Үлек жоғалттым.
Кім көрді?

Құдай-ау, не деген жоталы, не деген ірі, не деген палуан сөздер бұл?! Түйешінің аузынан осындай қайратты, осындай қуатты сөздер шығатын халықтың рухы қалай төмен болмақ?! Сонда ол халықтың қалғандары қандай? Уысына түскенін үгіп, ұстағанын жыртып, тартқанын айырып, таптағанын илеп, қысқанын күтірлетіп сындырып жіберетін өңкей бір алыптар болып шықпасын!

Құдайға шүкір, Есенғалида еңсеңді көтеретін, жігеріңді жанып, қуатыңды қайрап, күшіңді еселеп, кеудеңді көріктей етіп жіберетін бұл сияқты поэтикалық қуатты, температурасы жоғары, тіпті кейде пері соққандай бой бермей арқаланып кететін өлеңдер жетіп артылады.

Біз бұл мақаламызда Есеғалидың, әлгінде айтып өткеніміздей, бір-ақ қырын, яғни оның шығармашылығындағы ұлттық болмыс-бітімді ғана сөз еттік.

Соның өзін ақи-тақи айтып шықтық дей алмаймыз.

Өз ұлтының зарын да, қайғы-қасыретін де сонымен бірге биік рухын да бүкіл жан-жүрек, қарым-қайратымен жырлап келе жатқан Есенғали Раушанов шығармалары әлі талай кемел де өрелі әңгімелерге арқау болары сөзсіз.

Есенғали бір өлеңінде “Әр қазақта он қазақтың зары бар” депті. Осы сөзді мен сәл өзгертіп, Есенғалидың өзіне қаратып “Өзегінде бар қазақтың зары бар” дегім келеді.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз