Өлең, жыр, ақындар

Қара жебе

ПОВЕСТЬ
(ҚЫЗЫЛ ГҮЛ МЕН АҚ ГҮЛ СОҒЫСЫ ЗАМАНЫНАН ХИКАЯ)
Орыс тілінен аударған Мәрия ЕСҚАЛИЕВА
ПРОЛОГ

Баршаның кегін қайтарғыш Джон

Көктемнің аяқ кезіне таман бір жолы түстен кейін Тэнстоллдағы Мот қамалының мұнарасындағы қоңырау мезгілсіз қағыла бастады. Барлық жерде, өзенді қоршаған күллі орман мен кең далада, жұрт жұмысын тастап, қоңырау қағылған жаққа қарай шұбырды. Шағын ғана Тэнстолл деревнясына да кедей-шаруалар жинала қалған, олар қоңырау үніне таңдана құлақ түрді.

Қарт король патшалық құрған сол бір заманда да — аядай Тэнстолл деревнясы дәл осындай болатын. Өзенге құлайтын ұзыннан-ұзақ жасыл алқапта ауыр емен бөренелерден салынған жиырма шақты үй бытырап жатыр. Жол көпір арқылы қарсы жағаға шығады, сосын қалың тоғай ішінде зым-зия жоғалады да, кейін қайта көрініп, Мот қамалына, одан әрі Холивуд аббаттығына дейін созылады. Деревняның алдында, төбенің етегінде теректермен қоршалған шіркеу тұр. Айнала қай жағына қарасаң да — көсіліп жатқан орман, жасыл шегіршін мен көгере бастаған емен ағаштарының бұйраланған бөрік бастары көзге шалынады.

Көпірдің тап қасындағы төбешікте тас крест тұрушы еді, крестің жанына бір топ адам жиналды — алты әйел мен қызыл кенеп көйлек киген ұзын тұра жігіт, олар қоңыраудың қағылуының себебін айтып дауласып тұрды. Осыдан жарты сағат бұрын деревня арқылы жаушы шауып өткен еді, оның асыққандығы сонша, асхана алдында ат үстінде тұрып бір саптыаяқ қана сыра ішті, оның өзі де ештеңе білмейді, ол қожайынның жоғында Мот қамалын басқаратын священник сэр Оливер Отсқа сэр Дэниэл Брэклиден желімделген хаттар алып келе жатқан-ды.

Кенеттен ат тұяғының дүбірі естілді, орманнан сэр Дэниэлдің қол баласы жас Ричард Шелтон шығып, күңгірлеген көпірмен сатырлата шауып өтті. Ол, әрине, не болғанын жақсы біледі, сондықтан да жұрт оны тоқтатып, жағдайды түсіндіруін өтінді. Ричард Шелтон ырзашылықпен тоқтай қалды. Бұл өзі күнге күйген, қойкөзді, бұғы терісінен тігілген, қара мақпал жағалы күрте киген он сегіздер шамасындағы жас жігіт еді, басына жасыл жалбағай киіп, иығына арбалет асынған. Хабаршы, шынында да, маңызды хабар әкеліпті. Алда шайқас болмақшы. Сэр Дэниэл садақ тартатын, айбалта көтере алатын еркек кіндіктіні түгел жинап, тезірек Кэттлиге айда деп бұйрық жіберіпті, кімде-кім бұйрықты орындамаса — менің қаһарыма ұшырайды деп қорқытыпты, бірақ кіммен қай жерде соғыс болатыны туралы Дик ештеңе білмейді. Жуырда мұнда сэр Оливердің өзі келеді, ал Беннет Хэтч тез қаруланып жатыр, себебі отрядты басқару соған тапсырылған.

— Соғыс біздің мейірбан еліміз үшін аштықпен азап, — деді әйелдердің бірі. — Барондар соғысты дегенше — шаруалардың жейтіні шөптің тамыры мен жапырағы болады.

— Жоқ, — деді Дик. — Сэр Дэниэлдің қол астында соғысқан әрбір адам күніне алты пенстен, ал садақшылар — он екі пенстен алатын болады.

— Тірі қалғандар алатын шығар, — деп жауап қайырды әйел. — Ал, өлгендер не алады, мырза?

— Өзіңнің заңды қожайының үшін өлу — дүниедегі ең ақ өлім, — деді Дик.

— Ол маған қожайын емес, — деді қызыл көйлек киген жігіт.

— Мен Уэлсингэмдердің жағында болатынмын, осынау Брайерлидегі бәріміз де Уэлсингэмдердің жағында тұғынбыз, бұрнағы жылғы жазға дейін солай болды. Ал қазір мен Брэклидің жағында болуым керек! Осының бәрі заңды түрде! Ал сонда әділеттік қайда? Сэр Дэниэл дегеніңіз өзінің сэр Оливерімен бірге ар-ұяттан басқа заңның бәріне жетіліп, әбден есімізді шығарды, шынына келсек менің жалғыз ғана заңды қожайыным — бақытсыз король Гарри Алтыншы, жасаған нем жарылқай гөр, — қазір оң қолы мен сол қолын ажырата алмайтын тура жас сәби секілді.

— Тілің қыршаңқы екен, достым, — деп жауап қайырды Дик. — Сен өзіңнің тамаша қожайының мен ұлы мәртебелі корольге жала жауып тұрсың. Бірақ, құдайға шүкір, король Гарридің қайтадан есі кірді, жақында ол тыныштық орнатады. Сэр Дэниэл естімейтін болғасын батырсынып тұрсың ғой! Бірақ сөз таситын кісің мен емес. Ол жайында жетер енді!

— Менің сізге, мастер Ричард, ашу-ызам жоқ, — деді шаруа. — Сіз әлі баласыз. Тек есейген соң ғана қалтаңызда көк тиын жоқ екенін білерсіз. Басқа ештеңе айтпаймын. Сэр Дэниэлдің көршілеріне әулие көмектесіп, оның шәкірттеріне құдай-ана жар болсын!

— Клипсби! — деді Ричард. — Мұндай сөзге құлақ асуға менің арым жібермейді. Сэр Дэниэл — менің мейірімді қожайыным әрі қамқоршым.

— Олай болса, — деді Клипсби, — сізден бір жұмбақтың шешуін сұрайын. Сэр Дэниэл кімнің жағында?

— Білмеймін, — Дик қызараңдап қалды, себебі оның қамқоршысы осындай аласапыран кезде ылғи бір жақтан екінші жаққа лып етіп ауыса кететін, әрі әрбір кезекті опасыздықтан соң байлығы молая түсетін.

— Оны ешкім де білмейді, — деді Клипсби. — Себебі ол ұйқыға жатқанда Ланкастерліктер жағында болса, оянғанда Иорктар жағында болады.

Көпірдің үстінен темір тағаның дүңкілі естілді; бәрі жалт қарап, шауып келе жатқан Беннет Хэтчті көрді. Бұл шашын ақ шала бастаған, қолдары қайратты, бетін жел қаққан, өңі суық кісі еді, басында — болат дулыға, иығына жамылған былғары күрте, беліне семсер байлап, қолына найза ұстапты. Ол бейбіт кезде де, соғыс уақытында да сэр Дэниэлдің оң қолы, айналаға әйгілі, беделді адам, ал қазір, қожайынының бұйрығы бойынша — осы аймақтың бейлифі.

— Клипсби, — деп айқайлады ол, — Мот қамалына бар, қалған сандалбайлардың бәрін де сонда жібер! Мылтықшы саған сауыт пен дулыға береді. Біз кешкі қоңыраудан бұрын жолға шығуымыз керек. Байқа, жиналатын жерге ең соңынан келген адамды сэр Дэниэл жазалайды. Осыны ұмытпа! Сенің алаяқ екеніңді білемін, Нэнс, — деді ол, әйелдердің біреуіне қарап, — Эпильярд қарт деревняда ма?

— Қайда болушы еді? — деп жауап қайырды әйел. — Бақшасында жұмыс істеп жатыр.

Халық тарап кетті. Клипсби аспай-саспай, көпірмен жүрді де, Беннет пен жас Шелтон екеуі шіркеуден әрі қарай деревняға баратын жолмен жоғары көтерілді.

— Күңкілдек шалды көрейік, — деді Беннет. — Ол Гарри Бесіншіні мақтап бөседі ғой, оның мылжыңын тыңдап біткенше атты тағалап алуға болады. Соның бәрі француздармен соғысқанының әсері!

Бұлар бара жатқан үй деревняның ең шетінде, бозқараған бұталарының арасында оқшау тұр еді, орманның шетіне дейін созылған шабындық оны үш жағынан бірдей қоршап жатыр.

Хэтч атынан секіріп түсіп, тізгінді дуалға лақтыра салды да, Дик екеуі тізеге жете қаулап өскен капустаның арасында тұрып, қарт солдаттың жарықшақтанған даусымен әлденендей бір әннің басын мезгіл-мезгіл ыңылдап айтып, жер қазып жатқан егістігіне қарай жүрді. Шалдың үстіндегі бүкіл киімі теріден тігілген, тек жалбағайы мен жағасы қара байкадан жасалып, қызыл таспамен торланған, Эпильярдың күн қаққан беті мен әжімі түйе жаңғақтың қабығына ұқсайды, бірақ оның жанары тая бастаған көзі әлі де өткір, әрі жақсы көретін. Әлде құлағының мүкісі бар ма, немесе Ажинкур соғысына қатысқан қарт мергенге кез келген ұсақ-түйекке көңіл бөлуді келіссіз деп санай ма, әйтеуір ол қоңыраудың қатты дабылына да, Беннет пен жасөспірім келгенде де, тұрған орнынан қыбыр еткен жоқ. Ол өте жіңішке, шиқылдаған даусымен ыңылдаған күйі жерді қайсарланып қаза берді:

Леди, леди өтінемін,

Аясаңшы мені

— Ник Эпильярд, — деді Хэтч, — сэр Оливер саған сәлем айтты, тез Мот қамалына жетіп, гарнизонды өз басшылығына алсын деп әмір етті.

Шал басын көтерді.

— Жасаған ием жар болсын, мырзалар, — деді ол кекесінмен күлімсірей сөйлеп. — Ал мастер Хэтч қайда бара жатыр?

— Мастер Хэтч Кэттлиге бара жатыр және де атқа мінуге жарайтындардың бәрін өзімен бірге ала кетеді, — деп жауап қайырды Беннет. — Алда шайқас болғалы тұр, демек, менің қожайыныма қосымша күш керек.

— Ә, солай ма! — деді Эппльярд. — Ал маған қанша адам қалдырасың?

— Саған сайдың тасындай мықты алты жігіт пен оған қоса сэр Оливерді қалдырамын, — деп жауап қайырды Хэтч.

— Ол аз, — деді Эппльярд. — Қамалды қорғау үшін қырық шақты кісі керек.

— Сондықтан да біз саған келіп тұрмыз ғой, күңкілдек шал! — деп жауап қайырды Хэтч. — Осындай гарнизонмен мұндай қамалды сенен басқа кім қорғай алушы еді?

— Пәлі шіркін! Сүйел ауырғанда, ескі кебіс еске түседі деген, — деді Ник. — Сендердің бірде-бірің атқа отыруды да, айбалта ұстауды да білмейсіңдер. Ал сендердің барлығыңның садақты қалай тартатындарыңды айтсам ше, әулие Михаил! Егер де Гарри Бесінші қарт қайта тіріліп келсе, ол сендерге өзін атқызып қойып, әрбір жебе үшін бір фартингтен төлер еді.

— Олай емес, Ник, садақтың адырнасын тарта білетіндер әлі де бар, — деді Беннет.

— Адырнаны тарта білетіндер дейсің бе? — деп айқайлап жіберді Эппльярд. — Иә, адырнаны тарта білетіндер қазірде де бар! Бірақ дәл тигізе алатын ең болмаса біреуін көрсетіңдерші! Мерген болу үшін дұрыстап көздей білу керек, әрі басың жақсы істеу керек. Қандай алыс қашықтыққа тартылған жебені жақсы дер едің, Беннет Хэтч?

— Осы жерден орманға дейін біреудің жебесі жетсе, — деді Беннет жан-жағына айнала қарап, — соны өте алысқа тартылған жебе дер едім.

— Иә, расында да ол алысқа тартылған жебе болар еді, — деді қария артына бұрылып, — Бұл жерден орманға дейін біраз бар.

Кенет ол көзін қолымен көлегейлеп, алыстағы бірдеңені қарай бастады.

— О жақтан кімді көріп тұрсың? — деді Беннет күліп. — Гарри Бесіншіні емес пе?

Қарт солдат еш жауап қатпастан алысқа қарай берді.

Жарқыраған күн сәулесі төбенің жайпақ баурайындағы шалғынды нұрландырып тұр, аппақ қойлар жайылып жүр, айнала тып-тыныш, тек алыстан қоңырау ғана дамылсыз даңғырлайды.

— Ол жерде не бар, Эппльярд? — деп сұрады Дик.

— Құстар, — деді Эппльярд.

Расында да, шалғынға сүйірлене еніп тұрған орманның ең шетіндегі екі жас шегіршіннің қасында, Эппльярдтың егістігінен жебе жетер жерде, бір топ құс үркіп, қона алмай жүр екен.

— Біздің құстарда не шаруамыз бар? — деді Беннет.

— Міне сен, мастер Беннет, соғысқа бара жатырсың, өзіңді ақылдымын деп санайсың, ал бірақ құстардың тамаша сақшы екенін білмейсің, — деп жауап қайырды Эппльярд. — Алдағы шайқас жайында ең алдымен хабар беретін солар. Егер қазір лагерьде болсақ, онда мен бізді дұшпанның атқыштары аңдып тұр дер едім. Ал сен ештеңе де байқамас едің!

— Қойшы әрі, күңкілдек шал! — деді Хэтч, — Кэттлидегі сэр Дэниэл басқаратын атқыштардан басқа жақын маңда ешбір атқыш жоқ, Лондондағы Тауэрде тұрған сияқты, бұл жерде де біз ешбір қауіпсізбіз, ал сен болсаң қайдағы бір қарғалар мен торғайларды айтып қорқытасың!

— Пәлі, мынаның не дегенің тыңдашы! — деді Эппльярд мырс етіп. — Осында мені немесе сені атып өлтіру үшін екі құлағын бірдей кесіп беруге Дайын оңбағандар аз ба! Әулие Михаил! Оларға біз сасықкүзеннен әрмен жексұрын көрінеміз!

— Олар бізді емес, сэр Дэниэлді жек көреді, — деп тұнжырай жауап қайырды Хэтч.

— Олар сэр Дэниэлді де, оған қызмет еткендердің бәрің де түгел жек көреді, — деді Эппльярд. — Солардың ішінен әсіресе Беннет Хэтч пен кәрі садақшы Николасты өте жек көреді. Маған мынаны айтшы: егер анау орманның шетінде мерген атқыш болса, ал біздер оның көздеуіне өте ыңғайлы тұрсақ (әулие Георгийдің аруағымен ант етемін, біздер қазір тап солай тұрмыз!), ол қайсымызды таңдар еді; сені ме, әлде мені ме?

— Бәс тігуге дайынмын, әрине, сені, — деп жауап қайырды Хэтч.

— Сенің тері белбеуіңе мен өзімнің күртемді тігем, әрине сені, — деп айқайлады қарт мерген. — Гримстонды өртеп жіберген сенсің ғой, есіңде болсын Беннет, сол үшін де олар сені кешірмейді. Мен онсыз да ұзамай жасаған иемнің әмірімен жебе де, зеңбіректің оғы да жетпейтін сенімді жерге барамын. Мен қартайған адаммын, сондықтан да құдайдың жайлы төсегіне әне-міне дегенше жетіп-ақ қаламын. Ал сені, Беннет, азап шегу үшін мен бұ дүниеге тастап кетемін, егер сені ешкім дарға аспай, менің жасыма жеткенше өмір сүргізіп қойса, онда шын ағылшын рухының өшкені.

— Сен бүткіл Тэнстолл орманындағы ең мылжың ақымақсың, — деді Хэтч қарттың сәуегейлігінен жаны түршігіп. — Одан да тез шаруаңды бітіріп, сэр Оливер келіп қалмас бұрын жолға дайындал, сосын тіліңді тарта сөйле. Егер сен Гарри Бесіншімен де осынша көп мылжыңдаған болсаң, оның қалтасындағы теңгенің сылдырынан гөрі, құлағының ызыңы көп болған шығар.

Жебе сона секілді ауада ызыңдап ұшып келіп кәрі Эппльярдтың жауырынының қақ ортасынан қадалды да; кеудесінен бір-ақ шықты. Ол капустаның ішіне етпетінен құлады. Хэтч айқай сап, орнынан атып тұрды, сосын паналайтын жер іздеп екі бүктетіле үйге қарай жүгірді. Ал Дик Шелтон бозқараған бұтасының тасасына тығылып, арбалетін иығына тақап, адырнасын көріп, орманның тұмсық тұсын көздей бастады.

Бірде-бір жапырақ селт еткен жоқ. Қойлар жайбарақат жайылып жүр, құстар бұтақтарға қонып отыр. Қарт болса, арқасына шаншылған жебесі шошайып, жерде жатыр. Хэтч ауыз үйдегі есіктің артында, ал Дик жебені атуға дайындап бозқараған бұтағының тасасында тығылып тұр.

— Сіз біреуді көріп тұрсыз ба? — деп айқайлады Хэтч.

— Бірде-бір бұтақ қозғалмайды, — деді Дик.

— Шалды бұлай қалдыру ұят, — Беннет жасқаншақтай ілгері жүрді, өңі құп-қу. — Орманды бағыңыз, мастер Шелтон, орманнан көз алмаңыз. Бізге әулиелер жар болсын! Апырай, неткен мергендік!

Беннет карт садақшыны жерден көтеріп, өзінің тізесіне жатқызды. Ол әлі тірі екен, беті жыбырлап, азапқа толы көздерін бір ашып, бір жұмып, қиналып жатыр.

— Сен мені естимісің, кәрі Ник? — деп сұрады Хэтч. — Бәлкім, сенің ақырғы тілегің бар шығар.

— Жебені суырып алыңдар да, құдай-ананың рақымы үшін көзімді жұмуға мұрсат беріңдер! — деді Эппльярд тынысы тарылып. — Мен көне Англиямен қоштастым. Жебені суырыңдар!

— Мастер Дик, — деді Беннет, — жақындап барып, жебені жұлып алыңызшы. Күнәкар байғұс қазір о дүниеге аттанады.

Дик арбалетін жерге қойды да, шалдың арқасынан жебені бар күшімен суырып алды. Қан сау етіп қоя берді, қарт садақшы ақырғы күшін жинап аяғынан тік тұрды, сосын құдайға жалбарына жерге гүрс етті де, бірден жан тапсырды. Хэтч капустаның ішінде тізерлей отыра қалып, марқұмның жанына жақсылық тілеп, бар ықыласымен дұға оқи бастады. Бірақ дұға оқып отырғанда оның ойы мүлдем басқа жақта екені бірден байқалады: ол екі көзін ормандағы жебе атылған жерден алған жоқ. Дұғасын оқып болғаннан кейін орнынан тұрды да, темір қолғабын шешіп, қорыққаннан тершіп әрі құп-қу боп кеткен бетін сүртті.

— Ендігі кезек менікі, — деді ол.

— Оны өлтірген кім, Беннет? — деп сұрады Ричард, жебені әлі де қолына ұстап тұрып.

— Ол тек әулиелерге ғана мәлім, — деді Хэтч. — Біз қарт екеуміз кем дегенде қырық шақты шаруаны үйлері мен жерлерінен қуып шықтық. Күңкілдек байғұс қарызын өтеді, мүмкін ұзамай менің де етейтін кезегім келетін шығар. Сэр Дэниэл тым қатал.

— Ғажап жебе, — деді жас жігіт, жебені айналдыра қарап.

— Шынында да ғажап екен! — деді Беннет. — Қара жебе, қауырсыны да қара. Қатерлі жебе! Қара түс өлікке көрінеді дейді ғой. Жебеде жазу бар. Қанын сүртіңізші. Оқыдыңыз ба?

— «Эппльярдқа — баршаның кегін қайтаратын Джоннан», — деп оқыды Шелтон. — Бұл не сөз?

— Жағдай жаман, — деді сэр Дэниэлдің сойыл соғары ұнжырғасы түсіп. — Баршаның кегін қайтаратын Джон! Бұл жексұрынның жасырын аты қандай жаман еді! Әдейі нысанаға қойғандай біз бұл жерде неғып тұрмыз? Мастер Шелтон, жарқыным, сен қартты екі аяғынан ұста, мен кеудесінен көтерейін, сөйтіп екеуміз оны үйге алып барайық. Сорлы сэр Оливер үшін бұл қандай қатты соққы десеңізші! Ол ақ қағаздай қуарып, қолдарын жел диірменше бұлғаңдатып дұға оқиды ғой.

Екеуі кәрі садақшыны көтеріп, оның жалғыз тұратын үйіне алып кірді. Төсенішті былғамас үшін жерге жатқызып, аяқ-қолдарын созды.

Эппльярдтың үйі тап-таза әрі тым жұпыны екен. Көк көрпе жабылған төсек, шкаф, үлкен сандық, екі орындық, камин-пештің жанында жиналмалы үстел — үйдегі бар жиһаз осы.

Қабырғада кәрі жауынгердің садақтары мен сауыттары ілулі тұр. Хэтч олардың бәрін қызықтай қарады.

— Никтің ақшасы бар-тұғын, — деді ол. — Алпыс фунттай жинаған болу керек. Тауып алсақ — ең дұрысы сол болар еді! Қарт досыңнан айрылғанда, мастер Шелтон, — қайғыңды басатын басты жұбаныш — оның мұрагері болу. Мына сандыққа қараңызшы. Оның іші алтынға толы екеніне ешбір күмәнім жоқ. Бұл садақшы Эппльярд алуға бар да, беруге жоқ сараң болатын. Жасаған, жанын жәннәтқа жібере көр! Сексен жылдай жұмыр жерді басып, дүние жинап еді, енді, міне, оған түктің де керегі жоқ, шалқасынан түсіп жайбарақат жатыр. Егер оның бүкіл дүниесі жолдасына бұйырса, бейшара күңкілдек бірден жұмаққа баруы мүмкін.

— Қойсаңшы Хэтч, — деді Дик. — Тым болмаса аруағын сыйласаңшы. Өліктің дүниесін ұрлауға қалай дәтің барады? Байқа, ол ашуланып орнынан тұрып кетпесін!

Хэтч бірнеше мәрте шоқынды, дегенмен тез есін жиып, өзінің ойындағысын орындамақшы болды. Бірақ ол сандыққа жақындай берген кезде кенеттен қақпа сықыр етіп, есік ашылды да, үйге үстіне діни шапан мен қара ряса киген, көздері қап-қара, қызыл шырайлы, елулер шамасындағы ұзын бойлы кісі кіріп келді. Ол:

— Эппльярд! — деді де үнсіз тұрып қалды. — Әулие Мария! — Әулиелер жар болсын! Бұл не қылған қалжып,?

— Жаман қалжың, сэр священник, — деп жауап қайырды Хэтч. Үнінде қайғының нышаны да жоқ. — Эппльярдты өз үйінің есігінің алдында атып өлтірді, енді ол жұмаққа қарай кетіп бара жатыр. Ол жақта, рас болса, оған кадилоның да, шырақтың да керегі жоқ дейді ғой.

Сэр Оливер боп-боз болып, қалшылдаған күйі орындыққа әзер жетіп, отыра кетті.

— Міне, құдайдың қаһары деген осы! Қандай қатаң соққы! — деді ол көзіне жас алып, сосын тез дұға оқи бастады.

Хэтч те дәп бір діншіл адамдай басындағы дулығасын шешіп, тізерлеп отыра кетті.

— Оны не үшін өлтірді, Беннет? — деп сұрады священник, есін жиғаннан кейін. — Кім оны өлтірген?

— Міне жебе, сэр Оливер. Онда не жазылғанын көріңіз, — деді Дик.

— Мұндай атты айтудың өзі жиіркенішті! — деді священник.

— Баршаның кегін қайтаратын Джон! Діннен азғандарға өте лайықты жасырын ат! Және қатерлі қара жебе! Мырзалар, мына жебе маған ұнамайды. Ақылдасу керек. Бұл кім болуы мүмкін? Ойланшы, Беннет. Біздің көптеген жауларымыздың арасынан кім бізге осынша өлермендікпен қарсы шығуы мүмкін? Симнэл ме? Күмәнім бар. Уэлсингэмдер? Жоқ, мұндай іске олар бара қоймас: заман өзгере қалса, әлі де бізді заңның күшімен жеңеміз деп дәмеленіп жүр. Мүмкін, Саймон Мэлмсбэри шығар? Сен қалай ойлайсың, Беннет?

— Бұл Эллис Дэкуорт емес пе, сэр, — деді Хэтч, — қалай ойлайсыз?

— Жоқ, Беннет, ол еш уақытта мұндай іске бармайды! Ол емес, — деді священник. — Бүлік, Беннет, ешқашан да төменнен басталмайды, — ол жөнінде данагөй шежірелердің бәрінің де пікірі бірдей. Бүлік әрқашан жоғарыдан басталып, төмен қарай жалғасады. Жақсылап зер салсаң, Диктер, Томдар, Гаррилер қолдарына қару алғанда, бұл лордтардың қайсысына пайдалы екенін ап-анық көресің. Өзің білесің, сэр Дэниэл қайтадан королеваның партиясы жағына шығып кетті де, Йорк партиясындағы лордтар оны жек көреді. Бізге осындай соққы беріп отырған солар, Беннет. Егжей-тегжейін әлі анықтай жатармын, ал ең бастысы маған түсінікті болды.

— Кешіріңіз, сэр Оливер, бірақ сіздің пікіріңіз дұрыс емес, — деді Беннет. — Елімізде өрт басталғалы жатыр, мен күйік иісін көптен бері-ақ сезіп жүрмін. Бейшара Эппльярд қарт та ол иісті сезген. Рұқсат етсеңіз айтайын, халық біздің бәрімізді жек көретіні сонша, бүлік шығару үшін оларға Ланкастердің де, Иорктің де керегі жоқ. Күлтелемей-ақ айтсам: жел қайдан шықса, солай бейімделе қоятын сіздер, шіркеудің діни қызметкері мен лорд, екеуіңіз де адамдарды оңды-солды тонап, тоздырып, ұрып-соғып, атып-асып, ойларыңызға келгенді істейсіздер. Менің мүлде түсінбейтінім, сіздерді қаншама сотқа тартқанмен де, қалай екенін қайдам, заң сіздерді жақтап шыға келеді. Сіздер сонымен іс бітті деп ойлайсыздар ма? Жоқ, олай емес! Ғапу етіңіз, сэр Оливер, зардап шеккен әрі тоналған адам, әрине, кек сақтап қалады, сосын, сайтан түртіп бір реті келген кезде садағын алады да, ұзындығы бір ярд жебемен сізді сілейте салады.

— Сенің айтып тұрғаныңның бәрі өтірік, Беннет, сенің бағыңа, Беннет, мен сенің бос былшылыңа ешбір мән бермеймін, — деді сэр Оливер. — Беннет, сен, дауасыз, көк езу мылжыңсың, бөспесің! Тілің тым ұзын, Беннет, менің ақылымды алсаң, қысқартқаның дұрыс.

— Енді ләм деп аузымды ашпаймын. Сіздің айтқаныңыз-ақ болсын, — деп жауап қайырды Хэтч.

Священник орындықтан тұрып, мойнына ілулі қалтадан сүргіш, май шам, шақпақ алды. Содан соң ол шкаф пен сандықтың аузын сэр Дэниэлдің мөрімен бекіте бастады. Оған Хэтч тұнжырай қарап тұрды. Шалдың дүниесін мөрлегеннен кейін үшеуі абайлап үйден шықты да, аттарына қарай беттеді.

— Жүретін уақыт жетті, сэр Оливер, — деді Хэтч, священикке аяғын үзеңгіге салуға көмектесіп жатып.

— Көп нәрсе өзгерді, Беннет, — деп жауап қайырды священник. — Мен қамалға Эппльярдты тастап кетем ғой деп едім, бірақ қаза тапты, құдайым жанын жәннәтқа шығарсын. Енді сені қалдырамын, Беннет. Мынадай, айнала қара жебелер жауып жатқан кезде, қасымда сенімді адамның болғанын қалаймын. Евангелиеде «Су түбінде заулаған жебе» делінген, ар жағы қалай екені есімде жоқ, мен өзі салақтау священникпін, күнделікті күйбең тіршілікке көбірек уақыт кетіремін. Тезірек, тезірек, Хэтч! Аттылар ендігі шіркеуге жиналып та қалған шығар.

Бұлар жолмен шауып кетті, священниктің шапанының етегі желмен желпілдеп бара жатыр, олардың соңын ала ақырындап шудаланған бұлт күннің көзін көлегейледі. Бұлар Тэнстолл деревнясының шет жағына таман орналасқан үш үйдің жанынан шауып өтіп, бұрылыстан айнала бере шіркеуді көрді. Шіркеудің алдында он шақты үй бар, одан әрі шалғын басталады. Зираттың қақпасының алдына жиырма шақты адам жиналыпты, біреулері аттың үстінде, ал қалғандары аттарының қасында тұр. Бәрі де қалай болса солай қаруланған, біреуінде найза, екіншісінде айбалта, үшіншісінде садақ, көптеген аттардың үстіндегі аңыз батпағы әлі кеппепті: бұлар жергілікті шаруалардың ішіндегі ең кедейлері, ал ең жақсы аттар мен адамдар сэр Дэниэлмен бірге әлдеқашан жорыққа кеткен.

— Холливудтың кресімен ант етем, отряд жаман емес! Сэр Дэниэл риза болады, — деді священник, сарбаздарды санап.

— Келе жатқан кім? — деп ақырды Беннет. — Адал адам болсаң, тоқта!

Шіркеудің ауласындағы шегіршіннің арасымен біреу жасырынып келе жатыр екен: Хэтчтің ақырған даусын естісімен бейтаныс адам жасырынғанын қойып, бар пәрменімен орманға қарай тұра қашты. Қақпаның алдында тұрғандар бейтаныс адамды жаңа ғана көріп, абыр-сабыр боп қалды. Жаяулары аттарына жармасты, аттарынан түспей тұрғандары қуа жөнелді, бірақ оларға шіркеу мен зиратты айналып өтуге тура келді, сондықтан да қашқынға енді жете алмайтындары белгілі болды. Хэтч, айқай сала балағаттап, шарбақтан секіріп өтпекші болып еді, астындағы аты үркіп еркіне көнбеді де, өзі топырақтың үстіне жалп етіп құлап түсті.

Ол орнынан ұшып тұрып, аттың тізгініне жабысты, бірақ уақытты өткізіп алған еді, қашқын тым алыстап кетті, енді оны қуып жетем деу босқа әурешілік еді.

Бәрінен гөрі Дик Шелтон ақылдылық танытты. Қашқынның соңынан беталды қуудың орнына ол арқасынан арбалетін алып, адырнасын тартып жебені дайындап қойды; сосын Беннетке бұрылып, ату керек пе деп сұрады.

— Ат! Ат! — деді қанқұмарлықпен ашына айқайлаған священник.

— Тек оған тигізіңіз, мастер Дик, — деді Беннет. — Піскен алма сияқты құлап түссін.

Қауіпсіз жерге жету үшін қашқынға бірнеше қадамай қалды, бірақ шалғын төбенің баурайына бойлай өскендіктен жүгірісі де мандымай қалды. Ымырт үйіріле бастаған кез болатын, сондықтан да жүгіріп бара жатқан адамға дәл тигізу оңай емес еді. Көздеп тұрып Дик оны бір түрлі аяғандай болды, шынын айтсақ, ол тіпті мүлт жібергісі келді. Жебе зуылдап жөнелді.

Қашқын сүрініп барып құлап түсті, Хэтч қуанғанынан айқайлап жіберді, маңындағылар да қосыла айқайлады. Бірақ олар ерте қуанған екен. Қашқын орнынан ұшып тұрып, бұларды мазақ қылғандай қалпағын бір бұлғады да, қалың тоғайға еніп жоқ болып кетті.

— Қап, оба тигір-ай! — деп айқайлады Беннет. — Ұры сияқты тез жүгіреді екен, әулие Бенберидің атымен ант етемін! Дегенмен сіз оны жараладыңыз, мастер Шелтон. Ол сіздің жебеңізді ұрлап әкетті, бірақ мен оған өкінбеймін!

— Бұл жерде, шіркеудің қасында не істеп жүр ол? — деп сұрады сэр Оливер. — Оның бір жаман оймен жүргенін жүрегім сезіп тұр. Клипсби, достым, аттан түсіп, шегіршіннің арасын дұрыстап қарап шықшы.

Клипсби көп кешікпей қолына бір жапырақ қағаз ұстап келді.

— Мына қағаз шіркеудің есігіне жапсырулы тұр екен, — деді ол, қағазды священникке беріп жатып:

— Басқа еш нәрсе таба алмадым, сэр.

— Шіркеу-ананың құдіретімен ант етемін, — деп айқайлап жіберді сэр Оливер, — бұл қасиетті жерді қорлаушылыққа жатады! Шіркеудің есігіне тек король мен лордтың ғана бұйрығын іліп қоюға рұқсат етілген. Ал жасыл күрте киген кез келген қаңғыбас кезбенің шіркеудің есігіне қағаз ілуі деген не сұмдық!.. Жоқ, бұл қасиетті жерді қорлаушылықтың нағыз өзі. Талай адамды бұдан әлдеқайда жеңіл қылмысы үшін өртеп жіберген! Бұл қағазда не жазылыпты? Қараңдаршы, қалай тез қараңғы түсіп кеткен! Мастер Ричард, қарағым, сен жассың ғой. Тәңір жарылқасын, мына жазуды оқып жіберші.

Дик Шелтон оның қолынан қағазды алып, дауыстап оқып шықты. Ол қалай болса солай дөрекі құрастырылған, ірі әріптермен сауатсыз айбақ-сайбақ жазылған төрт шумақ өлең екен:

Төрт жебені қолға аламын, толғаймын,
Төрт жауыма төрт жебені арнаймын.
«Ежелгі жау ел болмайды» деген бар,
Әрбіріне бір жебеден санаңдар.
Тек бір жебем мезгілінен ерте ұшты —
Сол жебемнен жауыз Эппльярд жер құшты,
Ал, екінші жебеме сен көмектес —
Екіншісі сені іздейді, Беннет Хэтч.
Гарри Шелтон қанын сен ең жүктеген,
Сэр Оливер, үшіншісін күт менен!
Сэр Дэниэл, неткен залым адамсың,
Ал, төртінші жебе саған қадалсын!
Қара жебе жеткізеді тілекке,
Қадалады ол нағыз қара жүрекке!
Мүлт кетпейді көздеп ата бастасаң,
Ешкімді де аямайды ол ешқашан!
Жасыл ормандағы Баршаның кегін қайтаратын
Джон және оның көңілді серіктері.

Айтпақшы, сіздердің барлық жақтастарыңыз үшін арнайы дайындалған жебелер мен кендір арқандар бізде жеткілікті.

— Қайырымдылық деген қайда кеткен? Христиандардың рақымдылығы қайда? — деді сэр Оливер жабырқап, — Мырзалар, біз сұрқия заманда өмір сүріп отырмыз, әрі күн өткен сайын бәрі де құрып барады. Мен мына қағазда айтылған атақты рыцарьдың өліміне жаңа туған сәби сияқты ешбір кінәлі емес екендігім туралы Холивудтың кресімен ант етуге дайынмын! Оны ешкім де өлтірген жоқ! Бұл — қате, бұған әлі тірі жүрген куәлар бар.

— Сіз ол жөнінде бекер сөз қылып тұрсыз, сэр священник, — деді Беннет. — Ешбір керегі жоқ әңгіме.

— Жоқ, мастер Беннет, сенікі дұрыс емес. Өз орныңды біл, құрметті Беннет, — деп жауап қайырды священник. — Мен өзімнің кінәсіз екенімді дәлелдеймін. Жалған жаламен босқа өлгім келмейді. Бұл мәселе жөнінде менің таза екеніме бәрің де куә боласыңдар. Ол кезде мен тіпті Мот қамалында жоқпын ғой. Сағат тоғыздан бұрын мені бір жаққа шаруамен жұмсап жіберген.

— Сэр Оливер, — деп оның сөзін бөліп жіберді Хэтч, — сіз бұл уағызыңызды тоқтатпайтын болсаңыз, мен өз шарамды қолданамын. Гофф, тарт кернейіңді — атқа отырсын бәрі.

Керней тартылып жатқан кезде Беннет аң-таң болған священниктің қасына жақындап келіп, құлағына бірдеңені ызалана сыбырлады.

Священник Дик Шелтонға шошына қарады, Дик оның көзқарасын байқап қалды. Диктің ойланатын себебі бар еді. Сэр Гарри Шелтон оның туған әкесі болатын. Бірақ ол ештеңе де демеді тіпті беті де бүлк еткен жоқ.

Бұл екі ортада Хэтч пен сэр Оливер күрт өзгерген жағдайды талқылауға кірісті. Мот қамалына он адам қалдыру керек деп ұйғарылды — сол он адам священникті орман арқылы өтетін жолда да қорғайтын болады. Беннеттің өзі енді гарнизонда қалатын болып, сэр Дэниэлге қосымша күш ретінде жіберілетін отрядты басқару Дик Шелтонға тапсырылды. Басқа амал жоқ еді: отряд өңшең надан, ебедейсіз, әскери тәжірибесі жоқ адамдардан құралған-ды, бірақ бәрі де Дикті жақсы көретін: ол өте батыл, жас та болса ақылды жігіт. Балалық шағын шалғайда өткізгенімен, аздап білім де алған: сэр Оливер оның сауатын ашты, ал Хэтч — қаруды шебер игеру мен әскери басшылық жасауды үйретті. Беннет Хэтч Дикке ылғи да жақсы қарым-қатынаста еді, ол жауларына қатаң, бірақ достарына ақ пейіл, шын адал адамдардың қатарына жатады. Қазір де, сэр Оливер өзінің ап-айқын, әдемі жазуымен сэр Дэниэл Брэклиге барлық соңғы оқиғалар жөнінде хабарлама дайындау үшін жақын маңдағы үйлердің біріне кеткенде, Беннет өзінің шәкіртіне табыс тілемекші боп қасына келді.

— Алыстағы, айналма жолмен барыңдар, мастер Шелтон, — деді ол. — Егер өмір сүргілерің келсе, көпірге жақындамаңдар. Алдарыңда, елу қадамдай жерде әрдайым сенімді адам жүріп отырсын. Орманнан өткенше өте сақ болыңдар. Егер бұл жексұрындар шабуыл жасаса, қашыңдар. Олармен ұрысқа түспеңдер: сендер өте азсыңдар. Тірі қалғыларың келсе, мастер Шелтон, артқа емес, алға қарай қашыңдар, бұл жерде, Тэнстоллда сендерге көмек беретін ешкім жоқ, соны ұмытпаңдар. Сіз де король үшін үлкен соғысқа аттанып бара жатырсыз, ал мен болсам өміріме қатерлі осы жерде қалатын болдым, бұл дүниеде енді бір-бірімізді көреміз бе, жоқ па, оны жасаған иемнен басқа ешкім білмейді, сол себепті сізге ақырғы рет ақыл айтуыма рұқсат етіңіз: сэр Дэниэлден сақтаныңыз. Оған сенуге болмайды. Мына алаяқ священникке де сенбеңіз: ол залым адам емес, бірақ ол басқаның бұйрығын орындайды: сэр Дэниэлдің қол шоқпары! Бара жатқан жеріңізден өзіңізге жақсы қамқоршы тауып алыңыз: күшті адамдармен дос болыңыз. Дұға оқығанда Беннет Хэтчті еске алуды ұмытпаңыз. Бұл өмірде Беннеттен де өткен жексұрындар аз емес. Жолыңыз болсын!

— Жасаған ием саған жар болсын! — деп жауап қайырды Дик. — Сен маған әрдайым жылы шырайлы, достық ықылас білдіретінсің, мен оны еш уақытта ұмытпаймын.

— Тыңдаңызшы, — деп сөзін жалғады Хэтч қысылыңқырап, — егер бұл Баршаның кегін қайтаратын Джон жебесімен мені атып өлтірсе, онда мені еске алып, бата оқыту үшін бір алтын марқа, — жоқ одан да бір фунт дұрысырақ, — садақа берерсіз. Әйтпесе мен жұмақтың орнына тозаққа кетіп қалуым кәдік.

— Тілегің орындалады, Беннет, — деп жауап қайырды Дик. — Бірақ сен босқа қапаланасың, достым. Көп кешікпей екеуміз қайта кездескен кезде, саған жоралғы асы емес, керісінше эль керек болады.

— Айтқаның келсін, мастер Дик! — деді Хэтч. — Міне, сэр Оливер келе жатыр. Ол жазуға өте шебер адам, егер садақты да сондай шебер атса одан тамаша жауынгер шығар еді.

Сэр Оливер Дикке желімдеулі хат берді, хаттың сыртына: «Менің аса құрметті әміршім сэр Дэниэл Брэкли рыцарьға. Шұғыл тапсырылсын» деп жазылған.

Дик хатты қойнына тығып, отрядқа соңымнан еріңдер деп бұйрық берді де, деревнядан батысқа қарай жүріп кетті.

БІРІНШІ КІТАП. ЕКІ БАЛА

I ТАРАУ

Кэттлидегі “Күн” атты жарнама

Сэр Дэниэл өзінің жауынгерлерімен бірге бұл күні Кэттли мен оның төңірегіндегі сенімді күзет қойылған жылы үйлерге жайғасты. Бірақ Тэнстоллдық рыцарь ақша десе жанын салатын пайдакүнемнің өзі еді, міне, қазір де, не жеңетін, не өлетін жорыққа аттанып бара жатып, бейшара көршілерінен пайда түсіру үшін түнгі сағат бірде төсегінен тұрды. Ол даулы мұрадан түсетін олжамен байып отырды. Әдетте ол ешбір үмітсіз талапкерден мұралану правосын сатып алады да, сосын корольдің айналасындағы құдіреті күшті лордтардың көмегімен пайдасына әділетсіз шешім қабылдаттырады, егер оның машақаты тым көп болса, онда ол поместьені қарудың күшімен басып алатын, кейін өзінің байланысы және заңды олай да, бұлай да бұрмалай алатын сэр Оливер арқылы басып алған поместьені өз меншігіне қалдыратын. Тап осындай әдіспен жақында Кэттли деревнясына да тырнағын салған еді, дегенмен бұл жерде шаруалар әлі де болса қарсылық көрсеткендіктен, наразылық білдірушілерді қорқыту үшін ол осында өзінің әскерлерін алып келді.

Батпақтың қақ ортасындағы Кэттлидің түні суық болғандықтан, түнгі сағат екіде сэр Дэниэл асханадағы пештің жанында отырды. Қасқа бас, тыриған арық қара торы сэр Дэниэл қалқанды дулығасын шешіп, қып-қызыл плащқа оранған күйі, қолымен басын тіреген күйі сұлық отыр, шынтағының түбінде қош иісі бұрқырап бір саптыаяқ эль тұр. Бөлменің бұрыш-бұрышына оның он шақты жауынгері орналасыпты, біреулері есік алдында күзетте тұр, біреулері орындықтарда ұйқтап отыр: бәрінен жақындау, еденде, плащқа оранып он екі-он үш жасар бала ұйқтап жатыр. «Күннің» иесі өзінің қожайынының алдында тұр.

— Менің әміріме дұрыстап құлақ ас, шырақ, — деді сэр Дэниэл, — мен де саған әрдайым жақсы қожайын болам, Өз деревняларымды жақсы адамдардың басқарғанын ұнатам, мен Адам-э-Мордың бас констебль болып сайлануын қалаймын; осыған қам жаса. Егер басқа адам сайланатын болса менен жақсылық күтпе. Сендер бәрің менің алдымда айыптысыңдар, себебі сендер бәрің Уэлсингэмге алым төледіңдер, мен оны сендерге кешірмеймін. Сен де төлегенсің, қарағым.

— Даңқты рыцарь, — деді қожайын, — мен Уэлсингэмге амалсыздан төледім деп Холивуд кресімен ант етуге дайынмын. Жоқ, құрметті рыцарь, мен оңбаған Уэлсингэмдерді жақсы көрмеймін. Олар, ұрылар сияқты, өңшең қу кедейлер, құрметті рыцарь. Мен сіз сияқты құдіретті лордтарды жақсы көремін. Мен әрдайым Брэкли жағында болғанымды кімнен сұрасаңыз да — бәрі айтып береді.

— Мүмкін, — деп салқын жауап қайырды сэр Дэниэл. — Сондықтан да сен екі есе төлейсің.

Асхана иесі бетін тыржитты, дегенмен осындай мазасыз кезеңде ондай ауыртпалық таңданарлық емес еді, сондықтан бүйтіп оңай құтылғанына ішінен қуанған да болу керек.

— Шалды әкел, Сэлдэн! — деп айқайлады рыцарь.

Жауынгердің біреуі бөлмеге алба-жұлбасы шыққан бүкірейген, балауыздай сұп-сұр әрі батпақ безгегінен қалшылдаған шалды кіргізді.

— Сенің атың кім? — деп сұрады сэр Дэниэл.

— Сіз мархабат етсеңіз, тақсыр, — деп жауап қайырды шал, — менің атым Кондолл. Сіз мархабат етсеңіз, Шорбилік Кондоллмын, — тақсыр.

— Сен жөнінде мен көптеген жаман әңгімелер естідім, — деді рыцарь. — Сені сатқын дейді ғой, жексұрын! Әр жерде қаңғып жүресің де, өтірік-өсек таратасың. Сенің мойныңда талай кісінің қаны бар дейді. Сондай батырсымақ көрінесің! Қам жеме, мен сені тез жуасытам!

— Аса қадірлі, аса құрметті лорд, — деп айқайлап жіберді қарт, — бұл жерде бір жаңсақтық бар! Мен кедей адаммын, мен ешқашан ешкімді ренжіткен емеспін.

— Шерифтің көмекшісі сен туралы өте жаман пікір айтты, — деді рыцарь. — «Осы бір Шорбилік Тиндэлді ұстаңдаршы» деген тұғын.

— Менің атым Кондолл, құрметті лорд, — деді бақытсыз бейшара.

— Кондолл ма, Тиндэл ме, — бәрібір, — деп суық қайырды сэр Дэниэл. — Біз сені ұстап алдық, ал сенің адал екеніңе қатты күмәнім бар. Егер мойныңды дардан сақтап қалам десең, тап қазір маған жиырма фунт төлеймін деп қолхат жаз.

— Жиырма фунт дейсіз бе, құрметті лорд! деп айқайлап жіберді Кондолл. — Бұл сұмдық қой! Менің бар дүние-мүлкімнің өзі жетпіс шиллингке де жетпейді.

— Кондоллсың ба, Тиндэлсің бе, — деді сэр Дэниэл ыржиып, — мен осындай тәуекелге баруға дайынмын. Маған жиырма фунт төлеймін деп қолхат жазып бер, ал мен сенен аларымды алам да, мейірімді болғандығымнан, қалғанын саған кешіре салам.

— Қапа болғанда, құрметті лорд, мен жаза білмеймін, — деді Кондолл.

— Қапа болғанда, бейшара Кондолл, — деп мазақтады рыцарь, — қатаң шара қолдануға тура келеді. Мен сені аяп, рақым еткім келіп-ақ еді, Тиндэл, бірақ оған арым бармайды... Сэлдэн, мына кәрі мылжыңды әкет, сосын ешкімге сездірмей ең жақын шегіршінге алып бар да, ақырын ғана мойнынан іліп қой, мен жанынан өтіп бара жатқанда оны көретін болайын... Жолыңыз болсын, құрметті мастер Кондолл, сүйікті мастер Тиндэл! Бұл қарқыныңызбен жұмақтан бір-ақ шығасыз! Жолыңыз болсын!

— О лорд, сіз өте қалжыңқой екенсіз! — деп жауап қайырды Кондолл зорлана жымиып. — Сіз талап етіп, ал мен болсам соған көнуім керек қой, сол себепті өзімнің сауатсыздығыма қарамастан, қолхат жазып көрейін.

— Достым, — деді сэр Дэниэл, — енді сен қырық фунтқа жазасың. Бітті! Сен қусың, сенің дүние-мүлкің жетпіс шиллинг емес. Сэлдэн, мынау ешнәрсені қалдырмай, дұрыстап жазсын, қол таңбасының да дұрыстап куәландырылуын бақыла.

Өстіп сэр Дэниэл, Англиядағы ең жайдары рыцарь, қош иісті эльден бір жұтып қойып, креслоның арқасына шалқайды.

Еденде жатқан бала қозғалақтап, басын көтерді де, бөлменің ішін үрейлене шолып шықты.

— Кел мында, — деді сэр Дэниэл; бала бұйрықты орындап, орнынан тұрып асықпай оның қасына келген кезде, ол қайтадан креслоның арқасына шалқайып, қарқылдап көп күлді. — Крестпен ант етем! — деп айқайлады ол. — Неткен мықты бала!

Бала ызаланғаннан нарттай қызарып, мөлдіреген қара көзінен өшпенділік оты жарқ ете түсті. Қазір, енді түрегеліп тұрғанда, оның жасын анықтау қиын еді. Жүзі жас баладай уылжып тұрғанмен, өңі жас балаға ұқсамайды, тұлғасы тым талдырмаш, жүрісі ебедейсіздеу.

— Сіз мені, сэр Дэниэл, — деді ол, — менің қасіретті тағдырыма күлу үшін шақырып алдыңыз ба?

— Күлсе несі бар? — деп сұрады рыцарь. — Маған күлуге рұқсат ет, қарағым. Егер сен өзіңді-өзің сырттай көре алатын болсаң, алдымен бірінші болып өзің күлер едің.

— Кейін бәріне түгел жауапқа тартылғанда, сіз осы үшін жауап берерсіз, — деді бала қып-қызыл болып. — Ал әзірше шамаңыз келгенше күліп қалыңыз!

— Мені саған күліп тұр деп ойлама, айналайын інішегім, — деп жауап қайырды сэр Дэниэл, күлкісін қойып. — Жай қалжың ғой. Мен тек туыстық, жолдастық ретінде қалжыңдап отырмын. Мен сенің некеңді қиғызып, сол үшін мың фунт аламын да, сені одан сайын жақсы көретін боламын. Шынымды айтсам, сені дөрекілеу ұрлап әкеткенім рас, бірақ басқаша амалым болған жоқ. Ал қазірден бастап мен саған шын ықыласыммен қызмет етем. Сен миссис Шелтон... жоқ, леди Шелтон боласың, аспанмен ант етем, ол баланың болашағы зор. Бос сөз! Адал күлкіден ұялмау керек, күлкі шер тарқатады. Жаман адамдар еш уақытта күлмейді, айналайын інішегім... Құрметті қожайын, менің інішегім мастер Джонға тамақ әкелші... Отыр, достым, тамақ іш.

— Жоқ, — деді мастер Джон, — мен тамақ ішпеймін. Сіз мені күнәкар еттіңіз, мен қалай тазаруды ойлауым керек... Қожайын мырза, құдай жарылқасын, маған бір кружке таза су әкеліп берші, сол үшін мен саған борыштар боламын.

— Сенің күнәларыңның бәрі кешіріледі, айтқаныма сен, — деп айқайлады рыцарь. — Тәубаға келсең — жетіп жатыр! Ештеңені уайымдамай тамағыңды іше бер!

Бірақ бала қайсар еді, ол бір шыны су ішіп, плащына оранды да, ең шеткі бұрышқа барып отырып, тұнжырап ойға шомды.

Тек ата деревняда дүрлігіс басталды, күзетшілер айқайлап, қару-жарақ салдырлап, ат тұяғының дүбірі естілді, атты әскерлер отряды асхана есігінің қасына тоқтап, үсті-басына батпақ шашыраған Ричард Шелтон ішке кіріп келді.

— Сізге аспан қамқоршы болсын, сэр Дэниэл! — деді ол.

— Пәлі! Дикки Шелтон! — деп айқайлап жіберді рыцарь. Бұрышта отырған бала Диктің атын естігенде таңдана басын көтерді. — Беннет Хэтч қайда?

— Міне, сізге, сэр рыцарь сэр Оливерден хат. Осыны оқысаңыз, бәрін түсінесіз, — деп жауап қайырды Ричард, священниктің хатын оған беріп жатып. — Тек тезірек оқыңыз, себебі біз жылдамдатып Райзингэмге жетуіміз керек. Жолда біз хат алып жан ұшыра шауып бара жатқан жаушыны кездестірдік, ол милорд Райзингэмге жеңіліп қалу қаупі төнгенін, сол себепті бізден көмек күтіп отырғанын айтты.

— Сен де дедің? Жеңіліп қалу қаупі төнді дейсің бе? — деп қайталап сұрады рыцарь. — Жоқ, олай болса, біз тапжылмай осында отырамыз, қайырымды Ричард. Біздің бақытсыз ағылшын корольдігінде кім жайбасар болса, сол мұратқа жетеді. Жұрт жайбасарлық қауіпті дейді, ал меніңше, бәрінен де қауіптісі — асығыстық. Осыны есіңде сақта, Дик. Алдымен, маған алып келген малдарыңды көрсетші. Сэлдэн, мен шыққан соң есіктің тиегін сал!

Сэр Дэниэл деревняның көшесіне шығып алаудың ал қызыл жарығымен өзінің жаңа сарбаздарын шола қарады. Оны көрші ретінде де, қожайын ретінде де жұрттың бәрі жек көретін, бірақ оның қол астында соғысқандар оны әскер басы ретінде өте жақсы көретін. Оның батылдығы, сыннан өткен ерлігі, солдаттардың жай-күйіне қамқорлығы, оның тіпті дөрекі қалжыңдары — осының бәрі сауыт пен дулыға киген батырларға қатты ұнайтын.

— Крестпен ант етем! — деп айқайлады ол, — өңшең өлексе иттерді қайдан тапқансыңдар! Біреулері садақ сияқты ілмиіп жатыр, енді біреулері найзаның сабындай сидиып қалған! Достар, соғыс кезінде мен сендерді алға жіберемін, сендер сияқтыларды сақтаудың керегі жоқ, достар. Әне бір көтерем шұбарға мінген кәрі ақымақты анықтап көрсетіңдерші! Сенен гөрі шошқаға мінген жаман сәурік көбірек ұқсайды солдатқа. Ә, Клипсби! Сен де осында екенсің ғой, кәрі тышқан? Менің ешбір бағаламайтын адамым тап сенсің! Сен бәріміздің алдымызда жүресің, ал жаудың мергендері мүлт жібермес үшін сенің кеудеңе жамбының суретін салып қоямыз. Сонымен, мәселе шешілді, сен бәріміздің алдымызда жүріп маған жол көрсететін боласың.

— Мен сізге опасыздықтан басқа қалаған жолыңызды түгел көрсетемін, сэр Дэниэл, — деп батыл жауап қайырды Клипсби.

Сэр Дэниэл қарқылдап күліп жіберді.

— Тауып айтылған сөз! — деді ол қатты дауыстап. — Дегенмен сөзге шеберсің-ау, сайтан алғыр! Жарайды, қалжыңыңды кешіремін. Сэлдэн, адамдарды тамақтандыр және аттарға жем бер.

Рыцарь асханаға қайтып келді.

— Ал, достым Дик, тамақ іш, — деді ол. — Міне, тамаша эль, мынау шошқаның еті. Же, ал мен әзірше хатты оқи тұрайын.

Ол хатты ашып, оқыды да, қабағын түйді. Бірнеше минут үнсіз, ойланып қалды. Сосын өзінің шәкіртіне ықыласпен, зер сала қарады.

— Дик, сен мына сұмдық өлеңді оқыдың ба? — деп сұрады.

Бала мақұлдап жауап қайырды.

— Онда сенің әкеңді еске алыпты, — деді рыцарь, — ақылы адасқан біреу біздің бақытсыз мылжың-священникті сенің әкеңді өлтірді деп айыптайды.

— Сэр Оливер оны мойындамайды, — деп жауап қайырды Дик.

— Мойындамайды? — деп дөрекілеу дауыстап жіберді рыцарь. — Сен оны тыңдама! Оның тілінде сүйек жоқ, тура сауысқан секілді жағы бір тынбайды. Мен кейін бір бос уақытымда саған бәрін өзім айтып беремін, Дик. Сенің әкеңді Дэкуорт деген біреу өлтірді деп сезіктенгенбіз, бірақ аласапыран кез болды да, анығына жетуге біздің шамамыз келмеді.

— Әкемді Мот қамалында өлтірді ме? — деп сұрады Дик, сол замат жүрегі де дүрсілдей жөнелді.

— Мот қамалы мен Холивудтың аралығында, — деп жайбарақат жауап қайырды сэр Дэниэл, дегенмен ол түнеріп, Дикке күдіктене қарады. — Жарайды, тамағыңды тезірек іш, — деді тағы да рыцарь, — сен Тэнстоллға менің хатымды алып барасың.

Диктің аузы аңқайып қалды.

— Өтінем, сэр Дэниэл, — деді ол дауыстай сөйлеп, — шаруалардың біреуін жіберіңізші! Менің шайқасқа қатысуыма рұқсат етіңізші. Мен ерлікпен шайқасам!

— Оған күмәнданбаймын, — деп жауап қайырды да, сэр Дэниэл отырып хат жаза бастады. — Бірақ бізді, Дик, жауынгерлік ешбір сый-құрмет күтіп тұрған жоқ. Бұл шайқаста кімнің жеңгені әбден белгілі болғанша, мен осында, Кэттлиде отырамын да, сосын жеңіп шыққанына қосыла кетем. Мұны қорқақтық деп атама, Дик, бұл — тек қана ақылдылық. Біздің бақытсыз мемлекетіміз бүлікшіліктен әбден қажыған, король біресе тақта отырса, біресе түрмеде отырады, ертеңгі күні не болатынын ешкім білмейді. Көк езулер мен Желбуаздар бір жақ үшін немесе екінші жақ үшін мейлі шайқаса берсін, ал лорд Ақылгөй мағына қолайлы жағдайды аңдып, тып-тыныш қана күтіп отырады.

Осыларды айтқаннан кейін сэр Дэниэл Дикке арқасын бере, үстелдің арғы басына барып отырды да, хат жаза бастады. Екі езуі жыбыр-жыбыр етеді. Қара жебе туралы әңгіме оны қатты шошытқан еді.

Жас Шелтон бар ықыласымен тамақ жей бастады. Кенеттен біреу оның қолынан тартып, құлағына сыбырлай сөйледі.

— Мені естіп тұрғаныңызды сездірмеңізші, өтінем сізден! — деп сыбырлады дауыс. — Рақымшылық етіп, Холивудқа қай жолмен тезірек жетуге болатынын түсіндіріңізші маған. Қатты өтінем, мейірімді балақай, бәлеге ұшыраған бақытсызға көмектесіп, аман құтылудың жолын көрсетіңізші.

— Жел диірменнің жанымен жүріңіз, — деп сыбырлай жауап қайырды Дик те. — Жалғыз аяқ жол сізді Тилл өткеліне дейін апарады. Одан әрі қалай қарай жүру керек екенін сізге сол жерде біреу-міреу айтар.

Ол тіпті мойнын да бұрмастан, тамағын іше берді. Бірақ көзінің қиығымен «мастер Джон» деп атаған баланың ақырын басып бөлмеден қалай шығып кеткенін байқап қалды.

«Оның жасы менен тіпті де үлкен емес, — деп ойлады Дик. — Мені бала деп атауын қара өзінің! Сары ауыз балапанның менімен бүйтіп сөйлесетінін білсем, оған жол көрсетпек түгіл, дарға асар едім! Жарайды, мен оны батпақтың бір жерінде қуып жетермін де, құлағын бұрармын әлі!»

Жарты сағаттан кейін сэр Дэниэл Дикке хат берді де, Мот қамалына тезірек жет деп әмір етті. Ал Дик кеткеннен кейін жарты сағаттай уақыт өткенде, бөлмеге милорд Райзингэмнің ентіккен шабарманы жүгіріп кірді.

— Сэр Дэниэл, — деді шабарман, — сіз даңққа бөленудің өте бір сәтті кезінен айырылғалы тұрсыз! Бүгін таң ата шайқас басталды. Біз жауларымыздың алдыңғы шебін бұзып, оң канатын ыдыратып жібердік. Тек ортасы ғана әлі берілмей тұр. Сіздің әскеріңіз мықты, сондықтан жауды өзенге қарай тықсырып тастай аласыз. Бұған не айтасыз, сэр рыцарь? Шынымен ең соңында қалмақпысыз? Өйтсеңіз бар абыройдан айрыласыз ғой.

— Мен енді ғана аттанғалы жатыр едім! — деп дауыстап жіберді рыцарь — Сэлдэн, жина жорыққа! Сэр, мен сіздің соңыңыздан еремін. Менің жасағымның көпшілігі осыдан екі-ақ сағат бұрын келді, сэр. Не амал қыларсың? Егер атты қамшылай берсең, зорықтырасың... Тезірек, жігіттер!

Таңғы ауадан керней қаңқылдап қоя берді, сэр Дэниэлдің жауынгерлері жан-жақтан басты көшеге ағылып келіп, асхананың алдында сапқа тұра бастады. Олар аттардың ер-тоқымын алмай, қару-жарақтарын қолдарына ұстап ұйқтаған болатын, он минуттан кейін өте жақсы қаруланған әрі әбден машықтанған жүз найзагер мен садақшы ұрысқа әзірленіп, сапта тұрды. Олардың бәрі де сэр Дэниэлдікіндей — күрең қызыл мен көк түстен киінген — мұндай киім жауынгерлерге жарасып, әдемі көрсетіп тұр. Жақсы қаруланғандары саптың алдында да, ең артта, саптың соңында — кеше кешкісін келген өңшең сұрықсыздар. Сэр Дэниэл өзінің жасағын мақтаныш сезімімен қарап шықты.

— Мұндай сарбаздармен қор болмайсың! — деді ол.

— Сөз жоқ, тамаша жауынгерлер, — деп жауап қайырды шабарман. — Бұларға қарап тұрып, сіздің ұрысқа ертерек кіріспегеніңізге одан сайын қапа болам.

— Тойда ең жақсысын алдымен береді, ал соғыс алаңында — ең соңында, сэр, — деді де рыцарь тез атқа қонды. — Әй! — деді ол бар даусымен айқайлап. — Джон! Джоанна! Крестпен ант етемін! Қайда ол? Қожайын, қыз қайда?

— Қыз дейсіз бе, сэр Дэниэл? — деп сұрады асхана иесі. — Мен ешқандай қыз көргенім жоқ, сэр.

— Әлгі баланы айтам, ақымақ! — деп айқайлады рыцарь. — Оның қыз екенін сен шынымен аңғармадың ба! Оның үстінде күрең қызыл плащы бар. Ертеңгі астың орнына бір шыны су ішіп еді ғой, есіңде ме, жексұрын! Қайда ол?

— Бізге жасаған ием жар болсын! Сіз оны «мастер Джон» дедіңіз ғой, — деді қожайын. — Мен оның қыз екенін аңғарғаным жоқ... Ол кетіп қалды. Мен оны... оны... бір сағаттай бұрын ат қорадан көргем. Ол сұр атты ерттеп жатқан болатын.

— Крестпен ант етемін! — деп айқайлап жіберді сэр Дэниэл. — Ол қыз маған ең кемі бес жүз фунт, бәлкім, тіпті одан да көп пайда келтіретін еді!

— Сэр рыцарь! — деді шабарман қабырғасы қайыса, — сіз бұл жерде бес жүз фунтты сөз қылып тұрғанда, ағылшын тағының тағдыры шешілгелі жатыр ғой.

— Жақсы айтылған сөз, — деп жауап қайырды сэр Дэниэл. — Сэлдэн, қасыңа алты арбалетшіні ертіп ал. Қыздың ізіне түсіп, ұстап әкел. Жерден қазсаң да, мен қайтып келгенде ол Мот қамалында болатын болсын. Сол үшін басыңмен жауап бересің!.. Міне, енді, сэр шабарман, біз дайынбыз!

Әскерлер желе жортып кетті де, Сэлдэн алты жауынгерімен Кэтлидегі көшенің ортасында, бұларға аңырая қараған шаруалардың арасында қалып қойды.

II ТАРАУ

Батпақта

Май айының таңғы сағат алтылар шамасында Дик — Мот қамалына апаратын жолдағы батпаққа жетті. Көгілдір аспан жарқырап, самал жел бір қалыпты еседі, жел диірменінің қанаттары зырқырай айналып тұр; батпақта өскен тал желге тербеліп, кенеттен бидай сияқты ақшылданып кетеді. Дик түні бойы аттан түскен жоқ, бірақ оның жүрегі жақсы, денсаулығы мықты еді, сондықтан да ол қайыспай тарта берді.

Жалғыз аяқ жол бірте-бірте ойға құлдилап, ұйық батпаққа жақындап қалды, алыста, ту сыртынан Кэттлидің жанындағы төбеден диірмен көрінеді, тап сол сияқты алдыңғы жақтан да Тэнстолл орманының төбесі бұлдырап көрінеді. Сүрлеудің екі жағындағы қалың тал мен қамыс желге ырғалып; жел соққан шалшық су көпіршіп жатыр; жап-жасыл жымысқы ұйықтар аңғал жолаушыны аңдып, тартып әкетуге дайын. Сүрлеу тура ми батпақтың үстімен өтеді, бұл өзі бір өте ескі сүрлеу еді, оны ең баста Римнің солдаттары салған болатын; содан бері, міне, ғасырлар өтті, оның көп жерін батпақтың өлі сулары басып кеткен.

Кэттлиден бір мильдей шыққан соң Дик тап осындай жерге жақындап келді, сүрлеуді бұл жерде тал мен қамыс басып кетіпті, сондықтан ол кімді болса да шатыстырар еді. Басқа барлық жерден гөрі бұ жердің ұйығы да енділеу екен; бұрын болмаған адам бір бәлеге ұшырауы мүмкін. Өзі жолды дұрыстап түсіндірмеген манағы бала есіне түскенде, Диктің жүрегі су ете қалды. Ол өзі үшін қорыққан жоқ, артына, жел диірменнің айналып тұрған қанаттары көгілдір аспанда ап-анық қарауытқан жаққа, сосын алдына, Тэнстолл орманы өскен төбеге қарап қойып, аты тізесіне дейін суға батса да, іркілмей төтелеп тарта берді.

Ол батпақтың жартысынан өтіп, енді қырға қарай өрлей бастаған құрғақ сүрлеуге жеткенде, кенет оң жақтан судың шалп еткен дыбысын естіді, сосын ұйыққа бауырына дейін батып, жанталасып жатқан сұр атты көрді. Құтқарушының жақындап қалғанын сезгендей, ол кенеттен шұрқырай кісінеп қоя берді. Оның қанталаған көздері ессіз үрейге толы; батпақтың ішінде тарбаң-тарбаң етеді, айналасында шыбын-шіркейлер бұлттай қаптап жүр.

«Бейшара бала шынымен батпаққа батып елді ме екен? — деп ойлады Дик. — Мынау соның аты ғой. Тамаша сұр ат! Жаным-ау, маған неге сонша жәудіреп қарайсың! Мен сен үшін қолымнан келгеннің бәрін істеймін. Сені бүйтіп батпаққа азаптап қоймаспын!».

Ол арбалетін алып, адырнасын керді де, жебемен тура жануардың басынан атты.

Осы қатал да болса қайырымды міндетті орындаған соң, Дик алға жүрді. Оның көңіл-күйі жабырқау еді. Өзі осы жолды көрсетіп жіберген баланың ең болмаса ізі табылмас па екен деген үмітпен жан-жағына мұқият қарап келе жатыр.

«Бәрін де оған толығырақ, дұрыстап түсіндіруім керек еді, — деп ойлады ол. — Әй, батпаққа батып кетті-ау, бейшара».

Кенет біреу оның атын атап шақырды, Дик артына жалт бұрылып, қамыстың арасынан өзіне қарап тұрған баланың жүзін көрді.

— Сенбісің! — деді Дик атын іркіп. — Қамыстың арасына жақсылап-ақ тығылыпсың, мен тіпті байқамай, жаныңнан өтіп кете жаздадым. Мен сенің атыңды көрдім; батпаққа батып жатыр екен, мен оны азаптан құтқардым. Аспанмен ант етем, егер сен мейірімділеу болсаң, онда атты өзің-ақ атып тастар едің. Кел, бері шық. Бұл жерде саған ешкім тимейді.

— Мейірбан бала, менің ешқандай қаруым жоқ: шынымды айтсам, маған қарудың тіптен керегі де жоқ, себебі бәрібір оны пайдалана білмеймін, — деді қашқын, жалғыз аяқ жолға шығып.

— Сен неге мені бала деп атайсың? — деп айқайлады Дик. — Менің сенен жасым үлкен болса керек.

— Кешір мені, қайырымды мастер Шелтон, — деді қашқын. — Мен сені тіпті де ренжітем деп ойлағаным жоқ. Керісінше, мен сенен көмек сұрамақшымын, себебі мен бақытсыздыққа ұшырап, жолдан адастым, плащымды жоғалтып алдым, бейшара атым батпаққа батты. Менің шыбыртқы мен тебінгім ғана бар, бірақ мінетін атым жоқ. Ал ең бастысы — деді ол өзінің киіміне қарап, — менің үсті-басым батпақ!

— Бос сөз! — деді Дик. — Балшыққа бір сүңгіп шыққан екенсің — онда тұрған не бар! Жарадан аққан қан мен жолдың кір-қоңысы еркектердің сәні емес пе.

— Олай болса, мен олай «сәнденбеген» еркектерді тәуір көремін, — деп жауап қайырды бала. — Енді не істеуім керек? Өтінемін, қайырымды мастер Ричард, маған ақыл бер. Егер мен Холивудқа жете алмасам, онда өлдім.

— Мен саған ақылды ғана беріп қоймаймын, басқасын да берем, — деді Дик, атынан түсіп жатып. — Саған атымды берем де, өзім сенімен қатар жүгіріп отырам. Мен шаршаған кезде, екеуміз алмасамыз. Осылай істесек, тезірек жетеміз.

Бала атқа отырды, батпақты жер кедір-бұдыр екен, олардың еріксіз асықпай жүруіне тура келді. Дик қолын баланың тізесіне салып, екеуі қатар жүріп келе жатты.

— Сенің атың кім? — деп сұрады Дик.

— Джон Мэтчем деп ата, — деп жауап қайырды бала.

— Холивудта сенің қандай шаруаң бар? — деп сұрады Дик.

— Мен өзіме жәбір көрсеткен адамнан қашып келе жатырмын, — деді Джон Мэтчем. — Холивудтың мейірімді аббаты әлсіздерді әрдайым қорғайды дейді.

— Сен сэр Дэниэлдің қолына қалай түсіп жүрсің, мастер Мэтчем? — деп сұрады Дик.

— Ол мені күшпен әкетті, — деп жауап қайырды Джон Мэтчем. — Ол мені өзімнің туған үйімнен ұрлап алып, үстіме мына киімдерді кигізіп, ұзақ жолға алып шыққанда, жүрегім жарылып кете жаздады, әрі қорлап мазақ қып күлді, мен тіпті жылауға шақ қалдым. Ал менің достарым біздің артымыздан қуған кезде, олардың жебесі маған тисін деп, мені әдейі артына мінгестіріп алды! Жебенің біреуі менің аяғымды жаралады, сол себепті қазір аздап ақсаймын. Осының бәріне жауап беретін кезегі келеді оның!

— Арбалетпен атып аспандағы айға тигізе аламын деп үміттенемісің? — деді Дик, — Ол батыр рыцарь, оның құдіреті өте күшті. Егер саған қашып кетуге көмектескенімді білсе, мені мықтап жазалайды.

— Бейшара бала! — деді Джон Мэтчем. — Ол сенің қамқоршың, мен білемін. Өзінің айтуына қарағанда, ол менің де қамқоршым. Ол мені некелестіру правосын сатып алса керек. Бұл туралы мен онша көп түсінбеймін, бірақ та маған қысым көрсететіндей бір себебі бар білем.

— Сен мені тағы да бала деп атап тұрсың ғой! — деді Дик.

— Сен немене өзіңді қыз деп айтқанымды ұнатамысың, қайырымды Ричард? — деп сұрады Мэтчем.

— Қыз деп айта көрме, — деп жауап қайырды Дик. — Тегі, қыздарды жаным жек көреді!

— Сен бала сияқты сөйлейсің, — деді Джон Мэтчем. — Аузың айтқанмен, өзің іштей қыздарды көбірек ойлайсың.

— Мұның енді бекер! — деп кілт жауап қайырды. — Қыз дегеніңді ешқашан есіме де алмаймын. Сайтан соқсын оларды! Мен аңшылықты, соғысқанды, тойды, ормандағы қызықты өмірді жақсы көрем. Ал қыздар ондай іске жарамайды. Дегенмен, еркектен кем емес бір қыз болған. Бірақ ол бейшараны, еркекше киініп жүргені үшін, мыстан секілді өртеп жіберіпті.

Мастер Мэтчем жалма-жан шоқынып, күбірлегі дұға қайырды.

— Не деп тұрсың? — деп сұрады Дик.

— Марқұмға бата оқып жатырмын, — деп жауап қайырды Мэтчем, даусы дірілдеп.

— Мыстан үшін бе? — деді Дик, — Жарайды, ол қыз үшін батаңды оқи бер. Ол Европадағы ең жақсы қыз болатын, оның аты Жанна д' Арк. Кәрі Эппльярд садақшы жын-сайтаннан қашқандай сол қыздан қалай қашқанын маған жыр ғып айтып берген. Ол өте батыр қыз болыпты.

— Егер сен қыздарды жақсы көрмейтін болсаң, қайырымды мастер Ричард, — деді Мэтчем қарсыласа кетіп,- — онда сен шын еркек емессің. Жасаған ием адамдарды әдейі екіге бөліп, еркектерге қуат беріп, жігерлендіру үшін, ал әйелдерге жұбаныш ретінде дүниеге махаббат таратқан.

— Бос сөз! — деді Дик, — Сенің әйелдер туралы көп ойлайтын себебің, әлі аузыңнан уыз кеппеген жас сәбисің! Сенің ойыңша, мен шын еркек емеспін ғой. Олай болса, түс қазір аттан — жұдырық керек пе, қылыш керек пе, жебе керек пе, маған бәрібір — мен еркекпін бе, еркек емеспін бе, соны сенің өзіңе дәлелдейін.

— Мен жауынгер емеспін, — деді Мэтчем жұлып алғандай сөйлеп. — Сені ренжітейін деген ешбір ойым болған жоқ. Жәй қалжыңдағаным ғой. Ал әйелдер туралы айтқан себебім, жақында сені үйленгелі жатыр деп естігенмін.

— Мен бе? Үйленеді дейсің бе? — деді Дик, даусын көтеріп. — Бірінші рет естіп тұрмын! Кімге үйленеді екенмін?

— Джоанна Сэдлиге, — деп жауап қайырды Мэтчем, қызарақтап. — Оны қамдастырып жүрген сэр Дэниэл. Бұл той оған пайдалы: ол жігіттің де, қыздың да ақшасын алады. Бейшара қыз тағдырына назаланып жүр деп естідім. Кім біледі, бәлкім ол қыз да сен сияқты еркектерді жек көретін шығар, немесе оған күйеу жігіт ұнамайтын шығар.

— Өлімнен қашып құтылуға болмайтын секілді, үйлену тойынан да ешқайда қашып құтыла алмайсың, — деді Дик жуасып. — Қыз қатты қамығып жүр дейсің бе? Miнe, қыздардың қандай ақымақ екенін түсіндің ғой! Мені ол әлі көрген де жоқ, бірақ қатты қамығады. Мен қайғырып жүрмін бе? Түк те қынжылмаймын. Егер маған үйленуге тура келсе, жылап-сықтап жатпаймын... Сен ол қызды білесің бе? Қандай екенін айтшы маған. Сұлу ма, әлде сұмпайы ма? Мінезі қандай: мейірімді ме, жайдары ма, әлде жексұрын ұрысқақ па?

— Саған бәрібір емес пе? — деді Мэтчем. — Үйлену керек болса — үйленесің. Ол сұлу ма, сұмпайы ма, ондағы шаруаң қанша? Мұның бәрі бос әңгіме. Сен емшектегі сәби емессің ғой, мастер Ричард. Егер саған үйленуге тура келсе, ешбір жылап-сықтап жатпайсың.

— Сен өзің қағытуға шебер екенсің! — деді Шелтон. — Расында да, маған бәрібір.

— Онда сенің әйеліңнің күйеуі жетіскен адам екен! — деді Мэтчем.

— Маңдайына кім жазылса, сондай адам болады күйеуі, — деді Дик наразылық білдіріп. — Мен басқалардан артық та, кем де емеспін.

— Бақытсыз қыз! — деді Мэтчем.

— Неге бақытсыз? — деп сұрады Дик.

— Ол бейшара жүрегі жоқ, ағаштан жасалған адамға шығады ғой. О қасірет! Жүрегі жоқ, ағаштан жаралған күйеу!

— Егер сен менің атымды мініп, ал мен сенің қасыңда жаяу келе жатқан болсам, — деді Дик, — мүмкін мен, шынында да, ағаштан жаралған шығармын. Мейлі, тіпті ағаштан жаралсам да, жақсы ағаштан жаралған болдым ғой.

— О, қайырымды Дик, кешір мені, — деді Мэтчем. — Мен ойнап айтып едім. Сен бүкіл Англиядағы ең мейірімді адамсың. Кешір мені, сүйікті Дик.

— Бос сөз, — деді Дик, жолдасының шын ниетімен айтқан сөзінен қысылып. — Сен мені түк ренжіткен жоқсың. Мен, құдайға шүкір, өкпешіл емеспін.

Жел арт жақтан болатын, кенет бұлар азынаған керней даусын естіді, бұл сэр Дэниэлдің кернейшісі еді.

— Ақырын! — деді Дик, — Керней даусы!

— Аһ! — деді Мэтчем. — Олар менің қашып кеткенімді біліп қойған ғой, ал менде ат жоқ!

Оның өңі құп-қу болып кетті.

— Қорықпа! — деп жұбатты оны Дик. — Сен олардан өте алыстап кеттің, енді міне, қол созым жерде өткел бар. Сенде емес, менде ат жоқ.

— Енді олар мені ұстап алады! — деді қашқын. — Дик, қайырымды Дик, жәрдем ет маған!

— Мен саған көмектесіп келе жатқан жоқпын ба? — деді Дик. — Мен сені аяп тұрмын, өзің тым қорқақ екенсің. Тыңда мені, Джон Мэтчем — егер сенің шын атың Джон Мэтчем болса: мен Ричард Шелтон, сені аман-есен Холивудқа жеткіземін деп уәде берем. Егер сені тастап кетсем, мені құдай ұрсын. Еңсеңді көтер, сэр Қорқақ. Жол жақсарып келеді. Атыңды тебін. Тез! Тезірек! Мен үшін қам жеме: мен бұғыдан да тез жүгірем.

Ат жорта жөнелді, бірақ Дик те қалыспай қатарласа жүгіріп келеді, олар осылай батпақтан өтіп, өзеннің жағасындағы қайықшының лашығына жетті.

ІІІ ТАРАУ

Батпақ аузындағы өткел

Ені кең, баяу ағатын, суы лайлы Тилл өзені батпақтан басталып, өзінің қисапсыз жылғаларымен тал басқан аласа аралдарды айналып өтетін.

Өзен лайлы еді; бірақ осынау ап-ашық, тамаша таңда айналаның бәрі әдемі көрінеді. Ашық жерлердегі судың беті желмен толқынданып, тынық айдындарға күлімдеген көгілдір аспанның жапырақтанған сәулесі түсіп тұр.

Сүрлеу кішкентай қойнауға барып тірелді, тура өзеннің жағасында, тік жардың етегінде, қайықшының сырғауыл мен саздан соғылған лашығы тұр; төбесін көк шөп басып кетіпті.

Дик есікті ашты. Үйдің ішінде әбден тозып кірлеген, қолдан тоқыған шекпен киген қайықшы жатыр. Бойы сорайған, өте жүдеу, науқас әбден қалжыратқан; батпақ безгегінен қалш-қалш етеді.

— Ә, мастер Шелтон, — деді ол. — Арғы бетке өтпекшімісіз? Қиын кезен, қиын кезең! Сақ болыңыз. Бұл жерде бір топ қарақшы жүр. Одан да көпір арқылы өтіңіз.

— Мен асығып бара жатырмын, — деп жауап қайырды Дик. — Менің уақытым жоқ, Хью-Қайықшы. Өте асығыспын.

— Сіз бірбеткей адамсыз, — деді қайықшы, орнынан тұрып жатып. — Егер Мот қамалына аман-есен жетсеңіз, жолым болды деп есептеңіз. Басқа ештеңе айтпаймын.

Ол енді Мэтчемді көрді.

— Ал мынау кім? — деп сұрады ол, босағада тоқтап, көзін сығырайта қарады.

— Бұл менің туысқаным, мастер Мэтчем, — деп жауап қайырды Дик.

— Сәлеметсіз бе, қайырымды қайықшы, — деді Мэтчем, өзі атынан түсіп, тізгінінен ұстап тұр. — Тез қайықты түсіре қойыңызшы; біз өте асығыс едік.

Жүдеу қайықшы оған басынан аяғына дейін әлі қарап тұр.

— Сайтан соққыр! — деп айқайлап жіберді де, ол бар даусымен қарқылдап кеп күлді.

Мэтчем құлағының ұшына дейін қызарып, селк ете түсті, ал Дик, ызаланғаннан дөрекі надан қайықшының екі иығынан шап берді.

— Мұның не сенің, дойыр неме! — деп айқайлады ол. — Өз шаруаңды біл де, тумысынан сенен жоғары тұрған адамдарға күлуші болма.

Хью қайықшы күңкілдеп сөйлегенін тоқтатпастан қайығын шешіп, оны суға итеріп түсірді. Дик атты қайыққа жетеледі. Мэтчем де қайыққа отырды.

— Қандай кіп-кішкенесіз, — деді Хью күлімсіреп. — Сізді, құдай, ерекше өлшеммен жаратқан болу керек... Енді, мастер Шелтон, сіздің айтқаныңызды орындаймын, — деп сөзін жалғастырды ол, ескекті қолына алып. — Мысық екеш мысықтың да корольге қарауына рұқсат етеді. Ал менің мастер Мэтчемге қарағаннан басқа ешбір айыбым жоқ.

— Қысқарт сөзді! — деді Дик. — Одан да бар күшіңмен ескегіңді ес!

Олар қойнаудан шыққаннан кейін алдарынан өзеннің бүкіл кеңістігі ашылды. Аласа аралдар минут сайын жолды бөгей берді. Саз қайраңдар созылады, талдардың бұтақтары шайқалып, қамыс дірілдейді, батпақ тышқандары шиқылдап, суға сүңгіп-сүңгіп кетіп жатыр. Осынау жықпыл-жықпыл су шытырманы иесіз шөл даладай көрінді.

— Мырза, — деді қайықшы бір ескекпен есіп, — Батпақтағы Джон осы аралда деп естідім. Сэр Дэниэлдің жағындағылардың бәрін ол өте жек көреді. Өзенмен жоғары көтеріліп, сүрлеуден оқ жететіндей жерден шықсақ қайтеді? Менің ақылымды алсаңыз, Батпақтағы Джонмен кездеспегеніңіз жөн.

— Ол да әлгі қарақшылардың тобында ма? — деп сұрады Дик.

— Ол жөнінде мен ештеңе айта алмаймын, — деді Хью. — Меніңше, өзенмен жоғары көтерілу керек, мастер Дик. Әйтпесе, абайсызда мастер Мэтчемге жебе қадалып қалуы мүмкін.

Ол тағы да қарқылдап күлді.

— Сенің дегенің болсын, Хью, — деп жауап қайырды Дик.

— Онда арбалетіңізді шешіңіз, — деп сөзін жалғастырды Хью. — Міне, осылай болғаны дұрыс. Енді адырнасын көріңіз. Өте жақсы. Жебені салыңыз. Мені көздеңіз де, мүмкіндігінше маған өте ашулы кейіппен қараңыз.

— Сонда не үшін, — деп сұрады Дик.

— Мен сізді еріксіз қорыққанымнан ғана өткізуге мәжбүр болдым, — деп жауап қайырды қайықшы. — Егер мен сізді өз еркіммен тасығанымды Батпақтағы Джон біліп қойса бітті, әкемді танытады.

— Расында да ол жексұрындар соншалық күшті ме? — деп сұрады Дик. — Сэр Дэниэлдің жеке меншігіндегі қайыққа олар қорықпай қалай әмір ете алады?

— Менің айтқандарымды есіңізде сақтаңыз, — деп сыбырлады қайықшы, көзін қысып. — Сэр Дэниэл жеңіледі. Оның заманы өтті. Ол жеңіледі. Аузыңызға ие болыңыз!

Сөйтіп ол ескекке еңкейді.

Бұлар өзенмен жоғары қарай ұзақ жүзді, аралдардың біреуін айналып өтіп, енді арғы жағадағы жіңішке жылғамен абайлап төмен жүзді. Сосын Хью қайықты жылғамен көлденең бұрды.

— Мен сіздерді осы жерге, талдардың тасасына түсірейін, — деді Хью.

— Бұл жерде сүрлеу жоқ, — деді Дик. — Бұл жерде тек тал әрі батпақ пен ұйық қана.

— Мастер Шелтон, — деп жауап қайырды Хью, — мен сіздерді бұдан әрі апара алмаймын. Мен өзімді емес, сіздерді аяп тұрмын. Батпақтағы Джон жебесін дайын ұстап әрдайым менің қайығымнан көзін алмай, алыстан қадағалап келеді. Сэр Дэниэлдің жақтастарының бәрін ол қоян сияқты қағып түсіріп жүр. Сэр Дэниэлдің достарының біреуі де осы жерден тірі кетпейді деп ол крестпен ант еткен. Мен оны өз құлағыммен естідім. Егер мен сізді көптен, тіпті сәби кезіңізден білмесем, еш уақытта сізді бүйтіп қайықпен өткізбес едім. Бірақ өткен күндерді еске алып, әрі мына сіздің қасыңызға еріп келе жатқан, соғыс пен жарақат үшін жаралмаған қуыршақты аяп, өзімнің бақытсыз өмірімді өлімге қиып, сізді арғы бетке жеткізіп салуға келістім. Енді осыған риза болыңыз. Басқа мен ештеңе істей алмаймын, ол үшін шыбын жаныммен ант етемін!

Хью ескегін есіп, әрі сөйлеп келе жатыр еді, кенет аралдағы талдардың қақ ортасынан біреу қатты дауыстап айқайлап жіберді; бұтақтардың сынған даусы естілді — бір күшті адам қалың ағашты бұзып-жарып асығыс келе жатыр екен.

— Оба тигір-ай! — деп айқайлап жіберді Хью. — Ол манадан бері аралда болған екен ғой!

Хью енді тез жағаға қарай есті.

— Садақпен мені қорқытыңыз, қайырымды Дик! — деп жалынды ол. — Мені анау сенетіндей етіп мықтап қорқытыңыз. Мен сіздерді құтқаруға тырыстым, енді сіз де мені құтқарыңыз!

Қайық бар екпінімен талдардың арасына кіріп кетті. Дик Мэтчемге ымдап белгі берді; өңі құп-қу Мэтчем орындықтың үстімен батыл басып, жағаға жүгіріп шықты. Дик атты тізгінінен тартып, жағаға алып шықпақшы болып еді, бірақ қалың бұтақтардың арасынан шамасы келмей, сәл кідіріп қалды. Ат тепсініп, кісінеп қоя берді, қайық қатты шайқалақтап кетті.

— Бұл жерден жағаға шығу мүмкін емес, Хью, — деп айқайлады Дик, сонда да ол қорықпай арындаған атты қалың талдың арасына қарай тарта берді.

Аралдың жиегінде қолына садақ ұстаған ұзын бойлы адам көрінді. Қатты жүгіргендіктен нарттай боп қызарып кеткен бұл адамның садақтың адырнасын шірене тартып тұрғанын Дик көзінің қиығымен байқап қалды.

— Келе жатқан қайыссың? — деп айқайлады бейтаныс адам. — Хью, келе жатқан кім?

— Бұл мастер Шелтон, Джон, — деп жауап қайырды қайықшы.

— Тоқта, Дик Шелтон, — деп айқайлады аралдағы адам. — Мен саған ешбір жамандық істемеймін деп крестпен ант етемін! Тоқта!.. Ал сен, Хью, кейін қайт.

Дик кекесінмен мырс етіп күледі.

— Олай болса — жаяу барасың! — деп айқайлады аралдағы адам.

Сөйтті де садақты тартып қалды.

Жебе қадалған ат жан ұшыра тыпырлады да қалды; қайық төңкеріліп кетті, бір минуттан соң бәрі де судың ішінде ағыспен арпалысып бара жатты.

Дик сүңгіп судың бетіне шыққанша, ағыс оны қайраңнан бір ярдтай жерге алып кеткен еді, жан-жағына дұрыстап қарауға да шамасы келмей, Дик қолына іліккен қатты бірдеңеге жанталаса жармасты ол мұны бар күшімен ілгері қарай сүйрей жөнелді. Бұл суға иілген талдың бұтағы еді, оны сонша бір ептілікпен Мэтчем соза қойған-ды.

— Аспанмен ант етем, — деді Дик, Мэтчем оны жағаға сүйреп шығарған кезде, — сен мені аман сақтап қалдың! Мен зеңбіректің оғынша жүземін.

Дик артына бұрылып, арал жаққа қарады.

Хью-Қайықшы өзінің қайығымен жарыса жүзіп барады екен, жаға мен аралдың қақ ортасына жетіп қалыпты. Батпақтағы Джон оған тезірек жүз деп әмір етіп бар даусымен айқайлап тұр.

— Қашайық, Джон, — деді Шелтон, — Қашайық! Хью қайығын аралға жеткізіп, сосын оны қайтадан тәртіпке келтіргенше біз алыстап кетеміз де, олар бізді таба алмай қалады.

Ол Мэтчемге үлгі көрсетпекші болып, талдардың арасымен өтіп, төмпешіктен-төмпешікке секіріп жүгіре жөнелді. Бірақ белгілі бір бағыт ұстауға оның шамасы келмеді; қайткенде де өзеннен алысырақ кетпекші болып, беталды қашып бара жатты. Ал топырақты жер бірте-бірте жоғары көтеріле бастаған кезде, бағыттарының дұрыс екеніне әбден көзі жетті. Ақыры бұлар батпақтан аман-есен өтті, аяқтары қатты, құрғақ жерге тиіп, айналадағы талдардың арасынан шегіршіндер көріне бастады.

Алыстау, артта қалып қойған Мэтчем кенеттен құлап түсті.

— Мені қалдырып кет, Дик! — деп айқайлады ол, ентігіп. — Бұдан әрі жүгіруге шамам жоқ!

Дик артына бұрылып, оның қасына қайтып келді.

— Тастап кет дейсің бе, Джон?! — деді ол. — Жоқ, ондай опасыздыққа бара алмаймын. Суға батып бара жатқанымда, өзіңе садақтың жебесі төнсе де, сен мені тастамай, өмірімді сақтап қалдың ғой. Сенің де суға батып кетуің мүмкін еді, сені қалайша өзіммен бірге суға тартып әкетпегенімді жасаған ием ғана біледі.

— Жоқ, Дик, мен суға кетпес едім, әрі сені де құтқарар едім, — деді Мэтчем. — Жүзе білемін ғой.

— Сен жүзе білесің бе? — деді Дик, таңданғаннан көзі алақандай боп.

Еркекке тән қасиеттердің ішіндегі қолынан келмейтіні тек суда жүзу ғана еді. Жекпе-жекте жауды жайрату шеберлігінен кейінгі оның ең қадірлейтіні суда жүзу өнері тұғын.

— Еш уақытта ешкімді кемсітпеу керек екен — бұл маған үлкен сабақ болды! — деді ол. — Сені қорғап, Холивудқа дейін аман-есен апарамын деп уәде беріп едім, сөйтсем керісінше, Джон, сен мені қорғап келе жатырсың.

— Енді біз екеуміз дос болдық, Дик, — деді Мэтчем.

— Мен саған қас болғаным жоқ, — деп жауап қайырды Дик, — Сен, әрине, өте жас болсаң да, әжептәуір батыр баласың. Мен ешқашан сендей қызық адамды көрген емеспін. Қалай, аздап ес жидың ба? Онда жүрейік. Бұл жерде көп сөйлесуге уақыт жоқ.

— Аяғым қатты ауырып тұр, — деді Мэтчем.

— Аяғың туралы мен тіпті ұмытып кетіппін ғой, — деді Дик. — Онда асықпай, ақырындап жүреміз. Біз қазір қай жерде тұрғанымызды білсек, қандай жақсы болар еді Мен сүрлеуден адасып қалдым... Бәлкім, соның өзі дұрыс та шығар. Егер олар бізді өткелде торып жүрген болса, сүрлеуден де аңдуы мүмкін ғой. Шіркін, қазір осында елу шақты жауынгерімен сэр Дэниэл келе қалса! Ол бұл қарақшылардың бірінде қалдырмай жел ұшырған жапырақтай етіп қуып шығар еді. Жүр, Джон, маған сүйен, байғұс балақай. Бойың не деген аласа еді, тіпті менің иығыма да жетпейсің. Нешедесің өзі? Он екідесің бе?

— Жоқ, мен он алтыдамын, — деді Мэтчем.

— Онда сен дұрыс өспеген екенсің, — деді Дик. — Менің қолымнан ұста. Қорықпа, біз ақырын жүреміз. Өмірімді сақтап қалғаның үшін мен саған борыштымын, ал мен, Джон, — жақсылық үшін де, жамандық үшін де толық есеп айырысып үйренген адаммын.

Олар беткеймен жоғары көтерілді.

— Бәрібір біз жолға шығамыз, — деп сөзін жалғады Дик, — сосын ілгері қарай жүреміз. Қолың не деген әлсіз, Джон! Егер менің қолым осындай болса, мен ұялар едім. Хью-Қайықшы сені қыз деп ойлады білем, — деді ол күліп.

— Мүмкін емес! — деп Мэтчем қызарып кетті.

— Шынында да ол сені қыз деп ойлады, сол үшін мен бәстесуге бармын! — деп қайталады Дик. — Оны ешбір кінәлауға болмайды. Сен еркектен гөрі қызға көбірек ұқсайсың. Расында да, өзін бір түрлі ебедейсіздеу баласың, ал қыз болсаң өте сұлу болар едің. Шіркін, қыз болсаң ғой, тамаша қыз болар едің.

Бірақ сен өзің мені қыз деп ойламайсың ғой? — деп сұрады Мэтчем.

— Әрине, қыз деп ойламаймын. Жай қалжыңдағаным ғой, — деді Дик. — Өсе келе жақсы жігіт болып шығасың! Әлі тіпті ерліктеріңмен әйгілі болуың да мүмкін. Екеуміздің қайсымыз бұрын рыцарь атағына ие болар екенбіз ә, Джон, сен қалай ойлайсың? Мен рыцарь болсам деп қатты армандаймын. «Сэр Ричард Шелтон, рыцарь» — деген қандай тамаша естіледі! Бірақ «сэр Джон Мэтчем» деген де жаман естілмейді.

— Тоқтай тұршы, Дик, мен су ішіп алайын, — деді Мэтчем, төбешіктен басталып, жанқалтаның аузындай ғана құмайтты шұңқырға құйылып жатқан мөлдір бұлақтың қасына тоқтап. — Аһ, Дик, қарным ашты! Аштықтан тіпті жүрегім сыздап тұр.

— Ақымақ бала, Кэттлиде неге дұрыстап тамақтанып алмадың? — деп сұрады Дик.

— Мен ораза ұстауға ант беріп едім, себебі мені... күнәға итерді ғой. — Ал қазір қатқан нанның қабығы болса да рақаттанып жер едім.

— Онда отырып тамақ жеп ал, — деді Дик, — мен барып жол іздеп келейін.

Ол беліне байлаған қалтадан нан мен шошқаның кепкен сүр етін алды. Мэтчем ашқарақтана бас салып, тамақ жеуге кірісті де, Дик ағаштардың арасына еніп көрінбей кетті.

Көп кешікпей ол түбінде өткен жылғы жапырақтардың арасынан болар-болмас жылға көрінген сайдың жиегіне келді. Сайдың арғы жағындағы теректер биіктеу әрі жайылып өскен; ол жерде енді талдар мен шегіршіндер емес, емендер мен шамшат ағаштары тұр. Жел шайқалтқан жапырақтардың сыбдыры оның аяғының дыбысын естіртпейді, бірақ айсыз түннің көзге түк көрсетпейтіні сияқты, жапырақтардың сыбдыры да аяқтың дыбысын жұтып кетіп жатқанына қарамастан, Дик жан-жағына сақтана қарап, бір теректің жуан діңгегінен екінші терекке абайлай басып, алға жүрді. Кенет оның қарсы алдынан бір бұғы көлеңке сияқты көлбең етіп көрінді де, қалың тоғайға кіріп кетті. Дик қапаланып кілт тоқтады: үріккен бұғы мұны жауларына сездіріп қоюы мүмкін-ау. Ілгері жүрудің орнына енді ол өзіне ең жақын ағашқа барып, басына тез өрмелеп шыға бастады.

Оның жолы болды. Ол басына өрмелеп шыққан емен орманның осы айналадағы ең биігі екен, басқа ағаштардан тіпті бір жарым құлаштай асып тұр. Дик ең жоғарғы бұтаққа шығып, желмен шайқалып тұрып алысты шолды, ол Кэттлиге дейін созылып жатқан батпақты алқапты, орманды аралдарды айналып ағып жатқан Тилл өзенін, ал тап қарсы алдында — орман арқылы өтетін үлкен жолды ап-анық көрді. Төңкерілген қайықты аударып, қайтадан қалпына келтіріпті, енді ол өзенмен қайықшының үйіне қарай жүзіп бара жатыр. Осы қайықтан өзге еш жерде адамның ізі көрінбейді, тек бұтақтарды шайқалтқан жел ғана гуілдейді. Дик енді темен түспекші болып, ақырғы рет айналаға көз тастап еді, кенет алыстан, батпақтың ортасынан қарауытып қыбырлаған бірдеңелерді көрді. Сірә, сүрлеумен өте асығыс шағын жасақ кетіп бара жатса керек. Бұл оны елең еткізді, ол дереу жерге түсіп, орманның ішімен өзінің жолдасының қасына қайтып келді.

ІҮ ТАРАУ

Жасыл ормандағы жігіттер

Мэтчем біраз демалып, ес жинап қалған еді: Диктің көргенінен қауіптенген балалар орманнан тез шықты да, аман-есен жолдан өтіп, Тэнстолл орманы көрініп тұрған шоқының адырлы беткейімен жоғары көтерілді. Бұл жерде, шоқ-шоқ ағаштардың арасында, вереск пен сарғалдақ басқан құмшауыт көгалдар созылып жатыр; кей жерлерде кәрі шіліктер кездеседі. Жер беті бірте-бірте бұдырланып, аяқ басқан сайын төмпешіктер мен жыралар кездесе бастады. Жел одан сайын долдана соғып, ағаштардың бұтақтарын жіп-жіңішке қармақтың сабындай майыстырды.

Бұлар көгалға шықты. Кенет Дик жерге етпетінен жата қалып, ағаштарға қарай ақырын-ақырын еңбектеп шегіне бастады. Қауіпті ештеңе сезбеген Мэтчем қатты таңданса да, жолдасына еріп ол да кейін қарай еңбектеді. Бұлар қалың теректердің арасына барып тығылғаннан кейін ғана ол серігінен не болды деп сұрады.

Жауаптың орнына Дик оған саусағымен көгалдың қарсы бетінде, қасындағы орманнан әлдеқайда биіктегі, ашық аспанда өзінің қошқыл жапырақтарымен қарауытып тұрған кәрі қарағайды нұсқады. Қарағай діңгегінің түп жағы колонна секілді түп-түзу әрі жуан екен. Бірақ елу футтай биіктікте ол екі айырылыпты; сол екі бұтақтың ашасында, мачтада тұрған теңізшідей, сауыттың сыртынан жасыл камзол киген біреу алысқа қадала қарап тұр екен. Шашына күннің сәулесі түсіп, жарқырап көрінеді, ол көзін қолымен көлегейлеп, аспай-саспай, машина сияқты бір тынбастан екі жағына кезек-кезек қарайды.

Балалар бір-біріне қарады.

— Оның сол жағынан өтіп көрейік, — деді Дик. — Екеуміз қолға түсіп қала жаздаппыз, Джон.

Он минуттай уақыт өткенде екеуі жақсы тапталған сүрлеуге шықты.

— Орманның бұл бөлігін мен тіпті білмеймін, — деді Дик. — Мына сүрлеу бізді қайда апарады екен?

— Көреміз ғой, — деді Мэтчем.

Сүрлеу бұларды төбенің басына алып шығып, сосын үлкен тегенеге ұқсайтын сайға түсірді. Төменде, гүлдеп тұрған қалың долананың арасынан бұлар құлаған үйдің орнын көрді — шатыры жоқ, бірнеше күйген бөренелер мен пештің сорайған мұржасы ғана қалыпты.

— Бұл не? — деп сұрады Мэтчем.

— Білмейтініме аспанмен ант етемін, — деп жауап қайырды Дик. — Бұл жерді мүлдем білмеймін. Абайлап жүрейік.

Жүректері дүрсілдеген екеуі долананың арасымен ақырындап төмен түсе бастады. Бұл жерде, сірә, жуырда ғана адамдар тұрса керек. Қалың жыныста жабайыланып кеткен жеміс ағаштары мен бақшада өсетін көкөністер кездесіп қалады; шөптің үстінде күн сағаты құлап жатыр. Сірә, бұл жер бұрын бау-бақша болған сияқты. Біраз ілгері жүргеннен соң бұлар құлаған үйдің үстінен шықты.

Кезінде бұл айналасы терең ормен қоршалған әдемі де берік ғимарат болса керек; бірақ қазір ордың суы кеуіп қалыпты, түбінде тастар шашылып жатыр, құлаған ағаш тура көпір сияқты көлденең түсіпті. Екі қабырғасы әлі бұзылмаған, әйнексіз терезелеріне күннің көзі шақырайып түсіп тұр; ал үйдің қалған бөлігі тегіс құлап, өртенген қалдықтары үйіліп жатыр. Үйдің ішіне саңылаулардан бірнеше жас ағаш өсіп кетіпті.

— Есіме жаңа түсті, — деп сыбырлады Дик, — бұл, сірә, Гримстон болу керек. Усадьба ертеректе Саймон Мэлмсбэридікі болатын, бірақ сэр Дэниэл оның көзін құртты. Осыдан бес жыл бұрын Беннет Хэтч бұл үйді өртеп жіберді. Шынын айтсам, бекер істеді: үй өте әдемі еді.

Төменде, ордың іші жып-жылы, әрі жел жоқ екен. Мэтчем Дикті иығынан түртті, сосын ескерткендей саусағын көтеріп:

— Тсс! — деді.

Оғаш дыбыс тыныштықты бұзып жіберді. Оның не екенін бұлар түсініп үлгергенше, дыбыс тағы да бірнеше рет қайталанды. Бұл, сірә, өте зор денелі адамның жөтеліп-қақырынғаны болу керек. Содан соң қарлыққан дауыспен әуенін бұзып ән сала бастады

Түрегеліп орнынан король сонда сұрады:
«Өздеріңдей жігіттер неге орманда тұрады?
Сонда қайсар Гамелин былай деп бір толғанды:
«Қаладан жау тапқандар мекендейді орманды».

Әнші үндемей қалды: кенет әлдеқайдан темір салдыр етті де, сосын жым-жырт бола қалды.

Балалар бір-біріне қарады. Кім де болса, бұлардың көрінбей отырған көршісі қираған үйден аса алыс болмау керек, Мэтчем кенеттен қызарып кетті де, ілгері қарай жүрді, құлап жатқан бөрене арқылы ордан өтіп, қираған үйдің ішін толтыра үйіліп жатқан қоқыстың үстіне абайлап қана шықты. Оны тоқтатып үлгере алмаған Дик енді оның артынан еруге мәжбүр болды.

Қираған үйдің бұрышында екі бөрене бірінің үстіне бірі көлденең түсіп, шоланның үлкендігіндей бос жерді қоқыстан бөліп тастапты. Балалар сол жерге барып тығылды. Құрттай ғана тесіктен бұларға сырттағының бәрі көрініп тұр.

Сырттағыны көргенде балалардың қорыққаннан жаны түршігіп кетті. Бұл жерден кету мүмкін емес еді олар тіпті дем алуға да қорықты. Ордың қасында, бұлар отырған қуыстан отыз футтай ғана жерде от жағылып жатыр; ошақтың үстінде темір қазан асулы тұр, одан қалың бу бұрқырайды, ал қазанның қасында екі беті қып-қызыл, ұзын бойлы, киімі жалба-жұлба бір адам тұр. Оң қолына темір қасық ұстаған; беліне адам шошырлық үлкен қанжар мен аңшы кернейін байлап алыпты. Ол тың тыңдап отырған адамға ұқсайды: сірә, бұлардың қираған үйге келіп тығылғанын байқап қалған болу керек. Бұл, сөзсіз, жаңағы әнші, қазардағы асты араластырып отырып, үйілген қоқысты абайсыз басқанда шыққан дыбысты құлағы шалып қалған шығар. Одан әріректе, қоңыр шекпенге оранған тағы бір кісі жатыр: ол қатты ұйқыда. Оның бетіне тақау көбелек ұшып жүр. Күллі көгал дәстүргүлден аппақ болып көрінеді. Гүлдеген бір шоқ доланада садақ, жебе салынған қорамсақ, бұғының бір кесек еті ілулі тұр.

Ұзынтұра енді тың тыңдағанын қойып, сорпаны ұрттап көріп, қасықты жалады да, қазанды қайтадан араластырып жатып:

— Болса қала қауіпті, орманда, әрине, қаңғисың, — деп қарлыққан даусымен жаңа ғана айтқан өлеңінің соңғы жолын тағы қайталады.

Сеніңіз, сэр, ешкімге қарамаймыз жаудай біз,

Бірақ кейде корольдің бұғыларын аулаймыз.

Мезгіл-мезгіл ол қазандағы астың шетінен қасықпен алып, кәнігі аспаздарша үрлеп, дәмін ұрттап көріп отыр. Енді тамақ піскеннен кейін, ол беліндегі кернейді алып, үш рет тартып, асқа шақырған белгі берді.

Ұйқтап жатқан адам оянып, екінші жамбасына аунап түсті де, бетіне қонған көбелекті қағып, жан-жағына қарады.

— Неғып кернейлеттің достым? — деп сұрады ол. — Тамақ ішетін уақыт болып қалды ма?

— Иә, ақымақ, тамақ дайын, — деді аспаз. — Нашар тамақ, эль де, нан да жоқ. Қазір жасыл орманның іші көңілсіз болып тұр. Бір кездері бұл жерді әрбір ақ ниетті адам жаңбырдан да, суықтан да қорықпай архиепископ сияқты тұра алушы еді: эль де, шарап та көп болатын. Енді, міне, адамдарды» жүрегінде ерлік рухы өшкен; ал баршаның кегін қайтаратын Джон дегеніңіз, құдай, өзің кешіріп, сақтай гөр, жәй әншейін қарғаны қорқытатын қарақшы.

— Сен тек ішіп-жегеніңе ғана мәзсің, Лоулесс, — деп жауап қайырды жатқан кісі. — Шыдай тұр, жақсы заман әлі-ақ оралады.

— Жақсы заманды бала кезімнен күтудемін, — деді аспаз. — Мен монах — францисканшы да болдым, корольдің атқышы да болдым:, теңізші болып, ащы теңізде талай-талай жүздім де, менің жасыл орманда болуыма да, корольдің бұғыларын атуыма; да тура келді. Сонда нендей мәртебеге жеттім? Ештеңеге де жеткенім жоқ! Монастырьда бекер-ақ қалмаған екенмін. Баршаның кегін қайтаратын Джонмен бірге жүргеннен гөрі игумен Джонмен бірге болғаным пайдалырақ еді. Құдай-анамен ант етем, міне, өздері де келе жатыр!

Көгалға сырықтай-сырықтай, қайратты жігіттер бірінен соң бірі жинала бастады, олардың әрқайсысында пышақ пен сиырдың мүйізінен жасалған ыдыс бар; әркім өзіне қазаннан ас құйып алып, шөптің үстіне отырып, тамақ жей бастады. Олардың үстіндегі киімдері де, қарулары да әр түрлі, біреулерінің үстінде кенеп көйлек, пышақ пен ескі садақтан өзге қаруы жоқ, енді біреулері нағыз орманның сырбаздарынша киінген: жап-жасыл шұғадан тігілген бөрік пен күрте, құстың қауырсынымен әшекейленген әсем жебе, беліне баулы керней, семсер мен қанжар тағынған. Қатты ашыққандықтан, сөйлесуге шамалары келмей, селқос сәлемдескеннен кейін, үн-түнсіз, бірден қомағайлана тамаққа кірісіп кетті.

Жиырма шақты адам жиналған кезде, кенет бір шоқ долананың арасынан қуанышты дауыс естіліп, көгалға тағы да бес адам шыға келді: ең алдында — ұзын бойлы, толықша келген, шашына ақ кіре бастаған, күнге күйіп, кепкен сүрдей қақталған қайратты кісі, оның артында — зембіл көтерген төрт адам. Алдыңғының бастық екені бірден көрініп тұр: аркасына садақ асып, қолына айыр найза ұстап алыпты.

— Жігіттер! — деп айқайлады ол. — Менің сауықшыл достарым! Сендер бұл жерде құрғақ тамақ жеп, аштықтан бұралып қалдыңдар! Бірақ мен әрдайым: сабыр сақтаңдар, бақыт құсы бізге де қонады деуші едім ғой. Міне, сол бақыт жақындап қалды. Оның алғашқы хабаршысы мынау — тамаша эль!

Жан-жақтан мақұлдаған қуанышты дауыстар дабырлап, келгендер үлкен кеспек салынған зембілді жерге қойды.

— Әйтсе де, тездетіңдер, жігіттер, — деп сөзін жалғады келген адам. — Алда қыруар іс тұр. Өткелге атқыштар жасағы келді. Олар қызыл мен көк кигендер: олардың әрқайсысы — нысана, әрқайсысына біздің жебеміздің дәмін татқызып, ешқайсысын орманнан тірі шығармауымыз керек. Біз осында елу адамбыз, әрқайсымыз солардан қиянат көргенбіз, біреуіміздің жерімізді, екіншіміздің досымызды тартып алды; біреуімізді абыройымыздан айырып, екіншімізді жерімізден қуып жіберді. Біз бәріміз жәбір көргендерміз! Бізге қиянат көрсеткен кім? Ол — сэр Дэниэл, сол екені өтірік болса асылып-ақ қалайын! Сонда біз өзіміздің тоналған мүлкімізді оның пайдалануына көніп отыра береміз бе? Біздің үйімізде тұруына? Біздің жерімізді жыртуына? Біздің өгізіміздің етін жеуіне? Жоқ, біз оған көнбейміз! Оны заң қорғайды, судьяның қаламының қауырсыны ылғи соның жағында. Бірақ менің әдейі соған арнап беліме қыстырып жүрген қауырсындарыма оның әсте шамасы келмейді!

Аспаз Лоулесс мүйіз ыдысқа эльді екінші рет құйып ішіп отырған: ол шешенді мақұлдағандай ыдысын аздап көтеріп қойды.

— Мастер Эллис, — деді ол, — сіз тек кек қайтаруды ғана ойлайсыз. Сіз үшін ол, әрине, өте дұрыс. Бірақ біздерде, жасыл ормандағы сіздің сорлы достарыңызда, ешқашан жер де, дос та болған емес, сондықтан бізге қайғыратын ештеңе жоқ, біз кедей болғандықтан кек қайтаруды емес, табыс табуды ойлаймыз. Дүниеде құмарды кек қайтарғаннан гөрі біз асыл алтын мен қанар шарабы толған торсықты артықтау көреміз.

— Лоулесс, — деген жауап естілді, — Мот қорғанына қайтып бару үшін сэр Дэниэл орманның ішімен жүруі керек. Бұл жолдың оған қандай бір шайқастан гөрі қымбатырақ түсуі үшін біз алдын-ала жағдай жасаймыз. Оның атақты әріптестерінің бәрі күйрей жеңілді, енді оған көмектесетін ешкім жоқ. Бұл кәрі түлкіні біз жан-жағынан қаумалаймыз, сонда өзі де мерт болады. Бұл үлкен олжа! Ол біздің бәрімізді тойғызуға жарайды.

— Мұндай құрғақ уәдеге талай мәрте тойғанмын, — деді Лоулесс. — Бірақ ондай уәдеден ас пісіру оңай емес, құрметті мастер Эллис, аузың күюі мүмкін. Сол мол олжаға кенелуді күтіп біз не істеп жатырмыз? Қара жебені үшкірлеп, өлең жазып, мөп-мөлдір мұздай суға қанып жатырмыз — мұндай татусыз ішімдікті көрсем көзім шықсын.

— Сен сенімсіз адамсың, Уилл Лоулесс. Сенен әлі күнге дейін шіркеу қамбасының иісі шығады. Дүниеқорлық сенің түбіңе жетеді, — деп жауап қайырды Эллис. — Біз Эппльярдтан жиырма фунт алдық. Кеше түнде шабарманнан жеті марка тартып алдық. Осыдан үш күн бұрын елуді көпестен алдық...

— Ал бүгін, — деді жігіттердің бірі, — мен Холивудқа жақын жерден индульгенциямен шұғылданатын семіз сатушыны тоқтаттым, міне, оның әмияны.

Эллис әмияндағы ақшаны санап шықты.

— Жүз шиллинг! — деді ол күңкілдеп. — Ақымақ, оның аяқ киіміне тығып қойғаны немесе жалбағайына тігіп тастағаны бұдан да көп шығар. Сен әлі сәбисің, Том Кьюкоу, сен алтын балықты қолыңнан шығарып жібергенсің.

Дегенмен Эллис әмиянды жайбарақат өзінің жанқалтасына салып қойды. Ол айыр найзаға сүйеніп тұрып, жолдастарын шолып шықты. Олар бұғының етінен пісірген сорпаны эльмен араластырып, қомағайлана соғып жатыр. Күн сәтті басталып, бұлардың жолдары болды; бірақ бұларды тығыз шаруа күтіп тұрғандықтан, тамақтарын тез ішті. Алдымен келіп, тамақ ішіп болғандары тоқ жыландай шөптің үстінде сұлап-сұлап ұйқтап қалыпты, кейбіреулері өзара әңгімелесіп отыр, енді біреулері қаруларын тәртіпке келтіріп жатыр. Сауықшыл біреуі эль құйылған құтыны жоғары көтеріп, ән сала бастады:

Көктем келіп қалғанда
қандай рақат орманда!
Қақталған ет иісі тарап жатса бар маңға,
Қандай рақат бұғы атып алғаныңда кешкі асқа.
Достарыңмен кешкі аста
дуылдасып бас қосқан!
Жаңбыр ұзақ жауғанда
түн суытып орманда,
Күн суытып, қытымыр қыстыгүні болғанда, —
Келе алмастан күйіңе
ораласың үйіңе,
От басында көктемді еске аласың жиірек.

Балалар тым-тырыс, әнді тыңдап жатыр. Ричард өзінің арбалетін шешіп алып, адырнасын көру үшін темір ілмекті дайын ұстап тұр. Бұлар қыбырлауға қорықты; ормандағы бүкіл осы көрініс, театрдағы сияқты, бұлардың көз алдында өтіп жатты. Бірақ кенеттен тым-тырыс бола қалды: ащы ысқырық естіліп, содан соң қатты опырылып сынған дыбыс шықты да, балалардың аяқ жағына жебенің сынығы келіп түсті. Бұлар тығылып жатқан жерде мұржа сорайып шығып тұр еді, беймәлім атқыш тап соны көздеген болу керек — мүмкін ол манағы шыршаның басында тұрған күзетші шығар.

Мэтчем ақырын ғана айқайлап жіберді, тіпті Диктің өзі де селк етіп, қолындағы ілгекті түсіріп алды. Бірақ алаңда отырған адамдарды бұл жебе қорқытқан жоқ; олар үшін бұл көптен күткен шартты белгі екен. Орындарынан дүр көтеріліп, белдерін буып, садақтарының бауларын тартып қарап, қылыш пен семсерлерін қынабынан суырды. Эллис қолын көтерді, оның ширыққан жүзі жігерленіп, күн қаққан өңінде қос жанары жайнап қоя берді.

— Жігіттер! — деді ол, — барлығың да өз жұмыстарыңды білесіңдер. Қолдарыңнан бірде-бір адам тірі кетпейтін болсын! Эппльярд — думан алдындағы бір жұтым виски ғана болатын; ал нағыз той енді басталды. Мен үш адам үшін кек қайтаруым керек: Гарри Шелтон, Саймон Мэлмсбэри және... — бұл жерде ол жұдырығымен өзінің кере құлаш кеудесін қағып қойды — Эллис Дэкуорт Аспанмен ант етемін, сол кегімді қайтарам да!

Тез жүгіргендіктен нарттай қызарып кеткен біреу бұтаның арасын бұза-жарып, ашық алаңға кіріп шықты.

— Бұл сэр Дэниэл емес! — деді ол қатты ентігіп. — Олар не бары жеті адам. Жебе сендерге жетті ме?

— Осы қазір, — деп жауап қайырды Эллис.

— Сайтан соққыр! — деп ренжіді келген адам. — Бәсе, маған жебенің зуылдаған дыбысы естілген сияқты болып еді. Міне, енді мен аш қалдым.

Ә дегенше «Қара жебенің» жасағы құлаған үйдің алдындағы алаңнан жоқ болды, олардың орнында қазан, өше бастаған оттың орны, доланаға ілінген бұғының еті ғана қалды.

Ү ТАРАУ

Қанқұмар аңшылық

Алыстаған адамдардың аяқ дыбысын желдің шуылы естіртпей жібергенше балалар орындарынан қозғалған жоқ. Сосын ыңғайсыз жатып, аяқтары ұйып қалған бұлар орындарынан әрең тұрды да құлаған үйден шығып, бөрененің үстімен ордан өтті. Мэтчем жерге түскен ілгекті алып, алда келе жатыр; Дик арбалетін қолына ұстап оның артынан ерді.

— Енді Холивудқа барайық, — деді Мэтчем.

— Холивудқа ма? — деді Дик, дауыстай сөйлеп, — Біздің адамдарды атып жатқанда, Холивудқа барамыз дейсің бе? Жоқ, мен Холивудқа бармаймын. Одан да мені асып өлтірсін, Джон!

— Шынымен мені тастап кетпекшімісің? — деп сұрады Мэтчем.

— Тастасам тастаймын, — деп жауап қайырды Дик. — Егер мен оларға хабар беріп үлгіре алмасам, онда солармен бірге өлемін. Өмір бойы өзім бірге өскен адамдарды мен қалай тастап кете алам! Ар балетімнің ілгегін бер.

Бірақ Мэтчемнің оған ілгекті беретін ойы жоқ еді.

— Дик, — деді ол, — мені Холивудқа аман-есен жеткіземін деп бүкіл аруақтармен ант етіп едің. Енді сол антыңды бұзбақшымысың? Мені шынымен-ақ ұстап кеткің келіп тұр ма, ант атқыр?

–– Мен шын ниетіммен ант еттім, — деп жауап

қайырды Дик, — және антымда тұратын да едім. Былай болсын, Джон, сен менімен бірге жүр. Сен маған тек сол адамдарға хабар етуге рұқсат етші, егер реті келіп жатса, мен солармен бірге ұрысқа қатысайын. Сонда менің арым да таза, өзімнің антымды орындап, сені Холивудқа алып барамын.

Сен мені мазақ қылып тұрсың! — деді Мэтчем, қарсылық білдіріп. — Сенің көмектескің келіп тұрған адамдар мені құрту үшін артымнан әдейі қуып келе жатыр ғой.

Дик желкесін қасыды.

— Енді не істейміз, Джон, — деді ол. — Менің басқа амалым жоқ. Өзің менің орнымда болсаң қайтер едің? Саған төнген қауіп онша үлкен емес, ал оларды өлім күтіп тұр. Өлім! — деп қайталады ол. — Осыны ойлашы! Мені не үшін кідіртіп тұрсың? Әкел бері ілгекті! Әулие Георгиймен ант етем, мен олардың бәрін өлімнен аман алып қаламын!

— Ричард Шелтон, — деді Мэтчем, оның бетіне тура қарап, — сен шынымен сэр Дэниэлдің жағында соғыспақшымысың? Әлде сенің құлағың жоқ па? Әлде сен Эллистің айтқандарын естімедің бе? Немесе саған өз қаның, сэр Дэниэл өлтірген әкеңнің қаны қымбат емес пе? «Гарри Шелтон», — деді ол; ал сэр Гарри Шелтон сенің туған әкең болатын, мына аспандағы күннің жарқырап тұрғаны қандай рас болса, ол да сондай рас.

— Сен сонда маған мына ұрылардың айтқанына сен деп тұрсың ба? — деп айқайлады Дик.

— Сенің әкеңнің қалай өлгені туралы мен баяғыда естігенмін, — деді Мэтчем, — Оны сэр Дэниэлдің өлтіргені жұрттың бәріне белгілі. Өз үйінде ол бейкүнә жанның қанын төкті. Осы өлім үшін кек қайтаруды көктегі құдіреттің өзі күтіп жүр! Ал сен, жазықсыз өлген жанның туған ұлы, әкеңді өлтірген адамның шашбауын көтеріп, соған қамқор болуға бармақшысың!

— Джон! — деді бала. — Мен ол жөнінде ештеңе білмеймін. Мүмкін солай болған да шығар. Мен оны қайдан білемін? Өзің ойлап қарашы: сэр Дэниэл мені тәрбиелеп өсірді; мен оның жауынгерлерімен бірге ойнап-күліп, аң ауладым; ал олардың басына қауіп төнген кезде, сен маған оларды таста дейсің. Егер мен оларды қазір тастап кетсем, мен ар-ұяттан айрыламын! Жоқ, Джон, менен ол жөнінде сұрама, сен менің ар-ұяттан айрылғанымды көргің келмейді ғой.

— Ал сенің әкең ше, Дик! — деді Мэтчем, сәл қобалжығандай болып. — Сенің әкең ше? Және де маған берген антың қайда? Сен маған ант бергендей бүкіл әулиелерді куәға шақырған болатынсың.

— Менің әкем дейсің бе? — деді Шелтон. — Әкем маған бар, өз адамдарымызды қорға дер еді. Егері сэр Дэниэлдің әкемді өлтіргені рас болса, мезгіл жеткенде мына қол сэр Дэниэлді өлтіреді! Бірақ әзірше, сэр Дэниэлге қауіп төніп тұрғанда мен оны қорғаймын. Ал менің антымнан сен өзің мені босат, мейірімді Джон. Сен мені антымнан саған ешбір жамандық жасамаған адамдарды құтқару үшін, сірә менің абыройымды сақтап қалу үшін босатасың.

— Дик, мен сені антыңнан босатам ба? Ешқашан да! — деп жауап қайырды Мэтчем. — Егер мені тастап кетсең, сен — ант бұзғышсың, соны біліп қой.

— Менің төзімім таусылды, — деді Дик. — Әкел бері ілгегімді!

— Бермеймін, — деді Мэтчем. — Мен сені өз еркіңнен тыс сақтап қаламын.

— Бермеймісің? — деп айқайлады Дик. — Мен сені беруге мәжбүр етем!

— Байқап көр! — деді Мэтчем.

Төбелеске дайын екі бала бір-біріне бақшия қарап тұр. Бірінші болып Дик бас салды. Мэтчем жалт беріп, тұра қашты, бірақ Дик екі аттап қуып жетті де, арбалеттің ілгегін оның қолынан жұлып алып, өзін жерге жалп еткізді, сосын қып-қызыл болып ашу кернеген күйі екі жұдырығын түйіп, оның үстіне төнген күйінде тұрып қалды. Қарсыласу қаперінде де жоқ Мэтчем шөптің үстінде етпетінен жатыр.

Дик садақтың адырнасын тартып көрді.

— Мен сенің сазайыңды тарттырамын! — деп айқайлады ол ызаланып. — Ант берсем де, бермесем де, бәрібір сенің сазайыңды тарттырамын!

Ол бұрылып қаша жөнелді. Мэтчем орнынан ұшып тұрып, оның соңынан жүгірді.

— Саған не керек? — деп айқайлап, Дик тоқтай

қалды. — Менің артымнан неге жүгіріп келе жатырсың? Қал!

— Қайда жүгіргім келсе, сонда жүгірем, — деді

Мэтчем. — Бұл жерде, орманның ішінде, менің өз еркім өзімде.

— Жоқ, сен маған ергенді қоясың, құдай-ананың атымен ант етем! — деп жауап қайырды Дик, арбалетін көтеріп.

— Паһ-паһ, батырын-ай! — деді Мэтчем — Ата ғой!

Дик ұялып арбалетін төмен түсірді.

— Тыңдашы, — деді ол, — сен онсыз да маған көп кесел келтірдің. Бар енді. Өз еркіңмен кет. Әйтпесе мен сені қуып жіберуге мәжбүр боламын.

— Қайтейін, — деді Мэтчем, — менен күштірек екенін рас. Мені қуып жібере ғой. Бәрібір сенен қалмаймын, Дик. Сен мені тек күшпен қуып жібере аласың.

Дик өзін-өзі әзер ұстады. Әлсізді ұруға оның ары бармады, бірақ қазір жүрегі жоқ, әрі сенімін жоя бастаған серігінен қалай құтылудың басқа амалын білмеді.

— Сен есіңнен ауысқаннан саумысың? — деп айқайлады ол. — Ақымақ, сенің жауларыңа бара жатырмын ғой! Мен тура соларға асығып бара жатырмын.

— Мейлі, — деп жауап қайырды Мэтчем. — Егер сені өлуге жазған болса, Дик, мен сенімен бірге өлемін. Егер сен түрмеге түсетін болсаң, онда сенсіз бостандықтан гөрі, маған сенің қасыңда, түрмеде отырғаным жақсы.

— Жарайды, — деді Дик. — Сенімен салғыласып жатуға менің уақытым жоқ. Соңымнан ер. Ал егер сен маған қандай да болсын бір жамандық ойласаң, мен сені аямаймын. Жебемен жалп еткізем, соны біліп қой.

Осыны айтып, Дик кілт бұрылып, жан-жағына сақтана қарап, тоғайдың бойымен тез ілгері жүрді. Көп кешікпей ол сайдан шықты. Орман сирей бастады. Сол жақтан ол сап-сары сарғалдақ өскен шағын төбені көрді, төбенің үстінде қарауытып шыршалар өсіп тұр.

«Сол жерден маған бәрі көрінеді», — деп ойлады ол, сосын ашық, вереск өскен беткеймен жоғары өрмелей бастады.

Ол не бары бірнеше ярд жүргеннен кейін кенет Мэтчем оның қолынан ұстай алып, алыстағы бір нәрсені нұсқады. Төбенің шығыс жағында кең алқап жатыр; онда вереск әлі қурап бітпепті, әр жерде шегіршіндер қараяды, сондықтан да алқап тот басқан қалқан сияқтанып көрінеді. Жасыл күрте киген он адам беткеймен жоғары өрлеп барады; оларды Эллис Дэкуорттың өзі бастап бара жатыр, оны қолына ұстаған айыр найзасынан оңай тануға болады. Олар бірінің артынан бірі жоғары көтеріліп, күн жарқырап тұрған ашық жерге шығып, сосын қырқадан әрі қарай асып кетті.

Дик Мэтчемге жылы жүзбен қарады.

— Сен, маған адалсың ғой Джон? — деп сұрады ол. — Мен сені жауларымның жағында ғой деп қорқып едім.

Мэтчем жылап жіберді.

— Бұл не тағы! — деді Дик. — Жасаған ием өзің кешіре гөр! Мен тек бір ауыз сөз айтып едім, еңіреп қоя бердің.

— Сен мені жараладың! — деп жылады Мэтчем. — Сен мені жерге алып ұрдың, қатты құладым. Сен қорқақсың, тек менен күшің басым екенін пайдаландың!

— Аузыңа келгенді сөйлеме, — деді Дик дөрекілеу. — Менің ілгегімді бермеуге сенің қандай қақың бар еді, мастер Джон! Мен сені жақсылап сабап алуым керек еді. Маған еретін болсаң, айтқанымды тыңда. Енді жүр!

Мэтчем ойланып тұрып қалды; бірақ Диктің артына қарамастан беткеймен жоғары өрмелеп бара жатқанын көргенде, оның соңынан жүгіре жөнелді. Дегенмен жол тік, әрі кедір-бұдыр еді, сондықтан да Мэтчем ойланып болғанша Дик әжептәуір ілгері кетіп қалды. Әрі ол шапшаңдау қимылдағандықтан төбенің басында өскен қарағайға тез өрмелеп жетіп, өзіне орын дайындай бастады, сол кезде Мэтчем де болдырған бұғыдай бұралаңдап оның қасына келіп құлады.

Төменде, кең алқаптың шетінде, Тэнстолл деревнясынан басталатын сүрлеу өткелге дейін созылып жатыр. Бұл әбден тапталған сүрлеу, сондықтан оны басынан аяғына дейін оңай бақылауға болады. Орман одан біресе қашықтап, біресе оған өте жақындап келіп жанасады; орман сүрлеуге түйіскен жердің бәрінде торуыл болуы мүмкін. Алыста, төменде күннің сәулесі жеті болат дулығаға шағылысады; ал анда-санда ағаштар сиреген кезде, төбеден Сэр Дэниэлдің тапсырмасын орындауға асығып, желе жортын бара жатқан Сэлдэн мен оның адамдарын көруге болады. Жел аздап басылғанымен ағаштарды әлі де шайқалтып тұр, егер салт аттылардың арасында марқұм Эппльярд болса, ол құстардың әрекетінен-ақ төнген қауіпті бірден сезер еді.

— Олар орманға алыстап еніп кетіпті, — деп сыбырлады Дик. — Енді аман құтылу үшін оларға кейін қайтпай, алға қарай шаба беру керек. Анау қақ ортасында аралға ұқсап кішкентай тоғай өскен алаңды көріп тұрсың ба? Сол жерде олар қауіпсіз болар еді. Тек тезірек сол жерге жетсе екен, ал мен оларды сақтандырар едім. Бірақ үміт шамалы; не бары жеті адам және де оларда арбалет емес, жай ғана садақ. Ал арбалет. Джон, әрқашан да садақты жеңеді.

Бұл екі ортада Сэлдэн мен оның серіктері өздеріне төнген қауіпті сезбестен, сүрлеумен шауып бара жатты, сөйтіп бірте-бірте олар балалар тығылып жатқан жерге жақындап қалды. Бір рет салт аттылар тоқтап, топ болып жиналып, тың тыңдап, саусақтарымен бір жақты нұсқай бастады. Шамасы оларды елең еткізген алыстан жеткен зеңбіректің гүрілі болу керек. Ұлы шайқастың барысы туралы осы дыбыстан-ақ аңғаруға болатын еді. Бұл ойлануға тұрарлық мәселе. Егер зеңбіректің гүрілі Тэнстолл орманына естіліп жатса, онда ұрыс майданының шығысқа қарай ауысып, бұл сэр Дэниэл мен бағы тая бастағаны.

Бірақ шағын жасақ қайтадан жолға шығып, көп кешікпей вереск өскен ашық алаңға келді; орман селдіреп кеп сүйірлене алаңға еніп, сүрлеуге жақын жатыр. Аттылар алаңға жете бергенде, ауада жебе зу ете түсті. Салт аттының біреуі қолын жайып жіберді, оның астындағы аты шапшып, сосын екеуі де жерге гүрс етіп құлады. Бәрі шу ете қалды, олардың даусын төбенің үстінде жатқан балалар да естіді. Ол жерден сондай-ақ үріккен аттардың ала қашқаны және төтен оқиғадан кейін салт аттылар аздап ес жинай бастағанда біреуінің аттан түспекші болғаны анық көрінді. Алғашқыдан да гөрі қашық тау жерден атылған тағы бір жебе ауаны доғалана жарып өтті де, екінші салт атты шаңдақ жерге жалп етіп құлап түсті. Аттан түсе бастаған жауынгер тізгінді қолынан шығарып алып еді, ат оның аяғынан сүйрете, тасқа соқтырып, тұяғымен таптап, шоқырақтап шаба жөнелді. Аттың үстінде отырған төртеуі екі бөлінді — біреуі айқайлап, артқа, өткелге қарай қашты, ал қалған үшеуі тізгінді босатып жіберіп, бар пәрменімен алға, Тэнстоллға қарай шапты. Оларға әр ағаштан жебе зымырап жатты. Көп кешікпей тағы бір ат құлады, бірақ жауынгер тез тұрып үлгерді; оған да жебе қадалғанша ол жолдастарының артынан жүгіріп бара жатты. Тағы бір адам мен тағы бір ат құлады. Бүкіл жасақтан жалғыз-ақ адам қалды, бірақ оның да астында аты жоқ. Үстіндегі адамдары жоқ, өздері үріккен үш аттың тұяғының дүбірі бірте-бірте алыстап барып, ақыр аяғында естілмей қалды.

Осы уақыттың бәрінде шабушылардың ешқайсысы бой көрсеткен жоқ. Сүрлеудің әр жерінде жараланған аттар мен адамдар алас ұрып жатыр. Бірақ жауларында мейірімділік деген болмады — оларды жанталасқан азаптан құтқару үшін ешкім тығылған жерінен шыққан жоқ.

Тірі қалған жалғыз жауынгер абыржып, өзінің өлген атының қасында тұрып қалды. Ол жаңа Диктің Мэтчемге көрсеткен, балалар жатқан жерден не бары бес жүз ярдтай қашықтықтағы, ортасында тоғай өскен алқаптың шетінде тұр еді. Балалар оның ажалын күтіп жан-жағына мазасыздана қарап тұрғанын анық көрді. Бірақ оған ешкім тиген жоқ, ол бірте-бірте ес жиып, батылдана бастады. Кенет ол иығынан садағын жұлып алып, адырнасын көрді. Дик оны қолының қимылынан таныды. Бұл Сэлдэн еді.

Оның осынау қарсыласпақ болған әрекетіне күллі орман қарқылдап күліп жіберді. Шамасы, бұл қатыгез де, орынсыз қылжаққа кемінде жиырма шақты адам қатысса керек. Сэлдэннің иығының үстінен жебе зу ете қалды. Ол ыршып түсті. Екінші жебе тап аяғының қасына шаншылды. Ол ағаштың артына барып тығылды. Оның тура бетіне бағытталғандай үшінші жебе бірнеше қадамдай жерге түсті. Сосын тағы да қатты қарқылдап күлген дауыс жаңғырық сияқты бір ағаштан екінші ағашқа ауысып жатты.

Сол мезет әдетте бұқаны өлтірмес бұрын ызаландыратыны, немесе әлі күнге дейін мысықтың тышқанды өлтірмес бұрын азаптайтыны сияқты, шабуыл жасаушылар да бақытсыз бейбақты жай мазақтап тұрғаны анық еді. Ұрыс әлдеқашан аяқталған. Ормандағы сарбаздардың біреуі сүрлеуге шығып, жебелерді жайбарақат жинай бастады, ал оның тас жүрек жолдастары өлер алдында қиналғандардың қасіретіне айыздары қана қарап тұр.

Сэлдэн өзін мазақтап тұрғанын түсінді. Ол ашына ақырып, садағын көрді де, қалың тоғайға қарай жобамен жебені тартып жіберді. Жебе дөп тиіп — жараланған біреудің шыңғырған даусы естілді. Сэлдэн садағын атып ұрып, беткеймен жоғары, Дик пен Мэтчем жатқан жерге қарай тұра жүгірді.

Ормандағы сарбаздар оны енді шындап ата бастады. Бірақ олар кешігіп қалған еді және де қатыгездіктері үшін жазаланғандай сәті түспей қойды, енді оларға күнге қарсы атуға тура келді. Сэлдэн оларды дәл көздетпеу үшін біресе оңға, біресе солға жалтарып қашты. Оның беткеймен жоғары қарай жүгіргені жауларын біржола есебінен жаңылдырды: сүрлеудің ол жағында жаңа Сэлдэн иә өлтірген, иә жаралаған жалғыз атқыштан басқа ешкім жоқ еді. Тоғайдағы топ, сірә, абыржып қалса керек. Біреу үш рет, сосын тағы да екі рет ысқырды. Алыстан жауап ысқырық естілді. Бүкіл орман аяқтың тапыры мен бұтақтардың сатырына толып кетті. Үрейі ұшқан бұғы алаңға шауып шығып, үш аяқтап, ауаны біраз иіскеп тұрды да, сосын қайтадан қалың орманға кіріп, жоқ болды.

Сэлдэн біресе оңға, біресе солға жалтара секіріп әлі қашып барады. Жебелер оның артынан қуалап ұшып жатыр, бірақ оған біреуі де тиген жоқ. Енді сол мұрсат болса, аман құтылатын сияқты. Дик оған көмектесу үшін өзінің арбалетін дайын ұстап тұр. Тіпті Мэтчем де өзінің сэр Дэниэлге деген өшпенділігін ұмытып, жүрегінің түкпірінде бейшара қашқынға деген аяныш пайда болды. Екі баланың да жүрегі дүрсілдеп кетті.

Бұларға елу ярдтай қалғанда Сэлдэнге кенеттен жебе шаншылып, ол құлап түсті. Дегенмен, орнынан тез тұрды; тек енді ол аяғын аттаған сайын тәлтіректеп, соқыр адамдай, мүлде басқа жаққа қарай қашты.

Дик орнынан ұшып тұрып, оған қолын бұлғады.

— Бері кел! — деп айқайлады ол. — Бері кел! Біз саған көмектесеміз. Тез жүгір! Жүгір!

Бірақ екінші жебе Сэлдэннің жауырынына тиіп, сауыт қатпаршағының арасынан күртесін тесіп өтті. Ол жерге жалп етіп құлап түсті.

— Бейшара-ай! — деп айқайлап жіберді Мэтчем, қол жайып.

Ал Дик болса қаққан қазықтай мелшиіп тұрып қалды. Ол төбенің үстінде тікесінен тік тұрған — атқыштар үшін нағыз нысана.

Оны со бойда атып түсіруі мүмкін еді, себебі ормандағы сарбаздар өздеріне қатты ызалығын, әрі Дик аңдаусызда олардың тылдағы позицияларының үстінен шығып қалды, бірақ кенеттен өте жақын жердей Эллис Дэкуорттың саңқ еткен даусы естілді.

— Тоқта! — деп гүжілдеді ол. — Атушы болмаңдар! Оны тірідей ұстаңдар! Бұл жас Шелтон, Гарри Шелтонның баласы.

Ол бірнеше рет қатты ысқырды да, оған жауап ретінде орманның әр жерінен ысқырық естілді, ысқырық, сірә, баршаның кегін қайтаратын Джонның әскери кернейін алмастыратын болса керек: ол өзінің бұйрығын ысқырық арқылы беретін.

— Құрыдық! — деді Дик. — Қолға түсетін болдық... Қашайық, Джон, қашайық!

Сөйтіп, бұлар кейін қарай, төбеде өскен қалың қарағайдың арасымен тұра жүгірді.

VI ТАРАУ

Тәуліктің соңында

Балалар дәл кезінде қашып үлгірді: сәл аялдаса, кешігіп қалатын еді. «Қара жебенің» сарбаздары жан-жақтан төбеге қарай лап қойды. Олардың ішінен ептілеу әрі ашық жермен жүгіргендері басқалардан тез озып, нысанаға жетуге жақындап қалды; ал аздап кейін қалғандары жылғаның бойымен біреуі оңға, біреуі солға жүгіріп, балалардан айрылып қалмау үшін төбені қаумалай бастады.

Дик жүгірген бойы биік емен өскен тоғайдың ішіне кірді. Емен өскен жер қатты екен, бұталар аяққа шалынбайды. Өрден темен түскендіктен, балалар тез жүгірді. Емен ағаштары таусылып, енді олардың алдынан кең алқап ашылды, бірақ Дик солға бұрылып кетті. Сосын келесі алқапқа дейін жүгіріп барып, ол тағы да солға бұрылды. Сонымен, балалар бірнеше рет солға бұрылып осыдан екі сағат бұрын өздері өткен өзенді бағыттап қашты, ал оларды қуушылар тіпті басқа жаққа, Тэнстоллға қарай кетті.

Балалар аздап есін жию үшін тоқтады. Қуғыншылардың даусы естілмеді. Дик құлағын жерге тосып, тың тыңдап көріп еді, бірақ ештеңе ести алмады және де бұтақтарды шайқалтып тұрған желдің гуілі бәрін басып тастағандықтан құлаққа сену мүмкін емес еді.

— Алға! — деді Дик.

Бұлар қатты шаршады, Мэтчемнің аяғы сырқырай бастады, әйтсе де өздерін күштеп, төбеден төмен қарай одан әрі жүгіріп кетті.

Үш минут өткеннен кейін олар үшкір жапырақты бұталардың қалың ортасына кірді. Жоғарыда емен жапырақтары шатыр сияқты төбелерін жауып тұр. Бұлар кәдімгі көп колонналы биік соборға кіргендей болды. Бұл жерде жүгіру қиын емес — аяқтың астындағы шөп жұп-жұмсақ серіппе секілді былқылдап, анда-санда ғана қашқындар үшкір жапырақты бұталарға ілініп қалады.

Енді, міне, ағаштар сирей бастады, бұлар ең шеткі бұталардың арасынан шығып еді, тоғайдағы қараңғылық сейіліп сала берді.

— Тоқта! — деп айқайлады әлдекім.

Теректердің жуан діңгектерінің арасынан, өздерінен елу футтай жерден олар қатты жүгіргеннен, ентігіп қалған, үстіне жасыл күрте киген ұзын бойлы кісіні көрді. Ол кісі асығыс жебені садаққа салып, бұларды нысанаға алды. Мэтчем айқайлап Қап, кілт тоқтады; бірақ Дик тоқтамастан, сол жүгірген бойы қанжарын суырып алып, екпінімен ормандағы сабазға бас салды. Мүмкін ол күтпеген шабуылдан сасып қалды, немесе оған атпа деген бұйрық берілсе керек: қалай болғанда да, ол әйтеуір атқан жоқ. Оның есін жиюға шамасын келтірмей, Дик оны алқымынан алып, жерге гүрс еткізді. Адырнасы зың етіп садақ бір жаққа, жебе — екінші жаққа ұшып кетті. Қарусыз қалған ормандағы сабаз қарсылық білдірмекші болды; бірақ қанжар екі рет жалт етіп, екі рет төмен түсті. Әлсіз ыңыранған дауыс естілді. Дик орнынан тұрды. Нақ жүрегінен жаралаған орман сабазы шөптің үстінде қимылсыз қалды.

— Алға! — деп айқайлады Дик.

Ол қайтадан жүгіре жөнелді; Мэтчем оның артынан зорға ілесті. Шынын айтсақ, екеуі де қатты шаршағаннан аяқтарын әзер алып, судан шығып қалған балықша ауа қарманады. Мэтчемнің бүйіріне шаншу қадалды, басы айналды. Диктің аяғына қорғасын құйып қойғандай. Бұлар ақтық күштерін жинап бірақ, әйтеуір, тоқтамай жүгіріп бара жатты.

Кенеттен тоғайдың шетіне шықты. Бұлардың алдында екі жағынан қаз-қатар ағаш қамалмен көмкерілген Райзингэмнен Шорбиге дейін созылған жол жатыр еді.

Дик тоқтай қалды. Осы кезде ол бір түрлі түсініксіз шу естіді. Бірте-бірте жақындаған дыбыс желдің гуіліне ұқсады, бірақ осы гуілден Дик шауып келе жатқан аттардың дүбірін бірден таныды. Міне, енді жолдың бұрылысынан қарулы салт аттылар жасағы шыға келді; ол лезде балалардың жанынан шауып өтті де, жоқ болып кетті. Салт аттылар бет алды, бытырай шауып барады — сірә, олар қашып құтылмақшы болулары керек; көпшілігі жаралы. Олармен қатар қанға боялған ерлері бұлғалақтап адамсыз аттар да шауып барады. Бұл қашып бара жатқандар үлкен айқаста талқандалған әскердің қалдығы еді.

Шорбиге қарай шауып кеткен аттардың дүбірі алыстаған кезде қайтадан ат тұяғының тарсылы естіліп, жолда тағы бір салт атты көрінді, үстіндегі қымбат сауыт-сайманына қарағанда ол жоғары мәртебелі адамға ұқсайды. Оның артынан арбалы керуен шұбатылып шықты. Арбакештер мәстек аттарды үсті-үстіне қамшылап, аттар шоқырақтай желіп барады. Арбалылар, сірә, айқас басталысымен қашқан болу керек, қорыққанмен не пайда. Олар таңырқай қараған балалардың қасына жақындай берген кезде, үстіндегі сауыты бытшыт кесілген бір жауынгер, ызадан есі шыға, арбаларды қуып жетіп, арбакештерді семсерінің сабымен сабай бастады. Көпшілігі көліктерін тастай қашып, орманға тығылды. Қалғандарын жауынгер қорқақтар деп ақырып, боқтап, оңды-солды шауып тастады.

Бұл екі ортада алыстағы шуыл бірте-бірте күшейе бастады; желмен арбалардың салдыр-гүлдірі, ат тұяқтарының сартылы, жауынгерлердің айқайы естіледі. Бүкіл армия, тасқын судай ағылып, жолға шыққаны айқын болды.

Дик қабағын шытты. Ол осы жолмен Холивудқа бұрылатын жерге дейін бармақшы еді, енді басқа жол іздеу керек. Ал ең бастысы, ол граф Райзингэмнің туын таныды, сондықтан да Ланкестер гүлі жақтастарының толық жеңіліске ұшырағанын түсінді. Сэр Дэниэл ланкастерліктерге қосылып үлгірді ме екен? Шынымен, ол да талқандалды ма екен? Шынымен, ол да қашты ма? Әлде ол өзінің арын сатып, Иорктар жағына шығып кетті ме? Мұның қайсысы жаман екені белгісіз.

— Кеттік, — деді Дик түнерген күйі.

Ол қайтадан кері бұрылып тоғайға қарай жүрді. Әбден шаршаған Мэтчем оның артынан ақсаңдай басып еріп бара жатыр.

Бұлар тоғайдың арасымен үнсіз жүріп келеді. Уақыт кеш болатын; күн Кэттлидің сыртындағы батпаққа еңкейді; теректердің ұшар басы күн сәулесімен қызарып тұр, бірақ көлеңке бірте-бірте қоюланып, ауада түннің салқыны сезіле бастады.

— Шіркін, тамақ ішіп алар ма еді! — деді Дик тоқтап.

Мэтчем жерге отыра қалып жылап қоя берді.

— Міне, сен ғой, тамақ үшін жылап отырсың, ал мана адамдарды құтқару керек болғанда, селт еткен жоқсың, — деді Дик жақтырмай. — Сен жеті адамның обалына қалдың, мастер Джон және де мен оны саған еш уақытта кешірмеймін.

— Мен бе обалына қалған? — деді Мэтчем ызаланып. — Мен бе кінәлі? Ал сенің қанжарыңда адамның қып-қызыл қаны бар! Ол бейшараны сен не үшін өлтірдің? Ол садағын көтергенімен, бірақ атқан жоқ; ол сені өлтіретін еді, бірақ аяды! Қарусыз адамды мысықтың баласындай өлтіре салған неткен батырлық десеңші!

Қорланғаннан Диктің тілі байланып қалды.

— Мен оны адал айқаста өлтірдім. Ол садағын көтерген кезде, мен бас салдым! — деді ол.

— Сен оны нағыз қорқақтарша өлтірдің, — деп қарсыласты Мэтчем. — Сен даңғой, әрі мақтаншақсың, мастер Дик! Өзіңнен күштірек адамның бәрінің аяғының астында жатасың! Сен кек қайтаруды білмейсің. Сен әкеңнің өлімі үшін кек алған жоқсың, оның бақытсыз аруағы ұлым кек алады деп босқа күтіп жатыр. Ал егер төбелесе алмайтын әлсіздеу бір әйел жынысты сенімен достасатын болса, ол мерт болады.

Дик қатты ызалы еді, сондықтан да «әйел жынысты» деген сөзге тіпті мән де берген жоқ.

— Бос сөз! — деп айқайлады ол. — Кез келген екі адамды алсаң, әрқашан да біреуі күштірек, екіншісі әлсіздеу болып шығады. Күштісі әлсізді жеңеді және де ол дұрыс. Ал сені, мастер Мэтчем, өзіңнің тентектігің мен қырсықтығың үшін қамшының астына алу керек және де мен соны істеймін.

Дик қатты ашуланған кезде де жайбарақаттығын сақтайтын қалпымен белбеуін шеше бастады.

— Кешкі тамақтың орнына қазір сен сыбағаңды аласың, — деді ол көңілсіз жымиып.

Мэтчем жылағанын қойды; ол шүберектей құп-қу болып, тайсалмастан Диктің бетіне қарап тұрды, бірақ орнынан қозғалған жоқ. Дик белбеуін көтеріп, бір қадам ілгері басты. Бірақ жолдасының тостағандай көздері мен жүдеген, әрі шаршаған жүзін көргенде ыңғайсызданып кілт тоқтады. Дик қобалжып тұрып қалды.

— Сенікі дұрыс емес екенін мойында, — деді ол тұтығып.

— Жоқ, менікі дұрыс, — деді Мэтчем, — Ұр мені! Өзім ақсаймын, әрі шаршадым, қарсылық көрсетпеймін, мен саған ешбір жамандық істегенім жоқ. Ал, енді, ұр мені, қорқақ!

Осындай қорлаған сөздерді естігенде, Дик белбеуін сілтеп жіберді. Бірақ Мэтчем селк етіп, қорыққаннан бүрісе қалғанын көргенде, Диктің ұруға тағы да дәті жетпеді. Белбеуді көтерген қолы сылқ түсті, ол не істерін білмей, өзің бір түрлі ақымақ сезінді.

— Оба келгір! — деді ол. — Егер қолыңның әлі жоқ болса, тіліңді тартып ұста. Бірақ мен сені ұра алмаймын, одан да мені асып өлтірсін!

Белбеуін қайтадан байлады.

— Сені ұрмаймын, — деп сөзін жалғады ол, — бірақ, есіңде болсын, мен сені еш уақытта да кешірмеймін. Сені білмейтін едім. Сен менің қожайынымның жауы болып шықтың, — мен саған өзімнің атымды бердім, тамағымды бердім, ал сен мені ағаштан жасалғансың дедің. Сен мені қорқақ әрі мақтаншақ деп қорладың. Жо-жоқ, менің төзімім әбден шегіне жетті, сол үшін ант етемін! Әлсіз болған өте тиімді екен, оған менің енді көзім жетті: сен тіпті нағыз жексұрын қылық жасасаң да, сені ешкім жазаламайды; сен біреуге қауіп төнген кезде оның қаруын ұрлап алуың мүмкін, бірақ ол адам қаруын қайтып беруін сенен талап ете алмайды — себебі сен өте әлсізсің ғой! Олай болса, біреу саған найзасын бағыттап, сосын саған мен әлсізбін деп айқайласа, сонда сен өзіңді оған түйретуің керек пе? Бос сөз! Ақымақтық!

— Әйтсе де сен мені ұрмай тұрсың ғой, — деді Мэтчем.

— Жарайды, мейлі! — деп жауап қайырды Дик. — Енді мен сені тәрбиелеуге кірісем. Сен жаман тәрбиеленгенсің, бірақ сенің жақсы жақтарың да бар, ең бастысы, сен мені өзеннен алып шықтың. Әйтсе де, ол туралы мен есіме алғым келмейді. Мен де сен сияқты жақсылықты түсінбейтін боламын деп шештім. Дегенмен, жол жүру керек. Егер сен Холивудқа бүгін түнде немесе ең болмағанда ертең таңертең жеткің келсе, біз асығуымыз керек.

Дик сол бұрынғы ақ көңіл, мейірімді күйінде тұрғанымен Мэтчем оған ештеңені кешірген жоқ еді. Оған Диктің дөрекілігін, ормандағы сабазды өлтіргендігін және де, ең бастысы, белбеуін көтеріп, сабамақшы болғанын ұмыту тіпті де оңайға түспеді.

— Әдептілік үшін ғана саған рақмет айтамын, — деді Мэтчем. — Бірақ мен сенсіз де жол табатын шығармын, қайырымды мастер Шелтон. Орман кең: сен солға қарай бар, мен оң жаққа кетейін. Мен саған борыштымын: сен маған тамағыңды бердің, әрі ақыл үйреттің, — сәті келгенде мен оның есесін қайтарамын. Сау бол!

— Кетсең кет! — деп айқайлады Дик. — Қайда барсаң, онда бар!

Бұлар тек өздерінің араздасқандарын ғана ойлан, бара жатқан жолдарын ұмытып, екі жаққа бөлініп кетті. Дик он қадамдай жер жүргенде Мэтчем оны шақырып, артынан жүгіріп барды.

— Дик, — деді ол, — біз екеуміз дұрыс қоштаспадық. Міне, саған қолым, міне, саған жүрегім. Сенің маған істеген бар жақсылығың үшін, көрсеткен көмегің үшін, тек әдептілік үшін ғана емес, шын жүрегімнен рақмет айтамын. Саған тек жақсылық тілеймін!

— Сен дұрыс айтасың, достым, — деді Дик, созылған қолды қысып, — сенің әрдайым жолың сәтті болсын. Бірақ сәтті болатынына күмәнданамын. Сен дауласқанды өте жақсы көресің.

Бұлар екінші рет қоштасты. Бұл жолы олар тағы да айрылыса алмады, бірақ Диктің артынан Мэтчем емес, енді Мэтчемнің артынан Дик жүгіріп барды.

— Менің арбалетімді ал, — деді ол. — Себебі сенің ешқандай қаруың жоқ.

— Арбалетті ме? — деді Мэтчем. — Оны атуға менің күшім жетпейді ғой. Оған қоса мен көздеуді де білмеймін. Арбалеттен маған ешқандай пайда жоқ, қайырымды балақай. Саған көп рақмет.

Ымырт үйіріліп қалған еді, сондықтан да бұлар бұтақтардың қара көлеңкесінен бір-бірін әзер көріп тұр.

— Тұра тұр, мен сені кішкене шығарып салайын, — деді Дик. — Түн қараңғы. Ең болмаса сүрлеуге дейін жеткізіп тастайын, әйтпесе жалғыз өзің адасып кетуің мүмкін.

Енді бір ауыз сөз айтпастан, ол алға жүріп кетті. Мэтчем қайтадан оның соңынан ерді. Қараңғылық бірте-бірте қоюлана бастады; тек анда-санда ғана бұлар қалың бұтақтардың арасынан жыпырлаған ұсақ жұлдыздарға толы аспанды көріп қалады Ланкастерліктердің талқандалған армиясының айқай-шуы бұларға әлі жетіп жатыр, бірақ бұлар ілгері жүрген сайын дауыс бәсеңдеп, баяулай берді.

Жарты сағаттай жүрген соң бұлар арша өскен үлкен алаңға шықты. Алаңның әр жерінде арал секілденіп шоқ-шоқ өскен теректер жымыңдаған жұлдыздардың көмескі сәулесімен биіктеу көрінеді. Бұлар тоқтап, бір-біріне қарады.

— Сен шаршадың ба? — деп сұрады Дик.

— Шаршағаным сонша, — деп жауап қайырды Мэтчем, — жата кетіп, еле қалғым келеді.

— Мен бұлақтың сылдырын естіп тұрмын, — деді Дик. — Соған жетіп, су ішейік, — қаталап тұрмын.

Жер бірте-бірте еңістеніп, бұлар расында да, алаңның етегінде үйеңкілердің арасымен сылдырай ағып жатқан кішкентай жылғаны тауып алды. Екеуі де етпетінен жата қалып, жұлдыздардың сәулесі түсіп тұрған суға ауыз салып, қана ішіп алды.

— Дик, — деді Мэтчем, — менің әбден әлім құрыды. Енді ештеңе істей алмаймын.

— Біз жаңа осында түсіп келе жатқанымызда мен бір шұңқырды көріп едім, — деді Дик. — Соған барып, жатып ұйқтайық.

— Ох, қалай ұйқым кеп тұр! — деді Мэтчем.

Шұңқыр құмшауыт әрі құрғақ екен; теректердің бұтақтары, бастырма секілді, иіліп төніп тұр. Балалар шұңқырға түсіп, жылыну үшін бір-біріне қатты жабысып жатты; манағы араздасқандарын ұмытып кетті. Оларды бұлт секілді ұйқы тұмшалап, шық пен жұлдыздардың астында тып-тыныш ұйқтап кетті.

VII ТАРАУ

Бетін бүркеген адам

— Бұлар таң алакеуімде оянды. Құстар әлі сайрай қойған жоқ, тек аздап қана шықылықтай бастаған; күнде әлі шыққан жоқ, бірақ аспанның шығыс жағы түгел қызарып, неше түрлі түске енген. Ашыққан, қалжыраған балалар рақат құшағында маужырап, тып-тыныш жатыр. Кенеттен олар қоңыраудың сыңғырын естіді.

— Қоңырау сыңғырлайды! — деді Дик, орнынан көтеріліп. — Шынында да, біз Холивудқа жақындап қалғанбыз ба?

Қоңырау тағы да сыңғыр етті, бұл жолы өте жақын жерден естілді; таңғы тыныштықты бұзған оның сыңғыры енді тыным таппай, бірте-бірте жақындай берді.

— Бұл не? — деп сұрады Дик, ұйқысынан біржолата оянып.

— Біреу келе жатыр, — деп жауап қайырды Мэтчем, — және ол әр қадам басқан сайын қоңырау сылдырлайды.

— Оны өзім де түсініп тұрмын, — деді Дик. — Бірақ қоңырау ұстап бұл жерде кім жүруі мүмкін? Тэнстолл орманында қоңырау кімге қажет, Джон, — деді ол сөзін жалғастырып, — мазақ еткің келсе күле бер, бірақ бұл дауыс маған ұнамайды.

— Иә, — деді Мэтчем шошынып, — бұл дауыста бір түрлі мұң бар сияқты. Таң сәрісі болмаса...

Енді қоңырау қаттырақ сылдырлап, кенеттен кілт үзілді.

— Біреу қоңыраулата жүгіріп келе жатып, «дұғасын оқып», сол жүгірген бойы суға күмп беріп сүңгіп кеткен сияқты, — деді Дик.

— Енді ол тағы да ақырын жүріп келе жатыр, — деп қосты Мэтчем.

— Жоқ, онша ақырын емес, Джон, — деп жауап қайырды Дик. Керісінше, ол бізге өте тез жақындап келеді. Сірә, ол біреуден қашып келе жатыр, немесе өзі біреуді қуып келе жатыр. Дыбыстың барған сайын жақындай түскенін естіп тұрған жоқсың ба?

— Ол тіпті қасымызға келіп қалды, — деді Мэтчем.

Бұлар шұңқырдың шетінде тұрды; ал шұңқыр кішкентай төбешіктің үстінде болғандықтан, бұлар орманға дейінгі алаңның бәрін түгел көрді. Таң сәрідегі ала көлеңкеде шұңқырдан не бары жүз ярдтай жердегі алаңды шығысынан батасына дейін кесіп өтетін сүрлеудің тапталған ақ сызығын олар анық көрді. Осы сүрлеу, шамасы, Мот қамалына апаратын болу керек деп ойлады Дик.

Ол осыны ойлап үлгергенше болған жоқ, қалың орманның ішінен аққа оранған бір кісі сүрлеуге шыға келді. Ол, әдейі жақсылап жан-жағына қарап алғысы келгендей, бір сәт кідірді, сосын төмен бұғып арша өскен алаңмен асықпай алға қарай жүрді. Ол аяғын басқан сайын қоңырау сылдырлайды. Оның беті көрінбейді: тіпті көзінің тұсында да тесігі жоқ ақ қапшықты басына бүркеніп алыпты; ол адам жолды таяқпен шұқып жүріп келеді.

Балалардың зәрелері зәр түбіне кетті.

— Алапес! — деді Дик, алқынып.

— Ол тиіп кетсе — өлеміз, — деді Мэтчем. — Қашайық!

— Неге қашамыз? — деп қарсылық білдірді Дик. — Оның тас соқыр екенін сен көріп тұрған жоқсың ба? Ол жолды таяқпен шұқып тауып келеді. Одан да тырп етпей жатайық, жел біздің жақтан солай қарай соғып тұр, демек ол бізге ешбір зақым келтірмей, қасымыздан өтіп кетеді. Бейшара! Одан қорықпау керек, керісінше, оны аяу керек!

— Мен оны етіп кеткен соң ғана аяймын, — деп жауап қайырды Мэтчем.

Алапес бұлардың қасына тым жақындап қалды. Осы кезде күн шығып, оның жабық бетіне сәулесін түсірді. Бұрын, бұл сұмдық ауру оны естіп бүгілтіп тастағанға дейін, ол, сірә, өте ірі, ұзын бойлы кісі болса керек, тіпті қазірдің өзінде ол күшті адамға тән әдетпен нық басып келеді. Қоңыраудың қатерлі сылдыры, таяқтың тарсылы, көзін көрсетпей бетін жапқаны, ең бастысы, оның қорлық пен өлімге душар болуымен қатар одан адамдар да теріс айналады деген сезім — осының бәрі балаларды қатты қапаландырды. Алапес бұларға жақындап қалды, ол әр қадам басқан сайын балалар батылдығы мен күшінен айрыла бастады.

Шұңқырдың жанына келгенде ол тоқтап, балаларға қарай бетін бұрды.

— Жасаған ием, сақтай гөр мені! — деп естілер-естілмес сыбырлады Мэтчем. — Ол бізді көріп тұр!

— Бос сөз! — деп жауап қайырды Дик сыбырлап. — Ол жай тың тыңдап тұр. Ол соқыр ғой, ақымақ!

Алапес бір сәт не қарап, не тың тыңдап тұрды. Содан кейін ілгері жүріп кетті, бірақ кенеттен ол қайтадан тоқтап, қайтадан балаларға қараған сияқты болды. Тіпті Диктің өзі де алапеске бір қарағаннан ауруы жұғып қалатындай қорыққаннан құп-қу болып, көзін жұмды. Бірақ көп кешікпей қоңырау қайтадан сылдырлады. Алапес алаңның шетіне дейін барды да, қалың шатқалға кіріп жоқ болды.

— Ол бізді көрді, — деді Мэтчем, — Ант етем, ол бізді көрді.

— Ақымақтық! — деп жауап қайырды Дик, қайтадан батылданып шыға келіп. — Ол бізді естіді де, бейшара, қатты қорқып кеткен болу керек! Егер сен соқыр болсаң, егер сенің айналаң мәңгі тас-түнек қараңғы болса, сен де аяғыңның астындағы кепкен бұтақ сыбдыр еткен сайын, құстар шиқылдаған сайын тоқтар едің.

— Дик, қайырымды Дик, ол бізді көрді, — деп қайталады Мэтчем. — Адамдар олай тың тыңдамайды, Дик. Ол тыңдаған жоқ, ол бізге қарады. Ол бір жаман ой ойлады. Естимісің, қоңырау тыйылып қалды...

Оның айтқаны рас еді. Қоңырау енді сылдырлаған жоқ.

— Бұл маған ұнамайды, — деді Дик. — Бұл маған тіпті де ұнамайды, — деп қайталады ол. — Ол не істемекші? Жүр, тезірек кетейік!

— Ол шығысқа қарай кетті, — деді Мэтчем. — Қайырымды Дик, біз тура батысқа қарай қашайық! Менің бұл алапестен теріс айналып, одан шамам жеткенше алысырақ кеткесін ғана жүрегім орнына түседі.

— Сен қандай қорқақсың, Джон! — деп жауап қайырды Дик. — Біз Холивудқа бара жатырмыз, ал бұл жерден Холивудқа бару үшін солтүстікке қарай жүру керек.

Бұлар орындарынан тұрды, тастардың үстімен аттап жылғадан өтіп, орға қарай беткеймен жоғары өрлей бастады, беткей тым тік еді, әрі орманның шетіне дейін биіктей береді. Және де жер тегіс емес — ылғи төбешіктер мен шұңқырлар; теректер біресе топталып өскен. Бұл жерден жол табу өте қиын еді, соңдықтан да балалар ілгері қарай тым баяу жылжыды. Оған қоса кешегі оқиғалардан кейін әбден қалжырап, әрі өте ашыққан болатын, құмға батқан аяқтарын әзер-әзер алып келеді.

Кенет төбешіктің үстінен олар алапесті көрді — ол балалардан жүз футтай жерде, жырамен бұлардың жолын кесіп келе жатыр. Оның қоңырауы сылдырламайды, таяғы жолды іздемейді, ол екі көзі көретін адамдай тез әрі нық басып келеді. Ә, дегенше ол қалың теректердің арасына кіріп кетті.

Балалар бірден қалың сарғалдақтың артына тығылып, зәрелері ұшып жата қалды.

— Ол біздің артымыздан қуып келе жатыр, — деді Дик. — Сылдырламас үшін қоңыраудың тілін қолымен басып қойғанын сен байқадың ба? Әулиелер өзі жар болсын! Жұқпалы ауруға қарсы менің қаруым дәрменсіз!

— Оған не керек! — деп сұрады Мэтчем. — Не жасамақшы өзі? Мен еш уақытта да алапестердің тектен-тек жай ашумен ғана адамдарға тиісті дегенін естіген емеспін. Ол қоңырауды, адамдар даусын естіп, қашып кетсін деп қолына әдейі ұстайды ғой. Дик, мұнда бір гәп бар...

— Маған бәрібір, — деді Дик қыстыға сөйлеп. — Мен әбден қалжырадым, аяғым сабан сияқты. Әулие біткен өзі жар болсын!

— Расында да сен осы жерде өстіп жата бермекпісің? — деп сұрады Мэтчем, — Кейін, алаңға қарай қашайық. Онда қауіпсіздеу. Алаңда ол бізге байқатпай ұрланып жақындай алмайды.

— Мен ешқайда қашпаймын, — деді Дик. — Менің әлім жоқ. Ол жанымыздан өтіп кетеді деп үміттенейік.

— Ең болмаса арбалетіңді дайындап қойсаңшы! — деді Мэтчем. — Еркек емессің бе?

Дик шоқынды.

— Немесе, сен шынында да, маған алапесті ат дейсің бе? — деді ол. — Менің оны атуға дәтім бармайды. Тағдырдың жазғанын көрерміз! — Аруақтармен, не алапестермен емес, мен тек сау адамдармен ғана айқаса аламын. Ол аруақ па, немесе алапес пе, кім екенін мен білмеймін, бірақ жасаған ием бізді қай-қайсынан да аман сақтасын!

— Е-е, еркектердің атышулы батырлығы осы екен ғой! — деді Мэтчем. — Сондай бейшара еркектерді мен қатты аяймын! Жарайды, егер сен ешбір әрекет жасағың келмесе, онда тып-тыныш жатайық.

Қоңырау қатты сылдыр етті.

— Ол байқаусызда тілін босатып алды, — деп сыбырлады Мэтчем. — Құдай-ау, тіпті жақындап қалыпты ғой!

Дик ешбір жауап қайтарған жоқ, тек оның тістері сақылдап кетті.

Алапес бұталардың арасынан ағараңдап көріне бастады да, сосын терек діңгегінің тасасынан оның басы қылтиып көрінді, ол айналаны бар ықыласымен зерттеп келеді. Зәрелері ұшқан балаларға теректерге жан бітіп, жапырақтары шуылдап, бұтақтар сатырлағандай болып көрінді; екеуі де бір-бірінің жүректерінің қатты дүрсілдеп соққанын естіді.

Кенеттен алапес теректердің арасынан айқайлап шыға келді де, тура балаларға қарай жүгірді. Балалар бақырып, екеуі екі жаққа қашты. Бірақ олардың қауіпті жауы Мэтчемді тез қуып жетіп, тырп еткізбей ұстап алды. Ашына шыңғырған Мэтчемнің даусы орманды жаңғыртып жіберді. Ол жан ұшыра тапырлап, есінен танып қалды.

Дик дауысты естіп, артына бұрылды. Құлап жатқан Мэтчемді көргенде, күші мен батылдығы бойына қайтып оралғандай болды. Ыза мен аяушылық аралас дауыспен ақырып, ол иығынан арбалетін ала сала, адырнасын керді. Бірақ алапес қолын көтеріп, оны тоқтатты.

— Атпа, Дикон! — деген таныс дауыс естілді. — Атпа, батыр! Шынымен досыңды танымай қалдың ба?

Мэтчемді шөптің үстіне жатқызып, алапес басындағы қапты алып тастады, сонда барып Дик сэр Дэниэл Брэклидің жүзін көрді.

— Сэр Дэниэл! — деді таңданған Дик.

— Иә, мен сэр Дэниэлмін, — деп жауап қайырды рыцарь. — Сен өзіңнің қамқоршыңды атып тастай жаздадың, алаяқ! Ал мынау... — Ол Мэтчемді көрсетті. — Сен оны кім деп атайсың, Дик?

— Мен оны мастер Мэтчем деп атаймын, — деді Дик. — Сіз оны білмеуші ме едіңіз? Ол маған сізді біледі деп айтқан!

— Иә, мен оны білемін, — деп жауап қайырды сэр Дэниэл, мырс етіп, — Ол қазір талып жатыр, аспанмен ант етемін, оның талып қалатындай әбден себебі бар. Шыныңды айтшы, Дик, мен сені өлердей қорқыттым ба?

— Сұмдық қатты қорқыттыңыз, сэр Дэниэл, — деді Дик, өзінің қалай қорыққаны есіне түсіп, күрсініп салды. — Дөрекі сөзім үшін кешіріңіз, сэр, мен нағыз жынның өзін кездестіргендей болдым. Шынымды айтсам, мен әлі дірілдеп тұрмын. Неғып бұлай киіндіңіз, сэр?

Сэр Дэниэл ашулана қабағын түйді.

— Неге бұлай киіндім? — деді ол. — Себебі,Дик, тіпті жеке меншігімдегі Тэнстолл орманында маған қауіп төніп тұр. Біздің жолымыз болмады, біз нағыз жеңіліс кезіне тап болдық. Менің барлық батыл жауынгерлерім қайда? Дик, аспанмен ант етемін, олардың қайда екенін білмеймін! Біз жеңіліп қалдық. Дебелер бізді баудай түсірді, менің көз алдымда үшеуін өлтірді. Содан бері мен өзімнің бірде-бір жауынгерімді көргенім жоқ. Өзім, әйтеуір, аман-есен Шорбиге жеттім. Онда «Қара жебеден» қорыққанымнан алапестің киімін киіп, қоңырауымды сылдырлатып, сақтана Мот қамалына бара жатырмын. Бұл өмірдегі ең қолайлы киім; менің қоңырауымның даусын естігенде нағыз дүлей қарақшының өзі алды-артына қарамай зытады. Бұл дыбыс кез келген адамды құп-қу қылып, шошытып жібереді. Мен келе жатып кенеттен сені және Мэтчемді кездестірдім. Қаптың ішінен зорға көремін, сондықтан да бұл сендер ме, жоқ басқа біреулер ме — оған толық сенімім болмады. Екеуіңді бірге көргенде, көп себептерге байланысты, мен таң қалдым. Оған қоса, ашық алаңда мені біреу танып қала ма деп қорықтым. Қарашы, — деді ол сөзін бөліп, — бейшара есін жиды білем. Бір жұтым жақсы қанар шарабы оны тез тірілтеді.

Рыцарь ұзын киімінің астынан үлкен бөтелкені алды. Ол аурудың самайын сипап, ернін жібітті. Джон есін жиып, қарауытқан жанарымен екеуіне кезек-кезек қарады.

— Қандай қуаныш, Джон! — деді Дик. — Бұл тіпті де алапес емес, бұл сэр Дэниэл болып шықты! Қарашы өзің!

— Бір ұртташы, — деді рыцарь, — Сонда бірден әлің кіреді. Мен сендерге тамақ беремін, содан соң үшеуміз Тэнстоллға барамыз. Саған шынымды айтсам, Дик, — деп сөзін жалғады ол, шөптің үстіне нан мен етті қойып жатып, — төрт қабырғаға кіргеннен кейін ғана мен өзімді қауіпсізбін деп сезінемін. Ең алғаш атқа мінген кезімнен бастап мен нақ мұндай қиын халге ешқашан ұшыраған емеспін. Менің өміріме де, дүние-мүлкіме де қауіп төніп тұр, оған қоса мына ормандағы қаңғыбастар да маған қарсы шығып жатыр. Бірақ мен оңай беріспеймін! Менің кейбір жауынгерлерім аман-есен үйіне жетеді, сосын Хэтчте он адам қалды, Сэлдэнде де алты адам бар. Жоқ, біз жақында қайтадан күшті боламыз! Егер мен бақытты әрі жексұрын лорд Иоркты татуласуға көндіре алсам, онда біз екеуміз, Дик, көп кешікпей қайтадан адам қатарына қосылып, атқа мініп жүретін боламыз!

Осыларды айтып рыцарь мүйіз ыдысына қанар шарабын толтыра құйды да, өзінің шәкіртінің денсаулығы үшін ішпекші болып жоғары көтерді.

— Сэлдэн... — деп бастады, Дик, тұтығып, — Сэлдэн...

Сосын ол үндемей қалды.

Сэр Дэниэл шарапты ішпестен, ыдысын лақтырып жіберді.

— Не дейсің? — деді ол даусы дірілдеп. — Сэлдэн? Айт тез! Сэлдэнге не болды?

Дик сэр Дэниэл жіберген жасақтың қарауылға қалай тап болғанын, оның қалай құртылғанын айтып берді.

Рыцарь үн-түнсіз тыңдады, бірақ ашу мен ызадан оның беті жыбырлап кетті.

— Оң қолыммен ант етемін, мен олардан кек аламын! — деп айқайлады ол. — Егер мен кегімді қайтара алмасам, егер мен өлген әрбір жауынгерім үшін он жауымды өлтіре алмасам, онда менің бұл қолым семіп қалсын. Мен ол Дэкуортты шыбық секілді сындырып, үйінен қуып шыққан болатынмын, мен оның үйін өртеп жіберген болатынмын, мен оны осы елден қуып жіберген болатынмын, енді ол маған қастандық істеу үшін қайтып келген болды ма? Байқа, Дэкуорт, бұл жолы мен саған көрсетемін!

Ол үндемей қалды, тек әлі де оның беті жыбырлап тұрды.

— Сендер неге тамақ жемей отырсыңдар! — деп айқайлады ол кенеттен. — Ал сен, — деді ол Мэтчемге бұрылып, — менімен Мот қамалына барамын деп ант ет.

— Арыммен ант етемін! — деп жауап қайырды Мэтчем.

— Сенің арыңды мен не істеймін? — деп айқайлады рыцарь. — Анаңның бақытымен ант ет маған!

Мэтчем анасының бақытымен ант етті. Сэр Дэниэл бетіне қапты жауып, қолына қоңырау мен таяғын алды. Оның қайтадан алапес болған түрін көргенде, балалар тағы да қалтырай бастағандарын сезді. Бірақ рыцарь орнынан тұрып кетті.

— Тезірек жеңдер, — деді ол, — сосын менің артымнан еріп, менің қамалыма жүріңдер.

Ол бұрылып, орманға қарай кетті, аяғын басқан сайын қоңырау сылдырлап бара жатыр.

Бұл қорқынышты сылдыр алыстап барып, үзілгенше балалар тамаққа тиген жоқ.

— Сонымен, сен Тэнстоллға баратын болдың ба? — деп сұрады Дик.

— Енді не істеймін, — деді Мэтчем, — амалсыз баруға тура келеді! Сэр Дэниэлдің алдында емес, сыртынан ғана батылмын мен.

Бұлар тамақтарын тез ішіп, бірте-бірте биіктеп тауға қарай көтерілетін сүрлеуге шықты. Жайқалған көгалды жерлерде орасан зор бүк ағаштары өсіп тұр; ақ тиіндер мен құстар бұтақтан-бұтаққа тынымсыз секіріп, ұшып-қонып жүр. Екі сағаттан кейін бұлар тізбектелген төбелердің екінші жағына шығып, енді төмен қарай түсіп келе жатты; көп кешікпей теректердің үстінен Тэнстолл қамалының қызыл қабырғалары мен төбесі көрінді.

— Осы жерде өзіңнің досың Джонмен қоштас, енді сен оны еш уақытта көрмейсің, — деді Мэтчем, тоқтап. — Джонға саған істеген жамандықтарының бәрін кешір, ол да сені қуана-қуана әрі шын сүйіспеншілікпен кешіреді.

— Неге? — деп сұрады Дик. — Біз екеуміз де Тэнстоллға бара жатырмыз және де онда бір-бірімізді өте жиі көретін боламыз.

— Әрі қорқақ, әрі зықыңа тиген, дегенмен сені өзеннен тартып шығарған бейшара Джон Мэтчемді сен енді еш уақытта көрмейсің. Сен енді оны көрмейсің, Дик, арыммен ант етемін!

Ол құшағын жайды. Балалар құшақтасып, сүйісті.

— Мен бір бәлені сеземін, Дик, — деп сөзін жалғастырды Мэтчем. — Сен енді басқа сэр Дэниэлді көресің. Осы уақытқа дейін оның ылғи жолы болып, бақыттың өзі оны іздеп жүретін, ал қазір оның бағы тайып, тағдыры ауырлай бастағанда, ол екеуіміз үшін де жаман қожайын болады. Ұрыс майданында ол тым батыл, бірақ арам екені көздерінен көрініп тұр. Қазір оның қатты үрейі ұшып жүр, ал қорқыныш, Дик, қасқырдан да қатерлі! Біз оның қамалына бара жатырмыз. Әулие Мария, бізді одан аман-есен алып шыға гөр!

Бұлар үн-түнсіз төбеден түсіп, ақырында сэр Дэниэлдің ормандағы тас қамалына — қабырғалары көгеріп, мүк басқан, мұнарасы дөңгелек, жабығыңқы аласа ғимаратқа келді, оның айналасындағы терең ордың ішіне толған суда лала гүлінің тостағаншалары жүзіп жүр. Бұлар көрінісімен қақпа ашылып, аспалы көпір түсірілді де, қасында Хэтч пен священникті ерткен сэр Дэниэл бұл екеуінің алдынан шықты.

ЕКІНШІ КІТАП. МОТ ҚАМАЛЫ

I ТАРАУ

Диктің қойған сауалдары

Мот қамалы ормандағы жолдан қашық емес еді. Бұл тастан салынған тік бұрышты Қызыл ғимарат, оның бұрыштарында қабырғалары кертешті оқ атарлары бар дөңгелек мұнаралар орналасқан. Қамалдың ішінде жіңішке аула бар. Ені он екі футтай ордың үстінен аспалы көпір салынған. Су орға ормандағы тоғанмен жалғастыратын арық арқылы келеді, арықтың өн бойы оңтүстік жақтағы екі мұнара күзетшілерінің қорғанысында. Мұндай қамалда қорғану қолайлы болатын. Кезінде әлденеге кесілмей қалған, ал қазір әбден биіктеп, бұтақтары қалыңдап кеткен екі терек қана шырқын бұзып тұр. Жау атқыштарының соларға шығып алып, қамалдың қорғаншыларына қауіп төндіруіне өте ыңғайлы-ақ.

Ауланың ішінде Дик қамалды қорғауға дайындалып, оны ұстап қала ала ма, жоқ па, сол жөнінде жабырқау пікір айтысып тұрған гарнизонның, бірнеше жауынгерін көрді. Біреулері жебе жасап, енді біреулері көптен бері қолданылмай тот басқан семсерлерін қайрап жатыр; олардың бәрі де күмәнданып, бастарын шайқайды.

Сэр Дэниэлдің бүкіл жасағынан тек қана он екі жауынгер ұрыс майданы мен орман ішінен аман өтіп, Мот қамалына келіпті. Бірақ олардың да үшеуі қатты жаралы екен: екеуі — Райзингэм жанында болған соғыста тым-тырақай қашқан кезде жараланған, ал біреуі — орманның ішінде Баршаның кегін қайтаратын Джонның жігіттерінен жараланған. Гарнизонның жауынгерлерін, Хэтчті, сэр Дэниэлді, жас Шелтонды, осылардың бәрін қосқанда, қамалда ұрысқа жарай алатын жиырма екі адам болды. Біраз уақыттан кейін тағы да біреулердің келуі мүмкін. Дегенмен, қауіп жасақ санының аздығында емес еді.

Қамал қорғаушылардың ең басты қорқынышы — қара жебелер болатын. Өздерінің негізгі жаулары — Йорктың жақтастарынан олар аса қорқа қойған жоқ. Сол аласапыран кездерде жиі айтылатын «бәрі өзгереді», мүмкін бәле-жәледен аман-есен құтылармыз, деген үмітпен өздерін жұбатты. Оның есесіне олар өздерінің ормандағы көршілерінен өлгенше қорқатын. Айналадағы деревнялардың тұрғындары тек сэр Дэниэлдің жалғыз өзің ғана жек көрмейтін. Оның жауынгерлері де жазаланбайтындарын пайдаланып, оларды жәбірлеп, қысым көрсететін. Сэр Дэниэлдің қатал бұйрығын оның қол-шоқпарлары қатігездікпен орындайтын, сондықтан да қамалдың ауласына жиналған жауынгерлердің әрқайсысы талай қиянат пен қылмыс істеген болатын. Ал қазір, аумалы-төкпелі соғыстың құбылуына байланысты, өзінің жақтастарын қорғауға сэр Дэниэлдің шамасы келмейді; енді, не бәрі бірнеше сағатқа созылған, оған олардың көпшілігі тіпті қатыспаған ұрыстан кейін, олар түкке тұрмайтын қорғанға қамалып, ашу-ыза кернеген құрбандарының әділ өш алуына мүмкіндік берілген, заң қорғамайтын, кішкентай бір топ мемлекеттік қылмыскер болып шыға келді. Оған қоса, оларды алда не күтіп тұрғанын еске салып, қорқыта беруден кенделік болған жоқ.

Кешке қарай және түн ішінде қамал қақпасының алдында қатты үріккен, үстерінде адамдары жоқ, жеті ат кісінеп шауып келді. Олардың екеуі Сэлдэн жасағының жауынгерлерінікі, ал қалған бесеуі — ұрыста сэр Дэниэл бастаған жасақтың жауынгерлерінікі еді. Таң алдында орға теңселіп, денесіне үш жебе шаншылған найзагер келді. Қамалға алып келісімен ол бейшара жан тапсырды; оның өлер алдындағы сандырағына қарағанда, өзі құрамында болған әжептәуір үлкен отрядтан бірде-бір адам тірі қалмапты.

Қауіптенгеннен тіпті Хэтчтің күн қаққан қоңырқай жүзі де қуарып кетті. Ал Дик оған Сэлдэннің тағдыры туралы айтып бергенде, ол тас орындыққа құлап, еңіреп қоя берді. Ауланың күн түсіп тұрған бұрышында орындықтың, басқыштың үстінде отырған жауынгерлер оған таңдана әрі үрейлене қарады, бірақ ешкімнің де одан неге жылап отырғаны жөнінде сұрауға батылы бармады.

— Есіңізде ме, мастер Шелтон, менің сізге не айтқаным? — деді Хэтч ақыр соңында. — Біздің бәрімізді де өлтіреді деп едім ғой. Сэлдэн нағыз азамат болатын, мен оны өз бауырымдай жақсы көретінмін. Оны екінші қылып өлтірді. Амал қанша, біз бәріміз де соның артынан барамыз! Қара жебелер жөніндегі анау оңбаған өлеңде не айтылып еді? «Мүлт кетпейді көздеп ата бастасаң, ешкімді де аямайды ол ешқашан! — деп пе еді? Тап солай емес пе? Айтқандары рас — Эппльярд, Сэлдэн, Смит және кәрі Гэмфри мерт болды. Ал қамалда бейшара Джон Картер өлім аузында жатыр, күнәкар байғұс священникті зарыға күтуде.

Дик құлағын тосты. Ол ыңыранған, зарланған дыбыс естілген аласа терезеге жақындау тұр еді.

— Ол осында жатыр ма? — деп сұрады Дик.

— Иә, екінші қақпашының бөлмесінде, — деп жауап қайырды Хэтч. — Ол өлім үстінде, ауыр халде жатыр, сол себепті біз оны алысқа апара алмадық. Біз қадам басқан сайын, ол енді өлетін шығармын деп ойлады. Ал, қазір, меніңше, оны тек көкірегіндегі қайғы ғана азаптап жатқан сияқты. Ол үздіксіз священникті шақыруда, бірақ сэр Оливердің осы уақытқа дейін неге келмей жатқаны белгісіз. Оған ұзақ тәубе етуге тура келеді. Ал бейшара Эппльярд пен бейшара Сэлдэн тәубеге келместен өліп кетті.

Дик еңкейіп, терезеден қарады. Аласа, тар бөлменің іші қараңғы екен, дегенмен ол сабанның үстінде ыңырсып жатқан кәрі солдатты көрді.

— Картер, аяулы достым, халің қалай? — деп сұрады ол.

— Мастер Шелтон, — деп жауап қайырды анау уайымдаған даусы әзер шығып, — ата-бабаңның аруағы үшін, қарағым, священникті алып келіңізші! Қайтейін, менің де дәмім таусылды! Қатты қиналып жатырмын, жарақатым өте ауыр. Менің ақырғы өтінішімді орындап, маған священникті алып келіңізші. Мені күнәкар болмасын десеңіз, тез қимылдаңыз! Сізді мейірбан адам деп қатты өтінемін. Мойнымда мені тозаққа жіберерліктей бір қылмысым бар.

Картер ыңқылдап қоя берді, сол кезде Дик оның не қатты азаптан, не қорыққаннан тісінің шықырлағанын естіді.

Осы кезде аулаға сэр Дэниэл шықты. Оның қолында ұстаған хаты бар.

— Жігіттер, — деді ол, — біз быт-шытымыз шығып жеңілдік. Біз оны мойындамай тұрмыз ба? Жоқ, біз оны мойындаймыз. Бірақ біз қалай болғанда да тезірек қайтадан атқа қонудың әрекетін істейміз. Кәрі Гарри алтыншы жеңіліске ұшырады. Олай болса, амал жоқ, біз өз жөнімізбен кетеміз. Герцог Йорктың жақтастарының арасында менің жақсы досым бар, оның аты лорд Уэнслидэл. Мен сол жолдасыма хат жаздым: оған бізді өз қамқорлығына алуды өтініп, өзімнің бұрынғы күнәмды іспен толық өтеймін әрі болашақта адал боламын деп уәде бердім. Өтінішімді оның игі ниетпен қабыл алатынына мен күмәнданбаймын. Бірақ құрғақ қасық ауыз жыртады деген бар ғой. Сондықтан мен оған, жігіттер, дүниеге қарық қыламын деп уәдені аямай бердім. Енді бізге не жетпей тұр? Сендерді алдай алмаймын, бізге жетпей тұрған ең бастысы. Ол — сол хатты апаратын хабаршы. Орманның іші, өздеріңе белгілі, біздің жауларымызға толы. Ал хатты тез жеткізу қажет. Бірақ бұл жерде әрі сақтық әрі қулық болмаса, ештеңе шықпайды. Кім осы хатты лорд Уэнслидэлге апарып, қайтадан жауабын маған әкеліп береді?

Бір жауынгер тез орнынан тұрды.

— Рұқсат етсеңіз, мен апарайын, — деді ол. — Мен өз өмірімді тәуекел етуге дайынмын.

— Жоқ, садақшы Дикки, рұқсат етпеймін, — деп жауап қайырды рыцарь. — Сен қу болғанмен, ебедейсізсің. Сен бәрімізден нашар жүгіресің.

— Онда мен барайын, сэр Дэниэл, — деп айқайлады тағы бір жауынгер.

— Тек сен емес! — деді рыцарь. — Сен тез жүгіресің, бірақ баяу ойланасың. Сен бірден Баршаның кегің қайтаратын Джонның қолына түсесің. Сендер екеуің де батырсыңдар, мен сендерге ризамын. Бірақ екеуің де жарамайсыңдар.

Сосын Хэтчтің өзі барайын деп еді, оның да өтініші қабыл алынбады.

— Сен маған осында қажетсің, мейірімді Беннет. Сен менің оң қолымсың, — деді оған рыцарь.

Көптеген тілек білдірушілердің арасынан ақыр соңында сэр Дэниэл біреуін таңдап алып, оған хатты берді.

— Біз бәріміз сенің ептілігің мен ақылыңа байланысты болып тұрмыз, — деді ол жауынгерге. — Маған жақсы жауап алып келсең, үш аптадан кейін мен өз орманымды бұл дүлей қаңғыбастардан тазартамын. Бірақ есіңде болсын, Трогмортон: оңай іс емес. Сен қамалдан түнде шығып, түлкі сияқты еңбектеп кетесің; ал Тиллден қалай өтетініңді мен білмеймін, — көпірді де, өткелді де олар өз қолдарында ұстап отыр.

— Мен жүзе білемін, — деді Трогмортон. — Қорықпаңыз, аман-есен жетемін.

— Қоймаға бар, достым, — деп жауап қайырды сэр Дэниэл, — алдымен қара эльге шомылып ал.

Осыны айтты да ол бұрылып, кетіп қалды.

— Сэр Дэниэл дана кісі, — деді Хэтч Дикке. — Оның орнында басқа біреу болса, өтірік соғар еді, ал ол жауынгерлерге әрдайым бүкіл шындықты айтады. Міне, бізге осындай қауіп, оған қоса әзіл-қалжыңын да ұмытпайды. Әулие Варварамен ант етемін, ол туа біткен қолбасшы! Әркімнің көңілін тауып, жігерлендіре біледі! Қараңызшы, қалай бәрі іске бірден кірісіп кетті.

Оның сэр Дэниэлді осылай мақтағаны Дикке бір ой салды.

— Беннет, — деді ол, — менің әкемнің қалай өлгенін айтып беріңізші?

— Ол жөнінде менен сұрамаңыз, — деп жауап қайырды Хэтч. — Мен оның өлімі жөнінде ештеңе білмеймін, әрі бостан-бос сөйлегім келмейді, мастер Дик. Әрбір адам біреуден естігені туралы емес, тек өзінің жеке шаруасына қатысты мәселе жөнінде айтуы керек. Білгіңіз келсе, сэр Оливерден немесе Картерден сұраңыз, бірақ тек менен емес.

Ауыр ойға батқан Дикті тастап, Хэтч қарауылдарды тексеруге кетті.

«Ол маған неге жауап бергісі келмеді деп ойлады бала. — Неге ол Картердің атын атады? Картер... Шамасы Картер менің әкемді өлтіруге қатысқан болды-ау».

Ол қамалға кіріп, аласа күмбезді ұзын дәлізбен жүріп отырып, жаралы адам ыңыранып жатқан бөлмеге келді. Оны көргенде, Картер дір ете түсті.

— Сіз священникті әкелдіңіз бе? — деп сұрады ол.

— Әлі әкелгенім жоқ, — деп жауап қайырды Дик. — Мен сенімен әуелі өзім сөйлескім келеді. Сен маған мынаны айтшы: менің әкем Гарри Шелтон қалай өлді?

Картердің беті жыбырлап кетті.

— Білмеймін, — деп түнере жауап қайырды ол.

— Жоқ, білесің, — деді Дик қарсыласып. — Сен мені алдай алмайсың.

— Білмеймін деп айттым ғой мен сізге, — деп қайталады Картер.

— Олай емес, — деді Дик, — сен тәубеңе келмей өлесің. Мен бұл жерден кетпеймін, әрі саған да ешқандай священник келмейді. Егер сен істеген жамандығыңнан арылғың келмесе, тәубе еткеннен не пайда? Күнәңді мойындамай тәубе еткен түкке тұрмайды.

— Қалай ұшқары сөйлейсіз, мастер Дик, — деді Картер сабырмен. — Өлім үстінде жатқан адамды қорқыту жақсы емес, ал шынын айтсам, сізге тіпті де лайық емес. Сіз жаман қылық істеп тұрсыз және де, ең бастысы, мұнымен ешнәрсе өндіре алмайсыз. Священникті шақырғыңыз келмесе — шақырмай-ақ қойыңыз. Менің жаным тозаққа барады, бірақ сіз де бәрібір ештеңе білмейсіз! Бұл менің ақырғы сөзім.

Жаралы адам екінші жағына аударылып жатты.

Шынын айтсақ, Дик өзінің ойланбай істегенін сезді, ал оны қорқытқаны үшін тіпті қатты ұялды. Дегенмен ол тағы бір амал жасап көрмекші болды.

— Картер, — деді ол, — сен мені дұрыс түсін. Сенің біреудің әмірін орындағаныңды түсінемін: қызметші өзінің қожайынының айтқанын істеуі керек. Мен сені ешбір айыптамаймын. Бірақ әлі жас, ештеңе білмейтін менің мойнымда зор міндет — әкем үшін өш алу міндеті тұрғанын жан-жақтан естимін. Қатты өтінемін, қайырымды Картер, менің қорқытқанымды ұмыт және де өз еркіңмен, шын ниетіңмен өкінгеніңді көрсетіп, маған көмектес.

Жаралы адам үндеген жоқ. Дик қанша әрекеттенгенмен, одан ештеңе ести алмады.

— Жарайды, — деді Дик, — мен саған священникті алып келемін. Егер сен маған және менің туыстарыма жамандық жасаған болсаң да, мен бәрібір ешкімге, әсіресе демі таусылуға жақындап қалған адамға ешбір жамандық ойламаймын.

Кәрі солдат оның сөздерін тап сол қалпында үндемей, әрі тырп етпей тыңдады, ол тіпті ыңыранған да жоқ. Және де, Дик бөлмеден шығып бара жатып, оның осы қайсарлығына риза болды.

«Дегенмен, — деп ойлады ол, ақылсыз қайсарлық неге керек? Егер оның ары таза болса, үндемейтін не жөні бар; сол үндемегенінің өзі оның сырын ашып қойды. Бірақ дәлел тоғысып жатыр. Менің әкемді не өзі, не жауынгерлері арқылы сэр Дэниэл өлтірген».

Дик ойланып тас дәлізде тұрып қалды. Тап қазір, сэр Дэниэлдің бағы тайып, оны «Қара жебенің» садақшылары жан-жақтан қоршап, Йорктың жеңген жақтастары қудалап жатқан кезде, Дик оған қарсы, өзін тәрбиелеп, өсірген адамға қарсы шыға ала ма? Сэр Дэниэл оны қатаң жазалады, онысы рас, бірақ Диктің бала кезінен бастап оны барлық қауіп-қатерден қорғаған жоқ па? Дик енді сол өзінің қорғаншысына қарсы қол көтеруі керек пе? Кек алу шынында да Диктің міндеті болса — өте қатал міндет!

«Құдай беріп, ол кінәсіз болып шықсын-дағы» деп ойлады Дик.

Еденнің тас тақталарынан біреудің аяғының дыбысы естілді, дәлізбен сэр Оливер маң-маң басып келеді екен.

— Сіз бір адамға өте керексіз, — деді Дик.

— Мен өзім де соған бара жатырмын, қайырымды Ричард, — деп жауап қайырды священник. — Бейшара Картер! — Оған енді ешқандай емнің шипасы жоқ.

— Оның тәнінен гөрі, жаны қаттырақ қиналып жатыр, — деді Дик.

— Сен оны көрдің бе? — деп сұрады сэр Оливер, елең етіп.

— Қазір ғана содан шықтым, — деп жауап қайырды Дик.

— Ол саған не айтты? — деп шұқшия сұрады священник.

— Ол тек қана жалбарынып сізді шақырып жатыр, сэр Оливер. Сіздің тезірек барғаныңыз жөн, себебі ол қатты қиналып жатыр, — деп жауап қайырды бала.

— Өзім де тура соған бара жатырмын, — деді священник. — Біз бәріміз де күнәһармыз, бәріміз де өлеміз, қайырымды Ричард.

— Ойыңыз дұрыс, сэр, бірақ өлер алдында біз ешнәрсеге өкінбейтін болсақ жақсы ғой, — деп жауап қайырды Дик.

Священник төмен қарады, сосын күбірлеп батасын беріп тез кетіп қалды.

«Қылмысқа бұның да қатысы бар, — деп ойлады Дик. — Мені адалдыққа үйреткен адамның! Не деген қатыгез өмір десеңші — мені тәрбиелеп, өсірген адамдардың бәрі де менің әкемнің өліміне қатысты. Кек алу керек! Менің тағдырым осыншама қасіретті екен-ау! Мен өзімнің ең жақсы достарымнан өш алуға мәжбүрмін!»

Осыны ойлап тұрғанда Мэтчем есіне түсті. Өзінің ғажайып жолдасы есіне түскенде, ол жымиып, езу тартты, Мэтчем қайда? Мот қамалының қақпасына екеуі бірге кіргеннен кейін, Мэтчем ұшты-күйлі жоғалды, ал Диктің онымен әңгімелескісі-ақ келіп тұр.

Сэр Оливер асығыс өткізген түскі намаздан кейін бір сағаттан соң бәрі залда түскі тамақ кезінде кездесті. Зал ұзын әрі аласа еді. Еденіне көк құрақ төселген, қабырғаларында қаһарлы аңшылар мен қанқұмар тазылардың суреттері салынған кілемдер ілулі тұр, барлық жерге найза, садақ, қалқан іліп қойыпты, үлкен тас пеште от лаулап жатыр, қабырғаны жағалай кілем жабылған орындықтарды қатарластыра қойыпты, залдың ортасында толтыра тамақ қойылған үстел жауынгерлерді күтіп тұр. Сэр Дэниэл де, оның зайыбы да түскі тамаққа келген жоқ. Тіпті сэр Оливер де болған жоқ. Мэтчем жөнінде де бір ауыз сөз айтылған жоқ. Дик мазасыздана бастады. Ол өз жолдасының алдын ала-ақ жамандық сезгенін есіне түсірді. Бұл қамалда ол бір бәлеге ұшыраған жоқ па екен?

Түскі тамақтан кейін ол миледи Брэклиге асығыс бара жатқан кәрі миссис Хэтчті ұшыратты.

— Гуди, — деп сұрады ол, — мастер Мэтчем қайда? Біз қамалға келгеннен кейін оны сенің ертіп кеткеніңді көрген едім.

Кемпір қарқылдап күліп жіберді.

— Аһ, мастер Дик, — деді ол, — сіздің көзіңіз қандай көргіш десеңізші!

— Ол қазір қайда? — деп қайсарлана қайталап сұрады Дик.

— Сіз оны енді еш уақытта көрмейсіз, — деп жауап қайырды ол. — Еш уақытта! Тіпті үміттенбеңіз де.

— Мен оның қайда екенін білгім келеді және мен оны бәрібір білемін, — деді Дик, — Ол мұнда өз еркімен келген жоқ. Жаман болайын, жақсы болайын, мен оның қорғаншысымын, сондықтан оны ренжітуге жол бермеймін. Айнала құпияға толып кетіпті. Бұл құпияларға мен әбден тойдым!

Дик сөзін аяқтап үлгерместен, біреудің ауыр қолы оның иығынан басты. Ол сездірмей артынан келіп тұрған Беннет Хэтчтің қолы болатын. Бас бармағымен ымдап, ол әйеліне кет деп әмір етті.

— Достым, Дик, — деді ол, екеуі оңаша қалған соң, — сіздің басыңыз дұрыс істемей тұр ғой деймін. Тэнстолл қамалының сырын қозғағаннан гөрі, сіздің тұп-тура ащы теңіздің түбіне аттанғаныңыз дұрыс болады. Сіз менен сұрадыңыз, сіз сұрақ қойып Картерді мазаладыңыз, сіз өзіңізше тұспалдай сөйлеймін деп біздің сайқымазағымызды — священникті қатты қорқыттыңыз. Сіз, бір түрлі, ақымақ сияқты көрінесіз. Егер сізді сэр Дэниэл өзіне шақыра қалса, есі түзу адамдай, онымен жылы сөйлесіңіз. Ол сізді қатаң тергеуге алады. Оған жауап берместен бұрын, әрбір сөзіңізді ойланып алыңыз.

— Хэтч, — деді Дик, — осының бәрінен мен арларыңыздың таза емес екенін сеземін.

— Егер сіз ақылға келмесеңіз, онда көп кешікпей қанның иісін сезесіз, — деп жауап қайырды Беннет. — Мен сізге ескерттім! Міне, сізді шақыруға келе жатыр.

Расында да, тап осы кезде Дикті сэр Дэниэлге шақырды.

IІ ТАРАУ

Екі ант

Сэр Дэниэл залда екен, ол Дикті күтіп, ашуланған күйі, тас пештің алдында әрлі-берлі жүр екен. Залда сэр Дэниэлден басқа сэр Оливер бар, ол діни кітабының бетін аударыстырып, дұғасын күбірлеп бұрышта тып-тыныш отыр.

— Сіз мені шақырдыңыз ба, сэр Дэниэл? — деп сұрады жас Шелтон.

— Иә, сені мен шақырдым, — деп жауап қайырды рыцарь. — Менің құлағыма жетіп жатқан бұл не қылған әңгіме? Маған сенімсіздік көрсетіпсің, мен сонда саған жаман қамқоршы болдым ба? Немесе мен жеңіліп қалғаннан кейін, сен, мүмкін, менің жауларымның жағына шығып кеткің келетін шығар? Аспанмен ант етем, сен өзіңнің әкеңе ұқсамайсың! Сенің әкең күннің көзі ашықта да, аспанды бұлт торлағанда да өзінің достарына адал болатын... Ал сен, Дик, күн жақсы кезде ғана дос болып, енді қазір достарыңнан бөліну үшін сылтау іздеп жүрген шығарсың.

— Кешіріңіз, сэр Дэниэл, мүлде бұлай емес еді, — деді Дик батыл сөйлеп. — Мен кімге адал және шын берілуім керек болса, соған адалмын әрі шын берілемін. Бірақ басқа әңгімеге көшпестен бұрын, мен сізбен сэр Оливерге рақмет айтқым келеді. Басқалардан гөрі сіз екеуіңіздің қамқоршы ретінде маған хақыларыңыз бар. Егер мен оны ұмытсам, ит болар едім.

— Сөйлеуге сен шеберсің, — деді сэр Дэниэл.

Сосын ашулана сөзін жалғады:

— Алғыс айту, берілгендік деген — бос сөз, Дик Шелтон. Ал маған сөз емес, іс керек. Осы қазір, маған қауіп төніп тұрғанда, менің атымды кір шалғанда, менің жерімді тартып алып жатқанда, ал тоғайдың іші менің өлімімді тілеп, күтіп жүрген адамдарға толы кезде сенің маған деген алғысың мен адалдығың қайда? Менде шын берілген адамдардың болмашы отряды қалды. Ал сен болсаң зұлымдықпен өсек таратып, олардың жүрегін уландырасың. Бұл не — алғыс айтқаның ба? Әлде шын берілгендігің бе? Ондай рақметіңнің маған қажеті жоқ! Өзіңе не керек? Айт, кәне! Біз саған бәріне жауап беруге дайынбыз. Ал егер сенің маған қарсы айтарың болса, онда оны да тура айт.

— Сэр; — деп жауап қайырды Дик, — әкем қаза тапқанда, мен сәби едім. Оны опасыздықпен өлтірді деген хабар жетті құлағыма. Сондай-ақ — мен ештеңені жасырғым келмейді — оны өлтіруге сіз қатысыпсыз деген хабар да жетті. Сондықтан менің сізге ашық айтатыным, мәселенің әбден анығына жетіп, күдігім тарқап, көңілім тынышталғанша, мен сізге көмектесе алмаймын.

Сэр Дэниэл орындыққа отырды. Ол қолымен иегін тіреп, Диктің бетіне тесіле қарады..

— Сен қалай деп ойлайсың, біреуді өлтіріп, сосын оның баласына қамқоршы болу менің қолымнан келе ме? — деп сұрады ол.

— Егер де менің жауабым онша сыпайы болмаса, мені кешіріңіз, — деді Дик. — Бірақ қамқоршы болудың тиімді екенін сіз өте жақсы білесіз. Осы өткен жылдар ішінде сіз менің табысымды пайдаланып, менің адамдарымды басқармадыңыз ба? Мені болашақта үйлендіріп, сол үшін ақша алам деп есептемейсіз бе? Ол үшін қанша ақша алатыныңызды мен білмеймін, әйтеуір, ол сізге біраз табыс түсіреді. Тағы да кешірім сұраймын, егер сіз өзіңізге сенген адамды опасыздық жасап, өлтіруден тайынбасаңыз, онда бұрынғыдай болмағанмен, бірақ соған жақын тағы бір опасыздық жасайтыныңызға неге сенбеймін?

— Сенің жасыңда мен осыншама күдікшіл болғаным жоқ, — деді сэр Дэниэл қатал үнмен. — Ал священник сэр Оливер мұндай іске қалай кінәлі болып жүр?

— Қожайыны қайда айтақтаса, ит сонда жүгіреді, — деді Дик, — Бұл священниктің сіздің тіл алғыш қаруыңыз екенін жұрттың бәрі біледі. Мен мүмкін өте еркін сөйлеп тұрған шығармын, бірақ қазір, сэр Дэниэл мәймөңкелейтін уақыт емес. Менің ашық сұрақтарыма дұрыс жауап алғым келеді. Ал сіз маған ешқандай жауап бермейсіз! Сіз жауап берудің орнына, өзіңіз маған сұрақ қойып тұрсыз. Ескертемін сізге, сэр Дэниэл: бұл бағытыңызбен сіз менің күмәнімді тарқатудың орнына, қайта үдете түсесіз.

— Мен саған ашық жауап берейін, мастер Ричард, — деді рыцарь. — Егер мені қатты ашуландырғаныңды жасырсам, өтірік айтқан болар едім. Бірақ ашу үстінде де мен әділетті болғым келеді. Сен маған осы мәселе жөнінде кейін кәмелетке толған кезде кел, сонда мен қамқоршылықтан құтылып, сенімен еркін сөйлесе алатын боламын. Сол кезде кел, сонда мен саған лайықты жауабыңды беремін — жұдырықпен тісіңнің быт-шытын шығарамын. Ал оған дейін сенің екі жолың бар; иә өзіңнің тіл тигізген сөздеріңді қайтып алып, тіліңді тарта ұста да, кішкентайыңнан асырап, қамқорлығына алған адам үшін соғыс, немесе — орманда менің жауларым толып жүр, жолың ашық — соларға бар!

Сонша жігерлі айтылған осы сөздер, оның назары — осының бәрі Дикті толқытып-ақ жіберді. Бірақ өзінің сұрағына жауап ала алмағанын да сезбей қалған жоқ.

— Мен шын ниетіммен сізге сенгім келеді, сэр Дэниэл, — деді ол. — Әкемді өлтіруге сіздің қатыспағаныңызға мені сендіріңізші.

— Шын айттым деген сөзім сені қанағаттандыра ма, Дик? — деп сұрады рыцарь.

— Иә, — деп жауап қайырды жігіт.

— Мен саған шын айтам, сенің әкеңді өлтіруге тікелей де, жанама да қатысты емес екендігіме жанымның мәңгі ләззатымен және құдайдың алдында бүкіл істеген істерім үшін беретін жауабыммен ант етем!

Ол Дикке қолын ұсынды, Дик оны құшырлана қысты. Ал осы салтанатты әрі өтірік антты естігенде священниктің зәресі ұшып, ыршынып, түрегеле бастағанын олардың екеуі де байқаған жоқ.

— Аһ, — деді Дик, — сіздің осындай кең пейілділігіңіз мені кешіруге көмектессін! Көңіліме күдік түсіріп жүрген мен неғылған жексұрын едім! Бірақ енді мен ешқашан да сіз жөнінде күмәнданбайтын боламын.

— Мен сені кешіремін, Дик, — деді сэр Дэниэл. — Сен әлі өмірді білмейсің, сен әлі онда өсектің қалай ұя салғанын білмейсің.

— Маған қанша ұрсуға да лайық адаммын, — деп қосты Дик, — өсекшілер сізден гөрі тіпті мына сэр Оливерді көбірек айыптайды...

Осыны айтып ол священникке бұрылды да, кенеттен сөзін аяқтамастан тоқтап қалды. Осы ұзын бойлы, қызыл шырайлы, толық та тәкаппар адам бірден басылып қалыпты: бетінің шырайы қашып, аяқ-қолы дірілдеп, аузы жыбырлап, дұғасын әзер-әзер сыбырлайды. Дик оған қараған сәтте, ол шыңғырып жалма-жан екі қолымен бетін басты.

Сэр Дэниэл қасына жетіп барып, долдана иығына шеңгелін салды. Диктің тарқай бастаған күдігі бірден қайта қозды.

— Енді сэр Оливер де ант берсін, — деді ол. — Менің әкемді өлтірген сол деп жұрт оны кінәлап жүр ғой.

— Ол ант береді, — деді рыцарь.

Сэр Оливер үн-түнсіз оған қолын сермеді.

— Аспанмен ант етемін, сіз ант бересіз! — деп айқайлады, ыза кернеген сэр Дэниэл. — Міне, мына кітапты ұстап ант етіңіз! — деп сөзін жалғастырды ол, құлап қалған діни кітапты жерден көтеріп. — Не дейсіз? Менің сізге күдігімді туғызғыңыз келе ме! Ант беріңіз! Мен әмір етем!

Бірақ священниктің сөйлеуге шамасы жоқ еді. Оны үрей буындырып барады: ол сэр Дэниэлден де, өтірік ант беруден де бірдей қорқып тұр.

Тап осы кезде қара жебе биік терезенің әшекейлі шынысын тесіп өтіп, дірілдеп барып, залдағы тамақ ішетін үстелдің қақ ортасына кіріп қадалды.

Қатты даусы шығып кеткен сэр Оливер есінен танып, қамыс төселген еденге құлап түсті. Рыцарь мен Дик аулаға жүгіріп шықты, сосын бұралма басқышпен тіс-тіс мұнараға көтерілді. Күзетшінің бәрі өз орындарында. Күн сәулесі көк жиекке дейін созылып жатқан, әр жерінде шоқ-шоқ ағаштар мен орманды төбешіктер көтерілген жасыл алқапты тып-тыныш жарқыратып тұр. Ешкім көрінбейді.

— Жебе қай жақтан келді? — деп сұрады рыцарь.

— Анау ағаштар жақтан, сэр Дэниэл, — деп жауап қайырды күзетші.

Рыцарь ойланып қалды. Сосын Дикке бұрылды.

— Дик, — деді ол, — мына адамдарға қарай тұр, мен бұларды саған тапсырам. Ал священникті, егер ол өзінің кінәсіз екендігіне ант бермесе, жауапқа тартамын. Мен өзім де, сен сияқты, күмәндана бастадым. Ол ант береді, мен оған сені сендіремін, ал егер ант бермесе, онда біз оны кінәлы деп есептейміз.

Дик тым салқын жауап қайырды, рыцарь оған сынай қарады да, асығыс залға қайтып оралды. Ең алдымен жебені қарап шықты. Ол бұрын ешқашан мұндай жебені көрген жоқ еді. Оны қолына алып, айналдыра бастады, оның қап-қара түрінің өзі еріксіз қорқыныш туғызады. Жебеде үш-ақ сөз жазылыпты: «Аң өзінің апанында».

— Менің үйде екенімді олар білетін болып шықты, — деді ол. — Өзінің апанында! Бірақ мені осы жерден қуып шығара алатындай олардың иті жоқ.

Сэр Оливер есін жиып, орнынан әзер көтерілді.

— Әттеген-ай, сэр Дэниэл, — деп күңіренді ол, — сіз сұмдық ант бердіңіз. Енді сіз өмір-бақи қарғыс атқан боласыз!

— Иә, ақымақ, — деді рыцарь, — менің өте жаман ант бергенім рас, ал сен одан да зор ант бересің. Сен Холивудтың қасиетті кресімен ант етесің. Байқа, әсерлірек сөздерді ойлап табатын бол. Тап бүгін кеште ант бересің.

— Құдай сізді ақылыңыздан айырмасын! — деп жауап қайырды священник. — Құдай сіздің жүрегіңізді мұндай заңсыздықтан сақтасын!

— Мені тыңдаңыз, құрметті қария, — деді сэр Дэниэл, — егер сіз тек арыңыздың тазалығын ойлайтын болсаңыз, онда мен сізге ешнәрсе айта алмаймын. Бірақ, дегенмен, арыңыздың тазалығы туралы есіңізге өте кеш түсіпті. Ал егер сіздің басыңызда бір түйір ақылыңыз қалған болса, онда мені тыңдаңыз. Мына бала сонадай ызыңдап менің ашуымды келтіріп жүр. Ол маған керек, себебі мен оны үйлендіріп, пайда тапқым келеді. Ал сізге турасын айтып тұрмын: егер ол менің мазамды кетіре беретін болса, онда ол да әкесінің соңынан аттанады. Мен оны шіркеудің үстіндегі бөлмеге орналастырыңдар деп әмір еттім. Егер сіз біздің кінәсіз екендігіміз туралы жақсы негізделген, тиянақты ант берсеңіз, онда бәрі жақсы болады: баланың көңілі аздап орнына түседі де, мен оған тимеймін. Ал егер сіз дірілдеп немесе бозарып, не тұтығып қалсаңыз, ол сізге сенбейді — онда бала өледі. Сіз осыны жақсылап ойланыңыз.

— Шіркеудің үстіндегі бөлмеге! — деді священник, тұншыға сөйлеп.

— Taп сол бөлмеге, — деді рыцарь қоштап. — Сонымен, егер сіз оны құтқарғыңыз келсе, құтқарыңыз. Ал құтқарғыңыз келмесе, онда өзіңіз білесіз, енді менің мазамды алмай, тез кетіңіз! Егер мен ашушаң адам болсам, сіздің төзуге болмайтын қорқақтығыңыз бен ақымақтығыңыз үшін мен сізді әлдеқашан семсермен сілейтіп салатын едім. Қалай, таңдау жасадыңыз ба? Жауап беріңіз!

— Мен таңдау жасадым, — деп жауап қайырды священник. — Мені құдайдың өзі кешірсін, мен жақсылық үшін жамандықты таңдадым. Баланы құтқару үшін ант беремін.

— Бәсе, өстісеңізші! — деді сэр Дэниэл. — Баланы тезірек шақыртыңыз. Сіз екеуіңіз оңаша қаласыздар. Бірақ мен сізден көзімді айырмаймын. Мен осында жасырынып қарап тұрамын.

Рыцарь қабырғада ілулі тұрған кілемді көтеріп, соның артына кіріп кетті. Серіппенің шырт еткен даусы мен басқыштың сықырлағаны естілді.

Сэр Оливер жалғыз қалғаннан кейін кілем ілінген қабырғаға үрейлене қарап, жабырқау әрі қорқынышты кескінмен шоқына бастады.

— Егер оны шіркеудің үстіндегі бөлмеге орналастырған болса, — деді ол күбірлеп, — мен оны өз жанымды құрбан етсем де құтқаруым керек.

Үш минут өткен соң хабаршыға еріп Дик келді. Сэр Оливер сұстанып әрі боп-боз болып үстелдің жанында тұр.

— Ричард Шелтон, — деді ол, — сен менің ант беруімді талап еттің. Бұл талабыңды мен қорлағандық деп есептеймін, сол себепті саған жауап бермеуге толық хақым бар. Бірақ біздің бұрынғы қарым-қатынасымызды ескеріп, мен өз жүрегімді жұмсарттым, сенің дегенің-ақ бола қойсын. Мен сенің әкеңді өлтіргенім жоқ деп Холивудтың қасиетті кресімен ант етемін.

— Сэр Оливер, — деп жауап қайырды Дик. — Баршаның кегін қайтаратын Джонның бірінші хатын оқығаннан кейін мен сіздің кінәсіз екендігіңізге күмәнданғаным жоқ. Енді сізге екі сұрақ қоюға рұқсат етіңіз. Сіз менің әкемді өлтірген жоқсыз, оған мен сенемін. Бірақ сіздің оны өлтіруге мүмкін жанамалай қатысыңыз болған шығар?

— Ешқандай қатысым болған жоқ, — деді сэр Оливер.

Кенеттен оның беті жыбырлап кетті. Ол бірдеңеден сақтандырғандай Дикке көзін қысты. Дик священниктің ымынан бір нәрсені айтқысы келіп тұрғанын, бірақ дауыстап айтуға мүмкіндігі жоқ екенін бірден түсінді.

Дик оған таңдана қарады, сосын бұрылып, бос залдың ішін мұқият қарай шықты.

— Сізге не болды? — деп сұрады ол.

— Ештеңе емес, — деп жауап қайырды священник, жайбарақат көрінгісі келіп. — Менің мазам болмай тұр, аздап ауырған сияқтымын. Кешір мені, Дик... кетуім керек... Мен сенің әкеңе де опасыздық істегенім жоқ, не оны өлтіргенім жоқ, сол үшін Холивудтың қасиетті кресімен ант етемін. Көңіліңді орнына түсір, қайырымды балақай. Хош бол!

Ол өзіне тән емес асығыстықпен залдан шығып кетті.

Дик қабырғаларға мұқият қарай бастады; оның көңілінде қарама-қайшы ойлар бірінен кейін бірі алмасып жатты: таңданғандық, күмәндану, күдіктену, қуаныш. Бірақ бірте-бірте, есін жиған сайын, күдік жеңіп шықты, көп кешікпей оның бір жамандық бар екеніне көзі анық жетті. Ол басын көтеріп еді, шошып кетті. Қабырғаны жауып тұрған кілемде қаһарлы аңшының суреті тоқылған екен. Ол бір қолына керней ұстап ойнап тұр, екінші қолында — найза, Африкалық адам суреттелгендіктен, оның беті қап-қара.

Суреттегі сол африкалық адам Ричард Шелтонды қатты қорқытты. Залдың терезелеріне шағылысып жарқырап тұрған күн бұлтқа жасырынған еді. Нақ осы кезде тас пештегі от қатты жалындап, залдың манадан бері қара көлеңкеленіп тұрған төбесі мен қабырғаларын жарқыратып жіберді. Кенеттен қара аңшы тірі адамдай кірпігін қағып жіберді, және оның қабағы ақ екен.

Дик көзін алмастан осы қорқынышты көзге қарады да қалды. Оттың жарығында ол көздер асыл тастай жарқырап тұр, ол ылғалды, тірі көздер еді. Ақ қабағы оны бір сәт жауып, кейін қайта көтерді. Содан соң көздер жоқ болып кетті.

Енді ешқандай күмән қалған жоқ. Бұл кілемнің тесігінен манадан бері оны сығалап бағып тұрған тірі көздер еді.

Дик өз жағдайының өте қауіпті екенін бірден сезді. Хэтчтің алдын-ала ескерткені, священниктің көзін қысып ымдағаны, қабырғадан оны бақылап тұрған көздер — осының бәрі оның жағдайының мүшкіл екенін дәлелдеді. Ол өзінің сынға түскенін және ішкі сырын тағы да сездіріп қойғанын, енді оны өлімнен тек кездейсоқ жағдай ғана құтқаратынын жақсы түсінді.

— «Егер мен бұл үйден қашып кете алмасам, — деп ойлады ол, — онда менің шаруам бітті! Бейшара Мэтчем! Мен оны жыланның ұясына алып келген екенмін!»

Ол тағы да өзінің тағдыры жайлы ойланып отырғанда, оның қару-жарағын, киімдері мен кітаптарын басқа бөлмеге апарысу үшін қасына қызметші келді.

— Басқа бөлмеге? — деп қайталап сұрады Дик. Неге? Қай бөлмеге?

— Шіркеудің үстіндегі бөлмеге, — деп жауап қайырды қызметші.

— Онда көптен ешкім тұрған жоқ қой, — деді Дик ойланып. — Ол қандай бөлме?

— Жақсы бөлме, — деп жауап қайырды қызметші. — Бірақ, — деді ол даусын бәсеңдетіп, — ол бөлмеге аруақтар келіп тұрады деседі.

— Аруақтар, — деп қайталады Дик, жүрегі мұздап. — Естігенім жоқ! Кімнің аруағы?

Қызметші жан-жағына қарады, сосын естілер-естілмес сыбырлап:

— Әулие Иоанның шіркеуіндегі пономорьдың аруағы. Бір жолы оны осы бөлмеге қондырған екен, ал ертеңгісін ол ұшты-күйді жоқ болып кетіпті. Жұрт оны шайтан алып кетіпті-міс деседі, ұйқыға жатарда ол өте мас екен.

Дик бір сұмдықтың боларын алдын-ала сезіп, қызметшінің артынан ерді.

IIІ ТАРАУ

Шіркеу үстіндегі бөлме

Мұнарадағы бақылаушылар басқа ешқандай оқиғаны байқаған жоқ. Күн асықпай батысқа қарай жылжып барып, ақыры батып кетті. Күзетшілер қанша қырағы болғанымен, Тэнстолл қамалының маңынан ешбір адамды көре алмады.

Түн қараңғысы түскенде, Трогмортонды терезесі тап ордың үстінен шығатын бұрыштағы бөлмеге алып барды. Сол терезе арқылы ол аса сақтықпен темен түсті, біраз уақыт судың шалпылдаған даусы естіліп тұрды да, сосын қарсы беттегі жағадан оның қарайған сұлбасы көрінді, ол шөптің үстімен еңбектеп, бірте-бірте көрінбей кетті. Сэр Дэниэл мен Хэтч тағы да жарты сағаттай мұқият тың тыңдап тұрды. Айналаның бәрі тып-тыныш. Хабаршы қамалдан аман-есен шығып кетті.

Сэр Дэниэл көңілдене бастады. Ол Хэтчке бұрылды.

— Беннет, — деді ол, — бұл Баршаның кегін қайтаратын Джон дегеніңіз — кәдімгі тірі пенде. Ол ұйқтап жатыр. Біз оны өлтіреміз.

Бүкіл кеш бойы Дикті әрлі-берлі жұмсаумен болды, бір бұйрықтан кейін екінші бұйрық алмасып жатты. Дик өзіне осыншама көп тапсырма берілгеніне және де оларды өте шұғыл орындау керек екендігіне таң қалды. Осы уақыт ішінде не сэр Оливерді, не Мэтчемді кездестірген жоқ, ал өзі өне бойы сол екеуін ойлаумен болды. Ол енді тек бір нәрсені ғана — Тэнстоллдағы Мот қамалынан тезірек қашып кетуді арман етті, бірақ қашпастан бұрын ол сэр Оливермен, Мэтчеммен сөйлескісі келді.

Ақыр аяғында ол қолына шам ұстап өзінің жаңа бөлмесіне көтерілді. Бөлме үлкен екен, төбесі аласалау әрі тым қараңғы. Терезенің сыртында ор, терезе өте биікте болғанмен оған темір тор орнатып қойыпты. Төсек-орын тамаша екен, бір жастық мамықтан істелген, ал екіншісі — лавандадан жасалған, қызыл көрпеге раушан гүлдер кестеленген. Қабырғаларды жағалай кілттеулі шкафтар тұр, олардың үстіне қоңыр кілемдер іліп қойыпты. Дик бүкіл бөлмені аралап шықты, әрбір кілемнің астын көтеріп қарады, әрбір қабырғаны сипалап көрді, шкафтарды ашпақшы болды. Есіктің мықты, әрі ілгіштің жақсы екеніне кезі жетті, сосын шамды тұғырға қойып, бәрін қайтадан қарап шықты.

Оны неге бұл бөлмеге орналастырды? Бұл өзінің бұрынғы бөлмесінен кең әрі жақсы. Бұл мүмкін алдап қолға түсіру шығар? Бұл бөлмеге кіретін жасырын жол жоқ па екен? Бұл бөлмеде аруақтар пайда болатыны рас па екен? Оның арқасы мұздап қоя берді.

Жоғарыдағы жайпақ төбеден күзетшінің аяғының ауыр басқаны естіліп тұр. Төменде кішкене шіркеудің күмбезделген төбесі көрінеді, шіркеудің қасында зал бар, одан, сөз жоқ, жасырын жол шығады, егер онда жасырын жол болмаса, кілемнің артынан манағы көздер қалайша Днкті бақылап тұрар еді? Сірә, жасырын жол шіркеуге апаратын болу керек, сосын одан мында, осы бөлмеге келеді.

Мұндай бөлмеде ұйқтау ақымақтық болатынын ол түсінді. Қаруын дайын ұстап, босағадағы бұрышқа отырды. Егер оған қатер төнсе ол жанын оңайлықпен бере қоймайды.

Жоғарыдан, мұнараның төбесінен біреудің дүрсілдей жүргені естілді, сосын парольді сұрады. Бұл күзетшілердің ауысқаны еді.

Со бойда Дик біреудің есікті сипалағанын естіді, сосын ақырын ғана сыбырлаған дауыс:

— Дик, Дик, бұл мен! — деді.

Дик ілгішті ағытып, есікті ашты да, Мэтчемді бөлмеге кіргізді. Мэтчем құп-қу болып кетіпті, бір қолына шам, екінші қолына қанжар ұстап алған.

— Есікті жап! — деп сыбырлады ол. — Тезірек, Дик! Қамалдың іші жансыздарға толы. Мен олардың дәлізбен артымнан келе жатқанын естідім, кілемдердің астынан олардың дем алғандарына шейін естіп тұрдым.

— Сабыр ет, — деп жауап қайырды Дик, — есік жабық. Әзірше бізге қауіп жоқ. Дегенмен, мына қоршаған қабырғалардан қауіпсіз болу мүмкін емес... Мен сені көргеніме шын жүрегімнен қуанамын. Аспанмен ант етемін, мен сені ендігі тірі емес шығар деп ойлағанмын. Сені қай жерге жасырып қойды?

— Саған бәрібір емес пе? — деп жауап қайырды Мэтчем. — Ең бастысы — біз екеуміздің кездескеніміз, ал басқасы онша қажет емес. Бірақ, Дик, сені не күтіп тұрғанын білесің бе? Ертең саған не істейтінін олар өзіңе айтты ма?

— Ертең? — деп қайталап сұрады Дик. — Ертең олар маған не істемекші?

— Ертең бе немесе бүгін түнде ме, білмеймін, — деді Мэтчем. — Менің білетінім, олар сені өлтірмекші болып жатыр. Соны анық білемін: осы жөніндегі олардың әңгімесін естідім. Мұны олар маған тура айтты десем де болады.

— Солай ма! — деді Дик. — Шынымды айтсам, оны өзім де сезгенмін.

Сосын ол күні бойғы өзінің басынан өткен оқиғаларды Мэтчемге айтып берді.

Ол сөзін аяқтағаннан кейін, Мэтчем орнынан тұрып, Дик сияқты ол да қабырғаларды сипалап қарап шықты.

— Жоқ, — деді ол, — ешқандай жасырын есік көрінбейді. Дегенмен, жасырын жолдың барына мен ешбір күмәнданбаймын. Дик, мен сенің қасыңда қаламын. Егер сен өлетін болсаң, мен де сенімен бірге өлемін. Саған көмектесемін, көрдің бе қанжарды ұрлап алдым! Мен де олармен шайқасамын! Ал егер сен еңбектеп өтуге болатын тесік немесе жерге түсе алатындай терезе тапсаң, мен кез келген қауіпті қуана қарсы аламын да, сенімен бірге қашып кетемін.

— Джон, — деді Дик, — аспанмен ант етемін, Джон, сен бүкіл Англиядағы ең жақсы, ең сенімді, ең батыр адамсың! Қолыңды берші маған, Джон.

Ол үн-түнсіз Мэтчемнің қолын ұстады.

— Шіркін, біз хабаршыны түсіріп жіберген терезеге жетсек қандай жақсы болар еді! — деді ол. — - Арқан әлі сонда шығар. Ол да болса үміт қой.

— Тсс! — деп сыбырлады Мэтчем.

Бұлар құлақтарын тосты. Төменде, еденнің астында бірдеңе сықыр етті де, тынып қалды, сосын қайтадан сықырлады.

— Біздің астымыздағы бөлмеде біреу жүр, — деп жауап қайырды Дик. — Біз мінәжатхананың үстіндеміз. Бұл мені өлтіру үшін жасырын жолмен келе жатқан адам. Келіп көрсін! Мен оның өзін өлтіремін!

Ол тісін шықырлатты.

— Шамды өшір, — деді Мэтчем. — Мүмкін, ол байқаусызда өзін сездіріп қояр.

Бұлар екі шамды да өшіріп, үн-түнсіз қыбыр етпей тұрып қалды. Еденнің астымен ақырын басып келе жатқан адамның аяғының дыбысы анық естілді. Ол біресе жақындап, біресе қашықтады. Ақыр аяғында, кілттің сықыр етіп ашылған даусы естілді де, кейін бәрі тына қалды.

Сосын тағы да аяқтың басқан дыбысы естілді, кенеттен бөлменің шеткі бұрышындағы еденнің тақтайының арасындағы жіңішке тесіктен шамның жарығы көрінді. Тесіктегі жарық бірте-бірте ұлғая бастады, жасырын ойықтың қақпағы ашылып, шамның сәулесі одан сайын жарқырай түсті. Ойықтың қақпағын көтеріп ұстап тұрған біреудің күшті қолы көрінді. Дик арбалетін керіп, енді оның басының көрінгенін күтіп отыр.

Бірақ кенеттен бәрі сапырылысып кетті. Мот қамалының екінші шетінен қатты айқай-шу естілді, алдымен бір адамның даусы шықты, содан соң тағы да бірнеше адамның даусы қосылды, олар біреудің атын қайталай берді. Осы шу, шамасы, Дикті өлтіруге келе жатқан адамды үркіткен болу керек. Жасырын ойық жабылып, еденнің астынан асығыс ұзап бара жатқан аяқтың дыбысы естілді.

Балалар уақытты ұтты. Дик ауыр күрсініп, өздерін өлімнен аман сақтап қалған айқай-шуға енді ғана құлағын түрді. Айқай-шу әлі тынған жоқ, керісінше, бұрынғыдан да күшейе түсті. Бүкіл қамалдың ішінде тапырлап адамдар жүгіріп жүр, барлық жерде есіктің тарс-тұрс ашылып-жабылғаны естіледі. Осы у-шудың арасынан сэр Дэниэлдің қатты айқайлаған даусы анық естіледі.

— Джоанна!

— Джоанна? — деп қайталады Дик. — Қай Джоанна? Мұнда ешқандай Джоанна жоқ әрі еш уақытта болған емес. Бұл сонда не?

Мэтчем үндеген жоқ. Ол өз ойымен тұрған сияқты. Сырттағы жұлдыздардың болар-болмас жымыңдаған сәулесі бөлменің балалар отырған бұрышына түспейді, сондықтан да ол жер өте қараңғы еді.

— Джон, — деді Дик, — сенің күні бойы қайда болғаныңды мен білмеймін. Сен бұл Джоаннаны көрдің бе?

— Жоқ, көргенім жоқ, — деп жауап қайырды Мэтчем.

— Ол жөнінде ештеңе естіген жоқсың ба? — деп тәптіштеп сұрады Дик.

Біреудің келе жатқан аяғының дыбысы естілді. Сэр Дэниэл аулада барылдап Джоаннаны әлі шақырып жүр.

— Сен ол туралы естіген жоқсың ба? — деп қайталап сұрады Дик.

— Естідім, — деді Мэтчем.

— Сенің даусың неге дірілдейді! Саған не болды? — деп сұрады Дик. — Олардың сол Джоаннаны іздеп жатқаны бізге жақсы болды. Джоанна олардың көңілін бізден бөліп әкетті.

— Дик! — деді Мэтчем. — Мен құрыдым! Біз екеуміз де құрыдық! Уақыт барда тезірек қашайық. Мені тауып алғанша олардың көңілдері көншімейді. Жоқ! Оларға менің өзімді жалғыз жіберші! Олар мені ұстап алсын, ал сен қашып кетесің. Менің жалғыз өзімді жіберші, Дик! Қайырымды Дик, мені соларға жіберші!

Дик бар құпияны енді ғана түсінгенде, қыз есіктің ілгегін қолымен сипалап тауып алған еді.

— Аспанмен ант етемін! — деді Дик, — сен тіпті де Джон емессің! Сен Джоанна Сэдлисің! Сен баяғы маған күйеуге шыққысы келмеген қызсың!

Қыз үн-түнсіз орнында тұрып қалды. Дик те үндеген жоқ, сосын ол қайтадан сөйлеп кетті.

— Джоанна, — деді ол, — біз бір-біріміздің өмірімізді сақтап қалдық. Біз екеуміз де қалай қан төгіліп жатқанын көрдік. Біз екеуміз дос та болдық, қас та болдық, — мен сені белбеуіммен сабай жаздағаным есіңде ме. Мен ылғи сені еркек бала деп жүрдім. Ал енді менің ажалым жақындап қалды, сондықтан да өлер алдында саған айтарым: сен жер бетіндегі ең жақсы, ең батыл қызсың, егер мен тірі қалсам, саған үйленгенді өзіме бақыт деп санар едім. Бірақ тағдырым қандай болса да — тірі болсам да, өлсем де — есіңде болсын: мен сені сүйемін!

Ол ешбір жауап қатқан жоқ.

— Бірдеңе десеңші, Джон. Мейірімділік жасап, сен де мені сүйемін деп айтшы!

— Егер де сені сүймесем, Дик, мен осы жерде болар ма едім? — деді ол.

— Егер бұл жерден аман құтылсақ, — деп сөзін жалғады Дик, — біз үйленеміз. Егер өлуге жазса, өлеміз. Менің айтайын дегенім осы. Ал сен менің бөлмемді қалай таптың?

— Мен Хэтч ханымнан сұрадым, — деп жауап қайырды қыз.

— Ол әйелге сенуге болады, — деді Дик. — Ол сені ұстап бермейді. Біздің әлі қашуға уақытымыз бар...

Тап осы кезде, оның сөзін жоққа шығарғандай, дәлізден аяқтың тапыр-тұпыр дыбысы естіліп, біреу жұдырығымен есікті ұрды.

— Ол осында! — деген біреудің даусы естілді. — Ашыңыз мастер Дик! Ашыңыз!

Дик дыбыс та бермеді, орнынан да қозғалған жоқ.

— Бәрі бітті, — деп қыз Дикті құшақтай алды.

Адамдар бірінен соң бірі есіктің алдына жинала бастады. Ақыр аяғында сэр Дэниэлдің өзі келді де, бәрі тына қалды.

— Дик, — деп айқайлады рыцарь, — ақымақ болма! Мұндай шудан ұйқыдағы жеті бикеш те оянар еді. Джоаннаның осында екенін біз білеміз. Аш есікті!

Дик үндеген жоқ.

— Есікті сындырыңдар! — деді сэр Дэниэл.

Жауынгерлер есікті аяқтарымен тепкілеп, жұдырықтарымен қойғылай бастады. Есік мықты әрі жақсы ілгіштеп жабылған болатын, дегенмен тағы да кездейсоқ жағдай болмағанда, ол құлайтын еді. Есікті ұрып жатқан кезде, кенеттен күзетшінің айқайлаған даусы шықты, мұнарадағылар айқайлап, шулай бастады, со бойда оған жауап ретінде орманның іші дауысқа толып кетті. Орманды мекендеушілер Мот қамалын шауып жатқан сияқты. Сондықтан да сэр Дэниэл есікті тастап, өзінің жауынгерлерімен асығыс қамалды қорғауға кетті.

— Біз құтылдық! — деді Дик.

Ол екі қолымен ескі кереуетті бас салып, орнынан қозғамақшы болды, бірақ ол қозғалмады.

— Маған көмектесші, Джон, — деді ол. — Егер саған өмір қымбат болса, бар күшіңді жинап, маған көмектес!

Әзер дегенде бұлар ауыр емен кереуетті орнынан жылжытып, есікке тақап қойды.

— Енді мүлде сұмдық болды, — деді Джоанна мұңайып. — Ол енді бізге жасырын жолмен келеді.

— Жоқ, — деп жауап қайырды Дик. — Ол өзінің жауынгерлеріне жасырын жолды көрсетуге қорқады. Ол жолмен біз өзіміз қашып кетеміз. Тыңдашы мені! Шабуыл бітті. Тегі, ешқандай шабуыл болған жоқ.

Расында да, ешқандай шабуыл болған жоқ еді, Райзингэмде болған ұрыста сэр Дэниэлден адасып қалған бір топ жауынгер, қазір, ақыр аяғында, қамалға қайтып келген-ді. Түн қараңғысы оларға орманнан аман-есен өтуге көмектесіпті. Оларды қақпадан кіргізіпті, енді олар ауланың ішінде қару-жарақтарын салдырлатып, тұяқтары тарсылдаған аттарынан түсіп жатыр.

— Ол қазір осында қайтып келеді, — деді Дик. — Тезірек жасырын жолға түсейік!

Ол шам жақты, сосын екеуі бөлменің бұрышына барды. Тесікті тауып алу қиын емес еді, өйткені одан әлі де әлсіздеу жарық түсіп тұрған болатын. Дик мықты бір семсерді таңдап алып, оны тесікке тықты да, бар күшімен семсердің тұтқасын басты. Тақтай әрең дегенде аздап көтерілді. Олар тақтайды тартып, мүлдем ашып тастады.

Оның астынан бірнеше басқыш көрінді, солардың біреуінде Дикті өлтіруге келген адамның ұмытып тастап кеткен шамы тұр.

— Сен алға түс, — деді Дик, — шамды да ала кет. Мен сенің артыңнан түсіп, есікті жабамын.

Бұлар жолға шықты. Дик ойықты жапқан бойда, қайтадан қатты тарсылдаған дауыс естілді, — бұл оның бөлмесінің есігін сындырып жатқандар еді.

IV ТАРАУ

Жасырын жол

Дик пен Джоанна жіңішке, лас әрі қысқа дәлізге тап болды. Оның екінші шетінде жартылай ашық тұрған есік бар екен — ол, сөз жоқ, жаңағы Дикті өлтіруге келген кісінің кілтпен ашқан есігі. Төбеден өрмекшінің қалың ұясы салбырап тұр, аяқтың жеңіл басқан ізі де тас еденде тарсылдап естіледі.

Есіктің артынан жол кілт екіге айрылды. Дик тәуекелмен бұрыла салды да, екеуі шіркеудің күмбезін айналып жүгіріп кетті. Шамның әлсіз жарығында күмпиген күмбез киттің арқасына ұқсайды. Бұларға енді аяқ басқан сайын ортасын карниздің өрнектелген суретімен жасырған бақылағыш тесіктер кездесе берді. Осындай тесіктің біреуінен қарап, Дик мінәжатхананың тас еденін, балауыз шырақ жағулы тұрған алтарьды және алтарь алдындағы басқышта қолдарын көтеріп, шоқынып отырған сэр Оливерді көрді.

Күмбезді айналып шығып, бұлар қысқа басқышпен төмен түсті. Жол жіңішкере бастады. Қабырғаның бірі ағаш екен, арасындағы қуыстардан шамның жарығы түсіп, адамдардың дауыстары естіледі. Кенет Дик көздің үлкендігіндей дөңгелек тесікті байқап қалды. Сол тесіктен сығалап, Дик залдың ішін көрді, үстеріне сауыт киген алты еркек үстелді айнала жайғасып, құстың етінен жасалған паштетті жеп, ашқарақтана шарап ішіп отыр. Бұлар, сірә, жаңағы келген жауынгерлер болса керек.

— Біз бұл жерден өте алмаймыз, — деді Дик, — жаңағы жерге қайта баруымыз керек.

— Тоқтай тұр, — деді Джоанна, — мүмкін, алдымызда жол бар шығар.

Сөйтті де алға қарай жүрді. Бірақ бірнеше ярдтан кейін жол кішкене басқышқа барып тірелді де, тап қазір; жауынгерлер залда тамақ ішіп отырған кезде, бұл жолмен білдірмей шығып кету мүмкін емес екендігі түсінікті еді.

Бұлар жан ұшыра кейін жүгіріп, екінші жолды қарай бастады. Бұл жол тым тар жол екен — оны мен бұлар сығылысып әзер-әзер өтті, минут сайын өздерінің өміріне қауіп төндірген кішкентай басқыштармен біресе жоғары көтеріліп, біресе төмен түсуге тура келді. Ақыр аяғында тіпті Дик те өздерінің қай жерде жүргендерінен жаңылысып қалды.

Онсыз да тар жол бірте-бірте тіпті жіңішкеріп, әрі аласара берді, басқыштар төмен ойысты, қабырғалары ылғалды әрі тиіп кетсең жабысады, әлдеқайда алыстан егеуқұйрықтың шиқылдаған даусы шықты.

— Біз жердің астындамыз, — деді Дик.

— Ал шығатын жол әлі көрінбейді, — деп қостады Джоанна.

— Осы тұста шығатын жол болу керек! — деп жауап қайырды Дик.

Дәліз кілт бұрылып, бірнеше қадам жерден кейін бітті. Сол жерде жоғарыға көтерілетін бірнеше басқыш бар екен. Үлкен тас тақта бұлардың жолын бітеп тастады, бұлар бар күшімен тас тақтаны орнынан қозғамақ болды. Бірақ жылжыта да алмады.

— Біреу ұстап тұр, — деді Джоанна.

— Жоқ, — деді Дик. — Егер оны бізден он есе күшті адам ұстап тұрса да, бәрібір ең болмаса құрттай жылжыр еді. Ол жартас сияқты қатып тұр. Оны ауыр бірдеңемен бастырып қойған. Бұл жерде енді жол жоқ, менің айтқаныма сен, қымбатты Джон, бұл арада біз екеуміз де тұтқындармыз, біздің аяғымызға кісен салып қойғанмен бірдей. Одан да отырып, әңгімелеселік. Біраздан соң қайтып барамыз, оған дейін олар бізді ұмытатын шығар, сәті түссе мүмкін қашып кетерміз. Бірақ, шынымды айтсам, біз сірә, қашып құтыла алмаспыз деп қорқамын.

— Дик! — деді Джоанна. — Сен мені неге ғана кездестірдің екен! Мына мен, бақытсыз әрі қайырымсыз қыз, сені осында алып келген!

— Оның бос сөз, — деді Дик көнбей. — Бұның бәрі тағдырдың жазғаны, ал тағдыр солай болғаннан кейін біз оған көнеміз бе, көнбейміз бе, бәрібір ол орындалады. Тағдырды кінәлап қайтеміз. Одан да маған өзің туралы айтып бер, сен кімсің және сэр Дэниэлдің қолына қалай түстің.

— Мен де сен сияқты жетіммін, менің әкем де, шешем де жоқ, — деді Джоанна. — Оған қоса, мен өзімнің, енді сенің де сорыңа қарай, бай қалыңдықпын. Милорд Фоксгэм менің қамқоршым еді. Бірақ сэр Дэниэл корольден мені күйеуге беру правосын сатып алды, шынын айтсам, тіпті қымбатқа сатып алды. Мен әлі кішкентай қыз болатынмын, дегенмен сол кезден бастап екі құдіретті, әрі бай адам мені күйеуге беру правосы үшін өзара таласқа түсті! Сол кезде төңкеріс болып, жаңа канцлер тағайындалды, сэр Дэниэл лорд Фоксгэмнен басым түсіп, маған қамқоршы болу правосын сатып алды. Кейін тағы да жаңа төңкеріс болды, енді лорд Фоксгэм сэр Дэниэлден мені күйеуге беру правосын сатып алды, содан бері ол екеуі әлі күнге дейін өзара араз. Бірақ мен өне бойы лорд Фоксгэмнің үйінде тұрдым, ол маған өте мейірімді қарады. Ақыр соңында ол мені күйеуге бермек болды, дәлірек айтсам, сатпақшы еді. Лорд Фоксгэм мен үшін бес жүз фунт стерлинг алмақ. Менің болашақ күйеуімнің атын Хэмли, тап ертең, Дик, екеуімізді атастырмақшы болатын. Егер сэр Дэниэл келіп қалмаса, мен күйеуге шығып кетер едім де, сені еш уақытта кездестірмеген болар едім, Дик. Сүйікті Дик.

Қыз оның қолын алып, сонша бір сүйкімді ізетпен сүйді. Дик те оның қолын сүйді.

— Сэр Дэниэл, — деп сөзін жалғастырды қыз, — мені бақта қыдырып жүргенімде ұрлап әкетті, сосын еркектің киімін киюге мәжбүр етті, ал бұл әйел үшін кешірілмес күнә. Оған қоса еркектің киімі маған тіпті де жараспайды. Ол мені Кэттлиге алып барды, сосын саған күйеуге шығатынымды айтты, оны өзің білесің. Бірақ мен әдейі оған қас қылу үшін Хэмлиге шығамын деп бекем бел байладым.

— Ә! — деп айқайлады Дик. — Сен сонда Хэмлиді сүйген болдың ғой!

— Жоқ, — деп жауап қайырды Джоанна. — Мен тек сэр Дэниэлді сұмдық жек көрдім. Содан кейін, Дик, сен маған көмек көрсеттің, сен керемет мейірімді екенсің, өте батылсың, мен сені еріксіз жақсы көріп кеттім. Енді, егер біз қашып құтыла алатын болсақ, мен саған күйеуге шығуға қуана-қуана келісер едім. Ал егер қатал тағдыр мені саған қоспаса, онда мен бәрібір тек сені ғана сүйетін боламын. Кеудемнен жаным шыққанша мен саған адал боламын:

— Сені кездестіргенге дейін, әйелдердің мүлде қадірін білгенім жоқ, — деді Дик. — Тіптен сені ер бала ретінде алғаш көргеннен-ақ саған үйір болдым. Неге екені белгісіз, сені бірден аяп кеттім. Белбеумен ұрайын деп едім, бірақ оған қолым бармады. Ал енді сен қыз екеніңді мойындағаннан кейін, Джон, — мен сені бұрынғыша Джон деп атайтын боламын, — маған дәл сен сияқты қыздың ұнайтынын бірден түсіндім. Ақырын! — деді ол сөзін бөліп. — Біреу келе жатыр!

Расында да тар жолдан біреудің тапырлай басып келе жатқаны естілді де, қаптаған егеуқұйрықтар тым-тырақай қаша жөнелді.

Дик отырған орнын қарады. Дәліздің кілт бұрылғанының әжептәуір пайдасы бар екен. Өзі қауіпсіз жерде тұрып, бұрыштан ата беруге болады. Тек тым жақын тұрған шам жарығы ғана кесел келтіреді демесе. Ол ілгері жүгіріп барып, шамды дәліздің ортасына қойды да, орнына қайтып оралды.

Дәліздің келесі шетінен Беннет көрінді. Ол, сірә, жалғыз келе жатқан болу керек, қолына алау ұстапты, сол алаудың арқасында Хэтчті көздеу өте оңай еді.

— Тоқта, Беннет! — деп айқайлады Дик, — Енді бір қадам бассаң, өлесің!

— Сіз осында екенсіз ғой! — деді Хэтч, қараңғыға көзін тігіп. — Сізді көрмей тұрмын. Өте дұрыс! Сіз ақылдылық жасапсыз, Дик, — шамды алдыңызға апарып қойыпсыз! Сізді бекерге үйретпегенімді байқап тұрмын, әрі өте қуаныштымын, дегенмен менің ақылымды пайдалана тұрып, мендей күнәкар бейшараны атып тастамақшысыз! Неғып бұл жерде жүрсіз? Сізге бұл жерде не керек? Сіз неге өзіңіздің кәрі мейірбан досыңызды нысанаға алып тұрсыз? Ә, бикеш те осында сізбен бірге екен ғой?

— Жоқ, Беннет, сұрақты мен қоямын, ал сен жауап беретін боласың, — деді Дик. — Өз өмірім үшін неге қауіптенуім керек? Мені өлтіру үшін жатқан бөлмеме белгісіз біреудің келуі қалай? Өз қамқоршымның алынбас қамалында қуғыншыдан қашуым неліктен? Бала кезімнен достарым деп есептеп жүрген және оларға ешбір жамандық істемеген адамдардан неге қашуға тиіспін?

— Мастер Дик, мастер Дик, - деді Беннет, — мен сізге не айтып едім? Сіз өте батыл, бірақ тым албырт баласыз!

— Мен саған бәрі белгілі екенін және шынында да халімнің мүшкіл екенін көріп тұрмын, — деп жауап қайырды Дик. — Жақсы, солай-ақ болсын! Осы орнымнан мен кетпеймін. Сэр Дэниэл, қолынан келсе, мені ұстап көрсін.

Хэтч сәл үнсіз қалды.

— Мені тыңдаңыз, — деп бастады ол сөзін, — мен қазір сэр Дэниэлге барып, оған сіздің қайда екеніңізді және не істеп отырғаныңызды айтамын. Ол мені сол үшін осында жіберген еді. Бірақ сіз ақымақ болмасаңыз, мен қайтып оралғанша, бұл жерден кетіп қалуыңыз керек.

— Бұл жерден қалай кетуді білсем, мен әлдеқашан кететін едім! — деді Дик. — Мен тақтаны қозғай алмай тұрмын.

— Қолыңызды бұрышқа тығып, сипалап көріңіз, — деп жауап қайырды Беннет. — Ал Трогмортонның арқаны әлі де қоңыр бөлмеде. Хош болыңыз!

Хэтч кілт бұрылып, дәліздің қуысымен кетіп қалды.

Дик со бойда шамды алып, оның айтқандарын істеді. Бұрышта терең қуыс бар екен. Дик соған қолын тығып, сипалап темір шыбықты тауып алды да, қатты тартып қалды. Сықыр етті де, кенеттен тас тақта орнынан жылжып қозғала бастады.

Жол ашылды. Бұлар ойықтың қақпасын оп-оңай ашып, төбесі күмбезделген, ауланың ішкі жағына орналасқан бөлмеге кірді, аулада екі адам жеңдерін түріп алып, манағы келген жауынгерлердің аттарын тазалап жатыр екен. Оларға қабырғадағы темір сақинаға іліп қойған екі алаудың жалпылдақ жарығы түсіп тұр.

V ТАРАУ

Диктің арғы бетке өтуі

Өзіне біреудің назарын аудармас үшін шамды өшіріп, Дик жоғарыға көтерілді де, дәлізді бойлай жүрді. Қоңыр бөлмеде ол өте ауыр әрі көне кереуетке байлаулы тұрған арқанды тауып алды. Терезенің қасына барып, Дик жайлап әрі сақтықпен арқанды қараңғылыққа түсіре бастады. Джоанна оның қасында тұр. Арқанның ұшы жоқтай таусылар емес. Бірте-бірте Джоаннаның бойын үрей билеп алды.

— Дик, — деді қыз, — бұл жер шынында да осынша биік пе? Бұдан төмен түсуге менің батылым жетпейді. Мен сөзсіз құлаймын, қайырымды Дик.

Дик селк етіп, ораулы арқанды қолынан шығарып алды. Арқанның ұшы шалп етіп орға түсті. Со бойда мұнарадағы күзетші айқай салып:

— Кім келе жатқан? — деді.

— Сайтан алғыр! — деді Дик. — Бүлдіріп алдық. Тезірек! Арқаннан ұста да, төмен түс!

— Мен түсе алмаймын, — деп сыбырлады қыз кейін шегініп.

— Егер сен түсе алмасаң, мен де түсе алмаймын ғой, — деді Шелтон. — Сенің көмегінсіз мен ордан қалай жүзіп етемін? Сонда сен менімен бірге болмайсың ба?

— Дик, — деді ол ентігіп, — мен түсе алмаймын. Менің әлім жоқ.

— Аспанмен ант етемін, онда екеуміз де құрыдық! — деп айқайлады Дик, тепсініп.

Жақындап келе жатқан адамдардың дыбысын естіп, ол жаппақшы болып есікке жүгірді.

Бірақ ол ілгішті жауып үлгіргенше, біреудің күшті қолы сырт жағынан есікті итеріп қалды. Ол бір секундтай ғана алысты, сосын, өзінің жеңілгенін сезіп, қайтадан терезеге жүгірді. Қыз қабырғаға сүйеніп терезенің қасында тұрған, қыз енді есінен танды, Дик оны көтермекші болып еді, бірақ қыз бар денесімен өлген адамдай сылқ етіп бұның қолына асылды да қалды.

Есікті жабуға мұрша бермеген адамдар енді оның өзіне тұра ұмтылды. Біреуін ол қанжармен түйреп өлтірді, қалғандары оқыс шегіне бастады. Осы опыр-топырды пайдаланып, терезенің алдына секіріп шықты да, арқанды екі қолымен ұстай алып, жылжып төмен түсе бастады.

Төмен түсуді жеңілдететін арқанның көптеген түйіндері бар екен, бірақ Дик әрі асыққандықтан, әрі мұндай істе тәжірибесіз болғандықтан, дарға асып қойған қылмыскердей, ауада шайқала бастады. Ол кедір-бұдыр тас қабырғаға біресе басымен, біресе қолымен соғылды. Құлағы шуылдап кетті. Жоғарыдан ол жұлдыздарды көрді, төменнен де, ордағы судың бетіне түскен, дауыл алдында қалтыраған қу жапырақтар сияқты, дірілдеп тұрған жұлдыздардың сәулесін көрді. Сосын арқан оның қолынан шығып кетіп, ол мұздай суға күмп берді.

Суға сүңгіп шығып, ол әлі де шайқалып тұрған арқанды ұстай алды. Жоғарыда, тіс-тіс мұнараның төбесінде жарқыраған алаулар көрінеді. Олардың қызыл-ала сәулесі мұнараның тастан қашалған тістерінің арғы жағында тұрған жауынгерлердің беттеріне түсіп тұр. Дик мұны іздеп, олардың қараңғыға қалай көз тіккенін көрді, бірақ Дик төменде, өте алыста, ал жарық ол жерге жетпейтін, сондықтан олар бұны құр бекерге іздеуде еді.

Өзіне әжептәуір ұзын болып көрінген арқаннан ұстап, Дик ордың арғы бетіне қарай жүзбекші болды. Ол ордың ортасына жеткенде арқанның таусылып, керіліп қалғанын байқады, арқан енді оны кері тарта бастады. Ол арқанды тастап, судың бетіне салбырап тұрған талдың бұтағына жармаспақшы болып бар күшімен қолын созды, бұл осыдан бірнеше сағат бұрын сэр Дэниэлдің хабаршысына жағаға шығуға көмектескен тал еді. Дик суға бір батып, қайта шықты, тағы батып, тағы шықты, содан кейін барып ол бұтаққа әзер ілікті. Ол қас қаққанша талға өрмелеп шығып, діңгегінен тас қып құшақтап алды. Су киімінен сорғалап ағып жатыр, Дик қатты ентігіп, өзінің суға батпай, аман шыққанына әлі де сенбей тұр.

Судың шалп еткен даусы мұнараның үстіне жиналған жауынгерлерге оның қай жерде екенін сездірді. Қараңғыны қақ жарып, аспаннан жауған бұршақ сияқты, жебелер айналасына шаншылып жатыр, мұнардан біреу алау лақтырды, ол ауада жарқ етіп, айналаның бәріне сәулесін шаша, судың жағасына келіп құлады. Диктің бағына қарай, алау қайтадан шоршып, аударылып барып суға түсті де, өшіп қалды.

Дегенмен ол айналасына жарық түсіріп үлгерді. Атқыштар талды да, оның бұтақтарының арасына тығылған Дикті де көріп қалды. Дик теректен секіріп жерге түсіп, бар пәрменімен тұра қашып еді, сөйтсе де ол жебелерден құтыла алмады. Жебенің біреуі оның иығына тиіп, ал екіншісі басын жаралады.

Жарасы жанына батқан Дик одан сайын жан ұшыра жүгірді. Ол тегіс жерге шығып алды да, бара жатқан бағытын ойламастан қараңғыға қарай жүгіре берді.

Жебелер оның артынан атылып жатыр, бірақ көп кешікпей ол жебе жетпейтіндей жерге ұзап кетті. Дик бұрылып, артына қарап еді, Мот қамалынан әжептәуір алыстаған екен, әйтсе де қамалдың қабырғасында алаулардың жыпырлаған жарығы әлі де көрінеді.

Ол ағашқа сүйенді, қан мен су киімінен сорғалай ағып жатыр, дәл қазір, қасында жолдасы жоқ жападан-жалғыз қалған ол жарақаттанып әрі әбден әлсіреген еді. Дегенмен, бұл жолы өлімнен құтылды. Джоаннаның сэр Дэниэлдің қолында қалып қойғаны үшін ол өзін көп кінәлаған жоқ: бұның қолынан келмейтін кездейсоқ жағдайға ұшырағанына байланысты болды, әрі Дик қыздың тағдырына аса қайғыра да қойған жоқ, — сэр Дэниэлдің қатыгез екені рас бірақ ол ақ сүйектердің тұқымынан шыққан қызға қорлық көрсетуге қорқады, себебі қыздың құдіретті қамқоршылары оны жауапқа тартуы мүмкін. Енді ол мүмкіндігінше қызды достарының біріне тезірек күйеуге беруге асығатын шығар.

«Жарайды, — деп ойлады Дик, — бұл опасызды мен оған дейін ауыздықтап үлгерермін. Алғыс айтатындай оның ешқандай жақсылығы қалған жоқ, оның алдындағы өзімнің барлық міндетімнен құтылдым. Енді онымен ашықтан-ашық жауласа аламын, ал ашық шайқаста екі жақтың да жеңіске жету үшін ұпайы тең».

Дегенмен Диктің қазіргі жағдайы өте мүшкіл еді.

Ол орман ішінде аяғын әзер басып келеді. Айналасы тас қараңғы, жаралары солқылдап ауыра бастады, қалың шөптің арасында аяғы шалынысып, есеңгіреп қалды, сондықтан ол көп кешікпей жерге отыра кетіп ағашқа арқасын сүйеуге мәжбүр болды.

Есін алған ұйқыдан оянғанында, түн сейіліп бозарып, таң ата бастаған екен. Ызғырық жел жапырақтарды сыбдырлатады. Ұйқылы-ояу көздерімен Дик алдына тура қарағанда шамамен жүз ярдтай жердегі бұтақта қарайған бірдеңенің тербеліп тұрғанын көрді. Бірте-бірте таң бозарып, орманның іші әжептәуір ағара бастады. Дик те ептеп есін жиып, ақыр аяғында, ол жаңағы қарайғанның биік еменнің бұтағына асып қойған адам екенін түсінді. Асылған адамның басы кеудесіне салбырап түсіп кетіпті, жел соққан сайын оның денесі тербеліп, аяқ-қолдары ойыншық биші сияқты, ербең-ербең етеді.

Дик зорға дегенде орнынан тұрды, теңселе басып ағаштардың діңгегінен ұстап, асылған адамның қасына келді.

Бұтақ жерден шамамен жиырма футтай биіктікте екен, жендеттер бейшараны тым жоғары асып қойыпты, Диктің тіпті оны етігінен ұстауға да бойы жетпеді, оның үстіне беті күләпарамен жабулы болғасын Дик оның кім екенін біле алмады.

Дик жан-жағына қарап, жіптің екінші ұшы жуан еменнің астында гүлдеп өскен бір топ доланаға байлаулы тұрғанын көрді. Жігіт өзінің қолындағы жалғыз қаруы — қанжарын суырып алып, жіпті кесіп жіберді, өлік гүрс етіп жерге құлады.

Дик оның күләпарасын көтерді, бұл сэр Дэниэлдің хабаршысы — Трогмортон екен. Ол қамалдан ұзап кете алмапты! Оның күртесінің астынан бір қағаздың ұшы көрініп тұр, сірә, «Қара жебенің» жігіттері оны байқамай қалған болу керек. Дик қағазды суырып алды, сэр Дэниэлдің лорд Уэнслидэлге жазған хаты екен.

«Егер қайтадан төңкеріс бола қалса, — деп ойлады Дик, — осы хат арқылы мен сэр Дэниэлді әшкерелеймін, мүмкін тіпті өлім жазасына тартармын. Қағазды қойнына тығып алды да, өлікке дұға оқыды, сосын орманның ішімен ілгері қарай жүріп кетті.

Дик әбден әлсіреп, қатты шаршады, аяғы шалынысып қансырағандықтан құлағы шуылдап, әлсін-әлі есінен тана бастады. Дик ұзақ айналшықтап, адасып жүріп, ақыр аяғында үлкен жолға шығып еді, қараса Тэнстолл деревнясына жақындап қалған екен.

Бір дөрекі дауыс оған тоқта деп бұйырды.

— Тоқта! — деп қайталады Дик. — Аспанмен ант етемін, тоқтамақ түгіл мен құлауға жақынмын.

Сосын өз сөзін растағандай ол жолға гүрс етіп құлап түсті.

Тоғайдың арасынан екі еркек шықты, екеуі де үстеріне орманда киетін жасыл күрте киіп алған, екеуінің де қолдарында садақ, қорамсақ және шолақ семсер бар.

— Лоулесс, — деді жастауы, — мынау жас Шелтон ғой!

— Иә, Баршаның кегін қайтаратын Джон риза болады, — деді екіншісі. — Пәлі, бұл жігіт шайқасқа қатысыпты. Басынан жараланыпты, көп қан аққаны көрініп тұр.

— Иығынан да жараланыпты, — деп қосты Гриншив. — Бейшара, қатты азап шеккен екен. Сен қалай ойлайсың, оны осыншама жарақаттап жүрген кім? Егер біздің адамдардың біреуі болса, онда құдайға сыйына берсін: Эллис оның тәубесін қысқа қайырып, бірақ ұзын арқан сыйлар.

— Күшікті көтер, — деді Лоулесс. — Менің арқама сал.

Дикті арқасына салып, қолынан ұстады да, бұрынғы монах:

— Сен өз күзет орныңда қал, бауырым Гриншив. Бұны жалғыз өзім-ақ арқалап барамын, — деді.

Гриншив жолдың бойындағы қарауылына қайтып барды да, Лоулесс әлі есі кірмеген Дикті арқалап төбеден төменге қарай асықпай жүріп кетті. Лоулесс орманның шетіне жетіп, сайдың артындағы Тэнстолл деревнясын көргенде, күн де шыққан еді. Төңірек жым-жырт сияқты, тек жолдың екі жағында, көпірдің тап қасында да атқыштар жатыр, олар он шақты адам. Арқасында жүгі бар Лоулессті көргенде, олар нағыз сақшылар секілді садақтарын кезене бастады.

— Кім келе жатқан? — деп айқайлады олардың командирі.

— Уилл Лоулесс, крестпен ант етемін, сен де мені өзіңнің бес саусағыңдай білесің, — деп жауап қайырды жақтырмай.

— Парольді айт, Лоулесс! — деп талап етті командир.

Ақымақсың, саған аспан жар болсын, — деп жауап қайырды Лоулесс. — Әлде сен мені танымай тұрсың ба? Бәрің бірдей солдат болып ойнауға құмартып алыпсыңдар. Орманда тұрғаннан кейін, ормандағыларша өмір сүру керек, міне, сендерге менің паролім: Лоулесс қолын шығарды!

— Лоулесс, сен жаман үлгі көрсетіп тұрсың. Парольді айт, ақымақ! — деп айқайлады командир.

— Ал егер мен оны ұмытып қалсам ше? — деді Лоулесс.

— Өтірік айтасың, ұмытқан жоқсың, егер ұмытқан болсаң, аспанмен ант етем, мен сенің анау май басқан қарныңа жебені кірш еткізіп қадаймын! — деп жауап қайырды командир.

— Сендердің қалжыңды түсінбейтіндеріңді көріп тұрмын, — деді Лоулесс. — Пароль керек болса: «Дэкуорт пен Шелтон», ал мынау парольге қосымша сурет: Шелтон менің арқамда, мен оны Дэкуортқа апара жатырмын.

— Өте бер, Лоулесс, — деді күзетші.

— Джон қайда? — деп сұрады монах.

— Помещик құсап билік жүргізіп, салық жинап жатыр! — деп жауап қайырды сақшы.

Оның айтқаны рас еді. Лоулесс селоның ортасына орналасқан асхананың қасына келгенде, ол сэр Дэниэлдің шаруаларының арасында тұрған Эллис Дэкуортты көрді. Ол шаруалардан салық жинап, ақша алғандығы жөніндегі қолхатты жайбарақат беріп тұр. Шаруаларға бұл істің тіпті де ұнамайтыны бірден байқалады, — олар салықты тағы да төлейтіндерін жақсы түсінеді.

Лоулесстің кімді алып келгенін білгеннен кейін, Эллис со бойда шаруаларды босатып жіберді. Оның жүзінде шындай іш тартқаны, әрі қамқорлық нышаны бар, Дикті асхананың арт жағындағы бөлмеге апарып жатқызыңдар деп бұйырды. Бөлмеде жігіттің жарасын

жақсылап таңып, өте қарапайым әдіспен есін жиғызды.

— Айналайын, балақай, — деді Эллис, оның қолын қысып, — сенің әкеңді жақсы көрген, әкеңнің аруағы үшін сені де жақсы көретін досыңның үйінде қонақтасың. Біраз демал, сен әлі дұрыстап есіңді жиған жоқсың. Қандай жағдайға ұшырағаның жөнінде кейін айтып берерсің, сосын саған қалай көмектесу керек екенін бірге ақылдасамыз.

Екі сағаттан соң, аздап ұйқтап тұрған, бірақ әлі де өте әлсіз Диктің төсегінің шетіне Эллис келіп отырды да, одан, әкесінің аруағы үшін, Тэнстоллдағы Мот қамалынан қалай қашып кеткені жөнінде айтып беруін өтінді. Эллистің кең жауырынан қара күштің, жел қаққан бетінен өте адалдықтың, көздерінен асқан ақыл мен тазалықтың белгісін көрген Дик оған бірден мойынсұнып, соңғы екі күнде өзінің басынан кешкен оқиғаларын егжей-тегжейлі баяндап берді.

— Әулиелер сені қорғап келеді, Дик Шелтон, — деді Эллис, жігіт әңгімесін аяқтаған соң. — Олар сені бүкіл қайғы мен қатерден аман-есен алып шыққанына қоса, өмірінде бәрінен гөрі сенің әкеңнің ұрпағына көмек көрсетуді арман еткен адамға кездестірді. Маған адал бол, — ал сенің адал екеніңді мен көріп тұрмын, — біз екеуміз азғын опасыздың көзін құртамыз.

— Сіз оның қамалын шауып алмақсыз ба? — деп сұрады Дик.

— Қамалды шабуылмен алу — барып тұрған ақымақтық, — деп жауап қайырды Эллис. — Өз қамалында ол өте күшті, оның жауынгерлері көп. Кеше менің тұсымнан тұтас отряд өтіп кетті — ол сенің аман қалуыңа себеп болған отряд, — сондықтан да қазір сэр Дэниэлдің қорғанысы мықты. Жоқ, Дик екеумізге және біздің даңқты садақшыларымызға қалай болғанда да бұл жерден тезірек кетіп, сэр Дэниэлді жайына қалдыру керек.

— Мені Джоаннаның тағдыры алаңдатады, — деді бала.

— Джоаннаның тағдыры? — деп қайталап сұрады Дэкуорт, — Анау қыздың тағдыры екен ғой, енді түсіндім! Егер той жөнінде әңгіме бола қалса, біз.

ҮШІНШІ КІТАП. МИЛОРД ФОКСГЭМ

I ТАРАУ

Жағадағы үй

Ричард Шелтон өз қамқоршысынан қашып кеткелі бері бірнеше ай өтті. Осы бірнеше айдың ішінде Англия үшін аса маңызды көптеген оқиғалар болды. Құрып кете жаздаған Ланкастерліктердің партиясы қайтадан бас көтерді, Иорктар үйінің жақтастары қиратылып, олардың басшысының басы кесілді, қысқа қарай Ланкастерлердің үйі өздерінің барлық жауларын түгел жеңдік деп ойлады. Кішкентай қалашық Тилледегі Шорби тұс-тұстан келген ланкастерлік ақсүйектерге толып кетті. Мұнда үш жүз жауынгерімен граф Райзингэм, екі жүз жауынгерімен лорд Шорби, бұрынғыдай құдіретті, жаңа конфискелеуден кейін одан сайын байыған сэр Дэниэлдің өзі де бар, сэр Дэниэл алпыс жауынгерімен бас көшедегі өзінің жеке меншікті үйінде тұрады. Бір сөзбен айтқанда, жаңа төңкеріс болды.

Қаңтардың қараңғы кеші болатын, жел соғып, аяз одан сайын күшейе түсті, таңға жақын қар жаууы мүмкін еді.

Айлаққа апаратын қысқа көшелердің бірінде орналасқан шағын трактирде асығыс қуырылған жұмыртқаны жеп, эль ішіп үш адам отыр. Бұлар өте мықты, беттерін жел қаққан, қолдары қарулы, көздері өткір, ірі адамдар, өздері шаруаларға ұқсап қарапайым киініпті, дегенмен мас солдаттың өзі олармен жанжалдасуға дауалай қоймас еді.

Соларға жақындау жерде, лаулап жанған тас пештің алдында мүлдем жас, бала жігіт отыр, ол да жай шаруалар сияқты киінген, бірақ оның текті жерден шыққандығы, әрі семсер ұстауға лайық екені көрініп тұр.

— Бұл маған ұнамайды, — деді үстелдің басында отырғандардың бірі. — іс насырға шабады. Бұл сауықшыл жігіттердің орны емес. Сауықшыл жігіттер деревняны, қалың орманды, әрі айналасында жауларының көп болмағанын жақсы көреді, ал қаланың іші топырлаған адам. Көрерсіңдер әлі, таңертең қырсық болғанда, қар жауады.

— Осының бәрі мастер Шелтон үшін, — деді екіншісі, оттың алдында отырған жас жігітті нұсқап. — Бірақ ол үшін, — бауырларым, менің асылып өлгім келмейді!

Трактирдің есігі ашылды, бір адам ішке жүгіріп кіріп, оттың алдында отырған жас жігіттің қасына барды.

— Мастер Шелтон, — деді ол, — сэр Дэниэл екі алау ұстаушыны және төрт атқышты ертіп үйінен шықты.

Дик (бұл біздің жас досымыз болатын) орнынан ұшып тұрды.

— Лоулесс, — деді ол, — сен бақылайтын орындағы Джон Кэпперді алмастырасың. Гриншив, сен менің соңымнан ер. Кэппер, сен бізді бастап жүр. Ол енді Йорктың өзіне барса да, біз сэр Дэниэлдің артынан бір елі қалмаймыз.

Ә дегенше бесеуі бірдей қараңғы көшеге шықты. Кэппер — жаңағы келген адамның аты солай болатын — алыста желмен лаулап бара жатқан екі алауды көрсетті.

Қала қалың ұйқыда еді, бос көшелермен шағын отрядтың соңынан сездірмей еру тіпті де қиынға түспеді.

Алау ұстаушылар алдында кетіп бара жатыр, олардың артынан үстіне желге желбіреген ұзын желбегей киген адам, ал артында садақтарын дайын ұстап, атқыштар бара жатыр. Қисық-қисық, иір-шиір шағын көшелермен олар тез жағаға қарай бет алды.

— Ол түн сайын сол жаққа бар ма? — деп сұрады Дик сыбырлап.

— Үш күн бойы қатарымен, мастер Шелтон, — деп жауап қайырды Кэппер. — Әрдайым тек бір мезгілде және әр кезде де осындай аз адаммен, сірә, бұл жөнінде көп адамның білмегені жақсы деп ойлайтын болу керек.

Сэр Дэниэл мен оның серіктері қаланың шетіне шықты. Шорби дуалмен қоршалмаған болатын, осында тұрып қалған Ланкастерлік лордтар барлық үлкен жолдарға күзет қойғанмен, кішкентай қысқа көшелермен немесе даламен қаладан шығып кетуге болады.

Сэр Дэниэл келе жатқан қысқа көше кенеттен бітіп қалды. Алдынан құм көрініп, жанынан теңіздің толқыны шуылдайды. Бұл жерде ешбір күзетші де, жарық та жоқ.

Дик пен оның екі серігі сэр Дэниэлмен қатарласуға жақындап қалды. Қаланың үйлері бітіп, олар алыстан өздеріне қарсы келе жатқан алауды көрді.

— Е-е, — деді Дик. — Бұл жерде опасыздық бар сияқты!

Бұл екі ортада сэр Дэниэл тоқтады. Алаудың сабын құмға тығып қойып, олар біреуді күтетін адамдай қатарласа жатты.

Олар күтіп жатқан адамдар жақындап келді. Бұл не бары төрт адамнан тұратын кішкентай отряд екен: екі атқыш, алау ұстаған қызметші мен үстіне желбегей киген джентльмен.

— Бұл сіз бе, милорд? — деп сұрады одан сэр Дэниэл.

— Иә, бұл мен. Мен жер бетіндегі нағыз батыл рыцарьмын, себебі басқа рыцарьлар алыптармен, сиқыршылармен немесе мәжусилермен шайқасып жатса, мен қорықпай мәжусилердің барлығын қосқандағыдан да сұмдық мына қарғыс атқыр суықпен шайқасқа шықтым! — деп жауап қайырды екінші отрядтың басшысы.

— Милорд, — деді сэр Дэниэл, — сұлу бикеш сіздің көрген барлық азабыңыздың өтеуін қайтарады. Жолға шықсақ қайтеді? Егер сіз менің пұлымды тезірек көрсеңіз, онда екеуміз де тезірек үйге жететін боламыз.

— Оны неғып бұ жерде ұстайсыз, құрметті рыцарь? — деп сұрады бейтаныс кісі. — Егер ол тым жас, өте сұлу, әрі бай болса, онда сіз неге оған зиялы қауымда болуға рұқсат етпейсіз? Онда сіз қызды тезірек күйеуге бере алар едіңіз және осындай қыдыруға қолайсыз ауа райында қараңғыда серуендеп жүріп саусақтарыңызды үсітіп алам ба немесе жебеге тап болып қалам ба деп қауіптенбес едіңіз.

— Мен сізге бұрын түсіндіріп айттым ғой, милорд, — деп жауап қайырды сэр Дэниэл, — мұндай сақтанудың себебі тек менің жалғыз өзіме ғана қатысты деп істің жайын сізге айта алмаймын. Ал егер өзіңіздің ескі досыңыз Дэниэл Брэклиден жалыққан болсаңыз, сіз Джоанна Сэдлиге үйленгелі жатырмын деп бүкіл елге хабар таратыңыз, сонда менен тез құтыласыз, ол үшін мен ант етемін. Ол жағын арқамнан қадалған жебе реттейді.

Екі джентльмен асығыс елсіз даламен келе жатыр. Олардың алдарында түтіні мен ұшқынын шашыратып, жалынын желге лаулатып үш алауды ұстап алаушылар келеді, шерудің соңынан атқыштар еріпті.

Дик солардың соңынан жүрді, ол әрине, екі джентльменнің әңгімелерінің бір сөзін де естіген жоқ, бірақ бейтаныс адамның — мінез-құлқы жөнінде көптеген жаман әңгімелер айтылатын лорд Шорби екенін таныды, тіпті сэр Дэниэлдің өзі де оны жұрттың көзінше бірнеше рет жамандаған болатын.

Олар жағаға жетті. Ауадан тұздың иісі шығады, толқынның шуылы үдей түсті, осы жерде, дуалмен қоршалған үлкен бақтың ішінде ат қорасы және басқа кызмет жайлары бар кішкентай екі қабат үй тұр.

Алда келе жатқан алаушы қабырғадағы қақпаны ашты, сосын, бәрі бақтың ішіне кіргеннен кейін, оны жауып, ішінен кілттеп қойды.

Сонымен, Дик пен оның жолдастарының одан әрі баруға мүмкіншілігі болмай қалды, олар, әрине, қабырғадан ішке секіріп түсе алатын еді, бірақ ұсталып қалармыз деп қорықты.

Бұлар қалың өскен сарғалдақтың арасына жасырынып, күте бастады. Қабырғаның арғы жағынан алаудың қызыл жалынының үздіксіз қозғалғаны көрінеді, сірә, алау ұстаушылар бақты бар ынталарымен күзетіп жүрсе керек.

Жиырма минуттан кейін екі джентльмен де бақтың ішінен шықты. Бір-біріне иіліп, сыпайы ізет көрсетісіп, сэр Дэниэл мен барон әрқайсысы өзінің алау ұстаушылары мен нөкерлерін ертіп үйлеріне кетті.

Олардың аяғының ізі басыла берген кезде, Дик асығыс орнынан ұшып тұрды: ол қатты тоңып қалған еді.

— Кэппер, маған дуалға шығуға көмектесші, — деді ол.

Бұлар үшеуі дуалдың жанына келді. Кэппер төмен еңкейді. Дик оның иығына мініп, дуалдың үстіне шықты.

— Гриншив, — деп сыбырлады Дик, — менің артымнан сен де шық, сені байқап қалмас үшін етпетіңнен жат. Егер маған шабуыл жасалса, сен маған көмектесесің.

Осыны айтып, ол бақтың ішіне секіріп түсті.

Түн көрдей тас қараңғы еді, ешбір терезеден шамның жарығы көрінбейді. Жел жапырақсыз бұталардың арасынан гулеп түр, толқындар жағаға гүрс-гүрс соғады, басқа ештеңе естілмейді. Дик шыбықтарға шатысып, қолымен жолды сипалап аса сақтықпен алға қарай еңбектеді, ақыр соңында оның аяғының астынан қиыршық тастар сықырлағанда, ол аллеяға шыққанын түсінді.

Ол тоқтап, желбегейінің астынан арбалетін алды, сосын оны дайындаған күйі адымдай басып ілгері қарай жүрді. Аллея оны үйлерге алып келді.

Үйлер әбден тозығы жеткен, жартылай қирап жатыр, терезенің қақпақтары әзер ілініп түр, ат қораның ішінде ештеңе жоқ, есіктері айқара ашылып қалған, пішен сарайында — бір тал пішен жоқ, астық сарайында — бір түйір дән жоқ. Мұнда ешкім тұрмайтын шығар деп ойлауға да болар еді, бірақ Диктің алғашқы әсерге сенбейтіндей нақты негізі бар. Ол одан әрі қарай бастады: қосалқы үйлердің бәріне кіріп шықты, әрбір терезені ашып көрді. Ақыр аяғында, ол айналып, үйдің теңізге қарап тұрған жағына шықты, шынында да, екінші қатардағы терезеден шамның әлсіз жарығы көрінді.

Ол аздап артқа қарай шегінді, оған қабырғадан біреулердің жүрген көлеңкесі көрінген сияқты болды. Оның со бойда ат қораның ішін қараңғыда қолымен сипалап жүріп басқышқа кезіккені есіне түсті, ол уақыт кетірмей, жүгіріп барып басқышты алып келді, басқыш өте қысқа екен, бірақ оның жоғарғы сатысына шығып, Дик қолымен терезенің темір торынан ұстады да, көтеріліп бөлменің ішіне көз салды.

Бөлмеде екі әйел бар екен, олардың біреуін ол бірден таныды — ол Хэтч ханым еді, екіншісі — кестеленген ұзын көйлек киген сұңғақты, сұлу, кербез, бүлдіршіндей жас бикеш екен, — апыр-ау, расымен бұл Джоанна Сэдли ме? Расымен бұл өзі белбеуімен сабай жаздаған ормандағы жолдасы Джон ба?

Ол таң қалып басқыштың жоғарғы сатысына аяғын тіреді. Өзінің сүйген қызының осыншама сұлу екенін ол еш уақытта білген жоқ еді! Дикті қыздың сүюі мүмкін бе деп ол кенеттен күмәндана бастады. Бірақ ойлануға уақыт болмады. Тап қасынан біреу ақырын сыбырлап:

— Тсс! — деді.

Дик басқыштан жерге секіріп түсті.

— Бұл кім? — деп сыбырлады ол.

— Гриншив, — деп ақырын жауап берді серігі.

— Саған не керек? — деп сұрады Дик.

— Үйді біреулер торып жүр, мастер Шелтон, — деп жауап қайырды қарақшы. — Үйді күзетіп жүрген жалғыз біз емес. Қабырғаның үстінде етпетімнен жатып, мен қараңғыда жүрген адамдарды көрдім, олардың қалай ақырын ысқырғандарын естідім.

— Ғажап екен! — деді Дик. — Бұлар сэр Дэниэлдің адамдары ма?

— Олар емес, мәселе сонда болып тұр ғой, сэр, — деп жауап қайырды Гриншив. — Егер менің көзім дұрыс көрген болса, олардың бәрі де қалпағына қоңыр сызықтары бар ақ белгі тағып алыпты.

— Қоңыр сызықтары бар ақ белгі дейсің бе? — деп қайталап сұрады Дик. — Аспанмен ант етемін, мен ондай белгіні білмеймін. Біздің жерімізде ондай белгі жоқ. Олай болса, енді бақтың ішінен қайткенде де білдірмей шығып кетуге тырысайық, бұл жерде біз қорғана алмаймыз. Үйді Сэр Дэниэлдің адамдары, сөзсіз, күзетіп жүр, мен екі оттың арасында қалуға құмартып тұрғаным жоқ. Басқышты ал, оны орнына апарып қою керек.

Бұлар басқышты ат қораға апарып қойып, сипалап жүріп дуалға жетті.

Кэппер жоғарыдан оларға қолын созып, алдымен біреуін, содан соң екіншісін дуалдың үстіне тартып шығарды.

Бұлар сыбыстарын да білдірмей жерге секіріп түсіп, қалың өскен сарғалдақтарға қайтып жеткенше үндескен жоқ.

— Джон Кэппер, — деді Дик, — тездетіп Шорбиге жет. Жинап үлгерген адамыңның бәрін тез осында алып кел. Біз осы жерде кездесеміз. Егер адамдар жан-жаққа тарап кетіп, оларды тек таң ата жинап үлгерсең, онда біз қалаға жақындау бір жерде, мәселен, қалаға кіре берісте кездесеміз. Мен Гриншивпен осында қалып, үйді бақылаймын. Тез жүгір, Джон Кэппер, саған бір құдайдың өзі жар болсын! Ал енді, Гриншив, — деп сөзін жалғастырды ол, Кэппер кеткеннен кейін, — бақты айналып шығайық. Сенің көзің дұрыс көрді ме екен, соны білгім келеді.

Дуалдан қашығырақ жүріп, әрбір төмпешік пен ойпаң жерге жасырына жүріп бұлар ешкімді кездестірмей екі қабырғаны айналып шықты. Бақтың үшінші қабырғасы бойымен созылып жатыр, сол себепті оған көп жақындамас үшін бұлар құмның үстімен жүрді. Судың жаңа тасып жатқанына қарамастан, толқындардың күштілігі, құмды жағаның жазықтығы сонша, Дик пен Гриншивке толқын әрбір соққан сайын біресе тобығына, кейде тіпті тізесіне дейін неміс теңізінің тұзды суына малынуға тура келді.

Кенеттен бақтың ақ қабырғасында, көлеңке сияқты, біреуге екі қолымен белгі беріп жатқан адам пайда болды. Ол жерге жата қалды, бірақ іле-шала сәл әріректен екінші адам көтеріліп, жаңағы белгіні ол да қайталады. Сонымен, үнсіз пароль секілді, бұл белгі қоршалған бақтың айналасын түгел айналып шықты.

— Олар жақсы күзетіп жүр, — деп сыбырлады Дик.

— Құрғақ жерге қайтып барайық, қайырымды мастер Шелтон, — деп жауап қайырды Гриншив. — Бұнда тығылатын жер жоқ. Бізді байқау қиын емес: әрдайым толқын соққан сайын, ақ көбіктен біздің сұлбамыз анық көрінеді.

— Дұрыс айтасың, — деді Дик. — Тезірек құрғақ жерге жетейік!

II ТАРАУ

Қараңғыдағы қақтығыс

Су-су болып, әрі қалтырай тоңған Дик пен Гриншив қалың сарғалдақтың ішіне қайтып келді.

— Құдайдан тілерім, Кэппер уақтылы жетсе екен! — деді Дик. — Егер ол бір сағаттан қалмай келсе, мен әулие Мария Шорбийскаяның бейнесінің алдына шырақ қоямын.

— Неге сонша асығасыз, мастер Дик, — деп сұрады Гриншив.

— Мен қалайша асықпайын, достым, — деп жауап қайырды Дик, — Менің сүйген қызым осы үйде тұрады. Оны түнде құпия аңдып жүрген бұлар кімдер? Әрине, жаулар.

— Егер Джон тез келсе, біз оларды оп-оңай жеңеміз, — деді Гриншив. — Олардың мұндағы саны қырық шақты адамнан аспайды, оны күзетшілерді сирек орналастырғандарынан біліп тұрмын, жиырма адамнан тұратын біздің отряд оларды үркіткен торғай секілді қуып шығады. Дегенмен, өзіңіз ойлаңызшы, мастер Дик: сэр Дэниэлден гөрі басқа адамға барғаннан қыз қор бола қоймас. Оны кімнің аңдып жүргенін білу, әрине, қызықты.

— Мен лорд Шорби емес пе екен деп сезіктенемін, — деп жауап қайырды Дик. — Бұл адамдар қашан келді екен?

— Олар, мастер Дик, — деді Гриншив, — сіз дуалдан секіріп өтісімен келді. Дуалда мен қас-қағымдай жатпастан-ақ олардың біреуін көрдім: ол аса сақтана бұрыштан шығып келе жатты.

Үйдегі шам мана бұлар толқынмен арпалысып келе жатқанда өшіп қалған, сондықтан енді бақты қоршаған адамдардың қай уақытта шабуыл жасайтындарын білу мүмкін емес еді. Екі қырсықтың ол оңайлауын таңдап алды. Джоаннаны лорд Шорбидің қолына түскеннен құдай сақтасын. Жоқ, одан да оның сэр Дэниэлдің қолында қалғаны жақсы. Егер үйге шабуыл жасала қалса, онда Дик үйдегілерге көмектесемін деп бекінді.

Уақыт өтіп жатты, бірақ ешкім шабуыл жасаған жоқ, қамаушылардың басшысы өз қызметшілерінің сергектігін білгісі келгендей, әрбір он бес минут сайын бақтың қабырғасының бойымен манағы белгілер беріле бастайды; үйдің айналасы жым-жырт.

Біртіндеп Диктің қасына күткен адамдары келе бастады. Таң атпастан көп бұрын сарғалдақтың арасындағы оның қасына енді жиырма шақты адам жиналын қалды.

Дик оларды екі топқа бөлді, шағын топты ол өзіне алды, ал үлкенінің командирі етіп Гриншивті тағайындады.

— Тыңда мені, Кит, — деді ол Гриншивке, — сен өз адамдарыңды бақтың қабырғасының жағаға шығатын жақын бұрышына орналастыр, содан соң бақтың екінші жағынан менің шабуыл жасағанымды естігенше күт. Мен оларға теңіз жақтан шабуыл жасағым келеді, себебі олардың басшысының со жақта болуы мүмкін. Қалғандары қашып кетеді. Олар, мейлі, қаша берсін. Естеріңде болсын, жігіттер; атуға болмайды — өзіміздің адамдарға тиіп кетуі мүмкін. Қолдарыңдағы семсермен айқасыңдар, тек қана семсермен. Егер біз жеңіске жетсек, кейін өзімнің имениемді қайтып алысымен, әрқайсыңа бір алтын теңгеден беремін.

Ер жүрек, әскери өнердің бар шеберлігін меңгерген, бірақ өмірдің қатал соққысына ұшыраған адамдардың — ұрылардың, кісі өлтіргендердің және қайыршылық күйге ұшыраған шаруалардың арасына түскен адамдар, өзінің кек алу ниетін орындау үшін Дэкуорттың қасына жинаған адамдары, — өз еркімен Ричард Шелтонға еріп Шорбиге келді. Олар сэр Дэниэлдің ізін бағып қалада отырудан әбден жалықты, сондықтан олардың көпшілігі наразылық білдіріп, кетеміз деп қорқыта бастады. Енді қызу айқастың болатынын, тіпті олжа түсіп қалуы да мүмкін екенін білгенде, олар қайтадан көңілденіп, алдағы шайқасқа қызу дайындала бастады.

Олар өздерінің ұзын желбегейлерін шешіп тастады, оның астынан біреулері жасыл шекпен, ал кейбіреулері — мықты былғары күрте киіпті, көпшілігі құлақшынның астынан темір дулыға киіп алған, барлық қару-жарақтары семсер, қанжар, найза және жарқыраған он шақты ұзын сапты айбалта. Мұндай қарумен тіпті феодалдардың тұрақты әскерлерімен де шайқасуға болатын. Садақтарын, қорамсақтарын, желбегейлерін сарғалдақтың арасына тығып тастап, екі отряд та батыл алға жүріп кетті.

Бақты айналып шығып, Дик өзінің алты жауынгерін бақтың дуалынан жиырма ярдтай жерге орналастырды, содан соң өзі солардың алдына барып тұрды. Олар бірден бәрі қосылып айқайлап, жауларына бас салды.

Шашыраңқы орналасқан, әрі әбден тоңған, мұндайды күтпеген жаулары орындарынан атып тұрып, сасқалақтай жан-жағына қарасты. Олар есін жинап, қарсыластарының саны қанша екенін ойлап үлгергенше, бақтың екінші жағынан да тап сондай айқай шықты. Өздерінің жеңілгендеріне ешбір күмән келтірмей, жаулар тұра қашты.

«Қара жебенің» екі отряды да екі жақтан теңізді бойлаған дуалдың қасына келді, осылайша олар қарсылас әскерлерінің бір бөлігінің шегінетін жолын кесіп тастады, қарсыластарының қалған жауынгерлері тым-тырақай қашып, қараңғыға еніп жоқ болды.

Дегенмен, бұл шайқастың жаңа ғана басталған кезі еді. Дик өзінің қаңғыбастарымен дұшпандарына тұтқиылдан тиісті, оның басымдылығы тек осында ғана болатын, бірақ шабуылға ұшырағандардың саны шабуыл жасағандардан әлдеқайда көп. Сол екі арада теңіз таси бастады, жаға тілдей сызыққа айналып кетті. Қараңғы түнде теңіз бен бақтың дуалының арасында өліспей беріспейтін айқас басталды, оның немен аяқталатынын білу мүмкін емес еді.

Бейтаныс адамдар жақсы қаруланған, олар шабуыл жасаушыларға үн-түнсіз қарсы шықты, ұрыс енді жекелеген айқасқа айналып кетті. Дик бірінші болып шабуыл жасап, жалғыз өзі үш кісімен айқасып жатыр: ол біреуін бірден құлатты, бірақ қалған екеуі қатты қарсыласып, Дик тіптен шегінуге мәжбүр бола жаздады. Ол айқасып жатқан екеудің біреуі алып тұлғалы, еңгезердей еркек еді. Зілдей семсерді қос қолымен ұстап алып, жеп-жеңіл таяқ сияқты, оңды-солды сермеп жүр. Осындай қолы ұзын қарсыласымен шайқасқанда, айбалтадан басқа қаруы жоқ Дик, өзін қорғансыз сезінді, егер екінші қарсыласы да тап осылай қызу шабуыл жасаса, жігіт сөзсіз өлетін еді. Бірақ аласа бойлы әрі жолдасына қарағанда епсіздеу екінші қарсыласы кенеттен қараңғыға қарап әрі ұрыстың айқай-шуын тыңдап тұрып қалды.

Дик соққы берудің ыңғайлы сәтін күтіп алыптан кейін шегіне бастады. Оның үстінен зор семсердің жүзі жарқ етіп, төмен түсті. Дик жалт беріп, тез алға ұмтылды да, өзінің айбалтасын сермеп қалды. Жан түршіктіре айқайлаған дауыс шығып; жаралы адам өзінің зор семсерін көтеріп үлгіргенше, Дик оны тағы да екі рет ұрып, жерге құлатты.

Енді Диктің бір-ақ қарсыласы қалды, онымен тең жағдайда айқаса алады. Екеуінің бойы да бірдей деуге болады, Диктің қарсыласы соққыны дарытпауға өте шебер екен. Онда семсер мен қанжар бар, ал Дикте тек айбалта ғана, бірақ Дик оған қарағанда әжептәуір ептілеу. Алғашқыда олардың ешқайсысы да басымдыққа жете алмады, бірақ қарсыластардың жасы үлкенінің жастауынан гөрі тәжірибесі мол екен, сондықтан ол жасты өзінің қалаған жағына қарай бұрды. Кенет Дик екеуінің де тізеге келетін судың ішінде, тасыған толқындардың арасында айқасып жатқанын көрді. Бұл жерде оның ептілігінің пайдасы жоқ болып шықты, ол енді қарсыласының ырқына көнуге мәжбүр болды. Диктің жолдастары алыста қалды, ал тәжірибелі қарсыласы оны бірте-бірте теңізге қарай ығыстыра берді.

Дик тістеніп алды. Ол айқасты қалай болғанда да тез аяқтағысы келді, сондықтан да толқын кейін қайтып, бір сәтке қара жер көрінген кезде тез алға ұмтылып, семсердің соққысын айбалтасымен қағып қайтарып, қарсыласының алқымына шап берді. Ол жерге шалқасынан құлап түсті. Дик те оның үстіне құлады. Қарсыласы судың астында жатқан кезде, Дик оның қанжарын қолынан жұлып алып, дұшпанын жеңгеніне қуанып, орнынан түрегелді.

— Беріліңіз! — деді ол. — Өміріңізді сақтаймын.

— Берілемін, — деді анау, тізерлеп тұрып. — Жас жігіттердің бәрі сияқты, сіз де епсіз, ойланбастан, бірақ әулиелермен ант етемін, өте батыл шайқасады екенсіз!

Дик жағаға шықты. Қараңғыдағы қақтығыс әлі аяқталған жоқ, сондықтан қай жағының жеңетінін білу әзірше қиын еді. Толқындардың шуылымен араласып болаттың болатқа соғылған сартылы, жоғаланғандардың ыңырсығаны, шабуылға шыққандардың жеңгендегі айқайы естіліп жатыр.

— Мені өзіңіздің командиріңізге алып барыңыз, жігітім, — деді жеңілген рыцарь. — Бұл қырғынды тоқтату керек.

— Сэр, — деп жауап қайырды Дик, — бұл батырлардың бір ғана командирі бар, ол қазір сіздің алдыңызда тұр.

— Онда өзіңіздің жігіттеріңізді шақырып алыңыз, ал мен өзімнің қызметшілеріме ұрысты тоқтатыңдар деп әмір етемін, — деді жеңілген рыцарь.

Оның даусында, іс-қимылында асқан ізеттіліктің нышаны көрініп тұр, сондықтан Дик алданып қалам ба деп қорыққан жоқ.

— Қаруды тастаңдар! — деп айқайлады бейтаныс рыцарь. — Мен берілдім, менің өмірім сақталатын болды.

Бұл сөздер соншама өктем айтылып, ұрыстың айқай-шуы бірден тыйылды.

— Лоулесс, — деп айқайлады Дик, — сен тірімісің?

— Тірімін де, саумын да, — деп жауап берді Лоулесс.

— Қол шамды жақ, — деп бұйырды Дик.

— Бұл жерде сэр Дэниэл жоқ па еді? — деп сұрады рыцарь.

— Сэр Дэниэл? — деп қайталап сұрады Дик. — Бұл жерде ол бола көрмесін деп құдайға жалбарынамын. Егер ол осында болса, менің жағдайым қиын болар еді.

— Сіздің жағдайыңыз қиын болар еді дедіңіз бе, мейірбан рыцарь? — деп қайталап сұрады бұрынғы қарсыласы, — Оны қалай түсінуге болады? Сіз өзіңіз сэр Дэниэлдің жақтасы емессіз бе? Ант етемін, мен ештеңені түсініп тұрғаным жоқ. Олай болса, сіз менің отрядыма неге шабуыл жасадыңыз? Онда біз не үшін айқастық, менің албырт жас достым? Осы барлық түсініксіз мәселені шешу үшін, алдымен өзімді тұтқындаған джентльменнің атын айтсаңыз дұрыс болар еді.

Дик жауап беріп үлгергенше, тап қасынан біреудің даусы шықты. Диктің қараңғыдан байқағаны ол кісінің қара жолақты ақ белгісі бар екен, әрі ол өзінің бастығына ерекше ізетпен үн қатты.

— Милорд, — деді ол, — егер бұл джентльмендер — сэр Дэниэлдің дұшпандары болса, онда біз олармен шынында да бекер шайқасқан екенбіз. Бірақ енді біз осында қалатын болсақ, онда бұдан да жаман болады. Үйді күзетіп жүрген адамдар өліп немесе саңырау болып қалған жоқ. Біздің бұл жерде он бес минуттай шайқасып жатқанымызды олардың естімеуі мүмкін емес және де, әрине, қалаға хабар беріп үлгерді, егер біз қазір осы жерден кетпесек, онда бізге басқа қарсыластармен тағы да шайқасуға тура келеді.

— Хокслидің айтқаны дұрыс, — деді Милорд. — Сіз қандай шешімге келесіз, сэр? Қайда баруымыз керек?

— Қайда барам десеңіз, өз еркіңізде, милорд, — деді Дик. — Мен сізбен достасып кетуіміз мүмкін деп ойлаймын. Сізге өзімді біраз дөрекілеу таныстырдым, бірақ мен біздің бұдан былайғы қарым-қатынасымыз алғашқы танысқандағыдан гөрі өзгеше болғанын қалар едім. Біз қоштасуымыз керек, милорд. Енді бір-біріміздің қолымызды қысып; қош айтысайық, бірақ сіздің айтқан уақытыңызда және көрсеткен жеріңізде біз қайта кездесіп, бар мәселені ынтымақпен шешетін боламыз.

— Сіз өте сенгіш екенсіз, жігітім, — деді рыцарь, — бірақ бұл жолы сіз сенгіштігіңізден жамандық көрмейсіз. Мен сізбен таң ата Әулие Бикештің кресінің қасында кездесемін. Достар, соңымнан еріңдер!

Бейтаныс адамдар күдік туғызатындай шапшаңдықпен түн қараңғысына сіңіп, жоқ болды. Қарақшылар өздерінің ескі әдеті бойынша өліктерді тонап жатқанда, үйдің алдыңғы жағын көру үшін, Дик ақырғы рет бақтың дуалдарын айналып шықты. Шатырдың кішкентай терезесінен шам жарқырап тұр, осы жарық, сэр Дэниэлдің қаладағы үйінің арт жағындағы терезелерінен, сірә, жақсы көрінетін болу керек. Хокслидің қауіптенген белгісінің осы екенін Дик бірден түсінді. Енді көп кешікпей мұнда тэнстоллдық рыцарьдың жауынгерлері келу керек.

Ол құлағын жерге төсеп, тыңдай бастап еді, оған жақындап келе жатқан ат тұяқтарының дүбірі естілгендей көрінді. Дик асығыс, қайтадан артқа, жағаға қарай жүгірді. Бірақ ондағы жұмыс реттеліпті: төрт қарақшы тыр жалаңаш шешіндірген ақырғы өлікті суға тастау үшін сүйреп келе жатыр екен.

Бірнеше минуттан соң Шорбидің қысқа көшелерінен қырық салт атты шоқырақтап атып шыққанға кішкентай үйдің қасындағы елсіз жағада тып-тыныш әрі ешкім жоқ болатын. Бұл кезде Дик өзінің адамдарымен «Теке мен сырнай» асханасына келіп, таңғы кездесудің алдында аздап ұйқтап алмақшы болып, өзінің сауыт-сайманын шешіп жатыр еді.

IІІ ТАРАУ

Әулие Бикештің кресі

Әулие Бикештің кресі Шорбиден аса қашық емес, Тэнстолл орманының шетінде тұр. Осы жерде екі жол түйіседі — біреуі Холивудтан шығып, орманның ішімен өтеді, екіншісі — жазда ланкастерліктердің қиратылған армиясы кейін шегінген жол — Райзингэмнен. Осы жерде екі жол қосылып, бір жолға айналады да, ол төбеден төмен түсіп Шорбиге дейін созылады. Жолдардың қосылатын жерінің арт жағында кішкентай төбешік бар, сол төбешіктің үстінде жауын-шашынға желінген көне крест тұр.

Дик осы крестің қасына таңертеңгі сағат жетілер шамасында келді. Бұрынғысынша, күн суық екен, күміс қырау жамылған жер бозарып көрінеді, шығыстан арайлап таң біліне бастады. Дик крестің етегіндегі басқышқа отырып, плащына оранып алды да, жан-жағына мұқият қарай бастады. Бірақ ол көп күткен жоқ. Холивуд жақтан келетін жолдан жарқыраған сауытының сыртынан қымбат терілерден тігілген мантия жамылған джентльмен көрінді, ол тамаша ұрыс атына мініп, аяңдап келеді. Оның артынан, жиырма ярдтай қашықтықта, қолдарына найза ұстаған салт аттылар отряды келе жатыр, бірақ кресті көргеннен кейін жауынгерлер тоқтап тұрып қалды да, қымбат тері мантия жамылған джентльмен креске қарай жалғыз жүрді.

Ол дулығасының қалқанын көтеріп, бетін ашып келе жатыр, оның жүзі де салтанатты киіміне сай, өктем әрі маңғаз екен. Дик аздап абыржыңқырап өзінің тұтқынына қарсы жүрді.

— Уақытында келгеніңіз үшін, милорд, рақмет айтамын, — деді де, ол төмен иіліп тағзым етті, — Мәртебелі тақсыр, сіз аттан түспес пе екенсіз?

— Біз бұл жерде жалғызбыз ба, жігітім? — деп сұрады рыцарь.

— Мен соншама аңқау емеспін, — деді Дик, — орманның ішінде, мына крестің қасында қаруын дайын ұстап сенімді адамдарымның жатқанын сізге, мәртебелі тақсыр, айта аламын.

— Сіз ақылдылық істегенсіз, — деді лорд, — мен ол үшін өте қуаныштымын, себебі сіз кеше тәжірибелі христиан жауынгер емес, керісінше, аңғал сарацин сияқты шайқастыңыз. Дегенмен, ондай сөзді айту маған келісті емес, өйткені кеше мен жеңіліп қалдым ғой.

— Сіз кеше, милорд, тек құлап қалғандықтан ғана жеңілдіңіз, — деп жауап қайырды Дик, — Егер толқын маған көмекке келмесе, мен өлетін едім. Менің денемде әлі күнге дейін сіздің қанжарыңыздың салған белгісі бар. Былай деп ойлаймын, милорд, жағадағы осы соқыр айқастың бар қатері де, пайдасы да менің үлесіме тиді.

— Өзіңіздің жеңісіңіз үшін мақтанбауға ақылыңыз жететінін мен көріп тұрмын, — деді бейтаныс адам.

— Жоқ, милорд, — деп жауап қайырды Дик, — ол үшін көп ақылдың керегі жоқ. Енді қазір, күннің жарығында асқан батыл рыцарьдың берілгенін — маған емес, тағдырға, қараңғылық пен толқынға берілгенін — көріп тұрып, ұрыстың мен сияқты тәжірибесіз әрі ысылмаған жауынгер үшін мүлдем басқаша аяқталуы оп-оңай екенін білгенде, мен өзімнің жеңгеніме әжептәуір ұялып тұрмын және де оны сіз, милорд, түсініксіз деп ойламаңыз.

— Сіз әдемі сөйлейді екенсіз, — деді бейтаныс адам. — Сіздің атыңыз кім?

— Менің атым, егер білгіңіз келсе, Шелтон, — деп жауап қайырды Дик.

— Ал мені лорд Фоксгэм деп атайды, — деді рыцарь.

— Сіз бүкіл Англиядағы ең сүйікті қыздың қамқоршысы екенсіз ғой, милорд! — деді Дик. — Енді мен сізден өзіңіздің өміріңіз бен қызметшілеріңіздің өмірі үшін қандай құн алу керек екенін білемін! Сізбен жалынып сұраймын, милорд, маған рақымшылық істеп, жанымдай сүйген Джоанна Сэдли ханымды маған күйеуге беріңіз, сол үшін сіз өзіңіздің бостандығыңызды және қызметшілеріңіздің бостандығын аласыз, ал егер қаласаңыз, мен өмір-бақи сізге рақмет айтып, шын ниетіммен қызмет ететін боламын.

— Сіз сэр Дэниэлдің шәкірті емессіз бе? — деп сұрады лорд Фоксгэм. — Егер сіз Гарри Шелтонның ұлы болсаңыз, онда менің білуімше, сэр Дэниэл сіздің қамқоршыңыз болу керек еді ғой.

— Сіз аттан түссеңіз қалай болады, милорд? Сонда мен сізге өзімнің кім екенімді, менің жағдайымның қандай екенін, не себептен Джоанна Сэдлиді маған күйеуге беруіңізді сұрап тұрғанымды толық айтып берер едім. Мына басқышқа отырыңызшы, милорд, содан соң менің айтқандарымды ақырына дейін тыңдап, мені аса айыптамауыңызды өтінемін.

Осыларды айтып Дик лорд Фоксгэмге қолын созып, оның аттан түсуіне көмектесті. Дик Фоксгэмді төмпешіктің үстіндегі крестің қасына алып келді де, манағы өзі отырған жерге отырғызды, сосын текті тұтқынының алдында ізет сақтап түрегеп тұрып, оған өзінің кешегі күнге дейінгі бар өмірін баяндап берді.

Лорд Фоксгэм оны зор ықыласпен тыңдады.

— Мастер Шелтон, — деді ол, Дик сөзін аяқтағаннан кейін, — сонымен қатар сіз жер бетіндегі ең бақытты, әрі ең бақытсыз жас джентльменсіз. Бірақ бақытты болуға сіз өз еңбегіңізбен жеттіңіз, ал бақытсыздыққа сіз кінәлі емессіз. Бірақ қайғырмаңыз, сіз өзіңізге көмектесе алатын әрі көмектескісі келетін дос таптыңыз. Сіз сияқты текті тұқымнан шыққан адамның қарақшылармен достасқаны дұрыс болмағанымен, мен сіздің батыр әрі инабатты екеніңізді мойындаймын. Ұрыс кезінде сіз өте қауіптісіз, ал бейбіт кезде әдептісіз. Сіз болашағыңыз мол, жаныңыз жомарт жас жігітсіз. Жаңа төңкеріс болғанша, сіз имениеңізді қайтып ала алмайсыз. Әзірше ланкастерліктер билеп-төстеп тұрғанда, сэр Дэниэл оны өз имениесіндей пайдаланады. Менің тәрбиемдегі қыздың мәселесі де оңай емес. Мен оны бір джентльменге, Хэмли деп аталатын өзімнің туысқаныма күйеуге берем деп уәде етіп едім, уәде оған ертеректе берілген болатын...

— Аһ, милорд, одан бері сэр Дэниэл ол қызды милорд Шорбиге берем деп уәде етті! — деп Дик оның сөзін бөліп жіберді. — Бұл уәде осы жақында ғана берілгенмен, оның уәдесі, сірә, сіздің уәдеңізден ертерек орындалатын шығар.

— Сіз дұрыс айтасыз, — деп жауап қайырды лорд. — Міне, енді оған қоса менің өмірім сіздің қолыңызда екенін, өзімнің сіздің тұтқыныңыз екенін және де, ең бастысы, қыздың, біздің бақытсыздығымызға қарай, бөтен адамның қолында екенін ескеріп, мен сізге келісімімді беремін. Мына батыр жігіттеріңізбен маған көмектесіңіз...

— Милорд! — деді Дик, — Бұлар достасқаным үшін өзіңіз мені жаңа ғана кінәлаған өңшең қарақшылар ғой!

— Қарақшылар ма, басқалар ма, әйтеуір жақсы шайқаса біледі екен, — деп жауап қайырды лорд Фоксгэм. — Маған көмектесіңіз, егер біз бірігіп бұл қызды қайтадан құтқарып алсақ, онда қыз сіздің әйеліңіз болады деп рыцарьлық антымды беремін.

Дик өз тұтқынының алдында тізесін бүкті. Бірақ рыцарь крестің етегінен ұшып тұрды да, жігітті орнынан көтеріп, туған ұлындай құшағына қысты.

— Сіз Джоаннаға үйленетін болғандықтан, — деді ол, — біз екеуміз дос болуымыз керек.

IV ТАРАУ

Ізгі үміт

Бір сағаттан кейін Дик «Теке мен сырнай» асханасында таңертеңгі тамағын ішіп отырып, өзінің шабармандары мен күзетшілерінің хабарларын тыңдады. Дэкуорт Шорбиге әлі келмепті, шынында да осындай кетіп қалушылық жиі болып тұратын, себебі елдің түкпір-түкпірлерінде оның әрдайым сан-алуан шаруасы болатын. «Қара жебе» бауырластығын кедейленген Дэкуорттың кек алу және баю үшін ұйымдастырғаны белгілі, оны жақсы білетіндердің көбісі, расында да Дэкуортқа Британия тағының тағдырын шешуші, даңқты ұлы ричард, граф Уорвикскийдің тыңшысы әрі өкілі деп қарайтын.

Қалай болған күнде де, Дэкуорт жоқ еді де, Шорбида оның міндетін Ричард Шелтон атқарды. Ол тәрелкеге үңіле, терең ойға батып отыр. Олар лорд Фоксгэм екеуі бүгін кешке шешуші соққы беріп, Джоаннаны күшпен тартып алатын болып келісті. Бірақ бұлар ойлаған істің қиын жағы да көп еді. Оның жіберген барлаушылары өте жайсыз хабар әкеліп жатыр.

Сэр Дэниэл теңіз жағасында болған кешегі қақтығыстан қауіптеніп қалды. Ол кішкентай үйді күзететін гарнизондағы адамдардың санын көбейтті, енді оны да місе тұтпай, үйге жақын маңдағы барлық көшелерге салт аттылармен қарауылдатып оларға сәл қатерлі жағдайды сезсеңдер маған тез хабарлаңдар деп бұйрық берді. Оның қаладағы үйінде ерттелген аттар мен бақайшағына дейін қаруланған жауынгерлер тек аттаныңдар деген хабарды күтіп дайын тұр.

Уақыт өткен сайын олардың ойлаған жоспарларын іске асыру мүмкін еместей көрінді. Кенет Диктің жүзі жадырап шыға келді.

— Лоулесс! — деп айқайлады ол. — Сен теңізші болып едің ғой. Мен үшін сен корабль ұрлай аласың ба?

— Мастер Дик, — деп жауап қайырды Лоулесс. — сіздің көмегіңізбен мен тіпті Йорктың соборын да ұрлап әкетуге дайынмын.

Олар бірден айлаққа қарай тартты. Ол құм төбелердің арасына орналасқан, айналасын бос жерлер, жайылымдар, үйіліп жатқан жартылай шіріген бөренелер мен қаланың шетіндегі тозығы жеткен лашықтар қоршаған әжептәуір үлкен шығанақ еді. Шығанақта көптеген палубалы және палубасыз кемелер тұр екен, — біреулері зәкірде шайқалып тұр, енді біреулері жағада жатыр. Көптен бері жайсыз болған ауа райы оларды ашық теңізден қуып, айлаққа келіп тығылуға мәжбүр етті. Түнерген қара бұлт, қатты желмен араласып жауған қиыршық қардан ұзамай тағы да дауылдың басталатыны сезіледі.

Теңізшілер суық пен желден қорғану үшін жағаға шығып, енді порттағы асханаларда қызу көңілдерін көтеруде. Зәкірде тұрған кемелердің кейбіреуінде тіпті бақылап отырған тірі пенде жоқ, уақыт озған сайын және жел одан әрі қатайған сайын осындай қараусыз кемелердің саны көбейе түсті. Лоулесс нақ осы кемелерге, әсіресе олардың жағадан алысырақ тұрғандарына назар аударды. Дик оған өзінің қалауына қарай әрекет жасауға ерік беріп, сосын өзі жартылай құмға көміліп қалған зәкірдің үстіне отырды да, біресе дауылдың азынаған үнін, біресе жақын жердегі асханадан естіліп жатқан теңізшілердің әнін тыңдап, бірте-бірте лорд Фоксгэмнің берген уәдесінен басқаның бәрін ұмытты.

Лоулесс оның иығынан түртіп, шығанаққа кірер жерде толқындарға шайқалып жалғыз тұрған кішкентай корабльді көрсетті. Бұлт астынан шыққан қысқы күннің әлсіз сәулесі кенеттен палубаға түсіп, бір сәт кеменің сұлбасы айқын көрінді. Осы кезде Дик палубада қайықты борттан суға түсіріп жатқан екеуді көріп қалды.

— Мынау сіздің осы түнде пайдаланатын корабліңіз, сэр, — деді Лоулесс. — Оны жақсылап есіңізге сақтап алыңыз!

Қайық корабльден бөлінді, оның үстінде екі еркек отыр, желдің бағытымен олар асығыс жағаға қарай есіп келе жатты.

Лоулесс жанынан өтіп бара жатқан бір адамды тоқтатты:

— Ана корабльдің аты қандай? — деп сұрады ол, шығанаққа кірер жерде тұрған кемені көрсетіп.

— Бұл Дартмуттан келген «ізгі Үміт», — деді әлгі кісі. — Капитанының аты Арблестер. Ана қайықтың тұмсығындағы есіп келе жатқан сол.

Лоулесске одан басқаны білудің керегі де жоқ еді. Өткіншіге асығыс рақмет айтып, ол қазір осы қайық келіп тоқтайтын құмды мүйіске қарай жүрді. Сол жерге тоқтап, «ізгі Үміттің» матростарын күтіп тұрды.

— Уа, тамырым Арблестер! — деп айқайлады ол. — Қандай қуанышты кездесу! Крестпен ант етемін, мұндай кездесуді тойлау керек! Ал мынау «ізгі Үміт» пе? Мен он мың корабльдің ішінен де таныр едім! Тамаша корабль! Жағаға жет, тамыр, сосын екеуміз жақсылап тұрып ішеміз! Есіңде мен саған өзімнің мұра алатыным туралы айтып едім ғой! Міне енді, сол мұраны ақыры алдым. Қазір байыдым, сондықтан теңізді қойдым. Мен енді эльдің ішінде ғана жүземін. Қолыңды бер, достым! Ескі досыңмен бірге іш.

Сопақ бет, мосқал тартқан, күн мен жел қақтаған, мойынына жіпке байлаған пышақ таққан, жүріс-тұрысы мен мінез-құлқы кәдуілгі теңізшілерден ешбір айнымайтын шкипер Арблестер аң-таң болып әрі сезіктеніп Лоулесстен шегіне бастады. Бірақ оның мұраға ие болғанын естігенде және де, ең бастысы, Лоулесстің аса шеберлікпен ақ көңіл маскүнем болып көрінгені шкипердің күдігін бірден тарқатып, ол қаңғыбастың қолын қысты.

— Мен сені есімнен шығарыппын, — деді ол. — Бірақ ол сөз емес! Біз, менің матросым Том екеуміз, тамырмен бірге ішуге әрқашан дайынбыз, Том, — деді ол, өзінің серігіне қарап, — мынау менің тамырым. Мен бұның атын ұмытып қалыппын, әңгіме онда емес, бірақ ол өте жақсы теңізші. Жүр, тамырмен, оның жолдасымен бірге отырып ішейік.

Лоулесс оларды жуырда ғана ашылған, аздап шеткерірек тұрған, сондықтан да айлақтың орталығынан гөрі адамы аздау шарапханаға алып келді.

Бұл шарапхана қазіргі кезде Америка ормандарының кейбір жерінде кездестіруге болатын бөренелерден жасалған жай ғана сарай еді. Ішіндегі бүкіл жиһазы қабырғаға жағалай қойған екі-үш шкаф, бірнеше жайдақ орындықтар мен үстел орнына бөшкелердің үстіне салып тастаған бірнеше тақтай. Бөлменің ортасында жан-жақтан азынаған жел үрлеп лаулатқан от жанып жатыр, ошақта жанған корабльдің сынықтары бүкіл бөлменің ішін қою түтінге толтырып жіберіпті.

— Міне, теңізшілердің рақат жері осы, — деді Лоулесс. — Далада қатты жауын-шашын мен жел гулеп құтырып тұрғанда осындай тамаша ошақтың басында отырып алып, шарапты тойғанша ішкенге не жетсін! «ізгі Үміт» үшін ішемін! Оның жеңіл жүзуін тілеймін!

Иә, — деді шкипер Арблестер, — осындай ауа-райы жаман кезде, теңізден гөрі жағада болған әлдеқайда артық. Ал сен қалай деп ойлайсың, матрос Том? Достым, сенің атыңды әлі есіме түсіре алмай отырғаным болмаса, айтқандарыңның бәрі дұрыс. Бірақ онда тұрған не бар, сен өте дұрыс айтасың. «ізгі Үміттің» жолы жеңіл болсын! Аминь!

— Достым Дикон, — деп сөзін жалғады Лоулесс, өзінің бастығына бұрылып, — сенің бір маңызды шаруаң бар сияқты еді ғой? Сен ұялма, бара бер мен екі байырғы теңізшімен серік болып тамашалап отыра тұрамын. Маған алаңдама, сен қайтып келгенде де біз осылай ішіп отыратын боламыз, бұл тамаша екі жігіт енді менен айрылмайды деп уәде беремін. Біз қайдағы бір жағадағы тышқандар емеспіз ғой, біз әбден әккі болған теңіз қасқырымыз.

— Жақсы айтылған сөз! — деп қостады оны шкипер. — Бара бер, балақай. Сенің досыңды, ал менің ескі тамырымды біз мұнда таң атқанша ұстаймыз, әулие Мариямен ант етемін! Мен теңізде өте ұзақ болдым, менің бүкіл сүйегіме тұз сіңіп қалған, сондықтан мен енді қанша ішсем де маған бәрібір аздық етеді.

Осы сөздерден кейін Дик орнынан тұрып, қош айтысты да, бұзылған ауа райына қарамастан «Теке мен сырнайға» қарай асығыс кетіп қалды. Шарапханадан ол лорд Фоксгэмге кешке олардың қолында мықты корабль болатыны жөнінде хабар айтып жіберді. Содан соң теңіз ісінен оны-мұны хабары бар екі қарақшыны қасына ертіп, айлақтағы құмшауыт мүйіске кетті.

«Ізгі Үміт» кемесінің қайығы көптеген басқа қайықтардың арасында тұр екен, дегенмен олар қайықты бірден таныды, себебі ол басқа қайықтарға қарағанда ең кішкентайы, ең жеңілі еді. Дик өзінің екі серігімен осы жаман қайыққа мініп, жағадан шыға бергенде, қатты толқын мен жел соғып, бұлар суға батып кете жаздады.

Біз ілгеріде айтқанымыздай, «ізгі Үміт» зәкірде жағадан қашық тұр еді, сондықтан толқын ол жерде бұдан да күшті болатын. Ең жақын корабльдің өзі бұдан бірнеше кабельттік жерде тұр, әрі олардың үстінде де ешбір адам жоқ, оған қоса қалың қар жауып, тез қараңғылық түсіп кетті, сондықтан біреу әдейі қарағысы келсе де, Дик пен оның жолдастарын көре алмас еді. Толқынға шайқалған қайықты кеменің арт жағына байлап тастады да, олар өрмелеп палубаға көтерілді. Өстіп, олар «ізгі Үмітті» басып алды.

Бұл өзі бір өте жақсы, тұмсығы мен ортадағы палубасы жабық, артқы палубасы ашық, мықты кеме еді. Ол бір мачталы, жабдықталуына қарай мен люгтердің аралығында болатын. Шамасы, шкипер Арблестердің жағдайы өте жақсы болу керек, себебі трюмнің іші француз шарабы құйылған бөшкелерге толып тұр. Ал кішкентай каютада әулие Мария бикештің мүсіні мен аузына кілт салынған сандықтар бар, ол капитанның діншіл екенін әрі қоры мол, бай екенін көрсетеді.

Корабльдегі жалғыз тірі жан — ит екен, ол өршелене үріп, ұрыларды өкшесінен тістеді, бұлар итті аяқтарымен теуіп каютаға кіргізіп, міндетін адал атқарған оны ызалана арсылдаған күйі жауып тастады. Қарақшылар қол шам жағып, жағадан корабль көрініп тұру үшін оны көтеріп, арқанға байлап қойды, содан соң бөшкелердің біреуін ашып, ойлаған істері сәтті болсын деп госкон шарабынан бір-бір тостағаннан ішті. Сосын қарақшылардың бірі шабуыл жасала қалса әзір тұрсын деп садақ пен жебені дайындап қойды, ал екіншісі қайықты өзіне жақындата тартып, ішіне секіріп түсті.

— Жақсылап күзет, Джек, — деді жас командир, қайыққа түскелі жатып. — Мен саған толық сенемін.

— Әзірше корабль осында тұрған кезде, бәрі дұрыс болады, — деп жауап қайырды Джек. — Ал сәл теңізге шыға қалсақ... Көрдіңіз бе, оның қалай селкілдеп кеткенін! Бейшара корабль менің сөзімді естіп қалып еді, емен қабырғалардың арасындағы оның жүрегі лүпілдеп кетті. Қараңызшы, мастер Дик, қалай тас қараңғы!

Шынында да, айналаның бәріне ерекше қараңғылық орнапты. Осы тас түнекте толқындар бірінен соң бірі аспанға шапшып, «ізгі Үміт» толқыннан толқынға секіріп, теңселіп тұр. Палубаға қар жауып, әрі теңіздің буырқанған көбігі құйылып жатыр, корабльдің жабдықтары желдің күшімен жабырқана сықырлайды.

— Ауа райы қатерлі екен, — деді Дик. — Ештеңе етпейді! Бұл тек қана дауыл ғой, ал дауыл ұзаққа созылмайды.

Дегенмен, аспандағы түнерген алай-түлей дауыл мен желдің ызыңдай ұлығаны оның еріксіз көңілің бұзды. Қайықтың ішіне отырып, «ізгі Үміттен» жүзіп кеткеннен кейін, Дик діншіл адамша шоқынып, құдайдан бүгін түнде жүзуге шыққан адамдардың бәрін сақтай гөр деп жалбарынды.

Құмшауыт мүйіске он шақты қарақшы жиналып қалған еді. Дик қайықты енді соларға беріп, тез корабльге барыңдар деп бұйырды.

Жағадан бірнеше қадам шыққаннан кейін, Дик өзіне қарсы асығыс келе жатқан лорд Фоксгэмді көрді, лорд бетін күләпарамен жауып алыпты, үстіне киген қарапайым шаруалардың шекпені оның жарқыраған сауыт-сайманын жат көзден жасырып тұр.

— Жас Шелтон, — деді ол, — сіз расында да теңізге шықпақшысыз ба?

— Милорд, — деп жауап қайырды Дик, — үйді салт аттылар күзетіп жүр, құрғақ жермен үйге білдірмей бару мүмкін емес, енді, сэр Дэниэл біздің оқиғамызды біліп қойғаннан кейін, бұл үйге құрғақ жермен сездірмей барудан гөрі желді ерттеп міну оңайырақ болады. Теңізбен барсақ бізге, әрине, суға кету қаупі төнеді, оның есесіне, егер суға батып кетпесек, қызды алып қашамыз.

— Бастаңыз, — деді лорд Фоксгэм. — Кейін қорқақтығыма ұялмау үшін, мен сіздің артыңыздан еремін, бірақ, шынымды айтсам, қазір өз үйімде төсекте жатқанымды тәуір көрер едім.

— Жүріңіз, — деді Дик. — Мен сізге корабльді алып баратын адамды таныстырайын.

Ол лордты өзінің қарамағындағы адамдармен кездесетін болып уәделескен жеріне, манағы жұпыны шарапханаға алып барды. Кейбір қарақшылар сыртта, есіктің алдында жүр екен, қалғандары ішке кіріп, Лоулесс пен екі теңізшінің айналасына жиналыпты. Олардың қызара бөрткен жүздеріне және бұлдырланған көздеріне қарағанда тиісті шегінен баяғыда асып кеткендері көрініп тұр, лорд Фоксгэмді қасына ертіп Дик шарапханаға келген кезде, олар Лоулесспен бірге дауылдың уіліне қосылып, теңізшілердің ескі зарлы әнін айтып отыр екен.

Жас қолбасшы шарапхананың ішін айнала қарап шықты. Ошаққа жаңа ғана ағаш тасталған екен, одан көп қою қара түтін будақтап, кең бөлменің бұрыштарын қараңғылық басып кетіпті. Дегенмен ол бұл жерде кездейсоқ адамдардан гөрі қарақшылардың әлдеқайда көп екенін бірден байқады. Содан соң көңілі жайланған Дик үстелдің қасына келіп, өзінін бұрынғы орындығына отырды.

— Әй, — деп айқайлады шкипер, мас дауыспен, — сен кімсің?

— Мен сізбен сыртқа шығып сөйлесуім керек, мастер Арблестер, — деді Дик — Ал әңгіме мынау туралы болады.

Сосын ол шкиперге оттың жарығына шағылысып жарқыраған алтын теңгені көрсетті.

Манағы өзі дәмдес болған жігітті танымай қалса да, теңізшінің көздері жайнап қоя берді.

— Жарайды, балақай, — деді ол, — мен сенімен барам... Тамыр, мен қазір келемін. Денсаулық үшін іше бер, тамыр!

Сөйтіп ол құлап қалмас үшін Днктен ұстап, есікке қарай жүрді.

Ол есіктің алдына шығысымен, бес адам оны тас қылып ұстап алып, байлап тастады, екі минуттан кейін ол енді аузына шүберек тығылып, аяқ- қолдары байланып пішен сарайдың ішінде жатты, үстінен шөппен жауып тастады. Қасына оның матросы Томды да апарып жатқызды, өстіп екеуінің таң атқанша өздерінің қасіретті тағдырлары жайлы ойлануларына мүмкіншілік берілді.

Енді жасырынудың қажеті жоқ еді, сондықтан лорд Фоксгэм уәделі белгімен өзінің жауынгерлерін шақырып алды, қайықтарды керегінше алып, олар тұтас бір флотилия болып, корабльдің діңгегіне байлап қойған шамның жарығына қарай жүзіп кетті. Олар палубаға көтерілісімен, жағадан қайықтарының ұрланғанын білген теңізшілердің айқай-шуы естілді.

Бірақ қайықтарын қайтарып алуға, не ұрланған Қайықтар үшін бұлардан өшін алуға теңізшілердің ешбір мүмкіндіктері жоқ еді. Ұрланған корабльге жиналған қырық шақты жауынгерлердің ішінен сегіз адам бұрын теңізде болған екен, сондықтан олар бірден матростың қызметін атқарды. Солардың көмегімен желкенді көтеріп қойды. Зәкірді көтеріп алды. Лоулесс аяғын әзер басып, әлі де қайдағы

бір теңіз балладасын ыңырсып айтып, рульге тұрды. Содан соң «ізгі Үміт» түн қараңғысында таудай-таудай толқындарға қарсы ашық теңізге шықты. Дик теңіз дауылына қарсы жабдықтардың қасында тұрды. Көзге түртсе көргісіз түн қараңғылығында «ізгі Үміттің» шамының жарығы мен алыста қалып бара жатқан Шорбидегі үйлердің бірен-саран жымыңдаған жарығы ғана жылт-жылт етіп, кейде «ізгі Үміт» толқындардың арасына кіріп кеткенде, таудай аппақ көбіктер көрініп қалады, бір сәт көбіктер қар жотадай аспанға атылып, со бойда тез кеменің астына батып жоқ болып жатты.

Кейбір қарақшылар қолдарына ілінген заттан ұстап палубада дауыстап шоқынып тұр, ал теңіз ауруымен ауыратын басқа біреулері трюмнің ішіне түсіп, әр түрлі жүктердің арасында жатыр. Осы қатты шайқалыс, әрі мас Лоулесстің желөкпелігі бұл сапардың сәтті аяқталатынына кімді болса да күмәндандырар еді.

Әйтсе де Лоулесс, өзінің бір ішкі сезімімен, тау- тау толқындардың арасымен кемені ұзыннан-ұзақ құмшауыт қайраңның қасынан алып өтіп, аман- есен тас айлаққа әкеліп тіреді, осы жерге олар «ізгі Үмітті» асығыс байлап тастады, сөйтіп ол қараңғыда сықырлай шайқалып тұрды.

V ТАРАУ

Ізгі Үміт

(Ж А Л Ғ А С Ы)

Айлақ Джоанна тұратын үйге өте жақын еді, енді тек адамдарды жағаға жеткізіп, үйге басып кіріп, тұтқын қызды ұрлап әкету ғана қалды. «ізгі Үміт» бұларды қарсыластарының тылына алып келіп, өзінің тиісті міндетін атқарып болды. Олар енді корабльдің керегі жоқ деп ойлады, себебі олар милорд Фоксгэм езінің қосымша күшін орналастырған орман арқылы шегінбекші.

Бірақ адамдарды жағаға шығару оңай болмады: көпшілігі теңіз ауруынан, ал барлығы бірдей суықтан азап шекті, корабльдегі тарлықтан әрі әбігерден кейін тәртіп босаңсып кетті, теңіздегі шайқалыстан бәрінін ұнжырғасы түсіп кетіпті. Айлаққа бәрі бірден шықты. Милорд семсерін суырып алып, өзінің адамдарын қорқытып тоқтатуға мәжбүр болды. Әрине, мұндай жағдай шу шығармай тұра алмады, ал қазір шу бәрінен де қауіпті еді.

Ақыр аяғында, өйтіп-бүйтіп тәртіп орнағаннан кейін, Дик бір топ таңдаулы жауынгерлермен алға жүрді. Жағада әлі де қараңғы болатын: теңіздің әр жерінен ағараңдап көбік көрінеді, ал құрғақ жердегі көзге түртсе көргісіз қараңғы; желдің гуілі еш бір дыбысты естіртпейді.

Дик айлақтың аяғына дейін жетіп үлгіргенше, жел кенеттен тына қалды, тыныштық орнаған кезде оған аттардың тұяғының тарсылы мен қару-жарақтың салдыры естілді. Дик өзінің серіктерін тоқтатып, жағадағы құмның үстіне секіріп түсті, бірнеше қадам жүргеннен кейін, ол шынында да алдарында адамдар мен аттардың келе жатқанына көзі жетті. Сөйтіп қатты қапаланды. Егер жаулары бұларды расында да аңдыған болса, егер сэр Дэниэлдің жауынгерлері айлақтың жағаға тірелетін шетін қоршап алған болса, онда бұларға, лорд Фоксгэм екеуіне қорғану өте қиын болады, себебі арттарында тек теңіз және де бұлардың жауынгерлері жіңішке қайраңда бір топ болып ұйлығысып тұр. Ақырын ысқырып, келісілген белгіні берді.

Өкінішке қарай, бұл белгі мұның ойлағанынан мүлдем басқаша нәтиже берді. Түн қараңғысынан жобамен атылған жебелер жауып кетті. Жауынгерлер қайраңда топталып, бір-біріне тым жақын тұрған, сондықтан кейбіріне жебелер тиіп жатты, қорыққан және жараланғандардың айқайлаған даусы шықты. Лорд Фоксгэм жараланып, құлап қалды. Хоксли оны со бойда корабльге апарыңдар деп бұйрық берді. Лорд Фоксгэмнің жауынгерлері ешбір басқарусыз қалды. Біреулері ұрысқа кірісіп кетті, енді біреулері мүлдем абыржып қалды. Осы абыржудың әсері олардың іле-шала тас-талқан болуының негізгі себебі болды.

Дик азғана батыл адамдарымен бір минут бойы қайраңның жағаға шығатын шетін ұстап тұрды.

Соңы не боларын ойламастан, рульді тастай салды.

Тап осы кезде «Ізгі Үміт» таудай толқынның үстінде шайқалып тұр еді. Көзді ашып-жұмғанша ол толқындардың арасындағы ойыққа кірді де кетті. Содан соң тағы да жаңа толқын көтеріліп, зор қара қабырға секілді корабльдің үстіне төніп қалды, қатты соққыдан селк-селк етіп, «Ізгі Үміт» тұмсығымен осы таудай ашу судың ішіне еніп кетті. Көгілдір толқын корабльді тұмсығынан бастап құйрығына дейін шайып өтті, палубаның үстіндегі адамдар тізесіне дейін суға малынды, шашыраған судың көбіктері мачтадан жоғары көтерілді. Толқындардың арасынан етіп, «Ізгі Үміт» жараланған аң сияқты аянышты сықырлап, қатты шайқалып, судың бетіне шықты.

Наразылық білдірушілердің алтау-жетеуі суға құлап түсті, ал қалғандары есін жиып, аздап сөйлеуге шамасы келген кезде, аруақ біткенді көмекке шақырып, Лоулесстен рульге қайта тұруын сұрап жалына бастады.

Лоулесске көп жалынудың қажеті де жоқ. Өзінің әділ ашу-ызасының қауіпті нәтижесін көргенде, ол бірден мастығынан айықты. «Ізгі Үміттің» батып кете жаздағанын бәрінен де жақсы түсінді, оған қоса корабльдің рульге бағынбауы әлі де қауіптің барлығын көрсетіп тұр.

Дикті толқын құлатып, ол суға батып кете жаздады. Дик орнынан әзер тұрып, тізесіне дейін су кешіп, корабльдің арт жағына, кәрі рульшінің қасына барды.

— Лоулесс, — деді ол, — жалғыз сен ғана бізді құтқара аласың. Сен батыл, қажырлы адамсың, әрі корабльді басқара білесің. Қасына сенімді үш жауынгерді беріп, оларға сені күзетіңдер деп әмір етемін.

— Оның қажеті жоқ, тақсыр, мүлде қажеті жоқ, — деді рульші, түн қараңғысына мұқият үңіліп. — Біз бұл құмшауыт қайраңнан өте тез қашықтап бара жатырмыз және қашықтаған сайын теңіз бізге бұдан да күшті шабуыл жасай бастайды. Көп кешікпей-ақ бұл жыламсақтардың бәрі бірдей құлайды, себебі, тақсыр, жаман адам еш уақытта жақсы теңізші бола алмайды, неге екенін білмеймін, бұл жерде өзіндік бір сыр бар, бірақ солай екені рас. Мұндай шайқалысты тек адал әрі батыл адамдар ғана көтере алады.

— Бұл теңізшілердің мәтелі ғой, Лоулесс, оның мәні де желдің гуіліндей болар, — деді Дик күліп. — Дегенмен біздің жағдайымыз қалай? Дұрыс келе жатырмыз ба? Айлаққа аман-есен жете аламыз ба?

— Мастер Шелтон, — деп жауап қайырды Лоулесс, — мен монах болдым, сол үшін тағдырыма ризамын. Жауынгер болдым, мен ұры болдым, мен теңізші болдым. Көп киім ауыстырдым, бірақ мен қара май сіңген теңізшінің күртесін емес, монахтың шапанын киіп өлгім келеді. Неге дейсіз ғой? Бұған өте маңызды екі себеп бар: біріншіден, кенеттен, тәубаға келмей өлгім келмейді, ал екіншіден, мына менің аяғымның астындағы ащы су маған жиіркенішті көрінеді! — Лоулесс еденді теуіп-теуіп жіберді. — Егер бүгін түнде теңізші сияқты теңізде суға кетіп өлмесем, — деді ол сөзін жалғастырып, — әулие бикештің құрметіне биік шырақ қоямын.

— Шынында да біздің халіміз өте нашар ма? — деп сұрады Дик.

— Өте нашар, — деп жауап қайырды қаңғыбас. — «Ізгі Үміттің» толқындардың арасымен баяу әрі ауыр жылжып келе жатқанын мүлде сезбей тұрсыз ба? Сіз расында да трюмдағы судың сылдырын естімей тұрсыз ба? «Ізгі Үміт» қазірдің өзінде-ақ рульге көнбей бара жатыр. Ал енді трюмдағы су көбейген сайын корабльдің не болатынын әлі көрерсіз, ол тура тас сияқты бірден теңіздің түбіне батады, немесе жағадағы жартастардың біріне соғылып қирайды.

— Ал өзің ғой түк қорықпайтың кісідей сөйлеп тұрсың, — деді Дик. — Сен шынында да ештеңеден қорықпайсың ба?

— Қожайын, — деп жауап қайырды Лоулесс, — мен ақырғы мекеніме өте ауыр күнә арқалап барамын. Өзіңіз ойлап қараңызшы: мен қашқын монах болдым, мен ұры болдым, одан әрі ойға келгеннің бәрін айта беріңіз, ешбір қателеспейсіз. Әйтсе де, мастер Шелтон, бір ғажабы, мен әлі де үмітімді үзбеймін. Егер шынымен суға кетіп өлетін болсам, онда ақыр аяғына дейін штурвалды қолымнан шығармай, су түбіне кемемен бірге кетемін!

Дик ләм деп жауап қатқан жоқ, бірақ кәрі қаңғыбастың батырлығы оны қатты толқытты. Лоулесске біреулер тағы да зорлық көрсете ме деп қорқып, Дик сенімді үш жауынгер іздеп кетті. Үстіне үздіксіз су құйылып жатқан палубада тірі жан жоқ. Судан, әрі қыстың қатты желінен қашып адамдар трюмдағы шарап құйылған бөшкелердің арасына барып тығылыпты, трюмға шайқалған екі шамның жарығы түсіп тұр.

Онда думан болып жатыр екен, қарақшылар мен жауынгерлер бірін-бірі Арблестердің гаскон шарабымен аямай сыйлап жатыр. Ал «Ізгі Үміт» толқындардың арасымен одан әрі ілгері қарай жүзіп барады, ол біресе таудай толқынның үстіне шығып, біресе тұмсығымен немесе құйрық жағымен ақ көбік атқан толқынның арасына тереңдеп сүңгіп кетеді, — әр минут өткен сайын тойлаушылардың саны азая бастады. Біреулері өздерінің жараларын таңып, екіншілері (бұлар көпшілігі) теңіз ауруының зардабын шегіп, ыңырсып, әр жерде домаланып жатыр.

Гриншив, Кьюкоу ақылы мен батырлығын Дик біраздан бері байқаған, лорд Фоксгэмнің отрядының жас жігіті ғана әлі де бұйрықты түсініп, орындауға шамалары келетін еді. Дик оларды рулінің қорғаушы етіп тағайындады. Содан соң қап-қара теңізге ақырғы рет көз тастап, ол лорд Фоксгэмнің қызметшілері өздерінің қожайынын апарып жатқызған каютаға түсті.

VI ТАРАУ

„Ізгі Үміт"

(СОҢЫ)

Жараланған баронның ыңырсыған даусы мен корабльдегі иттің ұлыған даусы шықты. Бейшара ит әлде өзінің достарын сағынды ма, әлде корабльге қауіп төнгенін сезді ме, әйтеуір оның қатты ұлығаны сонша, тіпті толқынның гүрсілі мен гуілдеген желдің даусы да оны баса алмады. Діншіл адамдарға бұл «Ізгі Үмітті» жерлеудің жоқтауы сияқтанып көрінді.

Лорд Фоксгэм төсекте, өзінің қымбат тері мантиясының үстінде жатыр. Құдай-ананың бейнесінің алдында шам жанып тұр, сол шамның көмескі жарығынан Дик жараланған адамның қаны қашып бозарған жүзі мен шүңірейген көзін көрді.

— Мен өлесі боп жараландым, — деді лорд. — Қасыма жақынырақ келіңізші, жас Шелтон. Жанымда ең болмаса текті тұқымнан шыққан бір адамның болғанын қалаймын, себебі мен бүкіл өмірімді байлық пен сән-салтанатта өткіздім, сондықтан маған мағынасыз ұрыста жараланғанымды және де кір әрі суық корабльде, теңіздің үстінде, осындай алуан түрлі азғындар мен қара жаяулардың арасында өлгелі жатқанымды сезіну өте ауыр.

— Милорд, — деді Дик, — мен сіздің жараңызды жазып, аман-есен жағаға жетуге көмектесіңдер деп аруақтарға жалбарынамын.

— Аман-есен жағаға жетуге? — деп қайталап сұрады лорд. — Біздің аман-есен жағаға жететінімізге сенбейсіз бе?

— Корабль әзер жүзіп келеді, теңіз құтырына, долданып тұр, — деп жауап қайырды жігіт, — ал біздің рулынінің айтуына қарағанда, бір кереметтің күшімен ғана жағаға аман-есен жетуіміз мүмкін екенін түсіндім.

— Аһ! — деп барон жабырқап. — Осындай сұмдық азап үстінде о дүниеге аттанады екенмін! Сэр, сіз құдайдан ауыр өмір тілеңіз, сонда өлетін кез келгенде жеңіл болады. Өмір мені ылғи әлпештеумен болды, ал маған ақырында қасірет пен бейнет көріп өлуге тура келіп тұр. Дегенмен өлер алдында мен бір аса маңызды шаруа істеуім керек. Сіздің корабліңізде священник жоқ па?

— Жоқ, — деп жауап қайырды Дик.

— Онда менің бұ дүниедегі жұмыстарыма кірісейік, — деді лорд Фоксгэм. — Сіз менің көзім тірісінде қандай кішіпейіл жауым болсаңыз, мен өлгеннен кейін де сондай сенімді досым боларсыз деп сенемін. Өзім үшін, Англия үшін және менің соңымнан ерген адамдардың барлығы үшін өте ауыр жылда көз жұмғалы жатырмын. Менің әскерімді Хэмли басқарады — ол сіздің нағыз бақталасыңыз болған адам. Олар Холивудтың ұзын залында жиналуға уәделесіп еді. Менің қолымдағы мына жүзік сіздің менің атымнан әрекет істейтініңізді дәлелдейтін болады. Оған қоса, мен Хэмлиге қызды сізге беруді өтініп бір-екі ауыз хат жазып жіберем. Бірақ сіз менің әмірімді орындайсыз ба, жоқ па, оны мен білмеймін.

— Сіз маған қандай әмір етпекшісіз, милорд? — деп сұрады Дик.

— Әмір етпекшісіз?... — деп қайталады барон, содан соң дүдәмалдау кейіппен Дикке қарады. — Айтыңызшы, сіз Ланкастердің жағындасыз ба, әлде Иорктың жағындасыз ба? — деп сұрады ол, ақыр аяғында.

— Мен сізге шынымды айтуға ұялып тұрмын, — деп жауап қайырды Дик, — оны мен өзім де білмеймін. Дегенмен, мен Эллис Дэкуортқа қызмет етемін, ал Эллис Дэкуорт Иорктар үйінің жақтасы. Сонда, мен де Йорктар үйінің жақтасы болатын шығармын.

— Бұл жақсы болды, — деді лорд, — бұл өте тамаша. Егер сіз Ланкастердің жақтасы болсаңыз, мен не істерімді білмес едім. Бірақ сіз Йорктар жағында болғандықтан, мені жақсылап тыңдаңыз. Асыл текті жас мырзам өзіне қарсылас лордтарға шабуыл жасамақшы, сондықтан оларды қуып жіберетіндей күш жинағанша мен Шорбнға онда жиналған лордтардың сыртынан бақылау үшін келдім. Қарсыластар армиясының саны, тосқауыл жасақтардың орналасуы жөнінде, жау әскерлерінің жайғасуы жайлы мәлімет жинадым осы мәліметті мырзама жексенбі күні талтүстен бір сағат бұрын орманның жанындағы Әулие Бикештің кресінің қасында беруім керек. Бұл кездесуге баруға сірә, шамам келмес, сондықтан да сізге өтініш айтамын: маған жақсылық жасағаныңыз болсын, сол жерге менің орныма сіз барыңыз. Сізді қуаныш та, қайғы да, боран да, жарақат та, оба да ештеңе тоқтата алмайтын болсын! Келісілген жерде, келісілген уақытта болыңыз, себебі Англияның тағдыры сол кездесуге байланысты.

Сіздің тілегіңізді орындаймын деп салтанатпен уәде беремін, — деді Дик, — Қолымнан келгеннің бәрін істеймін.

— Тамаша, — деді жаралы адам. — Милорд герцог сізге жаңа бұйрық береді, егер сіз оны шын ықыласыңызбен әрі жан салып орындасаңыз, онда болашағыңыз қамтамасыз етіледі. Шамды маған жақындатыңызшы, хат жазайын.

Ол екі хат жазды. Біреуінің сыртына былай деп жазды: «Ұлы мәртебелі менің туысым сэр Джон Хэмлиге», ал екіншісінің сыртына ештеңе жазған жоқ.

— Бұл хат герцогқа, — деді ол. — Паролі — «Англия және Эдуард», ал жауабы — «Англия және Йорк».

— Ал Джоаннаның тағдыры не болады, милорд? — деп сұрады Дик.

— Джоаннаны қолыңыздан келгенше өзіңіз алуға тырысыңыз, — деп жауап қайырды барон. — Екі хатта да қызды сізге күйеуге бергім келеді деп жаздым, дегенмен оны қалай алуды өзіңіз ойластыруыңыз керек. Өзіңіз көріп отырсыз, сізге көмектескім келіп-ақ еді, бірақ сол үшін өзім мерт болдым. Бұдан артық сізге ешкім де жақсылық жасай алмайды.

Жаралы тез әлсіреп қалды. Дик аса қадірлі хаттарды қойнына тықты да, оған күш-қуат тілеп каютадан шығып кетті.

Ызғарлы әрі бұлыңғыр таң біліне бастады. Қар жауып тұр. «Ізгі Үмітке» жақын жерде құмды шығанақтармен жырымдалған жартасты жаға созылып жатыр, ал алыстан, орманның арт жағынан Тэнстолл шоқыларының төбелері көрінеді. Жел шамалы бәсеңдеп, теңіз де аздап тыншыған сияқты, бірақ корабль суға әжептәуір батыңқырап кеткендіктен, толқындардың үстіне әзер-әзер жүзіп шығады.

Лоулесс бұрынғысынша рульді басқарып тұр. Кеменің үстіндегі адамдардың бәрі палубаға жиналып, қайырымсыз жағаға безірейе қарап қалыпты.

— Біз жағаға тоқтамақшымыз ба? — деп сұрады Дик.

— Иә, — деді Лоулесс, — егер оған дейін теңіздің түбіне кетіп қалмасақ.

Тап осы кезде корабль толқынның үстіне әзер шығып, трюмдағы су өте қатты шайқалғанда, Дик еріксіз рулынінің қолынан ұстай алды.

— Аспанмен ант етемін, — деді Дик, «Ізгі Үміттің» тұмсығы ақ көбік толқындардың арасынан шыға келгенде, — біз батып бара жатыр екенбіз деп ойладым. Тіптен жүрегім жарылып кете жаздады!

Гриншив пен Хоксли екі отрядтың ең жақсы адамдарымен палубаны бұзып, оның тақтайларынан сал жасап жатыр. Дик те соларға қосылып, сәл де болса да қауіпті жағдайды ұмыту үшін жұмысқа қызу кірісіп кетті. Бірақ оның бар ынтасына қарамастан, бейшара корабльге соғылған әрбір толқын өлімнің жақындап қалғанын сездіріп, қорқыныштан жүрегі мұздады.

Кенет ол жұмысын тастай сап басын көтерді, өздерінің бір мүйіске өте таяу келіп қалғандарын көрді. Айналасында ауыр толқындардың ақ көбіктері гүрілдеп, теңіз жуып тұрған жартас палубаның үстіне жақындап төніп қалыпты. Жартастың артында, құмды дөңнің үстінде, тап соның жалғасы сияқты бір үй тұр.

Шығанақтың ішінде толқындар одан бетер долданып, құтырынуда. Толқын «Ізгі Үмітті» көбіктенген өркешіне отырғызып алып, сырғыта жөнелді де, рулынімен санаспастан, құмды қайраңға апарып лақтырып тастады, артынша корабльдің үстімен жөңкіліп, оны әрлі-берлі шайқалта бастады. Содан соң таудай толқынның бірі — «Ізгі Үмітті» жағаға жақындатып апарып тастады, ақыр аяғында, келесі толқын оны аса қауіпті көбік атқан толқындардың арасымен алып өтіп, жағаға жақын қайраңға шығарды.

— Жігіттер, — деп айқайлады Лоулесс, — әулиелер бізді өлімнен құтқарды! Су қайта бастады. Отыра қап бір-бір тостағаннан шарап ішейік. Жарты сағаттан кейін біз көпірден өткен сияқты жағаға шығамыз.

Бөшке тесілді. Апатқа ұшырағандар шамалары келгенше қар мен шашыранды судан паналап отырды да, тостағанды жағалатты, шарап оларды жылытып, әрі көңілдерін көтерді.

Енді Дик ештеңеден хабарсыз, өлгенше үрейленіп жатқан лорд Фоксгэмнің қасына қайтып келді. Оның каютасына тізеге дейін су құйылыпты, шамдал қирап, өшіп, лорд тастай қараңғыда қалыпты.

— Милорд, — деді жас Шелтон, — енді қорықпаңыз, аруақтар бізді қорғаштап тұр. Толқындар бізді қайраңға әкеп тастады, енді теңіздің тасқыны аздап бәсеңдегенде, біз жаяу жағаға шығамыз.

Теңіздің суы «Ізгі Үміттен» кері қайтып, ақыр аяғында теңізшілер мұнарланып жауып тұрған қардың арасынан көмескіленіп көріне бастаған жағаға қарай бет алғанша бір сағаттай уақыт өтті. Жағадағы төбешіктің үстінде бұлардың әрбір қимылын сезіктене бағып қаруланған адамдардың шағын отряды жатты.

— Олардың бізге келіп, көмек көрсеткендері дұрыс болар еді, — деді Дик.

— Олар бізге келмей тұр ғой, оларға біз өзіміз барайық, — деді Хоксли. — Тамаша ошақ пен құрғақ төсекке біз неғұрлым тезірек жетсек, менің бақытсыз лордым үшін соғұрлым жақсырақ болады.

Бірақ төбешіктің үстіндегі адамдар кенет ұшып түрегелді де, апатқа ұшырағандарға жебелер бұршақтай жауа бастады.

— Кейін шегініңдер! Кейін шегініңдер! — деп айқайлады лорд. — Құдай үшін, сақ

болыңдар! Оларға жауап бермеңдер!

— Біз шайқаса алмаймыз! — деп айқайлады Гриншив, былғары күртесінен жебе суырып алып жатып. — Су-су болып, суық сүйегімізден өтіп қатып қалдық. Дегенмен, Англияға деген махаббатым үшін түсіндіріңізші маған, неге олар бақытсыздыққа ұшыраған жерлестерін соншама ызалана атып жатыр?

— Олар бізді француз қарақшылары деп ойлап қалды, — деп жауап берді лорд Фоксгэм. — Осындай мазасыз әрі опасыз кезеңде біз тіпті өзіміздің меншікті жағалауымызды, біздің Англияның жағалауын қорғай алмаймыз. Біздің ежелгі жауымыз өзіміз шамалы ғана бұрын теңізде де, құрлықта да жеңіп жүрген жауымыз енді осында қалаған уақытында келіп, тонайды, өлтіреді, өртейді. Бақытсыз отан! Міне, осындай да масқараға душар болдық!

Төбешіктегі адамдар келгендердің жағаға көтеріліп, құмды дөңнің арасындағы алаппен елге қарай кетіп бара жатқандарына зер сала қарап тұрды. Содан соң сәл күдік туғызса тағы да оқ жаудыруға даяр олар бір мильдей шаршап-шалдыққан, әбден қалжыраған қашқындардың артынан еріп отырды. Ақыр аяғында Дик өзінің серіктерін үлкен жолға шығарып, әскери тәртіп бойынша сапқа тұрғызғаннан кейін ғана, Англияның жағалауын сақ күзетушілер жауып тұрған қардың тасасында көрінбей қалды. Олар тек өздерінің жеке меншікті үйлері мен фермаларын, өз үй-іші мен мал-мүлкін ғана күзетуші еді — одан басқада түк шаруалары жоқ-тұғын, ал француздан ағылшын корольдігінің басқа деревнялары мен селоларын өртеп, адамдарын қырады-ау деген ой олардың қаперлеріне де кірмейді.

ТӨРТІНШІ КІТАП. БҮРКЕНШІ КИГЕНДЕР

I ТАРАУ

Жау ұясында

Дик Холивудтан аса қашық емес, Тилльдегі Шорбидан тоғыз-он мильдей жердегі үлкен жолға шықты; соңдарынан қуғыншы шықпайтынына көздері жеткеннен кейін, екі отряд бөлінді. Лорд Фоксгэмнің қызметшілері өздерінің жаралы қожайынын қауіпсіз әрі тыныш үлкен аббаттыққа алып кетті, олар жапалақтап жауған қардың қою мұнарына еніп көрінбей кеткенде, Диктің қасында он екі қаңғыбас қалды — оның бүкіл ерікті отрядынан тірі қалғандары осы ғана.

Көпшілігі жараланған болатын; олар сәтсіздіктен әрі ұзаққа созылған саяхаттан соң түгелдей ызалы еді; әбден ашыққан, оның үстіне қатты тоңған адамдар бүлік шығаруға шамалары келмегендіктен тек дәрменсіз күңкілдеп, өздерінің басшыларына түнере қарайды. Дик өзіне ештеңе қалдырмай шиланындағы бар ақшасын соларға бөліп берді, содан соң батылдық көрсеткендері үшін рақмет айтты, дегенмен, шынын айтсақ, керісінше, оларды қорқақтығы үшін жақсылап сөккен жөн болар еді. Дик ұзақ сәтсіздіктің әсерін осылай аз-маз бәсеңдетіп, оларға бір-екеуден бөлініп, байқаусыз Шорбиге жетіңдер де, мені сондағы «Теке мен сырнай» шарапханасында күтіңдер деп әмір етті.

«Ізгі Үміттің» үстінде болған оқиғаны есіне түсіріп, ол қасына тек жалғыз Лоулессті алып қалды. Тоқтаусыз жауған қардан төңірек түнеріп кетті; жел бірте-бірте бәсеңдеп, ақыр соңында біржола тынды, бүкіл әлем ақ көрпеге оранып, үнсіз тынып қалған сияқты. Оппа қарда жолдан оп-оңай адасып қалуға болады. Сол себепті Лоулесс ізге түскен аңшының иті сияқты мойнын созып алда келе жатыр, ол құтырынған теңізде корабльді басқарып тұрған адамдай әр ағашты тексеріп, әр сүрлеуді мұқият зерттеді.

Орманның ішімен бір мильдей жүргеннен кейін, олар қасында бірнеше жол тоғысқан, қисық-қисық биік емендер өскен кішкентай тоғайға келді. Бұл жерді табиғаттың осындай қарлы-боранды күнінде тану қиын емес еді, сондықтан да Лоулесс, сірә, оны тапқанына қатты қуанса керек.

Ал енді, мастер Ричард, — деді ол, — егер сіздің тәкаппарлығыңыз джентльмен болып тумаған, тіпті жақсы христиан деп те атауға болмайтын адамның қонақжайлылығын пайдалануға кедергі жасамаса, мен сізді дұрыстап жылыну үшін жақсы ошақтың жанында отырып бір тостаған шарап ішуге шақырамын.

— Баста, Уилл, — деп жауап қайырды Дик. — Шарап пен жып-жылы ошақ! Бұл үшін мен қайда болса да баруға дайынмын!

Лоулесс батыл басып алға жүрді де, жапырағы түсіп жалаңаштанған ағаштардың астымен етіп, көп кешікпей жартысына дейін қар басып қалған үңгірге келді. Үңгірге кірер жерде тамырлары жалаңаштанған зор шамшат өсіп тұр; кәрі кезбе бұтақтарды ығыстырып, жердің астына түсіп кетті.

Бір кезде қатты дауыл зор шамшатты үлкен шым кесегімен қоса жерден қопарып тастаса керек; тап осы шамшаттың астынан Лоулесс өзіне орманда тұратын баспана жасап алған. Шамшаттың тамырлары баспананың итарқасы, шымтезек төбесі, ал қара жер қабырғалары мен едені болған. Бір бұрышта түтіннен қарайып кеткен ошақ бар, екінші бұрышта темірмен мықтап құрсаулап тасталған, еменнен істелген үлкен жәшік тұр; тек осы заттарға қарап қана мұның аңның апаны емес, адамның үйі екендігін аңғаруға болады.

Үңгірдің ішіне де қар түскеніне қарамастан, оның іші даламен салыстырғанда кәдімгідей жылы екен; енді Лоулесс шақпақ жағып, одан ошақтағы құрғақ бұтақтар тұтанып, сытырлап жана бастағанда, тура үйдегідей әсер етті. Көңілі қуанышқа толып уһ деген Лоулесс, өзінің жалпақ қолдарын отқа созып, түтін иісін құшырлана жұтты.

— Міне, — деді ол, — кәрі Лоулесстің қоян іні. Мұны иттер иіскеп тауып алмаса екен деп құдайдан тілеймін! Мен он төрт жасқа толғанымда тұңғыш рет алтын шынжыр мен дұға кітабын ұрлап, аббаттықтан қашып кеттім, кейін оларды төрт марқаға сатып жібердім, міне содан бері талай жерді араладым. Қажылық қуып әрі өлімнен қашып мен Англияда, Францияда, Бургундия мен Испанияда болдым; мен барлық халықтардың жат жері — Теңізде де болдым. Бірақ менің нақты орным, мастер Шелтон, тек осы жер. Жердегі осы үңгір — осы жер менің отаным! Қар жауып тұра ма, күн жарқырап тұра ма, құстар ән салып, гүлдер менің төсегіме төгілетін апрельде ме немесе жақсы досым — ошақ екеуміз оңаша отыратын және орманда шымшық шырылдайтын қыста болсын — бұл үңгір маған бәрінде: шіркеуді де, базарды да, әйелді де, ұрпақты да алмастырады, мен қайда болсам да, бәрібір осы жерге әрдайым қайтып ораламын. Маған тек осы жерде елуді жаза көріңдер деп әулиелерден жалбарынамын.

— Дұрыс айтасың, сенің бұл баспанаң шынында да өте жайлы жер, — деп жауап қайырды Дик, — әрі жылы, әрі бөтен адамның көзіне түспейді.

— Иә, бұл баспана жақсы жасырулы, оның ең басты қасиеті сонда, — деп қостады Лоулесс, — егер мұны біреу-міреу тауып алса, менің жүрегім жарылып кетуі мүмкін. Мына жерде, — деді ол, құмды еденді күшті саусақтарымен қазып жатып, — мына жерде менің шарап сақтайтын кішкентай қоймам бар, сіз қазір бір құты тамаша күшті брага ішесіз.

Расында да, сәл қазғаннан кейін ол үлкен былғары торсық алып шықты, оның төрттен үшіне күшті, хош иісті эль құйылған. Олар әрқайсысы үшін ішіп жіберіп, тағы да ошаққа ағаш тастады, от қайтадан лапылдап жана бастады. Бойлары жылынғасын олар рахаттана аяқ-қолдарын жазды.

— Мастер Шелтон, — деді кезбе, — соңғы кезде сіз екі рет сәтсіздікке ұшырадыңыз; сіз қыздан да айрылып қалатынға ұқсайсыз. Мен дұрыс айтып тұрмын ба?

— Дұрыс, — деп жауап қайырды Дик, бас изеп.

— Ал енді, — деп сөзін жалғастырды Лоулесс, — барлық жерде болған, жаман-жақсының бәрін көрген кәрі ақымақты тыңдаңыз. Сіз бөтеннің тапсырмасын өте көп орындайсыз, мастер Шелтон. Сіз Эллис үшін бәрін жасайсыз; бірақ Эллис тек сэр Дэниэлді өлтіруді ғана арман етеді. Сіз лорд Фоксгэм үшін тырысасыз... Дегенмен, оған әулиелер жар болсын, оның ниетінің адал екеніне күмән жоқ. Бірақ өзіңіз үшін тырбанғаныңыз бәрінен де жақсы, қайырымды Дик. Қызға барыңыз. Оған сый-құрмет көрсетіп, көңілін аулаңыз, әйтпесе ол сізді ұмытып кетуі мүмкін. Әрқашан дайын жүріңіз де, бір сәті түскенде, атқа мінгізіп, алып қашыңыз.

— Аһ, Лоулесс, ол, мүмкін, сэр Дэниэлдің үйінде шығар, — деп жауап қайырды Дик.

— Несі бар, онда біз сэр Дэниэлдің үйіне барамыз, — деп жауап қайырды қаңғыбас.

Дик оған таңдана қарады.

— Таңданатын дәнеңе жоқ, — деді Лоулесс, — егер сіз менің сөзіме сенбесеңіз, мында қараңыз.

Қаңғыбас мойнына байлаған кілтін шешіп алып, емен сандықты ашты; ішін біраз қопарғаннан кейін, ол алдымен монахтың шапанын, содан соң жіптен өрілген белдікті, ақыр соңында, қару ретінде қолдануға болатын, зілдей ауыр, үлкен таспиықты алып шықты.

— Міне, — деді ол, — бұл сіз үшін. Киіңіз!

Дик монахтың киімін үстіне кигеннен кейін, Лоулесс бояу мен қарындашты алып, асқан шеберлікпен оның бет-аузын бояй бастады. Қастарын қалың әрі ұзындау етті; Диктің жаңа-жаңа тебіндеп келе жатқан мұртын қоп-қою мұртқа айналдырды; бірнеше сызық салып көз әлпетін өзгертті, енді жас монах өзінен гөрі әжептәуір егде болып көрінді.

— Енді мен де киімімді өзгертейін, — деді Лоулесс, — сонда бізді ешкім де нағыз монахтардан ажырата алмайды. Біз қорықпай сэр Дэниэлге барамыз, онда шіркеу-ананы құрметтейтіні үшін біздерді құшақ жайып қарсы алады.

— Сенің жақсылығыңды мен немен өтеймін, қымбатты Лоулесс, — деп айқайлап жіберді жас жігіт.

— Е, бауырым, — деп жауап қайырды қаңғыбас, — мен не істесем де, өз көңілімді көтеру үшін істеп жатырмын! Мен үшін мазаланбаңыз. Аспанмен ант етемін, мен өз қамымды өзім ойлаймын: менің тілім ұзын, даусым — тура монастырьдің қоңырауы сияқты, егер маған бірдеңе керек болса, өзім сұрап аламын, балам. Ал сұрағанда бере қоймаса, онда сұрамай аламын.

Кәрі қу сайқымазақтана бет-аузын қисаңдатты. Дик осыншама күдікті адамның өзіне қамқоршы болатынына іштей риза болмағанмен, шыдай алмай қарқылдап күліп жіберді.

Лоулесс сандығына кайтып келіп, өзі де монахша киінді. Лоулесстің шапанының қойнына бір құшақ қара жебені тығып алғанын көріп, Дик аң- таң болды.

— Бұлардың саған не керегі бар? — деп сұрады Дик. — Егер сен садақ алмайтын болсаң, саған жебе не үшін керек?

— Біз бара жатқан жерден кері қайтып шығу үшін алдымен біраз бас жарып, көз шығаруға тура келеді, — деп жайдары жауап қайырды Лоулесс, — Егер біз қолайсыз оқиғаға кездесіп қалсақ, онда біздің бауырластығымыздың өз абыройын жоғары ұстағанын қалар едім. Қара жебе, мастер Дик, біздің аббаттықтың мөрі. Ол кімнің есеп айырысқанын көрсетеді.

— Менің өзіммен бірге алып жүрген маңызды қағаздарым бар, — деді Дик, — Егер оларды тауып алса, дұшпандар мені де, ол қағаздарды маған берген адамдарды да құртады. Бұл қағаздарды қайда тығып қоюға болады, Уилл?

— Е-е, — деп жауап қайырды Лоулесс, — мен орманға барып, ысқырып, үш шумақ ән салам, ал сіз сол кезде оларды қалаған жеріңізге көміңіз де, үстіндегі құм топырақты тегістеп тастаңыз.

— Тіпті де олай істемеймін! — деп айқайлады Ричард. — Мен саған сенемін, достым. Егер саған сенбесем, мен жаман адам болар едім!

— Бауырым, сен баласың, — деді кәрі қаңғыбас, үңгірдің аузында тоқтап, Дикке бұрылып. — Мен мейірімді кәрі христианмын, опасыз сатқын емеспін және досым үшін қанымды аямаймын. Бірақ, ақымақ балақай, мен кәсіпшілігімнен, тумысымнан, машығымнан ұрымын. Егер менің бөтелкем бос болса, тамағым кеуіп қалса, онда мен сізді тонап алар едім, қымбатты балақай, сізді жақсы көретінім, сізді сыйлайтыным, сізге сүйсінетінім қандай рас болса, бұл айтқаным да сондай рас! Бұдан анығырақ айту мүмкін бе? Мүмкін емес!

Сосын өзінің ірі саусақтарын сырт еткізіп шығып кетті де, бұталардың арасына еніп жоқ болды.

Жолдасының мінезіндегі қайшылықты ойлап жатуға Диктің мұршасы жоқ еді. Ол жалғыз қалысымен, қағаздарын жылдамдатып алып, қайтадан оқыды да, жерге көміп тастады. Тек біреуін ғана ол өзімен алып шықты, себебі бұл хат оның жолдастарына ешбір зиян келтіре алмайды, ал реті келгенде сэр Дэниэлге қарсы айғақ болар еді. Бұл Райзингэм жанындағы ұрыста жеңілгеннен кейінгі таңда тэнстолдық рыцарьдың лорд Уэнслидэлге өз қолымен жазған хаты еді, оны Дик өлген шабарманның қойнынан тауып алған.

Дик бықсып жатқан шоқтарды аяғымен таптап өшірді де, үңгірден шығып кәрі қаңғыбасқа қосылды: Лоулесс оны жалаңаш еменнің астында күтіп тұр екен, үсті-басына аздап қар қылаулап қалыпты. Олар бір-біріне қарап, қарқылдап күлді, — бүркемелері тамаша шығыпты.

— Қазір жаз болмағаны қандай қынжылтады, — деді Лоулесс, — Әйтпесе мен шалшық суға қарап, одан өзімді айнадағыдай көрер едім. Сэр Дэниэлдің жауынгерлерінің көпшілігі мені жақсы таниды. Егер біздің сырымыз ашылып қалса, сізді не істейтінін кім білсін, ал мен «Әкетайымызды» оқып үлгергенше арқанда шайқалып тұратын болам.

Сонымен, бұлар Шорбиге аттанды; жол біресе орманның ішімен, біресе даламен созылып жатыр. Жолдың екі жағында — кедейлердің үйлері мен кішкене-кішкене фермалар.

Осындай үйлердің бірін көргенде, Лоулесс кенеттен кілт тоқтады.

— Мартин бауырым, — деді ол, мүлдем өзгерген, мүләйімсіген монахтың үнімен. — Мына үйге кіріп, бейшара күнәкарлардан садақа сұрайық. Е-е, — деп жалғастырды ол өз даусымен, — нақ осыдан өзім де қорқып едім: мен монахтарша мыңқылдап сөйлеуді тіпті ұмытып қалыппын. Сэр Дэниэлдің үйінде өзімнің май басқан мойынымды тәуекелге тікпес бұрын, қайырымды мастер Шелтон, маған осы жерде аздап жаттығып алуға рұқсат етіңіз. Көрдіңіз бе, барлық іске бірдей шебер болған қандай жақсы! Егер мен теңізші болмасам, «Ізгі Үмітте» сіз сөзсіз судың түбіне кететін едіңіз; егер мен ұры болмасам, онда сіздің бетіңізді келістіріп бояп бере алмас едім; егер мен монастырьдің асын ішіп, монахтың жұмысын атқарып, шіркеудің хорында тамағым жыртылғанша ән салуды үйренбесем, мынау үстімдегі шапанды қалай дұрыстап киюді білмес едім, сонда кез келген адам біздің от бастарыңа тыныштық берсін (Лат.) қулықшы екенімізді бірден біліп, дұрыстап сазайымызды тартқызар еді.

Ол үйге тым жақындап барды да, аяғының ұшымен тұрып, терезеден қарады.

— Көрдің бе, — деді ол, — өте тамаша! Осы жерде біз өзіміздің бүркеніш киімімізді дұрыстап сынаймыз, әрі оған қоса Кэппер бауырымды қатырып тұрып әжуалаймыз.

Осыны айтып, ол есікті ашты да, үйге кірді.

«Қара жебенің» үш қарақшысы үстел басында ашқарақтана тамақ ішіп отыр. Қастарына, үстелдің үстіне түйреп қойған қанжарлары, үйдің ішіндегілерге түнеріп, қорқыта қарағандары қарақшылардың шақырылған қонақтар емес, керісінше, басып алушылар ретінде тойлап отырғандарын көрсетеді. Өздерінің дәрежесіне сай момақансып ас үйге кірген екі монахқа олар бажырая қарады. Отырғандардың біреуі — Джон Кэппердің өзі, сірә, бұлардың басшысы болса керек, — келгендерге дөрекілене тез кетіңдер деп ақырды.

— Қайыршылардың бізге керегі жоқ! — деп айқайлады ол.

Дегенмен екіншісі Дикті де, Лоулессті де, әрине, танымағанымен аздап жұмсақтау болып шықты.

— Оларды қума! — деді ол. — Біздер күшті адамдармыз, не керек болса, соны өзіміз аламыз; ал олар әлсіз, сондықтан сұрайды; бірақ түбінде олар аман қалады да, біздер өлеміз... Бұған назар аудармаңыз, пірәдар. Жақын келіп менің тостағанымнан ішіп, маған батаңызды беріңіз.

— Сендер жеңілтек, опасыз күнәкар пендесіңдер, — деді монах. — Әулиелер маған сендермен бірге ішуге рұқсат етпейді. Бірақ күнәкарларға аяушылық білдіретін ежелгі әдетіммен мен сендерге бір қасиетті зат сыйлаймын, күнәларың кешіріліп, аман қалайық десеңдер соны сүйіп, әрдайым сақтаңдар деп әмір етемін.

Лоулесс уағыз айтқан нағыз монахтарша гүрілдеп қатты сөйледі. Содан соң ол шапанының астынан қара жебені суырып алып, аң-таң болған үш қаңғыбастың алдындағы үстелге лақтырып тастады да, теріс айналып, Диктің қолынан ұстай алып, отырғандар қыбыр етіп ес жиып үлгергенше зып беріп бөлмеден шығып, жауып тұрған қардың қалың тұманына еніп жоқ болды.

Сонымен, — деді ол, — біз өзіміздің бүркенші киімімізді сынадық, мастер Шелтон. Енді мен өз басымды қайда болсын тәуекелге тігуге дайынмын.

— Өте жақсы! — деп жауап қайырды Ричард. — Менің тезірек іске кіріскім келеді. Кеттік Шорбиге!

II ТАРАУ

Өз жауларымның үйінде

Сэр Дэниэлдің Шорбиде биік, ыңғайлы, қабырғалары сылақталған, еменнен жасалған көсектері өрнектелген, төбесі сабанмен көлбеулеп жабылған үйі болатын. Үйдің артында аллеялары мен шөп басып кеткен күркелері көп жеміс бағы бар осы бақ монастырь шіркеуінің, қоңырау мұнарасына дейін созылады.

Қажет болған кезде бүл үйге сэр Дэниэлден гөрі де маңызды адамдар нөкерлерімен қоса сыйып кетер еді; бірақ қазірдің өзінде де үйдің іші у-шуға толы. Ауладан қару-жарақтың салдыры мен ат тағасының тарсылы естіледі; ас үй араның ұясындай гуілдейді; залда сайқымазақ күлдіріп, қызық көрсетіп, менестрель ән салып, музыка ойналып жатыр. Сэр Дэниэл қолының ашықтығы, ысырапшылдығы, сауыққойлығы, ізеттілігі жағынан лорд Шорбимен тайталасып, ал лорд Райзингэмге қарасын көрсетпей кетті.

Қонақтарды құшақ жайып қарсы алады. Ал менестрельдерді, сайқымазақтарды, шахмат ойнаушыларды, қасиетті зат, дәрі-дәрмек, әтір және бой тұмар сатушыларды неше түрлі священниктермен, монахтармен, жиһанкездермен қосып үй қызметшілеріне арналған үстелге отырғызып, қонуға кең шатырға немесе ұзын ас үйдегі тақыр еденге жатқызады.

«Ізгі Үміт» апатқа ұшырағанның екінші күні ауланың екі жағын қоршаған зат қоятын бөлмелер, ас үйлер, ат қоралар мен тіпті сарайлар да қолы бос адамдарға толып кетті. Бұл жерде қызыл-көк ливрея киген сэр Дэниэлдің қызметшілері де, қалаға дүниеқорлық айдап әкелген әр түрлі алаяқтар да бар, оларды рыцарь бір жағынан саясат үшін, екінші жағынан жай әншейін ондай адамдарды қабыл алу ол кездерде салт болғандықтан қабылдап отырды.

Олардың бәрін бұл баспанаға тоқтаусыз жауған қар, аязды түн айдап әкелді. Шарап та, эль де, ақша да жеткілікті. Біреулері қамбадағы сабанның үстіне жатып алып, карта ойнап отыр, екіншілері тіпті түстен бері мас. Бізге, сірә, қала жаңа ғана талқандалған, тоналған болып көрінер еді; бірақ о заманда барлық ауқатты әрі мәртебелі үйлерде мейрам кезінде тап осылай болатын.

Бірі кәрі, бірі жас екі монах кеш келген еді, бұлар сарайдың бұрышында отқа жылынып отыр. Айналасы толған әр түрлі сиқыршылар, күлдіргіштер, солдаттар. Көп кешікпей монахтардың үлкені қалжың, әжуа-оспақты араластырып олармен қызу әңгімеге кірісті де, жиналғандар бұлардың қасына топырлап келе бастады.

Жас монахтың Дик Шелтон екенін оқырмандар ендігі түсінген де болар, ол ең шетке барып отырды, кейін бірте-бірте одан әрі жылжи бастады. Ол зейін салып тыңдағанымен, тіс жарған жоқ; оның тұнжыраған кейпіне қарағанда, серігінің қалжыңымен ешбір шаруасы жоқ екені көрініп тұр.

Ақырында жан-жағына тынымсыз қарап, барлық есіктерді бағып отырған оның көзі басты қақпадан кіріп, ауланың ішімен қиғаштап өтіп бара жатқан шағын салтанатты топқа түсті. Үлпілдеген ішікке оранған екі әйелдің қасына екі қызметші әйел мен еңгезердей төрт жауынгер еріп бара жатыр. Ә дегенше олар үйге де кіріп кетті. Дик, сауықшыл топтың арасынан жылысып өтіп, жаңағылардың артынан жүрді.

«Анау, бойы биіктеуі, леди Брэкли, — деп ойлады ол, — ал леди Брэкли болған жерде Джоанна да болады».

Есіктің алдына келгенде төрт жауынгер тоқтай қалды; жалтыратқан емен басқышпен әйелдер жоғары көтерілді, қастарында оларды күзеткен тек екі қызметші әйел ғана бар еді. Дик олардың артынан қалмай ере берді. Кеш болатын, үйдің іші қараңғы екен. Басқыштардың арасындағы ашық жерлерде темір тұғырларда алаулар жарқырайды, әшекейлі жеңіл кілеммен көмкерілген ұзын дәліздегі есіктердің әрқайсысының алдында там жанып тұр. Кейбір ашық есіктерден Дик қабырғаларға ілінген әр түрлі жеңіл кілемдерді, ошақта жанған оттың жарығында жылтылдап жатқан қамыстан төселген еденді көрді.

Олар екінші қабатқа көтерілді, басқыштың әрбір алаңына шыққан сайын бойы аласалау әрі жастау әйел артына бұрылып, монахқа тесіле қарайды. Ал монах төмен қарап, өзінің дәрежесіне сай сыпайылық сақтап келе жатыр; ол жас әйелге тек бір рет қана қараған еді, сонысымен әйелдің назарын өзіне аударғанын сезбеді де. Ақыр аяғында, үшінші қабатқа келгенде әйелдер бөлініп кетті, — жастауы жоғарыға жалғыз кетті де, ал жасы үлкені екі қызметші әйелмен бірге дәліздің бойымен оңға бұрылды.

Дик үшінші қабаттағы басқыштың кішкентай алаңына жүгіріп барып, бұрыштан үшеуінің енді қайда бара жатқандарына қарап тұрды. Олар бұрылмастан және артына да қарамай дәліздің бойымен тура кетіп бара жатыр. «Бәрі жақсы, — деп ойлады Дик. — Тек қана леди Брэклидің бөлмесінің қайда екенін біліп алсам болды, онда мен ешбір қиындықсыз Хэтч ханымды тауып аламын».

Оның иығына біреу қолын салды. Ол ыршып түсті, тіптен айқайлап жіберуге шақ қалды да жауымен шап беріп айқасу үшін жалт бұрылды.

Ол ішікке оранған жас қызды ебедейсіздеу құшақтай алғанын көргенде сасқалақтап қалды. Қатты қорыққан әрі ыза болған қыз өзінің тал шыбықтай денесімен жігіттің құшағында дір-дір етті.

— Ханым, — деді Дик, қолын түсіріп, — мені кешіре көріңіз. Желкемде көзім жоқ, аспанмен ант етемін, сіздің қыз екеніңізді білмей қалдым.

Қыз оған кез тоқтата қараған, кейін бірте-бірте қорқынышы таңдануға, ал таңдануы — сенбестікке ұласты. Дик оның жүзінен алмасып жатқан осындай әр түрлі сезімдерді көрген соң, өзіне дұшпан осы үйдегі өз қауіпсіздігі үшін мазасыздана бастады.

— Сұлу бикеш, — деді ол, жасанды еркіндік пен менің дөрекілігімді кешіргендігіңіздің белгісі ретінде қолыңыздан сүюге рұқсат етіңіз, содан соң кетемін.

— Сіз өзі қызық монах екенсіз, мырза, — деді қыз, оның бетіне қаймықпастан тесіле қарап. — Менің таңданысым аздап тарқай бастағанда, сөйлеген әрбір сөзіңізге қарап мен сіздің тіпті де монах емес екеңдігіңізді көріп тұрмын. Сіз мұнда неғып жүрсіз? Сіз неге соншама қорлап үстіңізге қасиетті шапанды киіп алғансыз? Сіз мұнда адал ниетпен бе, әлде дұшпандықпен келдіңіз бе? Неге, тура ұры құсап, леди Брэклидің соңынан аңдып жүрсіз?

— Ханым, — деді Дик, — мен сіздің бір нәрсеге ғана сенуіңізді өтінемін: мен ұры емеспін. Егер осында бөтен ниетпен келсем де — ол бір жағынан рас — мен сұлу қыздармен соғыспаймын, сондықтан сіздің де мені босатуыңызды өтінемін. Ал енді, сұлу бикеш, сіз мен туралы өзіңізге белгілі болған құпия сырды хабарлап айқай шығаратын болсаңыз, онда сіздің алдыңызда тұрған бейшара джентльмен құрыды деп есептей беріңіз. Сізді оңдай қатыгездікке барады деп ойламаймын, — деп сөзін жалғастырды Дик, қыздың қолын аялай ұстап, оның бетіне ілтипатпен сүйсіне қарап тұрып.

— Сіз сонда Йорктар партиясының тыңшысымысыз? — деп сұрады қыз.

— Ханым, — деп жауап қайырды ол, — мен шынында да Йорктарға жақтас адаммын, тіпті тыншы да сияқтымын. Бірақ мені осы үйге алып келген және ол, сөз жоқ, сіздің мейірбан жүрегіңізде әрі аяушылық, әрі әуестік туғызатын себептің Йоркке де, Ланкастерге де ешбір қатысы жоқ. Мен өз өмірімді толығымен сіздің билігіңізге беремін. Мен ғашық адаммын, менің атым...

Осы сәтте жас қыз кенеттен Диктің аузын алақанымен баса қойып, жан-жағына жалтақтай қарады да, жақын жерде ешкімнің жоқ екенін көргеннен кейін, жігітті басқышпен жоғары қарай жетектей жөнелді.

— Тсс! — деді ол. — Жүріңіз! Кейін сөйлесеміз!

Күтпеген оқиғадан абдырап қалған Дик басқышпен жоғары сүйрегенде қарсылық жасаған жоқ. Олар дәлізбен тез жүгіріп бара жатты, кенеттен оны, басқа бөлмелердегі сияқты, лаулаған тас пештің сәулесі түсіп тұрған бөлмеге итеріп кіргізді.

— Ал енді, — деді жас қыз, оны орындыққа жайғастырып, — осы жерде отырып, менің мәртебелі бұйрығымды күтіңіз. Сіздің өміріңіз бен өліміңіз қолымда, мен ешбір күмәнсіз өзімнің сол билігімді пайдаланамын: Сақ болыңыз, сіз менің қолымды шығарып жібере жаздадыңыз! Қара мұны, қыз екеніңді білмедім дейді! Егер ол менің қыз екенімді білсе, мүмкін, шыңдап белбеуіне жармасар еді!

Осылай деп ол, аузы аңқая таңданған Дикті қалдырып, бөлмеден шығып кетті; Дикке ол ұйықтап жатқандай, ал осының бәрі оның түсіндей боп көрінді.

— «Белбеуіне жармасар еді!» — деп қайталады ол. — «Белбеуіне жармасар еді!».

Сол баяғы ормандағы кеште болған оқиға оның есіне түсіп, Дик қорыққан Мэтчемді, оның жалбарынған кездерін қайтадан көз алдына елестетті.

Бірақ іле-шала ол тап қазіргі жағдайда өзіне төніп тұрған қауіпті есіне алды. Оған қасындағы бөлмеде біреу жүрген сияқты көрінді, сосын өзіне өте жақын жерде біреудің күрсінгенін, одан кейін көйлектің сусылы мен жеңіл басқан аяқтың дыбысы естілді. Дик өте сақ тұр еді, ол жеңіл кілемдердің қозғалғанын көрді, содан кейін бір жерде есік сықыр етіп, жеңіл кілемдердің арасы ашылды да, бөлмеге қолына шам ұстаған Джоанна Сэдли кірді.

Қыз үстіне қарлы-боранды қысты күні әдетте әулетті әйелдердің киетін көгілдір түсті қымбат матадан сәнді тігілген көйлегін киіпті. Шашын жоғары қарай тарап, тура тәж секілді әдемілеп түйіп қойыпты. Еркекше киініп, Мэтчем атанып жүргенде ол өте кішкентай, ебедейсіз көрінген еді, ал қазір тал шыбықтай бұралған мінсіз екен, еденнің үстімен жүріп емес, тура қалықтап келе жатқандай.

Ол қорықпай-үрікпей шамды жоғары көтерді де, жас монахтың бетіне қарады.

— Сіз мұнда не істеп жүрсіз, құрметті пірәдар? — деп сұрады ол. — Сіз, сөзсіз, адасып келгенсіз ғой. Сізге кім керек?

Ол шамды тұғырға қойды.

— Джоанна... — деді жас монах, даусы мүлдем өзгеріп. — Джоанна, — деді ол қайтадан, — сен мені сүйем деп едің ғой. Мен, есалаң, соған сеніп жүрмін!

— Дик! — деді қыз. — Дик!

Содан соң, Диктің есін кетіріп, кереметтей сұлу, ұзын бойлы жас қыз ілгері аттап, оның мойнынан құшақтап алды да, сүйе бастады.

— О есалаң! — деді қыз, — О сүйікті Дик! О, сен өзіңді өзің көрсең ғой! Аһ, мен бәрін бүлдірдім, Дик, — деді қыз одан сәл әріректеу кетіп: — бетіңдегі бояуды сүртіп тастадым! Дегенмен оны түзетуге болады. Бірақ менің құтылуға болмайды, өзгертуге болмайды деп қорқатыным: менің лорд Шорбиға күйеуге шығатындығым.

— Бұл әбден шешілген мәселе ме? — деп сұрады жас жігіт.

— Ертең таңертең монастырьдің шіркеуінде, Дик, — деп жауап қайырды қыз, — Джон Мэтчемнің де, Джоанна Сэдлидің де өмірі аяқталады. Егер көздің жасы көмектесетін болса, мен екі көзімді де көр етер едім. Мен тынбай жалбарындым, бірақ аспан зарымды естіген жоқ. Қайырымды Дик, сүйікті Дик, мені сен таң атқанша осы үйден алып кете алмайтын болғандықтан, біз сүйісіп, бір-бірімізбен қош айтысуымыз керек!

— Олай болмайды, — деді Дик. — Қош айтыспаймын; мен еш уақытта ол сөзді айтпаймын. Біздің жағдайымыз үмітсіз сияқты, бірақ әзір өмір барда, Джоанна, үміт те бар. Менің үміттенгім келеді. О, мен аспанмен және жеңіспен ант етемін! Бұрын мен үшін сенің тек атың ғана белгілі болғанда, мен сенің артыңнан ерген жоқпын ба, мен сен үшін жақсы адамдарды ұрысқа шығарған жоқпын ба, мен сен үшін өз жанымды пида етпекші болған жоқпын ба? Ал енді қазір, сенің бүкіл Англиядағы ең сұлу, ең текті қыз екеніңді өз көзіммен көргенде, сенен теріс айналар деп тұрсың ба? Егер осы жерде терең теңіз болса, мен толқындармен жүзіп кетер едім. Егер жолдың үсті толған арыстан болса, мен оларды тышқан сияқты, жан-жаққа лақтырып тастар едім!

— Көгілдір жібек көйлек үшін тым артық емес пе! — деді қыз күлімсіреп.

— Жоқ, Джоанна, — деді Дик, қарсылық білдіріп, — жалғыз көгілдір көйлек үшін емес. Мен сені бұрын басқа киіммен де көргем. Енді, міне, өзім де бүркенші киіммен жүрмін. Шыныңды айтшы, мен күлкілі емеспін бе? Расында да, ерсі киім ғой?

— Аһ, Дик, сенің айтып тұрғаныңның бәрі рас, — деді қыз жымиып.

— Көрдің бе, — деді ол масаттанып. — Орманның ішінде сен де осындай болатынсың, бейшара Мэтчем. Шынымды айтсам, сенің түрің өте күлкілі еді! Есесіне қазір сен өте сұлусың!

Осылай екеуі уақыттың қалай тез өтіп жатқанын сезбей, бір-бірінің қолынан ұстап, бір-бірінің бетіне ынтыға, күлімсірей қарап әңгімелесіп отырды: олар өстіп таң атқанша отыруы мүмкін еді. Бірақ кенеттен бірдеңе сыбдыр етті де, бұлар кішкентай қызды көрді. Ол саусағын ерніне басты.

— Құдайым-ау, — деді ол, — сендер қатты дабырлап отырсыңдар! Сәл ақырын сөйлесе алмайсыңдар ма? Ал енді, Джоанна, орманның тамаша қызы, сенің ғашық жігітіңді алып келгенім үшін маған, өзіңнің құрбыңа қандай алғыс айтасың?

Жауаптың орнына Джоанна қызға жүгіріп барып, оны құшақтай алды.

— Ал сіз ше, сэр, — деп сөзін жалғады жас қыз, — сіз маған қандай рақмет айтар едіңіз?

— Ханым, — деді Дик, — мен де шын ниетіммен тап осылай істер едім.

— Онда бері келіңіз, — деді қыз, — мен сізге рұқсат етемін.

Бірақ Дик қызарақтап, қызды тек қолынан сүйді.

— Мен неғып сізге ұнамаймын, сұлу жігіт? — деп сұрады қыз, еденге дейін иіліп.

Ақыр аяғында, Дик оны аялай құшақтағаннан кейін, қыз былай деді:

— Джоанна, сенің алдыңда сүйген жігітің тым жасқаншақ екен. Шынымды айтсам, ол менімен бірінші кездескенде бұдан гөрі ептілеу еді. Денемнің бәрі көкала екенін білсең ғой, құрбым. Менің айтқаным өтірік болса, онда маған ешуақытта сенбе! Ал енді, — деп сөзін жалғастырды ол, — әңгімелесіп болдыңдар ма? Мен көп кешікпей бұл мырзаны шығарып салуым керек.

Бірақ екі ғашық әлі бір-бірімізге ештеңе айтқанымыз жоқ, әлі түн ұзақ қой, бұлай тез қоштасқымыз келмейді десті.

— Ал кешкі тамақ ше? — деп сұрады жас қыз. — Біз төменге кешкі асқа баруымыз керек емес пе?

— Иә, солай екен-ау! — деді Джоанна. — Мен ұмытып кетіппін ғой!

— Онда мені жасырып кетіңіздер, — деді Дик. — Терезенің пердесінің артына жасырыңыздар, жәшіктің ішіне жауып тастаңыздар, қайда тықсаңыздар, онда тығыңыздар, әйтеуір мен сіздерді осы жерде күте тұратындай болайын. Есіңізде болсын, сұлу қыз, — деп сөзін жалғады ол, — біз өте қиын жағдайдамыз, біз бүгінгі түннен кейін көзіміз жұмылғанша бір-бірімізді ешуақытта көрмеуіміз мүмкін.

Жас қыз жұмсарып қалды. Енді біраздан соң қоңырау сэр Дэниэлдің үй ішіндегілерді кешкі тамаққа шақыра бастағанда, олар Дикті кілемнің артындағы қабырғамен екі ортаға жасырып; ол кілемдердің арасынан бүкіл бөлменің ішін көріп тұрды.

Бірақ бұл тұрысы ұзаққа созылған жоқ.

Осы жерде, жоғарғы қабатта жым-жырт тыныштықты тек тас пеште жанып жатқан оттың анда-санда пышылдағаны мен су отынның сытырлаған даусы бұзып тұр, бірақ қазір Диктің сақ құлағыңа ұрлана басып келе жатқан біреудің аяғының дыбысы естілді. Артынша есік ашылып, лорд Шорбидің түсінің киімін киген қап-қара ергежейлі алдымен бөлмеге басын сұғып, кейін қисық денесі қисалақтап кіріп келді. Ол аузын әдейі жақсы есіту үшін ашып жүрген сияқты, алақ-жұлақ етіп жылтыраған көздерімен жалма-жан мазасыздана жан-жағына қарай бастады. Ол қабырғаларды жапқан кілемдерді әр жерінен ұрып, бүкіл бөлмені айналып шықты. Әйтсе де, бір ғажабы Дикті байқамады. Ергежейлі одан кейін мебельдердің астын тексеріп, шамды да қарап шықты: содан соң, ақыр аяғында, сірә, көңілі көншімей қалған болу керек, келгендегісі сияқты білдірмей ақырын басып кетпекші болды; бірақ кенеттен ол тізесін бүгіп, жерден бірдеңені көтеріп алып, үңіле қарап, беліне байлаған дорбасына қуана салып алды.

Диктің жүрегі су ете түсті, себебі ол бұның белбеуінің шашағы еді. Бұл ергежейлі — өзінің пасық міндетін құшырлана атқаратын тыңшы екенін — ол өзінің олжасын уақыт кетірмей тура қожайыны лорд Шорбиге апарып беретінін Дик бірден түсінді. Оның кілемді ығыстырып жіберіп, өміріне қауіпті болса да тәуекел етіп, мына сұмырайды бас салып, одан белбеуінің шашағын тартып алғысы келді. Дик өстіп ойланып тұрғанда, жаңадан басқа қауіп пайда болды. Басқыштың үстінен мас адамның дөрекі даусы естіліп, дәліздің бойымен біреудің тәлтіректеп аяқтарын ауыр басып келе жатқаны сезілді.

— Сендер неге қалың орманның көлеңкесінде өмір сүресіңдер? — деп әндетті ол дауыс. — Сендер неге өмір сүресіңдер? Ей, жігіттер, сендер неге мұнда өмір сүресіңдер? — деп қосты ол, мастықпен барқырай күліп.

Содан соң қайтадан әндетті.
Өтермісің сыраға бір тоймастан,
Игумен Джон, семізім-ау май басқан.
Сен — сырақор, мен — тамақсау, анық бұл,
Ал, шіркеуге ән салады барып кім?

Лоулесс — өкінішке қарай, удай мас — ішкіліктен кейін жатып ұйқтайтын орын іздеп, үйдің ішін аралап жүр. Дик іштей ызадан жарылып кете жаздады. Тыңшы алдымен шошып кетті де, бірақ оның мас адам екенін көргеннен кейін, жүрегі бірден орнына түсті; ол мысық сияқты, бөлмеден тез шығып кетті, содан қайтып Дик оны көрген жоқ.

Енді не істеу керек? Лоулессіз Дик Джоаннаны әкетудің жоспарын жасай алмайды, әрі оны орындай да алмайды. Бір жағынан, тыңшы, сірә, жақындау жерге тығылып қалса керек, егер Дик Лоулесспен сөйлесетін болса, онда іс шынымен насырға шабуы мүмкін.

Дегенмен Дик не болса да Лоулесспен сөйлеспекші болды. Кілемдердің арасынан шығып, ол есіктің алдына тоқтады да, қаһарлана қолын көтерді. Лоулесс, көздері қып-қызыл бола қанталап, тәлтіректей жақындап келе жатты. Ақыр аяғында, ол өзінің бастығын көмескілеу танып, Диктің бұйырған белгісіне қарамастан, оның атын дауыстай айтып амандасты.

Дик маскүнемге бас салып, оны қатты сілкілей бастады.

— Хайуан! — деді ол ызаланып. — Адам емессің, малсың! Ақымақ адам сатқыннан да жаман! Сенің маскүнемдігің біздің түбімізге жетеді!

Бірақ Лоулесс тек күле берді, сөйтіп тәлтіректеп жүріп жас Шелтонды арқасынан қақпақшы болды.

Кенет Диктің сақ құлағы кілемдердің артынан бірдеңенің қыбыр ете түскенін естіді. Ол дыбысқа қарай тұра жүгірді. Тап сол кезде кілемдердің біреуі қабырғадан құлап түсіп, Дик пен тыңшы оның арасына оралды да қалды. Бұлар бір-бірінің тамағына жабысып, кілемнің арасында тырбаңдап, үн-түнсіз ызалана айқасты. Бірақ Дик одан әжептәуір күшті еді, көп кешікпей Дик тыңшыны тізесінің астына басып алды. Сосын ұзын қанжарды салып жіберіп, Дик оны өлтірді.

IІІ ТАРАУ

Өлген тыңшы

Лоулесс осынау арпалысқан қысқа айқасқа дәрменсіз қарап қалды, тіпті бәрі біткен соң Дик орнынан тұрып, алыстан, үйдің төменгі қабатынан естіліп жатқан шуға құлақ түрген кезде де, кәрі қаңғыбас желге шайқалған бұтақтай әлі де аяғын дұрыстап баса алмай, теңселіп, өлген тыңшының бетіне меңірейе қарап тұрды.

— Бізді ешкімнің естімегені жақсы болды, — деді ақырында Дик. — Әулиелерге рақмет! Енді мен бұл бейшара тыңшыны не істеймін? Ең алдымен дорбасынан белбеуімнің шашағын қайтып алайын.

Дик тыңшының дорбасын ашты; ол дорбаның ішінен бірнеше теңге, өзінің белбеуінің шашағын, сондай-ақ лорд Уэнслидэлге арналып, лорд Шорбидің мөрімен бекітілген хат тауып алды. Осы есім көп нәрсені оның есіне салды; ол со бойда сүргішті бұзып, хатты оқып шықты. Хат қысқа екен, бірақ Диктің қуанышына қарай, лорд Шорбидің сатылып Йорктар үйімен хат жазысатынын бұлтарпастай дәлелдейді.

Жас жігіт әрдайым өзімен бірге сия құйылған мүйіз бен басқа да жазу құралдарын алып жүретін; өлген тыңшының денесінің қасына тізерлей отырып, бір жапырақ қағазға былай деп жазды:

«Хат жазған милорд Шорби, сіз өз малайыңыздың неден өлгенін білесіз бе? Сізге ақыл айтуға рұқсат етіңіз: үйленбеңіз».

Баршаның кегін қайтарғыш Джон».

Ол осы қағазды өліктің кеудесіне қойды. Жаңа ғана аздап есі кіре бастаған, әрі Диктің істегендеріне қарап тұрған Лоулесс, шапанының астынан қара жебені суырып алып, онымен қағазды өліктің кеудесіне түйреп қойды. Өлікке деген мұндай дөрекілікті, тіпті одан да бетер қатыгездік сияқтыны көргенде, жас Шелтон шошына дауыстап жіберді; бірақ кәрі қаңғыбас оған тек күлді де қойды.

— Мен өз орденімнің абыройын сақтағым келеді — деді ол, ықылық атып. — Менің сауықшыл серіктеріме бұл ұнайды...

Содан соң ол көзін жұмып алып қатты айқайлай әндете бастады:

Өтермісің сыраға бір тоймастан...

— Өшір үніңді, ақымақ! — деп ақырып жіберді де, Дик оны күштеп қабырғаға қарай тақады. — Сенің бойыңда ақылдан гөрі шарап көп, бірақ мені де түсінуге тырыс! Мария бикештің атымен жалынам: бұл үйден тезірек кет. Егер сен бұл жерде қалатын болсаң, сен өзіңді де, мені де дарға астырасың! Аяғыңды дұрыстап бас! Тез кет, әйтпесе, аспанмен ант етемін, саған борыштар екенімді де ұмытуым мүмкін! Кет!

Жалған монахтың бірте-бірте есі кіре бастады, енді Диктің ашулы жанарын көргенде, оның айтқанын түсінетіндей халде еді.

— Аспанмен ант етемін, — деді Лоулесс дауыстап, — егер керегім жоқ болса, мен кетемін!

Теңселе басып ол кейін бұрылды, сосын дәлізді бойлай сүрініп-қабынып қабырғаларға соғыла, басқышпен төмен түсе бастады.

Лоулесс көрінбей кеткеннен кейін, істі аяғына дейін жеткізуге бел байлаған Дик, бұрынғы тығылған орнына қайтып келді. Ақылға салса ол кетуі керек еді, бірақ махаббат пен әуестік жеңді.

Кілемнің артындағы қабырғаға жабысып тұрған жас жігіт үшін уақыт өте баяу жылжыды. Тас пештегі от өшіп, шам жанып бітуге жақындап, түтіндей бастады. Бұл жерге ешкім келмеді, алыстан, төменнен естіліп жатқан адамдардың даусы мен ыдыс-аяқтардың салдыры әлі басылған жоқ. Ал жапалақтап жауған қардың қалың пердесінің астында Шорби қаласы тым-тырыс жатыр.

Міне, енді, ақыр аяғында, басқыштың үстінен сөйлескен адамдардың дауыстары мен аяқтың дыбысы естіле бастады. Сэр Дэниэлдің қонақтары басқыштардың арасындағы алаңнан өтіп, дәлізден жүріп келе жатып, қабырғадан жұлынып түсіп қалған кілем мен өліп жатқан тыңшыны көрді.

Бәрі сасып, әбігерленіп, әрлі-берлі жүгіріп, дабырлап кетті. Жан-жақтан қонақтар, жауынгерлер, әйелдер, малайлар — бір сөзбен айтқанда, үлкен үйдің ішіндегілердің бәрі жүгіріп келді; айқай-шу одан сайын үдей түсті. Содан соң топ қақ жарылып, күйеу жігіт — лорд Шорбиді қасына ерткен сэр Дэниэл өліктің жанына жақындады.

— Милорд, — деді сэр Дэниэл, — мен сізге бүл жексұрын «Қара жебе» жөнінде айтып едім ғой? Сол қара жебе осы. Жебені өзіңізге алыңыз, ол сізге менің айтқан сөздерімнің рас екенін дәлелдейтін болсын! Крестпен ант етемін, тамыр, ол сіздің бір адамыңыздың, не десеңіз де әйтеуір, сіздің ливреяңызды киіп жүрген адамның кеудесіне шаншулы тұр!

— Бұл менің адамым еді, — деп жауап қайырды лорд Шорби, кейін шегініп. — Мен мұндай адамдардың көбірек болғанын қалар едім. Ол тазыдай иісшіл, көр тышқандай көрінбейтін еді.

— Шынында солай ма, тамыр? — деп сұрады сэр Дэниэл, мысқылдай күлімсіреп. — Менің жұпыны үйімнен ол не іздеп жүрді екен? Енді, міне, ол ештеңе іздемейтін болды.

— Рұқсат етсеңіз, сэр Дэниэл, — деді қызметшілердің біреуі, — оның кеудесінде бірдеңе жазылған қағаз түйреулі тұр.

— Қағаз бен жебені маған беріңдер, — деді рыцарь.

Жебені қолына алып, ол тұнжыраған күйі ойлана қарай бастады.

— Иә, — деді ол лорд Шорбиге бұрылып, — бұл менің ізімнен қалмай еріп келе жатқан өшпенділік. Осы қара таяқ, немесе осыған ұқсайтын басқасы, күндердің күнінде менің түбіме жетеді. Тамыр, біліксіз рыцарьға сізді сақтандыруға рұқсат етіңіз: егер бұл иттер сіздің ізіңізге түсетін болса, — қашыңыз! Олар жұқпалы ауру секілді өте жабысқақ! Дегенмен, олар не жазды екен, көрейікші... Иә, менің ойлағанымның тап өзі болып шықты, милорд, орманшының белгі соққан кәрі еменіндей сіз де таңбаландыңыз; ертең немесе арғы күні сізге балта шабылады. Сіз хатыңызда не жазып едіңіз?

Лорд Шорби жебеден қағазды суырып алып оқыды да, жұмарлап тастады; жиіркенгенін білдірмей, ол өліктің қасына тізерлей отырып, асығыс оның дорбасын ақтара бастады.

Содан соң көңілі бұзылып, орнынан тұрды.

— Тамыр, — деді ол, — менің расында да өте маңызды хатым жоғалды. Егер мен сол хатты ұрлап әкеткен жексұрынды ұстап алсам, сол заматта-ақ ол дарды безендіріп тұрар еді. Бірақ,«ең алдымен, үйден шығатын бүкіл есік-тесіктің бәрін бекіту керек. Әулие Георгиймен ант етемін, менің осы бақытсыздығым жетеді!

Үй мен бақтың айналасына қарауыл қойылды; басқыштың әрбір алаңында күзетші тұрды, сыртқы қақпаның алдын бір отряд жауынгер күзетті; екінші отряд сарайдағы жағылған оттың айналасында отыр. Лорд Шорбидің жауынгерлері сэр Дэниэлдің жауынгерлеріне қосылды. Үйді қорғауға да, сондай-ақ дұшпан үйдің ішіне тығылған болса, оны ұстауға да адамдар мен қару-жарақ әбден жеткілікті. Ал өлген тыңшының денесін қар жауып тұрған бақтың ішімен алып жүріп, монастырьдің шіркеуіне апарып қойды.

Содан соң бәрі әбден тынышталғаннан кейін қыздар Ричард Шелтонды тығып қойған жерінен алып шығып, оған үйде не болып жатқанын баяндады. Өз тарапынан Дик те қыздарға тыңшының бөлмеге қалай ұрланып келгенін, өзінің оны қалай тауып алғанын, кейін қалай өлтіргенін айтып берді.

Джоанна әбден шаршап, кілем ілулі қабырғаға сүйенді.

— Осының бәрінен ештеңе өзгермейді, — деді ол. — Ертең таңертең бәрібір менің некемді қияды!

— Қалайша? — деп айқайлап жіберді құрбысы. — Бұл жерде арыстандарды тышқан сияқты тым-тырақай қашыратын біздің мырзамыз бар емес пе! Сен, сірә, оған сенбейсің ғой деймін! Ал, арыстандарды жуасытушы, бізді жұбатыңыз. Бізге ер жүрек ақыл айтыңыз.

Өзінің манағы бөспе сөздерін бетіне басқанда, Дик кәдімгідей сасып қалды; ол қып-қызыл болып кетті, бірақ сонда да жауап қайтарды.

— Біз қиын жағдайдамыз, — деді ол. — Әйтсе де, егер маған осы үйден ең болмағанда жарты сағатқа шығуға мүмкіндік туса, бәрі тамаша болар еді. Онда неке қию деген болмас еді...

— Ал арыстандар ше, — деп мазақтады қыз, — олар қуылды ма?

— Қазір менің мақтанғым келіп тұрған жоқ, — деді Дик. — Мен көмек пен ақыл сұраймын. Егер күзетшінің жанынан аман өтіп, осы үйден тез шығып кетпесем, онда ештеңе істей алмаймын. Өтіненемін, мені дұрыс түсініңіздер!

— Сен неге мұны дойыр жігіт дедің, Джоанна? — деп сұрады қыз.

— Көрдің бе, ол қалай сөйлей біледі. Қажет жерінде сөз таба біледі, мінезі де жайлы, керек кезінде — батыр. Содан артық саған не керек.

— Менің досым Дикті біреу алмастырып жіберіпті, — деп күлді Джоанна, — бұл анық. Бұрын, мен танысқан кезімде, ол дөрекілеу еді. Бірақ мұның бәрі бос сөз... Менің қайғыма ешкім көмектесе алмайды, мен бәрібір леди Шорби боламын.

— Әйтсе де, мен үйден шығуға тырысамын, — деді Дик. — Монахқа көп көңіл бөлмейді, егер мен өзімді жоғарыға алып келген мейірбан сиқыршы тапқан болсам, енді мені төменге алып түсетін де сондай сиқыршы тауып аламын. Манағы тыңшының аты кім еді?

— Алаяқ, — деді жас қыз. — Өте лайық ат! Бірақ сіз не істемекшісіз, арыстанды жуасытушы? Не ойладыңыз?

— Мен күзетшілердің қасынан өтіп кетуге тырысамын, — деп жауап қайырды Дик. — Егер біреу-міреу мені тоқтата қалса, онда мен жайбарақат Алаяқ үшін дұға оқуға бара жатырмын деймін. Шіркеуде қазір, мүмкін, ол бейшараның аруағы үшін дұға оқып жатқан шығар.

— Тым қара дүрсіндеу амал екен, — деді қыз, — бірақ жарап қалар.

— Бұл жерде мәселе амалдың алғырлығында емес, батылдығында, — деді жас Шелтон, келіспей, — Қиын-қыстау кезде әр түрлі қулықтан гөрі батылдық артық.

— Сіз дұрыс айтасыз, — деді қыз. — Жақсы, барыңыз, сізге аспан жар болсын! Бұл жерде өзіңізді сүйетін бақытсыз қызды, сондай-ақ сізге шын адал достық сезіммен қарайтын тағы бір қызды қалдырып бара жатырсыз. Бізді есіңізде ұстап, өте сақ болыңыз, өзіңізді қауіптен сақтаңыз.

— Бара ғой, Дик, — деді Джоанна. — Мында қалғандағыдан артық қауіпке ұшырай қоймассың. Бара ғой, сен өзіңмен бірге менің жүрегімді әкетіп бара жатырсың. Әулиелердің өзі сақтасын!

Дик бірінші күзетшінің жанынан өте сенімді өтіп кетті, күзетші оған тек аң-таң болып қарап қалды. Екінші алаңда жауынгер найзасымен оның жолын бөгеп, аты-жөнін және қайда бара жатқанын сұрады.

— Pax vobisum, — деп жауап қайырды Дик. — Мен бейшара Алаяқтың аруағы үшін дұға оқуға бара жатырмын.

— Айтқаныңызға сенем, — деп жауап қайырды күзетші, — бірақ жалғыз жүруге рұқсат етілмейді.

Ол басқыштың еменнен істелген таянышынан асыла еңкейді де, қатты ысқырып қалды.

— Сендерге бір кісі бара жатыр! — деп айқайлады ол, содан соң Дикті өткізіп жіберді.

Басқыштың біткен жерінде күзетшілер оның келуін күтіп тұр екен. Күзетші сөздерін тағы қайталап айтқанда, олардың бастығы төрт жауынгерге Дикті шіркеуге дейін апарып салыңдар деп бұйрық берді.

— Жігіттер, қашып кетіп жүрмесін, — деді ол. — Егер өмір сүргілерің келсе, оны сэр Оливерге алып барыңдар!

Есік ашылды. Екі жауынгер Дикті екі жағынан қолтықтап ұстап алды, үшіншісінің қолында алау, ал төртіншісі, садақ пен жебесін дайын ұстап, бұлардың артында келе жатты. Осылайша олар бақтың арасынан, түн қараңғылығында жауып тұрған қар астында, монастырь шіркеуінің көмескі жарық түскен терезелерінің қасына келді.

Батыстағы қақпаның алдында үстерін қылаулап қар басқан атқыштар күзеті тұр, олар ықтасын қып арканың астына тығылыпты. Диктің жол бастаушылары оларға бірер ауыз сөз айтты, тек содан кейін барып бұларды шіркеуге кіргізді.

Шіркеуде алтарьдің үстінде жанған балауыз шырақтар және ақсүйектердің қабірлері алдындағы күмбезді төбеге ілулі тұрған екі-үш шам ғана көмескі жарығын түсіріп тұр. Шіркеудің ортасында, табыттың ішінде, қолдарын кеудесіне айқастырып қойған өлі тыңшы жатыр.

Күмбездің астынан дұға оқыған адамдардың асығыс күбірлеген дауыстары жаңғырығып естіледі; клиростың үстінде діни шапан киген адамдар тізерлеп тұр, ал биік алтарьдің басқыштарында намаз киімін киген священник жаназа оқып тұр.

Жаңа келгендерді көргеннен кейін, шапан киген еркектердің бірі түрегеліп, клиростан түсті де, алда келе жатқан жауынгерден бұлардың шіркеуге не себепті келгендерін сұрады. Намаз оқу салтын әрі өлген адамды сыйлағандықтан олар сыбырласып ақырын сөйлесті; бірақ өте үлкен әрі бос ғимараттың жаңғырығы олардың сөздерін іліп әкетіп, іргелес алтарьларда күңгірлеп қайталады.

— Монах! — деді сэр Оливер (бұл священник со кісі болатын), атқыштың хабарын үнсіз тыңдап болып, — Пірәдар бауырым, мен сіздің келетініңізді білгенім жоқ, — деді ол, жас Шелтонға бұрылып, сөзін жалғастырып, — Сіз кімсіз? Кімнің өтініші бойынша дұғаңызды біздің дұғамызға қоспақшысыз?

Дик жалбағайын шешпестен, сэр Оливерге атқыштардан аздап шетке шығыңызшы деп белгі берді. Священник шетке шығысымен, Дик былай деді:

— Сізді алдағым келмейді, сэр. Менің өмірім сіздің қолыңызда.

Сэр Оливер селк ете қалды, оның тырсиған беті құп-қу болып кетті де, біразға дейін тіл қатпады.

— Ричард, — деді ол ақырында, — сенің мұнда не үшін келгеніңді мен білмеймін; әйтеуір бір жаман оймен келдің ғой деп ойлаймын. Бірақ біздің бұрынғы достығымыздың құрметіне мен сені ұстап бермеймін. Сен түні бойы менің қасымда орындықта отыратын боласың; милорд Шорбидің некесі қиылып болғанша да отыратын боласың; егер тек бәрі аман-есен үйге келетін болса, егер сен ешқандай жаманшылық ойламайтын болсаң, онда сенің өз еркің қайда кетсең де. Бірақ егер мұнда қан төгу үшін келген болсаң, онда сол қан өзіңнің басыңа төгіледі. Аминь!

Священник жанын сала шоқынып, содан соң теріс қарап, алтарьға тізесін бүкті.

Ол солдаттарға бірдеңе деді, сосын Дикті қолынан ұстап клиросқа алып барды да, өзінің қасына орындыққа отырғызып қойды. Жас жігіт әдеп сақтап, бірден тізесін бүгіп отырды да, дұға оқуға берілген сияқты әсер қалдырды.

Бірақ оның бүкіл ойы мен көзі айналасын бақылап қарауда еді. Ол үш жауынгердің үйге қайтып кетудің орнына шеттегі притворға жайбарақат келіп отырғанын байқады; олардың мұнда сэр Оливердің әмірі бойынша қалғандарына оның ешқандай күмәні болмады. Сонымен ол торға түсті. Бұл түнді ол шіркеуде, жымыңдаған оттар мен қарауытқан көлеңкелердің арасында, өзі өлтірген адамының қан-сөлсіз бетіне қарап өткізеді; ал таңертең оның ғашық қызын көз алдында басқа біреумен некелестіреді.

Бірақ осындай ауыр ойға қарамастан, ол белін бекем буып сабырмен соңын күтті.

IV ТАРАУ

Ғибадатхана шіркеуінде

Шорби қаласындағы монастырь шіркеуінде біресе псаломды әннің ырғағымен, біресе қоңырау даусының ырғағымен түні бойы тоқтаусыз жаназа оқылып жатты.

Тыңшы Алаяқ үшін бар ынтамен дұға оқылды. Ол алғашқы жайғастырған күйінде, қозғаусыз жатыр: жансыз екі қолы айқастыра көкірегіне қойылған, жанарсыз көздері төбеге қарап жатыр. Ал оны өлтірген жігіт дәл қасындағы орындықта таңның атуын мазасыздана күтіп отыр.

Осы уақыттың ішінде сэр Оливер өзінің тұтқынына бір-ақ рет бұрылды.

— Ричард, — деді ол сыбырлап, — балам менің, егер сен маған жамандық істемекші болсаң, онда кінәсіз адамға қарсы әрекет жасайтының жөнінде сені иландырғым келеді. Мен құдайдың алдында өзімнің кінәлі екенімді мойындаймын, бірақ сенің алдыңда мен кінәсызбын.

— Пірәдар, — деп Дик те ақырын жауап қайырды, — маған сеніңіз, сізге қарсы жаманшылық істейтін ешбір ойым жоқ; әйтсе де, сіздің ыңғайсыздана ақталғаныңызды мен ұмыта алмаймын.

— Адам баласы байқаусызда қылмыс жасауы мүмкін, — деп жауап қайырды священник. — Адам баласы соқыр болуы мүмкін, өзінің не істегенін түсінбей, біреудің бұйрығын орындауы мүмкін. Мен де сөйттім. Сенің әкеңді алдап торға түсірдім. Бірақ не істеп жүргенімді өзім білгенім де жоқ, оған біз екеумізді осы қасиетті жерде көріп тұрған жасаған ием куә болсын.

— Әбден мүмкін, — деп жауап қайырды Дик. — Дегенмен қараңызшы, сіз қандай сұмдық тор тоқыдыңыз; мен дәл қазір сіздің әрі тұтқыныңызбын, әрі судьяңызбын. Сіз де осы сәтте мені құртпақшы болып қорқытасыз, әрі менің кешірімді болуымды қалайсыз. Егер сіз әрдайым адал адам, әрі мейірімді священник болсаңыз, онда менен қорқудың да, мені жек көрудің де қажеті болмас еді деп ойлаймын. Сондықтан шатысып қалмай, дұғаңызды оқи беріңіз. Басқа амал болмағандықтан, мен сіздің дегеніңізге көнемін; сізге көңіл бөліп, сіздің әңгімеңізді тыңдау үшін мен өзімді мазалағым келмейді.

Священник қасіреттің салмағынан қайысқандай қолымен басын тіреп, ауыр күрсінді, сол кезде жас жігіт оны бір сәт аяп кеткендей болды. Сэр Оливер енді одан әрі псаломды әндеткен жоқ. Дик тек оның қолындағы тәсбиықтың тырсылдаған дыбысы мен дұға оқып ақырын күбірлеген даусын ғана естіді.

Көп кешікпей шіркеудің әшекейлі терезесінен таң бозарып біліне бастады; шырақтардың жымыңдаған жарығы көмескіленіп кетті. Таң бірте-бірте ағарып, кенеттен шіркеудің оңтүстік шығыс жағындағы терезелерден күннің қызарған сәулесі түсіп, қабырғаларды жарқыратып жіберді. Боран басылды, қарлы бұлт ашылып, қыстың жаңа басталған күні қарлы ақ көрпе жамылған жердің бетін жайнатып, нұрландырып жіберді.

Шіркеу қызметкерлері әбігерленіп жүр; табытты өліктерді жатқызатын бөлмеге апарып қойды, лорд Шорбидің тойының шырқын кетірмес үшін тас тақталардың үстіндегі қанды дақтарды тазартып, жуып тастады. Түнде аза тұтып жүрген діни қызметкерлер алдағы болатын қуанышты салтанатқа қаяу түсірмейік дегендей енді көңілдене бастады. Таң атқандығының куәсі ретінде шіркеуге діндар кісілер жинала бастады. Олар алтарьдың алдына етпеттей жатып, тәубеге келу үшін кезектерін күтті.

Осы қарбаласта сэр Дэниэлдің есік аузында тұрған қырағы күзетшілерін оп-оңай алдап кетуге де болатын еді. Шіркеудің ішін самарқау шолып шыққан Диктің бір монахқа көзі түсті, ол Уилл Лоулесс болатын.

Қаңғыбас та өзінің бастығын танып, білдірмей оған көз қысты.

Дик кәрі суайттың мезгілсіз уақытта мас болғанын кешіргісі кеп тұрған жоқ, дегенмен оны өзінің ауыр жағдайына шатыстырғысы келмей оған кет деп шамасы келгенше анығырақ белгі берді.

Лоулесс оны түсінді білем, себебі бірден колоннаның артына бұрылып, жоқ болып кетті; Диктің көңілі орнына түсті.

Біреу оның жеңінен тартқан сияқты болды, ол бұрылып қарап еді, өзінің қасында намаз оқып отырған кәрі қарақшыны көріп, жүрегі су ете түсті.

Кенеттен сэр Оливер орнынан тұрды да, орындықтардың арасымен өтіп, бүйір жақта тұрған жауынгерлердің қасына барды. Егер ол осылай оп-оңай священникті сезіктендірген болса, онда амал қайсы, жағдайлары жаман, онда Лоулесстің де Дик сияқты қолға түскені.

— Қозғалма, — деп сыбырлады Дик. — Біздің халіміз мүшкіл, осының бәрі сенің кешегі шошқалығыңның кесірі. Бұл жерде отыруға тиісті емес едім, тіптен ойыма да келмеп еді, бірақ сен, өлім келгір, — менің осы жерде отырғанымды көргеннен кейін қауіпті сезіп, неге қашып кетпедің?

— Жоқ, — деп жауап қайырды Лоулесс, — мен сізді Эллистен хабар алып, соның тапсырмасы бойынша отыр екен деп ойладым.

— Эллистен дейсің бе? — деп сұрады Дик, — Эллис қайтып келіп пе еді?

— Әрине, — деп жауап қайырды қаңғыбас. — Ол кеше түнде келіп, мас болғандығым үшін жақсылап жазамды берді. Сонымен, сіздің өшіңіз қайтарылды, мастер Шелтон! Бұл Эллис Дэкуорт деген нағыз құтырған адам! Ол Кравеннен осында тойды болдырмау үшін әдейі асығыс келіпті, ал егер ол бір нәрсені ойласа, ойлағанын сөзсіз орындайды.

— Ал біз екеумізге келсек, бауырым, — деді Дик сабырмен сөйлеп, — екеуміздің де шаруамыз біткен адамдармыз. Мен бұл жерде кепіл ретінде отырмын, Эллис болдырмаймын дейтін сол той үшін мен басыммен жауап беремін. Крестпен ант етемін, менің тамаша таңдауым бар — не ғашығыммен, не өміріммен қоштасуым керек! Жарайды, тәуекел, өмірімді-ақ құрбан етемін.

— Аспанмен ант етемін! — деді Лоулесс, орнынан тұрып жатып. — Мен кеттім.

Бірақ Дик оның иығына қолын салды.

— Достым Лоулесс, тыныш отыр, — деді ол. — Сенің көзің бар емес пе, анау алтарьдің артындағы бұрышқа қарашы. Сен орныңнан тұрмақшы болып қозғала бастағаннан-ақ, сол қару-жарақ асынған адамдар жетіп келіп, сені ұстап алатынын көрмей тұрсың ба? Тағдырға кен, достым. Корабльдің үстінде, теңізге суға кетіп өлетін шығармын деп ойлағаныңда сен батыл болатынсың; енді міне дарға асылып өлуге тура келіп тұрғанда да сондай батыл бол.

— Мастер Дик, — деді Лоулесс алқынып, — тіпті ойламаған жерден мен осындай оқиғаға тап болдым. Маған бір минут есімді жинап алуға рұқсат етіңіз, содан соң мен де сіз сияқты батыл болам деп ғибадатпен ант етемін.

— Мен сенің батыл екеніңе ешбір күмәнданбаймын! — деді Дик.

— Егер сен менің тіпті де өлгім келмейтінін білсең, Лоулесс! Бірақ қасіретті көз жасыммен тоқтата алмайтын болсам, жылағаннан не пайда?

— Сіз дұрыс айтасыз, — деді Лоулесс оны қостап. — Е-е, өлім үшін қиналып қайтеміз! Ерте болсын, кеш болсын, ол бәрібір келеді, басеке! Дарға асылу оңай өлім дейді ғой, бірақ соның растығын дәлелдеу үшін дарға асылған адамның бірде-бірі о дүниеден қайтып келген емес!

Осылай деп ер жүрек суайт қолын кеудесіне айқастырып, орындықтың арқасына шалқайып отырды да, жан-жағына сондай бір арсыздықпен жайбарақат қарай бастады.

— Қазір біз ештеңе сездірмей тыныш отыруымыз керек, — деді Дик. — Дэкуорттың не ойлағанын білмейміз ғой. Оның әрекеті сәтсіз аяқталса да біз бәрібір бұл жерден аман құтылып кетуге тырысамыз.

Үнсіз отырып олар алыстан шыққан көңілді музыканың дыбысын естіді, дауыс жақындаған сайын қаттырақ естіліп, одан бетер көңілдене түсті. Шіркеу мұнарасындағы қоңыраудың даусы құлақ тұндыра саңғырлап, шіркеудің іші үстерінің қарын қағып тоңған саусақтарын үрлеп, қолдарын ұрғыштап жылытып жатқан адамдарға толып кетті. Батыс жақтағы есік айқарыла ашылып, одан қар басқан көшенің күн түскен жағының бір бөлігі көрінді. Шіркеудің ішіне ертеңгі суық лап қойды. Осының бәрі лорд Шорбидің ертерек асығыс неке қидырғысы келетінін, сондай-ақ тойлаушылардың салтанатты тобының келе жатқанын сездіріп тұр.

Лорд Шорбидің жауынгерлері халықты найзаларымен ығыстырып, қақ ортадан жол аша бастады. Содан кейін музыканттар көрінді. Сыбызғышылар мен кернейшілер бар күшімен үрлегендіктен қып-қызыл болып кетіпті, ал барабаншылар мен цимбалшылар бірінің даусын бірі басуға тырысқандай дүңкілдете ұрып жатыр.

Шіркеудің есігінің алдына келген соң олар тоқтады да, музыканың ырғағына сай қатып қалған қардың үстінде аяқтарын ұрып, екі қатар болып сапқа тұрды. Аса сәнді киінген той иелері саптағылардың арасымен өтті, олардың үстіндегі киімдері керемет сәнді әшекейлі еді, бұл салтанатты топтың үстіндегі жібек пен барқыт, ішіктер мен атластар, кестеленген киімдер мен тоқылған шілтерлер қардың үстіндегі гүл шоғындай, не қабырғадағы түрлі түсті өрнектелген терезедей жайнайды.

Топтың ең алдында өңі аппақ шүберектей қуарған, жүзін мұң торлаған қалыңдық келе жатты. Ол сэр Дэниэлдің қолына сүйеніп алыпты; қалыңдықтың қасында — оның құрбысы, кеше түнде Дик танысқан кішкентай бикеш. Қалыңдықтың артында үстіне әдемі қымбат киім киген, құяң аяғын сүйретіп күйеу жігіттің өзі келеді. Ол шіркеудің табалдырығынан аттап, қалпағын шешкенде, толқығаннан қасқасының қызарып кеткені ап-анық көрінді.

Міне, енді Эллис Дэкуорттың қимылдайтын кезі келді.

Жан-дүниесін алуан түрлі сезім билеп, есі шыққан Дик алдындағы орындықтың арқасынан тас қылып ұстап алған. Кенеттен ол жұрттың қозғала бастағанын көрді. Адамдар жоғары қарап, қолдарын көтеріп, кейін шегінді. Дик басын көтеріп еді, хордың үстінен еңкейіп, садақтарын тартқалы тұрған үш адамды көрді. Жебелер зулап келіп, тұрғандардың жан даусы шығып үлгергенше, белгісіз атқыштар ғайып болды.

Шіркеудің іші азан-қазан болды да кетті; діни қызметкерлер үрейлене орындарынан атып-атып тұрды; музыка тынып қалды; қоңырау біраз даңғырлап тұрды, бірақ кенеттен болған қасірет жайлы хабар шіркеудің үстіне де тез жетсе керек, арқанды шайқалтып тұрған қоңыраушылар өздерінің көңілді істерін бірден тоқтатты.

Шіркеудің қақ ортасында екі қара жебе шаншылған күйеу жігіт өліп жатыр. Қалыңдық есінен танып құлап қалды. Топтан жоғарырақ көтеріліп, аңдаусызда осындай оқиғаға тап болып, ашу-ыза кернеген сэр Дэниэл тұр; оның сол иығына қадалған ұзын жебе дірілдеп қозғалып тұр; екінші жебе оның төбесін жаралап өтсе керек, бетінен қан сорғалай жөнелді.

Осы қайғылы оқиғаның айыпкерлері оларды іздеместен көп бұрын бұрандаға ұқсас басқышпен төмен түсіп, бүйір жақтағы есіктен шығып кеткен-ді.

Дик пен Лоулесс өздерінің кепіл ретінде отырғандарына қарамастан, алғашқы дабыл басталысымен-ақ орындарынан атып тұрып, есікке қарай жақындамақшы болды. Бірақ оларға тығыз орналастырып қойған орындықтар мен қорыққаннан бір жерге ұйлығысқан священниктер кедергі жасады. Олар тайсалмастан өз орындарына қайтып келді.

Кенеттен қатты қорыққаннан боп-боз болған сэр Оливер орнынан түрегеліп, Дикті қолымен нұсқап сэр Дэниэлді шақырды.

— Міне, Ричард Шелтон! — деп айқайлады ол. — О, қасіретті мезет! Төгілген қан үшін осы жауапты! Ұстаңдар оны! Оны ұста деп әмір етіңіз! Бәріміз аман-сау болу үшін оны ұстап алып, мықтап байлап тастаңдар. Ол сіздерді құртам деп ант еткен!

— Қайда ол! — деп бақырды сэр Дэниэл, ашу-ызадан әрі бетінен сорғалап аққан ыстық қаннан көзі түк көрмей. — Осы жерге сүйреп әкеліңдер! Холивудтың кресімен ант етемін, ол өзінің жасаған қылмысы үшін мықтап жазасын тартады!

Жиналғандар қақ жарылып жол ашып, атқыштар клиросқа лап қойды. Дикті ұстап алып, орындықтан итеріп түсіріп, иығынан тартып алтарьдің басқыштарымен сүйрей жөнелді. Лоулесс тышқан сияқты тып-тыныш отыр.

Сэр Дэниэл бетінен аққан қанды сүртіп, көзі жыпылықтай тұтқынына қарады.

Деді ол, — қолға түстің бе, оспадар опасыз! Аса қатыгездікпен ант етемін, қазір менің көзіме тамып тұрған әрбір тамшы қанның құнын жан ұшырған қасіретпен өтейсің! Әкетіңдер мынаны! — деді ол, сөзін жалғастырып, — Бұл жерде бұған орын жоқ! Оны менің үйіме апарыңдар! Мен оның тәнін тұтамдап тұрып азаптаймын.

Бірақ Дик күзетшілерді итеріп тастады да, қатты дауыстап:

— Мен шіркеудің ішіндемін, — деді, — Қасиетті шіркеудің ішіндемін! Әулие аталар, бері келіңдер! Мені шіркеуден сүйреп шығармақшы...

— Сен кісі өлтіріп, арамдаған шіркеуден бе, балам, — деп оның сөзін бөліп жіберді, үстіне өте қымбат сәнді киім киген ұзын бойлы біреу.

— Дәлелдерің қайда? — деп айқайлады Дик. — Мені қылмыс жасады деп кінәлайсыздар, бірақ бірде-бір дәлел келтірмейсіздер. Иә, мына қызды маған күйеуге беріңдер деп сұрағаным рас! Ол да маған өзінің ризалығын білдірді, ол жөнінде мен ештеңені жасырмай батыл айта аламын. Онда тұрған не бар? Қызды сүю қылмыс па екен; қыздың да мені жақсы көретіні қылмыс емес. Осыдан басқа менің ешбір кінәм жоқ.

Дик өзінің кінәлі емес екендігін қайсарлана дәлелдеді, тіпті айналасынан оны мақұлдаған дауыстар шыға бастады. Дегенмен оны кіналаған да біраз адамдар болды, өйткені үстіне қорлап монахтың киімін киіп алып өткен түнде оның сэр Дэниэлдің үйінде жүргенін көргендерін қатты дабырлап айтып жатты. Осы айқай-шудың кезінде сэр Оливер кенеттен міне оның сыбайласы деп Лоулессті көрсетті. Оны да орындықтан сүйреп түсіріп, Дикпен қатар отырғызып қойды. Қауіп арта түсті, біреулері тұтқындарға қашуға көмектеспекші болып әрлі-берлі сүйреп жүргенде, екіншілері оларға ұрысып, жұдырықтарымен ұрып жатты. Диктің аласұрған иірімге түскендей құлағы шуылдап, басы айналып кетті. Бірақ Дикпен сөйлескен ұзын бойлы адам айқай салып, тыныштық пен тәртіп орнатты.

— Тінтіңдер оларды, — деді ол, — қарулары жоқ па екен. Сонда біз олардың қандай ниетпен келгендерін білеміз.

Диктен қанжардан басқа ешбір қару табылмады, бұл оның арам ниеті жоқ екенін көрсетеді, бірақ біреу жағымпазданып сол қанжарды қынабынан суырып алды, онда Алаяқтың қаны әлі кеуіп үлгермепті. Сэр Дэниэлдің жақтастары шулап қоя берді, бірақ ұзын бойлы адам тоқтатыңдар дегендей өктем көз тастап, оларды бірден тыйып тастады. Бірақ енді Лоулессті тінткен кезде, оның киімінің астынан жаңағы бейшара күйеу жігітті өлтірген жебелерден аумайтын бір буда жебе табылды.

— Ал, бұған не айтасыз? — деп сұрады Диктен ұзын бойлы адам қатаң үнмен.

— Сэр, — деп жауап қайырды Дик, — мен шіркеудің қамқорындамын. Бірақ сіздің келбетіңізге қарап, сэр сіздің асыл текті әрі құдіретті адам екеніңізді көріп тұрмын; сіздің жүзіңізде әділеттілік пен қайырымдылық жазулы тұр. Мен сізге өз еркіммен тұтқынға беріліп, құдайдың шіркеуінен баспана табатын өзімнің хақымнан бас тартамын. Мені өзіңіздің мейірбан қолыңызбен өлтіріңіз, тек бірақ туған әкемді өлтіріп, әрі менің имением мен табысымды заңсыз пайдаланып келгенін мен бүкіл халықтың алдында айыптайтын мына адамның қолына бермеңіз мені. Кінәлы екенім әлі дәлелденбей тұрып, ол мені қалай азаптамақшы болғаны өз құлағыңызбен естідіңіз ғой. Егер мені нағыз қас жауым әрі бұрынғы қысым көрсеткен адамымның қолына берсеңіз, онда сіз адамгершіліктен аттайсыз. Мені заңға сәйкес соттаңыз, егер шын кінәлы болып шықсам, онда мені өлім жазасына бұйырыңыз.

— Милорд, — деп айқайлады сэр Дэниэл, — бұл бөлтірікті бекер тыңдап тұрсыз! Қанға малынған қанжар оның өтірік айтатынын дәлелдейді.

— Сіздің қызбалығыңыз, қайырымды рыцарь, — деп жауап қайырды, ұзын бойлы бейтаныс адам, — сізге қарсы айғақ болады.

Енді ғана есін жиып, осы оқиғаға үрейі ұша қарап тұрған қалыңдық кенеттен өзін ұстап тұрған адамдардан босанып шығып, ұзын бойлы адамның алдына тізерлеп отыра кетті.

— Милорд Райзингэм, — деп жалбарынды қыз, — әділдік үшін мені тыңдаңызшы! Бұл адам мені туыстарымнан ұрлап алып, осы жерде зорлықпен ұстап отыр. Сол кезден бастап мен ешқандай аяушылық, не жұбату дегенді көрген емеспін, Ри-Шелтоннан басқа маған ешкім көмектескен жоқ енді оны да айыптап, өлтірмекші болып жатыр. Милорд, ол кеше түнде сэр Дэниэлдің үйінде болды, Дик онда мен үшін келді; ол менің құдайға жалбарынған дұғамды естіп келді, оның ешқандай арам ойы болған жоқ. Сэр Дэниэл оған мейіріммен қараған кезде, Ричард онымен бірге «Қара жебеге» қарсы адал соғысты; бірақ жексұрын қамқоршысы оның өміріне қастық істеген кезде, ол өз өмірін сақтау үшін түн жамылып қанішер жауыздың үйінен қашуға мәжбүр болды — өзіңіз ойлаңызшы, қорғансыз, бір тиын ақшасы жоқ ол қайда бармақшы? Егер ол жаман адамдардың тобына қосылып кеткен болса, онда біз кімді айыптауымыз керек — өзіне әділетсіздік жасалған жігітті ме, әлде өзінің борышын бұзған қамқоршысын ба?

Кішкентай леди Джоаннаның қасына барып, тізерлеп отыра кетті.

— Ал мен, қайырымды лорд, — деді ол, — мен, сіздің туған жиеніңіз, бұл қыздың айтқанының бәрі рас екендігіне баршаның алдында куә боламын. Бұл жас жігітті үйге алып келген мына мен бейбақ едім.

Граф Райзингэм қыздарды үн-түнсіз тыңдады, тіпті олар болғаннан кейін де біраз уақыт үнсіз қалды. Сосын ол Джоаннаға қолының ұшын беріп, орнынан тұруға көмектесті; бірақ айта кететін жайт, ол өзіне жиен болып аталған қызды орнынан тұрғызу үшін қолын созған жоқ.

— Сэр Дэниэл, — деді ол, — бұл бір аса былыққан іс екен; сіз рұқсат етсеңіз, мен бұл істі тексеруді өз мойыныма алайын. Сіз ешбір абыржымаңыз. Сіздің ісіңіз сенімді қолда; ол әділетті шешіледі. Ал қазір үйге тез жетіп жараңызды таңыңыз. Бүгін күн суық, сізге салқын тиіп қалуы мүмкін.

Ол қолымен белгі берді; оның әрбір қимылын бағып тұрған қызметшілері бұл белгіні одан әрі жалғастырды. Со бойда сырттан қатты фанфара ойнап қоя берді; ашық тұрған әшекейлі есіктен лорд Райзингэмнің киімінің түсіндей киінген атқыштар мен жауынгерлер шіркеудің ішіне кіріп, Дик пен Лоулессті ұстап, сосын тұтқындарды орталарына қоршап, алып кетті.

Джоанна Дикке қолын созып: «Қош бол!» деп айқайлады. Ал қалыңдықтың құрбысы, нағашысының жақтырмағанынан мүлде қаймықпастан, неке сүйдім деп белгі көрсетіп: «Батыр болыңыз, арыстанды жуасытушы!» деді. Жиналғандардың Жүзіңе бірінші рет күлкі ойнады.

V ТАРАУ

Граф Райзингэм

Граф Райзингэм Шорбидегі ең қадірлі бекзада екеніне қарамастан, ол қарапайым адамдарша бір джентльменнің қаланың шетіндегі жеке меншік үйінде тұратын. Тек есік аузын күзеткен жауынгерлер мен біресе келіп, біресе кетіп жатқан жаушылар ғана бұл үйге әйгілі лордтың тоқтағанын аңғартады.

Үй тар еді, сол себепті Дикті Лоулесспен бірге қамады.

— Сіз жақсы сөйледіңіз, мастер Ричард, — деді қаңғыбас, — тамаша сөйледіңіз, сол үшін сізге шын ниетіммен рақмет айтамын. Бұл жерде біз жақсы адамға тап болдық; бізді әділ соттайды, дұрысырақ айтсам, бүгін кешке екеумізді бір ағашқа әдемілеп тұрып асады.

— Сен дұрыс айтасың, менің бейшара достым, — деп жауап қайырды Дик.

— Біздің тағы бір үмітіміз бар, — деді Лоулесс. — Эллис Дэкуорт сияқтылар ондаған мың адамның ішінен бірен-саран кездеседі. Ол сізді өте жақсы көреді, әрі сіздің әкеңіз үшін, ешқандай кінәңіз жоқ екенін біледі ғой, ол сізді құтқару үшін аспанды да, жерді де астын үстіне шығарады.

— Мен олай ойламаймын, — деді Дик. — Ол не істей алады? Оның адамдары өте аз! Шіркін-ай, егер бұл той ертеңгі күнге белгіленген болса... иә, ертең... түстің алдында кездесуші едім... сонда маған көмектесер еді де, бәрі басқаша болар еді... Ал қазір ештеңе көмектесе алмайды.

— Жарайды, — деді Лоулесс, сіз менің кінәлы емес екенімді жақтап, ал мен — сіздің кінәлы емес екендігіңізді жақтаймын. Бұның бәрібір бізге еш жоқ. Егер мені дарға асатын болса да бір менің құдайға дұрыстап сыйынбағанымның кесірі деп ойланып қалды, ал кәрі қаңғыбас бұрышқа бүктетіліп жатып алды да, монах шапанының екі опа басын бетіне түсіріп, ұйқыға кетті. Кейін ол қорылдай бастады; әр түрлі ауыр оқамен қиыншылықты көп көрген ұзақ өмір оның қорқыныш сезімін біржола мұқалтып тастаған еді.

Күн кешкіріп қалғанда есік ашылып, Дикті басқышпен жоғарыдағы жып-жылы бір бөлмеге алып барды, граф Райзингэм ошақтың алдында қалың ойға шомып отыр екен.

Тұтқын есіктен кіргенде, граф басын көтерді.

— Сэр, — деді ол, — мен сіздің әкеңізді білетін едім. Сіздің әкеңіз өте жақсы адам болатын, сол үшін мен сізге ізгі ниетпен қараймын. Бірақ сізге қатаң айып тағылатынын да жасыра алмаймын. Сіз кісі өлтіргіш қарақшылармен бірге жүрсіз; сіздің қоғамдық тәртіпті бұзғандығыңыз жөнінде ешбір күмәнсыз дәлел бар; сізге қарақшылық жасап кемені басып алды деген айып тағылады; сізді бөтен адамның киімін киіп, өзіңіздің қас жауыңыздың үйіне тығылған жерден тауып алды; әрі сол түнде адам өлді...

— Рұқсат етсеңіз, милорд, — деп оның сөзін бөлді Дик, — мен өзімнің неге кінәлі екенімді бірден мойындағым келеді. Сол Алаяқты өлтірген менмін, ал оның куәсі, — деді ол, қойнынан бірдеңені іздеп, — міне, Алаяқтың дорбасынан табылған хат.

Лорд Райзингэм хатты қолына алып, ашып, екі қайта оқып шықты.

— Сіз оны оқыдыңыз ба? — деп сұрады ол.

— Иә, оқыдым, — деп жауап қайырды Дик.

— Сіз Йорктар жағындасыз ба, немесе Ланкастерлер жағындасыз ба? — деп сұрады граф.

— Милорд, маған жақында ғана біреу осындай сұрақ қойды, бірақ мен оған қалай жауап берерімді білмедім, — деді Дик. — Дегенмен бір рет жауап бергеннен кейін, екінші рет те тап солай жауап беремін. Милорд, мен Йорктар жағындамын.

Граф риза болып басын изеді.

— Адал жауап, — деді ол. — Онда бұл хатты неге маған беріп тұрсыз? Оның жактырмағанынан мүлде қаймықпастан, Дикке сүйдім деп белгі көрсетіп: «Батыр болыңыз, арыстанды жуасытушы!» деді. Жиналғандардың жүзіне бірінші рет күлкі ойнады.

Ү ТАРАУ

Граф Райзингэм

Граф Райзингэм Шорбидегі ең қадірлі бекзада екеніне қарамастан, ол қарапайым адамдарша бір джентльменнің қаланың шетіндегі жеке меншік үйінде тұратын. Тек есік аузын күзеткен жауынгерлер мен біресе келіп, біресе кетіп жатқан жаушылар ғана бұл үйге әйгілі лордтың тоқтағанын аңғартады.

Үй тар еді, сол себепті Дикті Лоулесспен бірге қамады.

— Сіз жақсы сөйледіңіз, мастер Ричард, — деді қаңғыбас, — тамаша сөйледіңіз, сол үшін сізге шын ниетіммен рақмет айтамын. Бұл жерде біз жақсы адамға тап болдық; бізді әділ соттайды, дұрысырақ айтсам, бүгін кешке екеумізді бір ағашқа әдемілеп тұрып асады.

— Сен дұрыс айтасың, менің бейшара достым, — деп жауап қайырды Дик.

— Біздің тағы бір үмітіміз бар, — деді Лоулесс. — Эллис Дэкуорт сияқтылар ондаған мың адамның ішінен бірен-саран кездеседі. Ол сізді өте жақсы көреді, әрі сіздің әкеңіз үшін, ешқандай кінәңіз жоқ екенін біледі ғой, ол сізді құтқару үшін аспанды да, жерді де астын үстіне шығарады.

— Мен олай ойламаймын, — деді Дик. — Ол не істей алады? Оның адамдары өте аз! Шіркін-ай, егер бұл той ертеңгі күнге белгіленген болса... иә, ертең... түстің алдында кездесуші едім... сонда маған көмектесер еді де, бәрі басқаша болар еді... Ал қазір ештеңе көмектесе алмайды.

— Жарайды, — деді Лоулесс, сіз менің кінәлы емес екенімді жақтап, ал мен — сіздің кінәлы емес екендігіңізді жақтаймын. Бұның бәрібір бізге еш көмегі жоқ. Егер мені дарға асатын болса, дегенмен ол менің бір құдайға дұрыстап сыйынбағанымның белгісі емес.

Дик ойланып қалды, ал кәрі қаңғыбас бұрышқа екі бүктетіліп жатып алды да, монах шапанының күләпарасын бетіне түсіріп, ұйқыға кетті. Көп кешікпей ол қорылдай бастады; әр түрлі ауыр оқиғалар мен қиыншылықты көп көрген ұзақ өмір оның қорқыныш сезімін біржола мұқалтып тастаған еді.

Күн кешкіріп қалғанда есік ашылып, Дикті басқышпен жоғарыдағы жып-жылы бір бөлмеге алып барды, граф Райзингэм ошақтың алдында қалың ойға шомып отыр екен.

Тұтқын есіктен кіргенде, граф басын көтерді.

— Сэр, — деді ол, — мен сіздің әкеңізді білетін едім. Сіздің әкеңіз өте жақсы адам болатын, сол үшін мен сізге ізгі ниетпен қараймын. Бірақ сізге қатаң айып тағылатынын да жасыра алмаймын. Сіз кісі өлтіргіш қарақшылармен бірге жүрсіз; сіздің қоғамдық тәртіпті бұзғандығыңыз жөнінде ешбір күмәнсыз дәлел бар; сізге қарақшылық жасап кемені басып алды деген айып тағылады; сізді бөтен адамның киімін киіп, өзіңіздің қас жауыңыздың үйіне тығылған жерден тауып алды; әрі сол түнде адам өлді...

— Рұқсат етсеңіз, милорд, — деп оның сөзін бөлді Дик, — мен өзімнің неге кінәлы екенімді бірден мойындағым келеді. Сол Алаяқты өлтірген менмін, ал оның куәсі, — деді ол, қойнынан бірдеңені іздеп, — міне, Алаяқтың дорбасынан табылған хат.

Лорд Райзингэм хатты қолына алып, ашып, екі қайта оқып шықты.

— Сіз оны оқыдыңыз ба? — деп сұрады ол.

— Иә, оқыдым, — деп жауап қайырды Дик.

— Сіз Йорктар жағындасыз ба, немесе Ланкастерлер жағындасыз ба? — деп сұрады граф.

— Милорд, маған жақында ғана біреу осындай сұрақ қойды, бірақ мен оған қалай жауап берерімді білмедім, — деді Дик. — Дегенмен бір рет жауап бергеннен кейін, екінші рет те тап солай жауап беремін. Милорд, мен йорктар жағындамын.

Граф риза болып басын изеді.

— Адал жауап, — деді ол. — Онда бұл хатты неге маған беріп тұрсыз?

— Партиялардың қай-қайсысы да опасыздарға қарсы күреспеуші ме еді, милорд? — деп айқай салды Дик.

— Мен де сіздің айтқаныңыздай болғанын қалар едім, — деп жауап қайырды граф. — Мен сіздің айтқан сөздеріңізді қостаймын. Сізде арам ойдан гөрі жастық жалыны басымырақ. Егер сэр Дэниэл біздің партияның ең құдіретті жақтасы болмаса сізді қорғар едім. Мен сұрау салып, сізге шынында да зұлымдық жасалғаны жайлы дәлелді деректер жинап алдым, ол сізге кешірім жасауға себеп болады. Бірақ, сэр, мен ең алдымен королева партиясының басшысымын; мен табиғатымнан әділ, кейде тіпті өте мейірбан адам болсам да, қазір сэр Дэниэлді өз жағымызда ұстау үшін партияның мүддесін көздеуім керек.

— Милорд, — деп жауап қайырды Дик, — мені әдепсіз екен деп ойлап қалмаңыз, егер рұқсат етсеңіз, мен сізге сақ болыңыз деп ескерткім келеді. Сіз расында да сэр Дэниэл сенімді жақтас болады деп ойлайсыз ба? Меніңше ол бір партиядан екінші партияның жағына өте жиі көшіп жүр.

— Қазіргі кезде Англияда ондай салтқа айналып кетті емес пе, оған несіне таңданасыз? — деп сұрады граф. — Бірақ тэнстоллдық рыцарь жөніндегі сіздің пікіріңіз әділдікке жатпайды. Қазіргі тұрлаусыз ұрпаққа адалдық деген жалпы тән болатын болса, онда сэр Дэниэл біздерге, ланкастерліктерге, соншалық дәрежеде адал адам. Тіпті жақында, біз сәтсіздікке ұшыраған кезде де сатылмай, бізге адал болды.

— Егер сіз мына хатты оқысаңыз, — деді Дик, — сіз ол жөніндегі өз пікіріңізді аздап өзгертесіз.

Ол графқа сэр Дэниэлдің лорд Уэнслидэлге жазған хатын берді.

Графтың түсі өзгеріп кетті; ол ашулы арыстандай қаһарланып, қолдары еріксіз қанжарына жабысты.

— Сіз бұл хатты оқыдыңыз ба? — деп сұрады ол.

— Оқыдым, — деді Дик. — Көрдіңіз ғой, ол сіздің жеке меншікті поместьеңізді лорд Уэнслидэлге тартып алып бермекші.

— Иә, сіз дұрыс айтасыз, менің жеке меншік поместьемді ұсынып отыр, — деп жауап қайырды граф. — Бұдан былай мен сіздің аман-саулығыңызды тілеуім керек. Сіз маған түлкінің інін көрсеттіңіз. Маған әмір етіңіз, мастер Шелтон! Сізге ешбір кідіріссіз бірден алғыс айтып тұрып — Йорктар жағындасыз ба немесе Ланкастерлер жағындасыз ба адал адамсыз ба, ұрысыз ба — бәрібір, ең алдымен сізге бостандығыңызды қайтарып беремін. Су әулиесінің аруағы үшін барыңыз! Бірақ сіздің жолдасыңыз Лоулессті жібермеймін, оны дарға асамын, бұл үшін сіз маған ренжімеңіз. Ол бүкіл жұрттың көзінше қылмыс жасады, сол себепті жазасын да бүкіл жұрттың алдында тартуы керек.

— Милорд, сізге менің бірінші өтінішім: оған да кешірім жасаңыз, — деді Дик.

— Ол кәрі қорқау, ұры және қаңғыбас, мастер Шелтон, — деді граф. — Ол дарға асу үшін көптен дайын тұрған адам. Егер ол ертең дарға асылмаса, бәрібір бір күн кейін асылады. Оданда ертең неге дарға аспаймыз?

— Милорд, ол мұнда мені жақсы көргендіктен келді, — деп жауап қайырды Дик, — егер мен оған араша түспесем, онда қатыгез әрі қайырымсыз адам болар едім.

— Мастер Шелтон, сіз қиқар адам екенсіз, — деді граф қатал үнмен. — Бұл өмірде көздеген мақсатыңызға жету үшін сіз өте сенімсіз жол таңдап алыпсыз. Бірақ мазалай бергеніңізден құтылу үшін мен сіздің тағы бір талабыңызды орындайын. Жарайды, екеуің бірге кетіңдер, бірақ аса сақ болыңдар және де Шорбиден тезірек кетуге тырысыңдар. Әйтпесе бұл сэр Дэниэл дегеніңіз, әулиелер оның жазасын берсін, сіздің қаныңызға құмар-ақ болып жүр.

— Милорд, менің сізге деген алғысымды әзірше тек сөзбен ғана білдіруге рұқсат етіңіз; осы жақын арада сізге қызмет етіп, борышымды ең болмаса жартылай өтермін деп сенемін, — деп жауап қайырды да, Дик бөлмеден шығып кетті.

Өз отрядын соларға қарсы салды. Бұндай тосын шабуылды күтпеген ланкастерлік атқыштар қорқып кейін шегінді, олар бірте-бірте қатарларынан шатысып, өздері жаңа ғана жеңімпаз ұран айтып жүгіріп шыққан үйлеріне қайта тығыла бастады.

Осы кезде базардағы алаңнан шабуыл жасаушылар қорғаусыз қалған тосқауылдан өтіп кетті, оларды қуу үшін Дикке қайтадан кейін бұрылуға тура келді.

Өз жауынгерлерінің қайсарлығы арқасында тағы да жеңіске жетті. Олар көшені қарсыластарынан тазартып, масайрай бастаған кезде үйлерден тағы да атқыштар ағылып шығып, бұларға үшінші рет арт жақтарынан шабуыл жасады.

Йоркшылар бірте-бірте жан-жаққа бөліне бастады. Дик бірнеше рет қарсыластарының ортасында жалғыз қалып, өз өмірін сақтау үшін қанжарды оңды-солды мықтап сермеуіне тура келді, ол бірнеше рет жараланды. Бірақ көшедегі шайқас нақты нәтижесіз одан әрі жалғаса берді.

Кенеттен Дик қатты сұңқылдаған кернейдің даусын естіді, дауыс шет жақтан шықты. Қайта-қайта айқайлаған йоркшылдардың қуанышқа толы жауынгерлік ұраны жер-дүниені жаңғырықтырды. Қарсыластары қатты үрейленіп, кішкентай көшеден базардағы алаңға қарайлап қойды. Біреу: «Қашайық!» деп қатты айқайлап жіберді. Кернейлер есінен адасқандай тынымсыз ойналып жатыр, біреулері жиналатын белгі беріп, екіншілері шабуылға шығатын белгіні ойнап зар қағуда. Ланкастерліктерге қатты соққы берілгені, олардың шамалы уақытқа болса да, шегіндіріліп, талқандалғаны айқын болды.

Содан соң, тура театрдағы сияқты, Шорби түбіндегі ұрыстың соңғы актісі ойналды. Дикке шабуыл жасаған жауынгерлер қожайыны ысқырып үйге шақырған иттердей теріс бұрылып, жел ұшырған жапырақтай боп қаша жөнелді. Олардың соңынан салт аттылар базар алаңының үстін кесіп өтіп, дауыл соққандай қуып барады, ланкастерліктер кейін бұрылып, семсерлерімен тойтарыс беріп, йоркшылдар оларды найзаларымен түйреп жатыр.

Ұрыстың қақ ортасынан Дик Бүкірді көрді. Кейін көп жылдар өткен соң, Босуорт түбіндегі шайқас үстінде, ол кезде Ричард қылмыстылығымен өзінің атына кір келтірген болатын, ұрыстың нәтижесі мен ағылшын тағының тағдыры шешіле жаздаған кезде көрсеткен ессіз батырлығы мен асқан шеберлігінің нышанын ол тіпті осы қазірдің өзінде-ақ танытты. Соққыдан жалтарып, құлаған, өлгендерді оңды-солды кескілеп, астындағы таудай атын ортекедей ойнатып, өте шебер қорғанып, жауларына қырғындай тиіп, лезде өзінің еңгезердей рыцарьларынан әжептәуір ілгері ұзап кетті, қанға малынған семсерінің күшімен маңына өте батыр ланкастерліктерді жинаған лорд Райзингэмге қарай тура жол салды. Енді бір сәтте олар кездесулері керек: бірі — сұңғақ бойлы, айбынды даңқы шыққан жауынгер, екіншісі — ұсқынсыз әрі сырқат жас жігіт.

Әйтсе де жекпе-жектің нәтижесі жөнінде Шелтон ешбір күмәнданған жоқ, бір сәт қатарлар сирей бастаған кезде, ол графтың жоқ екенін, ал Дик-Бүкірдің семсерін жан-жағына сермеп, ұрыстың қайнаған ортасына қарай қайтадан атын бұрып бара жатқанын көрді.

Сонымен, бірінші шабуыл кезінде қарсыластарын кіргізбей көшені ұстап тұрған Шелтонның батырлығы арқасында, әрі жеті жүз адамнан құралған қосымша күштің дәл уақытында кешікпей келіп үлгергенінің арқасында, тағдырына Ричард III деген жексұрын атпен болашақ ұрпақтың есінде қалу жазылған жас жігіт өзінің алғашқы үлкен шайқасында жеңіп шықты.

IV ТАРАУ

Шорбидің талқандалуы

Жаулар із-түзсіз құрыды. Дик өзінің айбынды әскерінен тірі қалғандарына жабырқай қарап, жеңіс үшін қанша адамның құрбан болғанын санай бастады. Енді қазір, зор қауіптен құтылған кезде, ол қатты шаршап, ауырып әрі әбден қалжырап қалғанын сезді, жарақаты, соққы тиген денесі солқылдай ауырды, ұрыстан әбден әлсіреген оның енді ештеңеге де қабілеті жоқ еді.

Бірақ демалатын уақыт әлі жеткен жоқ. Шорби шабуылмен алынды, қорғанышы жоқ қала тұрғындары қарсылық көрсете қоймағанымен, қатыгез жауынгерлер ұрыс аяқталғаннан кейін де қатыгездік жасайды, сондықтан сұмдықтың көкесі әлі алда еді. Ричард Глостер қала тұрғындарын өзінің ызалы солдаттарынан қорғайтын қолбасшылар қатарына жатпайды, бірақ ол қала тұрғындарын қорғағысы келген күнде де, солдаттары оны тыңдай ма, жоқ па — мәселе сонда.

Сондықтан Дик қайткен күнде де Джоаннаны тауып алып, оны өзінің қанатының астына алуы керек. Ол жауынгерлерінің жүздеріне мұқият қарап шықты. Содан соң айтқанға көнетіндей әрі түрлеріне қарағанда естілеу үшеуін таңдап, шеткері алып шықты да, оларға мол, қымбат сыйлық беремін және батырлық көрсеткендерің туралы герцогқа айтамын деп уәде етті, содан соң оларды босап қалған базардағы алаң арқылы қаланың алыс шетіне қарай ертіп кетті.

Көшенің әр жерінде әлі де болса қақтығыстар болып жатыр, кейбір жерде бірен-саран үйлер қамауға алынып, ал қамалғандар қамаушыларға үстелдер мен орындықтарды лақтыруда. Қардың үстінде қару-жарақ шашылып өліктер жатыр, дегенмен, осы аз-маз қақтығысқа қатысқан адамдардан басқа, көшелерде ешкім жоқ, бір үйлердің есіктері айқарылып ашылып қалыпты, кейбіреулерінің есіктері жабық әрі тосқауыл қойылған. Ал мұржаларынан түтін шығып жатқан үйлер өте сирек кездеседі.

Дик шайқасып жатқандарға жақындамай, айналып өтіп, өзінің серіктерін монастырьдің шіркеуіне қарай тездете алып жүрді, олар басты көшеге жақындап келген кезде, Дик қорыққаннан қатты дауыстап жіберді. Сэр Дэниэлдің үлкен үйі шабуылмен басып алынған, быт-шыты шыққан қақпа топсада шайқалып тұр, олжаға ынтыққан адамдар үйге ағылып кіріп жатыр. Әйтсе де үйдің жоғарғы қабаттарында тонаушыларға біраз қарсылық көрсетіліп, тап қазір, Дик жақындағанда жоғарыдағы терезе ашылып, одан біреу үстіне қоңыр-қызыл мен көк аралас киім киген, қарсылық білдіріп, бақырған бір бейшараны көшеге лақтырып жіберді.

Диктің көңілінде ең қауіпті күдік пайда болды. Ол есі ауысқан кісідей тез алға ұмтылып, қарсы кездескен адамдарды итеріп тастап, тоқтаусыз үшінші қабаттағы Джоаннамен қоштасқан бөлмеге жүгіріп барды. Бөлменің іші астан-кестен: үй жиһаздары жан-жаққа шашылып, шкафтардың есіктері айқарыла ашылып қалыпты, қабырғадан жұлынып түскен кілемге ошақтан ұшқын шашырап, бықсып жатыр.

Дик тұтана бастаған ертті аяғымен лезде таптай өшірді де, торығып тұрып қалды. Сэр Дэниэл, сэр Оливер, Джоанна — бәрі де жоқ. Олар кескілескен ұрыс кезінде қаза тапты ма, әлде Шорбиден аман-есен шығып кетті ме — оны кімнен сұрап білмек?

Дик жанынан өтіп бара жатқан бір атқышты шекпенінен ұстап алды.

— Жігітім, — деп сұрады ол, — үйді шабуылмен алған кезде сен осында болдың ба?

— Босат! — деді атқыш. — Босат, деген соң босат, әйтпесе, салып жіберемін!

— Мен де салып жібере аламын, — деп жауап қайырды Ричард. — Тоқтап, маған бәрін дұрыстап айтып бер!

Бірақ қатты шайқастан қызынып, әрі шарапқа қызып алған жауынгер бір қолымен Дикті иығынан салып жіберіп, екінші қолымен шекпенінің етегін жұлып алды. Осы кезде жас қолбасшыны ашу-ыза кернеп кетті. Ол атқышты қатты құшақтап алып, жас сәби сияқты, өзінің сауыт киген зор кеудесіне мықтап қысты, содан соң оны қарсы алдына тұрғызып қойып, енді сөйле деп әмір етті.

— Өтінемін, аяушылық етіңіз! — деді атқыш, алқынып. — Егер сіздің осыншама ашулы екеніңізді білсем, мен аз-маз сақтанған болар едім. Бұл үйді қалай қоршап, шабуылмен алғанын мен өз көзіммен көрдім.

— Сен сэр Дэниэлді білесің бе? — деп сұрады Дик.

— Мен оны өте жақсы білемін, — деп жауап қайырды атқыш.

Ол осы үйде болды ма?

— Иә, сэр, — деді атқыш. — Бірақ біз аулаға бұзып кірген кезде, ол бақтың ішімен қашып кетті.

— Жалғыз ба? — деп айқайлады Дик.

— Жоқ, оның қасында жиырма шақты солдат болды, — деп жауап қайырды атқыш.

— Солдат дейсің бе! Ал әйелдер болған жоқ па? — деп сұрады Шелтон.

— О жағын білмеймін, — деді атқыш. — Ал үйдің ішінен біз ешқандай әйел көргеніміз жоқ.

— Рақмет, — деді Дик. — Еңбегің үшін мә саған теңге. — Бірақ дорбасының ішінен Дик ештеңе таба алмады. — Ертең мені іздеп тауып ал, — деп сөзін жалғады ол, — Ричард Шелтон. Сэр Ричард Шелтон, — деп сөзін түзетті. Мен саған аямай сый-сияпатыңды беремін.

Дикке кенеттен бір ой келді. Ол асығыс аулаға шықты да, бар пәрменімен бақтың ішімен жүгіріп отырып шіркеудің басты қақпасының алдынан бір-ақ шықты. Шіркеудің есігі айқара ашық тұр. Оның ішіне бүкіл үй-іштерімен қала тұрғындары толып кетіпті, шіркеудің ішіне олар дүние-мүліктерін де әкеліп қойыпты, ал басты алтарьда үстеріне діни киім мен священниктер құдайдан кешірім сұрап жалбарынып жатыр. Дик ішке кірген кезде, қатты әндеткен хордың даусы мұнараның астын күмбірлетіп жіберді.

Ол асыққан күйі қашқындарды итермелеп, шіркеу мұнарасына апаратын басқыштың қасына келді. Бірақ осы жерде ұзын бойлы священник оның алдынан шығып, жолын бөгеді.

— Қайда бара жатырсың, балам? — деп сұрады ол, қатаң үнмен.

— Пірәдар, — деп жауап қайырды Дик, — мен мұнда маңызды тапсырмамен келдім. Мені тоқтатып, жолымды бөгемеңіз. Мен бұл жерде Глостердің атынан әмір етемін.

— Милорд Глостердің атынан ба? — деп қайталап сұрады священник. — Шынымен ұрыс осылайша қайғылы аяқталды ма?

— Пірәдар, ұрыс аяқталды, ланкастерліктер талқандалды, милорд Райзингэм — жатқан жері жайлы болсын! — ұрыс майданында қаза тапты. Ал енді, сізден рұқсат болса, келген шаруамды атқарамын.

Содан соң мына жаңалыққа таң қалған священникті ығыстырып тастап, Дик есікті итеріп ашты да, төрт басқыштан бір-ақ аттап, не тоқтамай, не сүрінбей әбден ашық алаңға жеткенше баспалдақпен жоғары жүгіре берді.

Қоңыраулы мұнарадан ол жайып салған картадағы сияқты, тек Шорби қаласын ғана емес, төңіректің бәрін құрлықты да, теңізді де көрді. Уақыт түске таяп қалған болатын күн шайдай ашық, қар жалт-жұлт етіп жатыр. Дик айналаға қарап, ұрыстың бүкіл кесапатын алақанындағыдай көрді.

Көшелерден түсініксіз шуыл естіліп тұр, ана жерден де, мына жерден де қару-жарақтың салдыры естіледі. Айлақта бірде-бір кеме, бірде-бір қайық қалмаған, оның есесіне ашық теңізде қашқындарға толы көптеген желкенді және еспелі кемелер жүзіп жүр. Ал құрғақ жерде, қар басқан даланың үстімен бір топ салт атты шауып бара жатыр, олардың кейбіреуі орманға жетуге асықса, ал екіншілері, олар, әрине, сөз жоқ, йоркшылдар, аналарды батыл тоқтатып, қайтадан қалаға қарай қуып жатыр. Қайда қарасаң да, барлық жерде, өлген аттар мен адамдар қардың үстінде ап-анық көрініп жатыр.

Кемеден орын тимей қалған жаяу әскерлер портта, жағалаудағы асханалардың тасасынан әлі де атысуда. Көптеген үйлер өртеніп, жарқыраған аязды күнде көк түтін аспанға биік көтеріліп, теңіздің үстіне қарай тарап кетіп жатыр.

Орманның шетіне жақындап қалған, Холивудқа қарай бет алған бір топ салт атты қоңыраулы мұнарадан жан-жағына барлай қарап тұрған жас жігіттің назарын аударды. Салт аттылар әжептәуір көп — бұл шегініп бара жатқан ланкастерліктердің ең үлкен отряды еді. Олар қардың үстінде ап-айқын із қалдырып бара жатыр, енді сол ізге қарап тұрып, Дик олардың қаладан шыққаннан бастап жүрген жолын толық көрді.

Дик оларды сыртынан бақылап тұрған кезде-ақ олар ешбір кедергісіз жалаңаштанған орманның шетіне жетіп қалған еді, осы жерден олар бұрылды да, сол кезде күннің сәулесі бір сәтке ағаштардың қара көлеңкесі арасынан анық көрінген олардың киімдеріне түсті.

— Қоңыр-қызыл мен көк! — деп дауыстап жіберді Дик. — Ант етемін, қоңыр қызыл мен көк!

Содан соң ол басқышпен төмен қарай жүгіре жөнелді.

Енді оған ең алдымен герцог Глостерді тауып алу керек еді, себебі осындай аласапыран кезде оған бір отряд әскерді тек жалғыз герцог қана бере алады. Қаланың ортасында ұрыс негізінен аяқталған болатын. Герцогты іздеп, қаланы шарлап жүгіріп жүрген кезде, Дик көшенің іші сенделген солдаттарға толып кеткенін байқады, біреулері ауыр олжаның салмағынан тәлтіректеп, енді біреулері мас болып айқайлап жүр. Олардың ешқайсысының да герцогтың қайда екенінен хабары жоқ. Герцог аттың үстінде тұрып, қарсыластардың атқыштарын айлақтан қуып шығыңдар деп әмір етіп жатқан кезде, Дик оны кездейсоқ көріп қалды.

— Сэр Ричард Шелтон, — деді герцог, — сіз дәл керек уақытында келдіңіз. Мен сізге өмірдегі ең төмен бағалайтыным — өмірім үшін де, сізге өмірімде ешбір өтей алмайтын борышым — жеңіс үшін де қарыздармын... Кэтсби, егер менің осы сэр Ричард сияқты он командирім болса, мен тура Лондонның өзіне шабуыл жасар едім!.. Ал енді, сэр, сыйлық талап етіңіз.

— Ашық талап етемін, милорд, — деді Дик, — ашық және бүкіл жұрттың көзінше талап етемін. Өмірдегі ең жек көретін адамым менің сүйікті әрі аса қадірлейтін қызымды өзімен бірге алып қашып кетті. Оларды қуып жету үшін, маған елу жауынгер беріңіз, сонда аса мәртебелі тақсыр, менің алдымдағы бүкіл борышыңыздан толық құтыласыз.

— Ол адамның аты кім? — деп сұрады герцог.

— Сэр Дэниэл Брэкли, — деп жауап қайырды Ричард.

— Ол сатқынды ұстаңыз! — деп айқайлады, Глостер. — Бұл сыйлық емес, сэр Ричард. Сіз маған тағы да қызмет көрсетпекшісіз. Егер маған оның басын кесіп әкелсеңіз, сізге деген қарызым одан сайын ұлғая түседі... Кэтсби, бұған солдаттарды бер... Ал оған дейін, сэр: сый-құрметке бөленгіңіз келе ме немесе байлыққа батқыңыз келе ме — қайсысын қалайтыныңызды ойлана беріңіз.

Тап осы кезде йоркшылдар порттағы бір шарапхананы үш жағынан қоршап, оны қорғаушыларды тұтқындады. Бүкір Дик бұл ерлікке риза болып, шарапхананың қасына келіп, тұтқындарды маған көрсетіңдер деп әмір етті.

Олар төртеу екен: екеуі милорд Шорбидің қызметшілері, біреуі лорд Райзингэмнің қызметшісі, ал соңғысы — Диктің көзқарасынша тіпті де жай адам емес — ұзын бойлы, шашына ақ ене бастаған, ебедейсіз, шала мас кәрі теңізші, оның соңынан бір елі қалмай қыңсылап, секіріп иті еріп жүр. Жас герцог оларды көзімен қатал шолып шықты.

— Дарға асыңдар! — деді ол.

Содан соң ол ұрыстың барысын бақылау үшін теріс айналды.

— Милорд, — деді Дик, — енді мен сізден сыйлыққа не сұрайтынымды білемін. Мына кәрі теңізшінің өмірін сақтап, басына бостандық беруіңізді өтінемін.

Глостер бұрылып Диктің бетіне қарады.

— Сэр Ричард, — деді ол, — мен тоты құстың қауырсынымен емес, болат жебелермен соғысамын, сондықтан жауларымды аяусыз құртамын. Ұсақталып бөлшектенген ағылшын корольдігінде жау партиясының жағында менің әр жақтасымның туысы немесе досы бар. Егер мен олардың бәріне бірдей кешірім жасай берсем, онда ешкіммен соғыспай, тып-тыныш үйде отырған болар едім.

— Мүмкін солай шығар, милорд. Бірақ мен ашуланатыныңызды біле тұра батылдық жасап, сіздің жаңағы уәдеңізді есіңізге салғым келеді.

Ричард Глостерді ашу-ыза кернеп кетті.

— Жақсылап есіңізде сақтаңыз, — деді ол қатуланып, — мен мейірімділік жасағанды да, мейірімділікті саудаға салғанды да жек көремін. Сіз бүгін тамаша болашағыңызға негіз қаладыңыз. Егер сіз уәдені орындаңыз деп талап ететін болсаңыз, мен орындаймын. Бірақ аспанмен ант етемін, менің сізге деген мейірімім осымен аяқталады!

— • Мен сіздің мейіріміңізден айрылатыныма көнуге мәжбүр болып тұрмын, — деді Дик.

— Оның теңізшісін өзіне қайтарып беріңдер, — деді герцог, сосын атын тебініп, жас Шелтоннан теріс айналып кетті.

Дик ренжіген де, қуанған да жоқ. Ол жас герцогты әжептәуір танып, біліп қалған еді, сондықтан одан көп қайырымдылық күткен жоқ, герцогтың көңілі Дикке өте тез, әрі оп-оңай ауған еді, сол себепті Дик оған аса сеніңкіремеді. Ол тек бір нәрседен ғана қорықты: кекшіл қолбасшы солдаттарды бермей қоюы мүмкін. Бірақ, Глостердің намысшылдығы (оның қандай екеніне қарамастан), ең бастысы, оның айтқан уәдесіне беріктігі жөніндегі Диктің пікірі дұрыс емес еді. Егер ол Дикке сэр Дэниэлдің соңынан қуасың деген болса, өз шешімін еш уақытта өзгертпейді, ол рыцарьдың күтіп тұрғанын ескертіп, Кэтсбиге тезірек қимылда деп қатты дауыстап әмір етті.

Осы кезде Дик өзіне өлім қаупі төнгенде, кейін кенеттен бостандық алғанда да ешбір қобалжуды білмеген кәрі теңізшіге бұрылды.

— Арблестер, — деді Дик, — мен саған көп жамандық істедім. Бірақ өміріммен ант етемін, енді біз есеп айырыстық.

Бірақ кәрі теңізші оған немқұрайды қарады да, ләм деп жауап қатқан жоқ.

— Өмірдің аты өмір ғой, күңкілдек қарт, — деп сөзін жалғады Дик, — оның құны, сөз жоқ, кемелер мен шараптардан артық. Кешірдім сені деші маған. Мүмкін өмірің өзіңе онша қадірлі емес шығар, ал ол үшін мен бүкіл болашағымды құрбан еттім. Маған өте қымбатқа түсті ғой. Қойшы енді, осыншама рақымсыз болмашы.

— Егер менің кемем өзімде болса, — деді Арблестер, — мен матросым Томмен бірге ашық теңіздің үстінде, қауіпсіз жерде жүрер едім. Бірақ сен менің кемемді тартып алдың да, қарағым, мені міне бейшара қылдың, матросым Томды бір жексұрын атып өлтірді. «Саған өлім келсін!» — деді ол демі таусылар алдында, енді ол мәңгі аузын ашпайтын болды. «Саған өлім келсін!» — деген оның ақырғы сөздері, содан соң бірден жан тапсырды. Мен енді еш уақытта бейшара Томмен теңізге шыға алмаймын.

Дикті өкініш пен аяныш сезімі биледі, ол шкипердің қолын ұстағысы келіп еді, бірақ Арблестер қолын жұлып алды.

— Жоқ, — деді ол, — маған жолама. Сен мені біржола сорлаттың, соған риза бол.

Айтайын дегені Ричардтың көмейіне тығылды. Жанары жасаурап, Дик қалың қайғыдан әбден есінен шатысқан бейшара шалдың басын тұқырта тәлтіректеп, аяғына оратыла қыңсылаған итін де сезбей, қардың үстімен кетіп бара жатқанын көрді. Өмірінде алғашқы рет Дик адамның кейде тағдырмен ойыншық сияқты ойнайтынын, бір жолғы істеген қателікті кейін ешқандай өкініш не өзгерте, не түзете алмайтынын айқын түсінді.

Бірақ оның құр өкінішке берілуге уақыты жоқ еді. Кэтсби атты әскерді жинап, Диктің қасына алып келді де, атынан қарғып түсіп, оған өз атын ұсынды.

— Бүгін таңертең, — деді ол, — мен сіздің жеңіске жеткеніңізге аздап қызғаныш білдіріп едім. Бірақ ол жеңіс тұрақсыз болып шықты, енді қазір, сэр Ричард, мен сізге шын ниетіммен осы атты ұсынамын, мініп алып, тез ғайып болыңыз.

— Менің жеңіске жетуіме не себеп болды? — деді Дик, — маған соны айтып беріңізші.

— Ол сіздің есіміңізге байланысты, — деп жауап қайырды Кэтсби. — Адамның есімі — милордтың ең басты ырымы. Егер менің атым Ричард болса, мен ертең-ақ граф болып шыға келер едім.

— Көп рақмет, сэр, — деп жауап қайырды Дик. — Енді қайтадан шапағатқа жетуім екі талай, сондықтан сізбен хош айтысуыма рұқсат етіңіз. Мен өзімді, әрине, бақ-дәулетке немқұрайды қараймын деп айта алмаймын, әйтсе де сый-құрметтен айрылып қалғаныма онша қиналып та тұрғаным жоқ. Билік пен байлық, сөз жоқ, жақсы нәрселер ғой, сонда да екеу ара айтатын болсақ, сіздің герцог — сұмдық адам.

Кэтсби күліп жіберді.

— Иә, — деді ол, — бірақ Бүкір Диктің соңынан ерген адам зор мақсатқа жетеді. Ал енді, құдай сізді жаманшылықтан сақтасын! Жолыңыз болсын!

Дик отрядтың алдына шығып, соңымнан еріңдер деп әмір етті деп, аттанып кетті. Ол өзінше сэр Дэниэлдің ізімен келе жатырмын деп ойлап, қаланың ішімен өтті, содан соң өз бағытының дұрыс екендігін растайтын белгі іздеп, жан-жағына мұқият қарай бастады. Көшелерде өліктер мен жараланғандар жатыр, осындай қатты аязды күні жараланғандардың халі өте мүшкіл. Жеңіске жеткендер топ-топ болып үйлерді аралап, тонап, өлтіріп, ән салып жүр.

Дикке жан-жақтан тоналғандар мен жәбір көргендердің айқайлаған даусы естіліп жатты, ол біресе тосқауыл қойылған біреудің есігін ұрып жатқан балғаның дүрсілін, біресе әйелдердің зарлап жылаған даусын естіді.

Диктің енді ғана көкірек көзі ашыла бастады. Ол өмірінде бірінші рет өз ісінің қасіретті зардабын көрді, Шорби қаласы душар болған үлкен бақытсыздық туралы ойлағанда, оның көңілі торықты.

Ақыр аяғында ол қаланың шетіне жетіп, қоңыраулы мұнарадан өзі көрген, қардың үстіндегі тапталған көп ізді тауып алды. Ол сүрлеудің екі жағындағы өліп жатқан адамдар мен аттарға мұқият қарап, тез ілгері шауып кетті. Өлгендердің көбінің киімінің түсі сэр Дэниэлдікіндей еді, шалқасынан жатқан өліктердің бетіне қарап, Дик олардың кімдер екенін таныды.

Қала мен орманның аралығында сэр Дэниэлдің отрядына, сірә, атқыштар шабуыл жасаса керек, жер-жерде жебе қадалған өліктер жатыр. Өліп жатқандардың арасынан Дик жүзі өзіне өте таныс жас жігітті көрді.

Ол тоқтап, аттан түсті де, ақырын жас жігіттің басын көтерді. Оны қозғаған кезде басындағы күләпарасы сыпырылып, ұзын қою қоңыр шашы иығын тұтас жауып кетті. Жас жігіт көзін ашты.

— Ә! Арыстанды жуасытушы! — деді ол, баяу үнмен. — Қыз алдыңғы жақта. Тезірек жетіңіз!

Бейшара қыз қайтадан есінен танып қалды.

Диктің жауынгерлерінің біреуінде күшті шарап құйылған құты бар екен, сол шараптың күшімен Дик оның есін жиғызды. Содан соң Джоаннаның құрбысын атына отырғызып алып, орманға қарай шаба жөнелді.

— Сіз мені неге өңгеріп алдыңыз? — деді қыз. — Мен сізді тек жолыңыздан бөгеймін.

— Жоқ, ханым Райзингэм, — деп жауап қайырды Дик. — Шорби қанға, маскүнемдік пен бейбастақтыққа толы. Ал менің қасымда сіз қауіпсіз боласыз. Соған риза болыңыз.

— Мен сіздің партияңыздың адамдарының ешқайсына да қарыздар болғым келмейді! — деп айқайлады ол. — Мені босатыңыз!

— Ханым, сіз өзіңіздің не айтып тұрғаныңызды білмейсіз, — деп жауап қайырды Дик. — Сіз жаралысыз ғой...

— Жоқ, — деді қыз, — менің тек астымдағы атым өліп қалды, ал өзім жаралы емеспін.

— Мен сізді қарлы далада, жаулардың арасына жалғыз тастап кете алмаймын, — деп жауап қайырды Ричард. — Сіз қаласаңыз да, қаламасаңыз да мен сізді өзіммен бірге алып кетемін. Осындай сәттің кез болғанына өте бақыттымын, өйткені ол маған сіздің алдыңыздағы борышымның ең болмаса бір бөлігін өтеуге мүмкіндік береді.

Қыз үндеген жоқ. Содан соң кенеттен:

— Ал менің нағашым ше? — деп сұрады.

— Милорд Райзингэм бе? — деп қайталап сұрады Дик. — Мен сізге жақсы хабар жеткізгім-ақ келер еді, бірақ ондай хабар менде жоқ. Мен оны ұрыс кезінде бір рет көрдім, бір рет қана... Жақсы хабар болар деп үміттенейік.

V ТАРАУ

Ормандағы түн. Алисия Райзингэм

Сэр Дэниэл, сірә, Мот қамалына бағыт алса керек, бірақ қар қалың, күн кеш болып қалғасын, әрі үлкен жолға шықпай, тек орманның ішімен жүру қажет болғандықтан, ол қамалға таң атқанша жетем деп ойламаса керек.

Дикке екі жолдың біреуін таңдауға тура келді: не осылай рыцарьдың ізімен жүріп отырып, сәті түссе, түнде ол орманның ішінде лагерь құрған кезде шабуыл жасау, не өзі басқа жол тауып, сэр Дэниэлдің алдын кесу.

Бұл жоспардың екеуі де елеулі қарсылық туғызды, Дик ұрыс кезінде Джоаннаға қауіп төне ме деп қорқып, әрі екі жолдың қайсысын таңдап алуды білмей орманның шетіне дейін барды.

Бұл жерде сэр Дэниэл солға бұрылып, сыңсыған қалың орманның ішіне бойлай еніп кетіпті. Ағаштың арасымен жүру оңай болу үшін ол отрядын жіңішке таспадай созып жіберіпті, сондықтан бұл жерде қардың үстіндегі із әжептәуір анық екен. Бұл із сыйдиған емендердің арасымен алысқа тура созылып жатыр, жолдың үстінен ағаштардың түйін-түйін әрі ғажап кестеленген қалың бұтақтары көтеріліп тұр. Адамның да, аңның да еш дыбысы білінбейді, тіпті құстардың үні де естілмейді, ағаштардың қардың үстіне түскен таңғажайып өрнекті көлеңкесіне қысқы күн алтын сәулесін төгіп тұр.

— Сен қалай ойлайсың, — деп сұрады Дик, жауынгердің біреуінен, — бұлардың артынан қуу керек пе, немесе алдын кескен дұрыс па?

— Сэр Ричард, — деп жауап қайырды жауынгер, — олар әбден жан-жаққа тарап кеткенше, мен олардың соңынан қуа берер едім.

— Әрине айтқаның дұрыс-ақ — деді Дик, — бірақ біз бұл жорыққа асығыс шықтық, жақсылап дайындалуға мүмкіндік болмады. Бұл жерде үйлер жоқ, бізге ешкім баспана мен тамақ бермейді, ертең таң атқанша біз әбден ашығып, тоңамыз... Сіздер оған қалай қарайсыздар, жігіттер? Мақсатқа жету үшін аздап шыдай тұруға келісесіздер ме? Егер келіспесеңіздер, Холивудқа барайық, онда қасиетті шіркеудің есебінен тамақтанып алуымызға болады. Сапарымыздың сәтті болатынына менің толық сенімім жоқ, сондықтан ешкімді зорламаймын. Егер менің ақылымды алатын болсаңыздар, онда бірінші ұсынысты таңдаңыздар.

Сэр Ричард қайда барғысы келсе, біз сонда барамыз деп бәрі бір ауыздан жауап қайырды.

Осыдан соң Дик атын тебініп қайтадан жолға шықты. Іздің бойындағы қар тығыз тапталып қалған екен, сондықтан қашқындардан гөрі қуғыншылардың аттарына жүру оңайырақ болды. Диктің отряды cap желіске салды, қатты қардың үстімен екі жүз тұяқ шауып барады, үнсіз орманның шатырын қару-жарақтың салдыры мен аттардың пысқырғаны жаңғырықтырып жіберді.

Ақыр аяғында көп із оларды Холивудқа баратын үлкен жолға алып шықты да, осы жерден із зым-зия жоғалды. Біраз ілгері жүргеннен кейін, қардың үстінен жол қайтадан пайда болғанда, Дик оның бұрынғыдан әжептәуір жіңішке екенін, әрі қардың аса қатты тапталмағанын көріп, таңданды. Жақсы жолды пайдаланып, сэр Дэниэл өзінің отрядын, сірә, екіге бөлсе керек.

Енді олардың мүмкіншіліктері теңелген сияқты көрінді де, Дик негізгі іздің бойымен тура тартып кетті. Бір сағаттан соң ол орманның қалың ортасына кірді. Кенеттен көп із жеке-жеке ұсақ іздерге бөлініп, жан-жаққа тарап кетті.

Дик ашынып, атын кілт тоқтатты. Қыстың қысқа күні батуға жақындап қалған еді, қызыл ала, сары ала болып күңгіртенген күннің сәулесі ағаштардың жалаңаштанған бұтақтарының артына қарай ақырындап жылжып бара жатыр, қардың бетіне түскен көлеңке бір мильге дейін созылып кетіпті, аяз саусақтарын дызылдата бастады, аттардың үстінен бу бұрқырап, ол адамдардың лезде қатып жатқан демімен араласып, бұлт сияқты аспанға көтерілуде.

— Бізді алдап кетті, — деп мойындады Дик. — » Енді амалсыз Холивудқа баруға тура келеді. Күнге қарағанда, Тэнстоллдан гөрі Холивудтың жолы жақынырақ сияқты.

Олар күннің қызыл қалқанына арқаларын тосып, солға бұрылды да, аббатқа қарай жүрді. Бірақ енді олардың алдарында жауларының таптап тастаған жолы еді. Бұларға минут сайын күртік қарға батып, қалай қарай жүру керек екенін ақылдасу үшін үздіксіз тоқтап, қалың қарға малтығып ақырын жүруге тура келді. Күн батып, батыс жақтың жарығы өшті, бұлар аязды аспандағы жымыңдаған жұлдыздардың астында, тастай қараңғы орманның ішінде адасып жүр.

Көп кешікпей ай туып, төбелердің басына сәулесін түсіреді, сол кезде алға жүру оңайыраққа түседі. Ал оған дейін ойланбай бір қадам ілгері басуға болмайды, өйткені жолдан адасып қалулары мүмкін. Бұларда қос құрып, күткеннен басқа амал жоқ.

Әр жерге күзетші қойып, олар кішкентай алаңды қардан тазартты, содан соң әзер дегенде от жақты. Жауынгерлер отты айнала отырды, аз-маз тамақтарын бөліп жеп, құтыларын жағалатты. Құнарсыз әрі азғантай тағамның ішінен Дик ең тәуірлерін таңдап алып, солдаттардан бөлек, ағаштың астында отырған лорд Райзингэмнің жиен қарындасына апарып берді.

Қызды жерге аттың жабуын төсеп отырғызып, бір жабуды иығына жамылуға беріпті, ол екі көзін оттан айырмай қарап отыр. Дик оған тамақ ұсынған кезде, біреу өзін ұйқыдан оятқандай селк етіп, үн-түнсіз бас тартты.

— Ханым, — деді Дик, — жалбарынып сұраймын, мені осыншама қатты қинамаңызшы, Сізді қалайша ренжіткенімді түсінбеймін. Зорлап алып кеткенім рас, бірақ оны шын достық ниетпен істедім, мен сізді орманның ішінде қонуға мәжбүр етіп отырмын, бұл асығыстығым сіз сияқты нәзік әрі қорғансыз тағы бір қызды құтқару үшін қажет болып түр. Сосын, енді бір айтатыным, ханым, өзіңізді де қинамай аздап тамақ жеңізші. Сіз тіпті аш болмасаңыз да, әлсіреп қалмау үшін тамақ ішуіңіз керек.

— Мен нағашымды өлтірген адамның қолынан тамақ ішпеймін, — деп жауап қайырды қыз.

— Ханым! — деді Дик, даусын көтеріп. — Мен оған қол тигізбегенім жөнінде крестпен ант етем!

— Оның тірі екені рас деп маған ант беріңіз, — деді қыз.

— Олай өтірік айта алмаймын, — деп жауап қайырды Дик. — Қатты қиналсам да, сізді ренжітетін хабар айтуым керек. Шынымды айтсам, оның қаза тапқанына мен кәміл сенемін.

— Осыдан кейін сіз маған ұялмай тамақ же деп тұрсыз ба! — деді қыз, дауыстай сөйлеп. — Ә! Сіз енді сэр Ричард деп аталады екенсіз ғой! Менің бейшара нағашым қаза тапты, сол үшін сіз рыцарь деген атақ алдыңыз. Егер мен осындай ақымақ болмасам, оған қоса сатқын болмасам, егер мен сізді жауыңыздың үйінде аман сақтап қалмасам, онда сіз қаза тапқан болар едіңіз де, менің нағашым — сіз сияқтылардың он шақтысына тұратын адам — тірі қалар еді!

— Сіздің нағашыңыз сияқты, мен де өз партиям үшін қолымнан келгеннің бәрін істедім, — деп жауап қайырды Дик. — Егер ол кісі тірі болса, — мен оның тірі болғанын тілеймін, сол үшін аспанмен ант етем, ол мені айыптамай, керісінше, мақұлдар еді.

— Сэр Дэниэл, — деп жауап қайырды қыз, — сізді тосқауыл жасалған жерден көргенін маған айтты. Егер сол жерде сіз болмасаңыз, — деді ол, сіздің партияңыз жеңіліске ұшырар еді, тек сіздің арқаңызда ғана ұрыста партияңыз жеңіп шықты. Сол себепті менің мейірбан лорд Райзингэмімді өлтірген де сіз болып шығасыз. Нағашымды өлтіргеннен кейін, қолыңыздың қанын жумастан ұялмай маған өзіңізбен бірге тамақ іш деп тұрсыз ба? Сэр Дэниэл сізді өлтірем деп ант етті. Ол мен үшін сізден кегін қайтарады!

Бейшара Дик қатты қапаланып, ойға шомды. Ол кәрі Арблестерді есіне түсіріп, күйзеле дауыстап жіберді.

— Сіз нағашыңыздың өліміне мені кінәлы деп ойлайсыз ба? — деді Дик. — Сіз, мені қорғаған қыз? Сіз, Джоаннаның құрбысы, осылай деп тұрсыз ба?

— Сіз ұрысқа неге араластыңыз? — деді қыз, бой бермей. — Екі партияға да сіздің ешқандай қатысыңыз жоқ, сіз тек қана аяқ-қолы, денесі бар, бірақ әлі ақыл тоқтатпаған жас баласыз! Сіз, мысалы, не үшін шайқастыңыз? Зорлық-зомбылыққа құмар болғандықтан!

— Не үшін шайқасқанымды мен өзім де білмеймін! — деді Дик, даусын көтеріп. — Біздің ағылшын корольдігінде қалыптасқан дәстүр бойынша бейшара джентльмен бір партияны жақтап ұрысқа қатыспаса, ол міндетті түрде екінші партияны жақтап шайқасуы керек. Бәрібір ұрысқа қатыспай тұра алмайды, бұл қанға сіңген әдет.

— Өзінің жеке пікірі жоқ адам семсерін қынабынан шығармауы керек, — деп жауап қайырды жас қыз. — Мәселен сіз, ұрысқа кездейсоқ қатысқан адам, қасапшыдан қай жеріңіз артық? Соғысқа тек мақсат қана игі сипат береді, ал ешбір мақсатсыз соғысқан сіз, оны қорладыңыз.

— Ханым, — деп жауап қайырды бейшара Дик, — мен өзімнің қатемді түсініп тұрмын. Тым асығыстық істеппін... мен мезгілінен бұрын әрекет жасаған екем. Өзімше дұрыс істедім деп ойлап, мен бір кемені ұрлап алдым, бірақ осы қылығыммен көптеген кінәсіз адамды қазаға ұшыраттым, бейшара қартқа қаншама қасірет көрсеттім, міне бүгін сол қартпен кездесіп қалғанда, жүрегіме біреу қанжар сұғып алғандай болды. Мен жеңіс пен даңқты тек үйлену үшін ғана аңсаған едім, ал сондағы тапқаным осы! Менің кесірімнен маған зор мейірбандық көрсеткен сіздің нағашыңыз қаза болды! Шынында да, мен Йоркты таққа отырғыздым, бірақ бұл Англия үшін үлкен қасірет болуы мүмкін? О ханым, мен өзімнің кінәлы екенімді біліп тұрмын! Бұндай өмірге мен жарамаймын. Соғыс аяқталғаннан кейін мен өмірімнің ақырғы күніне дейін тәубеге келіп, кінәмді жуу үшін монастырьға кетем. Мен Джоаннадан да бас тартам, әскери қызметтен де бас тартам. Мен монах болып, ақырғы демім таусылғанша сіздің бейшара нағашыңыздың аруағы үшін дұға оқумен боламын...

Қорланып, әрі тәубесіне келген Дикке кенеттен жас қыз күліп жіберген сияқты болып көрінді.

Басын көтеріп, ол оттың жарығынан қыздың бұған аңтарыла қарап отырғанын көрді, бірақ өңінде ашу жоқ.

— Ханым! — деді ол, даусын көтеріп, қыздың күлкісі бұған, сірә, қате естілген болса керек деп ойлап, әйтсе де қыздың ажарының өзгеріп қалғанын көргенде, мүмкін оның жүрегін жібіткен шығармын деп үміттенді. — Ханым, осының бәрі аз ба? Мен сізге бақытсыздық әкелгенімді өтеу үшін өмірдің барлық қызығынан бас тартып тұрмын. Мен құдайға құлшылық қылып, лорд Райзнгэмнің жұмаққа баруына көмектесемін. Бүгін өзімді рыцарьлыққа көтерген, жер бетіндегі ең бақытты жас джентльменмін деп есептеген күні, бәрінен бас тартып тұрмын!

— О, балақай, — деді қыз, — сүйкімді балақай!

Қыз Дикті таң қалдырып, алдымен оның бетіне сорғалаған жасын аялай сүртті, содан соң кенеттен пайда болған сезімге берілгендей, екі қолымен мойнынан құшақтап алып, өзіне қарай жақындатып, бетінен сүйді. Ақ көңіл Дик біржола абыржыды.

— Сіз бұл жерде бастықсыз, — деді қыз, көңілі көтеріліп, — сіз де тамақ ішуіңіз керек. Кешкі асты өзіңіз неге ішпей отырсыз?

— Қымбатты ханым Райзингэм, — деп жауап қайырды Дик, — мен алдымен тұтқын қызымның тамақ ішкенін қалаймын. Шынымды айтсам, қатты өкініштен тамаққа зауқым болмай отыр. Ораза ұстап, дұға оқуым керек, қымбатты леди.

— Мені Алисия деп атаңыз, — деді қыз. — Біз екеуміз ескі достармыз ғой, солай емес пе? Онда тамақты екеуміз бірге жейік: мен — бір жапырақ, сіз де — бір жапырақ, мен — бір ұрттам, сіз де — бір ұрттам. Егер сіз ештеңе жемейтін болсаңыз, мен де жемеймін, егер сіз тамақты көбірек ішсеңіз, мен де жер жыртып, ашығып келген адамдай жақсылап тойып аламын.

Осы әңгімеден кейін бұлар тамақ ішуге кірісті, асқа деген тәбеті жақсы Дик қызға қарап алдымен көңілсіздеу, кейін бірте-бірте батылданып, бар ынтасымен тамақ жей бастады. Ақыр аяғында ол өзіне үлгі көрсеткен қызды ұмытып, күні бойғы шаршағаны мен уайымдағанының есесіне жақсылап тұрып тойып алды.

— Арыстанды жуасытушы, — деді ақыр соңында қыз, — сізге еркектің киімін киген қыздар ұнамай ма?

Ай туды, енді олар тек болдырған аттардың тынығуын күтті. Айдың жарығынан әлі де болса өкініші тарқай қоймаған, бірақ тамаққа тойып алған Ричард қыздың өзіне қылымси қарап отырғанын көрді.

— Ханым... — деп сөзін бастай беріп еді, бірақ қыздың жүзіндегі осы өзгерісті көріп, ол үндемей қалды.

— Иә, — деді қыз, оның сөзін бөліп, — қасарысудың пайдасы жоқ. Джоанна маған бәрін айтқан. Бірақ, сэр, — арыстанды жуасытушы, бетіме дұрыстап қараңызшы, мен соншама өңсізбін бе? Ә?

— Сіздің аздап бойыңыз аласалау... — деп бастады Дик.

Қыз қарқылдап күліп, жігітті біржолата абыржытып тастады.

— Бойым аласалау! — деді қыз, даусын көтеріп. — Жоқ, сіз ұрыста қандай батыр болсаңыз, қазір де сондай әділ болдыңыз, мен ергежейлімін, иә, мүмкін ергежейліден сәл-пәл биіктеу шығармын. Бірақ бойым аласа болғанмен, өзімнің әжептәуір сұлу екенім рас қой. Солай емес пе?

— О ханым, сіз өте сұлусыз, — деді көп азап шеккен рыцарь, еркіндеу көрінбекші болып.

— Әрі кез келген еркек маған үйленуге өте қуанышты болар ма еді? — деп сұрады қыз, тәптіштеп.

— О ханым, әрине! — деді Дик, құптап.

— Мені Алисия деп атаңыз, — деді қыз.

— Алисия! — деді сэр Ричард.

— Жарайды, дұрыс, арыстанды жуасытушы, — деп сөзін жалғастырды қыз. — Сіз нағашымды өлтіріп, мені қорғансыз қалдырғаннан кейін, әділетін айтсақ, сіз менің жоғымның орнын толтыруыңыз керек қой. Солай емес пе?

— Әрине солай, ханым, — деді Дик. — Бірақ, шынымды айтсам, сол батыр рыцарьдың өліміне мен жанамалап қана қатыстымын деп есептеймін.

— Ә, сіз енді жалтарайын дедіңіз бе! — деді қыз, айқайлап.

— Жоқ, ханым. Егер қаласаңыз, мен монах болуға дайынмын деп айттым ғой сізге, — деді Ричард.

— Сонда, әділетке салсақ, сіз менің меншігімдесіз ғой? — деп сөзін қорытты қыз.

— Әділетке салсақ, ханым, мен былай деп ойлаймын... — деп бастады сөзін жас жігіт.

— Тоқтаңыз! — деп оның сөзін бөліп жіберді қыз. — Сіздің онсыз да айлаңыз өте көп. Әділетің айтсақ, маған істеген жамандығыңызды әбден өтегенше, сіз менің меншігімде емессіз бе?

— Әділін айтсақ, солай, — деді Дик.

— Олай болса, тыңдаңыз, — деп сөзін жалғады қыз. — Мен сізді монах болуға жарамайсыз деп ойлаймын. Енді сіздің тағдырыңыз менің қолымда болғандықтан, мен сізді өзіме күйеу қылып аламын... Аузыңызды ашпаңыз! — деді қыз. — Сөздің сізге көмегі жоқ. Сіз мені бір үйден айырғаннан кейін, оның орнына маған басқасын тауып беруіңізді әділет талап етеді. Ал Джоаннаға келетін болсақ, бұлай айырбастауды ол бірінші болып қолдайды, сіз бұған сеніңіз. Шынында да ол екеуміз өте жақын доспыз, екеуміздің қайсымызға үйленсеңіз де бәрібір емес пе? Ешқандай айырмасы жоқ!

— Ханым, — деді Дик, — сіз әмір етсеңіз, мен бірден монастырьға барамын. Бірақ, ешбір зорлықпен де, не әйелдердің көңілін табу үшін де мен Джоанна Сэдлиден басқа ешкімге үйленбеймін. Шынымды айтқаным үшін кешіріңіз, әйтсе де қыз батыл болған кезде, бейшара еркекке одан да батылырақ болуға тура келеді.

— Дик, — деді қыз, — сүйікті балақай, осы сөздеріңіз үшін сіз маған жақын келіп, бетімнен сүюіңіз керек... Жоқ, сіз қорықпаңыз, сіз мені Джоанна үшін сүйіңіз, ал мен онымен кездескен кезде, сенен ұрлап алып едім деп өзіне қайтарып беремін. Мысалы, сіздің маған қарыздар екендігіңіз жөніндегі мәселеге келетін болсақ, аяулы аңқауым, осынау үлкен шайқасқа қатысқан жалғыз сіз емес шығар деп ойлаймын. Тіпті Йорк таққа отырған күнде де, оны таққа отырғызған сіз емессіз. Бірақ сіз тамаша, мейірімді, әрі адал адамсыз, Дик. Егер мен Джоаннаның бойында бар қасиеттің тым болмаса біреуіне қызығатындай адам болсам, мен сіздің оған деген махаббатыңызға қызығар едім.

VI ТАРАУ

Ормандағы түн

(СОҢЫ)

Дик пен Джоанна

Осы кезде аттар азғантай жемді тауысып, әбден тынығып қалған еді. Диктің әмірі бойынша жауынгерлер оттың үстіне қар үйіп өшіріп тастады. Орманның ішінде аса сақ болу қажет екені Диктің есіне кештеу түсіп, жауынгерлері асықпай қайтадан аттарына отырғанша, ол бір биік еменді таңдап алды да, ең жоғарғы бұтағына тез өрмелеп шықты. Бұл жерден оған қар басқан, айдың сәулесі түскен бүкіл орман алқабы көрінді. Оңтүстік батыста шырша өскен, бір кезде Джоанна екеуін «алапес» қатты қорқытқан төбешік қарайып тұр. Осы төбенің етегінде ол түйреуіштің басындай ғана қып-қызыл дақ көрді.

Ал ағашқа тым кеш шыққаны үшін өзіне әбден кейіді. Егер осы жылтыраған дақ сэр Дэниэлдің қосы жаққан от болса ше? Осы отты баяғыда-ақ көріп, оған жақындап келер еді ғой. Жауынгерлеріне тым болмағанда, от жағуға рұқсат етпеуі керек еді, енді сол от арқылы бұлардың орналасқан жерін сэр Дэниэл, сірә, біліп қойған да шығар. Енді бір минут та кідіруге болмайды. Төбешікке дейін төте тартса, екі мильге жуық; бірақ онда салт аттылар жүре алмайтын терең, құлама жарды кесіп өту керек, сондықтан Дик аттан түсіп, жаяу жүрсек тезірек жететін шығармыз деп ойлады. Он адамды аттарды бағу үшін қалдырып, әрі құпия белгі жөнінде келісіп, Дик өзінің отрядын бастап алға қарай жүріп кетті. Оның қасында Алисия Райзингэм батыл басып келе жатты.

Жеңілдеу үшін солдаттар ауыр сауыттарын шешіп, найзаларын тастап кетті. Олар айдың сәулесіне шағылыса жылтыраған мұздың үстімен жеңіл басып келе жатыр. Содан түбінде қар мен мұздың арасын жарып сылдырап жылға ағып жатқан сайдан үн-түнсіз, аман өтті. Сайдан әрі Дик көрген отқа жарты мильдей қалғанда, шабуыл алдында тынығып алу үшін, отряд тоқтады.

Шетсіз-шексіз мүлгіген орманда болар-болмас дыбыс алысқа естіледі. Құлағы жақсы еститін Алисия, кенеттен саусағын көтеріп, тың тыңдап тоқтай қалды. Бәрі де қыздың істегенін істеді, бірақ Дик, қанша зер салып тыңдағанымен, жылғаның әлсіз сылдыры мен алыстан үрген түлкінің даусынан басқа ештеңе естіген жоқ.

— Мен қару-жарақтың салдырын естідім, — деп сыбырлады Алисия.

— Ханым, — деп жауап қайырды Дик, ол жаудың он шақты әскерінен гөрі осы қыздан қаттырақ қорқатын, — сіз қателесіп тұрсыз деп айтуға менің батылым бармайды... дегенмен, осы дыбыс, мүмкін, біздің лагерь жақтан шыққан шығар.

— Жоқ, ол дыбыс батыстан шықты, — деді қыз.

— Жарайды, не болса, о болсын, — деп жауап қайырды Дик. — Құдайдың салғанын көрерміз. Ойланып жататын уақыт жоқ. Тезірек барып, не екенін көрейік. Демалып болдық, алға тартыңдар, достар!

Бұлар ілгері жүрген сайын, қардың үстінен ат тұяғының ізі жиірек кездесе бастады. Бұлардың үлкен лагерьге қарай жақындап келе жатқандары белгілі болды. Ақыр аяғында, ағаштардың арасынан бұлар төменнен лаулап көтерілген қызыл ала түтін мен жан-жаққа жарқырап шашыраған жалынды көрді.

Диктің бұйрығы бойынша жауынгерлер қатарларын жазып, жау лагерін жан-жақтан қоршау үшін дыбыс шығармай, қалың ағаштардың ара арасымен еңбектеп кетті. Диктің өзі, Алисияны зор еменнің тасасында қалдырды да, отқа қарай ұрлана жылжып тура тартты.

Ақыр соңында ол ағаштардың арасындағы ашық жерлерден бүкіл лагерьді көрді. Үш жағынан қалың ағаш қоршаған шыршалы төбешіктің үстінде от жанып жатыр, жалынның жалақтаған тілі сытырлай, тырсылдап, гуілдеп жоғары шапшуда.

Отты айнала шекпенге оранып он екі адам отыр; қардың үсті осы жерде бір полк адам тұрғандай тапталып қалса да, Дик айналадан аттарды көзімен бекер іздеді. Қарсыласы, мүмкін, өзінен амалын асырып кеткен шығар деп, қатты қорықты. Тап осы кезде ол басына болат дулыға киген, қолын отқа қақтап отырған ұзын бойлы адам өзінің ескі досы әрі мейірімді жауы Беннет Хэтч екенін көрді; ал Беннеттің артында отырған екеу — үстеріне еркектің киімін киген Джоанна Сэдли мен сэр Дэниэлдің әйелі екенін таныды.

«Несі бар, — деп ойлады ол. — Мейлі, аттарымды жоғалтсам да, — тек өзімнің Джоаннамды қолыма түсірсем болды, маған басқа еш нәрсенің керегі жоқ!»

Міне, енді Диктің жауынгерлерінің лагерьді жан-жағынан айнала қоршағандығы жөнінде белгі берген ақырын ысқырық естілді.

Ысқырықты естіп, Беннет орнынан атып тұрды, бірақ ол қаруына жармасып үлгергенше, Дик оған үн қатты.

— Беннет! — деді ол. — Беннет, ескі достым, беріл. Егер сен қарсылық көрсетсең, адамдардың қанын босқа төгетін боласың.

— Әулие Барбарамен ант етемін, бұл мастер Шелтон! — деді Хэтч, айқайлап. — Беріл дейсіз бе? Сіз тым зор талап қойып тұрсыз. Сіздің күшіңіз қандай?

— Тыңдаңыз, Беннет, біздің санымыз, сіздерге қарағанда көп, әрі сіздер қоршаудасыздар, — деді Дик. — Цезарьдың өзі де, тіпті Ұлы Карлдың өзі де сенің орныңда болса кешірім сұрар еді. Менің ысқырығыма қырық адам жауап береді, сендердің бәріңді мен бір атқаннан қалдырмай қырып тастай аламын.

— Мастер Дик, — деді Беннет, — мен сізге шын ниетіммен берілер едім, бірақ оған арым бармайды — мен өз борышымды атқаруым керек. Бізге әулиелер жар болсын!

Осыларды айтқаннан кейін ол кернейін алып, ойнай бастады. Осы кезде біраз абыржу пайда болды. Дик әйелдердің өміріне қауіп төнеді-ау деп қорқып, ұрыс бастауды аздап кешеуілдетіп еді, соны пайдаланып Хэтчтің кішкентай отряды тез қаруларына жармасты, содан соң бір-біріне теріс бұрылып, айнала қорғанысқа әзірленіп, тайсалмай қарсылық көрсетуге дайындалып сапқа тұрды. Осындай әбігер басталған кезде, Джоанна орнынан ұшып тұрып, өзінің ғашық жігітіне қарай атылған жебедей зымырай жөнелді.

— Мен мындамын, Дик! — деп айқайлады ол, жігітті қолынан ұстап.

Дик әлі де болса қобалжып тұр. Ол өте жас, сондықтан соғыстың келтіретін шексіз қасіретіне әзірше көндікпеген еді, оған қоса кәрі леди Брэклиді ойлағанда, бұйрық сөздер оның тамағында кептеліп тұрып қалды. Диктің жауынгерлері сабырсыздық білдіре бастады. Олардың кейбіреуі Диктің атын атап, енді біреулері тіпті бұйрықты күтпей атысқа кірісті. Осы кезде барып Дик есін жиды.

— Алға! — деп айқайлады ол. — Атыңдар, жігіттер, бірақ ағаштың арасынан шықпаңдар! Англия және Йорк!

Тап осы кезде кенеттен түнгі тыныштықты бұзып, қардың үстімен шауып келе жатқан көптеген ат тұяғының күңгірт дыбысы естілді, ол дыбыс бірте-бірте күшейіп, Хэтчтің дабылына жауап ретінде керней сұңқылдай бастады.

— Бәрің де бері келіңдер! — деп айқайлады Дик. — Өмірлерің қымбат болса, тездетіп қасыма келіңдер!

Бірақ оның оңай жеңіске жетеміз деп ойлаған жаяу әскерлері мұндай шабуылды күтпеген еді: біреулері әлі де болса асықпай, ал кейбіреулері асыға-үсіге қашып, орманға кіріп жоқ болып кетті. Алғашқы келген салт аттылар бірден ұрысқа кіріскен кезде, олар тек артта қалып қойған бірнеше жауынгерді ғана өлтірді; Диктің отрядының көпшілігі жаудың келе жатқаны туралы алғашқы хабарды естігенде-ақ қашып кеткен болатын.

Дик өзінің асығыс, ойланбай істеген батырлығының нәтижесіне күйіне қарап тұрды. Сэр Дэниэл оның жаққан отын көріп қойған еді. Ол қуғыншыларға тойтарыс беруге немесе, егер қуғыншылар лагерьге шабуыл жасай қалса, оларға арт жақтан шабуыл жасау үшін өзінің негізгі күшін Дикке қарсы алып шыққан-ды. Ол нағыз тәжірибелі қолбасшы ретінде қимыл жасады. Ал Дик болса, жас бала секілді қызбалық көрсетті. Енді міне жас рыцарьдың қасында оның қолынан мықтап ұстап алған сүйген қызынан басқа ешкім қалған жоқ. Диктің жауынгерлері мен аттары, пішеннің арасына түскен инедей, қалың орманға еніп жоқ болды. «Құдай маған жар болсын! — деп ойлады ол. — Мені таңертеңгі ұрыста рыцарьлыққа көтеріп үлгергені жақсы болды, әйтпесе мына шайқас маған абырой әпермес еді».

Сөйтіп ол Джоаннаны ертіп, қаша жөнелді.

Енді түнгі тыныштықты қашқындарды іздеп жан-жаққа шапқылаған тэнстоллдың жауынгерлерінің айқайы бұзды. Дик бұғы сияқты қалың бұталардың арасымен өтіп, алға қарай тездете жүгіріп бара жатыр. Ашық жерлердің бәріне айдың күміс сәулесі түсіп тұр, сондықтан қалың ағаш өскен жерлер тым қараңғы болып көрінеді. Жеңіліске ұшырағандар орманға шашырай қашып, қуғыншыларды өздерімен бірге ала кетті. Дик пен Джоанна қалың ағаштардың арасына тығылып, бірте-бірте алыста тына бастаған дауыстарды тыңдап тоқтап тұрып қалды.

— Егер мен біраз адамды қалдырған болсам, — деді Дик күйінішпен, — жағдайды әлі де болса түзер едім! Иә, өмір бәрімізді де үйретеді! Келесі жолы мен ақылдырақ боламын деп крестпен ант етем!

— Екеуміз біргеміз ғой, — деді Джоанна, — енді бәрібір емес пе, Дик?

Ол қызға қарады. Қыз, өткен кездегідей, қайтадан еркекше киініп, Джон Мэтчэмнің өзі бола қалыпты. Бірақ оның қыз екенін Дик енді біледі. Қыз оған қарап жымиып күлді, үстіне осындай ебедейсіз киім киіп алса да, жарқырап көрініп тұрған қыздың Дикке деген шексіз махаббаты оның жүрегін қуанышқа бөледі.

— Сүйіктім, — деді ол, — егер сен менің бүкіл қатемді кешірсең, маған ренжуге бола ма? Қазір бірден Холивудқа барайық; ол жерде сенің қамқоршың әрі менің мейірімді досым лорд Фоксгэм бар. Сол жерде біз некеге тұрамыз. Мен кедеймін бе не баймын ба, атақтымын ба не жәй беймәлім адаммын ба — бәрібір емес пе? Махаббатым менің, бүгін маған рыцарь деген атақ берілді. Мен батырлығым үшін атақты ақсүйектерден мақтау естідім. Өзімді бүкіл Англиядағы ең жақсы жауынгермін деп есептеген едім. Енді міне мен алдымен ақсүйектердің маған деген жақсы ниетінен айрылдым, содан соң ұрыста талқандалып, бүкіл солдатымнан айрылдым. Бұл менің абырой-намысыма неткен ауыр соққы! Бірақ, қымбаттым, мен оған қайғырмаймын. Егер сен мені сүйетін болсаң, егер сен менімен некеге тұруға келісетін болсаң, мен өзімнің рыцарьлық атағымнан бас тартуға дайынмын, әрі ол үшін мүлде өкінбеймін.

— Менің Дикім! — деді қыз айқайлай сөйлеп, — Саған рыцарь атағы берілгені рас па?

— Иә, сүйіктім менің. Қазірден бастап сен миледисің! — деді ол елжіреп. — Дәлірек айтсам, ертең таңертең миледи боласың — сен соған келісемісің?

— Келісемін, Дик, шын ниетіммен келісемін! — деп жауап қайырды қыз.

— Ә, солай ма, сэр! Мен сізді монах болуға дайындалып жатыр деп ойлап едім!

— Алисия! — деп айқайлап жіберді Джоанна.

— Тап өзі, — деп жауап қайырды, жақындап келе жатқан жас қыз. — Иә, сіз өліп қалды деп есептеген, ал сіздің арыстанды жуасытушыңыз тауып алып, өмірге қайта келтірген, егер білгіңіз келсе, тіпті оның аздап қырындаған қызы Алисия!

— Мен оған мүлде сенбеймін! — деп айқайлап жіберді Джоанна. — Дик!

— «Дик!» — деп мазақтады Алисия, — Мінеки Дик дегеніңіз!.. Сіз бақытсыз қыздарды қасіретте қалдыруға ұялмайсыз ба, сэр? — деді ол, жас рыцарьға бұрылып. — Сіз оларды еменнің түбіне отырғызасыз да, Өзіңіз кетіп қаласыз. Рыцарьлардың заманы өтті деген, сірә, рас шығар.

— Ханым, — деді Дик ышқынып, өміріммен ант етемін, сіз туралы тіпті есімнен шығып кетіпті! Ханым, мені кешіріңіз! Өзіңіз көріп тұрсыз ғой, мен жаңа ғана Джоаннаны тауып алдым!

— Сіз мені әдейі тастап кетті деп мен ойлағаным жоқ, — деді қыз, қарсылық білдіріп. — Бірақ бәрібір мен сізден мықтап өшімді аламын. Мен леди Шелтонға бір құпия сырды ашамын... дәлірек айтсам — болашақ леди Шелтонға, — деп сөзін жалғастырды қыз, — тізесін бүгіп ізет көрсетіп. — Джоанна, — деді ол, сөзін жалғастырып, — сенің ғашық жігітіңнің ұрыс майданында өте батыл екеніне шын ниетіммен сенетініме ант етемін, бірақ... маған бәрін ашық айтуға рұқсат ет: ол бүкіл Англиядағы ең мейірімді, ақ көңіл адам. Оны сен өзің ала бер, бақытың ашылсын! Ал қазір, ақымақ жастар, әуелі әрқайсың мені кезекпен сүйіңдер — бұл сендерге бақыт әкеледі, содан соң сағатқа қарап тұрып бір-біріңді тура бір минут сүйіңдер, бірақ бір секунд та артық болмасын. Содан кейін біз үшеуміз де Холивудқа барамыз, бұл орманның іші әрі суық, әрі қауіптен де ада емес, сол себепті қалай болғанда да тез жүруге тура келеді.

— Шынымен Дик саған қырындады ма? — деп сұрады Джоанна, ғашық жігітіне тығыла түсіп.

— Жоқ, ақылсыз қыз, — деп жауап қайырды Алисия, — қайта мен оған қырындадым. Мен оған маған үйлен деп ұсыныс жасадым, бірақ ол маған басқа біреуге күйеуге шығыңыз деп ақыл берді. Расында да, тап солай деді. Бір сөзбен айтқанда, оның кішіпейілдігінен гөрі турашылдығы басым... Ал енді, балақайлар, ақылға келейік те, тез алға жүрейік. Біз қайтадан сайдың үстімен өтеміз бе, немесе тіке Холивудқа тартамыз ба, қалай істейміз?

— Ат тауып алсақ жаман болмас еді, — деді Дик. — Соңғы күндері мен көп таяқ жедім, менің байғұс денемде көгермеген жер жоқ. Егер аттарды күзетіп тұрған жауынгерлерім ұрыстың айқай-шуын естіп қашып кеткен болса, біз бекерге әуре боламыз. Холивудқа дейін апаратын төте жол не бары үш миль. Қоңырау әлі кешкі сағат тоғызды соққан жоқ, қар қатты, аспан ашық, ай жарқырап тұр. Сіздер қалай ойлайсыздар — жаяу тартсақ қайтеді?

— Шештік! — деді Алисия, даусын көтеріп.

Ал Джоанна болса Дикке одан сайын тығыла түсті.

Бұлар сиреген тоғайдың арасымен, қысқы айдың бозғылт сәулесі түскен, қар басқан сүрлеумен жүріп кетті. Дик пен Джоанна қол ұстасып, қуанышқа бөленіп келе жатыр. Ал олардың жеңілтек серігі өз басының қайғысын мүлдем ұмытып, біресе үнсіз келе жатқан екі ғашықты қалжың етіп, біресе олардың болашақтағы бақытты өмірін сөз етіп, арттарынан еріп келе жатты.

Қашқындарды қуған тэнстоллдық жауынгерлердің даусы орманда алыстан естіледі, мезгіл-мезгіл дабырлаған айқай-шу, салдырлаған қару-жарақтың дыбысы шығады, сірә, шайқас әлі де жүріп жатса керек.

Мазасыз әскери ортада өскен, жаңа ғана қауіп-қатерден қашып құтылған жастардың жүрегінде қорқыныш не аяныш сезімін туғызу оңай емес еді. Қуғыншылардың дабыры алыстап бара жатқанына жастар қуанын, шын ниетімен өздерінің қуанышты серуеніне берілді, оны Алисия тойдың салтанатты шеруі деп атады. Тірі пендесіз тұнжыраған орман да, аязды түннің суығы да олардың бақытына ешбір қаяу түсіре алмады.

Ақыр аяғында төбенің үстінен олар Холивуд аңғарын көрді. Ормандағы аббаттың үлкен терезелерінен жанып тұрған алаулар мен шырақтардың сәулесі жарқырайды; үнсіз, ап-анық биік мұнаралар мен олардың үшкір ұштары аспанға шаншылып, ең биікке орнатылған алтын крест айдың сәулесіне шағылысып, жайнап тұр. Холивудтың айналасындағы кең алқапта қостардың оттары лаулап, тығыз орналасқан лашықтар бір-біріне иін тіресіп тұр, аңғардың түбінде ирелеңдеген өзен мұз болып қатып қалыпты.

— Аспанмен ант етемін, — деді Ричард, — бұл жерде лорд Фоксгэмнің әскерлері әлі де лагерь құрып тұр! Герцог жіберген хабаршы, сірә, мұнда келіп үлгермеген болу керек. Бұл өте жақсы болды. Енді біздің армиямыз бар, біз сэр Дэниэлді лайықты қарсы алуға дайындық жасаймыз.

Бірақ лорд Фоксгэмнің әскерлері Холивудта Диктің ойлағанындай емес, мүлдем басқаша себеппен лагерь құрып тұр еді. Олар Шорбиға қарай бара жатқан-ды, бірақ жарты жолға жетер-жетпестен оларға екінші хабаршы келіп, шегініп бара жатқан ланкастерліктердің жолын кесу үшін әрі қайткенде де йоркшылдардың негізгі армиясына жақын жерде болу үшін бұлар өздерінің таңертеңгі тұрған орындарына қайтып барулары керек деген бұйрық әкелді. Ричард Глостер ұрыста жеңіп шығып, жауларын осы маңда талқандағаннан кейін, енді өз ағасының армиясына қосылу үшін бара жатыр. Лорд Фоксгэмнің әскерлері Холивудқа қайтып оралғаннан кейін, көп кешікпей аббаттың есігінің алдында Бүкірдің өзі де атын тоқтатты. Терезеден жарқырап көрініп тұрған сәуле осы мәртебелі қонақтың құрметіне жағылған шамдардың жарығы еді. Дик сүйікті қызымен және оның құрбысымен Холивудқа келген кезде, герцог өзінің қасына ерген бүкіл нөкерлерімен бірге арнаулы ас үйде тойлап жатыр екен, оларды осы құдіретті әрі бай монастырьға лайықты салтанатпен қарсы алыпты. Дикті ас үйге ертіп әкелген, ол жерге Дик мүлде ықылассыз кірді. Әбден шаршап, қалжыраған Глостер өзінің қан-сөлсіз, қаһарлы жүзін қолымен таяп отыр екен. Лорд Фоксгэм ауыр жарақатынан енді-енді айығып, Глостердің сол жағында, құрметті орында отыр.

— Қалай, сэр! — деп сұрады Ричард. — Сіз маған сэр Дэниэлдің басын әкелдіңіз бе?

— Милорд герцог, — деп жауап қайырды Дик, іштей жүрексінсе де, әжептәуір қатаң дауыспен. — менің жолым болмады, мен тіпті өзімнің отрядымды да қайтып әкеле алмадым. Мәртебелі тақсыр, рұқсат болса айтайын, быт-шыт болып талқандалдым.

Глостер оған жалт қарап, қаһарлана қабағын түйді.

— Елу атты әскерден басқа, сэр, мен сізге елу жаяу әскер бергем, — деді ол.

— Милорд герцог, менде тек қана елу атты әскер болды, — деп жауап қайырды, жас рыцарь.

— Қалайша? — деді Глостер. — Ол менен атты әскер де, жаяу әскер де сұрап еді ғой.

— Ашуланбаңыз, мәртебелі тақсыр, — деп жылпостана жауап қайырды Кэтсби, — жауды қуу үшін біз оған елу атты әскер ғана берген болатынбыз.

— Өте жақсы, — деді Ричард. — Шелтон, сізге кетуге рұқсат.

— Тоқтаңыз! — деді лорд Фоксгэм. — Бұл жас жігітке мен де тапсырма берген едім. Мүмкін ол менің тапсырмамды мұқиятырақ орындаған шығар... Айтыңызшы, мастер Шелтон, сіз қызды таптың ба?

— Әулиелерге рақмет, милорд, — деді Дик, — қыз осы үйде.

— Шын айтып тұрсыз ба?.. Олай болса, милорд герцог, — деп сөзін жалғады лорд Фоксгэм, — сіз рұқсат етсеңіз, ертең таңертең, әскерлер жорыққа аттанбас бұрын, той жасау керек. Бұл жас сквайр...

— Жас рыцарь, — деп оның сөзін бөліп жіберді Кэтсби.

— Сіз оны рыцарь деп атап тұрсыз ба, сэр Уильям? — деп лорд Фоксгэм айқайлап жіберді.

— Ұрыста батырлық көрсеткені үшін мен оған рыцарь атағын бердім, — деді Глостер, — Ол мені екі рет құтқарып қалды. Бұл өте батыр жігіт. Бірақ оған ер жігіттің темірдей қаттылығы жетіспейді. Ол мәртебелі дәрежеге көтеріле алмайды, лорд Фоксгэм. Бұл жігіт ұрыста батыл шайқасқанымен, ол бәрібір қоян жүрек адам. Әйтсе де, егер оған үйлену керек болса, — әулие бикештің аруағы үшін оны үйлендіріңіз, сонымен іс бітсін!

— Ол өте батыр жігіт, мен оны білемін, — деді лорд Фоксгэм. — Қуана беріңіз, сэр Ричард! Мен мастер Хэмлимен мәселенің бәрін реттедім, ертең таңертең сіздердің некелеріңіз қиылатын болады.

Дик енді бүл жерден тезірек кеткен дұрыс шығар деп ойлады. Бірақ ол ас үйден шығып үлгергенше, жаңа ғана қақпаның алдында аттан түскен бір адам төрт сатыдан бір-ақ аттап, басқышпен жоғары қарай жүгіріп шықты да, қызметшілердің арасын жарып өтіп, герцогтың алдына барып, тізерлеп отыра кетті.

— Жеңіс, милорд! — деді ол айқайлап.

Лорд Фоксгэмнің қонағы ретінде Дик өзіне берілген бөлмеге барып үлгергенше, оттың айналасында отырған топтың арасынан қуанышты айқай-шу шыға бастады. Өйткені, тап сол күні, осы арадан шамамен жиырма мильдей жерде, ланкастерліктердің күшіне екінші рет талқандата соққы берілген болатын.

VII ТАРАУ

Диктің кек қайтаруы

Ертеңіне Дик таңертеңгі ұйқыдан тұрып, лорд Фоксгэмнің киімдерінің ішінен ең жақсысын таңдап киді де, Джоаннаның жағдайын сұрап біліп, шыдамсыздығын жеңу үшін серуендеп қайтпақшы болып, далаға шықты. Ол қысқы таңның шапағы мен алаудың қызарған жарығында үстеріне сауыт-саймандарын киіп жатқан солдаттардың ортасына барды; содан соң далаға шығып, алғы шептегі күзет орындарын аралап, таңның атқанын күтіп жалғыз өзі, мүлгіген орманға қарай кетті.

Оның көңілі орныққан, әрі бақытты еді; герцогтың бұған деген өткінші ықыласынан айрылғанына түк те өкінген жоқ. Джоанна секілді әйелі және лорд Фоксгэм сияқты қамқоршысы бар болғандықтан, ол өзінің болашағына ізгі үмітпен қарады. Өткен өмірі туралы аса көп қайғырған жоқ.

Ол ойға шомып келе жатты, ал таң шапағы бірте-бірте қызыл ала сәулеленіп, жарықтана түсті, өршелене соққан суық жел қарлы боранды ұйтқытты. Ол үйге қайтпақшы болып кейін бұрылып еді, кенеттен ағаштардың тасасынан бір адамды көріп қалды.

— Тоқта! — деп айқайлады Дик. — Кім келе жатқан?

Әлгі адам ағаштардың тасасынан шығып, мылқау адамдай қолын бұлғады. Ол үстіне пірәдардың киімін киіп, бетіне күләпарасын жауып алғанмен, оның сэр Дэниэл екенін Дик бірден таныды.

Дик семсерін суырып алып, оған қарсы жүрді. Ал рыцарь жасырып қойған қаруын суырып алуға дайын адамдай қолын қойнына тығып, Диктің жақын келгенін байсалды түрде күтіп тұрды.

— Қалай Дикон, — деді сэр Дэниэл, — сен не істемекшісің? Сен шынымен жеңілген адамға шабуыл жасайсың ба?

— Мен сіздің өміріңізге қастық ойлағаным жоқ, — деп жауап қайырды жас жігіт. — Сіз мені өлтіргіңіз келгенге дейін мен сіздің сенімді досыңыз едім. О, сіз менің өлгенімді құштарлана арман еттіңіз ғой!

— Тек өзімді қорғау үшін ғана, — деп жауап қайырды рыцарь. — Ал енді, бала, кешегі шайқас туралы және менің жеке меншікті орманымда жас бүкір сайтанның жүргені туралы хабар менің біржолата сағымды сындырды. Мен Холивудқа барамын, онда мені әулиелер қамқорлығына алады. Содан соң мүмкін болғанның бәрін өзіммен бірге алып, теңізден өтіп кетем де, Бургундияға немесе Францияға барып жаңа өмір бастаймын.

— Сізге Холивудқа баруға болмайды, — деді Дик.

— Неге баруға болмайды? — деп сұрады рыцарь.

— Тыңдаңыз, сэр Дэниэл, бүгін — менің үйлену тойым болатын күн, — деді Дик, — қазір шығатын күн менің өмірімдегі ең шуақты жарқын күнім болмақ. Менің әкемді өлтіргеніңіз үшін, менің өзімді өлтірмекші болған әрекетіңіз үшін сіз өз өміріңізді беруіңіз керек. Бірақ менің де бүлдіргенім аз емес. Мен көп адамның қазаға ұшырауына себепші болдым... Бүгінгі, мен үшін ең бақытты күні, мен сот та, жендет те болғым келмейді. Сіз нағыз сайтанның өзі болсаңыз да, мен сізге қолымды көтермеген болар едім. Құдайдан кешірім сұраңыз, мен өз басым жомарттық жасап, сізді шын ниетіммен кешіремін. Бірақ Холивудқа мен сізді жібермеймін. Мен Йорктардың жағындамын, сол себепті тыңшылардың біздің әскерлердің арасына кіріп кетуіне жол бермеймін. Егер сіз бір қадам ілгері басатын болсаңыз, мен айқайлап, жақын тұрған күзетшіге сізді ұстап ал деп әмір етемін.

— Сен мені мазақтап тұрсың! — деді сэр Дэниэл — Тек Холивуд қана мені өлімнен аман сақтай алады.

— Онда менің шаруам жоқ, — деп жауап қайырды Ричард, — Шығысқа, батысқа, оңтүстікке қарай барыңыз, бірақ солтүстікке мен сізді жібермеймін. Холивуд сіз үшін жабық. Кетіңіз, бірақ оралып қайтып келіп жүрмеңіз, себебі сіз кетісімен мен күзетшілердің барлығына ескертіп қоямын, олар кез келген пірәдарды өте мұқият тексеретін болады, сіз тіпті сайтан болып кетсеңіз де, бұл жерден өте алмайсыз.

— Сен мені өлімге душар етіп тұрсың, — деді сэр Дэниэл түнеріп.

— Жоқ, душар етіп тұрғаным жоқ, — деп жауап қайырды Ричард. — Егер сіз өзіңіздің батылдығыңызды сынағыңыз келсе, мені жекпе-жекке шақырыңыз. Бұл, әрине, менің өз партиям жөнінде сатқындық болса да, бәрібір сіздің ұсынысыңызды қабыл алайын. Мен ешкімді көмекке шақырмай, сізбен жекпе-жек шайқасам. Өстіп, әкемнің өлімі үшін адал ниетіммен кегімді қайтарам.

— Жоқ, олай болмайды, — деді сэр Дэниэл, — сенің ұзын семсерің бар, ал менде не бары қанжар ғана!

— Мен тек құдайдың шапағатына ғана сенемін, — деп жауап қайырды Дик, семсерін қардың үстіне лақтырып тастап. — Ал енді, сіздің зұлмат тағдырыңыз бұйырса — бері шығыңыз! Жасаған нем жар болса, мен сіздің сүйегіңізді түлкілерге жем етем.

— Мен сені тек сынаған едім, Дик, — деп жауап қайырды рыцарь, зорлана күлген болып. — Мен сенің қаныңды төккім келмейді.

— Онда, кешікпей тұрғанда, тез кетіңіз, — деп жауап қайырды Шелтон. — Бес минуттан кейін мен күзетшілерді шақырам. Мен онсыз да асқан ұстамдылық көрсетіп тұрмын. Егер сіз менің орнымда болып, ал мен сіздің орныңызда болсам, сіз баяғыда- ақ менің аяқ-қолымды байлап тастар едіңіз.

— Жарайды Дикон, мен кетейін, — деп жауап қайырды сэр Дэниэл. — Бірақ біз қайта кездескен кезде, маған осындай қатыгездік көрсеткенің үшін сен өкінетін боласың.

Осыны айтып рыцарь кілт бұрылды да, қалың тоғайға қарай жүріп кетті. Өзіне кешірім жасаған, әйтсе де өзі оған аса сеніңкіремейтін жас жігітке ызалы көзбен қарап қойып тез, әрі сақтана басып бара жатқан сэр Дэниэлге Дик бір түрлі түсініксіз, екі ұдай сезіммен қарап тұрды.

Міне, ол жасыл шілтерлер шимайлап, бұтақтар айқасып, тіпті қысты күні де арасынан ештеңе көрінбейтін қалың жынысқа жақындап қалды. Кенеттен тартып жіберген садақ адырнасының азынаған қысқа да таза зыңылы шықты. Жебе зулап келіп, кірш қадалды, тэнстоллдық рыцарь әрі жанына батып, әрі ыза кернеп, булыққан дауыспен айқайлап қолдарын жайып жерге етпетінен құлап түсті. Дик оның қасына жүгіріп барып, көтеріп тұрғызды. Сэр Дэниэлдің бет-аузы қатты тыжырайып, бүкіл денесі құрысып, жиырылып бара жатты.

— Қара жебе ме? — деп сұрады ол, демігіп.

— Қара! — деп салтанатпен жауап қайырды Дик.

Рыцарь бірдеңе айтпақшы болып, аузын ашып үлгергенше, жан шыдатпас азап жаралы адамды бастан-аяқ шаншып өтті; ол Диктің қолында ақырғы рет дір етіп, ауырғаны басылған кезде үнсіз жан тапсырды. Жас жігіт оны ақырын қардың үстіне жатқызып, өзі осынау тәубеге келмеген, күнәкар адам үшін дұға оқи бастады. Ол дұға оқып болғанша күн де шығып, қалың нудың арасынан құстардың даусы естілді.

Дик орнынан тұрған кезде, өзінің арт жағынан бірнеше қадам жерде тізерлей отырып дұға оқып жатқан бір адамды көрді. Дик бас киімін шешіп, әлгі адамның дұға оқып болуын күтті. Ол басын еңкейтіп, қолымен бетін басып ұзақ шоқынды. Оның қасында садақ жатыр, сэр Дэниэлді өлтірген атқыштың сол екенін Дик бірден түсінді.

Ақыр аяғында дұға оқыған адам орнынан түрегелді, Дик оның Эллис Дэкуорт екенін таныды.

— Ричард, — деді ол салтанатпен, — мен сіздердің сөздеріңізді бастан-аяқ естідім! — Сен зор адамгершілік істеп, оны кешірдің. Ал мен болсам, оған кешірім жасай алмадым — сол себепті жауымның денесі, міне, алдымда жатыр. Мен үшін дұға оқы!

Содан соң ол Диктің қолын қысты.

— Сэр, — деді Ричард, — мен сіз үшін шын ниетіммен дұға оқимын, бірақ менің дұғамның сізге пайдасы бола ма, жоқ па, оны білмеймін. Өзіңіз ойлаңызшы, сіз осыншама ұзақ аңсап күткен кек қайтару жаныңызды бұлай қинайтын болса, онда әлі де тірі қалғандарына кешірім еткен дұрыс емес пе? Мен оны өлтіргім келмесе де, бейшара Хэтч өліп кетті. Сэр Дэниэлдің өлігі міне жатыр... Сізден жалынып сұраймын, ең болмаса, священникке кешірім етіңіз!

Эллис Дэкуорттың жанары жарқ ете түсті.

— Менің кеудемдегі жын әлі күшті! — деді ол. — Бірақ сен абыржыма, қара жебе енді еш уақытта ауада ұшпайды, біздің бауырластығымыз бұзылды. Біздің өлтіріп үлгермеген адамдарымыз, жасаған иемнің өзі қалаған уақытта, тып-тыныш өмірден кетеді. Бұдан былай сенің өмірің бақытты болсын, сорлы Эллис жөнінде ұмыт.

VIII ТАРАУ

Түйін

Таңертеңгі сағат тоғыздардың шамасында лорд Фоксгэм өзінің тәрбиесіндегі қызды қайтадан қызша киіндіріп, қасына Алисия Райзингэмді ертіп Холивудтың шіркеуіне алып бара жатты. Ойға шомған бүкір Ричард жолды кесіп өтіп, бұлардың алдына тоқтады.

— Айтқан қыздарың осы ма? — деп сұрады ол. Лорд Фоксгэм осы деп жауап берген кезде, ол сөзін жалғастырды. — Қалыңдық, басыңызды көтеріп, маған жүзіңізді көрсетіңіз.

Ол қыздың бетіне тұнжырай қарады.

— Сіз өте сұлу екенсіз, — деді ол ақыр соңында — менің естуімше әрі өте байсыз. Егер мен сіздің сұлулығыңызға және ата-тегіңізге лайықты басқа адамға күйеуге шығуды ұсынсам, сіз оған қалай қарайсыз?

— Милорд герцог, — деп жауап қайырды Джоанна, — егер сіз рақым етсеңіз, мен сэр Ричардқа шыққым келеді.

— Неге? — деп сұрады ол, қатаң үнмен. — Мен сізге атын атайтын адамға күйеуге шықсаңыз, сіз бүгін-ақ леди болып, ол лорд болады. Ал сэр Ричард, — маған шынымды айтуға рұқсат етіңіз, — сэр Ричард болып өледі.

— Мен жасаған иемнен жалғыз-ақ рақым тілеймін, милорд: ол маған сэр Ричардтың әйелі болып өлуіме рұқсат етсе болды, — деп жауап қайырды Джоанна.

— Қараңызшы, милорд! — деді Глостер, лорд Фоксгэмге бұрылып. — Қандай түсініксіз жандар. Мен жас жігітке өзіңе сый таңдап ал деген кезде, ол маған өлмелі мас теңізшіге кешірім жасаңыз деді. Мен оны сақтандырып едім, бірақ ол өзінің ақымақтығынан қайтпады. Сонда мен оған: «Осымен менің сізге деген рақымым бітеді дедім. Ал ол маған батыл менмендікпен: «Менің сіздің рақымыңыздан айырылғанға көнуіме тура келеді», — деп жауап берді. Жарайды! Солай-ақ болсын!

— Ол тап солай деді ме? — деп сұрады Алисия. — Жақсы айтыпсың, арыстанды жуасытушы!

— Мынау не қылған қыз? — деп сұрады герцог.

— Бұл сэр Ричардтың тұтқын қызы, — деп жауап қайырды, лорд Фоксгэм, — Алисия Райзингэм ханым.

— Бұл қызды сенімді кісіге күйеуге беріңіз, — деді герцог.

— Егер сіз рақым етсеңіз, мен өзімнің туысым Хэмлиді ойлап едім, — деп жауап қайырды лорд Фоксгэм. — Ол біздің жеңіске жетуіміз үшін көп еңбек сіңірді.

— Таңдауыңызды мақұлдаймын, — деді Ричард. — Олар тек тездетіп некеге тұратын болсын... Айтыңызшы, сұлу қыз, сіздің күйеуге шыққыңыз келе ме?

— Милорд герцог, — деді Алисия, — егер ол адал адам болса әрі ұсқынсыз жарымжан болмаса...

Ізінше қыз сасқалақтап, тілі таңдайына жабысып қалды.

— Ол ұсқынсыз жарымжан емес, ханым, — деді Ричард сабырмен. — Бүкіл армияның ішінде жалғыз бүкір менмін; қалғандарының бәрі де сымбатты, бітімі көрікті... Леди және сіз, милорд, — деді ол кенеттен асқан кішіпейілділікпен, — сіздерді тастап кеткенім үшін мені әдепсіз деп сөкпеңіздер. Соғыс кезінде қолбасшы уақытын билей алмайды.

Осыны айтып ол сыпайы ізет жасап, қасына ерген бүкіл нөкерлерімен кетіп қалды.

— Масқара болды, — деді Алисия дауыстап, — мен құрыдым!

— Сіз оны білмейсіз, — деп жауап қайырды лорд Фоксгэм. — Бұл түк те емес, — ол сіздің сөзіңізді со бойда ұмытып кетті.

— Олай болса милорд герцог рыцарьлардың төресі — деді Алисия.

— Жоқ, оның ойы тек басқаға ауып кетті, — деп жауап қайырды лорд Фоксгэм. — Әйтсе де, енді бұдан былай уақыт кетірмейік.

Шіркеуде бұларды қасына бірнеше жас жігіт ерткен Дик күтіп тұр еді. Сол жерде Джоанна екеуінің некесі қиылды. Салтанатты әрі бақытты жастар шіркеуден аязды, күн жарқырап тұрған далаға шыққанда, әскерлер жолмен шұбатылып кетіп бара жатыр екен. Аббаттықтан жолға шыққан самсаған аттардың арасынан герцог Глостердің желбіреген туы көрінеді. Тудың артында, жан-жағын құрыш құрсанған рыцарьлар қоршаған, атаққұмар, батыр, қатыгез бүкір кетіп бара жатыр, алда оны қысқа ғана патшалық құру әрі мәңгі масқара болу тағдыры күтіп тұрған-ды. Бірақ той шеруі басқа жаққа бұрылып кетті де, біраздан соң бұлар үстел басында отырып, тым мастыққа салынбай, таза сауық-сайранға көшті. Той иесі қонақтарды сыйлап, өзі де солармен бірге үстел басында отырды. Қызғанышын ұмытқан Хэмли Алисияның көңілін аулап, қызды қатты риза етті. Кетіп бара жатқан әскерлер кернейінің даусын, қару-жарақтың салдырын, аттардың тұяғының дүбірін тыңдап, Дик пен Джоанна көңілдері қуанышқа толы, қол ұстасып қатар отыр, олар жалындай түскен іңкәр махаббатпен бір-біріне ынтыға қарайды.

Сол кезден бастап осы мазасыз заманның кір-қоқысы мен қан аралас тіршілігіне бұлардың ешбір қатысы болған жоқ. Олар қауіп-қатерден алас, өздерінің алғашқы махаббаты оянған жасыл орманда өмір кешті.

Ал Тэнстолл деревнясында молшылықта тыныш өмір сүріп, мүмкін эль мен шарапты да шамадан тыс көбірек ішіп, пенсияға шыққан екі қарт тұрып жатты. Олардың бірі өмір бойы теңізші болып, ақырғы күні таусылғанға дейін өзінің матросы Томды жоқтап, жылаумен болды. Екіншісі, көпті көрген, талай қиыншылықты басынан кешірген адам, өмірінің соңында құдай жолына түсіп, көрші аббатта пірәдар Гонестус деген атпен дүниеден өтті. Міне, осылай Лоулесстің ежелгі арманы орындалды: ол монах болып өлді.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз