Өлең, жыр, ақындар

Шәкәрімді кім атты? Не үшін атты?

Қарасартовтың соншама ауыр қылмыс жасау жолмен қолына түсіріп алған қолжазбаларды қалайша өзінің, керегіне жаратпақ болғаны маған белгісіз. Біраз өңдеп өз аты.мен бірнеше кітап етіп шығарғысы келуі мүмкін. Ол үшін оған Шәкәрімнің атын біржола тарихтан өшіру қажет болды. Қолынан келгенінің бәрін істеп те бақты. Бірақ одан не шықты?! Қаншама қыстаса да шынын айтпай кетті. Әрі халықтың ұлы перзентін өлтірген, әрі үлкен ұрлық жасаған кісімін деп ондай адам өмірде мойындар ма!

«Қазақ әдебиеті» газетінің осы жылғы 7-9 сандарында Евней Букетов пен Абзал Қарасартовтың магнитофонға жазылып алынған әңгімесі басылды. Әңгімеге «Білмедім Шәкәрімді кім атқанын» деген тақырып беріліпті. Оны оқу үстінде көптен көңілде жүрген және ақиқаттығына күмәнім жоқ бір жайлар еске түсті. Жеке басыма берері болмаса да, тарихи шындық үшін сол жайлар жайында естіп-білгенімді оқушы жұртшылығының назарына ұсынуды жөн көрдім.

Менің балалық және жасөспірімдік шағым Қарағанды облысының Қу, Қарқаралы аудандарының орталықтарында, яғни Егіндібұлақ селосы мен Қарқаралы қаласында өтті. 1934-1938 жылдары Абзал Қарасартов осы екі ауданда НКВД-ның бастығы болып қызмет істеді. Мені ол кісі, әрине, білген жоқ, ал мен оны сыртынан біліп жүрдім. 1935 жылы Егіндібұлақта балалар үйінде жатып, жеті жылдық мектепті бітірдім, соңғы үш жылда Қарқаралы қаласында қазақ орта мектебінде оқыдым. Қарасартовты біздің, бала болсақ та, білетін себебіміз — ол өте пысық, қоғамдық жұмыстарға белсенді араласатын адам болды. Біз оқитын мектептің алдындағы кішкентай алаңда күн сайын аудан орталығындағы жігіттерді жинап, «городки» ойнайтын. Қарасартовқа дейін бұл ойын мұнда болмаған-ды. Оның, үстіне поселканың сыртындағы кеңірек алаңға стадион тәрізді бір нәрсе орнатып, футбол ойынын ұйымдастырды. Біз болсақ мұның бәрін қызық көріп қарап тұратынбыз.

Қарасартовтың өзі ортадан төменірек бойы бар, дембелше, қараторы, сымбатты деп айтуға болатын жігіт еді ол кезде. Оны аудандық клубта да жиі көретінбіз. Көркемөнер үйірмесіне келіп «нұсқаулар» беріп жүрді ғой деймін. Концерт болса-ақ Қарасартовтың сөзімен айтылатын «Паровоз» деген он орындалатын. Бір сөзбен айтқанда, біз Қарасартовқа қызығып қарайтынбыз, шіркін, осындай адам болып өссек деп арман ететінбіз. Оның үстіне Қарасартовтың сол кездегі Сәруар дейтін жұбайы біздің балалар үйіне жиі келіп, оқушылармен әңгіме жасап тұратын-ды. Өте сүйкімді адам еді. Бір ретте бізді тауға алып шығып, әртүрлі өсімдіктер жайлы түсінік бергені, әсіресе «қымыздық» деп аталатын кішкентай жапырақты басқа жапырақтардан ажырата білуді үйреткені және оны жұлып жеудің қандай пайдалы екенін айтқаны есімде.

1935 жылдың күзінде мен Егінді бұлақтан Қарқаралыға кетіп қалдым. Арада екі жыл өтті. 1937 жылдың аласапыраны басталды. Екі күннің бірінде «халық жауларын» әшкерелеудің барысына арналған комсомол активінің жиналысы болатын да жататын. Сондай жиналыстардың біріне келе қалсам, презндиумда Қарасартов отыр. Бұл мұнда неге отыр деп сұрастырсам, Егіндібұлақтан ауысып Қарқаралыға НКВД-нің бастығы болып келген екен. Күтпеген жерден сол жиналыста біздің қазақ орта мектебіне байланысты сөз бола қалды. Директорымыз — бізге тарих пәнінен сабақ беретін Ғабдрахман Төлепбергенов деген кісі болатын. Мінезі шатақтау еді, бірақ екі тілге бірдей сауатты, жақсы педагог, адал азамат еді. Сол кісіні мінбеге шығарып алып, қыса бастады. Әңгіменің жайы мынау болды. Мектептің бірінші қабатының коридорында сол кездегі әскер басшыларының бірігіп түскен суреттері басылған плакат ілулі тұратын. Біз каникулда жүрген кезімізде сол басшылардың біразы ұсталып кетіпті де, плакат ілулі қалпында қала беріпті. Дәл сол кезде Қарқаралыға «Комсомольская правда» газетінің бір тілшісі келген екен, біздің мектепте болып, жаңағы плакатқа көзі түсіпті. «Мынаны алып тастайық» деп директор екеуі оны қасында тұрған пешке апарып жағып жіберіпті. Төлепбергенов осыны айтқан кезде Қарасартов: «Халық жауы Тухачевский мен Гамарниктердің суреттерімен қоса Политбюроның мүшесі маршал Ворошиловтың суретін жағуды қалай түсінуге болады?» деп Төлепбергеновке қадалмасы бар ма! «Бұл тек жаулардың ғана істейтін ісі, мұның комсомолдығын тез қарау керек, жазасын тарттыру керек», — деп кіжініп отырып алды. НКВД-нің бастығы түгіл, ат айдаушысына да қарсы келетін ешкім ол кезде табылмайтын. Өзіміз жақсы көретін ұстазымызбен бірге иығымызға су құйылғандай болып тарадық. Жұрттың бәрі: «Ғабдрахманның шаруасы енді бітті» деп тусінді. Бірақ сәті түсіп, сол күндері Қарқаралыға облыстың комсомол комитетінің бірінші хатшысы Жақан Сүлейменов дейтін жолдас келе қалды. Өте сауатты және батыл азамат болатын, шыққан жері сол Қарқаралы. Келісімен бар активті жинап мәжіліс өткізді. Сөзінің аяқ кезінде Төлепбергенов туралы болып жатқан әңгімеге тоқтап, мұндай ұсақ нәрсе үшін адамды босқа айыптауға болмайды және мен бұл жолдасты бала күнімнен өте жақсы білемін, оның тазалығына, адалдығына күмәндануға болмайды, деп үзілді-кесілді пікір айтты. Комсомол ол кезде өте күшті және беделді болатын. Қарасартовтың да тоқтамасқа амалы қалмады. Бірақ үш-төрт айдан соң оның «пайдасына» тағы бір оқиға бола қалды. Мектеп интернатының, балалар жататын екі жатақ үйі болатын. Соның бірінде өрт болды. Түн іші болатын. Ересек балалар шелекпен су тасып, жан таласып өртті сөндіріп жатырмыз. НКВД-нің үйі мен өрт болған жатақхана арасында үй жоқ. Жүгіріп Қарасартов келді, біраз адамдар жинап әкеліпті. Келісімен директорды сұрады. Ол алыста тұратын, телефоны жоқ. Үйіне кісі жүгіртіп жіберу ешкімнің ойына келмесе керек. Қарасартов балалардың көзінше (көпшілігі 4—6 класта оқитын кішкентай қыз балалар) директорды қазақша нағыз дөрекі түрде былшитып боқтай бастады. Өрт сөндіріліп болғанша байғұстың әке-шешесінің түгін қалдырмай боқтап - балағаттаудан аузы бір жиылған жоқ. Осының артынан Төлепбергеновтың басына қара түнек орнады. Қарасартов соңына шам алып түсті. Дегенмен бағы бар екен. Аз уақыт өтпей Қарасартовтың өзі ұсталып кетті. Сонымен екі Қарасартовты көрдім. Бірі — Егіндібұлақтағы біз сыртынан сүйсініп жүретін ақжарқын Қарасартов, екіншісі — 1937 жылғы НКВД жендеті, қадалған адамын халық жауы жасап, су түбіне жіберуге жаны құмар, қара жүрек, бас кесер Қарасартов. Бұл адаммен жүзбе-жүз кездесіп, танысуым бес жыл өткеннен соң болды. 1942 жылдың жазында, мен Егіндібұлақта аудандық партия комитетінің үгіт насихат бөлімін басқарып жүргенімде Абзал Қарасартов райисполкомның жауапты хатшысы қызметіне облыстан жолдама алып, сол ауданға келді. Анда-санда кездесіп қалып жүрдік. Бірақ мен оның түрмеден қашан, қалай шыққанын, бізге қалай, кім арқылы келгенін білгенім жоқ және оған көңіл қойып, мән бергенім жоқ. Жыл аяғында жұмыс орным Қарағандыға ауысты, екі жыл өтпей Мәскеуге оқуға кеттім. Қарасартов ұмытылды.

1959 жылы «Қазақ әдебиеті» газеті Шәкәрімнің жоғарғы сот шешімі бойынша толық ақталуына байланысты материалдар жариялады. Соның артынан іле-шала Қарасартов Алматыға келіпті. Мен ол кезде Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінде істейтінмін. Бір күні маған келді. Амандасып, жай-жапсарларды сұрастырып болысымен-ақ ол өзінің ішіне симай жүрген ызалы көңіл-күйін ақтара бастады. Біздің бәрімізге «таптық қырағылықты бәсеңдетіп отырсыңдар» деп кінә тақты. Ондағысы — Шәкәрім өлеңдерінің жарыққа шығуы болды.

Евней Букетовпен болған әңгімеде Қарасартов: ертеректе Мұқаңның (Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің — Н. Ж.) барында кіріскенде бұл кісінің еңбегі баяғыда шығушы еді. Мен биттей қарсы емеспін! Қазір шығарса да! Маған ешнәрсе істеген жоқ. Мен енді только армандамын!» — депті. Марқұмның бұл айтқанында шындықтың иісі де жоқ. Ол «биттей де қарсы емес» болса, Шәкәрім өлеңдері газетке шығысымен сонау Егіндібұлақтан Алматыға жан ұшырып неге жетіп келді екен! Маған мәселені былай қойды: «Шәкәрім Құдайбердиев — Совет өкіметінің қас жауы. Қолына қару алып күрескен, өкіметке қарсы көтеріліс ұйымдастырып, оған оқ атқан адам. Мұндай адам ағартылатын болса, мен соңғы демім біткенше ісім сендермен болады. Хрущевқа дейін барамын, — деп қоқан лоққыға басты. — Бұл айтқандарымды толық анықтайтын деректердің бәрі КГБ-де, ондағылар ақырына дейін менің жағымда болады», — деді де кетті. Мен өзім сол күннен бастап Шәкәрімнің өмір жолы жайындағы материалдармен таныса бастадым. Сол кездегі КГБ-нің председателі, генерал Әубәкір Арыстанбеков арқылы оларда жиналған бір папка материалдың мазмұнымен таныстым.Көпшілігі әр кезде әртүрлі адамдардан жаздырылып алынған Шәкәрім жөніндегі түсініктемелер екен. Ішінде ол кісіні ақтайтындары да, қаралайтындары да бар. Документтердің арасындағы ең «маңыздысы» оқушы дәптерінің бір парағына қара сиямен жазылған, бірақ не кіріс, не шығыс номері қойылмаған, мөрі де штемпелі де жоқ хабарлама бар. Бұл қағаз Қарасартовтың қолымен жазылған. Онда: «Шұбартау ауданында Шәкәрім Құдайбердиев басқаратын банда бұлік салып жүр», — делінген. КГБ-нің бұл папкасындағы Шәкәрімді қаралайтын ең негізгі документ тек сол ғана болатын. Солай бола тұрса да бұл органның ол кездегі басшылары ақынның шығармаларын басып шығаруға көп уақыт кедергі жасап келді. Біз Семей облысының партия комитеті арқылы материалдар жинаттың. Бұл іске сол кездегі обком хатшысы Әнуар Кәкімжанов, Абай аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Нұрбаев жолдастар белсене қатысты. Ақыры ол жақтан үлкен бір папка материалдар келді. Шәкәрімді көрген, жақсы білген, ол кісі туралы көп естіген адамдармен әңгіме жасалған, олар өз қолдарымен көргендері мен естіп білгендерін толық жазып берген. Бәрінің бір кісідей айтатыны: Шәкәрімнің Шұбартау көтерілісіне ешқандай қатысынын, жоқтығы. Қарасартов бастаған ГПУ адамдарының оны жазықсыз өлтіргені. Қаннен - қаперсіз таудан түсіп келе жатқан үш адамның ішіндегі Шәкәрімді бір төбешік түбінде бұғып жатып, әдейі көздеп атқаны, өлген адамның денесін сүйреп апарып алыс даладағы ескі бір апан құдыққа тастап кеткені. Семейден келіп түскен осы папканың ішінде аса қадағалап көңіл аударарлық екі түрлі материал болды. Оның бірі — қазіргі қазақ ССР Ғылым академиясының академигі Салың Зимановтың запискасы. Қандай мекеменің атына жазылғанын ұмытыппын, ал мазмұны толың есімде... Шәкәрім көтеріліске қатысты, оны басқарды деген лақаптың ешбір шындыққа жатпайтыны айтылған.

Көптеген тірі адамдардың айтуына, басқа да көп деректерге сүйене отырып, ғалым Шәкәрім Құдайбердиевтің, зұлымдар қолынан нақақтан қаза тапқанын дәлелдейді. Папкадағы екінші материал — бұл Шәкәрімнің өзі өлеңмен жазған өмірбаяны. Мұнда өзінің өмірден безіп, тау арасындағы жалғыз үйде «отшельник» болып жүрген кезінде сол аудандағы ГПУ-дың бастығы Абзал Қарасартовпен кездескендері айтылған. «Бұл адам маған «доспын» деп келеді, әдебиеттен аздап хабары бар адамға ұқсайды. Бірақ мен оның кім екенін, ішінде не жатқанын білмеймін. «Оқып берейін» деп бірнеше рет менің қолжазбаларымды сұрап әкетті, әлі қайтармай жүр», — делінген. Өмірбаянның бұл, әрине, түпнұсқасы, ақынның қолымен жазылған түрі емес, машинкаға басылған көшірмесі болатын. Дегенмен, ол кезде біреу-міреудің ойдан шығарып, әдейі жұртты теріс жолға бағыттау үшін жазған шығармасы болар-ау деген күдік менде туған жоқ. Түпнұсқаның архивте бар-жоғын да білмеймін. Ал мен оқыған өмірбаянда ақынның Қарасартов жөнінде жазғаны есімде сайрап тұр. Сол тұста бір жазушы (кім екені есімде жоқ) Мұхтар Омарханұлының өз аузынан естідім деп, Қарасартовтың қолында Шәкәрімнің көптеген қолжазбалары барлығын, сіңіріп кету мақсатымен оны ешкімге бермей тығып жүргендігін айтты.

Мен Қарасартовты Алматыға шақырттым. Ол келді. Екеуіміздің арамызда мынадай әңгіме болды:

— Сіздің Шәкәрім жөніндегі пікіріңіз өзгерді ме, әлде бұрынғы қалпында ма?

— Жоқ, өзгерген жоқ, ешқашан өзгермейді де..

— Сіз ол кісіні не үшін аттыңыз?

— Атқан менің жеке басым болмауы керек. Біздің отрядтағы біреуінің оғы тиген болар. Ол өкіметке қарсы көтеріліс ұйымдастырды. Сол үшін атылды.

— Қандай жағдайда аттыңыздар?

— Қашып бара жатып, біздің тосқауылға кездесіп қалды. Біз аттық.

— Шәкәрімнің қолжазбалары сіздің қолыңызға қалай түсті, оны тиісті ғылыми мекемелердің біріне тапсырмай, неге осы күнге дейін тығып жүрсіз?

Осы арада Қарасартовтың түсі ерекше бұзылып кетті. Өзі қараға жақын адамның қызарғанын тез аңғару қиын болады ғой, дегенмен ол көзді ашып-жұмғанша күп-күрең болды да, қатты қысылып, аузына сөз түспей үнсіз қалды. Екі-үш минуттен кейін ғана есін жиып алғандай болып: «Менде Шәкәрім қолжазбалары жоқ, ол маған қайдан келсін және Шәкәрім өлеңінің маған қажеті не, мен өзім өлең жазатын адаммын, — деп портфелін ашып, бір қағаздар алып шықты. — Мынау, міне, мен жазған өлеңдердің бірі, — деп, оқи бастады. Сырт ұйқастықтары болғанымен көркемдіктен жұрдай сылдыр сөз «колхозымыз анадай», «совхозымыз мынадайларға» арналған жәй шатпырақ екен. Тыңдап болған соң, мен оған: «Әрине бұл оқығаныңыз Шәкәрімнің қолжаз6асынан көшіріп алған өлең емес, бірақ сіздің мұндай өлең жаза білетініңіз сізде ол қолжазбаның жоқ екеніне дәлел бола алмайды ғой», — дедім. Әңгімеміз біраз созылды. Ол танды, мен ол кісіде қолжазбаның бар екеніне тіпті де күмәнданбайтынымды айттым. Және: «Академияға барып, келісіңіз, қолыңыздағы Шәкәрім өлеңдерін түгел тапсыратыныңызды айтыңыз, мүмкін шарт жасасып, тиісті ақысын аларсыз, олардың адамдары барып сізден өздері алып қайтар, сонда сіздің халық алдындағы кінәңіз жеңілдене түседі», — деп ақыл бердім. Оныма көнбей, Қарасартов кетті. Бірақ бұл жолы алғашқы келгендей емес, жүні жығылыңқырап, өркөкірек кеудесі басылыңқырап кетті.

Бұл арада Қарасартовқа қойылған айыптың дұрыстығын дәлелдейтін бір кішкентай анықтама бере кетуім қажет сияқты.

Шәкәрім мәселесі толық шешіліп, шығармалары шыға бастаған шақта кейбір жас жазушылар 1959 жылы «қазақ әдебиеті» берген материалдардан соң, бұл туралы әңгіменің тоқтап қалуына сол кездегі Орталық Комитет хатшысы Жанділдин кінәлі көрінеді деген лақап айтыпты. Бұл тек «бөрінің аузы жесе де қан, жемесе де қанның» кері. Бұрын «халық жауы» болып келген адамның өлеңдері күтпеген жерден газет беттерінде шыға - қалды. Мұндайда «қырағылар» тек партия қызметіндегі адамдар арасынан шығады деу — қате пікір. Керісінше ондайлар көбіне «сырттан» келеді. Және олардың «қырағылығы» шын қырағылықтың, идеология тазалығын сақтауға үлес қосу ниетінің туындысы емес, кейбір «достарымен» есеп айырысу мақсатымен байланысты әрекет болып шығады. Сол кездегі екінші хатшының құлағына бірлі-жарым әдебиетшілер келіп сыбырлап кетіпті. Ол байғұстың бұл сыбырларға өзінше үлкен мән беріп, біраз әңгіме көтергені есімде. КГБ басшылары да отқа май құюмен болды. Мен болсам, бала күнімде Шәкәрімнің біраз өлеңдерін, оның ішінде «Дубровский» поэмасын жатқа білетін едім де, ақынның «халық жауы» болып кеткеніне іштей қынжылатынмын. Сондықтан ол адамның кім екенін әбден түсіну мақсатымен зерттеу ісіне кірістім. Аңыры Шәкәрімнің кінәсіз өлтірілгеніне, оның қалдырған рухани мұрасының зор маңыздылығына толық көзім жетті. 1965 жылдың алғашқы айларының бірінде сол кездегі Орталық Комитеттің бірінші хатшысының атына записка жаздым. Шәкәрімнің таңдамалы шығармаларының жинағын шығарту керек деп ұсыныс жасадым және ұсынысымды дәлелдеуге тырыстым. Бірінші хатшы: «Жанділдин жолдастың ұсынысын қолдаймын», — деп бұрыштама соқты. Қалған бюро мүшелерінің бәрі келіскендіктерін анықтап қолдарын қойды. Ол мекемеде қабылданған тәртіп бойынша мұндай қағаз қабылданған қаулымен пара-пар болады. Осының артынан академияның сол кездегі вице-президенті Сақтаған Бәйішев пен Әдебиет және өнер институтының директоры Мүсілім Базарбаев екеуін шақырып алып, запискамен таныстырдым да, оның бір данасын қосып, Шәкәрім жөніндегі материалдың бәрін қолдарына бердім. Енді ешнәрсеге алаңдамай іске кірісіп, тез арада Шәкәрім шығармаларын баспаға дайындауды тапсырдым. Көп ұзамай өзім Орталық Комитеттен басқа жұмысқа ауысып кеттім. Шәкәрім мәселесін белсене қолға алған Мүсілім Базарбаев та Мәдениет министрлігіне кетіп қалды. Біреулер олай тартып, біреулер бұлай тартып, саясатқа әкеп тірей берді білем. «Саясат тым көп болған жерде мәдениетке орын қалмайды» деп М. Горький дұрыс айтса керек. Жиырма жылдан астам уақыт бойы Шәкәрім жабылып қала берді. Өкінішті-aқ! Бірақ ең соңында әділдік жеңді. Соған мен де шын қуаныштымын. Бұдан екі-үш жыл кейін ел жақтан келген өзімнің бір жақын туысымнан Шәкәрімнің не үшін өлтірілгеніне көз жеткізерліктей бір әңгіме естідім. Бұл тектен-тек ойдан шығарып айтуға қисыны келмейтін, ақиқаттығына ешбір күмән қоюға болмайтын әңгіме.

Маған мұны айтқан адам бар. Аты-жөнін келтірмей отырған себебім — ең соңғы кезде жазылып отырған мәлімдеменің мазмұнымен оны таныстыра алмадым. Керек болса редакцияның ол азаматпен тікелей байланыс жасауына мүмкіндік бар.

Менің Әубәкіров Хамза деген немере ағам болды. Бұл ертеде мұсылманша біраз оқыған сауатты адам еді. Араб әріптерімен басылған шығармаларды, әсіресе өлең, поэмаларды мүдірмей өте жылдам оқитын-ды. Оның үстіне Қарқаралы, Семей өңірлеріндегі ата-бабалар тарихын өте жақсы білетін. Қарасартов Егіндібұлақта ГПУ-дың бастығы болған кезде ол кісі де сол жерде әртүрлі жауапты қызметтерде болған. Екеуінің арасында аздаған достың қарым - қатынастары да болатын. Кейін, 50-ші жылдар ішінде Қарасартов совхозда жұмыс істеп жүріп, бір уақытта қызметінен босап, аудан орталығына қайта оралыпты. Біраз уақыт жаңағы менің ағамның үйінде жатыпты. Келген бетте қолындағы үлкен ауыр чемоданын жеңгеміз Қайшаның қолына беріп: «Мынаның ішінде — менің өмірлік азығым, сен мұны ешкімнің көзіне түспейтін бір жерге тығып қой», — депті. Қайшекең апарып шошаласының (кладовка) жоғарғы сөресіне қойыпты. Бір күні Қарасартов үйде жоқта, бірдемелер іздеп жүріп, чемоданды құлатып алыпты. Сол сәтте ескі чемоданның аузы ашылып кетіп, ішінен ондаған дәптер аңтарылын жерге шашылыпты. Жеңгеміздің хат тану жағы шамалылау, бірақ көкірегі ашық, саудырап, күлдіре сөйлейтін жайдары адам еді, үйде отырған күйеуіне келіп: «Мына Абзалдың тығып жүргені не алтын, не ақша шығар деп ойласам, кілең жазылған қағаздар екен, байқамай чемоданын құлатып алып едім, бәрі шашылып қалды, соны жинап, қайтадан орнына салып берші», — дейді. Хамзекең таңертең «жинауға кіріскеннен» күн батқанша басын көтерместен шашылған дәптерлерді оқумен болады. Жинап болып, әйеліне: «Сұмдық-ай, мына иттің тығып жүргені баяғы Абайдың туысы атақты ақын Шәкәрімнің қолжазбалары екен, мұның қолына қайдан түсті екен, келген соң өзінен сұрайын»,— дейді. Қарасартов келісімен болған жайдың бәрін баяндап, Хамзекең одан: «Шәкәрім қолжазбалары саған қалай келді, оны не істеймін деп өзіңмен сүйреп жүрсің?» — деп сұрайды. Оған Қарасартов зәресі ұшып қорқып кетеді де: «Хамзажан, мұны сен менен сұрама, мен саған айтпайын, өлтірем демесең, аузыңнан бір сөз шыға көрмесін, сұраймын, өтінемін», — деп, сол сағатта ол үйден чемоданын көтеріп, кетіп қалады. Дегенмен Хамзекең ауданда жауапты қызметте істейтін ең жақын адамына сыр етіп, бұл әңгімені айтып береді. Қолжазбалар шашылған кезде қараңғы бұрышта көрінбей қалған өлең жазылған екі парақ қағаз көп уақыт сол жігітте сақтаулы жатады екен, бірақ қазір оны таба алмай жүр.

Бұл оқиғаның болуы 1959-шы, 1960 жылдардың бірінде. Өйткені Хамзекең 1961 жылы кенеттен қайтыс болып кетті. Аз уақыттан соң, жеңгеміз де дүние салды. Мен бұл жайды Қарасартовпен соңғы кездескенімнен көп кейін естідім. Қарасартовтың арамдық ісінің кездейсоқ куәсі болған менің туыстарым қарапайым адамдар еді. Шәкәрім қолжазбаларының кімнің чемоданынан қандай жағдайда көргендері жөніндегі әңгімені олардың ойдан шығарып айтуы ықтимал-ау деп ойлаудың өзі миға қонбайтын жай. Демек, Қарасартовтың сол қолжазбаларды қолына түсіріп алып, өмірінің соңына дейін тығып келгені — күмәндануға болмайтын шындық. Өлерінен аз уақыт бұрын алты-жеті ай бойы үйінде отырып, түні бойы бір дәптердегі әңгімені екінші дәптерге қопарып отырғанын көріп, білген де адам бар деп естідім.

Осы айтылғандардың бәрін бір-бірімен салыстыра, тізбектей келгенде, логика жолымен қорытынды жасау қиынға түсе қоймайтын тәрізді. Шәкәрімнің 1931 жылғы Шұбартау көтерілісіне ешқандай қатысы болмағанын біле тұра (ГПУ-дың бастығының білмеуі мүмкін емес қой) Қарасартов неге алдын ала байбалам салды? Ресми органның басшысы неліктен штемпель басып, ресми донесение жібермей, бір жапырақ қағазға тек өз қолымен жазылған «сәлем хатты» республикалық ГПУ-ге жібере салды? Ойланып шешілген, ешкім білуге тиісті емес бір арам сырдың күндердің күнінде ашылып қалғандай кезі болса, өзін ақтау мақсатымен жасалған әрекетіне ұқсап тұрған жоқ па? Қарасартовтың көкірегіне бұл арам ой Шәкәрімнің қолжазбаларын қолына түсіре бастаған күндерден-ақ ұялаған жоқ па екен? Қолындағы және Шәкәрімнің үйіндегі барлық қолжазбаларды басып алып, біржолата сіңіріп кетудің жалғыз ғана жолы — ақынның көзін жою болды. Көп ойланып, Қарасартов мұның да ретін келтірді. Оның қасында ешнәрсенің байыбына бармай-ақ шаш ал десе бас алатын, бастық айтса қандай қылмысқа болса да баруға дайын бірнеше надан, қанішер жексұрындар болған. Солармен бірге бір төбенің түбінде аңдып жатып, өз шаруасымен келе жатқан қарт ақынды әдейі көздеп атқан. Олардың қайсысының оғынан қайран Шәкәрім мерт болды, — мәселе мұнда емес. Тарих алдындағы ауыр қылмысты ұйымдастырушы — Қарасартов. Евней Букетовпен әңгімесінде «мен ақынның сүйегін бір молаға апарып қойдырдым» депті. Ол молаға қойдырған болса, 25 жылдан кейін марқұмның сүйегі терең құдықтан қалай табылмақ?

Сасқан үйрек құйрығымен сүңгидінің» кебі емес пе? Қасындағы жендеттері Шәкәрімнің денесін сүйретіп апарып тастау үшін иесіз қалған ескі құдық іздеп кеткенде ГПУ-дің бастығының өзі ақынның үйін тінтіп, көздеген мақсатына қолын жеткізбегеніне кім кепіл бола алады? Соншама көп жазбалардың бәрін ақынның өз қолынан алмаған болар. Қарасартовтың соншама ауыр қылмыс жасау жолмен қолына түсіріп алған қолжазбаларды қалайша өзінің керегіне жаратпақ болғаны маған белгісіз. Біраз өңдеп өз атымен бірнеше кітап етіп шығарғысы келуі мүмкін. Ол үшін оған Шәкәрімнің атын біржола тарихтан өшіру қажет болды. Қолынан келгенінің бәрін істеп те бақты. Бірақ одан не шықты?! Қаншама қыстаса да шынын айтпай кетті. Әрі халықтың ұлы перзентін өлтірген, әрі үлкен ұрлық жасаған кісімін деп ондай адам өмірде мойындар ма!

Қарасартовтың жақсы азамат болып өскен, өте жауапты іс басқаратын балалары бар деп естимін. Туған әкесі жөнінде мұндай әңгімені есту балаға, әрине, өте ауыр. Бір кезде көріп білген адамым туралы бұлайша жазу маған да жеңіл тиіп отырған жоқ. Бірақ әңгіме бір адамның жеке басына байланысты ғана мәселе жайында болып отырған жоқ қой. Шәкәрім шығармалары — халық мұрасы, қазіргі ұрпақтар үшін ғана емес, болашақ ұрпақтардың да

рухани талабына үлкен қызмет жасайтын асыл қазына. Қарасартов өзінің балаларына барлық құпия сырларын ашып, қолындағы қолжазбаларды беріп кетті деп мен айта алмаймын. Ғабит Мүсірепов марқұм да Евней Букетовпен бірге ол азаматтардың үйінде болып, әкелерінен қалған бірлі-жарым өлеңдермен танысқан екен, бірақ олардың Шәкәрім туындыларына ұқсамайтынын анықтапты. Мұны Ғабеңнің өз аузынан естігенмін. Әрине, жұртқа көрсетуге болатын өлеңдер мен Шәкәрім өлеңдерін, тіпті олардың көшірмесін де, Қарасартов бір чемоданға салып қалдырған жоқ.

Түпнұсқасы (оригиналы) жағылып жіберілсе, не көміліп тасталса да көшірмесі бар болар деп ойлаймын. Халықтық мұраның өз иесіне қайтарылуына, қайда болса да оның табылуына Қарасартов балалары көмектессе — үлкен азаматтық іс істегендері болар еді.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз