Өлең, жыр, ақындар

Қарағайдың қарсы бұтағындай

Анда-санда Мәскеуде, яки Ташкент, не Бішкекте кездесе қалсам, Шыңғыс Айтматов ағамыздың алдымен сұрайтын адамдарының бірі — Сайлаубек Жұмабек.

Иә, Шыңғыс шығармалары туралы Сайлаубектің сын жазғаны рас. Сонда Шыңғыс сын көрмей жүр ме екен? Мақтау естімей жүр ме екен?

Демек, мәселе басқада. Ол — Сайлаубектің шығарманы, жалпы әдебиетті өзге сыншылардан гөрі жете танитындығы. Сол танығанын бүкпесіз, риясыз, тек өзіне тән турашылдықпен айта білетіндігі. Бірақ «турасын айтсаң — туғаныңа жақпайсың» деген де бар. Шын сыншының тағдырын Құдай солай жаратқан.

Бірақ өйтіп үркектеп қалған Сайлаубек жоқ. Қарағай тектес. Сынса да шарт сынады. Әсте иілмейді. Есесіне түзу.

Көп сыншылар иілгіш, икемделгіш, яки күйдіргі, жала жапқыш. Олардан әділ сөз есту қиын. Ал өтірік мақтау — өз сорың. Оны Абай баяғыда айтқан: «Сенбе жұртқа, тұрса да сені мақтап, әуре етеді ішіне құлық сақтап...»

Қазір казак әдебиетінде сын жоқ. Сондықтан динозаврлар дәуірінен қалған жалғыз тұқым сияқты Сайлаубектің зәру сыны да бұл заманда таң қаларлық ерлікпен тең.

Бірақ еңбекті, ерлікті елеп жатқан кім бар?..

Бәрібір бүгін болмаса, ертең еленеді. Табан ақы, маңдай тер текке кетпес.

Елу деген ердің жасы, ерлік істердің жасы.

Қарағай туралы бірдеңе деп қалдық.

Қасиетті қарағай тек түзу ғана емес, мәрт қана емес, ол әрі көп жасайды және мәңгі жасыл боп тұрады. Сайлаубекке қарағайдың сол қасиеттері де жұғысты болсын!..


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз