Өлең, жыр, ақындар

Торғайдың текті перзенті

Егер Франсуаза саған аяқ астынан Алматыға келіп:

— Қазақстаныңызды көрсетіңіз, — деген өтініш айтса, мен ойланбастан Торғайға тартар едім. Себебі біз астанада жүріп алып, «ел-ел», деп емешегіміз үзілгенмен, әр аймақта ат басын тірер тұлғалар болмаса, етегің елпі, жеңің желпі жолға шығу да бұл күнде оңай емес. Біз, жазушы, журналист әулетінен тарағандар, ауыл-ауылды аралай жүріп, қай ауданда, қай облыста халқымыздың кеберси жаздаған тамырынан, салт-дәстүрінен жұқана іздеген жаяу жолаушының жай-күйін ұғынар қандай басшы азаматтар бар деп сұрастыра жүреміз.

Есіктен ене бергеніңде еңіреп қоя беретін үлкенді-кішіл әкімдерді көп кездестіретін болдық. Тіпті «қайдан келдімге» түсіп әкімнің кабинетінен, шаруаңды айтпай-ақ, шыға жөнелуге шақ қаласың. Ондай әкімдердің келген қонаққа айтар «қош келдіңі»: «Ақша жоқ!», «Мал қырылып қалды», «Тасқын су басып кетті», «Өндіріс тоқтап тұр».

Кенен бабамыздың:

Үйіне жаман қыздың кіріп барсаң,
Жалпылдап төбе шашы төрге қашар,
Үйіне жақсы қыздың кіріп барсаң,

Сылдырлап шашбаулары есік ашар, — деген жолдарында философиялық астар жатыр екен ғой. Ақпа-төкпе асы, інжу-маржан тасы, ыбырсыған байлығы болмаса да, көңілі Күндей жарқырап есігін ашқан үй иесін қалай «жақсы» демессің!

Әуелден-ақ шаруаға қыры жоқ бойкүйез қазақтың, есігінің алдына екі түп терек егуге еңсесі жібермесе де, көкбазардан қалтасын қағып сатып алған алма-жидекке тоймайтын қазақтың совхоздың директоры шешім шығармаса өзінің шаруасына да шүйіркелеспеуге еті үйренген қазақтың 70 жыл бойы халықтың қазынасы деп жинағандарын бірен-саран ақшалылар иемденіп, қалған қалың елде не машина, не трактор жоқ, талан-таражға түсіп жатқан бүгінгі таңда басы шыркөбелек айналып, әбден есеңгіреп қалған шағында олардың әрқайсысының тағдыры тек ірілі-ұсақты басшыға байланысты болып қалды.

Түймедейін түгендеп, жалғыз беломыртқасымен бес қонақты риза етіп аттандыратын, сезімімен сергітіп, сеніміңді оятатын келіншегі бар азаматтың отбасындағы береке-бірлігіне қандай тәнті болсаң, бүгінгі аласапыраны, алаяғы мен алыпсатары көп заманда әр аймақтағы басшыларды саусақпен санап көңілімізге медеу тұтатынымыз да сондықтан.

Сыр бойында Шаухаманов пен Биғали Каюпов, Семейді Маркен Шайжүнісов, Ақмолада — Браун, Шымкентте Оразкүл, Алматыда Заманбек, Торғайда Жақан Қосабаев... Әкімдер көңілде қала бермейді. Күні кеше «ел, жер» деп, өзіне билік тисе, түн ұйқысын төрт бөліп халық үшін тауқымет тартуға дайын көрінген кейбіреулер әкімдік орындыққа отырғасын-ақ беттері бес ғасырдан қалған бекеттей безеріп, сезімдерін сең басып, сергектігін шел басып шыға келеді. Әкім мен ақынның көбіне жарасым таппайтыны да сондықтан.

Бүгінгі қиын-қыстау кезеңде қарапайым жандардың тағдыры коллективтің басшысына байланысты дейтініміз қызыл сөз емес.

Торғай облысының әкімі Жақан Қосабаев — қарауындағыларына бұрынырақ өзі көрінгісі келетін, өзіндік пікірі жоқ, бастық не айтса, соны дұрыс деп шұлғи беретіндерді айналасына жинап, сол бозамықтардың арасында өзі сүйріктей сұңғыла көрінуі ниетіндегі басшылар санатынан емес.

Көп сөйлейтін, ел аузына қарап отырған ер азаматты шай қайнатым сәтте аттан құлатып, айналасындағы көп жарамсақтың пікірімен тағдыр шеше салатын адамнан көсегені көгертер кесек іс шыға қоймайды.

Жақан — көп сөйлемейтін, нені айтып, не істесе де, алдымен ой елегінен өткізіп алатын азамат.

Ана жылы Кеңес Одағындағы қайта құру аласапыранының құрбандығына біздің екі облыс Торғай мен Маңғыстау шалынғаннан кейін Мәскеуден келе жатып Арқалыққа аялдап ұшқанымда, қаңыраған аэропортты, қоңырайған қаланы көріп, жүрегім жылап аттанғаным есімде.

Біздің ата-бабамыздың қаны да, тері де төгілген осы екі киелі аймағымыз уақыт пен биліктің берекесіз лаңдарын қанша өткерсе де, қазақи болмысымыздың нәрін жоғалтпай келе жатқандықтан көкірек көзі ашық перзенттің бүйрегін өздеріне ылғи бұрғызып тұрады. Сол жылы Жангелді ауданының орталығы Торғайға барып, халқымыздың талай ұрпағына үлгі болар ойлы азаматтар шыққан осы құт мекеннің үйлері аласарып, көңілі көндей кеберсіген сәттерін де көріп қайтқаным бар еді.

«Жангелді ауданында бір керемет азамат бар» деп сүйсіне айтқан сөздерді бұрын есітіп жүрсем де, Жақан Қосабаев бауырымызды алғаш көруім осыдан екі жыл бұрын еді. Он жыл қатар жүрсең де түсініксіз, жүрегіңнен орын алмайтын адамдар болады: олардың не жақсылығын, не жамандығын айта алмайсың. Жүрген жеріне тек жақсылық пен мейірім шуағын сеуіп кететін адаммен оны білу үшін ылғи табақтас болудың қажеті жоқ — пікірін есітіп, тұлғасы мен ісін көріп, ол жайлы, зерттеп-зерделемей-ақ, басы жерге жеткенше сөз бен сертке тұратын, иығында арқалаған сан мыңдаған адамның тағдыры, басшы атаулыдан запы болған елдің жаутаңкөз үміті бар екенін жатса-тұрса көңілінен шығармайтын азамат деп айта аласың.

Жақан әкесі құдіретті компартияның жергілікті көкелерінің бірі болып, әке мансабының арқасында комсомолдан басталатын билік баспалдақтарынан өткен көп белсендінің бірі емес, бір шаңырақта жалғыз, бейнеткеш ананың қас-қабағына қарап өскен бала. Жалғызілікті ананың көңіл-күйін барлап өскен адам асқақтық пен арамдыққа бармайды. Оныншы класты алтын медальмен бітіріп тұрып, «шопан болам, келіншек алып, анамның қолын жылы суға малам» деп армандауы да ана сүтінің қадір-қасиетін сезінуден шығар.

Анасы Сәлке (Сәлиманы ата-анасы еркелетіп осылай атап, кейін ауыл-аймаққа жаққан оны «келін» деуге қимай үлкен кіші Сәлке деп кеткен) жалғыз ұлдың шешіміне не былай, не олай демеді. Мектеп бітірісімен өзі туып-өскен «Сталин» колхозында тракторшы болып жүр еді, бір күні колхоз бастығы Міркамал Сейтқазиев мұның үйіне келе қалды. Өзі ақыл иесі, ауылдың әр шаңырағының бала-шағасына дейін есіне ұстап, олардың тағдырын ойлайтын нағыз ел ағасы-тын.

— Сәлке, осы балаңнан түбі бірдеме шығады — оқуға жіберсек қайтеді? — деп колхоз басшысы ақыл салды. Анасы үндемей ұлына қарайды.

— Аға, мен шешемді асыраймын, мына тракторым көне — жүргенінен тұрғаны көп. Маған бір отар қой беріңіз, — деді бала.

Қой көздерінен жігер байқалатын, ақсары өңі желге тотыққан қағылез баланың сөз саптасы, жүріс-тұрысы жасөспірімнен гөрі жақсы-жаманды көріп төселген ересек адамға ұқсаңқырайды.

Бірер жыл өткесін анасы басқармаға барып өзі айтып, ақыры Жақан Челябідегі ауыл шаруашылығы машиналары институтына оқуға түсіп, бітіргеннен бергі өмірі өзі туып-өскен Торғай өңірінде өтіп келеді. Ерні кеберсіп құлазыған, қазақтан өзге халық тұрмайтын Жангелді ауданында совхоз директоры, кейін әкім болды. Зиялылар мен зерделілер шыққан осы аймақтың өшіп бара жатқан өткенін келер ұрпақтарға жегкізу үшін не істеуге болады деп жаны ауырған жігіт қайта құрудың құйынды тұсында туған ауданына әкім болды. Облыс жабылып, Қостанайға қарады. Облыс орталығы Қостанай түгілі, Арқалықтың өзінен ара қонып әрең жететін шалғай ауданның әкімі Ыбырай Алтынсарин ағамыз осы өңірдегі тұңғыш орыс-қазақ мектебін салдырған, Ахмет пен Міржақып туып-өскен, өктемдік пен астамдыққа шыдамаған Амангелді батыр ат суарған бір кездегі дүбірлі Торғай (Жангелді ауданының орталығы) үйлері ескі обаға айналып бара жатқанын көріп отырып, құрылыс материалын жеткізуге темір жол түгілі тас жол жоқ деп қол қусыруға ары бармады. Облыс басшыларына да тыным бермеді. Қара басының тыныштығын ойлап, жәй басып, ұйқысын қандырып, облыстан не астанадан оқта-төкте келе қалған әкім-қараның бабын тауып жүре беруге әбден болса да, әкім Қосабаев иен далада жатқан Торғайды қайта тұрғызуды қолға алды. Өзіне де тыным жоқ, өзгеге де тыныштық жоқ. Бас-аяғы бір-екі жылда Торғай қалаға айналды. Ахмет пен Міржақып мұражайы, мешіт, бір кезде шаш ал десе бас алатындар бір түнде құлатып тастаған Ыбырай мектебі — бәрі қайта тұрғызылып жаңа тұрғын үйлер бой түзеп, көшелер асфальтталып, облыстары тарап, біздің жәй-күйімізге көңілі түсер ешкім болмас деп Ресеймен шекарадағы құла түзде құлазып қалған, сонда да арақ ішіп азаптан құтылуға бой ұра қоймаған халықтың еңсесі бір көтеріліп, мәре-сәре болып қалды. Елдің еңсесін көтерер іс қылу — екінің бірінің қолынан келе бермейді. Бірақ үлкен мақсаттарды нысана еткен әкім үшін шаруаның бітер түрі жоқ. Совхозда жүрген кезінде бір жылы Қырым жақта демалғаны бар еді. Сонда Севастопольдегі орыс-қырым соғысының панорама-мұражайына барған. Ғасырлар бойы ешкімнің байлығына, жеріне көз алартпай, күндемей, күңкілдемей даласын қорғаған қазақ деген халықтың өз еркіндігі үшін қиын-қыстау кезеңдерден өткен тарихынан елес берер панорама-мұражайды осы аудан орталығы Торғайда жасауды ойлады. Ол үрпақ үшін керек. Тарихын білмеген ұрпақ тағдырын қорғай алмас.

Қазақ халқының тарихында ерек орын алатын батыр да дана тұлға Шақшақ Жәнібектің өмірбаян тұсының өзі бүкіл елдің рухани шежіресі. Шақшақ Жәнібектің туғанына 300 жыл толуына тарихи мұражайды бітіруді жоспарлап, әкім тағы іс бастады. Жерінен шығып жатқан не мұнайы мен газы, не көмірі мен темірі жоқ, өндірісі болмаса, малды ауданға онша мән берілмейтін заманда мұндай нартәуекелдік жасауға құмның арасында жатқан шалғай аудан түгілі облыс әкімдерінің де бара қоюы қиын. Осы ниетті жоспарлату да оңайға түспеді. Облыс әкімшілігінен бастап, республика мәдениет Министрлігінің есігін біраз шиқылдатуға тура келді. Мұражай тұрғызам деп Министрдің есігін қаққан аудан әкімін бұрын-соңды көрмеген Мәдениет министрлігіндегілер орнықты, ойлы жігіттің пікірін тыңдауын тыңдағанмен, «әй, шырағым-ай, түу алақырда жатқан Жангелді ауданына мұражай салдырам деу құр қиял ғой» дегілері келсе де, оның көңілін жықпай, құптаған сыңай көрсеткен.

Міне, ІІІақшақ Жәнібек батыр тұсындағы жоңғарлар шабуылына арналған, бірақ бүкіл қазақ өмірінің айнасы іспетті бұл ғажайып мұражай Қазақстанда бірінші рет аудан орталығында осылай бой көтерді.

Қосабаев әкімге еліміздегі жекешелендіру процесін алғашқылардың бірі болып ауданында бастауға тура келді. Алдымен малшылар арасында жеке фермерлер шыққаны дұрыс деп ұйғарысты. Қауымдастыққа, кеңес үкіметінің коллективтік шаруашылығының жүйесіне үйреніп алған қазақты енді өз алдына бай болып, шаруашылығыңды өзің ретте деп көндіру де оңай болмады. Шопандарға үй, қораларын тегін беріп, бұрын мемлекеттік болып келген қойды оларға арзан бағамен сатқанның өзінде жұрт әуелі соған батылдары бармай жалтақтады емес пе?! Өз алдына мал алып, фермер болуға көнген шопандарға совхоз басшылары тарапынан: «енді сенің бізде шаруаң жоқ, ештеңе сұрама» дегендей қырын қараушылық та байқалып қалды.

Әркім өз басын, бала-шағасының қамын қамдаған заман туды, бірігейік, ел болайық немесе «анау жігіт пәленнің әулетінен қалған бір тұяқ еді» деп басқаны ойлайтын адам сиреп барады.

Дегенмен, малмен отырған, жұртты қызықтырар байлығы жоқ ауданға, шаруашылық араларынан жол салынды, сөйтіп жүргенде Торғай облысы қайтадан картаға түсіп, тоқтай жаздаған күре тамырларға қайта қан жүре бастады...

Өткен жылы торғайлық әнші сіңіліміз Ғазиза Жұмекеноваға «Қазақстанға еңбегі сіңген әртіс» атағы берілуіне байланысты облыс орталығында өткізілетін ән-кешіне бардым. Самолетте жасаң жігітпен қатар отырыппыз, әңгімелесіп, «Арқалықтанмын» дегесін елдің жай-күйін сұрадым. Өзі бизнесмен екен.

— Бізде әкім өзгерді ғой, апай, естіп пе едіңіз? — деді жігіт сөз арасында. — Өзі тұрған деспот-кредит ала алмаймыз. Қатал адам.

Оның айтып отырғаны Қосабаев еді. Иә, жұрттың бәріне жағу қиын. Демократия деген ұранды желеу етіп, тентек пен теліні бетіне жіберген ортадан береке де қашқақтайды. Арақ-шарап, темекі мен сағызды екі-үш бағасына сатушылардан көшесінде аяқ алып жүре алмайтын, кемпір мен шал, мектеп оқушыларына дейін кеңсе мен дүкен маңында қолына түскендерін сатып, қыста суыққа, жазда күнге қақталып, дүкендері шыбын қонатын нәрсе жоқ қаңырап тұрса да, әкімшіліктегі қыруар қызметкер жайбарақат қағаз аударыстырып отырған қалаларды да, олардың пысықай әкімдерін де көріп жүрміз.

Ертесіне Арқалықты көрейін деп, әрі мен келерде аяғы сынып ауруханаға түсіп қалды дегесін «әзілқой неме, әдейі қылық көрсетіп жатыр ма» деген оймен Сейіт Кенжеахметовты іздеп шықтым. Жолай бір әйелмен танысып бірге жүрдік: ауруханадағы отағасына бара жатқан зейнеткер Екатерина Трофимовна екен. Менің ол — пұл сұрақтарыма ықыласпен жауап беріп, ол да әңгімеге тартып кетті.

— Облыстың әкімі дейсіз бе? Өзім көрген емеспін. Бірақ қандай басшы болмасын, ісі арқылы көрінеді ғой. Әкім болғанның ертесінде Арқалық қаласын жаяу аралап, әне, анау тұстағы арасына қаз жұмыртқалап жатқан шөп-сораңдарды жұлғызып, жұмысты көше тазарттырудан бастапты, — деп Екатерина Трофимовна біраз әңгіме шертті.

Шет елге сататын мысы мен жезі, мұнайы мен газы болмаса да, Арқалық қаласы едәуір бой жазып, еңсесі көтеріліп қалыпты. Көшеде кездейсоқ кездескен үлкен-кіші жылы шыраймен сәлемдесіп, жастар: «Фариза апай, қош келіпсіз!» — деп ізет білдірсе, кемпір мен шалға дейін «теледидардан өзіңді керіп, сөзіңе сүйсінеміз, шырағым,» — деп бұрылып жатыр. Елдік деген осы-ау деп іштей елжірейсің.

Кешкісін Ғазизаның ән кеші басталды. Облыс орталығындағы кең сарайға сыймай топырлаған халық! Үлкен-кішісі жоқ — бәрінің аузында:

— Біздің Ғазизаға жоғары атақ беріліпті!

Өнерге мұншалық ықыласты елді көргенде, өзіңнен-өзің әруақтанып, қанат біткендей сезінеді екенсің. Біздің Атырауда «Мұхамбет пайғамбар тіріліп келіпті!» — десе де, театрдың жартысына толмайтын аз халық есінеп әрең отырады.

Ән кешіне облыс әкімінің өзі бас болып қатынасып, сөз сөйлеп, анасыз өссе де, өнері үшін ел аялаған Ғазизаға машина мінгізіп, халықты дән риза етті. Өнер иесіне машина сыйлау түгілі мәндімісің демейтін, алдына келе қалса, қабылдауға уақыты болмайтын әкімдер қанша! Олар әдебиет пен өнердің халыққа рухани қуат берер күш екенінен, ал рухани қуатсыз ұлттың болашағы да болмайтынынан бейхабар. Әдебиет пен өнер, бала тәрбиесі секілді, күнделікті қалтаға құйылатын қағаз байлығы болмаса да, ұлттық тіннің беріктігін сақтайтын бірден-бір құрал. Өнерге көңіл бөлінген жерде ел пышырамай, тұтастық тіріледі. Жеңісті де жемісті істерге жеткізетін — осы тұтастық.

Облыс өмірінің ауқымы кең, ел-жұртты жерга қаратпай іс қылам дейтін облыс әкімі үшін шаруа бітпейді. Кейбір басшылар жаңа орындыққа отырар-отырмастан, «піссіміләсін» қызметкерлерді жаңартудан бастайтынды шығарды. Пәлен жылдан жұмыс істеп келе жатқан мамандарды тырқыратып қуып тастайды да, су жаңа қызметкерлерді жинай бастайды.

Торғай облысының әкімі болғалы Жақан Қосабаев көп жұртқа тиісе қоймапты. Тек өзінің мәдениет жөніндегі орынбасары етіп қаршадайынан Торғай топырағында еңбек етіп жүрген Рысты Қалесқызы Сариеваны және неше жылдан тек жігіттердің ғана еншісіндей болып келген облыстық мәдениет басқармасына басшы етіп Нурикамал Сейтжанованы қойыпты. Қазір көп жерлерде әйел кадрларға көңіл бөлінбейді. «Есектің күші адал да, еті арам» дегендей, біраз шаруаны көзге көрінбей тындырып жүретін қыз-келіншектер екені шындық болғанмен, оларды қай жерде де шауып шыққанда мектеп директорлығына қояды, одан әрі апарар құлық жоқ.

Ақыл-парасаты биік әйел әкім-қаралардың шындықты айтып шырқын бұзатындай көрінеді. Ондайлардан гөрі миы болмаса да майланған беті бар, әдемі киініп, сауылдаған сарбаздардың ортасына сыланып сән беретіндердің басшы санатында жүруі өзгелерге тиімдірек.

Торғайдың басшысы кадрды іскерлігіне, жауапкершілігіне қарап таңдайды екен.

Облыс шаруашылығының қазір ауыр екені рас. Жер астынан шығып жатқан сауынды сиырдай байлығы болмағасын, жыл сайын аспанға қарап жаутаңдаумен өсетін, жауын болмаған жылдары тіпті көктемей қалатын егіннің, бейнеті жанкешті болса да, өнімдері құнсыз бағаланатын мал шаруашылығының табысымен облыстың тұрмыс-тіршілігін тік тұрғызып, өркендете қою мүмкін де емес. Рас, облыстың жер көлемі кең. Жер асты байлықтарының қоры да бар деседі. Мысалы, Амантоғай, Октябрь аудандарының территориясында сұр көмір, ал Аманкелді, Жанкелді аймағында көмір қорлары бар деп жорамал айтады. Облыс аймағы түсті металдан да құр емес секілді. Бірақ оның бәрін зерттеп-қаттап қағазға түсіру үшін Ұлттық Академиямыздың қарауындағы арнаулы институттардан мамандар келіп, расталған жағдайда, ол қорларды игілікке асыру үшін Министрлер Кабинетінің ықыласты қаулы-шешімдері шығуы қажет. Бұл істің бәрін өз бетінше жүргізуге облыстың қуаты жетпейді. Ал, алда-жалда мемлекет алдына мәселе қоюға онсыз да «қазына қаңырап жатыр» деп зар жылап отырған үкімет басшыларынан күні бүгін бірдеңе шыға қоюы күмәнді.

Дегенмен, елді басқару тапсырылғасын, «жоқ-жоқ» деген гөй-гөйге басып, қол қусырып отыру — қылмыс. Облыстың ішкі мүмкіндіктерінің бәрін пайдаланып, елді іске жұмылдыруға тура келеді. Жекелеген шаруашылықтарды былай қойғанда, құрылыс материалдарын жеткізетін теміржол Торғай облысынан жырақ өтеді. Сондықтан әр шаруашылықта баяғы бабамыздан қалған әдіспен кірпіш өндіру қолға алынды.

Осындай жұмылыстың арқасында Амангелді ауданының орталығында өткен жылы отыз шақты жеке тұрғын үй салынды. Бүгінгідей қиын-қыстау кезде алыстағы мал шаруашылықты аудан үшін бұл — үлкен жетістік.

Қайта құрудың басында облыстың таратылғаны елге моральдық жағынан да, материалдық жағынан да көп зиянын тигізді. Мекемелер қысқарып, жұрт тоз-тоз болып жұмыс іздеп, біразы жан-жаққа көшіп кетті. Басталған құрылыстар қаңырап, іске алғысыз болып қалды. Соның бәрін қайта қалыпқа келтірудің өзі облыс зкономикасын біраз титықтатып кетті. Бірақ осылай елдің, шаруашылықтың тағдыры тәлкекке түскені, қыруар қаржының далаға кеткені үшін жауап берген ешкім жоқ.

Торғай облысында көп балалы семьяларға ерекше көңіл бөлінетіндігі, жер-жерде олардың тізімі алынып, жергілікті және аудан басшыларының көз қырында болатындығы да қуантады.

Арқалық қаласындағы Шақшақ Жәнібек көшесінде тұратын ерлі-зайыпты Нұрлан — Қарлыға Садықовтардың отбасында болғанымда олар тәрбиелеп отырған 12 перзенттің үлкені 8 жаста екенін көрдім.

— Облыс әкімі болып Жақан Қосабаев келгесін, жүрексіне-жүрексіне жүріп, алдына кірдік. Үй-жәйіміз нашар еді, — дейді Нұрлан. — Өзі жайлы, қазақы кісі екен. Сол кісінің тапсыруымен қала әкімі Марат Мұстафин осы бес бөлмелі жеке үйді — бұрын бір бастық отырған екен — бізге берді. Тек бізге ғана емес, Жақан ағаның балаға ықыласы бөлек. Жұрт айтады облыс басшысы ауыл, ауданға іссапармен барғанда, жұмысты бала-бақшаны көруден бастайды екен деп. Балалы-шағалы отбасыларына да кіріп-шығуға уақыт табатын көрінеді.

Нұрлан мен Қарлығаның жайдары кейіппен жарыса айтқан сөздерінен облыс басшысы дәл осы шаңырақтың атасы секілді сезіледі. Балаларымен анда-мұнда бару да оңай емес қой деп әкім бір мекеменің көне «Волгасын» осы шаңыраққа бергізіпті. Туыстық пен тамыр-таныстық қуалап, әркімнің сүйегін санаған мына заманда ертең елдің байлығы болар сәбилерді тәрбиелеуге күш-қуатын арнап отырған қарапайым екі жастың отбасына көрсетілген ықыласқа сүйсінесің. Сүйсінесің де, ойланасың.

Елдің ар-намысын қорғау қайқы қылышты алып, атқа шабудан емес, күнделікті өмірдің үсақ-түйегінен басталады. Ел басқару да жиындарда әдемі сөз сөйлеу немесе қой мен түйенің төлін санап, мүнай өнімін қай алаңнан қайткенде көп алуды білу ғана емес. Басшылық орындыққа сол ортаның өткені мен бүгінін, рухани өмірі мен тұрмыс-тынысын, мәдениетін жетік білетін адам ғана батылы барып отыруға тиіс. Ауылдың азып-тозып кетуі жалпы халықтың болымсыздығынан емес, басшының оңбауынан.

Қазақ тарихындағы ұлы тұлғалардың бірі — батыр да батагөй Шақшақ Жәнібек:

— Қаһарсыздан хан қойсаң — қасиеті болмайды. Үлгісізден би қойсаң — өсиеті болмайды, — деп ұрпақтарға ұлағат қалдырған екен.

Халықтың жады сүртілмейді. Ат тізгінін ұстаған екенсің, қалтаңның қалыңдауын емес, жиын-тойға, думанды-дүбірге қолы жете бермейтін жаны жүдеу жұрттың қамын ойла — елдің өзі-ақ сені тарих мінбесіне көтереді.

Ана жылы Абылайханның 280 жылдық тойына Көкше өңіріне барған облыстардың арасында Жангелді ауданының әкімі Жақан Қосабаев бастаған топ «Хан ордасы» деп 12 қанат киіз үй жасатып апарған. Ондай сән-салтанатты киіз үйді соңғы 70-80 жылда қазақ топырағы көрмеген шығар! Соңғы жылдары еліміздің әр аймағында халқымыздың атақты ұл-қыздарына арналған үлкенді-кішілі той-топырлар өтті. Солардың ішінде ұйымдастырылуымен, мәні-мәдениетімен есте қалғандары Жамбыл облысында өткен Сыпатай батыр, Жаңақорғанда Сунақ ата, Торғайда Ахмет пен Міржақып және Шақшақ Жәнібек батыр құрметіне жасалған ел тойлары.

Астанада Торғай десе ішкен асын жерге қоймайтын өнер мен әдебиет қайраткерлері аз. Торғай жайлы соңғы жылдары жазылған өлең мен жыр, ән мен күй қанша! Ақындар мен композиторлардың алдына ағыл-тегіл ас қойғанмен, ықылас-құрмет көрсеткен болғанмен, жүрек тербетер шығарма туа бермейді. Ол сол елдің тәрбие тінін үзбеген болмысын сезінуден, қандай жұтаң дәуірлерді басынан кешіріп, жағасы жыртылса да, халықтың табиғатын, елдік сипатын сүрдей сақтап қалған Торғай топырағының кәрісі мен жасына деген сүйсінген сезімнен ән мен күй, өлең мен жыр болып ақтарылуынан.

Торғай жері — тұнған тарих. Атақты «Қызбел», «Сарыторғай» мен «Қараторғай», «Алуа» мен «Айырқұм», «Қыз там» мен «Сахна там», Ахаңның «Аққұмы» мен «Ақкөлі».

Ойымнан жатсам-тұрсам бір кетпейсің —
басымды не сиқырмен әуреледің?!..

Не деген құдірет-сезім! Сан ұрпақты сезімге тәрбиелеп келе жатқан асылдардың асылы Ахметтің «Аққұмы». Сонау аштық жылдарында осы «Аққұм» ауылының тұрғындарынан тірі қалғандары некен-саяқ деседі. Құлазып, обаға айналған сол ауыл бүгінде сәнді үйлері түзу көшелерінің бойында тізілген ардақты ағаның шалқар сезіміне тұрғызылған белгідей. Уақыттың құйынына құрбан болып картадан сызылған ауылдар бүгінгі Қазақстанның қай аймағында да жетерлік. Бірақ оларды қайта тірілту кез-келген әкімнің ойына кіріп те шықпайды. «Аққұм», «Ақкөл» секілді қазақтың ұлы перзентінің сезімін оятқан киелі мекендерін бүгінгі деңгейге жеткізу де — ел азаматтарының парасаттылығының айғағы.

— Осынау тұнған тарихты шаңға батырмай, кейінгі жастарға жеткізу — тірілердің парызы ғой, — дейді облыс әкімі. —Ол үшін әр мектепте, әр ауылда сол жердің шежіресін, өткен-кеткен және бүгінгі адамдарына арналған мұражай болуы шарт.

Торғай десе менің көз алдыма әрқайсысы халыққа тұлға-тірек болар адамдар келеді. Өзім білетін адамдар. Солардың біреуінен шетін қылық, «онысы несі» дейтіндей оғаш мінез көрген емеспін. Сырбай, Ғафу ағалар, Қоғабай, Төлен... Қеңшілік пен Серік. Сонау Атырауда келін боп жүрсе де, өзінің биік адамгершілігі, парасаты, мәніс білер тәрбиелілігімен өз ортасына сыйлы, қызындай қадірлі Рәшила Мұрсәлиева, қазақ теледидарының талантты журналисі Ләззат Қапышева...

Маған Торғай топырағында туғандардың бәрі солар секілді биік, солар секілді дархан көңіл жандар боп көрінеді.

Өмірде жолы болу-болмауы адамның өз ниетінен, өзінің ішкі жан-дүниесінің болмысынан дейді. Торғай елінің ақ ниетіне, ақ тілегіне орай туған топырағының Жақан сынды адал перзенті өз аймағын басқарып отыр. Коммунистік партияның заңдылықтарынан жан дүниеміз арылып болмаған, демократия деп әр жерден айқай салғанымызбен, әлемдік тарих өмір бойы аңсап келе жатқан демократияның ұшқынына да жете алмай жүрген біздің бүгінгідей аумалы-төкпелі заманымызда әр мекеме, әр ауылда, әр аудан мен әр облыста Жақан Қосабаев секілді ой-парасаты мен іскерлік қабілеті тең түсер өрелі азаматтар отырса, Қазақстан халқы егемендігіміздің ертеңіне азып-тозбай, адаспай-алақтамай жетер еді-ау!..

Жақандай жігіттер биікте жүргей!..

1994.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз