Өлең, жыр, ақындар

Мақатаевтың 60 жылдығына арналған кештегі сөз

Адамзат баласы өз ұғымдарының шынайысы мен жалғанын алмастырып алып, дүниетаным тұрғысында көбінесе адасумен өтеді екен. Адамзат баласының өзін-өзі осылайша алдаусыратумен өтетіні жайлы біздің эрамызға дейінгі ойшылдардан бастап, әр заманның ғұламалары қабырғасы қайыса талай рет айтып, дәлелдеген.

Ал, әр ғасырда тым сирек дүниеге келетін дара тұлғалар айналасындағы адамдарға абсалюттік шындық пен қара бояуы бадырайған жалғандықтың арасын, айырмашылығын дәлелдеп беремін, сөйтіп замандастарымды рухани адасудан аман алып қаламын деп шаршаумен өтеді екен. Бірақ мұндай ақиқатты, жаны ашуды жұмыр басты пенде шіркін дөп аңғара берсін бе?

«Апыр-ау, мынау ақын біздің дұрыс деп ұққан дүниемізді жалғанға шығармақ, жалған дегенімізді дұрыс демек. Бұл өзі көпке топырақ шашатындай кім өзі!» — деген тектес наразы күңкіл әлгі мүбәрак ойлы ақынның адам баласының трагедиялы тағдырына ара түспек болған үнін өшірмекке ұмтылады.

Міне, осыдан келіп Ақын мен қоғамның арасындағы айығып болмас қайшылық басталады. Ақынды замандастарының түсінбеуі, тіпті Мұқағали тағдырлас жандарды тәлкек етуге тырысушылық басталады. Өз қарақан басының қамы үшін емес, тұтас адамзат баласының бақыты үшін өз жанын жегідей жеген ақын өзі соларға мейірім қуатын шашқан адам баласынан осылайша соққы жемек. Сондықтан да:

Маңдайымнан сипаған бір жан болса,

Енді қалған өмірімді қияр едім, — деп, Мұқаң тектілер таусыла жырлайды.

Өз басым ақынға деген құрметтің азаюын, саябырсуын дүниені жалғыз жаратушы Алла тағалаға деген сенімінің жоғалуынан деп білемін. Себебі, уақыт ақыл, ақиқатқа суарылған оттай ыстық сезімімен ғұмыр кешкен парасатты Ақын өзге пенделерден гөрі Алланың шапатағ-шуағына ғұмыр кешетін жан. Құдайдың сөзін жердегілерге жеткізетін тағдыр иесі де — Ақын! Демек, ақынды елемей, ескермей, оның тағдырын пүшәйман халге түсіруге тырысу — сол қоғамға түскен жара, жуылмас дақ!

Ақын — адамдар мүсінді болмыс. Адамзат қоғамы — уақытша заңдылықтар мен шарттылықтар қоймасы. Ол заңдылықтардың қалыбына ақын болмысы сыймайды, нағыз суреткерді қоғамның бағаламайтыны, қабылдамайтыны сондықтан.

Тірілер санатында аз жүріп, өз ортасынан, қоғамынан қағажу көрсе, жыр толы кеудесінен бірі итеріп, екіншісі қақпайлап оның дүниеде бар-жоғы кезінде еленбей ғұмыр кешсе, оған ұлы талант болып туғаны үшін ақынның өзі кінәлі.

Мен Мақатаев ақынды бақытты деп санаймын. Өйткені ол өзінің мәңгілік ғұмырының шежіресін, өзі тірісінде аяқ асты болып жүрсе де, жазып кетті. Ол сіз бен бізге күн ғұмырлы сәулесін қалдырып аттанды. Жалған данқ, жасанды бедел жинамай, жасанды өлең жазбай, билігі барларға жағынбай аттанды. Барлық бақытты тұлғалар бақытсыз күн кешіп өтеді деген екен бір мықты.

Мақатаев бұл жалғанға қалдырған жарық сәуле-жырлары бүгін халқының басын құрап, елдік пен бірліктің, рухани тұтастықтың байрағына айналып отыр.

Мұқағали — қайшылықты ғұмыр кешкен адам. Тіршілігінде өз болмысына лайық өмір қызығын көре алмай өткенін бүгін айтып жатсақ, ол біздің жаңалық ашқанымыз емес.

Ендігі мәселе — сол ақынның рухани әлемін танып — білуіміз болмақ.

Мұқағали әлемі — абсалютті Ақиқатқа жақын тұрған дүние. Мұқағали әлемін терең түсініп, оған бойлау арқылы біз өз ішкі жан дүниеміздегі бәлкім бұған дейін тежелісте келген рухани күштерімізді ашып, сол арқылы өз ішкі тереңдігімізге үнемі бойлармыз. Демек, Мұқағали мұраларын біздің әрқайсымыз өзіміз үшін айта түстік десек, Мұқағали рухының да біздің жан дүние мүмкіндіктерімізді жырлары арқылы аша түскені.

Демек, бүгінгі жасалынып жатқан той да, ақынға көрсетіліп жатқан құрмет те — ең әуелі олардың өздеріне өздерінің жасап жатқан рухани қамқорлығы.

Өсер елдің баласы ақындарын құрметтейді, мәдениетті, рухы биік халық қана дара таланттарын көзі тірісінде-ақ қадірлейді.

Көзі тірісінде билікті топ мойындамағанымен, туған елінің мұңын мұңдап, жоғын жоқтап өткен қайран ақынның халқының шын мәніндегі ұлы перзенті болғандығын бүгінгі күн дәлелдеп отыр. Қазақ поэзиясының уақыттың дауыл-желі мызғыта алмас алып бәйтерегі Әбділда Тәжібаевты академик болмаса да халықтың академик деп ұғатыны секілді, туған халқы көзі тірісінде-ақ мойындаған Мұқағали Мақатаевқа халық ақыны деген құрметті атақ заңды түрде берілсе деп ұсыныс жасаймын.

1991


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз