Өлең, жыр, ақындар

Шерхан Мұртаза туралы сыр. Алғашқы кездесу

Өз басым менің «әдебиет» деп аталатын азабы көп ауылға келуіме әкемнің қаны, анамның сүті арқылы жаратылыс берген қасиет, одан кейін Шерхан аға себеп болды деп ойлаймын. Осы тағдырым үшін біреуге қарыздар болсам, осы үш кісіге — әкем Оңғарсын, анам Халима және Шерхан ағамызға — қарыздармын.

Талант деген — етегіңді түріп, жалаңаяқ кешіп жүріп, қанып ішіп кете беретін жайдақ су емес. Ол қат-қабат Жер қыртысына жасырынып, қан тамырындай бүлкілдеген, қуат-күші тереңірек жатқан қайнардың көзіне ұқсас. Қайнардың көзін тауып, жер бетіндегі тіршіліктің қажетіне жаратып, байлығына айналдырса ғана, ол игілікке айналады.

Менің жас ботадай тілерсегі майысқан «өлеңдеріме» көзі түсіп, «осы баладан бірдеңе шығар-ау» деп жетелеген жерлестерім болған емес.

Шимай-шатпақпен өлең деп бірдеңелерді жаза жүріп, әдеби орта ғой деп Гурьевтің облыстық газетіне әрең деп кіші қызметкер болып, 80 сомдық жалақымен жұмысқа орналасқаным бар. Журналистік оқу оқымаған, «хат қорыту» дегеннің не екенін білмейтін мен «Коммунистік еңбектегі» ылғи жалаңдаған жазғыштардың арасында намысқа булығып жүріп, бір жылға жуық жұмыс істедім.

Бір күні облыстық комсомол комитетінен телефон соғылды.

— Болгарияның астанасы София қаласында жастар мен студенттердің дүниежүзілік фестиваліне біздің облыстан бір адам баруы керек еді. Соған баратын кісі табылмай, Сізге қолқа салайық деп отырмыз.

Гурьевтің де шетіне шығып көрмеген мен сандалақтап Мәскеуге келдім.

Жолсеріктерім — Алматыдан келген бір топ адам. Біз, туристік делегация, Мәскеуден пойызбен аттандық. Сара Тыныштығұлова, Айгүл Қадырбекова, Көрік Дүйсеев...

Арамызда Шерхан аға бар екен. Бірінші көруім. Шымкенттен бір совхоз директоры болды Исабек Мырзахметов деген кісі. Пойыздың іші ызы-шу; ән, әзіл-оспақ, күлкі. Көбіне үндемей, купенің терезесіне телміріп, даң-дұңға қосыла қоймай отыратын үш адам: әлгі совхоз директоры, Шерхан аға және мен.

Шерхан аға оқта-текте тарғылдау дауысымен купені басына көтеріп ән салады. Совхоз директоры оған қосылып қояды. Үндемей көрші купеде жалғыз отыратын мені байқап, екеуі купелеріне шақырады. Қайда жұмыс істейтінімді сұрасты.

— Өлең, әңгіме жазасың ба? — деді бір кезде Шерхан аға.

— Жазам... аздап.

— Не ғып «Лениншіл жасқа» жібермей жүрсің?

— Жіберем, бірақ басылмайды...

— Астаналықтар менсіне ме ауылдағыларды, — деп Исекең күлді. Сосын әрі-бері отырды да, Шәкеңе қарады. — Мына Фариза басқаларға ұқсамайды, осы баланың бойында бір қасиет бар. Шерхан, сен редакцияңа жұмысқа неге алмайсың, ә? — деді.

Ағамыз басын салбыратып, тіл қатпады.

Софияда бір мектепті жатақхана секілді етіп дайындаған екен, сонда тұрдық.

Бір күні таңертең бәріміз есік алдында тұр едік, Шерхан аға мені шақырды.

— Бүгін біздің Гүлжан Талпақова билейді — сол туралы «Лениншіл жасқа» жазып жіберерсің ауылға барғасын, — деді.

Фестиваль аяқталып, Мәскеуге келдік. Біз, ұсақ-түйектер, мұнда да бір жатақханаға орналастық та, Шерхан аға, тағы да қолы ұзын бір-екі адам «Юность» қонақ үйіне кетті.

Ертесіне ертелетіп Шерхан аға біздің жатақханаға келіп:

— Мен Алматыға бүгін ұшқалы тұрмын. Егер өлеңдеріңді жатқа білсең, маған жазып бере ғой — күте тұрайын, — дегені.

Менің есім шығып кетті. Әшейінде бір өлеңімді жатқа білмейтін мен — «Менің Маңғыстауым» деген топтама өлеңімді бергім келіп, жазуға қағаз таба алсамшы. Буфетке барып, тамақ орайтын сытырлақ сары қағаздан бірер парақтай сұрап алып, ал кеп ойланайын. «Шын жыласа, соқыр көзден жас шығады» деген рас екен. Бас-аяғы бір сағатта 5-6 өлеңнен тұратын топтамамды аталақтатып жазып, коридорда отырған ағаға ұстаттым.

Не жақсы көрген, не жек көрген нышан көрсетпей, ағамыз:

— Ал сау, бол айналайын, — деді де бұрылып жүре берді. Ауылға келген бойда сол кездегі жас биші Гүлжан Талпақова туралы «Биші бақыты» деген мақала жазып, «Лениншіл жасқа» салып жібергенім сол еді. Бір-екі күн өткенде жас-кәрінің сүйікті газеті «Лениншіл жастың» үшінші бетінің төменгі подвалын түгел алып «Сен менің бақытымсың» деген жыл жарымдай бұрын жіберген өлеңдерім басылыпты!

Ағамыз жұмысқа шыққан бойда, бөлімдегі сан жүз хаттарды қопартып, Оңғарсынова дегеннің өлеңдерін таптыртып алса керек. Бірер апта өткесін, Гүлжанның билеп жүрген суретімен «Биші бақыты» да көлдей болып шыға келді. Кешікпей Қазақстан комсомолының 50 жылдығына арналған «Лениншіл жастың» 16 бет мерекелік санының бір бетіне «Менің Маңғыстауым» деген тақырыппен баяғы Мәскеу буфетінің сарғыш қағазына жазылған топтамам сол күйі басылып шықты. Түрлі штрихтармен безендіріліп, нағыз классиктердің шығармасындай өрнектелген.

Міне, менің ақындық өмірбаяным осылай аяқ астынан басталды.

Егер сол жолы «Лениншіл жаста» Шерхан ағадан басқа біреу редактор болса, менің әдеби жолымның болу-болмауы екіталай еді.

Мен жұмысқа Гурьев қаласынан 20-30 шақырым жердегі колхоздан қатынасам. Телефон жоқ. Бір күні мен жұмыс істейтін бөлімге Алматыдан телефон соғылды. Мені сұрайды! «Лениншіл жастан»! Жүрегім алып-ұшты. Әнес Сараев екен. Ол «Лениншіл жастың» батыс облыстардағы меншікті тілшісі болып істеп, жақында ғана Алматыға, газеттің редакциясына ауысқан.

— Біздің газеттің меншікті тілшісі болуға Фариза келіспес пе екен. Жалақы онша емес. Дегенмен сөйлесіп көріңдер деп Шәкең өтініш айтып еді, — деді.

Ол жылдары «Лениншіл жас»— жазып-сызып жүрген әр жастың қол жетпес арманы. Онда жұмыс істеу түгілі, бір хабары шыққан адамның өзін құдайдай көреміз.

— «Лениншіл жас» шақырса, неге келіспеймін. Тек... қолымнан келсе... — деп күмілжідім, тұла бойым дірілдеп.

Бұдан бір жыл екі ай бұрын мені жұмысқа орналастырмай, әуре-сарсаңмен әрең алғандар енді «Лениншіл жасқа» жібергілері келмей елжірей қалыпты.

«Лениншіл жастың» меншікті тілшісі болып ауысқан күні маған Гурьев қаласының қақ ортасынан екі бөлмелі үй берілді.

Алматыға келдім. Редактордың хатшысы Ғазиза мен бөлім қызметкері Мағира күтіп алды.

Шерхан аға редакцияны түгел жинап, мені таныстырды.

— Өмірбаянын айтсын!

— Қазақта қыздардан тілші болған емес, алдымен орнын жусын!

— Өлеңдері жақсы, мақала жаза ала ма екен?!

Кәрібай бастаған жігіттер шуылдап кетті. Әзіл екенін білсем де, өзегі шындық деп ұқтым.

Жұрт тарағасын, редактор:

— Республика үкіметі қарайтындай мәселелер көтерген дұрыс, — деді. Осы жалғыз сөйлемнен маған деген сенімді сезіндім.

Бір аптадай газет бөлімдерінің жұмысымен танысуға тура келді. Меншікті тілші барлық бөлімге жаза алатын сегіз қырлы, бір сырлы болуға міндетті. Ол кезде «Лениншіл жастың» редакциясы 4-5 бөлмеде тығылысып отыратын. Бір күні бөлімде газет тігіндісін ақтарып отыр едім, кім екені есімде жоқ, бір ақын жігіт келіп соның алдында ғана Қатонқарағайдан Шерхан ағамыз алдыртып, әдебиет бөлімінің меңгерушісі болып отырған Оралханнан:

— Мынау кім? — деді, мені иегімен нұсқап.

— Бұл — біздің батыс облыстардағы тілшіміз... Өлеңдері мықты, тілшілігін білмейміз әзір, — деп Оралхан кекесінін әзілді үнмен жасырған болды.

Қаламдас жігтітердің әзіл-қалжыңын өзімше қабылдаған мен «тілші болу қолынан келе қоймас» деп отырғандары деп түсініп, ішімнен «менсінбеуді сендерге көрсетермін» деп кіжінген күйімде ауылға кеттім.

Сөйтіп, мен тағы да қапелімде «Лениншіл жастың» Батыс облыстардағы (Гурьев, Орал, Ақтөбе) меншікті тілшісі деген қып-қызыл қатырмалы куәлікті қалтама салып, өзім құрдай болсам да, көңілім дырдай күйде ауылға қайттым. «Бұдан қандай тілші шығар екен» деген сұраулы жүзбен «Лениншіл жастағы» «шетімізден ығай мен сығаймыз» деп ойлайтын жалаңтөс жігіттер қалды Алматыда. Алматыда оншақты күн болғанда мені іздеп келіп, үйіне шақырып, не бағыт-бағдар берер ешкім болмады. Мен байғұс ауылда өскен кең балақ қалпыммен бұған дейін «Лениншіл жаста» табақтай-табақтай болып жарияланған «Сен менің бақытымсың», «Менің Маңғыстауым», «Мен саған ғашық емес ем» деген топтамаларымды астанадағы әдебиетші аға-апаларымның бәрі оқып, мені көрсе, құшақтап бауырларына тартардай, сүйсінуде деп жүрмін. Жоқ, ешкім тырс етпейді.

Алғашқы жолсапарымды шет жатқан әрі әулие-әнбиелі Маңғыстау ауданынан бастайын деп (ол кезде Маңғыстау Гурьев облысының бір ауданы болатын) пойызбен аудан орталығы Шетпеге тарттым. Ол жақта да күтіп алып, шығарып салар ешкімім жоқ. Институтта бес жыл бірге оқыған, сол жылдары Гурьев облыстық радиосында тілші болып істейтін марқұм Данияр Жәрдемов деген жігіт те Маңғыстауға бара жатыр екен, екеуміз әңгіме соғып, бірге бардық. Күн қара суық, жер қатқақ. Үстірттен азынай соққан жел бет қаратпайды. Мидай дала Маңғыстаудың малшыларының өмір-тұрмысын көріп, «бұлардың әрқайсысына Социалистік Еңбек Ері атағын беруге болады екен» деп ойлаймын. Далаға кіріп-шығудың өзі қиямет-қайым. Алдында, телефонмен сөйлескенде Әнес Сараев:

— Тілшілік оңай шаруа емес: апталап далада, малшылардың қасында, темір жол төсеушілердің вагон-үйлерінде, мұнайшылар мен барлаушылардың палаткаларында жүруге тура келеді. Үстің кірлеп, биттеп, үйіңе әрең жетесің; жетесің де, әлгі көрген-білгеніңді тездетіп жазып, газетке жібересің, — деп қорқытқан. Оның сөзі рас болып шықты. Әкемнен жас қалған анамның бар жылуын бойыма сіңіріп, үйдегі бар жылы-жұмсақты таңдап жеп, талғап ішіп өскен мен кез-келген үйдің тамағына да тәбетім шаппайды. Асхананың асынан, неше түрлі адамның ерні тиген қаңылтыр қасықтардан жүрегім айниды.

Бірақ атым жоқ, атағым жоқ, облыстық газетте көрінгенім болмаса, республика оқырмандарына таныс емес мені ауылдағы үлкен-кішінің бәрі қолдан-қолға тигізбей оқитын «Лениншіл жастың» білдей меншікті тілшісі етуге тәуекелі барған Шерхан ағамыздың сенімі қандай да қиындықтың бәрін жеңуіме, әділет пен адалдықтың жоқшысы екенімді ылғи сезініп жүруіме мәжбүр етті.

Сенім деген үлкен тәрбие құралы екен ғой деп кейін ойладым. «Лениншіл жастың» Батыс облыстардағы меншікті тілшісі Фариза Оңғарынова өз жұмысына кірісті», — деп төбесіне бадырайтып жазған алғашқы материалым «Жел соғып тұр», — деп аталатын шопандар өмірінен жазған очеркім — газеттің бірінші бетіне берілгенде, алғашқы өлеңдерімнің топтамалары шыққандағыдан кем қуанғаным жоқ. Неге дейсің ғой. Біріншіден — газеттің алғашқы бетіне кез-келген емес, сол кездегі маңызды деген материалдар беріледі. Екіншіден — бір нүктесі де өзгермей, өзімнің жазған күйімде басылыпты. Яғни, материалым редактордың, оның төменгі жағындағы жазғыштардың көңілінен шықты деген сөз!

Ол жылдары жастар газетінің облыстардағы меншікті тілшілеріне машина берілмейді, жаяу, жалпыға бірдей көлікпен жүреміз.

Гурьев облыстық комсомол комитетінде ылғи бір шала қазақ, көргендері аз, көрегендігі жоқ жігіттер мен қыздар істейді. Олармен тізе түйістіріп не ым-жымымыз бірігіп көрген емес. Аудандық комсомол үйымдарында ойлы, парасатты хатшылар болғаны рас. Сол жылдарда комсомол-жастар бригадалары дегендер болды. Өндірісте де, шарушылықтың басқа салаларында да. Өзім онша біле бермеймін, облыстық комитет «бізде пәлен комсомол-жастар бригадасы бар» деп желпініп жатады. Соның ақ-қарасына көз жеткізбек болып, қала маңындағы темір жол құрылысын салып жатқан жастар бригадасына бардым. Жан-жақтан келгендер. Оңып тұрған ештеңе көрінбейді.

«Журналистің жазғандарының бір нүктесі қате болмауы керек, қате болса, заң алдында жауап береді» деген қағиданы облыстық «Коммунистік еңбек» газегіндегі жігіттерден еститінмін. Әлгі бригаданың жұмысын зерттеп, бір апта салпаңдап жүрдім. Жұмыс нашар. Ішкендері арақ. Тәртіп жоқ. Бригада деген аты ғана бар. Ал облыстық комсомол комитеті осы коллективті республикадағы маңдайлы мықтылар деп көрсетпек. Облыстық комсомол комитетіндегілердің иектерінің астында тұрған бұлардың шынайы болмысын көрмей не көргісі келмей отырғанын өлтіре сынап «Лениншіл жасқа» жібердім. Ертең облыс комсомол ұйымының басшыларын сайлайтын есеп беру-сайлау конференциясы өтеді деп отырған күні сын мақалам газеттің бірінші бетінде жарқ ете қалғаны.

Гурьевтің облыстық партая комитетінен бастап, бір дүрбелең басталды дейсің. Облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы күйіп-пісіп шыбжыңдап жүретін біреу еді. Ал, кеп өртенсін! Түннің бір уағында үйге телефон соғып, қорқытпақ үнмен біраз жерге барды. Үндегенім жоқ. Ертесіне облыстық комсомол комитетінен біреу келіп, «шақырып жатыр» деп мені мәшинемен алып кетті. Жастық-ай десейші — бармай, — «сендерге есеп беруге тиісті емеспін» деп үйімде жатып алуыма болады ғой. Бардым. Мәскеуден, Бүкілодақтық комсомол комитетінен, Гурьев облысы бойынша жауапты қызметкер Гасаноғлы деген әзірбайжан жігіті ал кеп маған тиіссін!

— Менің жазғаным — шындық, — дедім. Бригада мүшелерінен қолхаттар алып алғанмын. Олар болмаса, мыналардың жабылып жүріп мені сотқа тартар түрі бар.

Бақсам, облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы конференцияда қайта сайлануы керек екен ғой! Менің мақалам тіске кірген тікендей, оның мансабына нұқсан келтірді. Сол жерде «Ленинская смена» мен «Комсомольская правда» газеттерінен келген екі орыс жігітімен сөйлесіп, жағдайды айттым. «Комсомольская правдадан» келген Муссалитин деген жігіт (кейін әжептәуір жазушы болды) бәрін түсініп, «кемедегінің жаны бір» дегендей, журналистің арын қорғайтынын айтып салды.

Түсте үйге келдім. Алматыдан телефон соғылды — Шерхан аға.

— Не болып жатыр өзі? — деді амандық-саулықтан соң. Мен жыламсырап, Гурьев түгел маған жабылып жатқанын айттым. Комсомолдың хатшысының: «Мен сізді бұлай қалдырмаймын — Қазақстан Орталық комсомол комитетінің бюросына мәселе қоямын, орныңыздан алдырамын!», — деп біраз шабалақтағанын естіп, өзім де жарылуға шақ тұрғанмын.

— Қысылма, айналайын. Жазғаның өте дұрыс. Гурьев сыйғызбаса, Алматыға сиясың -осында алдырамыз. Өзім барам ба деп едім, басқа бір шаруалар шығып, бара алмайын деп тұрмын. Ал бүгін Гурьевтің конференциясына қатынасу үшін Орталық комсомол комитетінің хатшысы Кеңес Мұстаханұлы Аухадиев барады, Өзің жолығып айт. Мен бәрін түсіндірдім. Ең бастысы — уайымдама! — деді бас редактор ағамыз. Төбем көкке екі-ақ елі жетпей қуанайын!

Түс қайта Кеңес Мұстаханұлы тағы да облыс комсомол хатшысының мәшинесін жіберіп, менімен пікірлесті. Жүзі жылы, өзіміз шамалас жігіт екен. Салмақты, байыпты ұстайды өзін. Гасаноғылы да таңертеңгі қызуы бәсеңдеп, облыстың бірінші хатшысы да жымдай бола қалыпты.

Мұның бәрін айтып отырғаным Шерхан ағамыздың менің ана жақта шырқырап жүргенімді, жалпы жағдайды сезіп, түсініп «өзің жаздың — өзің ақтал» деп отырмай, менің адалдығымды арашалап қалғаны; газеттің де, менің де абыройымды аяққа бастырмай, жалақорларға жалын тікірейткені.

Бірер айдың жүзінде әлгі хатшы орнынан түсіп тынды. Ал мен болсам, «Лениншіл жастың» бетін құрғатпайтын болдым. Баяғы «мұның қолынан тілшілік келер ме» деген әріптестерім кейін: «Ойпырым-ай, Фариза, сен ұйықтамай жазатын шығарсың осы!» — деп таңданатынды шығарды.

Бір жыл өтер-өтпесте «Қазақстан пионері» газетіне бас редактор болып шақырылуыма себеп болған сол «Лениншіл жаста» көрінген жазбаларым еді.

Шерхан ағамыздың маған деген о бастағы үмітті сенімі болмаса, мен қазір әрі кеткенде Гурьевтегі облыстық газеттің аға корреспонденті болып жүрер едім. Әдебиетте де, өмірде де біреулердің көреген жерлестері, елі болып, орталарынан шыққан көкірегінде оты бар адамға қамқор болып, көтермелеп жатады. Енді біреулердің қолына билік құрығын ұстаған мықты көкелері болады. Соның екеуі де менде жоқ екені әлде бағым, әлде сорым шығар.

Бірақ мен Шерхан ағамыздың сеніміне қарыздар екенімді есімнен шығарған емеспін.

Ал Шерхан ағаның мені табындыратын бір қасиеті — ол ешқашан «сені адам еткен, қатарға қосқан мен едім ғой» деген ниетін міндет етіп ешуақытта сездірген емес. Бұл — азаматтық ұлы қасиет.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз