Өлең, жыр, ақындар

Құштарлық

Адал жаны ақ қардай шың-құздағы,
Өздері — өнер көгінің жұлдыздары.
Ұрпақтарға, еліне мақтан болған
менің байтақ өлкемнің ұл-қыздары.

Ол терезе әйнегінен қалаға көз салып тұр. Түн жарымы болып қалса да Хедельберг тұрғындары үйге асықпайтын тәрізді. Түнгі оттар да тыным табар емес: бірде сөніп, бірде жанып аса бір құбылмалы қылықпен сиқырлай көз тартады. Өмірдің өзіндей баурап, жаныңды елітеді. Ұйқы келер емес. Ертең туған елге — Алматыға оралады. Жүрегі елжіреп кеткендей болды. Ылғи да осылай. Ол өмірдің талай ыстығы мен суығын, рахаты мен қуанышын белуардан кешкен өзінің осынау елу жасында жердің біраз түкпірін шарлаған; сән-салтанат құрған талай кербез қалаларын аралаған; жанарыңды сұқтандырар сұлулықтарын тамашалаған. Бірақ солардың бәрінен биік тұрған бір күш бар. Ол туған ел. Ол өзінің сүйікті Алматысы. Қашан, қайда жүрсе де, жүрегі елжіреп сағына оралады. Неге екен? Әлде бұл өзінің сүйікті қос қанаты Қарлығаш пен Құралайға деген аналық махаббаты ма екен? Әлде бұл өзін қаршадайынан іңкәр ғьш қойған сонау маңғаз далаға деген әлі күнге бір сабыр таптырмас құштарлық па екен? Қай жерде, қай елде болса да, сый-құрмет, қошамет құшағында. Соның бәрі өз жеріңнің топырағында қаз тұрғанға татымайтын тәрізді...

Бұл жолы да Батыс Германияның Хедельберг қаласында өткізілген Бүкілдүниежүзілік конгресске келген әр елдің айтулы ғалымдары Совет елінен қатынасқан 4 делегатты ерекше ілтипатпен құрмет тұтқан. Әсіресе, Совет ғалымдарының атынан сөз сөйлеген СССР Ғылым академиясының мүшесі, минералогия — геология ғылымдарының докторы Патшайым Тәжібайқызы Тәжібаеваға сүйсіне танданысқан.

— Патшайым ханымның бойында қаншалықты парасат, қанша күш бар десеңізші! — деп, профессор Мюллер конгресс отырысынан кейін қолын алған. Әрине, бұл Патшайым Тәжібайқызының дүниежүзілік аренаға алғаш шығуы емес. Бүкілдүниежүзілік ғылым қоғамы Ассоциациясына мүше больш сайланған 1966 жылдан бері талай ғылыми бас қосуларда болған. Талай-талай мақтаулар естіген. Бірақ негізінен лепірме көп сөзділікті ұнатпайтын ол мұндай жылы лебіздің бәрін өзінің еліне, халқына арналған деп қабылдайтын да, екінші жағынан өзіне қойылған талап деп сезінетін.

Ол қолын көкірегіне қойған күйі әлі тұр. Жанары түнгі қалада, ойы сонау алыста.

Бәрінен қиыны тілшімен әңгімелесу екен. Ол жымиып алды. Батыс германиялық бір тілші мұны суретке түсіріп, өмір жолыңызды айтып беріңіз деп қояр да қоймай жабысқаны бар еді. Сонда жарытып ештеңе айта алмады. Шынында не айтуға болатын еді?..

...Шымкент облысындағы Қазықұрт тауының баурайында өткен сәби шақ. Әке өлімі. Қапалдағы төрт кластық үлгілі-тәжірибе мектебінен басталған оқушылық жылдар... Ол да бір қимас шақ екен-ау. Жазушы болсам дейтін онда. Алғашқы өлең-әңгімелері республикалық әйелдер журналының бетінде жарық көргенде, дәл бір мықты жазушы болып кеткендей балғын көңілді қуаныш кернейтін. Бірақ жүрек түкпірінде жатқан албырттау бір арман бар еді. Сол жетеледі. 1939 жылы мектепті үздік бітіріп, Ташкент университетінің геология факультетіне түсті. Алғашқы жылдан-ақ аса ынталылығымен, қайсарлығымен көзге түскен талдырмаштау қара торы қыздын бойында үміт күттірер ұмтылыс барын алғаш таныған профессор Александр Сергеевич Уклонский еді. Қазақ халқының ардагер ұлы Қаныш ағамен алғаш таныстырған да сол Александр Сергеевич болатын. Бұл 1943 жыл. Университеттегі соңғы жыл. Қаныш Сәтпаев Ташкентке келді.

— Қаныш Имантаевич, сен мына қазақ даласының болашақ мақтанышымен танысып қой, — деп Александр Сергеевич Патшайымды жетелеп әкеліп көрсеткен.

Келесі жыл Москва топырақ институтына рентгенография ғылымының аспирантурасына түсті.

1946 жылы Дондағы Ростовта кандидаттық диссертацияны ойдағыдай қорғап, елге оралған Патшайым туралы Қаныш аға былай деп жазып еді:

«Тәжібаева жолдастың диссертациялық еңбегі, әсіресе Жезқазған кендерін зерттеу жолында ғылымға қосылған өте бағалы қазына болып есептеледі. Ол ғылыми-зерттеу жұмысында жас ғалымның табандылығын және келешегі мол жас екенін көрсете білді». 1947 жылы Патшайым Қазақстанда тұңғыш рентгенология лабораториясын ұйымдастырды. Үлкен ізденіс, зерттеу жылдары енді басталды. Орталық Қазақстандағы жоғарғы полизой шөгімді тау жыныстарының пайда болу процестерін зерттеуді мақсат еткен жас ғалым жылдар бойы дала кезіп, жылы төсек, жайлы орыннан жыраққа кетті. 5 жастағы Қарлығаш пен 3 жастағы Құралайды әке бауырына тастап, жапан кезу де оңайға түспейтін. Көкірегі сыздап сағынатын оларын. Әлі күнге бүгінгідей. Күз еді. Геологтар Жезқазған маңындағы Жанай суының тұсында жүрген. Ертемен жауған қарлы жаңбыр кешке дейін саябырламады. Дүниенің бәрін су алып кеткендей, қия басар құрғақ жер жоқ. Аяқтағы резина етіктен де су өтіп, үсті-басы малмандай болған жиһанкездер жатар орынға келгенде әбден қиналысты: палатка ішіне де су өтіп кеткен. Араларындағы жалғыз әйел Патшайымға қиын болады-ау дегендей жалтаңдасқан. Бірақ бұл сасқан жоқ, анадай жердегі скважинаның үстіндегі кішкене ағаш будкаға барып паналауды үйғарды.

— Жападан-жалғыз қайда бармақсыз, не де болса бірге болайық та бәріміз, — деп геологтар жібермей қойды. Ертесіне бұлт сейіліп, күзгі таң кірбіңсіз атқан. Елден бұрын тұратын студент Саша скважина жақтан жүгіріп келеді.

— Қараңдар! — дейді аптығып. — Патшайым Тәжібаевна, бір ажалдан қалдыңыз — будкаға найзағай түсіп, скважина өртеніп кетіпті.

Қиыншылығы мол жылдар жемісін де ала келді: жеті жыл бойы жиһан кезіп зерттелген Орталык Қазақстанда мыс, қорғасын, мырыш секілді байлықтар шөгімді тау жыныстарының ішінде қалай пайда болатыны жайлы еңбегіне арқау болды. 1959 жылы докторлық диссертация қорғаған ғалымның бұл еңбегі советтік геология-литология ғылымына қосылған үлкен үлес деп бағаланды.

1960 жылы республикада алғаш рет шөгімді пайдалы қазба байлықтарды зерттеу лабораториясын үйымдастырып, ондағы рентгеноскопия, электромикроскопия, термография бөлімдерінде тұңғыш рет қазба байлықтарын зерттеуде физикалық, химиялық әдістер жүзеге аса бастады.

Мұның бәрін — осынау бұралаң соқпағы мол үлкен жолдың әр нүктесін тілшіге айтып жеткізе аласың ба... Ең бастысы — қазақ даласынан шыққан қарапайьш әйелге қанат берген, ғылым шыңына шырқатқан елінің партияның қамқорлығы екенін ұғынса жетіпті де!..

* * *

— Мама! Құралайдан телеграмма! Ертең Москвадан ұшады!

Есіктен кіре берген анасын төргі бөлмеден жүгіре шыққан Қарлығаш қуантып тастады. Өзі жұмыстан біраз шаршап оралған беті еді. Лабораторияға жетіспейтін біраз құралдарды алмақ боп, бүгін Академияға барған, бірақ жұмыс бітпеді...

Қарлығаш бір топ хатты стол үстіне әкелді де:

— Тағы шет елден келген хаттар, — деп қойды. Қарлығаш — үлкені. Алматы медицина институтында оқиды, Кұралай — кенжесі. Қазақтың С.М. Киров атындағы мемлекеттік университетінің физика факультетінің үздік студенті. Қазақстан ЛКСМ Орталық Қомитетінің мүшесі. Қарлығаш сабырлы, ұяң да, Құралай өжет, шапшаң. Өткенде бір топ студенттермен бірге Совет Одағынан баратын делегациямен Құралай Аққошқарова Құрама Штаттарына кеткен. Содан келе жатқаны.

— Кішкентайым, Құралашым... — деп күлімсіреп қойды ана телеграмманы оқып болып.

Сонсын хаттарға көз жүгіртті. Мынау — Калифорния университетінің профессоры Дж. Чилинградтың хаты. Ғалымның биыл шыққалы жатқан монографиялык еңбегін күні бұрын сұратыпты.

Екінші хат Жапониядан екен. Жапонияның халықаралық ғылыми қоғамына мүше етіп қабылдауға шешім қабылданғанын хабарлап, осыған ғалымның келісімін сұраған.

...Менің көз алдыма мына сурет келеді. Алатаудай асқар-асқар шыңдар, құлдилы, құз-жарлар. Етегінде тұрып, алысқа шырқауға талпынысатындар көп. Бірак құзар шың кез-келгенге құшақ ашпайды. Аскақтығын аласармайтын армандай батылдығымен, қайсарлығымен табындыратын жандарға ғана мойын ұсынатындай. Осынау шырқау жолда сұңғақ бойлы, талдырмаштау келген, қара көздерінде өшпес қайрат оты маздаған ғалым — ана, өз Отанының мақтанышы болған қазақ қызы еркін өрлеп барады. Оның қанаты талмақ емес. Өйткені оның тарихтың өзіндей куәгер, аяулысын әлпештей алар халқы бар. Өйткені оның бойында сол халқына, еліне деген өшпес махаббат оты бар. Өз халқының, өз топырағының бір кәдесіне жарасам деген құштарлық бар. Көкірегінде құштарлық барда, Адам аласармақ емес.

1982


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз