Өлең, жыр, ақындар

Сыр

Цехтық партия ұйымының кезекті жиналысынан кештетіп шыққан Ысқақ ферма орталығындағы Ділда үйінен қайнап жатқан шайға қарамай жүріп кеткен. Ділда ағайы да, жеңгесі Қызылкүл де бұл оқта-текте келе қалса, кұрақ ұшып бәйек болады.

— Ағайын-туманың жат болған заманы ма, әңгіме-дүкен құрып аяқты кең салып отыру жоқ. Айда-жылда бір көреміз, онда да атүсті.

Ділданың айтатыны осы. Ағаның өкпе-назы орынды да. Бұның өз көңілі қаламайды деймісің аға мен жеңгенің, үлкен-кіші азаматтардың арасында болуды. Жалғыздықтан құлазып, кейде көңіл шіркін құлдырап кететінін ешкім білмейді ғой. Өмір бойы көргенің қой мен дала, сосын қысы-жазы жалғыз үй. Кімді жалықтырмайды дейсің... Цехтық партия ұйымының секретары Сәрсенбек Жамансариевтың бір орайы келгенде: «Әркімнің жүрегінде ешкімге айтылмайтын бір сыры болады ғой» — дегені бар еді. Сол жігіттің осы бір сөзі ойынан кетпейді. Ақыл-парасатына қараса, ел басқаратын адам. Бірақ екі аяқты адам жүрген жерде күңкіл-шүңкіл өсек-аяң қалған ба. Пәлен деп, түген деп әйтеуір өсірмей жүр өзін. Бірақ адамның адамгершілігіне, халық арасындағы қадір-салмағына дәрежесі өлшем емес қой. Иә, сол Сәрсенбек айтқандай, мұның да жүрек түбінде айтылмас сыры, ақтарылмас мұңы барын жұрт біле бере ме. Білмесе білмей-ақ қойғандары жақсы. Көз көргеннің бәріне аңқылдап ақтарыла берсең, біреулер сені ақымақ санайды. Басыңды бүркесең, аяғың сереңдеп жататын шолақ көрпедей, ой-дүниеңнің саяздығы деп түсінеді. Оның үстіне о бастан тұйықтау жаратылған бұны жұбайы Базаркүл де әлі күнге «қайта жасай алмай» келеді,

— Әй, осы сенің қырықтан асқанша жас баладай монтиып отыратын әдетің-ай! Әшейінде қой аузынан шөп алмайтын біреулер аузына 1-2 жүз грамм барса, аңқылдап ақылгөйсіп жүре береді. Сен шіркін 2 жүз емес, төрт жүзін ішсең де, аузыңнан бір сөз шығару мұң, — деп кейде жерлеп алады. Десе дегендей өзінің мінез-құлқы да.

Өткенде Алматыдан бір қонақтар келіп, шопандардың тұрмысын көреміз дегесін ферма меңгерушісі Қабылтай Көшбаев бұларға әкелген. Үй-жайды көріп, тұрмыс жағдайымен танысқаннан кейін «асығыспыз, отыр-маймыз» десті. Ал сол сыйлы қонақтарға үйде тұрған шампан мен коньяктан ауыз тигізіп аттандыруға батылы бармай, ұялшақтады да қалды. Базаркүл де құлақ етін жеп болды. Айтары:

— Жоқ-ау, деймін-ау, күнде келіп жүрген ауыл адамдары емес, шақырып келтіре алмайтын қонақтарға барыңды құйып, сый-құрмет көрсетсең болмады ма?

Бұл болса қоңыр көздері жылтырап күлімсіреген де қойған. Жақсы көргені, өзін орынды кіналағанға риза болғаны. Алыстан келген қонақтар қалай ойлайды, есіктен кіргенге арақ-шарап ала жүгіреді екен шопан халқы деп кетеме деген оймен онша елпелектемегенін түсіндіріп жатпаған. Себебі онда да жұбайының бетінен қайтпайтыны белгілі.

Жирен ат үйреншікті жолмен аяң-бүлкілге салып тартып келеді. Қысқы жұқалтаң түскен қардың дымқыл сусаған көкірегіне баяғыда сіңіп кеткен дала жолы қара қатқақтанып ат тұяғы тиген сайын шақпаққа ұрған тастай тақ-тұқ етеді. Әлгінде жиналыстан бірге шыққан Әбдәлі мен Майыр бұдан бұрын кеткен. Жаңа жүріп өткен мотоциклдың ізі солардікі. Әбдәлі былтыр қозыны 145-тен алып, совхоз оған «Урал» мотоциклын сыйға берген еді. Майыр екеуінің анда-мында шыға қалса көліктері сол. Жастар емес пе. Мотоцикл тұрғанда атқа мініп изеңдейтін жайымыз жоқ деп күліседі. Заманның қарыштап жүйткіген уақытынан ба, әйтеуір адам баласының жалпақ басып жай қозғалуға зауқы жоқ Өзіне өзі жетпей, үлгере алмай күйгелектенеді де жүреді. Бейуақ кіріп шығу, амандық-саулық білу дегенің қалды. Әдейі арнап шақырмасаң, есігіңнен қарамайды. Өліп жатырсың ба, тіріліп жатырсың ба, қиналып жүрсің бе, қуанып жүрсің бе — ешкімнің ісі жоқ. Өзімен-өзі боп кеткен бар адам. Бірақ бұған кімді жазғырасың. Ешкімді де кінәлауға болмайды. Өйткені өз тірлігің де сондай. Жақын тұтар ағаның шайына қарамай өзі де асығып келе жатқан жоқ па. Қой болса төлдеп жатыр. Ең бір қарбалас шақ. Әр үйден бір шай ішіп қызара бөрткеніңмен, сенің жұмысыңды біреу істеп қоймайды. Бәрібір бар күш, бар салмақты көтеретін өзің. Басыңа не түссе де, қаншалық қимасың, жанашырың болғанмен, өзің ғана көтересің.

Жалпы адам баласының табиғаты солай ғой ойлап қарасаң. Дос-жаран, ағайын-тума деп ырду-дырдулағанмен, түпкі серігің жалғыздық пен жұмысың ғана. Марқұм Ерғара нағашысы:

— Шырағым, ылғи біреуге құлай сеніп күнелтпе: қашанда өзіңдік шешімің, өз ішкі пікірің, тұжырымың болсын. Өзіңдік ой-шешімсіз, ылғи өзгені сүйеніш етсең — опық жеуің мүмкін: алдымен өз ісіңе мұқият бол, — дейтін. Әзір өлердей опық жеп, жолдас-жорадан опасыздық көрген ештеңесі жоқ. Қиналған, қапаланған кездер болды. Адам болған соң, өмір кешкен соң, бұл заңды құбылыс қой.

Әлі есінде, 1944 жылы Ерғара Үдербаев он сегізге жаңа иек артқан бұны шақырып алып, өзіне көмекші қылған. Ол кезде қазіргі шопанның өмір қаракеті түстеріне де кірмейтін. Адам шіркін арналы өзендей асып-тасығыш-ақ қой. Соның бәрі ұмыт болып, анау жетпейді, мынау жетпейді, көңілдің кеңдігі жетпейді деп кірбіңдей қаламыз. Әй, пендешілік-ай.

Алты жыл өзін баулып баптаған нағашысы: — Совхоз басшыларына айтып, өзіңе жеке отар бергізгелі отырмын. Бұғанаң қатты, мен саған қашанғы жолдас болар дейсің. Социалистік Еңбек Ері болған соң, жиенін көлеңкесінде ұстап отыр деушілер де табылады. Өзіңмен өзің болғаның жөн, — деген. Талас асыл тұқымды қаракөл мал заводының даңқы Жамбыл облысы көлемінен де асып дүрілдеп тұрған кез. Соның алдында ғана он бір шопанға Социалистік Еңбек Ері атағы беріліп, жиырма шопан Еңбек Қызыл Ту орденімен наградталған-тын.

Содан бергі өзі өз болған еңселі жылдардың талай кірбіңі де, қуанышы да болды ғой. Солардың бәрінен бұрын есінде, көз алдында қалғаны 1969 жыл. Қыс дегенің адамның, оның ішінде малшының басына бермесін болды ғой. Онда осы Майыр Шаханов жас жігіт, армиядан келіп өз алдына отар алған жылдары. Әнуарбек Нарботаев, Майыр және осы Ысқақ үшеуі Жайлаукөлмен шекарадағы Қарақұнажында іргелес қыстаған. Бірі-біріне қатынасуға жай жоқ — қардан адам түгіл ат аяғын ала алмайды. Танкімен ғана жолды аршып әрең үлгеріп тұрды. Вертолетпен шөп, жем тасып тастайтын болды. «Бүйтіп абырой-атақсыз қой баққанша, екі қолға бір қызмет — қара жұмысшы-ақ болғаным артық», — деп Ысқақ көктемде отарды тапсырып, совхоз орталығына тартып отырған. Онымен анау-мынау жұмысты қанағат тұтпады, ендігі жерде техника меңгеріп, шофер не тракторшы болудың да реті келіңкіремеді. Ақыры, күзге салым отарды қайта қабылдап алған. Өзімен ылғи әзілдесе беретін құрдасы Роберт Моргельдің ақкөңілділігі, қарапайымдылығы қазағыңнан кем емес. Шопандар машина дыбысы шықса, әлгі Моргель келіп қалған болар деп жорамалдасып, ол болса бейне сағынып күткендері келгендей мәре-сәре боп жатқандары. Әй, көңіл жарастығына не жетсін! Тілі бөлек-ау, ғұрпы, нәсілі ғана бөлек-ау деу жоқ, туысыңнан бетер жаныңа жақын. Айдалада жалғыз отырған шопан ауылына келгенде, өзі де бар ынта-ниетімен, жаңалық, жарқын әңгімесімен ғана келуге асық сияқты. Ысқақ құрдасының жан-күйін сол ғана түсінетіндей.

— Базаркүл, мынауыңның қабағы түсіп кетіпті ғой. Қонып, 200 грамын ұрттап койып әңгімелесіп кетпесем жадырар түрі жоқ қой өзінің,— деп әйда әңгімені соғады кеп. Бейтаныс адамның ешқайсысына жоламайтын 4 жасар Әшірханға дейін Моргельдің тізесінен түспейді. Әкесімен, үй ішімен тату дос-жарды сәби де сезеді. Адам шіркіннің шын пейіл көңілдестікке, бір-біріне адалдық пен түсінісушілікке ылғи мұқтаждығынан болар-ау. Біреу жылы ұшырай қараса жақын тартып, дос көріп қаласың. Түсінген болып түңілдіріп, сеніміңді ақтаған болып сер-гелдеңге салып қоятындар да болады. «Адамның аласы ішінде, малдың аласы сыртында» деген осындайдан шыққан ғой. Не десе де, біздің Роберт Моргель ондайдың адамы емес. Жақсылығыңа дымы қалмай қуанып, күр-сінгеніңде қайғыңа ортақтасып, тілеулес көңілден танған емес. Ысқақ ана жылы Ленин орденімен наградталғанда да, одан кейін «Қой өсірудің шебері» атағын алғанда да атақ-абыройға өзі ие болғандай көңілденіп, досының даңқын мақтан еткен. Атақ-даңқ, күнделікті дәреже жолдас емес, адам баласына адал достық қой демеу болатын.

Әсіресе шопан атаулының жалғыз-жартылау тірлігінде дос, жора-жолдас жетіспей жатады. Таңның атысы, күннің батысы малдың басы-қасы, өріс. Одан оралғанда жалғыз үй. Балалар болса оқуға ілінісімен орталыққа мектеп жанына кетеді. Кейде жабығып жабырқайтын, әңгіме-дүкен құрып мәз-мәйрам отыратын ортаны аңсайтын кездерің болады. Әй, осы малшы атаулының жалғыз ілікті тіршілігіне бір қаракет қашан жасалар екен дейсің кейде. Соңғы жылдары Семей жақта ма, шопан жастар бригадалары ұйымдастырылды деп жүр. Ол да бір қуанарлық жай. Не дегенмен малшы өмірінің бейнеті жетеді. Ет мол, тамақ тоқ, атқа мініп қой қайырғаннан басқа не азабы бар деп соғады біреулер. Біздің мынау құмдауыт бозаң далаға келіп он күн қой жайып көрсе көрер едік соларды. Сырт қарағанда жазда малшылар жайбарақат өмір сүретін тәрізді. Сол жайбарақаттықтың тасасында аласапыран жатқанын кез-келген жан сезе бермейді. Қазір жарқырап тұрған күн көзін ілезде бұлт торлап, күркілдеп-сарқылдап төбеңе аспан құлап кетердей сезінетін сәттерді айтсайшы. Ала дауыл, күркілдеген, жарқылдаған найзағайдың астында әйеліңмен мал соңына кетесің. Киіз үйді қашан құлатып кетер екен деген үреймен бала-шаға отырады. Соңғы жылдары үйдегі бала біткеннің бәрі жалт ойнаса болды, аяқтарына үйдегі бар резеңке кебіс пен етікті таласып-тармасып киіп алатын болыпты. Бұл — ауыл шаруашылығы институтын бітірген үлкені Қауқарбектің үйретіп жүргені. Сондай қорқыныштан ба, әлде жалғыз үй отырғандықтан ба — әйтеуір балалардың да есіл-дерті қонақ. Бейсеует біреу келе қалса, жүректері жарылып, дәл солармен ойнауға келгендей көздері жылтылдап қоя береді. Оңашалықта өскен адам жалғыз жатақ болып, үйірсектіктен қашады деген қате, қайта жалғыздық зарын тартқандықтан ба, адамға деген ықылас-ниеті бөлек болатын секілді.

Алматыдағы, Жамбылдағы іні-қарындастары келген кеткеннен хабар беріп:

— Көкем малды қоятын уақыты болды ғой. Балаларын оқытып, қалада отырса да жетеді. Малдың да қызығын біраз көрді емес пе,— деп қақсайды да жатады. Ендігі жерде жан тыныштығын іздеймін деп, елді, жерді тастап, ебіл-себіл болып көшіп-қонып жүруге мұның зауқы жоқ. Балаларының онсыз да оқудан кенже қалып жүргені жоқ. Алтынбегі оныншыны бітіріп, өзіне көмекші болып жүр. Мектеп жасына жетпеген Айымкүл мен Әшірханы болмаса, қалған төртеуі совхоз орталығында. Мұғалім келіні Ақерке оқу-тоқуларына бас-көз болып жүр.

Көріп жүрген қорлық-зорлығы жоқ. «Ления орденді шопанымыз Ысқақ Имантаев» деп, ауыл болып құрметтейді. Жасы жетіп еңкейген кәрі емес. Көңілдің аңсары, арманы көп әлі. Солар орындалғанша, жанға саулық болса, еңбектенбей бола ма.

Малдың басы-қасын жастай көрген бұл түгілі, мектепті алтын медальмен бітірген Майыр Шаханов та шопан болып жүр ғой. Ештеңесі кетіп жүрген жоқ. Өткен жылы бүкіл совхоз бойынша жұрттың бәрінен озып, 152-ден қозы алды.

— Жезде, бұйырса биыл да сізден озатын шығармыз. Еңбек Ері атағын сізден бұрын алып кетіп жүрмейік, — деп бұған жымың-жымың етеді қу бала.

Өткенде Алматыдан келген газетке жазатын біреу:

— Өмірімде алтын медальмен бітіріп қойшы болған адамды көріп отырғаным осы, — деп таңдайын қағады. Не таңданары бар.

Алғаш оқу бітірген жылы әкесі де, шешесі де бас көтергендері осы болған соң өздеріне қолғабыс бола тұрғанын қалады. Келер жылы армиясына кетті. Одан келгесін баяғы аяғын шырмамай ма. Сүйтіп келіншегі екеуі де шопан болды да шықты. Алматыға жылына екі рет барып сабақ тапсырып келеді. Қауқарбектің бітірген ауыл шаруашылығы институтында сырттай оқиды ғой. «Институт бітірген кезде де қойды тастамаймын», — деп қояды өзі. Жаз жайлауда, қыс қыстауда көбіне бұлармен қанаттас отырады, араласып тұрады. Өзі де, келіншегі Бибінұр да бір жанып тұрған шаруақор адамдар. Екеуінің ата-анасы баяғыдан қойда, құрттайларынан малмен көзін ашты ғой. Дегенмен малшы баласының бәрі бірдей малшы болсын деуге болмайды, тіпті бұ заманда олай деу қиянат қой. Малшы баласы — малшы, жұмысшының баласы -жұмысшы, ғалымның баласы — ғалым болсын деген заң жоқ емес пе.

1969 жылдың қысы әлі көз алдында. Майыр әлі жиырма беске толмаған балаң жігіт. Боран ашылғанмен, қар қалың, аяз бет қаратпайды. Қысқа тонын киіп далаға шығып кеткен Майыр жоқ. Екі сағат өтті — жоқ, төрт сағат өтті — жоқ. Үйдегілер мазасызданғанмен, қайдан іздеп, қайдан табарын білмей ал-дал. Малдың өлімі былай қалды. Бесін ауа беті-қолын аяз жалаған Майыр үйге келіп тұр. Өзі сары жігіт аяз сорып, боп-боз болып кеткен.

— Ау, қайда жүрсің, ей?

— Көке, таптым, таптым!

— Нені таптың?

— Қора! Осыдан алты шақырымдай жерде беті жабық ескі қора бар! Малды күн ашықта соған айдаймыз. Қураған сабан да бар екен.

Әкесі екеуі отарды шығарып, әлсіз қойларды қақпалап отырып сол қораға қамаған. Артынша вертолетпен аздаған жемшөп жеткізілді. Өлмейтінге бәрі себеп қой.

Аспандағы ақбауыр бұлттар ыдырап, шаң басқан киімдей бозамықтанып кетті де, іле жел көтерілді. «Жазғытұрымның желі жардай атанды жығады» деген осы деп ойлады ол ішінен жирен аттың қақ маңдайдан соққан ызғырық желден тайсақтап кібіртіңдей басқанын сезіп. Оң жақта қора-қопсысы қарауытып Майырдың үйі қалып бара жатты. Енді өз үйі де алыс емес.

Іңір арасында көтеріліп өршелене соққан жел кебіртек даланың қойны-қонышын тінткілеп, қағып-сілкілеуде. Жирен мұртты кісі онсыз да аптап пен аязға тотыққан күнқақты жүзін дауылға тосып, атына қамшы басқан күйі жел өтіне тартып барады.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз