Өлең, жыр, ақындар

Жел соғып тұр

Ұзын бойлы қара кемпір есіктен сөйлей кірді.

— Бұ құдайдың күніне не боп кетті, мұнша қақап. Бағанағы бала әлі жоқ, сау болса болар еді, жасаған-ай...

— Апырмай, малы аман болса ештеңе емес, — деп пеш түбінде үш жасар немересі Ақсындармен «Балдырғанның» суретін көріп отырған ақсары өңді Балғабай қарт орнынан бір қозғалып қойды.

— Сенің аузыңа малдан басқа ештеңе түспес, «баланың өзі аман болғай» деуге тілің күрмеліп отыр ма?

— Ой, тентек кемпірім-ай, қайдағы құдайдың зарын айтпай отырсаңшы. «Үйдегі кісі қан ішеді, түздегі кісі май ішеді» деп, адасып кетеді, аттан құлап қалады дейтін он жасар бала емес қой.

Шам жағып жатқан Әуес атасы мен енесінің өзара үйреншікті әзіл-қалжыңына ұяң ғана күлімсіреп қойды. Келген әзірде «бір нәрсеге ренжісіп қалып жатыр ма» деп іштей қысылатын. Шынында, шалы мен кемпірінің бір-бірімен әзілдесіп отыратынын Әуестің осы үйден бірінші көруі еді.

— Қой, кемпірге зар кірді, бұл енді бәрібір тыныш отырғызбайды, — деп Балекең төр алдындағы сенсең тонын киіп, белін буына бастады. — Өріске қарай шығайын.

— Сорлы шіркін, адасып кетіп жүрме, қараңғы түсіп кетті. Анау құлақшыныңды селтитпей, бауын байласайшы.

Есік алдында ерттеулі тұрған торы төбелдің ат дорбасын алып, айылын қайта тартты. Бұған ілесе үйден шққан кемпірі екі қолын қусырып, есік алдында қарап тұр еді.

— Босқа жаурамай, үйге барсаңшы.

Осыны айтып атына қонған қарт шопан торы төбелдің басын «Шаштыға» қарай бұра берді. Іңір қараңғылығы қоюлана түскен еді.

— Шал-әй, тоқташы! — деп Мауыт шешей соңынан жүгіре басып еді, бірақ ол естімеді. Сүгір бүгін мылтығын да алмай кетіпті. Сақтықта қорлық жоқ өзің ала кетсеңші деп айтқысы келіп еді, етегінен жел гулеп, әрі жүргізбеді. Үлкен қара тонының жағасын көтеріп, түлкі құлақшынын баса киген Балғабай қарт шағын торы төбелдің үстінде алыптай күдірейіп, қиыстай берді.

* * *

Шығыстан соққан ызғырық кешке қарай тіпті күшейіп кетті. Күннің ашықтығы болмаса, қара суық бет қаратар емес. Лып еткен қар болса, алай-түлей ақ боран соғып кетер еді.

Бағана түс әлетінде күн райы біраз сынайын дегесін, отарды «Төрт құдықтың» сайына иіріп тастады да, Сүгір құдық басына келіп, моторды қосты. Қатып қалған моторды қыздыра алмай, біраз әуреленді. От жіберсем бе деп ойлады. Кенет оның ойына ферма меңгерушісі Зәкәрияның өткен жылғы әңгімесі түсті. «Жаңа жол» колхозында бір жас шопан осындай қатып қалған моторды май құйып қыздырынам деп өзі өртеніп кетуге шақ қалыпты. Сондайдан сақ болыңдар деп Зәкең ескерткен болатын.

Ол енді үстіндегі қалың пальтосын шешіп, жеңілденіп кірісті. Ызғырық жел мандайын қарып бара жатқан соң, қара құлақшынының күнқағарын түсіріп жіберді. Қара пенжегінің ішінен киген қызыл свитерінің жағасын көтеріп, шарфпен мойнын орап алды. Ақсары ашаң жүзін суық қарыған сұңғақ бойлы осы бір жігітті тосын көрген адам жасы жиырма бөстен жаңа асқан деп тіпті ойламас еді. Әзер болса, 20-21-лерде болар деп жорамалдар еді.

— Өй-дөйт деген-ай, модный жігіттің мотор жібере алмай жатқан жерін қара!

Аттан түсіп жатқан Қорабай екен. Өзі ұзын бойлы жігіт оның үстіне малынған қара тон кигесін тіпті дәу сияқты боп көрініп кетті.

— Өй, еңгезердей бұл кім десем, сен бе едің! — деп Сүгір құрбысының қолын алды. Екеуі мектепте бірге оқыған, бір ауылда — осы Саздыда өскен. Шопан таяғын да бір жылы ұстады. Екеулеп жүріп әрең дегенде моторды жіберді де, аттарына қонысты.

— Сен отарыңды әкеле бер, мен сенен кейін суарайын, — деп Қорабай бөлек кетті.

Суға құныға бас қойып жапырлаған қойлар енді бүрсеңдей бастады. Күнгей бетке қайырмалап тастады да, Сүгір құдық басындағы Қорабайға қайтып келді.

— Бүрсүгүні аудандық советтің сессиясы көрінеді, Әуеске шақыру қағаз беріп кеткен бағана Базар, — деп Қорабай ішкі төс қалтасынан бір жапырақ қағаз ұсынады. — Әйелің бастық болғасын үйге түнеуі де сирексиді ғой.

— Бастық болар келіншекке қолың бір жетпей қойғасын сүйдеуің дұрыс, — деп ақ тістерін көрсетіп ырсия күлген-ді Сүгір.

Жел күшейген сайын қойлар бір-біріне тығылып ықтай түсті. Ысқырына соққан ызғырыққа қарсы беттейтін емес. Қаратаудың жар қабақты сайына түсіргенде Сүгір өзі де, отары да біраз тыныстап қалды. Жел беттегі ені бір шақырымға жуық биік жарлы тау сілемі кәдімгідей ықтасын екен. Күрең бестінің ауыздығын алып, аяғын кеңдеу тұсады да, өзі дөңбектей қой тасқа отыра кетті. Бағана үйден шығарда, Әуес күндегі әдетінше ердің алдыңғы қасына қоңыр дорба байлаған-ды. Сүгір оның аузын шешпестен кешке бір оралады. Тастан түсіп, бір жамбастай қисайды да, дорбаның аузын шешті. Жылқының сүр қазысын нанмен қоса қарбытып асады да, шылымын тұтатты. Тау аңғарында сезілмегенмен, жел бұрынғысынан да күшейе түскен тәрізді: айнала мұнартып, онсыз да тері сүйрегендей куаң даланың шаңы аспанға көтеріліп жатыр. «Күн құлақтанып тұр, ертең тағы суық болады-ау, — деп ойлады Сүгір атына қарай аяңдап. — Ауылға қарай қозғалу керек енді».

Әрі салқындық, әрі маңдайдан соққан қатты желден қойлар мимырттап, аяқтарын баспай қойды. Әшейінде әудем жер көрінетін «Шаштының» сайына екі сағатта әрең құлады. Бұл кезде төңіректі қою қараңғылық басқан еді. Жел жақтан тезек түтінінің исі аңқиды: үй онша қашық емес-ті. Отардың сол жақ артын ала келе жатқан Сүгір атының басын ыққа бұрып, қолғабын шешіп, суықтан ісінген бет-аузын уқалай беріп еді, екінші жақтағы қойлар маңырасып, қапелімде у-шу болды да қалды. «Әттегене-ай, мылтығымды ұмытып кеткен екем ғой», — деп күбірледі де, күрең бестіні қатты тебініп қалып, тез шаба жөнелген ол. Бар дауысқа салып айқайлап, қой шетіне келгенде, “Шашты» биігінің құбыла жақ етегіне қарай екі бөрі лып етіп зыта жөнелді. Дүркірей үріккен қойлар бір-біріне тығылып, сайдың шыға берісінде ұмар-жұмар. Маңыраған қой шуылынан құлағың тұнады. Қайсысының жаралы, қайсысының сау екенін ұғып болар емес. Анадай жерде жалғыз қойдың әлсіз маңырағанын құлағы шалған жігіт дереу атының басын сол жаққа бұрды. Қоңыр тоқтының құйрығын жүлып кетіпті. Атына қайта отырған Сүгір әлгілер екінші жақтан тағы тиісер деген оймен шабыспен отарды айналып дыбыстап шықты. Бағанағы тоңазыған денесі пысынап, маңдайы тершіп кеткендей болды. Өзі қатты алқынулы. Енді ілгері айдайын десе, үркіп қалған отар аяғын баспайды. Ызы-шу болған күйі бір-біріне тығыла түседі. Қараңғыда құжынаған қойдың арқасы шымырлап жатқан су беті тәрізді.

Бар қолдан келері әлсін-әлсін айқайлай береді. Сүгір мал соңына түскелі осымен екінші рет отарына қасқыр шауып тұр. Бұрнағы жылы қолындағы бір отар қойды етке тапсыру үшін түу Гурьевке айдаған. Сонда жолай отарға осындай түнде қасқыр шауып қырып кете жаздағаны бар. Онда мұндай жалғыз емес, дыңдай үш жігіт әрі мылтықтары бар — аман алып қалған-ды. Сонда екі ай дегенде әрең оралған баласын көргенде Мауыт әжейдің жылап көріскені бар.

— Өзіңмен қоймай, жалғыз баланы да қой соңына түсіріп қойған сенсің, малдан айырылсаң өлетіндей, — деп. Балекеңнің де сыбағасын беріп, біраз сыбап алған.

— Ана қыздарымды оқытсам жарайды. Ер бала әке жолын қуса қор болмайды. Мектебін бітірді. Мал бақса,біреудің босағасында емес, колхоз малы — өз малы емеспе! — деп Балғабай қарт та қыңыр мінезіне басып, десбермей қойған.

Қарт ақыры дегеніне жетті: Ақбілегі совхоз орталығындағы ауруханада фельдшер. Оқта-текте малшыларды аралауға шыққанда келіп кетеді. Оның астындағы машинасын көріп сүйсінген әкесі кішкене немерелеріне: «Сендер де тәтеңдей доғдыр боласыңдар, аман болса», — деп рахаттана күлімсірейді. Кенжесі Ақжазық бола, облыс орталығында медицина училищесінде оқып жүр.

«...Не де болса, таң атқанша осы жерге аялдайын», — деп ойлады Сүгір отарды шыр айналып жүріп. Айдаса бөлініп-бөлініп тоз-тоз боп кетер түрі бар. Жеті жүз елу қойдың нешеуі жоқ екенін де біліп болар емес. Біраздан кейін қойлар да, өзі де тыншиын деді. Желдің суылынан басқа дыбыс білінбейді. Әлсін-әлсін тартып, жанындағы «Қайратты» да таусуға айналды. «Құдай атқыр Қорабай естісе ғой маған таң атқызбайды. Ильич совхозының жас шопаны, озат шопан деп бөркіңді аспанға лақтырады, сен болсаң бір отар қойға ие бола алмай жүрісің мынау! Әй, саған берген вымпелді маған-ақ берсейші дейді ол ертең-ақ».

— Әйт, әйт! — деген үн Сүгірдің құлағына талықсып жеткендей болды. «Тегі көкем болар ма, мені іздеп шыққан» — деп ойлаған ол қай бағыттан шыққанын айыра алмай біраз тың тыңдады. Желге бір қырын, арқа беттен естілетін тәрізді. Тамағы қарлыққанына қарамай, бұл да қоңыр дауысымен барынша айқайға басты. Дауыс бірте-бірте жақындап келеді.

— Сүгірмісің, әй? Ит-құстан аманбысың?

— Аман емеспін, көке, қырып кетуге шақ қалды...

***

— Алда қарағым-ай, өңің өзгеріп кетіпті ғой тіпті. Жылыншы отқа, суық өтіп кетті-ау...

— Апа, киініп сен де шыға тұрмасаң, көкем мен Әуеске мұрша бермес, — деп үйге асыға кірген Сүгір сырт киімін шеше бастады. — Қойды түгендемесек.. Мен де қазір шығам.

Фонарьді бітеу қораның босағасына іліп қойып, төртеулеп жүріп санауға кірісті. Қоңыр тоқтыдан өзгесі түгел боп шықты.

— Мына күн ертең де ашылмайды, — деді Балғабай қарт қораның аузын бекітіп үйге қарай аяңдағанда.

Меңіреу түннің тыныштығын тентек жел ғана бұзып, алаяқтана асыр салып жүр. Алақандай бұлт та көрінбей-ді. Айнала көкжиек тұтас мұнарытып, әшейіндегі көгілдір аспан ашылмаған жаулықтай, бозамықтанып кетіпті. Жұлдыздар да сирек. Жел соғып тұр.

1968


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз