Өлең, жыр, ақындар

Толғаныс

Мұнай өндірудің шебері, СССР Жоғарғы Советінің депутаты Қамқаш Ибраева толғана сөйлеп отыр. Өмір туралы өзекті пікірлерін ашып айтудан тартынбайтын адам екен. Енді бірде әңгіме бағыты Маңқыстау қазынасын игілік арнасына ақтарып жатқан адамдарға ойысты. Ол қолындағы қойын дәптеріне көз қадай отырып, байыпты үнмен сөзін жалғастырды: — Біреулер еңбек адамдарын берілген жұмыс жоспарын қалай орындаудан басқаны білмейтін, ой-түйсіксіз жандар деп ұғатын тәрізді. Мына сұрақ та сондай пиғылдан емес пе деп көңіліме алып отырмын... Өмір деген не? Ол қиялда жүрген бір елес емес, күнделікті тіршілік кой. Ал тіршілік дегенің қым-қиғаш ірілі-ұсақты оқиғаларға толы. Сол ұсақ-түйектің бәрі белгілі бір мақсатқа бағынбаса, қайғы, күлкі-күрсініс — бәрі де шын дәрежесінде емес, бұлыңғыр бір сурет тәрізді өтетін шығар. Мақсат дегеннен шығады. Егер адамдарда биік мақсат болмаса, мына Маңқыстау даласы дәл осындай дәрежеге жетер ме еді? Біреулер: «Ой, Маңқыстауға қайдағы-жайдағы ақша қуғандар келеді» дейтін көрінеді. Көп ішінде не кездеспейді, ондайлар да болар. Бірақ өз басым осы өлкені бүгінгі дәрежеге жеткізген мақсатсыздардың, жеке бастың қамын ойлайтындардың ісі дей алмаймын. Алдыңғы жылы Өзен мұнай өндіруден жоспарды орындай алмады. Сіз сондағы қарапайым жұмысшылардың, операторлардың көңілсіз жан-дүниесін көрсеңіз ғой. «Қайда да екі қолға бір қызмет», шықпаса мұнайы құрысын деп тартып отыруға болмайтын ба еді? Кейін мұнай өндірудің жаңа әдістерін қолдану керек екен дегенде, газлифт, мұнай қабатына су айдау әдістерін меңгеруге қалай жұмылды десеңші!

Сіздің көзқарасыңыздан сезіп отырмын, «су айдау» дегенге түсінбей қалдыңыз-ау деймін. Ауыз суға жарымайды дейтін Маңқыстауда жердің астына су жібередісі несі деп отырған боларсыз. Мұнай жер астында көп қабатты болады. Жер бетіне жақын қабаты фонтандап атады, оны алу оңай. Неғұрлым терең қабаттарға түскен сайын, жер асты қысымы азаяды да мұнайды шығару қиындайды. Сондықтан мұнай қабатына скважинадан ыстық су жібереді. Оны техникалық су дейді. Мұнай судың бетіне шығып көтеріледі. Газлифт деп аталатын әдіс те осы сияқты, мұнда тек судың орнына ыстық газ айдалады. Бұл әдістің екеуі де аса тиімді екені Өзеннің өзінен байқалды. Ал жетібайлықтар әзір бұл әдістерді қолдана қойған жоқ, бірақ жақын мезгілде қолдануды ойластырып отыр.

Ал су қайдан алынады? Шевченкодағы атом қондырғысы теңіз суымен Өзен, Жетібайды қамтамасыз етіп тұр. Бірақ мұнайды көп өндіру үшін судың атқарар қызметі зор болғандықтан Өзеннің өзінде әлі де төрт су қондырғысының құрылысы жүріп жатыр.

Міне, мұнай, газ, су — осы байлықтардың өндіру процесі не заманнан қалыптасқан, қанға сіңгендей таныс нәрсе емес. Бәрі де осы азғана жылдардың жемісі, адамдардың биік мақсаты мен жасампаз істерінің жемісі ғой. Әңгіме еңбек адамының ой-өріс, дүниетаным, тіршілік қаракеті төңірегінде болғандықтан айтып отырмын. Осында Қалыбек деген оператор жас жігіт бар. Жоғары білімі жоқ, қатардағы жұмысшы. Бізде де жұмыс күні біткеннен кейін барлық қызметкерлер, жұмысшылар әдеттегіше үйді-үйіне кетеді. Бүкіл аудандық инженерлік-техникалық жұмыстар бөлімі (бұрынғы кәсіпшіліктер қазір осылай деп аталады) бойынша жүздеген скважинаны ба-қылап отыруға автоматты пульт жанында бір-ақ адам түнгі вахтаға қалады. Қалыбек жұмыс аяғына таман тексеріп кету үшін скважиналарды аралауға кетеді. Жұмысшыларды таситын машинаға баршамыз отырып алдық. Қалыбектің жоқ екенін елеген ешкім болған жоқ. Бір скважинаның жоғары клапаны ашылып қалған екен де, труба ішіне суық ауа кіріп мұнайды қатырып тастаған. Оны жалма-жан тазартып, катқан мұнайды қыздырып жібермесе, скважинаның бүкіл жүйесі істен шығады. Пульт басында жалғыз кезекші диспетчерден өзге ешкім жоқ. Ол да пультті тастап кете алмайды. Машинаның бәрі кетіп қалған. Қалыбек жалғыз өзі жүгіріп жүріп, конденсат апарып скважинаны жуып тазартып, 5-6 сағат бойы әуреленіп, ақыры іске қосып кетіпті. Оны біздің ешқайсысымыз білмейміз. Ертесіне жұмысқа келгенде өзінен бір-ақ естідік. Сонда Қалыбекке жалғыз өзің қалып, бәрін бітіріп кет деп ешкім де айтқан жоқ және жалғыз адамға бүтін трубаны тазартуды міндеттейтін заң да жоқ. «Е, ертең жауапты адамдар келеді, сосын реттелер» деп скважинаны сол күйінде тастап кеткенде де, ешкім оны айыптай алмас еді. Дәл сол күнгі осы жұмысы үшін оған артық ақша төленбейтінін де ол жақсы біледі.

Еңбек адамы өзінің не үшін қызмет етіп жүргенін түсіне білсе, мақсаттылық деген сол деп ойлаймын. Ал мақсат бар жерде толыққанды өмір де болмақ.

...Ол жұмыс басына асығып келе жатыр. Талдырмаш келген орта бойлы қараторы қыздың тұлғасы соншалықты зор, алып адамдай болып елестеп келеді маған. Менің көз алдыма ғажайып суреттер елес береді. Мынау қара жердің астындағы шудаланып жатқан бұйра толқынды көгілдір теңіз, оның төсінде ақшаңқан трубалары айқыш-ұйқыш созылған алып скважинаны қолымен ойнатып асау теңізді бұғалықтаған талдырмаш қыз. Табиғаттың жүген-құрық тимеген еркесі теңіз шіркін дөңбекшіп бұрқана түседі де, сосын амалы құрығандай, алып трубалардың бойымен жосыла жөнеледі. Сол боймен өз «Достық» атты мұнай құбыры арқылы Европадағы елдерге сапар шегеді. Сүйтіп қазақ даласының байлығы Жер шарының сан түкпіріндегі адамзат игілігіне асады.

Маңдай теріңді төккен туған өлкеңнің байлығы тек өзің үшін ғана емес, ақ ниет адал жандардың да игілігіне жарайтынын сезінудің өзі бақыттылық шығар...


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз