Өлең, жыр, ақындар

«Достыққа» ұласқан теңіз

Күн салқындап кетті: ертемен шыңылтыр аяз еді, мұнарлы көкжиектен көтерілген күн көзімен бірге қимылдағандай енді жел күшейіп тұр. Әйтеуір түнде аяз болғанға ұқсайды, жер қатқақ. Әйтпесе, мына желде көз қаратпайтын топырақ боран соғып-ақ кетер еді. Маңқыстауда дауыл, боран дегендерің таңсық емес.

Әнес шаң жұтып мұнарланған көзілдірігін қол орамалымен сүртіп киді де, желге бір қырындай аяңдап кетті. Аға операторға жұмыс жетіп жатады: топтық қондырғыға қарасты 18 скважина түгелдей іске қосылып тұр ма, график бойынша қайсысын қай күні тазалау керек, скважина бойындағы пештер түгел жанып тұр ма? Мұнай өндіру процесі бұл күнде автоматтандырылған дегенмен, техниканы басқаратын адам ғой. Өзен мұнай өндіру басқармасында жұмыстың көбі техника күшімен істеледі. Мысалы, түндерде бүкіл скважиналардың жұмысын бір-ақ диспетчер бақылап отырады. Өйткені олардың бәрі орталықтағы аппаратқа жалғастырылған. Сол аппарат қай скважинаның қалай жұмыс істеп тұрғанын көрсетіп тұрады.

Жаңа, жұмысқа келген бойда түнгі вахтада болған диспетчер Виктор № 26 скважинаның сағат жарымнан бері жұмыс істемей қалғанын хабарлаған. График бойынша бұл скважина өткенде ғана тазаланыпты. Әнес жалма-жан оператор Шаймерденді №26-ға жіберді де, өзі де шыдап отыра алмай соңынан жаяу тартқан. Әр скважина тәулігіне 830-880 тонна мұнай береді. Сонда әр сағат сайын бір скважина орта есеппен 40 тоннаға жуық «қара алтын» қорын өндіреді екен. Алдына әкеліп берген тамақты ауызға сала алмау дегенің барып тұрған мүгедектік қой. Жұрт шарқ ұрып осындай мұнай қорын Маңқыстаудан тағы табамыз деп жер дүниені шарлайды. Біз болсақ, фонтандап атып тұрған мұнайды дұрыс ала алмаймыз. Тегі скважинаны жылытып тұратын пеш жағылмай қалған ғой. Бұл жердің құрамында парафин мол, мұнайы аса сапалы болғанмен, жер астынан шықса болды — дірілдеп қатып қалатыны-ақ жаман (әрбір скважина, труба бойларында ысытып тұратын пештің болуы да сондықтан). Кеше кешкісін скважиналар мен пештерді түгел тексеріп кету керек еді. Күнде өзі аяқтай жүріп, операторларды жіберіп аралайтын-ды. Кеше бір сәтсіздік болғаны...

Бәрі де жақсы істеп тұр ғой, күдік туғызардай скважина жоқ деген Шәкеңнің сөзі қамшы болды да, шет жақтағы 7 скважинаға бармап еді.

— Оу, не болып қалыпты? — болды анадай жерде пеш маңында күйбеңдеп жүрген Шәймерденді көрген Әнестің бірінші сөзі.

— Пеш жанбай тұр екен. Скважина бойына мұнай қатып қалған ғой деймін.

— Ендеше екеуміз мықшыңдағанмен ештеңе шығара алмаймыз. Сен тездеп бар да, Зылихаға, жігіттерге хабарла. Компрессор қойып, конденсатпен скважина бойын тазаламасақ, мына суықта жарылып кетуі мүмкін. Қамкашқа да хабарлап қоймаса. Орталықтан көлік жібереме...

...Скважинаны тазалау жұмысы біраз уақытты алды. Сәске түске дейін әуреленіп, әрең дегенде іске қосылды. Мың метр тереңдіктегі трубаның 300 метрлік жоғарысында парафин қатып қалған екен. Қан тамырларындай тарамдалған скважина бойымен тағы да көгілдір толқын жүйтки бастағанда, бағанадан бері қаратер болған жігіттер де бір дем алысқан еді. Әнес те ыссылап кеткен; құлақшынын көтеріңкіреп, сәл қоңқақтау қырлы мұрнына жараса қалған қиық мұртын сипап қояды Бұл — анық көңілі жайланғанының белгісі. Әнес табиғатынан күйгелек, тынымсыз адам болғанмен, жұмыста сәл нәрсеге көңілі толмаса болды, тыныш тауып отыра алмайды. Бірде бригада мүшелерін жинап алды да:

— Осы бізде ғой ешқандай кідіріссіз жұмыс істеуге мүмкіндік бар. Ал скважиналарды түгел жұмыс істетіп бақылап, кезінде тазартып отыру қолдан келеді. Ендеше скважинаның бір де-бірін тоқтатпай 100 процент жұмыс істетіп көрсек қайтеді? — деді.

— Бірде болмаса бірде бірлі-жарымы істен шығып қалуы мүмкін, не труба жарылып, не жоғары клапандар ашылып мұнай жүрмей калуы мүмкін.

Бригада мүшелерінің ішінен бір-екеуі осылай деп көріп еді, бірақ көпшілік:

— Е, несі бар! «Түйенің танығаны жапырақ» деп скважинадан басқа не бар бізде, құп болады, — десті.

— Одан да осылай деп үндеу жариялайық, —  деп, ә дегеннен алып-ұшқандар да болып еді. Ақырында:

— Алдымен осылай істеуге мүмкіндігіміз келе ме, — соны байқап алуымыз керек. Бірден үндеу тастаймыз,бастама көтереміз деп дабырлағанмен, күшіміз жетпей, қолдан келмей жатса, өзімізді өзіміз ұятқа қалдырамыз. Сондықтан бір айдай өзімізді сынап көрейік, — деген Әнестің шешіміне келісіп тарасқан.

Мерзімді бір ай да етті. Ойды іске асыру мүмкіндігі бар сияқты. Сонда № 35 топтық қондырғының аға операторы Әнес Айтниязов бастаған бригада скважиналарды ешбір кідіріссіз 100 процент жұмыс жасату туралы облыс мұнайшыларына үндеу тастады. Бұны облыстық партия комитетінің бюросы мақұлдап, кейін облыстық газетке де жарияланды. Содан бергі өткен алты айда осы бірінші рет кездескен кідіріс. Техника жарықтық та бәйге аты тәрізді — бабына келтіріп, бағып-қақпасаң, әп-сәтте істен шығып қала қояды. Басқа-басқа, бұған Әнестің көзі баяғыда жетті. Ойлап отырса, жиырма жасынан бастап, осы мұнайдың соңына түскен екен. Оған да 27 жыл болыпты. Түркменстанның мұнай өндіру басқармасында оператор боп еңбек жолын бастаған ол Маңқыстауға әдейі маман жұмысшыларды шақырған кезде 1968 жылы ғана келген. Әуелі № 12 топтық қондырғыда, соңғы екі жыл бойы осы ұжымда істеп келеді. Бригада мүшелерінің көбісі жас болғанмен, ылғи бір елгезек, еңбек десе жандарын салатын адамдар.

Мастер Зылиха Иманғалиева — институт бітіргеніне екі-ақ жыл болған жас. Басқармада аға геолог болып орналасқан жерінен «әлден конторда отырам ба, өндіріске барамын» деп қоярда-қоймай осында сұранып келді. Аманқос, Виктор, Жамал — бәрі де өңшең жастар. Әрине, жас болғанмен смена бастығы Қамқаштың орны бір бөлек. Еңбек өмірбаянын ерте бастаған, халық қалаған үкімет мүшесі.

...Әнес өзгелермен бірге автобусқа отырмай, орталыққа жаяу кетті. Жел бәсеңдейін деген бе, әйтеуір бағанағы ызғардың беті қайтқан тәрізді. Аға оператор артына бұрылып, скважинаның айқыш-ұйқыш тартылып жатқан алып трубаларына тағы бір қарап қойды. Мұнай дариясы солардың бойымен толассыз ағып барады. Қайда, қай арнаға құяды? Жер асты теңізі жер бетіне қарай ақтарылып жатыр, толастау, саябырлау деген болмай ма екен әлде?!


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз