Өлең, жыр, ақындар

Аттаныс

Қаршыға кішкене Мерекесін жетелеп теңіз жағасына келді. Күні бойы жүк машинасының үстінде дала тозаңына көміліп, әрі аптап ыстықтан қалжыраған баласын теңіз суына шомылдырып, сергітіп алмақ ойы бар. Жаз ортасы. Ыстық. Осы бір тынымсыз көші-қонның басталғанына үш айдан асып барады. «Маңқыстаудан мұнай шығатын көрінеді. Ленинградтың Бүкілодақтық мұнай барлау ғылыми-зерттеу институты анықтапты. Енді Маңқыстау даласына бұрғышылар мен барлаушылар керек», — деген лақап кәрі Ембінің байырғы кәсіпшіліктеріне лезде тарады. Тәжірибелі мұнайшы Салық Рысқалиев бастаған бұрғышылар сонау Ембіден төрт жүк машинасына отырып көктемеде Маңкыстауға бет алған. Алдымен бұрғы қадалған алаң Қызан болды. Сусыз, елсіз маң дала маңдай тердің төгілгеніне міз бағар емес. Көкірегін ашып бауырына тартар түрі жоқ. «Қайтсең көндірер екенсің, күш-қуатыңды байқап көрейін», дегендей мелшиген қалпы. Бұрғышылардың біразы семьяларымен келген. Шиеттей бала-шаға, жертөле, палаткадағы тұрмыс, машинамен тасып әкелінетін ауыз су біреулердің жүрегін көпке бармай-ақ шайлықтырып тастады.

— Әй, осы жүрісіміз құр әурешілік-ау деймін.

— Бұл жерде болмаса, екінші алаңнан мұнай табамыз. Немене келмей жатып ақырзаманды соғып отырғаның...

— Жоқ-ау, енді, мұнай табамыз деп мынау сусыз, елсіз далада шиеттей бала-шағамызды қырамыз ба?!

Күнде жұмыстан оралған соң бұрғышылар арасында кешкілік осындай әңгімелер айтылады. Ертесіне таң сәріден алып мұнара басында тынымсыз жұмыс қайта басталады. Міне, ақыры Қызан алаңын тастап, Жетібайға көшуге тура келді. Қызан сазарған күйінде қала берді. Алып мұнараларды жабдықтап қондыру, басқа жерге көшіру — адам айтқысыз қиын жұмыс. Баяғы төрт машина бүгін тағы жолға шыққан. Жетібай әлі бір күндік жер, әрі жолсыз дала. Білмеген жердің ой-шұңқыры көп, оның үстіне күннің ыссылығынан мотор қайта-қайта қызып кетіп, машиналар да бірқалыпты жылдамдықпен жүре алмайды. Не де болса су жағасына қонып шығайық деп, сәл бұрылыстау болса да, теңіз жиегіне тоқтаған. Түнеп шығатын палаткаларды жаңа ғана тігіп болып, Қаршығаның босағаны осы. Келіншегі Қамилаға о баста:

— Балалармен әзірше қиын болар, сен жылы орынды суытпай қала тұр. Мен әбден орналасып болған соң көшіріп әкетермін, — деп еді, Қамила көнбеді.

— Не де болса, бейнет-дәулетті бірге көрейік, мен мұнда қалып не бітірем, — деген. Енді міне әлі бір тыныш өмір жоқ. Қызаннан көңіл қалды. Сазарған дала мынау ұшы-қиырсыз теңізге ұқсайтын тәрізді. Қаршыға күн мен аңызаққа апталған бидай өңді жүзін теңізден ескен сыбырлақ самалға тосып отыр. Бұл өлкенің табиғат ерекшеліктеріне де түсініп қалған тәрізді. Әсіресе, Маққыстау жазы ыссы келеді екен. Жауын-шашыны да тым сирек, айда-аптада тандыр желіннен шыққан тамшыдай сіркіреп өте шығады. Кейде көкжиектен көрінген күн көзі қызғылт тамырланып, күміс кірпіктерін мұнар шалғандай, мүжік таулардың басынан манаурай көтеріліп бара жатады. Әдетте, мұндай күндері алай-дүлей жел көтеріліп, кейде тіпті апта бойы басылмай қояды. Даланың қағу көрмеген тентек желіне тәкаппар теңіз бас имейтін тәрізді. Арыстан жалды толқындары аласұрып, бар қару-қайратын дәл қазір көрсетіп қалайын дегендей, өршелене түсер еді. Кәрі теңіздің мынау жыртық-жыртық жағасы тіршілікке тән өмір бойғы талас-тартыс, осындай айқастың өлмес куәсі іспетті.

Теңіз дегенің жатқан бір шетсіз, шексіз ақ айдын, қаншама жұмбақ сыры бар — ұғып болмайсың. Ақтарыла аңқылдап, ақ көңілін алдыңа тастай салмайды. Сол баяғы бұйығы тұйықтық. Осынау жағалаудан басталатын көз жеткісіз даланың астында дәл осындай бұғып жатқан теңіз бар деседі. Сол теңізді көруге мұның жаны құштар. Барлық барлаушы-бұрғышының көңілінде бір-ақ ой, бір-ақ мақсат, бір-ақ сезім: ол -осынау шөл даланың астында бүғып жатқан мұнай теңізін жер бетіне шығару...

Қаршыға Тайпақов дәл бұл сәтте қатыгез аймақта еңбек қуанышынсыз әлі де үш жыл бойы сандалатындарын ойламап еді.

Иә, үш жыл. Үш жыл бойы бұрғышылар Жетібай алаңын шарлады. 1961 жылдың 5 шілдесі. Бұл күн Маңқыстау тарихындағы ұмытылмас күн еді. Жетібайдағы № 6 скважинадан бұрғышыларға арман болған жер асты те-ңізінің тұңғыш фонтаны атқылады.

Ғасырлар бойы томаға тұйық жатқан үнсіз дала осынау ер жүрек жандардың қайсарлығына бас иді. Тәкаббарлықтың да табынар сәті болады екен-ау! Өрлік пен асқақтық деген де шартты ұғым екен ғой. Адам баласының өзіне табындырмасы жоқ. Шіркін, адамдар бәрі осылардай, бар қызық тіршіліктен баз кешіп, думанды дүниенің бәрінен мақрұм қалғандай, ештеңе көріп-білмегендей кейіппен жатқан жапан даланың көкірегін сағынып көрген сәбиіне омырауын ашқандай иітіп, елжіремесіне, еміренбесіне қоймаған түз қырандары — бұрғышылардай болсашы!

Иә, Қаршығаның ойына мұның бірі де келген жоқ. Кешегі шаңға бөккен кұба жон дала бүгін еңбек ерлері мен мақтаулылардың мекеніне айналды. Өз араларынан Салық Рысқалиев секілді Социалистік Еңбек Ері, Жолдас Тоқжанов, Иван Тарабарин, Сүйеген Салманов, Көшкінбай Қалиев тәрізді ел мақтан етер депутаттар мен орденді жігіттер шықты. Мынау жапан түздің бес-алты жылда адам танымастай өзгеріп, ақ шаңқан мұнараларында көгілдір газ алаулары самсаған, айнатөс аэропорттар мен сәулетті вокзалды шыңда өскен шынардай сұнғақ бой, сәулетті қалалы аймаққа айналатынын өмір шындығы ғана көрсетті.

Қазір тұңғыш рет Маңқыстау мұнайы фонтан берген № 6 скважина орнына орнатылған ескерткіш белгі бар. Оны Өзен ауданының жастары орнатқан. Ұзындығы 7 — мұнараның басындағы темір тақтаға:

Бұл жерде 1961 жылы 5 шілдеде Маңқыстау мұнайының тұңғыш фонтаны атты», — деп жазылған. Бұл белгі осынау ұлан-ғайыр шөл даланы кезіп, талай қиындықтармен жер асты теңізінің көзін ашқан ержүрек барлаушылар мен бұрғышыларға қойылған ескерткіш іспетті. Ғасырлар бойы «кұлыпсыз абақты» атанып келген Маңқыстау даласы ескерткіштерге онша бай емес. Мұнда әрбір тас, төбе сайын кездесетін әрбір мола көне заманның көңілсіз шежіресіне толы. Ел үшін, жер үшін, су үшін қантөгіс шайқастарда құрбан болған боздақтар жатыр бұл далада. Халықтың өзі қыршын кеткен ұл-қыздарына байланысты аңыздарды әлі өлтірмей келеді.

Бұл даланы ескерткіштен кұралақан деуге де болмайды. Сонау теңіз қолтығына кіріп тұрған Форт-Шевченко қаласындағы «Тарас бағына» ене қалсаңыз, азаттықты армандаған Украинаның ұлы ақынымен қатар қазақ жігітінің бейнесі сізді еріксіз тоқтатар еді. Бұл — Маңқыстауда совет өкіметін орнатуға атсалысқан, коммунистік партияның нұр сәулелі идеяларын осы далада алғаш таратушылардың бірі Шәбден Ералиевке қойылған ескерткіш. Ақ банды сілімтіктері мен бай-шонжарлар тобы Ералиевті теңіз үстімен Гурьевке шыққан сапарында аңдаусызда қолға түсіріп, теңіз түбіне батырып өлтірген... Ал Алексей Егорович Баутин ше?! Азамат соғысының алғашқы жылдарында Маңқыстау халқы мен Форт-Александрияны (Форт-Шевченко) мекендеген кедей орыстар арасында үгіт-көпшілік жұмыстарын жүргізіп, Толстов бандасы мен ағылшын интервенттеріне қарсы қалың бұқараны көтеріліске бастаған жалынды революционер-большевик Алексей Егорович Баутинді бірнеше жолдастарымен ақтар атып өлтірді.

Қазір Маңқыстауда Ералиев атындағы мұнайшылар поселкесі және совхоз бар. Ал Форт-Шевченко қаласындағы әртүрлі өнімдері шар тарапқа таралып жатқан балық заводы А. Е. Баутин есімімен аталады. Ең ұлы ескерткіш — халық жүрегінде. Халық деп аталатын қасиетті күш адал ұлдарының есімін ешқашан өшірмейді.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз