Өлең, жыр, ақындар

Әйел жылуы

Бүгінгі цивилизация ғасырының техникалық күштер дамыған, табиғаттың ғажайып үйлесімін өз ырғағымен көміп, жасандылық жайлап бара жатқан атомды заманда адам баласының жүйкесіне түсер психологиялық салмақ мол. Бұл салмақ о бастан табиғат еншілеген нәзік жанды, жіңішке жүйкелі әйел затына ауыр тиеді. Әйел теңдігі деген мәселеге қол жетіп, ер-азаматпен бірдей еңбек ету, ғылым мен техника саласында жаңалықтар ашу, мал бағып, егін салу — бұның бәрі әйел затын ошағының жылуын өшірмей, ұрпақ өрбітіп, оған қоса нәзіктікті дарақылық басып бара жатқан кезеңде сол баяғы сыпайылық пен сындарлылықтың белгісіндей жан сұлулығьн бойында сақтау қасиеттерінен алшақтауға мәжбүр етеді.

Біз:
Оймен шолсам тарихтың асуларын,
құлағыма келгендей ашынған үн.
Қазақ қызы күңіреніп күрсінгенде,
түнек заман жүректің жасырды әнін.
Заман оңса, әйел де зор бағалы,
Қоғамның да жанады сонда бағы.
Кәмшат болып сөйлейді ол съездерде,
Заман жайлы, ел жайлы толғанады.
Әр жүрекке жанымен жақын адам —
ел ардақтап шалқиды Батыр анам.
Сандуғаштай сайрайды бақыт әнін
Бибігүлдер әлемдік сахнадан, —
деп жырладық.

Бір жақсылық бір жамандықпен астасып жатады. Әйел затының қоғамдық, саяси, рухани еркіндікке жетуі оның көтерер жүгін де салмақтандырып жібереді. Бұл — адамзаттың, тарихтың өсу заңдылығы.

Дегенмен, әйел заты осы салмақтың бәрін арқалап жүріп, өз тірлігінің өмірдегі мән-маңызын түсіне жүріп, әйтеуір маңайына мейірім шашуға, көңіл кеңдігіне, парасаттылыққа баулауға ұмтылады. Қоғамға қызмет етеді. Бала өсіреді. Ата-ана, жар күтеді. Әйел жанының жылуы дүниенің қасаңдығын, қалың мұздары мен сыздарын жібітеді.

Жарқыраған нұр жамал —
он төртінен туған Ай.
Жаны — тұнған сырлы арал
гүл өсетін қурамай.
Құралай көз — түңғиық,
жылу да бар, мұң да бар,
Жақсы көрсе, нұр құйып,
жақтырмаса — бұлданар.
Жанындағы сәби де
сезім соққан бір мүсін.
Мұндай ару әр үйге
ұялатар Күнді шын!

Әйел бейнесін поэзия тілімен осылай мүсіндеуге тырысамыз.

Жыл сайын жыл құсындай бір оралатын 8-наурыз әйелдердің енші мейрамы келді. Тағы да, бүкіл Отанымыздың қыз-келіншектері секілді, қазақ әйелдері де өзінің бейнеті мен рухани рахаты бірдей күнделікті тірлігімен биыл да өз мерекелерін қарсы алып отыр. Олар жыл сайын өмірден жақсылық күтеді, бейнеттері азайып, тұрмыс-тіршіліктерінің жеңілдеуін күтеді. Балаларының қайғы-мұңсыз өсуін, соғыс деген сөздің естілмеуін күтеді. Әділет салтанатын армандайды. Зұлымдықтың ірі-ұсағы болмайтыны секілді, әділет деген үлкен бір мемлекеттік дәрежелі мәселелерде ғана емес, әркімнің күнделікті тірлігінен, еңбек ортасынан көрінеді. Адамзат қоғамындағы үлкен мен кішіге, әйел мен ер-азаматқа деген қамқорлық, мейірім ең алдымен үй-ішінен, еңбек ұжымынан басталады.

Мейірімнің қайнары — ана жаны.
сол арқылы тіршілік жаңарады.
Күн нұрындай әйелдің жан жылуы
мейірім боп дүниеге таралады.

Әр адамның алғашқы жақсы көру сезімі өз анасына деген махаббаттан басталады. Қыз бала өз анасындай болуға талпынады.

Ер бала әйел затының бойынан өз анасының биік бейнесін, терең сезімін іздейді.

Бұл — біздің халқымызда ата-бабадан келе жатқан, қалыптасқан дәстүр.

Жоғары қырда ананың бағасы бек,
алдына басын иген данасы кеп.
Далада өсіріпті қызды ардақтап,
болашақ рулы елдің анасы деп.
Әйелмен қалың халық — орман бапты
екенін ата-бабам сонда аңдапты.
Қаланы, руды әйел есімімен
атауға ата-қазақ қорланбапты.
Ерліктің нышаны емес ас пен күші,
Ел қорғау — ер жігіттің қастерлі ісі.
Жақсы әйел, жүйрік ат пен алмас қылыш —
қазақта батырлықтың бас белгісі.

Бүгінгі күннің әйел жүрегіне түсірер салмағы ауыр болғанмен, талабы үлкен болғанмен, ол бәрібір осы дүниені, бүкіл тіршілікті өз мейірімімен, өз жылуымен ұстап тұр. Әйел затының бойындағы сол жылылық — мейірім мен жанашырлық жылылғы адамзат қоғамдарын апаттардан алып қалар. Зұлымдықтың, қараулықтың семсері әйел жанының нәзіктігінен, оның жанарындағы мұңнан сескенер.

Халқымыздың ертегісі мен батырлар жырларындағы ата бабамыз мүсіндеп кеткен қазақ әйелінің қадір-қасиетін жер бетінде жалғастыра берер қыз-келіншектер, аналар мен әйелдер көлденең уайым-қайғыдан аман болғай!

Қазақ халқы ықылым замандардан қыздарын қадірлеп, ақыл иесі аналарды елдік мәселе шешетін жиындарға қатыстырып, ақыл-кеңесіне құлақ асып отырған ғой.

Осы дәстүр ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келеді. Бұл күнде қазақ әйелдері білімге қолы жетіп, ерлермен қатар еңбек етіп, ел басқару, кітап жазу, ән-күй шығару секілді күрделі істерге араласып келеді. Бұл — әйел затына бір жағынан оңай да емес, олай дейтінім — әйелдің жаратылысынан ең басты парызы ана болу, ұрпақ өрбіту, шаңырақтың алтын босағасына айналып, ошақтың отын өшірмеу.

Қандай заман, қандай қоғам болса да, әйелді бұл тағдырынан ешкім ажырата алмайды.

Ғылым мен мәдениет, техника дамып, адам баласының санасы өскен заманда осы екі бірдей тізгінді алып жүрудің табиғаттың нәзік перзенті әйел атаулыға үлкен жүк арқалататыны сондықтан.

Қазақ халқының болашақ ұрпақтарын тәрбиелейтін бүгінгі қыздарымызға, ақ шашты әжелерімізге, құрбы-замандас келіншектерге бүгінгі ұлыстың үлы күнінде қаншама жақсы тілектер айтсақ та, артық емес.

Мен оларға: мейірімді болыңдар, адалдық пен парасаттылықты серік етіңдер деген тілек айтқым келеді.

1983.


Пікірлер (0)

Пікір қалдырыңыз


Қарап көріңіз